Enbekshi QazaQ

Қоғам

Қазақстан мен Әзербайжан СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі туралы 07.01.2025
Астана, 2024 жылғы 26 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ақтау қаласының маңында Әзербайжан «AZAL» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан туыстары мен жақындарынан айырылған отбасыларына және бауырлас Әзербайжан халқына көңіл айтты. Осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.Сұхбат барысында министрлер екіжақты қатынастардың өзекті күн тәртібін, сондай-ақ өңірлік форматтар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Қазақстан-Әзербайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі жан-жақты нығайтуға өзара дайындық расталды.2025 жылғы алдағы іс-шаралар кестесі қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/910229
Қазақстан және Кипр СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті 07.01.2025
Астана, 2024 жылғы 27 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен телефон арқылы сөйлесті.Сұхбат барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.Астана мен Никосия арасындағы саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік расталды.Сонымен қатар 2025 жылға арналған аса жоғары және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/911174
Қытайдың жаңадан тағайындалған Елшісі Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын бастады 07.01.2025
Астана, 2024 жылғы 31 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин жаңадан тағайындалған Қытай Халық Республикасының Елшісі Хань Чуньлиннен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының барлық өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.Сұхбаттастар 2025 жылы жоспарланған аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін қарастырды. Бұған қоса көпжақты құрылымдар шеңберіндегі елдердің өзара іс-қимылына бөлек назар аударылды.Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қытай ықпалдасудың өзекті мәселелері бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында тұрақты байланыстарды сақтауға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/912533
Қазақстан СІМ-де экологиялық қауіпсіздік және адам құқықтары мен ТДМ бойынша көрсеткіштерді байланыстыру мәселелері талқыланды 07.01.2025
Астана, 2024 жылғы 30 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлованың төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.Күн тәртібінде Қазақстандағы адам құқықтары мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты негізгі мәселелер қаралды.Отырысты ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндамасымен ашты. Өз сөзінде ол экологиялық әділеттілік қағидаттарын енгізудің және табиғи ресурстарды тұрақты басқаруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Баяндама ҮЕҰ өкілдері, журналистер, белсенділер, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі сарапшылар қатысқан талқылаумен жалғасты. Экологиялық шешімдер қабылдауда және азаматтық қоғамның экологиялық маңызды шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысуында ашықтық қажеттілігіне ерекше назар аударылды.Отырыстың екінші кезеңінде ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова адам құқықтарының сақталуын бағалау бойынша ұлттық индикаторлардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Ол халықаралық стандарттарды ұлттық шындыққа бейімдеудің маңыздылығын атап өтті. Талқылау барысында үдерістерді цифрландыру, қоғамдық бақылауды күшейту және халықтың адам құқықтары туралы хабардарлығын арттыру мәселелері көтерілді. Қазақстан халықаралық ұйымдар үшін ашықтық саясатын және өмір сүру сапасының деңгейін қамтамасыз ету, адам құқықтарын сақтау, инклюзивті қоғам құру, қоғамдық институттар мен гендерлік теңдікті дамыту міндеттерін тұрақты ұстана отырып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы ерікті баяндама ұсынатын елдердің қатарына кіреді.Азаматтық қоғам өкілдері елдік есептерді дайындауға, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді қатысады. Әлеуметтік қорғау аспектілері кездесу барысында көтерілген негізгі тақырыптардың бірі болды.Отырыстың соңында консультативтік органның 2024 жылғы жұмысының қорытындысы шығарылды. Қатысушылар экологиялық мәдениетті арттыру және адам құқықтарын сақтау жөніндегі бастамаларды іске асыруға бағытталған 2025 жылға арналған жоспарларды талқылады.Отырыс Қазақстанның адам құқықтары мен экология салаларындағы демократиялық қағидаттар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ұмтылысын көрсетті.«Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы ретінде қызмет атқарады. Алаңда халықаралық ұйымдар (БҰҰДБ, БҰҰ БЖКБ, ЕҚЫҰ және т.б.) өкілдерінің байқаушылар ретінде қатысуымен адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/912539
