Жаңалықтар
Ақмола мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті - Пресс-анонс 05.05.2026
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекеше-лендіру комитетінің Ақмола мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410 Заңының 8-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығына сәйкес 2026 жылдың 01 маусымнан бастап 12 маусым аралығында департамент қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы хабарлайды.Талдау кезеңі: 2025 жылғы шілде -- 2026 жылғы маусым.СЖТІТ жүргізу мәселелері бойынша 8 (7162) 251162 телефоны бойынша хабарласуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/gosreestr/press/news/details/1214643?lang=kk
Ұландықтар Астанада қарттарға концерт берді 05.05.2026
Астанада Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мерекелік концерт қойды. Мамыр мерекелеріне орайластырылған іс-шара қарттар мен мекеме қызметкерлері үшін жарқын мәдени кеш болды.Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі дайындаған концерттік бағдарламада әр түрлі жанрдағы жиырмаға жуық туынды орындалды. Сахнадан әндер шырқалды, халық күйлері, би композициялары және музыкалық попурри орындалды. Соғыс жылдарындағы туындылар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Концерт Жеңісті жақындатқан жандар жайлы шынайы естеліктерге толы болды.Орталық залына жиналған қауым әскери өнерпаздарды жылы қабылдады: қойылымдарға ұзақ қол шапалақтап, эмоцияларын жасырмады.Зейнеткер Хамила Балғазинаның айтуынша, концерт "нағыз отшашуға" айналды, жанға жайлы сергектік пен жылулық сыйлады. Ол әртістерді даярлаудың жоғары деңгейін және ұлттық өнердің байлығын көруге мүмкіндік беретін бағдарламаның алуан түрлілігін атап өтті.Орталықтың тәрбие бөлімінің қызметкері Бақытгүл Абдуованың айтуынша, ұландықтардың бұл жобасы мекеме үшін маңызды оқиға болды. Оның айтуынша, концерт мерекелік іс-шаралар сериясын ашып, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ерекше атмосфера қалыптастырды.Бағдарламаның маңызды сәттерінің бірі — жұртшылықтың қызу реакциясын тудырған отты теңізші биі болды. Концерт патриоттық әнді бірлесіп орындаумен аяқталды, оған әртістер де, көрермендер де қатысты. Аталмыш шара бірліктің ерекше атмосферасын берді.Концерт соңында орталық директорының орынбасары Сәуле Қайырова әскери қызметшілерге ризашылық білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Мерекелік кездесу ұжымдық суретке түсумен аяқталды, барлық қатысушыларға жылы және жарқын әсер қалдырды.Айта кету керек, ұландықтар жыл сайын орталыққа концерттер ұсынып, кездесулер өткізіп тұрады. Бұл шаралар мекеме тұрғындары асыға күтетін жақсы дәстүрге айналған. Ұландықтардың әрбір шарасы шынайы қарым-қатынас, қолдау және қамқорлық мерекесі іспеттес. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1214495?lang=kk
«Даму» қоры шағын қалалар мен ауылдарда ШОБ-ты қолдау үшін мобильді фронт-офистерді іске қосады 05.05.2026
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры («Бәйтерек» ҰИХ еншілес ұйымы) шалғай қалалар мен аудан орталықтарында бизнес үшін мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді арттыруға арналған мобильді фронт-офистерді іске қосады. Бастама Мемлекет басшысының ШОБ-ты қолдау шараларымен қамту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Үкіметтің қолдауымен іске асырылуда.Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді консультациялар өткізу, сондай-ақ жергілікті жерде өтінім қабылдау арқылы «Бәйтерек» холдингі іске асыратын мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету.Бастама шеңберінде Қордың консультанттары әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП және ЕДБ өкілдерімен бірлесіп, шалғай өңірлерге барады. Мобильді топтар моноқалалар мен аудан орталықтарын, ауылдарды қамтиды. Бұл әсіресе ауылдар мен шағын қалалардан кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларына тартуға бағытталған «Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру жағдайында өзекті болып отыр. Бағдарлама шикізатты жергілікті өңдеуді дамыту арқылы өңірлердің әлеуетін нақты өндірістік қуатқа айналдыруға көмектеседі.Кәсіпкерлерге «Даму» қоры ғана емес, «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офисі шеңберінде Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Экспорттық-кредиттік агенттік және Qazaqstan Investment Corporation секілді басқа да еншілес ұйымдары да түйінді қолдау шараларын ұсынады:кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау;кепіл жеткіліксіз болған кезде қарыздарға кепілдік беру;мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдікпен кредиттеу;лизингтік қаржыландыру құралдары;жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған микроқаржыландыру құралдары;экспорттық жобаларды қолдау құралдары;өңдеу саласын және лизингті қолдау;қаржысыз қолдау-оқыту, кеңес беру және жобаларды қолдау.Мобильді фронт-офистер Қазақстанның 17 өңірінде (Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда) бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді. Сапарлар апта сайын ұйымдастырылғанмен, сұранысқа, кәсіпкерлік белсенділік деңгейіне байланысты жиілеуі мүмкін. Шығу кестесі www.damu.kz сайтында және Қордың әлеуметтік желілерінде күні бұрын жарияланып отырады.Жобаны іске асыру қала мен ауыл арасындағы географиялық кедергілерді жоя отырып, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді, ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл кәсіпкерлері ірі қалалардағы бизнес сияқты мүмкіндіктер мен құралдарға қол жеткізе алады. Бұл бүкіл ел бойынша кәсіпкерліктің біркелкі дамуына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1214497?lang=kk
Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындылары Лондонда талқыланды 05.05.2026
