Жаңалықтар
«Азаматтарды құқықтық қолдаудың өзекті мәселелері» тақырыбында ақпараттық лекция 17.02.2026
Бүгін біздің бөлімде «Азаматтарды құқықтық қолдаудың өзекті мәселелері» тақырыбында ақпараттық лекция өтті.Әріптестермен бірге:✅ заң көмегінің тетіктеріне;✅ еңбек және әлеуметтік салаларда азаматтардың құқықтарын қорғауға;✅ мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға ерекше назар аудардық.Мұндай кездесулер біздің қызметкерлерімізге инновациялардан хабардар болуға және халыққа сапалы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Посмотреть эту публикацию в Instagram Публикация от Саран қаласының жұмыспен қамту бөлімі (@zhumyspen_qamty_bolimi_saran) Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/social-saran/press/news/details/1163534?lang=kk
Тұрғындар арасында тұрғын үй көмегін тағайындау мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 17.02.2026
Тұрғындар арасында тұрғын үй көмегін тағайындау мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй көмегін алу тетіктері талқыланды. Тұрғын үй көмегі - бұл Қазақстандағы аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға арналған мемлекеттік төлем. Оның негізгі мақсаты-мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй, коммуналдық қызметтер және жалға берілетін тұрғын үй шығындарының бір бөлігін өтеу. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/social-saran/press/news/details/1163521?lang=kk
«Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш» 328.00 нысаны 17.02.2026
Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 16-ақпаннан бастап салық төлеушінің ескі кабинетінде және Салық есептілігін өңдеу сервистері АЖ-де (СЕӨС) «Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш» 328.00 нысаны өшірілетіні туралы хабарлайды. Бұл ретте, 328.00 нысаның функционалы Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйенің Салық төлеушінің жаңа кабинетінде (СӘИЖ СТК) толық қолжетімді екенін хабарлаймыз. СӘИЖ Салық төлеушінің жаңа кабинетіне кіру үшін https://knp.kgd.gov.kz сілтеме арқылы өтуге болады. Сұрақтар туындаған жағдайда сіз knpsd@ecc.kz электронды мекен-жайы арқылы қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Анықтама үшін. 328.00-нысаны «Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш" салық есептілігіне (328.00-нысан) байланысты кейбір мәселелер туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 628 бұйрығымен бекітілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1163437?lang=kk
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕҢ ЖОҒАРЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ 17.02.2026
2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. 2026 жылғы 15 наурызда ел азаматтары жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша өз таңдауын жасайды. Бұл қадам саяси жүйені кешенді жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық реформаның заңды жалғасы болып табылады.Реформаның негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алды. Бұл ұсыныс 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында жарияланып, оның басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін тиімді ету, саяси институттарды жаңғырту және жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беру екені атап өтілді.Парламенттік реформа бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Қоғам да бұл үдеріске белсенді қатысты. Азаматтар e-Otinish және eGov платформалары арқылы ұсыныстарын жолдап, жалпыұлттық талқылауға атсалысты. Нәтижесінде екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, жүйеленді.Алайда реформаның түпкі мәні институционалдық өзгерістермен ғана шектелмейді. Жаңа Конституция жобасының негізгі тезисі айқын: Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.Бұл қағида мемлекеттік саясаттың барлық бағытына бағдар береді. Заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығы – осының бәрі адам мүддесін қорғауға қызмет етуі тиіс. Конституциялық реформа билік құрылымдарын қайта құрудан бұрын, адамның құқықтық мәртебесін күшейтуге, оның қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғауға бағытталған.
ҚР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ: ӘДІЛЕТТІ АТА ЗАҢ — ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ 17.02.2026
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің құқықтық негіздерін жаңаша жүйеге түсіруде маңызды қадам болып табылады. Құжатта әділетті заң мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген.Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы теңгерімді нығайтып, әділетті заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын кепілдендіріп, қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты арттыруға негіз болады.Құжаттың маңызды ерекшелігі — мемлекеттік басқаруда адам факторын басты орынға қоюы. Бұл дегеніміз, мемлекеттің әрбір шешімі мен саясаты адам өмірі мен құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, Конституцияда мемлекеттік институттардың тиімділігі, ашықтығы және есептілігі қамтамасыз етіледі.Қазақстанның жаңа Конституциясы — әділетті заң арқылы күшті, дамыған мемлекет құрудың кепілі. Ол құқықтық тәртіпті нығайтып, азаматтардың сенімін арттыра отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықаралық аренада беделін көтеруге мүмкіндік береді.
