Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды
09.09.2026 18:59:19 100
Будапешт, 2026 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажарстанның Сыртқы істер министрлігінде Мемлекеттік протокол қызметітінің басшысы Марианн Сюч ханымға сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырып, Министрліктің Шығыс және Қиыр Шығыс елдерімен байланыстарға жауапты Мемлекеттік хатшының орынбасары Габор Надь мырзаның қабылдауында болды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі кеңейтуге, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
Мажарстан Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі екені атап өтілді. Қазақ тарапы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға және халықаралық алаңдардағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, сондай-ақ алдағы екіжақты байланыстар мен жоғары және аса жоғары деңгейдегі сапарларға дайындыққа жеке назар аударылды.
Елші мажар тарапын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан елдің мемлекеттік-саяси моделін жаңғырту мен жаңартудың жаңа кезеңдері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның күшіне енуі, Халық Кеңесінің құрылуы, Вице-президент лауазымының енгізілуі, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде, Г.Надь А.Бақытбекқызын Қазақстан Республикасының Мажарстандағы тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық қызметіне табыс тіледі.
Мажарстан үшін екі халықтың тарихи және мәдени жақындығына, сондай-ақ берік стратегиялық әріптестікке негізделген Қазақстанмен қарым-қатынас ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, мажар тарапы екіжақты өзара іс-қимылдың прагматикалық сипатын атап өтіп, нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.
Кездесу соңында А.Бақытбекқызы мажар тарапына жылы қабылдауы мен мазмұнды пікір алмасуы үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және екі елдің дәстүрлі достық байланыстарын дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1288722?lang=ru