Қоғам
Мексика Бас конгресінің депутаттарына Қазақстандағы конституциялық реформалар таныстырылды 12.02.2026
Мехико, 2026 жылғы 10 ақпан – «Қазақстан – Мексика» парламенттік достық топтарының 2025 жылғы қарашадағы алғашқы онлайн-кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбековтің мексикалық достық тобының төрайымы, депутат Марибель Мартинес Руиспен жұмыс кездесуі өтті.Келіссөздер барысында қазақ-мексика ынтымақтастығының қазіргі деңгейі талқыланып, 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары келісілді. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, саяси және мәдени диалогты дамытуға, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.Өз кезегінде М.Мартинес Руис 2025 жылы екі елдің парламенттерінде «Қазақстан – Мексика» достық топтарының құрылуы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.А.Тұрғанбеков Қазақстан мен Мексика арасындағы қатынастардың бірізді дамуын атап өтіп, бірлескен бастамаларды ілгерілетудің тиімді құралы ретінде парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар, Елші Қазақстандағы конституциялық реформаның қазіргі барысы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, институттарды нығайтуға және орнықты экономиканы қалыптастыруға бағытталған саясаты туралы жеке ақпарат берді.Бұдан бөлек, мексикалық тарапқа Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы стратегиясы таныстырылды. Елшінің айтуынша, 2026 жыл елде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, оның негізгі басымдықтары еңбек өнімділігін арттыру, экспортқа бағдарланған салаларды қалыптастыру және Қазақстанды цифрлық экономиканың жаһандық тізбектеріне интеграциялау кезеңі болмақ.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы іс-қимыл жоспары жөнінде практикалық ұсынымдар әзірлеуге және тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1159740?lang=kk
Kazakhstan — UAE SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы 12.02.2026
Дубайда әлемнің үздік арнайы бөлімшелерін біріктірген UAE SWAT CHALLENGE-2026 халықаралық турнирі аяқталды. Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен 109 команда іс-әрекеттің шеберлігін, жылдамдығын, тактикалық ойлауын және үйлесімділігін барынша көрсетті.Қазақстан құрамасына еліміздің күш құрылымдарынан құралған "Kazakhstan А", "Kazakhstan B", "Kazakhstan C", "Kazakhstan D" командалары және "Kazakhstan Tomiris" әйелдер командасы қатысты. Айта кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда болып, әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесі мен тағылымын бөлісті.Жарыстың бесінші күнінде қатысушылар ең серпінді кезеңдердің бірі — Obstacle Course (кедергілер жолағын) бағындырды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша "Kazakhstan B" командасы І орын иеленді, ал "Kazakhstan A" бесінші орынға жайғасып, үздік бестікке кірді.Турнирдің басты жаңалығы "Kazakhstan С" командасының тамаша жеңісі болды, ол барлық жарыс күндерінің қорытындысында UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.Жалпы рейтингте екінші орынды "Kazakhstan А" командасы жеңіп алды.Сонымен қатар қорытынды кестеде қазақстандық командалар арасында позициялар келесідей бөлінді: "Kazakhstan B" - 8 орын; "Kazakhstan Tomiris" - 18 орын; "Kazakhstan D" - 20 орын. Қазақстандық командалардың жеңісі мен жүлделі орындары — отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдыларының, дене дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші. UAE SWAT CHALLENGE-2026-да сәтті өнер көрсету Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты және біздің жауынгерлеріміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1159753?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы «Орталық Азия – Германия» Экономикалық форумына қатысты 12.02.2026
Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Орталық Азия елдері мен Германияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының C5+1 форматындағы қатысуымен өткен Экономикалық форумға қатысты. Іс-шараны Германия экономикасының шығыс комитеті ұйымдастырды.Форум Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылды нығайту бағытында мазмұнды диалог алаңына айналды.Іс-шараның пленарлық бөлігінде ГФР Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері сөз сөйледі. Өз мәлімдемелерінде олар C5+1 форматының стратегиялық маңызын, Орталық Азияның халықаралық экономикалық байланыстар жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанын және неміс бизнесімен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің өзектілігін атап өтті.Экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру, өзара тиімді серіктестікті дамыту және басым салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Тақырыптық сессиялар шеңберінде неміс бизнес өкілдерінің төрт негізгі бағыт бойынша баяндамалары ұсынылды: - Шикізат материалдары – табиғи ресурстарды өндіру, өңдеу және орнықты пайдалану саласындағы ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ сенімді әрі тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру; - Энергетика – дәстүрлі энергетика, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және энергетикалық көшу салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері; - Ауыл шаруашылығы – агроөнеркәсіптік сектордағы бірлескен жобалардың әлеуеті, инновациялық технологияларды енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру; - Логистика және көлік қолжетімділігі – көлік дәліздерін дамыту, өңірлік байланыстылықты жақсарту және Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайту.«Аталған алаң C5+1 форматын Мемлекеттер басшылары деңгейінде толықтыратын маңызды тетікке, сондай-ақ елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтудың тиімді құралына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.Форумға қатысушылар Орталық Азия мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту өзара мүдделерге сай келетінін, өңірдің орнықты дамуына және жеткізу тізбектерін әртараптандыруға ықпал ететінін атап өтті.Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар C5+1 форматындағы сындарлы диалогты жалғастыруға және Орталық Азия мен Германия елдерінің мемлекеттік құрылымдары мен іскер топтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1160696?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы Германияға сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді 12.02.2026
Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Германия Федеративтік Республикасына сапары аясында Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катарина Райхемен кездесу өткізді.Тараптар қазақ-неміс ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, индустриялық-технологиялық сала, энергетика, логистика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы өзара іс-қимылға баса назар аударды.«Қазақстан Германиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береді және оны Еуропалық одақтағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Германиямен екіжақты деңгейде де, Еуропалық одақ пен Орталық Азияның өңірлік форматтары шеңберінде де экономикалық ынтымақтастықты белсенді түрде ілгерілетуге дайынбыз және келісілген бастамаларды нақты жобалар мен нәтижелерге айналдыруға ниеттіміз», – деп мәлімдеді Е.Көшербаев.Ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін және Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес 300 млрд АҚШ доллары көлеміндегі көрсеткішпен әлемнің жетекші 50 экономикасының қатарына кіргенін, бұл жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына сәйкес келетінін, сондай-ақ 2000-2025 жылдар аралығында нақты ЖІӨ-нің орташа өсім қарқыны 3,6% жетіп, көшбасшы бес елдің қатарына енгенін атап өтті.«Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы сенімді серіктес. Тұрақты даму мен инновациялар негізінде экономикалық және энергетикалық ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», – деп мәлімдеді К.Райхе.Кездесу барысында тараптар энергетикалық ынтымақтастыққа, оның ішінде қазақстандық мұнайды Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізу мәселесіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Қазақстаннан Германия мен ЕО елдеріне «жасыл» сутегі өндіру және экспорттау саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.Индустриялық-технологиялық салада машина жасау, химия өнеркәсібі және тау-кен металлургия секторындағы бірлескен жобалар, сондай-ақ неміс технологиялары мен олардың үздік тәжірибесін трансферлеу мәселелері талқыланды.Министрлер Транскаспий халықаралық көлік бағытын қоса алғанда, логистикалық дәліздерді дамытудың маңыздылығын растады және көлік пен өнеркәсіптік процестерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайындық расталып, бірлескен бастамалар бойынша мазмұнды диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы «Deutsche Bahn», «Noble Elements», «Lanxess», «Rhenus Group» және «DIHK» (Германияның өнеркәсіп және сауда палатасы) компаниялары мен іскерлік бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті.Келіссөздер барысында тараптар қазақстан-неміс сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіп, химия саласы, логистика, машина жасау, денсаулық сақтау және кәсіптік білім беру бағыттарындағы өзара іс-қимылды нығайту мүмкіндіктерін талқылады.Министр Астана мен Берлин арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, Қазақстан жоғары технологиялық инвестициялар тартуға, озық өндірістік шешімдерді енгізуге және герман бизнесімен кооперацияны тереңдетуге мүдделі екенін айтты.Өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері, тұрақты даму және «жасыл» экономика мәселелеріне ерекше назар аударылды.Неміс компаниялары мен қауымдастықтарының өкілдері Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, қазақстандық нарықтағы қатысуын ұлғайтуға дайын екендіктерін білдірді. Талқылау барысында ынтымақтастықтың нақты бағыттары, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылды.Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және қазақстандық мемлекеттік органдар мен неміс бизнес қауымдастығы арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жандандыруға ниетті екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1160692?lang=kk
Вашингтонда Қазақстанның Орта дәлізді дамытудағы стратегиялық маңызы атап өтілді 12.02.2026