Лондонда жақында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС – 2026) қорытындыларына арналған іс-шара өтті. Кездесуге Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, іскерлік және сарапшылық қауымдастық мүшелері, британдық тілшілер, сондай-ақ Саммитке Ұлыбританиядан қатысқан делегаттар қатысты. Қатысушылар Астанада қол жеткізілген нәтижелерге баға беріп, «жасыл» экономика, су қауіпсіздігі және орнықты даму бағыттарында Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.Іс-шараны ашқан Ұлыбритания-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудман Саммиттің маңыздылығына тоқталып: «Бұл Саммит – 11 мемлекеттің басшыларын, халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын, бизнес өкілдерін, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамды біріктірген айтулы оқиға болды. Оның басты нәтижелерінің бірі – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты бірлескен декларацияны қабылдауы, бұл өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ортақ ниетті растады», – деді.Сонымен қатар ол Ұлыбритания тарапынан Саммитке жоғары қызығушылық болғанын атап өтті: «Ричмонд герцогы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Саммит қатысушыларына арнайы хат жолдап, Өңірлік экологиялық күн тәртібінің маңыздылығын және халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше атап өтті. Хатта су ресурстарының аса құнды екені, оны ұтымды басқару болашақ ұрпақтың әл-ауқаты мен тұрақтылығының кепілі болатыны айтылды. Осы тұрғыда Астанада Халықаралық су ұйымын құру бастамасына ерекше көңіл бөлінуі зор үміт ұялатады», – деді ол.Қонақтарды қарсы алған Қазақстанның Ұлыбританиядағы уақытша сенімді өкілі Руслан Қарабулов Саммиттің ауқымы мен қатысушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті. Үш күн ішінде 58 сессия өткізіліп, оның 21-і жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ал жалпы қатысушылар саны 8 мыңнан асты. Талқылауларға БҰҰ мен жетекші халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері, соның ішінде ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, Азия даму банкі, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банк қатысты.Сонымен қатар, Саммит аясында ауқымды бастамалар мен инвестициялық келісімдер пакеті жарияланды: жалпы құны 2 млрд. Долл. асатын 30-дан астам өңірлік экологиялық жоба, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару және тұрақты өнеркәсіптік даму салаларындағы 2,3 млрд. долл. асатын қосымша келісімдер қабылданды.Саммитке қатысқан Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің климат жөніндегі өңірлік кеңесшісі Ундала Алам өз әсерімен бөлісіп, Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады. Ол екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, экологиялық тұрақтылық, биоалуантүрлілікті сақтау, регенеративті ауыл шаруашылығын дамыту, көміртек нарығын жетілдіру, экологиялық қауіпсіздік саласындағы құқықтық базаны нығайту, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін дамыту және жылу энергетикасы секторын реформалау. Оның айтуынша, Ұлыбритания осы бағыттар бойынша Қазақстанмен диалогты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және «жасыл» технологияларды енгізуге мүдделі.Еуропалық қайта құру және даму банкінің энергетикалық трансформация бағытының жетекшісі Кристиан Карраретто Саммит аясында Қазақстанның энергетикалық ауысу инвестициялық платформасы – «QaJET» құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады. «2035 жылға дейін кемінде 10 ГВт жаңартылатын энергия қуатын іске қосу, шамамен 20 млрд. долл. инвестиция тарту және жыл сайын 20 млн. тоннадан астам шығарындыларды қысқарту жоспарлануда», – деді ол.Британдық тележүргізуші әрі ӨЭС сессияларының модераторы Шарлотта Кан Қазақстанның климаттық дипломатиядағы көшбасшылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Саммит қазіргі көпполярлы әлем жағдайында Орта державалардың қаншалықты маңызды рөл атқара алатынын көрсетті.Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, сондай-ақ Үстірт жазығындағы Орта Азия тасбақасы мен өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау маңызын баяндайтын «Тасбақа» деректі фильмі көрсетілді.Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Саммиттің тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты іс-қимылдарға бастайтын маңызды қадам болғанын атап өтті. Ол өңірдегі әріптестікті нығайтуға және Орталық Азия үшін үйлестірілген, болашаққа бағдарланған экологиялық күн тәртібін қалыптастыруға негіз қалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1214503?lang=kk
Кітаптар біріктіреді: Қазақстан мен Солтүстік Македония оқушыларының халықаралық кездесуі 05.05.2026
Скопье, 2026 жылғы 30 сәуірі – Nova International School (Солтүстік Македония) оқушылары мен «Гарольд және Ларабелль. Кітаптар патшалығы» кітабының жас авторлары – Қазақстандағы Орал қаласы Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның оқушылары Арлан және Аслан Айткалиевтердің қатысуымен халықаралық онлайн-кездесу өтті.Іс-шара Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Елшілігінің қолдауымен өтіп, әртүрлі елдердің балалары арасындағы мәдени диалогты дамытуға бағытталған халықаралық кездесулер сериясының бір бөлігі болды.Кездесу алғашқы минуттардан-ақ шынайы әрі еркін әңгімеге ұласты. Оқушылар ағылшын тілінде сөйлесіп, әзілдесіп, бір-біріне сұрақ қойып, қызығушылықпен танысты. Кездесу атмосферасы жеңіл, достық әрі өте жылы болды.Солтүстік Македониядағы мектепте әртүрлі елдерден келген балалардың оқитыны ерекше қызығушылық тудырды. Соның арқасында әңгіме шынайы халықаралық сипат алып, түрлі көзқарастар, мәдениеттер мен өмірлік тәжірибелер тоғысты, бірақ барлығын ортақ құндылықтар біріктірді.Арлан мен Аслан өздерінің «Гарольд және Ларабелль. Кітаптар патшалығы» атты кітабын таныстырып, оның қалай жазылғаны туралы айтып берді. Олар кітаптың қазақ және орыс тілдерінде жарық көргенін, сондай-ақ ағылшын және неміс тілдеріне аударылғанын атап өтті.Қатысушылардың ерекше қызығушылығын кітаптың төрт тілдегі аудио нұсқасының болуы тудырды. Оқушылар мұндай форматтың кітапты әртүрлі балалар үшін қолжетімді ететінін айтып, бұл бастаманы үлкен ықыласпен қолдады.