ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШЫЛУДА

ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШЫЛУДА

13.08.2026 16:41:44 518

Шымкенттің цифрлық даму бағыты білім беру саласындағы жаңа бағдарламалармен толықты. 13 тамызда Ж.А. Тәшенев атындағы университетінің заманауи технологиялар мен еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бағытталған жаңа білім беру бағдарламалары ресми түрде мақұлданғаны жарияланды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген жаңа бағдарламалар қатарында «Киберқауіпсіздік және ақпараттық технологиялар», «Компьютерлік ғылымдар», «Жасанды интеллект және деректер ғылымы», сондай-ақ «Сандық есеп және деректер аудиті»бағыттары бар.
Бұл өзгеріс Шымкенттің цифрландыру үдерісі үшін маңызды қадамдардың бірі. Себебі қаланың цифрлық инфрақұрылымы дамыған сайын ақпараттық технологияларды меңгерген, деректермен жұмыс істей алатын, киберқауіпсіздік талаптарын түсінетін және жасанды интеллект құралдарын қолдана білетін мамандарға қажеттілік арта түседі.
Жаңа бағдарламалардың ерекшелігі – олардың бірнеше заманауи технологиялық бағытты қамтуында. Мәселен, киберқауіпсіздік мамандары ақпараттық жүйелерді қорғауға бағытталса, компьютерлік ғылымдар бағдарламасы бағдарламалау мен цифрлық жүйелерді әзірлеуге қажетті білімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект және деректер ғылымы бағыты үлкен көлемдегі ақпаратты талдау, алгоритмдермен жұмыс істеу және интеллектуалды жүйелерді дамытуға негізделеді.
Сандық есеп және деректер аудитібағдарламасының енгізілуі де цифрлық экономиканың дамуына байланысты жаңа қажеттіліктерді көрсетеді. Бүгінде бизнес пен мемлекеттік секторда деректер көлемі артып келеді. Сондықтан қаржылық ақпаратты цифрлық құралдар арқылы талдайтын және деректердің дұрыстығын бағалайтын мамандардың рөлі күшейіп отыр.
Бұл бастама Шымкент тұрғындары үшін де маңызды әлеуметтік мүмкіндік қалыптастырады. Бұған дейін IT саласына қызығушылық танытқан жастар білім алу үшін басқа қалаларға бағыт алуға мәжбүр болса, енді өз қаласында заманауи технологияларға байланысты жоғары білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Университеттегі жаңа бағдарламалардың ашылуы қаладағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің де кәсіби бағдарын өзгертуі мүмкін. Жастар үшін IT, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және деректермен жұмыс істеу тек қосымша дағды емес, болашақ мамандық ретінде қарастырыла бастайды.
Осылайша, 13 тамызда жарияланған жаңа білім беру бағдарламалары Шымкенттің цифрландыруын технологиялық инфрақұрылыммен ғана емес, адам капиталымен де қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамболып отыр. Цифрлық қаланың дамуы үшін заманауи жүйелермен қатар, сол жүйелерді жасайтын, басқаратын және қорғайтын жаңа буын мамандары қажет.