Қоғам
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДЕ» АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР 16.11.2024
Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» қалыптастыру ісі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылы бастау алған. Облыс әкімінің тұрақты бақылауының нәтижесінде бүгінге дейін 28 335 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, 17 019 га жерге ағаш көшеттері отырғызылды.«Жасыл белдеуде» күзгі ағаш отырғызу барысын бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аралап тексерді.Қазіргі таңда әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылуда. Мұнда 252 га жер толықтай тамшылатып суғару жүйесіне қосылған.Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің мәлімдеуінше, топырақ құнарын арттыру үшін минералды және органикалық тыңайтқыштар қолданылып, ағаштардың өсіуіне және жерсінуін арттыруға жағдай жасалған.Жұмыстың баяу атқарылып жатқанын сынға алған Нұрбол Тұрашбеков «Көшеттердің тек саны мен сапасына ғана емес, оның егілуіне де мән беру керек. Тереңдігі, тамырының орналасуы, барлығы бақылауда болуы тиіс. Қадап кеткен ағаш қармана береді деген ойдан арылыңыздар. Ауа райының ерекшелігін есепке алып, ағаштардың жерсіну көрсеткішін көтеруге күш салу қажет», дей келе жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/882221
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ АРЕНДАЛЫҚ ҮЙЛЕРМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР 16.11.2024
Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы жалғасуда. 2024 жылдың жоспары бойынша облыс көлемінде 2590 пәтерлі арендалық тұрғын үйлерді сатып алуға 47,5 млрд. теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғын үйлердің құрылыс барысы пысықталып, мәселелер талқыланды. Өңір басшысы жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына және мердігерлерге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.– Үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиіс. Мен жұмыстарды қысқа дейін бітіруді тапсырғанмын. Бюджет қаржысын тиімді игеріп, үйлерді жыл соңына дейін толық тапсырыңыздар. Бұл үйлерді ел күтіп отыр. Талай тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Үйлердің қасбетін бір үлгіде жасау мәселесі назардан түспеуі тиіс. Абаттандыру жұмыстарын да сапалы орындау қажет, – деді Дархан Сатыбалды.Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, бүгінгі таңда 935 пәтер сатып алынған (Жетісай – 2, Қазығұрт – 16, Мақтаарал – 43, Ордабасы – 12, Созақ – 24, Шардара – 24, Кентау – 30, Түркістан – 768, Сауран – 16). Жоспарға сәйкес қараша айында 616 пәтер, ал желтоқсан айында 1039 пәтер сатып алынады деп күтіліп отыр. Бұл нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған.Құрылыс жұмыстары 12 ауданда (882 пәтер) қарқынды жүргізілуде. Негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары 80% атқарылған. Ал 3 ауданда 4 үйдің (88 пәтер) құрылыс қарқыны төмен. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарындағы ғимараттар кестеден кешігіп жатыр. Аталған аудандардың әкімдеріне тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысшылар саның көбейтіп, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру міндеттелді.Түркістан қаласында 20 үй, жалпы 1716 пәтердің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 16 үйді (1376 пәтер) жыл соңына дейін сатып алу жоспарланған. Шаһардағы 4 үй (340 пәтер) 2025 жылға өтпелі. Мәжілісте жауапты мердігер мекеме басшыларының да есептері тыңдалып, оларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/882227
Карағандада оператта жанкүйерлеріне жаңа жыл алдында тосын сый дайындап жатыр 16.11.2024
