Польша Парламентінде ортақ тарихи мұра мен Қазақстан–Польша қатынастарының даму перспективалары талқыланды
25.09.2026 22:49:24 183
Варшава, 2026 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және поляк халқының Қазақстанға депортацияланғанына 90 жыл толуына орай Польша Республикасы Парламентінде Қазақстан мен Польша арасындағы тарихи байланыстарға, ортақ тарихи жадыны сақтау мен дәріптеуге, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігі мен Польша Республикасы Сенаты жанындағы Польша–Орталық Азия парламенттік тобының төрағасы Казимеж Клейнаның қазақстан-поляк диалогын нығайтуға және ортақ тарихи мұраны сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Польша Республикасы Сенатының өкілдері, академиялық және сарапшылық қауымдастық мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда өмір сүрген поляк қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде сенатор К.Клейна Қазақстанның поляк халқының тарихи жадындағы ерекше орнына тоқталып, кеңестік кезеңдегі депортациялар нәтижесінде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған поляктарға қазақ халқы көрсеткен жанашырлығы мен қолдауының маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық тарап Қазақстан мен Польша арасындағы қатынастардың серпінді дамып келе жатқанын, саяси диалогтың жаңа серпін алғанын, парламентаралық байланыстардың жанданғанын, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңейгенін, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерістері, оның ішінде конституциялық реформалар мен жаңа қоғамдық-саяси институттардың қалыптасуы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Пікірталас барысында Қазақстан мен Польша арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар қарастырылды. Атап айтқанда, мәдени және білім беру алмасуларын кеңейту, Варшавада Абай Құнанбайұлының есімін ұлықтау, сондай-ақ Қазақстанда Польша институтын құру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Польша арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген серіктестікті одан әрі нығайтуға, парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ортақ мүдделіліктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1298630?lang=ru