Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындылары Лондонда талқыланды

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындылары Лондонда талқыланды

05.05.2026 16:14:22 238

Лондонда жақында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС – 2026) қорытындыларына арналған іс-шара өтті. Кездесуге Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, іскерлік және сарапшылық қауымдастық мүшелері, британдық тілшілер, сондай-ақ Саммитке Ұлыбританиядан қатысқан делегаттар қатысты. Қатысушылар Астанада қол жеткізілген нәтижелерге баға беріп, «жасыл» экономика, су қауіпсіздігі және орнықты даму бағыттарында Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Іс-шараны ашқан Ұлыбритания-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудман Саммиттің маңыздылығына тоқталып: «Бұл Саммит – 11 мемлекеттің басшыларын, халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын, бизнес өкілдерін, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамды біріктірген айтулы оқиға болды. Оның басты нәтижелерінің бірі – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты бірлескен декларацияны қабылдауы, бұл өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ортақ ниетті растады», – деді.

Сонымен қатар ол Ұлыбритания тарапынан Саммитке жоғары қызығушылық болғанын атап өтті: «Ричмонд герцогы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Саммит қатысушыларына арнайы хат жолдап, Өңірлік экологиялық күн тәртібінің маңыздылығын және халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше атап өтті. Хатта су ресурстарының аса құнды екені, оны ұтымды басқару болашақ ұрпақтың әл-ауқаты мен тұрақтылығының кепілі болатыны айтылды. Осы тұрғыда Астанада Халықаралық су ұйымын құру бастамасына ерекше көңіл бөлінуі зор үміт ұялатады», – деді ол.

Қонақтарды қарсы алған Қазақстанның Ұлыбританиядағы уақытша сенімді өкілі Руслан Қарабулов Саммиттің ауқымы мен қатысушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті. Үш күн ішінде 58 сессия өткізіліп, оның 21-і жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ал жалпы қатысушылар саны
8 мыңнан асты. Талқылауларға БҰҰ мен жетекші халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері, соның ішінде ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, Азия даму банкі, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банк қатысты.

Сонымен қатар, Саммит аясында ауқымды бастамалар мен инвестициялық келісімдер пакеті жарияланды: жалпы құны 2 млрд. Долл. асатын 30-дан астам өңірлік экологиялық жоба, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару және тұрақты өнеркәсіптік даму салаларындағы
2,3 млрд. долл. асатын қосымша келісімдер қабылданды.

Саммитке қатысқан Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің климат жөніндегі өңірлік кеңесшісі Ундала Алам өз әсерімен бөлісіп, Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады. Ол екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, экологиялық тұрақтылық, биоалуантүрлілікті сақтау, регенеративті ауыл шаруашылығын дамыту, көміртек нарығын жетілдіру, экологиялық қауіпсіздік саласындағы құқықтық базаны нығайту, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін дамыту және жылу энергетикасы секторын реформалау. Оның айтуынша, Ұлыбритания осы бағыттар бойынша Қазақстанмен диалогты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және «жасыл» технологияларды енгізуге мүдделі.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің энергетикалық трансформация бағытының жетекшісі Кристиан Карраретто Саммит аясында Қазақстанның энергетикалық ауысу инвестициялық платформасы – «QaJET» құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады. «2035 жылға дейін кемінде 10 ГВт жаңартылатын энергия қуатын іске қосу, шамамен 20 млрд. долл. инвестиция тарту және жыл сайын 20 млн. тоннадан астам шығарындыларды қысқарту жоспарлануда», – деді ол.

Британдық тележүргізуші әрі ӨЭС сессияларының модераторы Шарлотта Кан Қазақстанның климаттық дипломатиядағы көшбасшылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Саммит қазіргі көпполярлы әлем жағдайында Орта державалардың қаншалықты маңызды рөл атқара алатынын көрсетті.

Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, сондай-ақ Үстірт жазығындағы Орта Азия тасбақасы мен өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау маңызын баяндайтын «Тасбақа» деректі фильмі көрсетілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Саммиттің тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты іс-қимылдарға бастайтын маңызды қадам болғанын атап өтті. Ол өңірдегі әріптестікті нығайтуға және Орталық Азия үшін үйлестірілген, болашаққа бағдарланған экологиялық күн тәртібін қалыптастыруға негіз қалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1214503?lang=kk