National Press Club алаңында Еуразияның транзиттік әлеуетіне, соның ішінде Орта дәлізге және «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп жолына» (TRIPP) арналған сараптамалық баяндама таныстырылды.Іс-шараға АҚШ Үкіметінің өкілдері, сондай-ақ жетекші сараптамалық орталықтар мен академиялық қауымдастықтың мамандары қатысты.Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов Шығыс-Батыс бағытындағы көлік-логистикалық жолдарды дамыту орнықты экономикалық өсімге қол жеткізуге, өңірлік өзара байланыстылықты нығайтуға және жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыруға бағытталған ұзақмерзімді мүдделерге сай келетінін атап өтті. Ол Қазақстанның теміржол, порт және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ сауда және кедендік рәсімдерді оңтайландыруға инвестиция сала отырып, транзиттік және логистикалық әлеуетін жүйелі түрде дамытып келе жатқанына назар аударды.Спикерлер Қазақстанды институционалдық тұрақтылығы, стратегиялық көзқарасы және еуразиялық өзара байланыстылық пен инвестициялық жобаларды дамытуда жүйеқұраушы рөл атқару әлеуеті бар АҚШ-тың өңірдегі негізгі серіктестерінің бірі ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.Америкалық сарапшылар жаһандық сауда бағыттарының трансформациясы мен геосаяси ортадағы өзгерістер аясында Орта дәліздің маңызы айтарлықтай артқанын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, бұл бағыт Еуразияны байланыстыратын негізгі құрлықтық бағыттардың бірі ретінде қарастырылып, жүк жеткізу мерзімдерін қысқартуға және жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қазақстан дәліздің сенімділігі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ететін орталық буын ретінде аталды.Іс-шара барысында Қазақстанның аса маңызды минералдар мен энергетикалық ресурстарды жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудегі сенімді серіктес ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де елдерінің жоғары технологиялық салалар үшін сұранысқа ие шикізат қоры мол екені және сонымен қатар өңдеу мен өндірістік қуаттарды өз аумағында дамытуға бағыт ұстанып отырғаны аталып өтті.Талқылау барысында Еуразия бағытындағы көлік байланысын дамыту логистика шеңберінен шығып, өңір елдерінің экономикаларын әртараптандыруға, егемендігін нығайтуға және ұзақмерзімді тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін факторға айналып отырғаны айтылды. Орталық Азияның Оңтүстік Кавказ, Қара теңізбен және одан әрі батыс нарықтармен байланысы қалыптасып келе жатқан жаңа аймақаралық экономикалық кескіндеменің маңызды элементі ретінде қарастырылды.Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1159756?lang=kk
ҚР Дубай және Солтүстік Әмірліктердегі Бас консулы Алмаз Тасболат Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігінің Дубайдағы кеңсесі директорының орынбасары Рашид Абдулла Аль Касирмен кездесті. 11.02.2026
ҚР Дубай және Солтүстік Әмірліктердегі Бас консулы Алмаз Тасболат Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігінің Дубайдағы кеңсесі директорының орынбасары Рашид Абдулла Аль Касирмен кездесті.Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимыл және консулдық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. ҚР азаматтарының БАӘ аумағындағы құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылды.Қазақстан тарапы БАӘ, атап айтқанда Дубай қаласы, Қазақстан азаматтары үшін маңызды туристік және іскерлік бағыттардың бірі екенін атап өтті. Туристік ағынның артуына байланысты екі елдің құзыретті органдары арасындағы үйлестіруді одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.Өз кезегінде, эмираттық тарап Қазақстан Республикасымен достық және стратегиялық қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, елдің тұрақты дамуы мен екіжақты ынтымақтастықтың түрлі салаларда кеңеюін жоғары бағалады.Тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-dubai/press/news/details/1159693?lang=kk
СПОРТ САЛАСЫ МАМАНДАРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҮН ҚОСТЫ 11.02.2026
Шымкент қаласында Конституциялық реформаға арналған спорт саласы өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар, әдіскерлер және сала мамандары қатысты.Кездесуде Ердәулет Тастанбек баяндама жасап, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол Ата Заң жобасында адам құқықтарын қорғау, әділеттілік қағидатын бекіту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.Оның айтуынша, Конституциядағы заң мен тәртіп үстемдігі, тең мүмкіндік қағидаты спорт саласына да тікелей қатысты. Әділ бәсеке, жастарды қолдау, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту – мұның барлығы құқықтық негіздің мықты болуына байланысты.Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституцияда білім мен ғылымды стратегиялық бағыт ретінде бекіту жас ұрпақты тәрбиелеуде, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мен азаматтардың шешім қабылдау ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі спорт инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал ететіні сөз болды.Жиын ашық пікір алмасу форматында өтті. Сала мамандары спорт мектептерін қаржыландыру, инфрақұрылымды жаңарту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын сала өкілдеріне кеңінен түсіндіру және қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Қазақстан Африка одағы аясында дипломатиялық байланыстарын нығайтуда 11.02.2026