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2024 жылғы қызметінің қысқаша қорытындылары 07.01.2025
Өтіп бара жатқан жылы сыртқы саяси ведомствосы Қазақстанның мүдделерін әлемдік аренада ілгерілету және қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өткізілді, Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді шешудегі сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайта отырып, орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосылды.Қазақстанға сапармен және халықаралық форумдар шеңберінде 41 мемлекет және үкімет басшылары, 4 жетекші халықаралық ұйым басшылары мен жоғары өкілдері, 7 парламент басшылары келді.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 шетелдік сапары, оның ішінде мемлекеттік және ресми сапарлары, сондай-ақ оның халықаралық форумдарға қатысуы ұйымдастырылып өткізілді.ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей, Қытай, АҚШ, Аустрия, Италия, Люксембург, Хорватия, Швейцария, Мальта және т.б. негізгі елдер мен өңірлерді қамтыған 35 шетелдік сапар жасады, 205 кездесу өткізді (оның ішінде 48 іскер топтармен және 16 телефон арқылы сөйлесуі). Елімізге шет мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының және халықаралық ұйымдардың 30 басшысы келді.Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне (ОАМБКК) және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХҚЕС) табысты төрағалық етуі еліміздің халықаралық ықпалын одан әрі нығайту үшін маңызды қадамдар болды.Шет мемлекеттермен нормативтік-құқықтық базаны кеңейту жөніндегі жұмыстың маңызды нәтижесі 67 халықаралық шартқа қол қою болды.Қазақ дипломатиясының басты басымдықтарының бірі шетелде ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді. 2024 жылы апаттар мен қақтығыстар аймақтарынан 36 азаматымыз жедел түрде эвакуацияланды.Қазақстандық паспорттың мәртебесін арттыру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Биылғы жылы 15 келісімге қол қойылды, олар қазақстандық паспорттардың әртүрлі түрлерінің иелерін бірқатар елдердегі визалық талаптардан босатады. Бұл Қазақстанды әлем паспорттары рейтингінде көтеруге мүмкіндік берді және қазіргі уақытта біздің паспортымыз Жаһандық паспорттар индексінде 53-ші орында.Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық және консулдық қатысудың географиясын кеңейту де маңызды бағыт. Қазіргі уақытта әлемнің 80 елінде 121 ҚР мекемесі жұмыс істейді.Өткен жыл Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық үшін серпінді жыл болды. Бұл бағыттағы маңызды жетістік әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болған бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қою болды. Қырғызстанмен және Тәжікстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасалды. Өзбекстанмен алғаш рет Жоғары мемлекетаралық кеңестің 1-ші отырысы өткізіліп, Стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 10 жылдық бағдарламасына қол қойылды. Түрікменстанмен Достықты нығайту және 2025-2027 жылдарға арналған көпжоспарлы стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация мен кешенді бағдарламаға қол қойылды.Ресеймен сенімді саяси диалог жүргізілді. 2024 жылы жоғары деңгейдегі байланыстардың жоғары динамикасы, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің парламенттері, үкіметтері мен сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл байқалды, бұл екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын көрсетеді.РФ Президенті В.Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары, сондай-ақ Өңіраралық ынтымақтастықтың XX форумын өткізу маңызды оқиға болды. Сапар нәтижесінде экономикалық және саяси мәселелердің кең ауқымын қамтитын 20-дан астам келісімге қол қойылды. Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасында сомасы 33 млрд долларды құрайтын 143 бірлескен жоба іске асырылуда, бұл екі ел арасындағы өзара инвестициялар мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді.Беларусьпен аса жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.Алматыда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөздер өткізілді. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды шешудегі белсенді рөлін көрсете отырып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға қосылған елеулі үлес болды.Мемлекет басшысының Қытайға сапары, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қарымта мемлекеттік сапары Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңдеріне айналды. Барлық деңгейдегі қарқынды байланыстар 40 екіжақты келісімге қол қоюға мүмкіндік берді.