Жас авторлар сондай-ақ 2026 жылғы 22–26 сәуір аралығында өткен IX «ASTANA Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысқандарын айтып, өз кітаптарының «Балаларға арналған ең үздік кітап» номинациясы бойынша бірінші орын алғанын бөлісті.Кездесу барысында оқушылар кітап оқуға деген сүйіспеншілік туралы айтып, сүйікті шығармаларымен бөлісіп, қазіргі цифрлық дәуірде де кітаптардың маңыздылығы туралы пікір алмасты.Әңгіме барысында оқушылардың ортақ қызығушылықтары көп екені анықталды: кітапқа деген қызығушылық, білімге ұмтылу, даму және жаңа нәрселерді үйренуге деген құштарлық. Қашықтық пен әртүрлі елдерге қарамастан, олар бір-бірімен оңай тіл табысып, бұрыннан таныс жандардай еркін сөйлесті.Кездесу бір демде өтіп, барлығына жылы әсер қалдырды. Қатысушылар болашақта да қарым-қатынасты жалғастырып, жаңа бірлескен кездесулер өткізуді қалайтындарын білдірді.Бұл кездесу тағы бір мәрте дәлелдеді: балалар кітаптар, армандар мен болашақ туралы сөйлескенде, шекаралар жойылып, олардың орнында достық пен өзара түсіністік пайда болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1214509?lang=kk
Мобильді аударымдар бойынша 05.05.2026
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндірмелері Соңғы жылдары мобильді аударымдар есептеудің ыңғайлы және танымал әдісіне айналды. Алайда, азаматтарда жиі сұрақтар туындайды: мұндай аударымдар туралы ақпарат салық органдарына қандай жағдайларда түседі, оларға салық салынады ма және хабарлама келген жағдайда не істеу керек. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті егжей-тегжейлі түсіндірмелер дайындады. Қандай жағдайларда банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына ұсынады? Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 24) тармақшасына сәйкес банк ұйымдары кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталған жағдайда жеке тұлғаның банк шотына басқа жеке тұлғалардан түскен ақша қаражатының жиынтық сомасы туралы мәліметтерді ұсынады.Мұндай мәліметтер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекітілген критерийлер бір мезгілде орындалған кезде ғана беріледі.Атап айтқанда, егер жеке тұлға қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына 100-ден астам әртүрлі тұлғадан ақша алса және олардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, банктер бұл туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса да, оның аударымдары туралы мәліметтер салық органдарына беріле ме? Иә, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін барлық жеке тұлғалар бойынша мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылады.Бұл ретте жеке тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегені ескерілмейді, себебі бақылау кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шоттарына түскен ақша қаражаттарына қатысты жүргізіледі. Банктерден ақпарат алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары қандай шаралар қолданады? Екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары іс-шараларды екі кезеңде жүзеге асырады.Бірінші кезең – салық төлеушіні хабардар ету.Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес салық органдары салық төлеушіні табыс алу белгілерінің бар екендігі туралы хабардар етеді.Осы мақсатта салық төлеушіге хабарлама (извещение) жіберіледі, ол ақпараттық сипатқа ие және жауап беруді талап етпейді.Екінші кезең – бақылау шаралары.Бұдан әрі, негіздер болған жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген тәртіппен камералдық бақылау жүргізеді.Камералдық бақылау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеушіге хабарлама (уведомление) жолданады.Хабарламаны орындау оны тапсырған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама алған жағдайда салық төлеуші қандай әрекеттерді жүзеге асыруы тиіс? Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес салық төлеушіге жолданатын хабарлама (извещение) ақпараттық сипатқа ие және жауап беруді талап етпейді.Жеке тұлға салық міндеттемелерін орындау қажеттілігі туралы шешімді өз бетінше қабылдайды.Хабарлама (уведомление) жолданған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеуші белгіленген мерзімде:анықталған сәйкессіздіктермен келіскен жағдайда бұзушылықтарды салық есептілігін ұсыну арқылы жоюға;келіспеген жағдайда сәйкессіздіктердің себептерін көрсете отырып, қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды қоса тіркей отырып жазбаша түсіндірме ұсынуға міндетті.Түсіндірме ұсынылмаған немесе ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растау қажет болған жағдайда салық органы салықтық тексеру жүргізуге құқылы. Мобильді аударымдарға салық салына ма? Мобильді аударымдардың өзі салық салу объектісі болып табылмайды. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғаның табыстары салық салуға жатады.Егер аударым табыс болып табылса (мысалы, тауар немесе көрсетілген қызметтер үшін төлем), онда оған салық салынады. Қандай жағдайларда аударымдар бойынша қызмет кәсіпкерлік қызмет ретінде танылуы мүмкін? Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 2-бабы 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлік – бұл азаматтардың тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету арқылы таза табыс алуға бағытталған дербес, бастамашылық қызметі.Егер мобильді аударымдар жүйелі сипатқа ие болып, тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлеммен байланысты болса, мұндай түсімдер кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс ретінде танылуы мүмкін. Тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет үшін қандай жауапкершілік қарастырылған? Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес, егер әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу жеке тұлғаларға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Аударымдарды талдау үшін іріктеу салық органдарымен қалай жүзеге асырылады? Іріктеу және белгіленген критерийлерге сәйкестікті анықтау Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес екінші деңгейдегі банктермен жүзеге асырылады.