«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Тоқаев бағдарламасы және адами капиталға инвестициялар
19.11.2026 12:20:54 455.jpg)
Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасы EU Reporter шетелдік басылымының жарияланымында мұнайдан түсетін кірістің бір бөлігін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау тетігі ретінде қарастырылады. Материалда БҰҰ Даму бағдарламасы мен UNICEF ұйымдарының бағалаулары, сондай-ақ адам капиталын дамытуға бағытталған тиімді инвестициялардың мысалдары келтірілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда үш жылға арналған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, автомобиль жолдары мен көпірлер салуға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлу көзделген.
Басылымда айтылғандай, соңғы жеті жылда ел халқы екі миллионнан астам адамға өсті. Тұрғындар санының артуы және тұрғын үй құрылысының кеңеюі халықтың білімге, медициналық көмекке және қажетті қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуды қажет етеді.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялардың ұзақмерзімді әсері UNICEF-тің «Generation 2050» баяндамасында қарастырылады. Бүгінде Орталық Азия халқының жартысынан көбі 30 жасқа толмаған. Ұйымның бағалауы бойынша, балалардың біліміне, денсаулығына және дамуына қосымша инвестициялар 2050 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің базалық сценариймен салыстырғанда 6-14%-ға өсуін қамтамасыз ете алады. Бұл деректер мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысы ондаған жылдар бойы экономикалық және әлеуметтік табыс әкелетінін көрсетеді.
Бұл тұрғыда Индонезияның тәжірибесі ерекше назар аудартады. Елде мектептегі білім беруге бағытталған мемлекеттік инвестициялар ұзақ мерзімді экономикалық нәтиже берді. Экономист Эстер Дюфлоның зерттеуі білім алуға қолжетімділікті кеңейту түлектердің болашақ табысының артуына оң ықпал ететінін көрсетті. Бұл мысал Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасында да көзделген білім беру инфрақұрылымына салынатын инвестициялардың маңыздылығын айқындайды.
Қазақстанның қол жеткізген нәтижелері адам дамуының халықаралық бағалауларында да көрініс тапты. БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы баяндамасына сәйкес, ел адам дамуы индексі 0,837 болатын 193 ел мен аумақ арасында 60-шы орында, бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияның барлық мемлекеттерінен озып тұр. БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катажина Ваверня Қазақстанның өмір сүру деңгейін арттырудағы, адами әлеуетті дамытудағы және цифрландырудағы ілгерілеуін атап өтті. Бұл көрсеткіштер елдің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерін сипаттайды.
Жаңа бағдарлама бұрынғы мемлекеттік инвестицияларға сүйенеді. Жеті жыл ішінде Қазақстан әлеуметтік салаға шамамен 88 трлн теңге, оның ішінде білім беруге 33,2 трлн теңге және денсаулық сақтауға 15,5 трлн теңге бағыттады. Елде қалаларда да, ауылдық жерлерде де мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салынды.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру басталып кетті. Бірінші кезеңде жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын жобалар мақұлданды. Олар жаңа денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін, мәдениет және спорт нысандарын, инженерлік желілер мен автомобиль жолдарын салуды көздейді.
Қазақстанның тәжірибесі білім беру мен денсаулық сақтау салаларына бағытталған мемлекеттік инвестициялардың ұзақмерзімді дамуға негіз қалай алатынын көрсетеді. Мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы халықтың қажетті қызметтерге қолжетімділігін арттырады. Ал бұл инвестициялардың нәтижесі алдағы ондаған жылдар бойы өз жемісін бермек. Мұндай тәсіл әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылатын басқа мемлекеттер үшін де қызығушылық тудырады.