Қазіргі уақытта екі ел арасында жалпы сомасы 38 млрд долларды құрайтын 145 бірлескен жоба іске асырылуда. Бұл жобалар энергетика, инфрақұрылым, сауда және инновацияны қоса алғанда, әртүрлі салаларды қамтиды.Америка Құрама Штаттарының басшылығымен белсенді саяси диалог жалғасты. Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Вашингтонға сапары маңызды кезең болды, оның барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкенмен келіссөздер жүргізілді. Өзара түсіністіктің жоғары деңгейінің арқасында жоғары дәрежеде Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның 6-шы отырысы өткізілді, сондай-ақ Алматыда «В5+1» бірінші бизнес-форумы өтті. Сонымен қатар елімізде Орталық Азия мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестиция бойынша негіздемелік келісімінің (TIFA) 15-ші кеңесі өтті.Президентіміздің Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және Еуропалық одақтың жоғары лауазымды тұлғаларымен тұрақты байланыстары екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етті. Мемлекет басшысының Мажарстан, Италия, Франция және Сербияға сапарлары ұйымдастырылды, сондай-ақ Астанада Германия және Нидерланд басшыларымен кездесулер өткізілді.Парижге мемлекеттік сапар барысында сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 36 келісімшартқа қол қойылды. Парижде және Риядта Президент Э.Макронмен келіссөздер Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ықпал етті.Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жалпы, Еуропа елдерімен 10 млрд доллардан астам сомаға іскерлік келісімдер жасалды.Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамыту айтарлықтай ілгеріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур мен Моңғолияға сапарлары ұйымдастырылып, Гвинея-Биссау, Иран, Корея Республикасы, Конго, Малайзия және Пәкістан басшыларымен келіссөздер жүргізілді.Қазақстан Республикасының Таяу және Орта Шығыстағы мүдделерін ілгерілетуге Қазақстан Президентінің Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт және БАӘ елдеріне сапарлары және осы мемлекеттердің көшбасшыларымен, сондай-ақ өңірдің ірі бизнес өкілдерімен келіссөздері ықпал етті. Қатарға мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша 20 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Дохамен үкіметаралық ынтымақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.ҚР Сыртқы істер министрлігі дәстүрлі түрде экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияларды тартуға, сондай-ақ шетелдік нарықтарда отандық өнімді ілгерілетуге және жаңа серіктестермен сенімді іскерлік байланыстар орнатуға ерекше назар аударады.Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы, сондай-ақ «Kazakhstan Global Investment Roundtable» дөңгелек үстелі өткізілді, оның аясында 7 млрд доллар сомасына 31 келісімшартқа қол қойылды.БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының бағалауы бойынша 2024 жылы Қазақстан 15,7 млрд доллар көлемінде инвестиция тартты (өсім 88% құрады). Еліміздің үлесіне Солтүстік және Орталық Азиядағы барлық тартылған инвестициялардың 63% жатады. Инвесторлар үшін 2024 жылы «Moody's» агенттігінің ҚР кредиттік рейтингін «Ваа1» («тұрақты») деңгейіне көтеруі маңызды болды.Жоғарыда айтылғандардың барлығы – азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, барлық географиялық бағыттар бойынша достық, серіктестік және өзара тиімді қатынастарды сақтауға және нығайтуға бағытталған Қазақстан дипломатиясының қызметкерлері атқаратын үлкен және қажырлы жұмыстың бір ғана бөлігі.Жыл қорытындысын шығара отырып, Қазақстан бұдан былай да БҰҰ Жарғысының, халықаралық құқықтың, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократияның қағидаттарын үнемі қолдайтынын атап өткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/912690
Қазақстан СІМ-де Түркі инвестициялық қорымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды 07.01.2025
Астана, 2024 жылғы 5 қаңтар – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдад Әміреевті қабылдады.Кездесу барысында Қор басшысы Ұйымның операциялық қызметінің сәтті іске қосылғанын атап өтіп, 2024 жылғы жұмыс қорытындысын ұсынды. Жобалар портфелін кеңейтуді, инфрақұрылымдық және экономикалық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ түркі елдеріндегі шағын және орта бизнесті қолдауды қамтитын 2025 жылға арналған жоспарларға ерекше назар аударылды.Министр М.Нұртілеу Қор қызметінің Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі орнықты даму мен экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесудің негізгі құралы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/913372
