Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

Алматыда қорғаныс саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды 03.03.2025
Алматыда өткен қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының III конференциясында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындаудың басымдықтарын айқындады.Конференцияға қатысушылар қорғаныс саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кәсіпкерлердің пікірінше, келісімшарттың бір жылдық мерзімі күрделі жұмыстарды, жоғары технологиялық тапсырыстарды орындау үшін жеткіліксіз. Іс жүзінде олар көптеген компоненттерді жеткізуді талап етеді, ал қазіргі кезде логистикаға қатысты мәселелер келісімшарт талаптарының бұзылуына әкеледі. Қорғаныс министрі жасалатын келісімшарттардың мерзімін үш жылға дейін ұлғайтуды қарастыруды ұсынды, сонымен қатар ол мемлекеттік орган мен қорғаныс-өнәркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының отандық өндірісті дамыту және жалған кәсіпкерлік, жасырын импорт пен бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтауға күш-жігерді біріктіруге шақырды.– Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп саласында 120-дан аса компания бар, дегенмен олардың барлығы нақты өндірушілер емес. Олардың біразы өнім шығармай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қаржы алуды көздейтіндер, – деді ол. Қорғаныс министрінің пікірінше, бұл мәселені құрамында Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі және «Атамекен» ҰКП өкілдері бар комиссия құру арқылы шешуге болады. Бұл комиссия өзін әскери мақсаттағы өнім өндірушілер ретінде көрсететін кәсіпорындарды тексереді. Одан өзге министр, шетелден технологияларды сатып алу кезінде де өндірісті одан әрі оқшаулау Қазақстанда болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, қорғаныс ведомствосының басшысы Семей танк жөндеу зауытының базасында кластер құру қажеттігін мәлімдеді. – Өндіріс орны бронды танк техникасын ғана емес, қару-жарақты, артиллериялық жүйелерін, трансмиссиялардың күштік қондырғыларын жөндеуге де мамандануы тиіс. Мұның бәрі орындалуы керек, – деді министр.Конференция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарының қауымдастығы отандық қорғаныс саласын дамытудың бірыңғай стратегиялық тұғырнамасын әзірлеу үшін бірлескен комиссия құруға шешім қабылдады.Қорғаныс министрі қауымдастық мүшелері көтерген барлық мәселелер өзекті болып табылатынын атап өтіп, бағаны реттеу мен келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту жөнінде бірқатар тапсырмалар беретінін алға тартты. Сондай-ақ ол Қорғаныс министрлігі мен Қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері кіретін жұмыс тобы шеңберінде барлық проблемаларды шешуге болатынына сенім білдірді.Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/949339
Маңғыстаулық дәрігерлер мен студенттер Түркияда тегін тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады 03.03.2025
28 ақпан күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Стамбұл қаласына барған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев бірқатар келісімге қол жеткізді.Атап айтсақ, 100 маңғыстаулық студент Түркияның Анталия және Мармарис қалаларында туризм саласы бойынша тегін тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 50-ге жуық дәрігер Medicana Health Group клиникасында кәсіби біліктілігін жетілдіреді.Маңғыстау облыстық Білім басқармасы мен Түркияның «Курорттық Аймақ» туристік қызмет саудасы АҚ арасында жасалған меморандум аймақтағы туризм және сервис саласына білікті мамандар даярлауды көздейді. Осы келісім аясында маусым айынан бастап Мармарис қаласындағы Woxx Hotels Group 50 студентті оқытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Тағы 50 студент Анталияда кәсіби білімін жетілдіреді. Барлық тағылымдамашылар тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, оларға айлық төленеді.Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Medicana Health Group басқарма мүшесі Берк Бозкуртпен келіссөздер жүргізіп, әріптестік орнату туралы келісімге келді. Бұл келісім аясында 20 онколог және облыстың әр медициналық ұйымынан 30-ға жуық дәрігер түрлі медициналық бағыттар бойынша тәжірибе жинақтайды.Medicana Health Group – Түркияның жетекші медициналық ұйымдарының бірі. Құрамына 14 аурухана, 11 медициналық орталық және 500-ден астам емхана кіреді. Жыл сайын 10 миллионнан астам науқасқа қызмет көрсететін бұл топ жоғары технологиялық емдеу әдістерін ұсынатын медициналық туризм саласының көшбасшысы ретінде танымал.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/949270
Балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы облысының әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды 02.03.2025
Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына барып, жаңа ғимараттың құрылысымен танысады. Бұл туралы Алматы облысының білім басқармасы хабарлады.2 наурызда балалар үйіне Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева барып, мекеме ұжымы және тәрбиеленушілерімен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлер қоныс аудару және жұмыс орындарын сақтау мәселелерін көтерді.3 наурызда балалар жаңа мекемені қарап, ондағы тұрмыс жағдайымен танысып облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездеседі. Жаңа ғимаратты көретін тәрбиеленушілер қатарында Кирилл Капранов, Алексей Некрасов және Денис Узлов бар.“Балалар үйі мен оның тәрбиеленушілеріне қатысты барлық мәселелер біздің бақылауымызда. Жаңа ғимаратты қажетті жабдықтармен, көлікпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету ғана емес, балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау да маңызды”, — деп атап өтті Салтанат Беспаева.Сондай-ақ, басқарма әлеуметтік желілерде тараған жер учаскесінің аффилиирленген тұлғаларға сатылуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.Жаңа кешен 240 орынға есептелген және аумағы 4000 шаршы метрды құрайды. Құрылыс 1963 жылы салынған ескі ғимараттың апатты жағдайына байланысты жүргізілуде. Жаңа мекеме құрамында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы да жұмыс істейді. Ғимарат 900 орындық мектептің жанында орналасады. Балалардың қатынауы үшін 14 орындық автобус бөлінді. Алматыға дейінгі қашықтық – 65 км.Бұдан бөлек, тәрбиеленушілер 21 наурызда Қонаев қаласында өтетін Наурыз мейрамына шақырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/948954
Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар! 01.03.2025
Сіздерді Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!Өткен жыл еліміз үшін жауапты шешімдер мен жүйелі жаңғыру кезеңі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында орнықты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, ауқымды цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізуге, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұлттық дамудың негізгі басымдықтары айқындалды. Бұл ретте барлық реформалардың өзегінде адам және ұлттық тұрақтылықты нығайту тұрғаны ерекше атап өтілді. Аталған бағдарлар мемлекеттік органдар қызметінің басты бағыттарын белгілеп, ортақ жұмысымыздың берік негізіне айналды.Қазақстан экономикалық әлеуетін нығайта отырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқаты басты басымдық саналатын заманауи, жауапты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде сенімді даму жолын жалғастырды.Қазақстан Республикасының Қарулы күштері үшін өткен жыл қарқынды қызметке, жоғары талаптар мен маңызды нәтижелерге толы болды. Жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіруге, заманауи ақпараттық және басқару технологияларын енгізуге басымдық берілді. Патриоттық тәрбие мен идеологиялық жұмыс, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асырылды.Бүгінде Қарулы күштердің әскери қызметшілері жауынгерлік кезекшілікті абыроймен атқарып, оқу-жаттығулар мен дайындықтарға қатысып, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиялары аясында, соның ішінде Голан жоталарында, жүктелген міндеттерді лайықты орындап, мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.Бүгінгі мерекеде Қарулы күштердің жеке құрамына, сондай-ақ басқа да күштік құрылымдардың әскери қызметшілеріне кәсібилігі мен бірлескен үйлесімді қызметі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрине, ерекше ризашылық – сіздердің отбасыларыңызға. Олардың төзімі, сабыры мен қолдауы әскери қызметтегі ең сенімді тірек екені сөзсіз.Келген 2026 жыл жасампаздықтың, жаңа мүмкіндіктер мен нық қадамдардың жылы болсын. Бірлік, жауапкершілік және Отанға адалдық алдағы уақытта да басты құндылықтарымыз болып қала берсін.Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамына және барша отандастарға зор денсаулық, бақ-береке, қызметте табыс, ашық аспан тілеймін!Құрметпен,Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріавиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1136092?lang=kk
Қарулы күштер мекемелерінің тауарларына, жұмыстарына және қызметтеріне тарифтер бекітіледі 01.03.2025
Қорғаныс министрлігі «Қарулы Күштердің кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген мемлекеттік мекемелерінің билігінде калатын тауарларын (жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін) өткізуден түскен ақшасына тарифтер (бағалар) бекіту туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын дайындады.Нормативтік құқықтық акт «Білім туралы» ҚР Заңының 63-бабының 4-тармағына және «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңы 24-бабының 3-тармағына сәйкес жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленді. Құжатта жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметтерді жүзеге асыру құқығы берілген Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерінің тауарларына (жұмыстарына және қызметтеріне) тарифтер айқындалады. Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «электрондық үкімет» порталында биыл 18 наурызға дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15470168 сілтеме бойынша танысуға болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948870
