Қазақстандағы саяси реформалар мен экономикалық жаңғыру америкалық сарапшылар қауымдастығына таныстырылды

Қазақстандағы саяси реформалар мен экономикалық жаңғыру америкалық сарапшылар қауымдастығына таныстырылды

22.09.2026 14:47:20 239

Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 қыркүйек – АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Арнайы өкілі Ержан Қазыхан америкалық сарапшылық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шараны ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігі «Atlantic Council» ой-талқы орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективалары болды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Е.Қазыхан елдің экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттары, көлік және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге неғұрлым терең интеграциялануы туралы баяндады. Осы тұрғыда АҚШ-пен энергетика, аса маңызды минералдар, жасанды интеллект және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ Орта дәлізді одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.

Арнайы өкіл Қазақстанның әлемдегі ең ірі уран өндіруші және осы шикізатты америкалық нарыққа жеткізуші негізгі елдердің бірі ретінде АҚШ-пен бүкіл өндірістік тізбек бойынша, оның ішінде шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, технологиялар трансферіне және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығын атап өтті.

Елдегі саяси жаңғыру туралы айта келе, Е.Қазыхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға, сондай-ақ жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелеріне тоқталды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтық жауапкершілік пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызды элементі ретінде жеке таныстырылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша сұрақ-жауап сессиясы өтіп, оның барысында қатысушылар Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1296038?lang=ru