Қазақстан СІМ-де Халықаралық Аралды құтқару қорымен ынтымақтастық талқыланды 07.01.2025
Астана, 2025 жылғы 6 қаңтар – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбаймен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Қазақстан төрағалығының бірінші жылының қорытындыларын, Атқарушы комитетінің жұмысын, сондай-ақ Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.Арал теңізі бассейні елдерінің өңірлік дамуының су шаруашылығы, су-энергетикалық және экологиялық аспектілерін реттеудегі Қордың маңызды рөлі аталып өтті.Тараптар 2023 жылғы қыркүйекте Душанбеде өткен ХАҚҚ Саммитінің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары қойған міндеттер мен тапсырмаларды шешу, Ұйымды жетілдіру процессін тез арада аяқтауға жәрдемдесу үшін барлық күш-жігерін жұмсауды жалғастыруға, сондай-ақ белсенді өзара іс-қимыл жасауға келісті.Атқарушы комитетінің төрағасы өз кезегінде Қазақстанның төрағалық ету басымдықтарын ілгерілету, өңірлік экологиялық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ ХАҚҚ-тың халықаралық байланыстарын кеңейту барысы туралы хабардар етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/913996
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ 07.01.2025
Жаңа жыл мерекесінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бір ғасыр жасаған қариялардың үйлерін арнайы аралап, мерекемен құттықтады.Бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылына табан тіреп, Ұлы Отан соғысының 100 жастағы ардагері Закир Мұсаевтың шаңырағында болды. Облыс әкімінің атынан құттықтау хатын жеткізіп, әкімдік атынан ат мінгізіп, сый-сияпат жасады.Закир Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болған, 9 жасында жетім қалған ол анасы мен қарындасымен бірге қиыншылықтарды бастан өткеріп, 1943 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. Ол майданда екі рет жарақат алады, бірақ соғыс аяқталғаннан кейін Германияның Дрезден қаласында күзетші болып қызмет атқарып, 1950 жылы әскерден оралған соң ауылда еңбек жолын жалғастырады. 35 жыл бойы есепші болып еңбек етті. Отбасында 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, ұрпақтарын еңбекке, адалдыққа, ұлттың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуге баулыды. Қазыналы қария облыс әкімі орынбасарының арнайы құттықтап келгеніне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сондай-ақ облысты дамыту бағытындағы бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.Облыс әкімінің орынбасары содан кейін Ескі Иқан ауылының тұрғыны, 102 жастағы Хапиза Эрметованың үйіне барды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары еңбек адамына құрмет көрсетті.Ертай Алтаев батыр ананы қос мереке – туған күні және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлығын табыс етті. Ақ жаулықты ана облыс әкімінің орынбасарына алғысын айтып, ақ батасын берді. Елдің тыныштығын тілеп, ризашылығын білдірді.Хапиза Эрметова 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңа Иқан ауыл округі, Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен Хапиза апа сол қиын кезеңде ел үшін үлкен еңбек сіңірді. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1953 жылы Ескі Иқан ауылына қоныс аударып, отбасымен бақытты өмір сүріп, 8 баланы тәрбиелеген. Еңбек ардагері 39 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913063
ЖАҢА ЖЫЛДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 34 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ 07.01.2025
Жаңа жыл түні еліміздің перзентханаларында 181 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 105 ұл бала, 76 қыз бала және бір егіз бар. Егіздер Маңғыстау облысында өмірге келген, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.Мерекелік түнде ең көп нәресте Түркістан облысында тіркелді – 34 сәби. Екінші орында Алматы қаласы мен Алматы облысы тұр, мұнда әрқайсысында 17 нәресте дүниеге келген. Үшінші орын Шымкент қаласына тиесілі, онда 16 сәби туылды.Мамандардың айтуынша, жаңа жыл қарсаңында туған нәрестелер мен аналарының жағдайы жақсы.Айта кетейік, Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913064
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ 07.01.2025