Карағанды академиялық музыкалық комедия театры жаңа қойылым әзірлеп жатыр. Оперетта жанкүйерлері үшін 13 және 14 желтоқсанда «Ах, Оффенбах!» атты оперетта кешінің премьерасы өтеді. Жак Оффенбах – француз опереттасының негізін қалаушы және ең көрнекті өкілі. Сыншылардың пікірінше, музыка тарихындағы ең ұлы сатириктердің бірі. Классиктің тапқыр туындылары бүгінгі күнге дейін өз танымалдығын жоғалтқан жоқ.Оның ең танымал шығармалары – «Орфей тозақта», «Сұлу Елена», «Гофман ертегілері» және басқалар. Театр өкілдері Жак Оффенбахтың басқа сахналарда көп қойылмаған екі опереттасын таңдағанын атап өтті. Бірінші бөлімде көрермендерге «Тромб-аль-Казар» музыкалық комедиясы ұсынылады. Оффенбах бұл шығарманы 1856 жылы жазған. Сахналық қойылым сюжеті негізі – театр әртістерінің өмірінен алынған.Екінші бөлімде актерлер Оффенбахтың 1861 жылы жазған «Фортунио әні» атты шағын опереттасын орындайды. Қойылым желісі Людовик XIV билік құрған кезеңде, Францияның бір қаласындағы Фортунионың бағында өтеді. Қойылымды сахналау үшін Ресейден мамандар шақырылды. Режиссер – Николай Покотыло (Мәскеу). Музыкалық жетекші және дирижер-қоюшы – Андрей Алексеев (Санкт-Петербург).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/882051
Атырауда 280 орындық балабақша ашылды 16.11.2024
Атырау қаласы Бесікті ауылында жаңа балабақша пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникпциялар қызметі.Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов және ауыл тұрғындары қатысты.- Биыл құрылысы басталған 6 нысанның бірі осы балабақша еді. Кішкентайларымызға бар жағдайды жасауға тырыстық. Бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқын болып,нысан елдің игілігіне қызмет етсін,-деді облыс әкімінің орынбасары Д.Шамұратов.Екі қабатты жаңа ғимаратта асхана, гимнастика және музыка сабағын өткізуге арналған залдар мен жатын бөлмелер бар. Мұндағы ойын және спорт алаңдары жол жүру ережелерін үйретуге арналған алаңқаймен қамтылған. Жаңа нысан толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы. Мердігер мекеме - «ARSM» ЖШС.Қазір балабақшада 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 4 топ бар. Олардың әрқайсысы 25 орынға есептелген.- Кезекте тұрған тәрбиенушілер саны жылдан жылға көбеюде. Осы орайда жаңадан беріліп жатқан білім беру ұйымдары бұл мәселені кезең кезеңімен шешуге мүмкіндік береді,- деді қалалық білім бөлімінің басшысы А. Дүйсекенова.Жыл соңына дейін 610 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Қазір облыста 35 437 баланы қамтитын 337 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/882201
Астанада қар күреуге 1,5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды 16.11.2024
Өткен түнде коммуналдық қызметтер елордадан 28 мың текше метрден астам қар шығарды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс істеп жатыр.13 қарашадағы күндізгі ауысымда қала көшелерін қар мен мұздан 2,6 мыңға жуық жол жұмысшы мен 1,5 мыңға жуық арнайы техника тазартады.12 қарашадан 13-іне қараған түнде Астанадан 28 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 1,9 мыңнан астам ауыр жүк көлемін құрайды.Қыс мезгілінің басынан бастап қар полигондарына 154 мың текше метрден астам қар 12 189 рейспен шығарылды.Ең алдымен, ереже бойынша жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды көшелер тазартылады. Сондай-ақ, орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. қардан тазартылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/882115
Абай облысының оқушысы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты 16.11.2024
9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев ғарыш кеңістігінде лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізетін, ғарыштағы жерсеріктер мен ғарыш станцияларын энергиямен қамтамасыз етуге арналған инновациялық құрылғы ойлап тапты.Құрылғы ғарыш кемесі іспетті екі модельден тұрады. Оның бірінде лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус жүйесі орнатылған, ал екіншісінде лазер сәулелеріне сезімтал фоторезистор бар. Лазер сәулесі фоторезисторға түсіп, түрлендіргіш арқылы электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шамын жағу немесе ұялы телефонды қуаттау үшін жеткілікті. Құрылғы энергияны 10 метр қашықтыққа дейін жеткізіп, жаңбыр, қар және тұман сияқты түрлі ауа-райы жағдайларында сынақтан өтті.«Ғарышта энергия тапшылығы мәселесі бар. Жерсеріктер мен ғарыш кемелері энергияның аздығынан істен шығуы мүмкін. Мен ғарышкерлерге көмек ретінде осы құрылғыны жасадым. Жобаны жасауға екі жылдан астам уақыт жұмсадым, қолжетімді материалдарды пайдаланып, ғарышта энергия жеткізу мүмкіндігін және ғарышта лазермен энергия жеткізу әлдеқайда тиімді болатынын дәлелдедім», – дейді жас өнертапқыш.2019 жылы Нұрали өз жобасын Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырып, жоғары бағаға ие болды. Кейіннен құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодын жетілдірді.Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Болашақта құрылғыға күн батареяларын қосып, оны тұрмыстық қажеттіліктерге, оның ішінде лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауға қолданып көрмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/882185