Ардагер десантшы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады 01.03.2025
Алматыда әскери қызметшілер дәстүр бойынша 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Изюмниковты мерекемен құттықтады.Виктор Карпович Қазақстанда туып-өскенін мақтан етеді. Майданға ол осы жерден аттанды. Соғыстан кейін үйіне оралып, ел игілігі үшін жұмыс істеді.– Қазақ халқы – мейірімді және қонақжай халық. Қандай қиын жағдайда өмір сүрсе де, бір кездері қарапайым қазақтар қоныс аударушыларды паналатып, оларды жылы қарсы алды. Соғыстан кейін біз бірге бейбіт өмір сүрдік. Біздің жүрегімізде қазақ халқына деген алғыс мәңгілік, – деп атап өтті ардагер.Виктор Изюмников әрқашан елге де, халыққа да пайдам тисе деп ұмтылды. Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, Жоғарғы Кеңестің депутаты және Министрлер Кеңесі істерінің басқарушысы бола отырып, ол елдің ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосты.– Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясы құрылғанына 30 жыл толған мерейтойын атап өтіп, барлық ізгі тілектерге қосылып, қонақжай қазақ халқына жомарттық үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Виктор Карпович.Өз кезегінде әскери қызметшілер жеңіске қосқан үлесі мен ерен еңбегі үшін майдангерге алғысын білдірді. Ардагермен кездесу олардың бойында ғасыр жолынан өткен адамның рухының биіктігіне деген ризашылық сезімін туындатты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948871
Әскери қызметшілер соғыс ардагерлерін Алғыс айту күнімен құттықтады 01.03.2025
Алғыс айту күні Қарулы күштердің әскерилері мен ардагерлер бірлестіктері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтап барды.Астанада әскери қызметшілер Рзағұл Байкешевке, Владимир Дровосековке және Василий Сердюковке, ал Таразда – соғысқа қатысушы Геннадий Ивановтың үйінде болды.Алматыда олар Дарбал Жабатаевпен, Екатерина Барановамен, Әбдірахман Ишмұхамедовпен, Василий Шипиловпен, Виктор Изюмниковпен және Зұлхарнай Сейітовпен кездесті.Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің өкілдері майдангерлер Федор Ковалев пен Әлім Кебіров, Ақмола облысында Анатолий Комяков пен Иосиф Коминге барды. Шымкентте департаменттің әскери қызметшілері ардагерлер Мұраталы Төлепбергенұлы және Нина Мосуновамен әңгімелесті.Қорғаныс ведомствосы мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері майдангерлерді мерекемен құттықтап, хал-жайын сұрап, күнделікті, тұрмыстық мәселелерін шешуге дайын екендіктерін білдіріп, оларға зор денсаулық, берекелі ұзақ өмір тіледі.Мерекелік іс-шаралар аясында Қостанай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі сауда орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Ділдәбек Нұрышевке арналған концерт ұйымдастырды. Майдангер жергілікті аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен, "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілерімен және қала тұрғындарымен бірге үрмелі аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948903
Қазақстан СІМ басшысы Мароккоға алғашқы ресми сапармен барды 01.03.2025
Рабат, 2025 жылғы 28 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын марокколықтар істері министрі Насер Буританың шақыруымен Рабатқа екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келді.Сұхбат барысында саяси диалогты жандандыруды, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды.Энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, инновациялар, білім беру және туризм сияқты салаларда серіктестікті тереңдету үшін елеулі әлеует аталып өтті. Осыған байланысты тараптар шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге және әртүрлі деңгейдегі сапарлармен алмасу тәжірибесін жалғастыруға дайындықтарын білдірді.«Қазақстан Марокконы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде маңызды және жақын серіктес ретінде таниды. 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар барысында біз ортақ құндылықтарға негізделген мазмұнды саяси диалог құра алдық, сондай-ақ сындарлы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоя алдық», – деп мәлімдеді ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы.Өз кезегінде Н.Бурита Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық рөлін ерекше атап өтіп, елінің кең ауқымды мәселелер бойынша көпжоспарлы өзара іс-қимылды сапалы нығайтуға деген берік ниеті туралы сендірді. Атап айтқанда, ол Марокко мен Қазақстанды Солтүстік Африка мен Орталық Азияға қақпа ретінде қарастыратынын атап өтті.