Критерийлер бір мезгілде орындалған жағдайда (үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан қаражат түсуі және сомасы 1 020 000 теңгеде043D асуы) банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Туыстар арасындағы аударымдар салық салуға жата ма? Жоқ, салық салуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), мұндай түсімдер жеке тұлғаның салық салынатын табыстарының құрамына кірмейді. Егер ақша туған күнге, тойға немесе сыйлық ретінде аударылса ше? Мұндай аударымдар сыйға тарту болып табылады және жеке сипатқа ие.Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), олар салық салынатын табысқа жатпайды. Егер ата-аналар мектепке немесе балабақшаға ақша жинаса ше? Мұндай түсімдер табыс ретінде танылмайды.Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), бұл сомалар жеке тұлғаның салық салынатын табыстарына жатпайды. Жеке аударымдарды декларациялау қажет пе? Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 405-бабына сәйкес, жеке аударымдар жеке тұлғаның салық салынатын табысына жатпайды. Салық автоматты түрде есептеледі ме? Жоқ. Салық органдары талдау жүргізеді және негіз болған жағдайда Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 137-бабына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде хабарлама жібереді. Жеке шотты кәсіпкерлік үшін пайдалануға бола ма? Жоқ. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 27-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер қызмет жүргізу үшін банктік шот ашуға міндетті.Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 110-бабына сәйкес, барлық есеп айырысулар бақылау-кассалық машиналарды қолдану, немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы жүргізілуі тиіс.БКМ қолданбаған жағдайда ӘҚБтК-нің 284-бабына сәйкес ескертуден қайталап бұзңан үшін 15 АЕК-ке дейін жауапкершілік көзделген. Егер маған балаларымнан немесе туыстарымнан тұрақты түрде ақша түссе, салық салына ма? Жоқ. Мұндай аударымдар жеке (отбасылық) сипатқа ие және кәсіпкерлік табыс болып табылмайды.Бұл ретте іріктеу өлшемшарттарының бірі – әртүрлі 100 және одан да көп тұлғадан аударымдардың түсуі.Сондықтан отбасы мүшелерінен түсетін аударымдар бұл критерийге жатпайды. Егер тексеру нәтижесінде хабарлама жіберілсе, ол қайда түседі? Хабарлама салық төлеушінің жеке кабинетіне жіберіледі.Қосымша түрде ол eGov порталында да қолжетімді болуы мүмкін. Хабарлама алған жағдайда салық органына бару қажет пе? Жоқ. Жауапты салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы электронды түрде беруге болады.Жауап электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады және заңды күшке ие. Хабарламаны орындау мерзімі қандай? Хабарламаны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.Осы мерзім ішінде салық төлеуш түсініктеме беруі, немесе салықтық есептілікті (декларацияны) тапсыруы тиіс. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды кәсіпкерлік қызметті заңды түрде жүргізуге және салық міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырады. Бұл айыппұлдарды болдырмауға көмектеседі және қаржылық операциялардың ашықтығына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1214531?lang=kk
ЭШФ АЖ-не ҚҚС-ты есепке жатқызу жөніндегі функционал 05.05.2026
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті "Электрондық шот-фактуралар" ақпараттық жүйесінде (ЭШФ АЖ) бизнес үшін салық есебін жеңілдетуге және ҚҚС операцияларының ашықтығын арттыруға бағытталған "ҚҚС есепке жатқызу" функционалы енгізілгенін хабарлайды.Салық кодексінің 480-бабының 8-тармағына сәйкес салық төлеуші электрондық нысанда алынған шот-фактура бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасы танылған жағдайда, ҚҚС бойынша декларация табыс етілгенге дейін ЭШФ АЖ-да осындай тану туралы белгі қояды, онда ҚҚС сомасы есепке жатқызылатын сома ретінде есепке алынады.Жаңа механизм алынған электрондық шот-фактуралар негізінде хабарламалар қалыптастыруға және есепке алынатын ҚҚС сомаларын тіркеуге мүмкіндік береді. Расталған деректер 300.00 СЕН бойынша салық есептілігін автоматты түрде толтыру үшін пайдаланылады.Шешім ҚҚС есепке алудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз етеді және есептілікті дайындау кезінде қателіктердің ықтималдығын азайтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1214553?lang=kk
ОБЛЫСТА «ЖЫЛ ПАТРИОТЫ» АНЫҚТАЛАДЫ 05.05.2026
Өңірде «Патриот – 2026» байқауы басталды. Бұл атаққа лайық әрбір азамат қатыса алады.Байқау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналады. Осы күні шынайы патриоттарды марапаттау және құрметтеу рәсімі өтеді.Байқаудың мақсаты — белсенді азаматтық ұстанымы бар, жоғары кәсібилік танытқан және қоғамның дамуына үлес қосқан азаматтарды анықтау және ынталандыру, сондай-ақ адалдық, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету құндылықтарын насихаттау.Айта кету керек, байқау «Адал азамат» қағидаттарын нығайту және патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған іс-шаралар кешені аясында өткізіледі.Үміткерлер 8 номинация бойынша іріктеледі:1. «Медицина» — денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.2. «Білім беру» — білім беру жүйесін дамытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін беріледі.3. «Ғылым» — ғылыми қызметтегі жетістіктері және өңірдің ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.4. «Спорт» — дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.5. «Мәдениет» — мәдениет пен өнерді дамытуға және мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесі үшін беріледі.6. «Меценаттық» — қайырымдылық және әлеуметтік қолдау арқылы қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.7. «Ауыл адамы» — ауылдық аумақтарды дамытуға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін беріледі.8. «Еңбек адамы» — адал еңбегі және экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.Азаматтар байқауға өздері өтінім бере алады немесе оларды ұйымдар мен ұжымдар ұсына алады. Ең бастысы — үміткер осы атаққа лайық болуы тиіс, ал өңірімізде мұндай азаматтар өте көп.Айналаңызға қарап, патриоттың есімін атаңыз.Байқауға қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 24 мамырға дейін қабылданады:- электрондық пошта арқылы: grin_kost@mail.ru «Патриоттар байқауы – 2026» белгісімен;- онлайн-форма арқылы: https://forms.gle/9c1pxEJUGgVHsf3C9Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1214571?lang=kk