ҚР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ — МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ БІРДЕН-БІР БАСТАУЫ ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІК ИЕСІ 17.02.2026
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміз үшін тарихи маңызды құжат болып табылады. Ол мемлекеттік билік пен егемендіктің бірден-бір иесі — Қазақстан халқы екенін айқын жариялайды.Жаңа Конституция қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді негіз қалыптастырады. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау арқылы мемлекеттің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Әрбір шешім мен мемлекеттік акт халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс, бұл — еліміздің демократиялық дамуының басты көрсеткіші.Конституциялық өзгерістердің маңызды ерекшелігі — халық биліктің түпкі иесі ретінде анықталуы, бұл елдегі саяси және құқықтық тұрақтылықты нығайтады. Мемлекет билігі азаматтардың сеніміне сүйеніп, олардың қатысуымен жүзеге асырылады.Сонымен қатар, Конституцияда мемлекеттік институттардың ашықтығы, есептілігі және заң алдындағы теңдігі баса көрсетілген. Бұл қадам Қазақстанды заманауи демократиялық мемлекет ретінде халықаралық аренада сенімді және тұрақты елге айналдырады.Жаңа Конституция — халыққа қызмет ететін, құқықтық тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз ететін мемлекет құрудағы тарихи қадам. Ол еліміздің егемендігін нығайтып, әрбір азамат үшін қауіпсіз және сенімді қоғам құруға жол ашады.
МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕПІЛДІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ 17.02.2026
2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформаның бір бөлігі болып табылады. Реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсынысынан бастау алып, кең қоғамдық талқылау арқылы пысықталды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдады. Екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, жүйеленді.Жаңа Конституция жобасында меншік құқығы мәселесіне ерекше мән беріледі. Негізгі қағида айқын: Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады. Бұл норма экономикалық тұрақтылықтың, инвестициялық сенімнің және кәсіпкерлік еркіндіктің берік құқықтық негізін қалыптастырады.Сонымен бірге, меншік құқығы абсолютті сипатқа ие емес. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай жүзеге асырылуға тиіс. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеу – меншік иесінің конституциялық міндеті. Меншік субъектілері мен объектілері, құқықтардың көлемі мен шегі заңмен нақты айқындалады. Бұл тәсіл құқықтық айқындық пен тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп бекітіледі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Сонымен қатар, жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін. Бұл норма ұлттық байлықты қорғау мен экономикалық айналымды үйлестіруге бағытталған.Осылайша, жаңа Конституция жобасы меншік құқығын тек экономикалық институт ретінде емес, қоғамдық жауапкершілікпен ұштасқан конституциялық құндылық ретінде бекітеді. Негізгі акцент – меншікке кепілдік беру мен оны әділ, заңды әрі қоғам мүддесіне сай пайдалану қағидаттарының үйлесімінде.
ҚР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ: ҚҰРЫЛТАЙ — ЗАҢ ШЫҒАРУ БИЛІГІНІҢ ЖОҒАРЫ ӨКІЛДІК ОРГАНЫ 17.02.2026
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің құқықтық жүйесін нығайтып, мемлекеттік биліктің негізгі қағидаларын айқындауда маңызды рөл атқарады. Құжатта ҚР Құрылтайы — заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілдік органы ретінде бекітілген.Бұл норма мемлекеттік биліктің бөліну принципін одан әрі нақтылай отырып, заң шығарушы органның қоғамдағы рөлін күшейтеді. Конституцияға сәйкес, Құрылтай елдің барлық азаматтарының мүддесін қорғауға, заңдардың әділ және теңгерімді қабылдануын қамтамасыз етуге бағытталған.Жаңа Конституцияда Құрылытай қызметі ашықтық, есептілік және заңның үстемдігі қағидаларына сүйенетіндігі айқын көрсетілген. Бұл елдегі демократиялық институттарды нығайтып, халық пен мемлекет арасындағы сенімді байланысты бекітеді.Жаңа Конституция — халық билігін заң жүзінде қамтамасыз ететін, мемлекет пен қоғамның құқықтық негізін нығайтып, еліміздің демократиялық дамуына жол ашатын тарихи құжат.
