Қазақстандық дәрігерлердің Түркияда тәжірибе алмасу үдерісі жалғасын тапты
09.09.2026 17:38:20 214
Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығы Түркиядағы «Hisar Intercontinental Hospital» емханасының басшылығымен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, атап айтқанда, қазақстандық дәрігерлердің Түркияның жетекші медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өту мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар қазақстандық медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи медициналық тәжірибемен және жаңа технологиялармен танысу, сондай-ақ тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыру маңыздылығын атап өтті.
Осы ретте, қазақстандық дәрігерлердің тағылымдамадан өту тәртібі, медициналық бағыттар мен мамандықтар, тағылымдаманың мерзімі және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Түрік тарапы қазақстандық дәрігерлердің тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, тиісті бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделілігін атап өтті.
Сондай-ақ, аталған емханада ем алып жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесу өткізілді.
Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық медицина мамандарының аталған емханада тәжірибе алмасуға және осыған қоса Түркияда медицина саласында оқып жүрген қазақстандық студенттердің тағылымдамадан өту бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-istanbul/press/news/details/1288612?lang=ru