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда мектептерді жаңғырту жалғасуда. 16.11.2024
Жыл сайын кемінде 1000 мектеп жеті бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді. Орындалу барысы туралы карусельден қараңыз ️Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/882189
Қорғаныс министрінің білім беру мәселелері жөніндегі кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізіледі 16.11.2024
Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ведомство басшысының нормативтік құқықтық актісінің жобасын әзірледі.Нормативтік құқықтық акт 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» ҚР Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР Заңының 5-бабы 2-тармағы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді.Мемлекеттік қызметтер көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар «Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы» Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 және «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 37 бұйрықтарына қатысты болады.Құжатты қабылдау бюрократиялық кедергілерді алып тастауға және ҚР Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға түсу, ауысу және қалпына келтіру процестерін E-gov арқылы тиісті өтінім бере отырып, цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.Бұйрық жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында «Ашық НҚА» бөлімінде ағымдағы жылдың 25 қарашасына дейін мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15285283Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/882083
Әскерилер аударыспақтан Қазақстан чемпионатында бес медаль жеңіп алды 16.11.2024
Шымкентте ұлттық спорт түрі – аударыспақтан өткен жарыста Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшылары екі алтын, бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды.Чемпионатқа еліміздің 120-дан астам үздік спортшылары жиналды.Аударыспақ – спортшыдан үлкен ептілік пен күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.Жарыс қорытындысы бойынша Армия орталық спорт клубының спортшылары Азамат Сарғазин (62 кг) және Алмаз Ләтіпбек (74 кг) жеңімпаз атанды. Күміс медальға Арман Сағымбаев (100 кг) және Рамазан Ғалел (87 кг), қола медальға Шыңғыс Ержанов (74 кг) ие болды.Армия спортшыларының бұл жетістігі шеберліктің жоғары деңгейін, олардың ежелгі ұлттық дәстүрлерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысын дәлелдейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/882093
Жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 583 мыңға жуық адам қамтылды 16.11.2024
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 582,8 мың қазақстандық қатысты. 457,8 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 277,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 180,5 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 15,4 мың адам, жастар практикасында 30,5 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 106,2 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,2 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 409 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 18,8 мың адам жұмыспен қамтылды.Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен52,3 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 47,4 мыңы оқуды аяқтады.Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 54,2 мың адам қамтылды, оның ішінде 35,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.Қызмет саласын таңдау мақсатында 183,5 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 8 941 грант берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/882077
Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады 16.11.2024