ҚР ҰЭМ мемлекеттік функцияларды бизнес-ортаға беру тетігін жетілдіріп, мемлекеттік органдардың өкілеттігін кеңейтеді 05.05.2026
ҚР Ұлттық экономика министрлігі реттеуші саясаттың орталық және жергілікті атқарушы органдардың функциясын бәсекелестік ортаға беру рәсімін қайта қарайтын консультативтік құжат жобасын дайындады. Сондай-ақ, құжат жекелеген өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейі арасында қайта бөлуді ұсынады. Құжат жобасы процестерді бюрократтықтан арылтып, мемлекеттік аппарат жұмысының жеделдігін арттыруды ескереді.Мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға берудің қолданыстағы тетігі артық рәсіммен және көп сатылы келісумен сипатталады. Осыған байланысты кезең санын қысқарту ұсынылады. Атап айтқанда, егер шешімді Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдаған болса, оны басқа деңгейде қайта қарау талап етілмейді.Бұдан басқа, «Атамекен» ҰКП-мен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Палата бәсекелестік ортаға ұсынылатын функциялардың дерегін беріп отырады.Жобада, сонымен қатар, Үкіметтің бірқатар функциясын салалық министрліктерге беру қарастырылған. Өзгерістер экология, ветеринария, энергия үнемдеу, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да салаға әсер етпек.Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың функцияларды іске асыруға арналған функционалдық қызметін олардың күнделікті процестік әрекетінен ажырату үшін «бизнес-процесс» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жария талқылау үшін орналастырылды. Талқылау 2026 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады.Анықтама:Құжат жобасы Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленді. Ұсынылған шаралар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға арналған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1214483?lang=kk
Ұлттық ұланның инфрақұрылымы жаңғыруда 05.05.2026
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтөбе,Орал және Атырау қалаларындағы әскери бөлімдерге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында әскери инфрақұрылымды дамыту мен салынып жатқан нысандардың жай-күйіне ерекше назар аударылды.Бас қолбасшы Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде болып, құрылысы аяқталуға жақын мәдениет орталығының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда нысанда соңғы әрлеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар генерал-майор жаңа техникалық қызмет көрсету және жөндеу пункті нысанының құрылыс жоспарын қарап, оның бөлімнің техникалық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде Бас қолбасшы 300 орындық жаңа казарманың құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл желтоқсан айында қолданысқа беру жоспарланған.Сондай-ақ Аңсаған Балтабеков Атырау қаласындағы 5546 әскери бөліміне де атбасын бұрды. Мұнда да казармалар мен асхана және жауынгерлердің киім-кешегі басты назарда болды.Жалпы сапар барысында барлық әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл бөлінді. Бас қолбасшы жеке құрамның жауынгерлік-қызметтік әрекетімен танысып, бөлімдердің дайындық деңгейін бағалады.Сондай-ақ әскери бөлімдердің асханалары тексеріліп, басшылық құрамға сарбаздардың тамақтану сапасын қатаң бақылауда ұстау жүктелді.Еске салсақ, бұған дейін Бас қолбасшы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына да арнайы барып, бірқатар нысанның құрылысын тексерген болатын.Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ сарбаздар мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1214487?lang=kk
ULTTYQ ÓNIM - 2026 05.05.2026
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ халықаралық серіктестерді, қаржы институттарын және бизнес қауымдастықты 2026 жылғы 22–24 мамыр аралығында Астана қаласындағы Халықаралық көрме орталығы EXPO алаңында өтетін отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы ULTTYQ ÓNIM 2026 көрмесіне қатысуға шақырады.ULTTYQ ÓNIM — шамамен 600 қазақстандық өндірушіні біріктіретін және бизнесті дамыту мен халықаралық ынтымақтастыққа мүмкіндік беретін негізгі ұлттық алаң.Көрме аясында:отандық компаниялардың өнімдері таныстырыладыіскерлік және халықаралық әріптестіктер орнатыладыинвестициялық және қаржылық шешімдер іздестіріледішетелдік серіктестермен B2B-кездесулер ұйымдастырыладыІскерлік бағдарлама аясында халықаралық ұйымдар, қаржы институттары мен банктер өкілдерінің қатысуымен Бизнес-форум өткізіледі.Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын және компанияларды қатысушылар қатарында көруге қуаныштымыз.Тіркелу сілтемесі:https://forms.gle/VJx27SDa3aLXu4aD6«Даму» қоры — біздің қолдауымыз, сіздің дамуыңыз.Қатысу мәселелері бойынша:aidana.seitkhan@fund.kzassel.akbotayeva@fund.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1219494?lang=kk
Қазақстан мен Аустрия ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады 05.05.2026