Рудный қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында макулатура жинау өтуде. 17.02.2026
Рудный қаласының мектеп оқушылары қайта өңдеуге арналған макулатура жинау ісіне белсенді түрде атсалысуда. Экологиялық бастама қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтуде.Акцияның жас қатысушылары ескі кітаптар, газеттер, журналдар мен пайдаланылған дәптерлерді жинап жүр. Олар макулатураны үйлерінен әкеліп, көршілеріне жүгінеді, кәсіпорындарда жинау жұмыстарын ұйымдастырады және тіпті көшеден қайта өңдеуге жарамды материалдарды табады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жұмыс қоршаған ортаны тазартуға ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын тәрбиелеуге де ықпал етеді.Қағазды қайта өңдеу табиғи ресурстарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Мәселен, жиналған макулатураның әрбір тоннасы кемінде 17 ағашты сақтап қалуға мүмкіндік береді, сондай-ақ полигондардағы қалдық көлемін азайтып, экожүйеге түсетін жүктемені төмендетеді.Акция мектеп оқушыларын, педагогтарды және қала тұрғындарын біріктіріп, жастардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуының жарқын үлгісіне айналды. Мұндай бастамалар экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал етіп, әр адамның аз ғана күш-жігерінің өзі табиғатты сақтауға елеулі үлес қоса алатынын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1163321?lang=kk
2025 жылдағы Өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім 17.02.2026
Жедел деректерге сәйкес, 2025 жылғы Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты көлем индексі 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 106,5% құрады. ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 36,1% алады, қызметтердікі – 57,7%.Ең жоғары өсім көлік және қоймалау (20,4%), құрылыс (15,9%), көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу (8,9%), өңдеу өнеркәсібі (6,4%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (5,9%) слалаларына тиесілі.ЖІӨ – нарықтық бағалардағы өндіруші-резиденттердің өндірістік қызметінің түпкілікті нәтижесі болып табылады. ЖІӨ-нің НКИ экономикада нақты кезеңдегі тауарлар мен қызметтер өндірісі көлемінің өзгерісін сипаттайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1163290?lang=kk
Жеңілдетілген салық декларациясы жүйесінде қалу үшін ЖК/ЖШС 2026 жылдың 28 ақпанына дейін өтініш туралы хабарлама жіберуі керек. 17.02.2026
ЖК/ЖШС 44 тыйым салынған қызмет тізіміне (ЭҚТЖЖ № 185) кіретін қызметпен айналыспаған жағдайда.Өтінім беру шарттары: шекті мөлшер - 600 000 АЕК, мөлшерлеме - 3% (Рудный қ. мәслихатының 2025ж. 27 қарашадағы № 249 шешімі).Хабарландыру әдісі:▫️e-SalyqBusiness;▫️Kaspi Bank;▫️Halyk Bank;▫️Салық төлеушінің кабинеті.⚠️ 2026 жылдың 1 наурызына дейін қолданыстағы режим туралы хабарлама ұсынбаған салық төлеушілерге тіркеу деректерінде автоматты түрде жалпы белгіленген тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-rudnyi-kalasy-akimat/press/news/details/1163248?lang=kk
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толуына орай “Сарыбел орта мектебі” КММ кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өткізілді. 17.02.2026
Барлығы жарысқа 5 команда қатысып, қызықты және динамикалық ойын көрсетті.Қорытынды нәтиже бойынша:І орын - мектеп оқушыларының командасыІІ орын - мектептің жас қызметкерлеріІІІ орын - мектеп мұғалімдеріСонымен қатар, ауыл жастары мен ауылдық округ әкімдігі алғыс хаттарымен марапатталды. Қатысқан барлық командалар медальдармен марапатталды.Спорт - бірлік пен ынтымақтастықтың, достық пен құрметтің символы. Осындай жақсы іс-шаралар болашақта да жалғасады деп үміттенеміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar-sarybel/press/news/details/1163160?lang=kk
Экономиканың нақты секторын қолдауға 8 трлн теңге бағытталады 17.02.2026
Импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету үшін Үкімет қаржылық қолдаудың жаңа құралдарын қолданады. «Инвестицияға тапсырыс» тетігін енгізу және «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жөніндегі жоспарлар туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады.Оның айтуынша, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады.Инфляцияның себептерінің бірі болып саналатын базалық тауарлар тапшылығын жоюға баса назар аударылады. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалды. 2030 жылға дейін «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы шамамен $100-120 млрд сомаға өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру жоспарлануда."Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, экономиканы индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады", — деді Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1163152?lang=kk
Президент тапсырмаларын орындау: 2029 жылға қарай жиынтық инвестициялар $400 млрд-қа жетеді 17.02.2026
Үкімет 2029 жылға қарай $400 млрд жиынтық инвестиция тарту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған міндеттерін жүзеге асыру тетіктері туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.Оның айтуынша ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.Металлургия, мұнай химиясы, газ өндірісі мен фармацевтиканы дамытуға басты назар аударылатын болады. Мемлекет инвесторларды шақыруымен ғана шектелмей, экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізуде. Яғни, Үкіметтің өзі жергілікті бизнестің қажеттіліктеріне «инвестицияға тапсырыс» қалыптастырады және жаңа өндірістерді іске қосу үшін дайын технологиялармен шетелдік серіктестерді тартады."Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақыруымен ғана шектелетін модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекеттің белсенді қатысуы моделіне көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл «орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсу үшін қажет негізгі шарттардың бірі", — деді вице-премьер Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1163135?lang=kk