Кездесуде бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және ынтымақтастық перспективасына қатысты мәселелер талқыланды. Қоршаған ортаны қорғау саласына, соның ішінде климаттық өзгеріс салдарын жеңілдету және «жасыл» энергетикаға көшу шаралары бойынша бірлескен жобаларға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жағдайында бұл бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айында Астанада өткен Араб үйлестіру тобының дөңгелек үстел форматындағы басқосуының қорытындысына жоғары баға берді. Бұл іс-шара тараптардың стратегиялық жобаларды жүзеге асырудағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге өзара бейілді екенін көрсетті.Мемлекет басшысы «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты. Аталған жобаны іске асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Ислам даму банкінің басшылығына ризашылығын білдірді.Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы 1,153 миллиард долларды құрайды, сондай-ақ 3,5 миллион доллар көлемінде грант беріледі. Бұл – банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/882095
Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына $1,15 млрд инвестиция салады 16.11.2024
Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына $1,15 млрд инвестиция салады. Тараптар Бакуде өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP29) тиісті келісімге қол қойды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл Ислам даму банкінің тарихындағы қаржыландырған ең көлемді жобасы екенін атап өтті.Сонымен қатар Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстанның су саласын дамытуға $3,5 млн көлемінде өтеусіз грант бөлді.Сондай-ақ ИДБ Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыруға қатысады. Бұған дейін тараптар Жобаның бірінші кезеңі бойынша келіссөздер хаттамасына қол қойған болатын.Қаржыландырылатын жобаның бірінші кезеңі Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялауды, 115 каналды реконструкциялауды және күрделі жөндеуді қарастырады. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүргізіледі.Бұдан басқа, жоба ИДБ мен Министрлік арасындағы Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Су және өзен бассейндерінің мәселелерін зерделеудегі техникалық ынтымақтастықты, сондай-ақ су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауды көздейді.Оның ішінде «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын техникалық жарақтандыру және су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін автоматтандыру орталығын салу жоспарлануда.«Мемлекет басшысы су саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Біздің алдымызда су инфрақұрылымын жаңғырту және болып жатқан климаттық өзгерістерге бейімдеу міндеті тұр. Ислам даму банкі сияқты беделді институттың қаржыландыруы елімізге деген жоғары сенімді, жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформаларды куәландырады», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/882096
Қорғалжын ауданындағы есептік кездесу: инвестиция тарту, өнеркәсіп және туризм 16.11.2024
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданының халқымен кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық даму мен Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары аясындағы негізгі міндеттер туралы айтты.Аудан астық өндіру, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге маманданған.Ауданның өнеркәсіп секторы бір орта кәсіпорын – «Астана-Агропродукт» ЖШС және 21 шағын кәсіпорынмен ұсынылған. Ірі өндіріс орындары болмағандықтан, ауданның облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі өте төмен – 0,1%.Өңір басшысы жұмысты ішкі нарыққа бағдарлай отырып қайта қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сапалы ет өнімдеріне деген сұранысты халық пен қоғамдық тамақтандыру секторы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істеу, жергілікті атқарушы орган тарапынан көмек пен қолдау көрсету маңызды.Жергілікті билікке азық-түлік өнімдерін, соның ішінде ет, сүт өнімдерін және дайын жартылай фабрикаттарды өндіруді дамыту тапсырылды. «Kazbeef» компаниясының толық өндірістік циклді ұйымдастыру тәжірибесін қолдана отырып ішкі және экспорт нарықтарына табысты өнім шығару маңызды.Әкімдіктің негізгі міндеттерінің бірі – инвестиция тарту. Құрылыс құмының үлкен қорын ескере отырып, ауданға құрылыс материалдарын өндіруді ұйымдастыру қажет.Ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде облыс әкімі егін жинау науқанының нәтижелеріне тоқталды. Биыл Қорғалжын ауданында жалпы астық түсімі 180 мың тоннадан асып, орташа өнімділік 12 ц/га құрады. Мемлекеттік қолдау, агротехнологияларды сақтау және қолайлы ауа райы өнімділікке оң әсер етті. Қазірдің өзінде аграршылар болашақ агромаусымға дайындықты бастап, қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін ұмытпауы қажет.Айта кету керек, биыл облыстың АӨК мемлекеттік қолдауы шамамен 140 млрд теңгеден асты, оның ішінде 46,5 млрд теңге – қайтарымсыз субсидиялар. Биыл Қорғалжын ауданының АӨК қолдауға 4,3 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.Аудан аумағында орналасқан Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Аудан әкімдігіне туризм саласына инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастыру, елді мекендерді, соның ішінде аудан орталығын дамыту бойынша бас жоспарларды әзірлеу тапсырылды.Инфрақұрылымды дамыту саласында аудандық маңызы бар «Қорғалжын-Баршын» автожолына орташа жөндеу жұмыстарына қажетті құжаттар әзірленуде. Сапалы ауыз су және электрмен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.Қорғалжын ауданының тұрғындары тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша проблемалық сұрақтар көтерді.Кездесу соңында Марат Ахметжанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/882033
Ақмола компаниясы «Адал азамат» сыйлығының иегері атанды 16.11.2024
Астанада мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген табысты кәсіпкерлердің негізгі өкілдерін біріктірген «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» шағын және орта бизнес форумы аясында Премьер-министр Олжас Бектенов пен «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың қатысуымен «Адал азамат» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Құрметті марапатқа ие болғандардың қатарында Көкшетау қаласында қауіпсіз қалдықтарды өңдеумен және жоюмен айналысатын Ақмола облысының «ЭКО-DUMP» ЖШС бар.2023 жылы кәсіпорынның басшысы Мариям Әбішева полигонды заңдастыру, рұқсат құжаттарын сәйкестендіру жұмыстарын жүргізді, себебі полигон бірнеше жыл бойы тоқтап тұрды. Полигон аумағындағы өрттерді жоюға шамамен жарты жыл уақыт кетті, өйткені қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінде тек 24%-ы қайта өңделетін екінші реттік шикізат болып табылады. Қалған бөлігі – биоотын жасап, қоқыстың тұтануына себепші болатын өтпейтін қалдықтар. Полигонда жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, күніне шамамен 150 тонна қоқыс әкелінеді. Сонымен қатар, жылдар бойы жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар тұрақты түрде жойылуда. Жалпы алғанда кәсіпорынға шамамен 400 млн теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында қоқыс шығару бойынша 70 адам, полигонда 21 адам жұмыс істейді.Бүгінгі таңда бұл кешенді кәсіпорын заңды және жеке тұлғалардан қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, сақтау, жинау және тасымалдау, оларды оқшаулау, көму жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл қоршаған ортаның экожүйесіне зиянды әсерді азайту және азаматтардың тұрмыс жағдайларын жақсарту мақсатында жасалып отыр.Кәсіпорын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысады.«ЭКО-DUMP» ЖШС Көкшетау қаласының тұрғындарынан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысады және қалдықтарды бөлек жинауды алғашқылардың бірі болып енгізді. Осы мақсатта кәсіпорынның өз қаражатына 1000 еуроконтейнер сатып алынған. Биылғы жылы кәсіпорын Көкшетау қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарында жылына 150 мың тонна қуаты бар 3 қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу кешенін салу бойынша бірегей жобаны алғашқы болып қолға алды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы бұл жобада бөлек жинау, 500 торлы контейнер және 10 электр қоқыс тасымалдағыш сатып алу бойынша пилоттық жоба іске асырылады.Жобаның құны – 7,2 млрд теңге. Ол «Жасыл даму» АҚ (70%), «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырылуда және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Ақмола облысы әкімдігімен (30%) бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру шамамен 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ қоқысты екінші реттік шикізат ретінде өңдеу үлесін ұлғайтып, бұл облыс бойынша қалдықтарды көму көлемін жалпы көлемнің үштен біріне дейін азайтады.Әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде «ЭКО-DUMP» ЖШС Красный Яр селолық округіне қарасты Элита ауылының су құбырын тартуға 2 млн теңге бөлді. Тағы 2 млн теңге Красный Яр ауылындағы №1 мектепке жылыжай сатып алуға жұмсалды. Биылғы жылғы су тасқыны салдарын жою кезінде кәсіпорын азық-түлік, жанар-жағармай материалдарын, арнайы техниканы сатып алуға 2 млн теңге және инертті материалдар алуға 1,5 млн теңге көмек көрсетті.«Компания қызметінің жоғары бағалануы – барлық қызметкерлердің ұжымдық еңбегінің нәтижесі. Қалдықтарды басқару саласы экологиялық маңызды салалардың бірі болып табылады. Біздің командамыз үшін осы байқаудағы жеңіс алдағы қызметімізге үлкен ынта сыйлайды», - деп атап өтті Мариям Әбішева.«Ақмолалық компанияның жеңісін заңды деп санаймыз. «ЭКО-DUMP» ЖШС-нің инновациялық жобаны енгізуі өңірде жаңа полигондардың салынуын болдырмауға, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын рекультивациялауды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жалпы алғанда қоқысты өңдеуге байланысты экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді», - деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/882032
Көлік саласындағы цифрлық жобалар таныстырылды 16.11.2024
Digital Transport Day іс-шарасы аясында Көлік министрлігі өкілдері автомобиль, теміржол, теңіз және әуе көлігі, сондай-ақ автожол саласындағы цифрлық шешімдер мен инновациялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.Digital Transport Day-ға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Бақытбекұлы Есекеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Үкімет Аппаратының қызметкерлері, Цифрлық даму вице-министрі, министрліктердің цифрлық салаға жауапты орынбасарлары, сондай-ақ мемлекеттік және жеке ұйымдардың IT-қызметкерлері қатысты.Іс-шара барысында автожол саласындағы цифрлық технологиялар туралы айтылды. Мәселен, олардың қатарында:- автожолдарды салу, жөндеу кезінде орындалған жұмыстар мен материалдарға сараптама жүргізу рәсімдерін автоматтандыру;- бизнеске арналған жол-құрылыс материалдарының жалпыға қолжетімді дерекқоры;- жолдың жай күйін диагностикалау мәселелерінде жасанды интеллектті қолдану;- республикалық трассалардың ақылы учаскелерінде қолданылатын ақпараттық жүйелер бар.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 95 мың шақырым автожолдың барлық цифрлық аспектілерін қамтитын бірыңғай жалпыға қолжетімді жүйені іске асыру жоспарлары да көрсетілді.Автокөлікпен жүк тасымалдау саласындағы цифрлық мәселелерге ерекше назар аударылды:- электрондық тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарына көшуге мүмкіндік беретін Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу;- Өзбекстанмен электрондық рұқсат беру бланкілерін өзара алмасу, сондай-ақ ҚХР және Түркі мемлекеттері ұйымдарының елдерімен жобаны масштабтау жоспарлары;- 2024 жылы ел жолдарында 20-дан астам автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату арқылы автоматты салмақтық бақылауды күшейту туралы айтылды.Еліміздің теңіз порттарында жобаларды енгізу бойынша жұмыстар, сондай-ақ Каспий секторы мен мультимодальды көлік дәліздерін цифрлық дамыту жоспарлары да талқыланды.Әуежайлар мен әуе компаниялардың цифрлық жобалары көрсетілді. Әуе құралдарының ұшуын жоспарлау кезінде қолданылатын технологиялар, сондай-ақ E-freight жүйесінде жүк тасымалын электрондық рәсімдеу мәселесі атап өтілді.Көлік вице-министрі Қалиақпаров Мақсат Қайыржанұлы іс-шараға қатысушыларға алғысын айтып, көлік саласын цифрландыру қоғам мен экономика үшін қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің транзиттік дәліздерін дамыту және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру аясында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңызы туралы айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/882019
Ақтөбелік делегация Алматыдағы өндіріс орындарын аралады 16.11.2024