Астана, 2026 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға ресми сапармен келген Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингерді және Аустрияның Ішкі істер федералдық министрі Герхард Карнерді қабылдады.Тараптар өзара сенім мен прагматикалық өзара іс-қимылға негізделген қазақ-аустрия қатынастарының жоғары деңгейін растады. «Бүгін біз қазақ-аустрия ынтымақтастағының негізгі бағыттарын талқылап, өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін айқындадық. Аустрия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі және біз екіжақты әрі көпжақты деңгейде байланыстарымызды барынша тереңдетуге ниеттіміз», - деп атап өтті Қазақстанның СІМ басшысы.Келіссөздер барысында дипломатиялық паспорт иелері үшін визалық талаптарды алып тастау және реадмиссия туралы келісімдерді іске асырудағы ілгерілеу атап өтілді. Бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, Аустрия тарапы ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл аясында Астана халықаралық әуежайына 25 дана паспорт оқу құрылғысын табыстайды.Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға, оның ішінде іскерлік дөңгелек үстел өткізуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің, сондай-ақ Қазақстанда қызмет ететін аустриялық компаниялардың рөлі атап өтілді.Тараптар тау-кен өнеркәсібі, көлік және инфрақұрылым, энергетика, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтті. Орта дәлізді дамыту және «Global Gateway» бастамасына қатысу аясында көлік-логистикалық серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берілді, бұл Қазақстандағы аустриялық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.Экономикалық өзара іс-қимыл аясында энергетикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстанның Аустрияға мұнай жеткізудегі негізгі серіктестердің бірі ретіндегі рөлі, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздік пен жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі атап өтілді.Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және қазіргі сын-қатерлерді БҰҰ Жарғысына сәйкес тек бейбіт жолмен шешуге бейілділігін растады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен күш-жігер қазақ-аустрия әріптестігіне жаңа серпін беріп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1214449?lang=kk
Қазақстан цифрландыру саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейтуде 05.05.2026
Рияд, 2026 жылғы 4 мамыр – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Цифрлық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Дима Әл-Яхиямен келіссөздер жүргізді.Сұхбат барысында тараптар цифрлық трансформация саласындағы қазіргі жаһандық үрдістер туралы пікір алмасып, цифрландыру саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.Қазақстан Елшісі технологиялық прогресс пен инновацияларды жеделдетуге бағытталған халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, Цифрлық ынтымақтастық ұйымымен өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады.Өз кезегінде, Цифрлық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып, елдің цифрлық күн тәртібін ілгерілетудегі белсенді рөлін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын пысықтауға уағдаласты.Цифрлық ынтымақтастық ұйымы – 2020 жылғы 26 қарашада Рияд қаласында құрылған халықаралық үкіметаралық ұйым. Ұйым цифрлық саладағы халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ цифрлық трансформацияны неғұрлым инклюзивті ету және цифрлық салаларды дамыту мақсатында жеке сектор, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ және азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1214400?lang=kk
Орталық Азия мен Шығанақ елдері стратегиялық диалогты дамытуға мүдделі 05.05.2026
Рияд, 2026 жылғы 4 мамыр – Сауд Арабиясының «Gulf Research Center» зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Аймақтық оқиғалар аясында Орталық Азия мен Шығанақ араб мемлекеттері арасындағы қатынастарға талдау жасау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Іс-шараға Шығанақ араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшылығының өкілдері және Орталық Азия елдері мен Әзірбайжанның Корольдіктегі елшілері қатысты.Зерттеу орталығының негізін қалаушы және президенті Әбделазиз бен Сақр кіріспе сөзінде Шығанақтағы араб мемлекеттері мен Орталық Азиядағы елдердің тарихи байланыстары мен қазіргі жағдайы туралы баяндады.Іс-шара барысында Орталық Азия мен Шығанақ өңірлері арасындағы өзара байланыстар, сондай-ақ Таяу Шығыстағы дағдарыстардың ықпалы мен олардың ықтимал салдарлары талқыланды. Қатысушылар өңірдегі қақтығыстардың жаһандық экономикалық тұрақтылыққа кері әсер ететінін атап өтіп, шиеленістерді реттеу үшін келіссөздер мен дипломатиялық тетіктерді жандандырудың маңыздылығына назар аударды.Өз сөзінде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Шығанақ елдері ынтымақтастығы кеңесі мен Орталық Азия елдері арасындағы стратегиялық диалогтың маңыздылығына тоқталып, өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту қажеттігін атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мен ШАМЫК елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтіп, өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бірлескен ұсыныстар әзірлеу үшін осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1214403?lang=kk
Кувейттің ең ірі банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға қызығушылық білдірді 05.05.2026
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 4 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Ұлттық банкі (National Bank of Kuwait – NBK) тобының Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары және Басқарма төрағасы Исам Әл-Сагермен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.Елші кувейттік тарапты Қазақстан экономикасының қазіргі даму үрдістерімен таныстырып, ел экономикасының тұрақты өсімін атап өтті. Қазақстан жыл сайын шамамен 5-6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсім көрсетіп отырғаны, сондай-ақ елдің жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асатыны атап өтілді, бұл Қазақстанның өңірдегі ірі экономикалар қатарындағы позициясының нығаюын көрсетеді.