АҢДАТПА! 2026 жылғы 18 ақпанда сағат 09:00-дан бастап 15:00-ке дейін «Ашық үкімет» (egov.kz) порталынды «ҚҚС бойынша салықтық тіркеуді мониторингтеу» тақырыбында интернет-конференция өтеді. 17.02.2026
2026 жылғы 18 ақпанда сағат 09:00-дан бастап 15:00-ке дейін «Ашық үкімет» (egov.kz) порталынды «ҚҚС бойынша салықтық тіркеуді мониторингтеу» тақырыбында интернет-конференция өтеді. Egov.kz сайтына кіріп, https://dialog.egov.kz/conference/5758 сілтемесі бойынша аталған тақырыпта сұрақтарды қалдырыныздар. Сұрақтарға ҚР ҚМ МКК Салықтық әкімшілендіру департаменті ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Әзімшайық Еділ Серікұлы жауап береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1163072?lang=kk
Еңбек нарығындағы серпіліс: Алатауда бос жұмыс орындары ұсынылды 17.02.2026
Алатау қаласында халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған жоспар аясында “Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі” өтті. Шараға Алматы облысының еңбек мобтльділігі орталығы КММ-нің Алатау қаласы бойынша мансап орталығы ұйытқы болды.Жәрмеңкенің басты мақсаты- тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамту.Айта кетейік, жыл басынан мансап орталығы қызметіне 126 адам жүгінген. Ал аталған жәрмеңкеге 48 азамат қатысты. Оларға 12 жұмыс беруші тарапынан 48 бос жұмыс орны ұсынылды. Қатысушылардың ішінде пробация қызметінің есебінде тұрған 25 азамат пен 10 жас болды. Шара қорытындысы бойынша 3 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, пробация есебіндегі 8 тұрғын жұмыспен қамтуға жолдама алып, олардың 3-еуі тұрақты қызметке қабылданды.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1163044?lang=kk
Қазақстан мен Финляндия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 17.02.2026
Хельсинки, 2026 жылғы 16 ақпан – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені саласындағы делегациясы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бастаған құрамда Финляндияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ аграрлық бизнес қауымдастығының өкілдері кірді.Сапар аясында Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінде және «EastCham Finland» халықаралық сауда палатасында талқылаулар, сондай-ақ фин компанияларымен жеке кездесулер өтті.Кездесулер барысында тараптар агроөнеркәсіптік саладағы әріптестікті кеңейту әлеуетін талқылады, оның ішінде уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, озық тәжірибелермен алмасу, инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ агроөндірістің экологиялық тұрақтылығын сақтай отырып өнімділікті арттыру мәселелері қарастырылды.Қазақстан мен Финляндия арасындағы іскерлік өзара іс-қимылды дамыту, атап айтқанда, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында B2B байланыстарын жандандыру, талқылаудың басты бағыттарының бірі болды.Ауыл шаруашылығы техникасын әлемдік жетекші өндірушілердің бірі «Valtra» компаниясымен келіссөздер ерекше маңызға ие болды, оның барысында әріптестікті дамытудың одан әрі практикалық қадамдары талқыланды.Сапар қорытындысы бойынша диалогты жалғастыру, кейінгі бизнес-байланыстарды ұйымдастыру және нақты бірлескен жобаларды пысықтау жөніндегі мүмкіндіктерді қарау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1162927?lang=kk
Қазақстан мен Кувейт мұнай саласындағы серіктестікті тереңдетуде 17.02.2026
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 16 ақпан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Oil Company компаниясының атқарушы директоры Ахмад Әл-Эйданмен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар көмірсутектерді барлау және өндіру саласындағы тәжірибе алмасу, мұнай өңдеуді дамыту және салалық кадрларды даярлау мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан мен Кувейттің мұнай саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.Сонымен қатар қазақстандық мұнай сервистік компаниялардың технологиялық және сервистік міндеттерді іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, оның ішінде инжиниринг, бұрғылау жұмыстары және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету салалары талқыланды.Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық инженерлер мен техникалық мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұнай-газ саласында қазақстандық кадрларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан ірі халықаралық жобаларға, соның ішінде Теңіз және Қашаған кен орындарын игеру жобаларына қатысу тәжірибесі атап өтілді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Кувейттің бейінді құрылымдары арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауға және салалық диалогты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.Kuwait Oil Company – мұнай барлау, өндіру және сақтау саласына жауап беретін Кувейттің мұнай секторындағы негізгі мемлекеттік компания. Компания елдің негізгі мұнай кен орындарын басқарады және ұлттық мұнай өндіру көлемінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Кувейтте мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 2,5-2,7 млн баррельді (жылына 120 млн тоннадан астам) құрайды. Компанияда шамамен 11-12 мың қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 1,5 мыңнан астамы – шетелдік мамандар. Олар негізінен Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен (Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Филиппин), сондай-ақ бірқатар араб және батыс мемлекеттерінен тартылған. Шетелдік қызметкерлер қатарында Қазақстан Республикасының азаматтары да бар, олардың саны 50-ден асады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1162940?lang=kk