Сапардың негізгі мақсаты - өндірісті оқшаулау және тәжірибе алмасу. 2024 жылдың 11-12 қарашасында Ақтөбе облысының делегациясы әкім орынбасары А.Әбдікәрімовтің басшылығымен Алматы қаласына барды. Делегация құрамына индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері мен өңірдің кәсіпкерлері енді.Ең алдымен делегация HYUNDAI автомобиль өндіретін зауытында болды, онда Ақтөбе облысында жүк техникасына арналған қондырмалар өндірісін оқшаулау перспективалары талқыланды. Бұл қадам өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға және жетекші өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.Сонымен қатар, делегация «Алматы» индустриялық аймағының басқарушы компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде шағын және орта бизнесті қолдауда шешуші рөл атқаратын шағын өнеркәсіптік саябақтарды құру мен дамытудың оң тәжірибесі ұсынылды. Ақтөбе облысы өңірде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған ұқсас үлгіні енгізуді жоспарлап отыр.2025 жылы Ақтөбе облысының әкімдігі шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруды жоспарлап отыр, бұл өңірдегі бизнесті қолдау және экономикалық өсуді ынталандыру үшін маңызды қадам болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/882016
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда 16.11.2024
Абай облысы әкімдігінде аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен мектептер мен жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Өңірдегі білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті қауіпсіздік құралдарымен жабдықтауға 107 млн теңге бөлінді. Аймақтағы барлық білім ошақтары бейнекамералар мен дабыл тетікшесімен жабдықталған.Облыстық Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтің айтуынша, турникет орнату жалғасуда. Мемлекеттік мектептерде 100%, жекеменшік мектептерде – 85,7%, қосымша білім беру ұйымдарында – 22,7%, мемлекеттік колледждерде – 100%, жекеменшік колледждерде – 80%.Сонымен қатар, облыстағы 127 мектепте Starlink спутниктік интернет жүйесі енгізілді. Бұл шалғай елді мекендердегі, соның ішінде Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха аудандарындағы білім беру мекемелерін тұрақты байланыспен қамтамасыз етеді. Аталған жүйеге тағы 10 мектепті қосуға өтінім берілді.«Sergek VMS» жүйесін пайдалана отырып, Ұлттық бейнебақылау жүйесін енгізу аясында облыстың білім беру ұйымдарын ҚР ІІМ өңірлік жедел орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған.Білім ошақтарының маңайындағы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында білім ошақтарының маңындағы жол белгілері, жарықтандыру және бейнебақылау қондырғыларының жағдайы да жиында сөз болды. Өңірдегі 501 білім беру мекемесінің маңындағы инфрақұрылымды ретке келтіруге 127 миллион теңге қажет. Мектеп маңындағы қауіпсіздікті жақсарту үшін қосымша бағдаршамдарды, сондай-ақ «Балалар» және «Жылдамдық шектеуі» деген жазуы бар ақпараттық тақталарды орнату туралы айтылды.Сонымен қатар, екінші және үшінші ауысымдағы оқушыларға ыңғайлы болу үшін Семейде қоғамдық көліктердің кестесін кешкі сағат 21:00-ге дейін, Аягөзде 20:00-ге дейін ұзарту ұсынылды.«Балалардың қауіпсіздігі – бәрінен де маңызды. Сондықтан мектеп маңындағы инфрақұрылымды реттеу жұмыстарын жеделдетіп қолға алу керек. Қажетті қаржыны бөлеміз. Қоғамдық көліктердің кестесін ұзарту мәселесін қарастыру қажет», — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/882015
Әділет министрі Азамат Есқараев Сауд Арабиясының зияткерлік меншік басқармасының Бас директоры Доктор Абдулазиз бин Мұхаммед Аль-Свайлмен кездесу өткізді 16.11.2024
Ағымдағы жылдың 12 қарашасында дипломатиялық конференция аясында Әділет министрі Азамат Есқараев Сауд Арабиясының зияткерлік меншік басқармасының (Saudi Authority for Intellectual Property, SAIP) Бас директоры Доктор Абдулазиз бин Мұхаммед Аль-Свайлмен кездесті.Кездесу барысында тараптар зияткерлік меншік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, екі мемлекетте де зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және ілгерілету үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Осы салада тәжірибе алмасуға және оқытуға ерекше көңіл бөлінді.Қазақстанның Әділет министрі Сауд Арабиясымен зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайту инновациялар мен креативті индустрияларды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.