Алматыда азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда
01.09.2026 12:12:48 90
Алматыда Мемлекет басшысының азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жаңа тұрғын үй салу және оны қала тұрғындарына беру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа пәтерлердің кілтін табыстаудың екінші кезеңіне қатысты.
Шілде айында алғашқы кезең аясында 885 отбасы жаңа баспананың кілтін алды. Екінші кезеңде 1 832 пәтерді табыстау көзделген, оның ішінде 946 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды.
Осылайша, алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша шамамен 2 700 алматылық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарады.
Тұрғын үйді бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, оның ішінде жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі.
Ағымдағы жылы Алматы қаласының Құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысы саласындағы жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Жас Қанат және Қалқаман шағын аудандарында 29 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 17 үйдің құрылысы аяқталды. Оның 7-еуі Қалқаман-2 шағын ауданында, 10-ы Жас Қанат шағын ауданында орналасқан. Аталған үйлерде жалпы ауданы 74 467 шаршы метр болатын 1 366 пәтер бар.
Қазіргі уақытта аяқталған тұрғын үйлерге техникалық паспорттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Алматыда жаңа тұрғын үй салу және қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-us/press/news/details/1283431?lang=ru