Сұхбаттастар өткен жылы 70%-ға өсіп, 274 млн АҚШ долларына жеткен екі ел арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өскенін атап өтті. Бұл ретте ҚР СІМ басшысы Қазақстанның Мароккоға қосылған құны жоғары өнімдерді жеткізуді ұлғайту үшін жақсы мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, еліміз дайын мұнай-химия өнімдерін, металлургия өнімдерін және азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 130 млн АҚШ доллары сомасына 25 негізгі тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын.М.Нұртілеу сондай-ақ жақын арада визасыз режим туралы келісім күшіне енетінін және Марокко екіжақты визасыз режим орнатылған Африкадағы алғашқы ел болатынын атап өтті, бұл іскерлік байланыстарды дамыту және азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақ делегациясының басшысы Мароккоға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) қызметіне қызығушылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, оның Жарғысын жаңын арада ратификациялаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ биыл Астанада өтетін АҚИҰ-ның 7-ші Бас ассамблеясына жоғары деңгейде қатысуға шақырды.Сондай-ақ тараптар мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумын талқылады, ол әлемдік қоғамдастықтың өзекті сын-қатерлерді шешудегі күш-жігерін біріктіреді. Сонымен қатар ағымдағы жылы өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-ші съезіне дайындық талқыланды, онда Қазақстан Марокконың жоғары деңгейде қатысуын күтеді.Цифрландыру тақырыбы да талқылауда маңызды орынға ие болды. Қазақстан СІМ басшысы цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған «Digital Morocco 2030» бағдарламасы шеңберінде Мароккомен ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді және қазақстандық IT-компаниялардың электрондық үкімет, инновациялық IT-шешімдер және киберқауіпсіздік саласындағы пилоттық жобаларды ұсынуға дайындығы туралы хабардар етті.Министрлер Марокко жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырған Астана академиялық филармониясы мен Рабаттың бас оркестрі концертінің сәтті өтуіне назар аударып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Туризм саласында айтарлықтай әлеует аталып өтті және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар 2025 жылы әуе қатынасы туралы келісім бойынша жұмысты аяқтауға және тікелей әуе рейстерін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға келісті.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Марокко қатынастарын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысын растады. Министрлер сонымен қатар негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейту үшін жұмыс топтарын құру туралы шешімді көрсететін Бірлескен коммюнике қабылдады.Сапар аясында М.Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы сұлтан мен тұңғыш король Мұхаммед V (1909-1961) кесенесіне барды. Рабаттың орталығында монарх пен оның екі ұлының қабірі бар керемет ғимарат әйгілі Хасан мұнарасының жанында орналасқан. ҚР СІМ басшысы гүл шоқтарын қойып, құрметті қонақтардың жазбалар кітабына жазба қалдырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/948872
Қазақстанда New York Film Academy кампусы ашылды: оқуға қабылдау басталды 01.03.2025
Қазақстанда New York Film Academy кампусы ашылды: оқуға қабылдау басталдыҚазақстанда New York Film Academy (NYFA) филиалы өз жұмысын бастады. Ол – АҚШ-тан тыс үшінші NYFA кампусы және Қазақстанда ашылған әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет.Қызметті бастау туралы келісімге қол қоюдың онлайн-рәсімі 1 наурызда Energo University-дің алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен New York Film Academy президенті Майкл Янгтың қатысуымен өтті.Әлемге әйгілі академияның филиалында оқу осы жылдың 29 қыркүйегінде Алматы маңындағы Қаскелең қаласындағы Energo University-дің Креативті индустриялар паркінің аумағындағы заманауи кампуста басталады.Филиалда оқытуды АҚШ-тан арнайы келетін NYFA кәсіби дәріскерлері бір жылдық және қысқа мерзімді оқу бағдарламалары аясында бес бағыт бойынша жүргізеді: Кино (Filmmaking); Продюсерлік ету (Producing); Сценарийлік іс (Screenwriting); Анимациялау және визуалды әсерлер (3D animation & VFX); Ойын әзірлеу (Game design).Академияның алғашқы қабылдауына Қазақстаннан және өңірдің көрші елдерінен (Қытай, Үндістан, Ресей және т.б.) 200-ге дейін студент қабылдау жоспарлануда. Оқуды бітіргеннен кейін түлектер Америка университетінің дипломдарын және Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте оқуын жалғастыра алады.Қосымша ақпарат алу үшін ЖОО-ның қабылдау комиссиясына (+77076006493), сондай-ақ Алматыдағы NYFA ресми өкіліне (+77019990321) хабарласуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/948824
Облыс әкімі жаңа маусым алдында «Тобыл» футбол клубымен кездесті 01.03.2025
