Сауда вице-министрі Қайрат Торебаев Ақтөбе облысының экспортқа бағытталған кәсіпорындарының басшыларымен кездесті

Сауда вице-министрі Қайрат Торебаев Ақтөбе облысының экспортқа бағытталған кәсіпорындарының басшыларымен кездесті

24.12.2024 20:19:51 833

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Ақтөбе халқымен кездесті. Өңірге сапарында вице-министр экспортқа бағытталған кәсіпорындардың басшыларымен, сондай-ақ қаржы институттары мен бизнес өкілдерімен, оның ішінде «Атамекен» жанындағы салалық кеңес мүшелерімен бірге кәсіпкерлікті дамыту және аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылады.
Қайрат Төребаев сауда саласының экономиканың маңызды бөлігі екенін көрсететін қазіргі статистикалық мәліметтерді атады. Оның айтуынша, сауда саласы жұмыспен қамту құрылымында бірінші орын алады (1,5 млн адам), ЖІӨ құрылымында екінші орында (18,2%) және бизнес субъектілерінің саны бойынша көш бастап тұр (782 мың).
«Мемлекет ішкі сауданы дамытуға қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын құру, базарларды жаңғырту және электронды сауданы дамыту өте маңызды», - деді Қайрат Төребаев.
Кездесу барысында сауда және интеграция вице-министрі министрліктің басым бағыттарының бірі қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықтарға экспорттауды дамыту екенін атап өтті. Бүгінгі таңда отандық өнім экспорты Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Вьетнам, Қытай және Иран сияқты бірқатар елдерді қамтиды.
Вице-министр шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорттаушыларын қолдау шаралары туралы айтып берді. Сауда және интеграция министрлігі экспортты дамыту мен ілгерілетуді жүзеге асыратын операторларды – KazTrade және KazakhExport компанияларын анықтаған. Қазақстандық экспорттаушылар сақтандыру және қаржылық қолдау шараларын Экспорттық-несиелік агенттік арқылы пайдалана алады. Ал QazTrade базасында экспорттаушыларға сервистік қолдау шоғырланған. Бұл қызметтердің қатарына көлік және маркетингтік шығындарды өтеу, шетелдегі көрмелер мен форумдарға қатысу кіреді. Сондай-ақ, бизнес өкілдеріне жаңа өткізу нарықтарына шығуға экспорттық акселерация бағдарламасы көмектеседі.
– Мемлекеттің өз сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау бойынша күш-жігерін атап өткен жөн. Бұл қаржы салымдарының орнын толтырады. Экспортты қаржылық емес қолдауға жұмсалған әрбір теңгеден 500 теңге экспорттық түсім түседі, – деді вице-министр Төребаев.
Кездесу барысында кәсіпкерлер импортталатын сүт өнімдеріне бақылауды күшейту мәселесін көтерді. Бұл өнімдер Қазақстанға жақын шет елдерден әкелінеді. Сондай-ақ Қытай нарығына шығуға қатысты сұрақ қойылды. Кәсіпкерлерді қытайлық экспорттаушылар тізіліміне ену процедурасын жеделдету қызықтырды. Вице-министр бұл үдеріс өте ұзаққа созылып, бір жылға дейін уақыт алуы мүмкін екенін айтты. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының Ауғанстанға өнім жеткізуіне қатысты сұрақтар да қозғалды. Бұл жерде ынтымақтастық элементтері мен келісімдерді сақтау мәселелері енді ғана реттелуде. Қайрат Төребаев бұл мәселені ауған әріптестері алдында көтеруге уәде берді.
Кездесу соңында вице-министр азаматтарды жеке қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/904337