Кездесуде «Alatau City» жаңа қаласын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл – Қазақстандағы ең ірі урбанистік жобалардың бірі болып табылады және жедел дамып келе жатқан заманауи цифрлық қала – дамыған цифрлық инфрақұрылымы бар жаңа буын қаласы ретінде қалыптастырылуда. Аталған жоба Азия және АҚШ елдерінің инвесторлары тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты қазақстандық тарап Кувейтті қоса алғанда, Шығанақ елдерінің инвесторларын тартуға мүдделі екенін білдірді, бұл ретте кувейттік бизнестің жылжымайтын мүлік, құрылыс және заманауи қалалық инфрақұрылым жобаларына жоғары қызығушылығы ескерілді.Осы тақырыптың жалғасы ретінде ағымдағы жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Кувейт Мемлекетіне жұмыс сапары жоспарланып отырғаны атап өтілді. Сапар барысында инвесторлар «Alatau City» жобасының егжей-тегжейімен және оны іске асыруға қатысу мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырылатын болады.Өз кезегінде NBK өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдіріп, инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екендерін растады. Банк Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін қарастыратыны атап өтілді.1952 жылы құрылған Кувейт Ұлттық банкі Кувейттің ең ірі банкі және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріндегі жетекші қаржы институттарының бірі болып табылады. Топтың жиынтық активтері 140 млрд АҚШ долларынан асады, ал қызметі Шығанақ елдерін, Мысырды, Түркияны, сондай-ақ бірқатар еуропалық нарықтарды қоса алғанда, 13-тен астам елді қамтиды. Банк энергетика, мұнай-газ саласы, инфрақұрылым және жылжымайтын мүлік сияқты бағыттардағы ірі жобаларды, соның ішінде мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен Кувейтте іске асырылатын ұлттық деңгейдегі жобаларды, сондай-ақ өңірдегі және одан тыс жерлердегі жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1214407?lang=kk
«Алтын виза» және жаңа ережелер 05.05.2026
Қазақстанда шетелдік жоғары білікті мамандар мен инвесторлар үшін арнайы «Алтын виза» енгізіледі. Жаңа бастама елге қажет кадрларды тартуға және көші-қон жүйесін жеңілдетуге бағытталған. Басты өзгерістердің бірі – «бір терезе» қағидатын кеңейтіп, барлық рәсімді цифрландыру.Бағдарлама аясында:– жұмысқа рұқсат пен құжат рәсімдеу бір жүйе арқылы жүргізіледі;– өтініштерді қарау мерзімі қысқарады;– бюрократиялық рәсімдер азаяды;– бақылау цифрлық форматқа көшеді.«Алтын виза» арқылы инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар (инженерия, IT, медицина) Қазақстанда тұрақты әрі қолайлы шарттармен жұмыс істей алады.Сонымен қатар, кәсіби біліктілікті тану процесі де жеңілдетіледі. Кей жағдайларда құжаттарды растау мерзімі бірнеше айдан әлдеқайда қысқа уақытқа қысқармақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1214413?lang=kk
Қазақстан Республикасы азаматтарының назарына 05.05.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 30 сәуірден бастап Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданында баламалы темекі өнімдеріне толық тыйым салу туралы заң күшіне енгенін хабарлайды.Тыйым электрондық темекілерге (вейптер), темекіні қыздыру жүйелеріне (IQOS, glo және аналогтары), сондай-ақ сұйықтықтарға, стиктерге және шөптен жасалған темекілерге қолданылады. Заңнамаға сәйкес аталған өнімдерді әкелуге (соның ішінде багажда, пошта жөнелтілімдерінде және жүк арқылы), сақтауға, пайдалануға, өзімен бірге алып жүруге, сондай-ақ өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Ерекше жағдай ретінде иммиграциялық бақылаудан өтпейтін транзитке рұқсат етіледі.Аталған заңды бұзғаны үшін 2 000 000 гонконг долларына дейін (шамамен 255 000 АҚШ доллары) айыппұл және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал көрсетілген өнімдерді беру, соның ішінде сыйға тарту үшін 50 000 гонконг долларына дейін (шамамен 6 400 АҚШ доллары) айыппұл және 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар, сот тергеу барысында мемлекет тарапынан жұмсалған шығындарды өтеуді міндеттеуі мүмкін.Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Гонконг заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және аталған өнімдерді әкелуден әрі пайдаланудан бас тартуды ұсынады.Аталған шектеулер туралы толық ақпаратпен келесі ресми сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.taco.gov.hk/t/english/legislation/legislation_asp.htmlАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1219493?lang=kk
«Алтын виза» және салықтық жеңілдіктер: Қазақстанның көші-қон саясаты қалай өзгереді 05.05.2026
Қазақстан инвесторларды, білікті мамандар мен таланттарды тартуға бағытталған көші-қон саясатының жаңа моделіне көшуде. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.Құжат ауқымды цифрлық реформаны және ынталандырушы тәсілдің пайдасына бұрынғы рұқсат беру-квота жүйесінен бас тартуды көздейді. Негізгі мақсат-елімізде инвестициялар мен адами капитал үшін өңірлік хаб қалыптастыру. Үкіметке барлық өзгерістерді жүзеге асыруды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау тапсырылды.Реформа аясында визалық жүйе қайта қаралатын болады. Санаттар біріктіріліп, жаңа форматтармен толықтырылады. Инвесторлар мен Директорлар кеңесінің мүшелері үшін бизнес-виза, ғалымдар, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері және жетекші жоғары оқу орындарының түлектері үшін білікті қызметкердің визасы, сондай-ақ нақты инвестициялық жобаларға қатысушылар үшін уақытша қызметкердің визасы енгізіледі. Негізгі элемент инвесторлар мен сұранысқа ие мамандарға арналған «Алтын виза» болады. IT-кадрлар үшін оны ресімдеу мерзімі шамамен бір айды құрауы мүмкін. Бұл визаның иелері азаматтардың құқықтарымен салыстыруға болатын мемлекеттік қызметтерге кеңейтілген қол жеткізе алады.«Алтын виза» ұстаушылары мен олардың отбасы мүшелері үшін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеке табыс салығынан, сондай-ақ мүлік пен жер салығынан босату туралы. Есеп беру де жеңілдетілген-мұндай резиденттер кірістерді жалпыға бірдей декларациялаудан босатылады. Бір мезгілде мемлекеттік және қаржылық сервистерге қол жеткізу кезінде жеке куәліктің аналогына айналатын резиденттің цифрлық идентификаторы енгізілуде. Сондай-ақ нострификация рәсімінсіз жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының дипломдарын автоматты түрде тану қарастырылған.