Ол бірлескен бастамалар мен жобалардың кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ зияткерлік құқықтарды құқықтық қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. SAIP Бас директоры өз кезегінде қазақстандық әріптестерімен белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін атап өттіОл елдер арасында білім мен үздік тәжірибелермен алмасу зияткерлік меншік саласындағы стандарттар мен рәсімдерді үйлестіру жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.Бұл кездесу зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін аша отырып, Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтудағы маңызды кезең болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/882014
ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ҮШ ГҮЛЗАР ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ 16.11.2024
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы аумағында 3 демалыс орны тұрғындар игілігіне берілді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысандардың ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындармен жүздесті.Қала әкімі алдымен Шымкент май зауыты (МЖК) аумағындағы жаңарған нысанды аралап көрді. Есіл және Камал көшелерінің арасындағы 0,5 га аумақтағы көне саябақ қайта жаңғырды. Жаңа нысанның ашылуы тұрғындарды ерекше қуанышқа бөледі. Ұлт саулығын жақсарту мақсатында саябаққа 200 шаршы метр заманауи баскетбол алаңшасы, балалар ойын және спорт (тренажер, воркаут) алаңшалары, 2 теннис үстелі, 1 шахмат үстелі орнатылды. Аталған аумақта 2000-нан астам тұрғын бар. Тұрғындар көне саябақтың қайта абаттанғанына ризашылықтарын білдіріп, қала әкіміне алғыстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы азаматтарға қайта жаңарған саябақты күтіп ұстау қажеттігін, демалыс аймақтары одан әрі де көбейе беретінін атап өтті. Сондай-ақ, қала әкімі А.Диваев көшесінде, С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. А.Диваев көшесінде орналасқан жалпы аумағы 0,31 га гүлзарда шынар, каштан ағаш көшеттері мен көпжылдық сәндік гүлдер отырғызылды. Аталған аумақ жалпы 20 көпқабатты тұрғын үй мен 3300 адамды қамтиды. Құрылыс жұмыстары барысында 1031 шаршы метр аумаққа мәрмәрдан жасалған аяқжол салынған. Қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін 2 велотұрақ, ауызсу бұрқағы және фотоаймақ жасалды. Қоғамдық ортақ пайдалану орындарын қалыптастыру мақсатында қолға алынған С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы жаңа гүлзардың аумағы – 0,2 га. Серуендеу орнында ескі субұрқақ пен көпір күрделі жөндеуден өтіп, канал аумағы толық қоршалды. Сонымен қатар, гүлзарда көпжылдық гүлдер отырғызылған. Аталған аумақта халық тығыз орналасқан. Жалпы 15 көпқабатты тұрғын үй, 2700-ден аса тұрғын бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/881942
Қазақстан Президенті Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі 16.11.2024
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өтіп жатқан климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитіне қатысты.Пленарлық сессияның ашылуынан кейінгі алғашқы сөз Қазақстан Президентіне берілді.Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын еске салды.Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін айтты. Сондай-ақ «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» (NCQG) аясында табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.– Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз, – деді Президент.Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшу маңызды екенін жеткізді. Қазақстан «көміртекті егіншілікке», яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет. Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Президент қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды.– Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталды.– Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз. Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Әзербайжанның СOP29-ға табысты төрағалық еткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Ильхам Әлиевке ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.Саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/881996