Сауран ауданының орталығында құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында жаңа полиция бекеті іске қосылды. Жаңа ғимаратпен танысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров оның қызметтік функционалын тексеріп, жұмыс тиімділігін арттыру бағытында бірнеше маңызды шараларды атап өтті.Полиция бекеті қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Пункте полиция қызметкерлері бекітілген кестеге сәйкес кезекшілік атқарып, кешкі уақытта сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындардың өтініштері мен арыздары қабылданып, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытында нақты шаралар атқарылады.Полиция қызметкерлеріне халықпен тығыз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті қондырғылармен жабдықталған. Бұл жаңашылдық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті нығайту жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Алдағы уақытта дәл осындай полиция бекеттері ауданның Жібек жолы, Иассы, Қарашық және Жаңа Иқан ауылдық округтерінде де ашылады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913333
ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ 07.01.2025
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Түркістан облысы, Ордабасы ауданына іссапармен барды. Іссапар аясында Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақбұлақ ауылында соғылып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмысымен танысты. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Темірлан ауылында жақында пайдалануға берілген спорт кешенінде болып, спорт ардагерлерімен және спорт саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлермен жүздесті. Қайрат Балабиев Мемлекет басшысы және мемлекет тарапынан спорт саласына қолдау ерекше екендігін атап өтті.Темірланда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкермен жүздескен Мәжіліс депутаты жобаға бөлінетін қаржыны ұлғайту бойынша Үкіметке ұсыныс енгізілетінін айтты.Кездесу аудан орталығының Жастар сарайында жалғасты. Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты «Ұлттық қор – балаларға», «Лудомания», «Заңсыз иемденген активтерді қайтару» және басқа да қабылданған Заңдар бойынша кеңінен тоқталды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913334
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ КЕЛМЕЙТІН ПОЛИГОНДАР РЕТТЕЛЕДІ 07.01.2025
Облыс аумағында жалпы 128 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның 65%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған сәйкес, 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес 16 полигонның ЖСҚ-сы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Биыл Созақ ауданындағы 3 ҚТҚ полигон орнында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 26%-ға жеткізу жоспарланып, меже толық орындалды.Сонымен қатар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы аясында «Экологиялық тәрбие мен білімді дамыту» іс-шарасы арқылы жасөспірімдер арасында «Қалдықтарды бөлек жинайық», «Табиғатты аялайық», «Қоршаған ортаға ұқыпты қарайық» тақырыптарында түрлі экологиялық акциялар өткізілді.Облыстағы ағын су өзен бойларының экожүйесін сақтап қалу мақсатында, сондай-ақ заңсыз құм, тас қазу фактілерін болдырмау және тазалығын сақтау үшін су қорғау аймақтарында орнатылған 35 метр көлеміндегі су қорғау белдеу белгілерін 100 метр мен 500 метр көлемінде қайта бекіту мен орнату жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 150 өзенге, 31 су қоймаға, 2 табиғи көлге (барлығы 183 су нысаны) су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылды.Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру процесінде 443 қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Қоғамдық тыңдаулар нәтижесінде өтінім берушілердің экологиялық жағдайларға зияндылығы жоқ жобалар жергілікті жерлердің тұрғындарының келісімімен қолдау табуда.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913341
ТҮРКІСТАН: СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ 07.01.2025
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевтар Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелерден кеңінен хабардар болды.Ең алдымен сенаторлар Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық жайлы мектепке барды.Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен бекітілген білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ауданда 2 жайлы мектептің құрылысы басталған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінен 1500 орындық және А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елдімекенінен 600 орындық мектеп құрылыстары жүріп жатыр.Пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білім алуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.Мұнан соң халық қалаулылары ауданның индустриалды аймағында орналасқан тамшылатып суғаруға қажетті құрал-жабдықтарды және тұқымдық шитті өндіретін «BEGASH» ЖШС-на қарасты қос бірдей зауыттың құрылыс жұмыстарын көрді. Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Ал мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады деп межеленген.Депутаттар индустриалды аймақта мақтааралдық шаруалар мен шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту жолдары айтылып, мемлекеттік қолдаулар туралы мағлұматтар берілді. Сенаторлар ҚР Парламенті Сенатының өткен жылда атқарған жұмыстары мен Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында қабылданған заңдармен де таныстырып өтті.Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда.Айта кетейік, Мақтаарал ауданының индустриалды аймағының жалпы жер көлемі 24,2 гектарды құрап, қазіргі таңда жалпы 5,45 млрд. теңге көлемінде 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 2 млрд. теңге көлемінде тағы 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2025 жылы іске қосылмақ.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913344
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АКТИВІНЕ ЖАҢА ӘКІМДІ ТАНЫСТЫРДЫ 07.01.2025
Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.Депутаттарға Мемлекет басшысының Түркістан облысының әкімі лауазымына екі кандидат ұсыну туралы хаты оқылды. Қарауға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің және Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің кандидатуралары ұсынылды. Сайлау комиссиясы ашық дауыс беру қорытындысын шығарып, 288 дауыстың 224-і Нұралхан Көшеровке берілді.Мәслихаттары депутаттарының жиналысы қорытындысына сәйкес, ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Олжас Бектенов Дархан Сатыбалдыға өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі.Премьер-министр өңір активіне жаңа әкімді таныстыра келе, Мемлекет басшысының облыс басшылығы алдына қойған міндеттеріне тоқталды. Президенттің «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылған экономиканы нығайту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаты аясында, басым бағыттар қатарында экономиканы әртараптандыру және өнімді жаңа жұмыс орындарын құру арқылы кластерлік өндіріске көшу, «TURAN» АЭА мен өңірдің жалпы инвестициялық тартымдылығын арттыру, көлік-логистикалық әлеуетті ашу және АӨК дамуын арттыру мәселелері атап өтілді. Халықты қолжетімді әрі сапалы ауыз сумен және азық-түлік өнімдерінің тұрақты бағасын қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар міндеттер қойылды.Облыс орталығы – Түркістанның тарихи әрі рухани маңыздылығын ескере отырып, мәдени мұраны сақтауға және түркі әлемінің бауырлас халықтары арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/913724
ТҮРКІСТАН: БАСЫМ БАҒЫТТАР – ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ, ӨНДІРІС, АГРОӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ 07.01.2025
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс әкімі аппараты, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, алда атқарылатын жұмыстар мен басым бағыттарға тоқталды. Өңір басшысы аймақтың өзекті мәселелерін зерделеп, шешу бағытында нақты істер атқарылатынын жеткізді.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, ішкі жалпы өнім көлемін арттыру, өңірді дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында тапсырмалар жүктеді. Ел Президенті мен Үкіметтің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет. Облысты дамыту мақсатында біз өндірісті өркендету, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына өздерінің функционалдық міндеттерін сапалы атқарып, жұмыс барысында оң көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырамын. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияны енгізу, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдар алқабын көбейту – уақыт талабы. Инфрақұрылымды жақсарту мәселесі және құрылыс жұмыстарының сапасы басты назарда болады, – деді Нұралхан Көшеров.Мәжілісте облысты дамыту, барлық сала бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру жолдары талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/914038
Жаңа жыл қарсаңында Астанада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнайы мереке ұйымдастырылды 07.01.2025
