Шығыс Қазақстан облысында жол жөндеу бойынша рекордтық көрсеткіш орнады
10.12.2024 02:11:52 2928
Былтыр аймақ басшысы Ермек Көшербаев 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялады. Биыл облыс бойынша 600 шақырым жол жөнделіп, рекордтық көрсеткіш орнатылды.
-Жолдарды жөндеуге арналған бағыттар тек экономикалық негіз бойынша емес, өңірдегі көлік жүргізушілері мен тұрғындардың қалауы бойынша таңдалды. Облыста туристік орындарға апаратын тасжолдарды жөндеуге және қайта жаңартуға ерекше көңіл бөлінді, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Ауылдық елдімекендер де назардан тыс қалған жоқ. Биыл алғаш рет 79 шағын ауылда 120 шақырымды құрайтын орталық көшелерге кезең-кезеңімен асфальт төсеп, көшелерді жарықтандыру жоспарланып отыр.
Осы жылы облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарға ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында барлығы 392 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелерінің жағдайы жақсартылады.
Сондай-ақ 2025 жылы аймақтағы ұзақ мерзімді ірі құрылыс нысандарының бірі – Өскемен – Рахман қайнары тасжолын аяқтау жоспарлануда. Бұл жол 3 ауданды байланыстырып, Қазақстанның туристік орындар қатарына жататын Катонқарағай ауданына апарады.
Жол мәселесіне келгенде Шығыс Қазақстандағы ең ірі көлік-логистикалық жобалардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталуын айта кеткен жөн. Ол бірден алты ауданды байланыстырып, тұрғындардың климаттық жағдайлар мен паром өткеліне деген тәуелділігін жойды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/898845