Реформаның жеке бағыты - цифрландыру. Шетелдік азаматтар үшін e-residency модулі бар QazETA бірыңғай платформасы құрылады, ол «бір терезе» қағидаты бойынша қашықтықтан өтінім беруге мүмкіндік береді. Электрондық резиденттерге Қазақстандағы және АХҚО алаңында серіктес банктер арқылы жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік беретін e-Residency Invest бағдарламасы қосымша іске қосылуда.Сонымен бірге, Астана және Алматы қалаларында міндетті ағылшын тілді сервисі бар аймақтар құрылады. Бұл медициналық мекемелерге, мектептерге, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, полицияға және коммуналдық қызметтерге қатысты. Алматыда жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға арналған мамандандырылған алаң - Almaty АІ Hub іске қосу жоспарлануда.Өзгерістер «Астана» халықаралық қаржы орталығына да әсер етеді. Салықтық резиденттік үшін ең төменгі болу мерзімі 90-нан 30 күнге дейін қысқарады, бұл мобильді инвесторлар үшін юрисдикцияның тартымдылығын арттыруы керек. Ұлттық Банкке және бейінді ведомстволарға реттеушілік «құмсалғыш» шеңберінде арнайы төлем карталарын шығаруды қоса алғанда, жаңа резиденттер үшін қолайлы қаржы режимін құру тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-rabat/press/news/details/1237014?lang=ru
Лондонда Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындығын таныстырды 05.05.2026
– 2026 жылғы 3 мамыр, Лондон. Қазақстан Астанада өтетін 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатының тұжырымдамасын Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF AGM) отырысында таныстырды. Қазақстан делегациясының баяндамасы 220-дан астам ұлттық федерация өкілдерінің алдында өтіп, күн тәртібіндегі негізгі оқиғалардың біріне айналды.Қазақстан тарапы турнирді өткізуге жан-жақты дайын екенін көрсетті – заманауи спорт инфрақұрылымынан бастап тиімді ұйымдастырушылық шешімдерге дейін дайын. Әсіресе, Астананың бүгінгі келбеті мен халықаралық жарыстарды өткізуге әлеуетін таныстырған арнайы бейнеролик көпшіліктің қызығушылығын тудырды.Таныстырылым залдың қызу ықыласы мен қошеметіне ие болып, әлемдік спорт қауымдастығының жоғары қызығушылығын айқындады. Жиынға ITTF басшылығы, ұлттық федерациялар делегаттары және үстел теннисінің халықаралық өкілдері қатысты.«Осындай беделді халықаралық алаңда Қазақстан атынан сөз сөйлеу – біз үшін үлкен мәртебе. Астана бұл әлем чемпионатын жаңа стандарт деңгейінде өткізетініне сенімдіміз», – деді қазақстандық делегация өкілдері.Іс-шара аясында шетелдік қонақтарға чемпионаттың арнайы брендтелген өнімдері де таныстырылды. Бұл қазақ халқының қонақжайлығы мен ұлттық болмысын айшықтайтын ерекше белгі болды.«Қазақстан сенімділік, жүйелі көзқарас және жоғары дайындық деңгейін көрсетіп отыр. Біз Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатын үлкен қызығушылықпен күтеміз», - деп атап өтті Халықаралық үстел теннисі федерациясы өкілдері.Еске сала кетейік, Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын 2025 жылы Катар астанасында өткен ITTF-тің көпсатылы әрі тартысты іріктеу қорытындысы бойынша жеңіп алды. Байқауға Қазақстанмен қатар Франция, АҚШ, Бразилия және Қытай қатысты. Финалдық кезеңде Қазақстан мен Франция бақ сынасып, еліміз 54,68% дауыс жинап, 45,32% көрсеткішке ие болған Францияны басып озды.Бұл шешім өңір үшін тарихи маңызға ие: алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионаты Орталық Азияда өтеді. Астанадағы бұл турнир спортты дамытуға, елдің халықаралық беделін нығайтуға және елорданы әлемдік деңгейдегі ірі іс-шаралар өтетін орталық ретінде танытуға зор серпін бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1214426?lang=kk
Қостанай облысында Жеңіс күніне орай ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары туралы 05.05.2026
Қостанай облысында Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.Бүгінгі таңда өңірде 4 Ұлы Отан соғысының қатысушысы, сондай-ақ аталған заңның қолданылу аясына кіретін 3040 ардагер және басқа да санаттағы азаматтар тұрады.Жыл бойы ардагерлер мен тыл еңбеккерлері олардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған әлеуметтік, экономикалық және мәдени іс-шаралар кешенімен қамтылуда.9 мамыр - Жеңіс күніне орай жергілікті өкілді органдардың шешімдері негізінде Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 5 000 000 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.Қосымша төлемдер азаматтардың өзге де санаттарына қарастырылған, оның ішінде: Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына; қоршаудағы Ленинград қаласында кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға; Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғаларға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай еңбек еткен (қызмет атқарған), бірақ жоғарыда аталған марапаттарға ие болмаған азаматтарға; Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және мүгедектігі бар деп танылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қайтыс болған жұбайларына. Аталған санаттар үшін төлем мөлшері қала және аудан мәслихаттарының шешімдерімен айқындалады.Біржолғы төлемдерден бөлек, тұрақты негізде ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі.Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, аталған санаттағы азаматтар сауықтыру бағытындағы әлеуметтік қолдау шараларымен де қамтылған.Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге тегін жолдамалар беріледі. 2026 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 360 адамды сауықтыру жоспарланған.Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап өңірде баламалы қолдау тетігі енгізілді — санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу. Өтемақы әлеуметтік қызметтер порталында белгіленген жолдаманың кепілдендірілген құнынан аспайтын мөлшерде беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1214428?lang=kk