Жаңа жыл қарсаңында "SOS Астана балалар ауылы" ұйымының балалары үшін қайырымдылық акциясы өтті. Бұл мекеме ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға пана болып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Акцияны жаңа жылдық корпоративтік іс-шараны өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдаған елорданың Нұра ауданы әкімдігінің өкілдері және жергілікті кәсіпкерлер ұйымдастырды. Мерекелік кеш өткізудің орнына олар балаларға мерекелік сыйлықтар мен тәттілер сатып алуға қаражат бөлді.Әр балаға жемістер мен кәмпиттер, сыйлықтар, сондай-ақ елордалық мейрамханалардың бірі дайындаған тағамдар берілді. Балалар үшін жаңа жыл қарсаңында салтанатты атмосфера құру үшін арнайы мерекелік мәзір әзірленгені маңызды сәт болды."Ауданымыздың меценаттары көмек сұрағандарға белсенді қолдау көрсетуді жалғастыруда. Олардың қосқан үлесі, мейлі ол азық-түлік болсын, емделуге қаржылық қолдау болсын, тұрғындар мен жалпы қоғам үшін үлкен маңызға ие. Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, медиаволонтер, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, сондай-ақ әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде мен адамдар бізге тұрмыстық мәселелерді шешу үшін ғана емес, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда да көмек сұрайтынын көремін. Бұл сенім үлкен жауапкершілік болып саналады және әріптестерімізбен бірге біз әрбір сұрауға жауап беруге тырысамыз. Біз үшін ерекше қуаныш "SOS Астана балалар ауылы" тәрбиеленушілері үшін мереке болды, оны меценаттардың арқасында ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Өздерінің мерекелік кештерінің орнына олар балаларға қуаныш пен жылулық сыйлады. Мен бұл адамдарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Көмек тек мереке күндері ғана қажет емес екенін есте ұстаған жөн. Қыста көмір, киім, азық-түлік және басқа да негізгі заттар, әсіресе сұранысқа ие. Мүмкіндігі бар адамдарды қазір қамқорлыққа мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуге шақырамын. Әрбір жақсы бастама өмірді жақсы жаққа өзгертеді!"- дедіНұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.Аудан әкімдігі қайырымдылық акциясы әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылықтың жарқын үлгісіне айналғанын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/912152
Астанада қар күреуге 2,6 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,3 мыңнан астам арнайы техника шықты 07.01.2025
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы қар күреу жұмысын жүргізіп жатыр. Қыс мезгілінің басынан бастап олар үздіксіз күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.31 желтоқсан күні таңертең қар тазалау жұмысына 2,6 мыңнан астам жол жұмысшы мен 1346 бірлік арнайы техника шықты.31 желтоқсанға қараған түні 1 829 ауыр жүк рейсімен 24 мың текше метрден астам қар шығарылды.Айта кетейік, қысқы маусымның басынан бастап полигондарға 157 мыңнан астам рейспен 2 042 267 текше метр қар шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/912514
Астанада Жаңа жылға арналған мерекелік концерттер қайда өтті 07.01.2025
Бүгін, 31 желтоқсанда Астананың бес орнында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен шығармашылық топтарының қатысуымен жаңажылдық концерттер өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Елорданың алты ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, безендірілген шыршалар, жаңа жылдық жәрмеңкелер, шағын архитектуралық формалар, концерттік бағдарламалар, фотоаймақтар және т.б. қазірдің өзінде қала тұрғындарының қуанышына айналып үлгерді.Алматы ауданында Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайының аумағында сағат 12.00-де басталып, 13.30-ға дейін қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтеді.Сахнада Бибігүл Ысқақова, Қайрат Баекенов, Нұрбол Балапанов, «Айлин» триосы, барабаншылар шоуы, т.б. өнер көрсетеді.Нұра ауданындағы Орталық саябақта мерекелік шаралар сағат 12.00-де басталып, 13.30-ға дейін жалғасады. Сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары – DOS, Маржан Арапбаева, Бауыржан Исаев, Құрмаш Махан, Досымжан Таңатаров және т.б. өнер көрсетеді.Байқоңыр ауданында да концерттік бағдарлама сағат 12.00-ден 13.30-ға дейін өтеді. Онда Құрмаш Махан, Қайрат Баекенов, Медет және Клара Салықовтар, Алтыншаш Мұқатаева және тағы басқалар жұрт алдында өнер көрсетеді.Сарыарқа ауданындағы «Көктал» саябағында сағат 12.00-ден бастап сахна төрінде Ернар Жұматай, Қанат Үмбетов, «Кәусар» триосы, Бауыржан Исаев және т.б. ән салады. Концерттік бағдарлама 13.30-ға дейін жалғасады.Сарайшық ауданындағы Промышленный тұрғын алабында жаңажылдық бағдарлама сағат 13.00-де басталып, 14.30-ға дейін жалғасады. Сахнада Маржан Арапбаева, Бибігүл Ысқақова, «Айлин» триосы, Бейбіт Қорған және т.б. өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.Жаңа жыл қарсаңында, нақтырақ айтқанда 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында қаланың үш орнында мерекелік шаралар өтеді.31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін қалалық алаңда (қала әкімдігінің алдында), «Қазақ елі» монументі маңында және ЭКСПО аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/912517