Құмар Ақсақалов жаңа маусым қарсаңында «Тобыл» футбол клубының ойыншыларымен және бапкерлік штабымен кездесті. Кездесу барысында команданың дайындығы, стратегиялық міндеттері және алдағы ойындардан күтілетін нәтижелер талқыланды.Өңір басшысы футболдың дамуының маңыздылығын атап өтіп, «Тобылға» сәтті маусым тіледі. Ол клубтың Костанай мақтанышы екенін және аймақты республикалық және халықаралық деңгейде танытып жүргенін айтты.Ойыншылар мен жаттықтырушылар маусымаралық дайындық жұмыстары туралы баяндап, команданың алдағы ойындарға дайындығы мен жоғары нәтижелерге қол жеткізуге деген ұмтылысын жеткізді. «Тобыл» әрқашан биік мақсаттарды көздейді, биыл да жүлделі орындар үшін күресуге ниетті.Костанай облысында футбол мен жалпы спорттың дамуына қолдау көрсетіліп, кәсіби спортшыларды даярлауға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға жағдай жасалуда. Кездесу соңында облыс әкімі «Тобылға» сәттілік, тартысты ойындар мен жарқын жеңістер тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/948744
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды. 01.03.2025
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/948691
Қазақстан СІМ-де Қасиетті Тақпен ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды 28.02.2025
Астана, 2025 жылғы 28 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстандағы Апостолдық нунций Джордж Панамтундилді қабылдады.Кездесудің басында Р.Василенко мемлекет басшылығының Рим Папасы Францисктің тез сауығып кетуіне тілектестігін жеткізді.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, соның ішінде тарих, мәдениет, ғылым және медицина салаларындағы өзара ықпалдастықты талқылады. Екі ел арасындағы саяси диалогтың дәйекті түрде нығайып келе жатқаны аталып өтті, сондай-ақ олардың әртүрлі халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылына жоғары баға берілді.Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қаңтарда Ватиканға жасаған сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығы аталып өтті. Осыған байланысты Апостолдық нунций 2025 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы жаңа Елшілігінің ашылуын құптады.Алдағы қыркүйек айында Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындыққа ерекше назар аударылды.Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 17 қазанда орнатылды. Қасиетті Тақтың Қазақстан Республикасындағы Апостол нунциатурасы 2001 жылғы 16 желтоқсанда ашылды. Қазақстан аумағында Рим-католик шіркеуінің 117 діни мекемесі жұмыс істейді, католик дінін ұстанушылардың саны шамамен 120 мың адамды құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/948733
Бесарық ауылында спорт кешені ашылды 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданының Бесарық ауылында спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.Облыс әкімі ауылдағы жаңа әрі сәулетті ғимараттар қатары тағы бір маңызды нысанмен толыққанын атап, жергілікті тұрғындарды құттықтады.«Бүгін берекесі мен бірлігі жарасқан Сырдария ауданының Бесарық ауылында өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңы жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешен мен зал бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.Спорт – елімізді халықаралық деңгейде танытып, Көк Туымызды желбірететін, Әнұранымызды асқақтататын айрықша маңызды сала.Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Орталық стадионды» алдағы мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.Сырдария ауданының спорт саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы спортшылар республика чемпионаттарынан 29 алтын, 20 күміс, 47 қола, Азия чемпионатынан 4 алтын, 1 күміс, 2 қола, Әлем чемпионатынан 1 алтын медаль иеленді.Бүгін ашылған жаңа спорт кешенінде ауыл тұрғындарының, жеткіншектердің дене шынықтыруына, спортпен айналысуына жеткілікті мүмкіндік бар. Осы жерде жаттыққан балаларымыз денсаулығы мен рухы мықты, жігерлі, қайратты, болашақта елдің даңқын асқақтататын азаматтар болсын дейміз. Жаңа нысан салауаттылық салтын ұстануға шақыратын құтты орынға айналсын!» – деді Н.Нәлібаев.Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев құттықтау лебізін жеткізіп, Бесарық ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әкбар Ақжігітов батасын берді.Жаңадан ашылған кешен бір мезетте 100-ге жуық баланы қабылдайды. Бұл жерге келушілер қазақ күресі, дзюдо, бокс, грек-рим, еркін күрес, таеквондо, волейбол, футболмен айналыса алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/945307
