Қазақстан Елшісі Мажарстанның Полгарди қаласындағы кеңестік әскери зираттың жөндеуден кейінгі ашылу рәсіміне қатысты
11.09.2026 18:25:45 124
Полгарди қ., 2026 жылғы 11 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы Будапешттен шамамен 80 шақырым жерде орналасқан Полгарди қаласындағы кеңестік әскери зираттың жөндеуден кейінгі салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шараға Ресей, Беларусь, Әзербайжан және Қырғызстан дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мажар тарапы атынан Полгарди қаласының мэрі Ласло Ньикош және Мажарстан Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институты мен музейінің өкілдері қатысты.
Рәсімге қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан кеңес жауынгерлерін еске алып, мемориалға гүл шоқтары мен гүлдер қойды.
Бұл іс-шараның Қазақстан үшін ерекше маңызы бар. Әскери зиратта жерленгендердің арасында Қазақстанда туған жеті әскери қызметшінің есімі анықталған. Олар - гвардия лейтенанты Тұрсынбек Игимбетов, гвардия лейтенанты Нурадин Бурашев, гвардия кіші лейтенанты Обан Джумабеков, гвардия қатардағы жауынгері Адыльбегуй Атбер, қатардағы жауынгер Каби Иргалиев, қатардағы жауынгер Ардаш Мадаян және ефрейтор Иван Станкевич.
Елші Анель Бақытбекқызы қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бауырластар зиратына гүл шоғын қойды.
Анықтама: Полгарди қаласындағы кеңестік әскери зират - 1944-1945 жылдары Мажарстан аумағындағы ұрыс қимылдары кезінде қаза тапқан Қызыл армия әскери қызметшілері жерленген орындардың бірі. Мемориалдық кешен бауырластар және жеке қабірлерден, сондай-ақ алдында кеңес жауынгерінің мүсіні орнатылған орталық обелисктен тұрады.
Жалпы, Мажарстанның барлық 19 облысы мен Будапешт қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне жататын 800-ден астам кеңестік әскери жерлеу орны бар. Оларда 1944-1945 жылдары қаза тапқан Қызыл армияның 140 мыңнан астам солдаты мен офицері жерленген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1290408?lang=ru