Қазақстан мен Тәжікстан саяси диалогты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады 16.02.2026
Душанбе, 2026 жылғы 16 ақпан – Душанбеге ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізді.Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.Тараптар достық, өзара сенім және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген саяси диалогты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Екіжақты қатынастарды тереңдету және өңірлік мәселелер бойынша күш-жігерді үйлестіру тұрғысынан жоғары және ең жоғары деңгейлердегі тұрақты байланыстардың маңызы аталып өтті.Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон арасындағы жеке қарым-қатынастардың жоғары деңгейін, сондай-ақ ең жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.«Қазақстан үшін Тәжікстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту – маңызды басымдық. Екі мемлекеттің басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестігіміз сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды», – деп мәлімдеді Қазақстан СІМ басшысы.Өз кезегінде С.Мухриддин екіжақты қатынастардың одақтастық сипаты Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дәстүрлі тату көршілік пен өзара құрмет рухына толық сәйкес келетінін атап өтті.Экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өзара сауданы ұлғайту, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі қосымша шаралар талқыланды. Қазақстан көптеген жылдар бойы Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына тұрақты түрде кіреді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Тараптар мемлекет басшылары айқындаған тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына жеткізу мақсатына қол жеткізу үшін келісілген шаралар қабылдауға уағдаласты.Сұхбаттастар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық перспективаларына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кооперацияны дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту мәселелеріне жеке тоқталды.Министрлер су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарап, су ресурстарын ұтымды әрі өзара тиімді пайдалану және энергетикалық әріптестікті дамыту маңызын атап өтті.Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, өңірлік бағыттар мен халықаралық дәліздердің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстан мен Тәжікстан Еуропа, Кавказ және Оңтүстік Азияның ірі нарықтарына өзара қолжетімділік бере отырып, елеулі транзиттік әлеуетті іске асыра алатыны жөнінде ортақ пікір білдірді.Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық құрылымдар аясындағы сындарлы ынтымақтастық және екі мемлекеттің халықаралық бастамаларына өзара қолдау көрсетуіне назар аударылды. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасып, халықаралық алаңдарда күш-жігерді тығыз үйлестіруге дайын екендіктерін растады.Тараптар қол жеткізілген өзара түсіністік деңгейіне қанағаттанушылық білдіріп, екі ел халықтарының мүддесі үшін қазақ-тәжік әріптестігін одан әрі нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.Е.Көшербаев сондай-ақ Душанбе қаласындағы Дусты (Достық) алаңында тәжік мемлекеттілігінің негізін қалаушы және алғашқы билеушісі Исмоил Сомони ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-dushanbe/press/news/details/1162947?lang=kk
Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық қатынастарды дамытып, стратегиялық диалогты нығайтуды жалғастыруда 16.02.2026
Душанбе, 2026 жылғы 16 ақпан – Душанбеге ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қабылдады.Кездесу барысында Э.Рахмон екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, екі ел арасындағы көпқырлы өзара байланыстардыі одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударды.Өз кезегінде Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.«Қазақ-тәжік қатынастарының тұрақты әрі дәйекті даму сипатына ие екенін және олардың әлеуеті зор екенін ерекше атап өткім келеді», – деді Қазақстан СІМ басшысы.Министр Тәжікстан Президентін қазақ-тәжік ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективалары жөнінде жан-жақты хабардар етті. Мемлекет басшылары қойған өзара тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жөніндегі мақсатқа қол жеткізу бағытындағы тараптардың күш-жігерін қоса алғанда, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге ерекше назар аударылатыны мәлім етілді.Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері де талқыланды. Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылының жоғары деңгейі және өзара қолдау көрсетуі аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-dushanbe/press/news/details/1162946?lang=kk