Аймақ басшысы Қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті 28.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс және мұнай компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар. Сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Сиань қаласындағы мұнай-газ, химия өнеркәсібі саласындағы компания жетекшілерімен кездесті. Алдымен «Yan'an Energy Equipment Group» компаниясы басшысымен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Қытайдың озық технологияларын облыс өнеркәсібіне енгізу үшін арнайы делегация жасақтап келдік.Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Оның үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7%-дан астамын құрайды, 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады.Алайда, мұнай ұңғымаларының көпшілігінің сарқылуына байланысты қорды толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылауда. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары шамамен 5,4 мың тереңдікке жетті.Осы ретте, құрметті мырзалар, компанияның заманауи технологиясы мен тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз.Облыс әкімдігі өз тарапынан зауыттарды орналастыру үшін жер, инженерлік инфрақұрылым, жан-жақты логистикалық қолдау білдіруге дайын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Xian ANCN Smart Instrument Inc» мұнай-газ компаниясының басшысымен кездесті.«Xian ANCN Smart Instrument Inc» компаниясы 2007 жылы құрылған. Негізгі қызметі – газ кен орнының автономды басқару жүйелерін, жарылысқа қауіпсіз тексеру роботтарын, смарт өлшеу құралдарын және басқа да мұнай-газ жабдықтарын өндіру. Компанияда 320 қызметкер, 100 ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, 340 ғылыми зерттеу патенті бар.Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, жауапты сала басшылары, кәсіпкерлер Синьянь қаласында инвестициялық тұрғыдан әлеуетті бизнес өкілдерімен кездесті.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Келіссөздер басқа қалаларда да жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/945316
Аймақ басшысының Қытайға жұмыс сапары жалғасуда 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Нинься-Хуэй автономдық ауданының Иньчуань қаласында жалғасты.Аймақ басшысы күріш өсіру және өндірумен айналысатын «Ningxia Guangyin Rice Industry Co., Ltd.», ауыл шаруашылығы саласындағы «Ningxia State Farm» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, аймақтың әлеуетіне сай инвестиция тарту мәселелерін талқылады.«Қызылорда облысы – Қазақстандағы күріш өндіруші ірі өңір. Облыста барлық қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ, өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Жыл сайын 80 мың гектардан астам жерге күріш егеміз.Өткен жылдың қорытындысымен 500 мың тонна күріш жиналып, 73,2 мың тоннасы экспортталды. Бұдан бөлек, дәнді, майлы дақылдардың, жем-шөп, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егістік алқаптары бар.Өңірде 700-ге жуық шаруа қожалығында 15 түрлі күріш сорты өсіріледі. Ал, күріш өңдейтін 40 компания ғана бар. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімі күріш болғандықтан, біз оны терең өңдеу саласына қызығушылық танытамыз.Сіздердің компанияларыңыздың мол тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысына бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Серіктес қажет болған жағдайда, өңірде өз салаларын дамытқан тәжірибелі кәсіпкерлер бар.Облыс әкімдігі жер телімін беруге, инженерлік инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сатуға, жан-жақты қолдауға дайын», – деді Н. Нәлібаев.Кездесуде облыс әкімі аталған компания басшыларын өңірдің әлеуетімен жақынырақ танысу үшін арнайы іссапармен келуге шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947460
Облыс әкімі бастаған делегация Чэнду қаласында кәсіпорын басшыларымен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Чэнду қаласында жалғасты.Алдымен аймақ басшысы «China Minmetals Corporation» және «Hunan Nonferrous Metals Corp., Ltd» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.«Қызылорда облысы – әріптестік пен инвестициялар үшін зор әлеуеті бар, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Минералды шикізат ресурстарымен, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран кеніштерімен ерекшеленеді. Облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің қоры бар.Бүгінгі делегация құрамындағы «Шалқия Цинк» серіктестігінің басшысы Асқар Тлеулин кен орнында мырыш пен қорғасын өндіру жобасын кеңінен таныстырады.Біздің өңір пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай әлеуетті», – деді Н.Нәлібаев.Сондай-ақ, облыс әкімі мұнай-газ саласындағы «Shaanxi Yanchang Petroleum Group» және ауыл шаруашылығы саласындағы «Tongwei Group» компаниялары басшыларымен кездесіп, инвестиция мәселесін талқылады.«Қызылорда облысы – агро-индустриалды аймақ. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады. Егін, мал шаруашылығының жылдар бойы қалыптасқан жүйесі бар. Кейінгі жылдары егіс алқаптарын әртараптандыруда, мал басын көбейтуде ауқымды жұмыс атқарылды. Компанияларыңыздың оң тәжірибесін үйренуге, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Облыс әкімдігі қолданыстағы заңнанма аясында өз тарапынан қолдау көрсетеді. Қызылорда облысының әлеуетімен жақынырақ танысу үшін сіздерді арнайы іссапармен келуге шақырамыз», – деді Н.Нәлібаев.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947475
«Сычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытайға жұмыс сапары аясында Cычуань провинциясының Чэнду қаласында «Cычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы өтті. Оған екі елдің жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлері қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев форум қатысушыларын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.Сонымен қатар, «Алтын Орда» ЖШС директоры Нариман Абжанов «Тұз өндіру», «Шалқия Цинк Лтд» басшысы Асқар Тлеулин «Шалқия кен орнын игеру», «Абзал және К» ТС қаржы жөніндегі директоры Сағидулла Сыздықов «Күрішті терең өңдеу» жобалары бойынша баяндама жасады.Облыс Қытайға негізінен мұнай, балық өнімдерін, майлы дақылдардың тұқымын, өңделмеген алюминий экспорттайды. Импорттың негізгі позициялары – машиналар, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары.Форумда облыстың инвестициялық әлеуетіне сай ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жем-шөп өндіру, құс фабрикаларын, ет және балық, жүн мен тері өңдеу кәсіпорындарын құру, өнеркәсіптік жылыжайларды, құрылыс материалдарын шығару және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару жайлы сөз болды.Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен жауапты сала басшылары, сырбойылық кәсіпкерлер «Zangge Mining Co.» компаниясы басшыларымен калий мен литий барлау және өндіру, «Chuanhan Metallurgical Furnace Charge Co., Ltd» компаниясы басшыларымен қорғасын, никель, молибден өндіру, «Power China Sinohydro Bureau 10 Co., Ltd» компаниясы басшыларымен пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша кездесіп, келіссөздер жүргізді.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947499
Облыс әкімі Сычуань провинциясының губернаторымен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі.«Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді»,– деді Н.Нәлібаев.Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947507
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, аймақ делегациясының іссапарын қысқа мерзімде әрі жан-жақты ұйымдастыруға көрсеткен қолғабысы үшін алғыс білдірді.«Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы ірі жобаларды іске асыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырды. Жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер бар делегация іссапармен келдік.Бүгін сізбен кездесіп, Қызылорда облысы мен Қытай арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылағанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.Қытай – Қазақстанның серіктесі және біздің облысымыз осы елдің компанияларымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылғы Қытайға іссапар кезінде қол жеткен келісімдер аясында Қызылордада жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылды.Қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуін қытайлық «Huadian» компаниясы қолға алған. Осы жолғы іссапарымыз да өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп ойлаймын, дипломатиялық қызметіңізге табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен әрекеттеріміз биіктерге жеткізеді деп сенемін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақта мұнай қорының сарқылуы салдарынан он жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты.Өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жылына 1 млн. тонна цемент, 197 мың тонна табақша шыны өндіретін зауыттар жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947712
Қазақстан мен Австрия елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойды 28.02.2025
Астанада Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы үкіметтері арасында елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қазақстандағы Австрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер қол қойды.Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әзірлеген келісім елде заңсыз жүрген азаматтарды қабылдау және транзиттеу мәселелерінде тараптардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.Австрия тарапымен келіссөздер 2023 жылдан бері жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсан айында Мальтада өткен жұмыс кездесуі барысында екі елдің сыртқы істер министрлері құжатты алдын ала мақұлдау рәсімін өткізді. Бұл оның түпкілікті қол қойылуына бағытталған маңызды кезең болды.Аталған келісім көші-қон саясаты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.Сонымен қатар бұл Екіжақты келісім қиын жағдайда құжатсыз қалған азаматтардың соттан тыс тәртіппен отанына оралуына мүмкіндік береді, олардың реадмиссиялау процесін жеңілдетіп, ұзаққа созылатын бюрократиялық кедергілерді жояды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/948698