Кувейттің ең ірі банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға қызығушылық білдірді

Кувейттің ең ірі банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға қызығушылық білдірді

05.05.2026 14:31:43 204

Әл-Кувейт, 2026 жылғы 4 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Ұлттық банкі (National Bank of Kuwait – NBK) тобының Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары және Басқарма төрағасы Исам Әл-Сагермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Елші кувейттік тарапты Қазақстан экономикасының қазіргі даму үрдістерімен таныстырып, ел экономикасының тұрақты өсімін атап өтті. Қазақстан жыл сайын шамамен 5-6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсім көрсетіп отырғаны, сондай-ақ елдің жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асатыны атап өтілді, бұл Қазақстанның өңірдегі ірі экономикалар қатарындағы позициясының нығаюын көрсетеді.

Кездесуде «Alatau City» жаңа қаласын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл – Қазақстандағы ең ірі урбанистік жобалардың бірі болып табылады және жедел дамып келе жатқан заманауи цифрлық қала – дамыған цифрлық инфрақұрылымы бар жаңа буын қаласы ретінде қалыптастырылуда. Аталған жоба Азия және АҚШ елдерінің инвесторлары тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырып отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты қазақстандық тарап Кувейтті қоса алғанда, Шығанақ елдерінің инвесторларын тартуға мүдделі екенін білдірді, бұл ретте кувейттік бизнестің жылжымайтын мүлік, құрылыс және заманауи қалалық инфрақұрылым жобаларына жоғары қызығушылығы ескерілді.

Осы тақырыптың жалғасы ретінде ағымдағы жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Кувейт Мемлекетіне жұмыс сапары жоспарланып отырғаны атап өтілді. Сапар барысында инвесторлар «Alatau City» жобасының егжей-тегжейімен және оны іске асыруға қатысу мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырылатын болады.

Өз кезегінде NBK өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдіріп, инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екендерін растады. Банк Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін қарастыратыны атап өтілді.

1952 жылы құрылған Кувейт Ұлттық банкі Кувейттің ең ірі банкі және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңіріндегі жетекші қаржы институттарының бірі болып табылады. Топтың жиынтық активтері 140 млрд АҚШ долларынан асады, ал қызметі Шығанақ елдерін, Мысырды, Түркияны, сондай-ақ бірқатар еуропалық нарықтарды қоса алғанда, 13-тен астам елді қамтиды. Банк энергетика, мұнай-газ саласы, инфрақұрылым және жылжымайтын мүлік сияқты бағыттардағы ірі жобаларды, соның ішінде мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен Кувейтте іске асырылатын ұлттық деңгейдегі жобаларды, сондай-ақ өңірдегі және одан тыс жерлердегі жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1214407?lang=kk