Қазақстан мен Мексика арасындағы ынтамақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау
22.09.2026 15:01:16 253
Қазақстанның Мексикадағы Елшілігі 2026 жылғы 17 қыркүйекте федералдық және жергілікті мемлекеттік органдардың, іскерлік қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізді. Іс-шара шетелдік дипломатиялық миссиялар қызметкерлерінің де қызығушылығын тудырды.
Қазақстан Мексика жұртшылығына әлі де жете таныла қоймаған мемлекет. Біздің елімізбен танысу көбіне халықаралық деңгейде танылған қазақстандық өнер және спорт қайраткерлері арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, Мексикада Димаш Құдайбергеннің қараша айында өтетін концерттері үлкен ықыласпен күтілуде.
Осы тұрғыда Елші Алмұрат Тұрғанбеков отандық әншінің алдағы концертіне орай жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Мексика Парламенті Депутаттар палатасындағы Достық тобының жетекшісі Марибель Мартинес Руиске ризашылығын білдірді.
Мәселен, кәсіпқой бокстың әлемдік жұлдызы Геннадий “GGG” Головкин Мексикада үлкен танымалдыққа ие. Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның таланты да көптеген жанкүйерлердің ықыласына бөленуде.
Таныстырылым аясында Елшілік іс-шара қонақтарына “Ұлы Дала” мұрагері саналатын Қазақстанның тарихы тереңнен тамыр тартатын маңызды мемлекет екені туралы ақпарат берді.
Еліміз ішкі саяси құрылымды жетілдіруге, экономиканы жаңғыртуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған сындарлы саясат жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, қатысушылар елдің жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты жүзеге асырылған саяси реформалардың негізгі қырларымен таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы өтетін негізгі әлемдік дәліздер үшін көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрландыруды одан әрі ілгерілету, түрлі салаларға жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ жаңа «ақылды қала» – “Alatau City”-ді салу жөніндегі маңызды ұлттық жобалар таныстырылды.
Соңғы жылдары Мексикамен, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Американың өзге де елдерімен сауда-экономикалық байланыстардың даму серпіні географиялық қашықтықтың өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай кедергі келтірмейтінін көрсетті. Қазіргі әлемде жаңа мүмкіндіктерді іздеу, әсіресе дәстүрлі жеткізу тізбектері үзіліп жатқан жағдайда, тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың басты шарттарының біріне айналып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды кеңейту қосымша мүмкіндіктерге жол ашады.
Ресми және іскер топтардың өкілдері ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Мексикада электрондық үкімет қызметтері саласындағы қазақстандық технологияларды енгізу әлеуеті, сондай-ақ екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндіктері ерекше назар аудартты. Мексикалық кәсіпкерлер Қазақстанға жергілікті кофе сорттары мен авокадо жеткізудің әлеуетін көріп отыр.
Екінші жағынан, қазақстандық астықты Латын Америкасы елдеріне экспорттау бағытына да белгілі бір үміт артылуда.
Таныстырылым қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанмен бірқатар нақты жобаларды одан әрі пысықтауға алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1296040?lang=ru