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы (АО) жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Африка құрлығының сыртқы саяси ведомстволары мен халықаралық институттар басшыларының қатысуымен өтіп жатқан Африка одағы Атқарушы кеңесінің 48-ші кезекті сессиясы аясында бірқатар кездесулер өткізді.Құрлықтың барлық елдерінің сыртқы істер министрлерінің басын қосқан бұл жиын АО Мемлекеттер мен Үкімет басшылары Aссамблеясының алдағы 39-шы сессиясына дайындықтың негізгі кезеңі болып табылады. Талқылаулардың өзегінде – Африканың 2026 жылға арналған стратегиялық бағыты, экономикалық интеграция мәселелері және өңірлік тұрақтылықты нығайту шаралары тұр.Африка одағына мүше мемлекеттермен көпжақты және екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Елші Ж.Әділбаев Демократиялық Конго Республикасы (ДКР) Сыртқы істер министрінің орынбасары, осы ел делегациясының басшысы Ноэлла Айеганагато Наквипонемен кездесті. Кездесуге ДКР-ның Эфиопиядағы Елшісі Жан Леон Илунга да қатысты.Тараптар ДКР Президенті Ф.Чисекедидің 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды. Дипломаттар мемлекет басшыларының сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы тапсырмаларының орындалу барысы, жер қойнауын пайдалану және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы күш-жігерді үйлестіру бойынша ақпарат алмасты.Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Панафрикалық Парламенттің Вице-президенті, Эфиопия Парламентінің депутаты доктор А.Гайомен сұхбаттасты. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстандағы ішкі саяси реформалар процесі туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.Ж.Әділбаев тиісті комиссияның Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы айтып берді. Елші конституциялық өзгерістер саяси жүйені терең демократияландыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға және халықтың әл-ауқатын одан ары арттыруға бағытталғанын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1159674?lang=kk
Мерзімді қызметтің 196 сарбазы алғаш рет парашютпен секірді 11.02.2026
Жыл басынан бері Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 300-ге жуық әскери қызметшісі парашютпен секірулер орындады. Оның ішінде мерзімді қызметтің 196 сарбазы секіруге алғаш рет жіберілді.Секірулер Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен Д-6 4-сериялы оқу-жаттығуға арналған парашют жүйелерімен жүзеге асырылды.Парашюттік дайындық – десантшылар үшін жауынгерлік дайындықтың негізгі элементтерінің бірі әрі олардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең. Ол жоғары дене дайындығын, психологиялық төзімділікті және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді.Жеке құрам секірер алдында толық көлемде жерүсті даярлығынан өтті. Оған әуе десанты кешеніндегі жаттығулар, әуе кемесінен шығу тәртібі, әуеде парашютті басқару және төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарды пысықтау кірді. Әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен даярлық деңгейі тексерілгеннен кейін ғана парашютпен секіруге жіберілді.32363 әскери бөлімі әуе-десанты даярлығы бөлімінің аға офицері гвардия майоры Данияр Әбдірахмановтың айтуынша, жеке құрам көзделген іс-шараларды толық орындап, қойылған тапсырмаларды сәтті орындап шыққан.Тікұшаққа мінер алдында қауіпсіздік шаралары мен секіру кезіндегі іс-қимыл тәртібі бойынша қосымша нұсқаулық өткізілді. Жерге қонғаннан кейін әскери қызметшілер жауынгерлік даярлық жоспары аясында жергілікті жерде тактикалық міндеттерді орындауға кірісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1159670?lang=kk
Астанада жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» РҚБ отырысы өтті 11.02.2026
«Ассамблея жастары» РҚБ жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдады. Қазақстанның жастар ұйымдары жаңа Конституция жобасы аясында жастарға арналған жаңа мүмкіндіктерді қолдады. 2026 жылғы 11 ақпанда Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің отырысы өтті. Іс-шара елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге жастардың белсенді қатысуына мүдделі жастар бірлестіктері мен сараптамалық қауымдастық өкілдерін біріктірді.«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Тимур Джумурбаев жаңа Конституция жобасы халық мүдделерінің шынайы көрінісі екенін, жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тартуға мүмкіндік ашатынын, сондай-ақ жастар ұйымдарының жалпыұлттық диалогты қалыптастыру мен Қазақстан халқының бірлігін нығайтудағы рөлін күшейтетінін атап өтті.Отырысқа қатысушылар жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдап, оның негізгі ережелерін қоғамдық талқылауға, түсіндіруге және бірлік, келісім мен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын ілгерілетуге жастар ұйымдарының одан әрі белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.Студенттік қауымдастықтың ұстанымын Студенттік Ассамблеялар төрағасы Александр Урмашов баяндап, жастар ортасында конституциялық бастамаларды талқылау саналы азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және ел болашағы үшін жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.«Ассамблея жастары» РҚБ БҚО өкілдігінің төрағасы Элгун Джаналиев өз сөзінде өңірлік жастар құрылымдарының жастар арасында құқықтық диалог мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөліне назар аударды.«Ассамблея жастары» РҚБ Павлодар облысындағы өкілдігінің төрағасы Рамиль Смаилов жаңа Конституция жобасы жастар үшін ғылым мен білім құндылықтарын орнықтырудың, сондай-ақ адами капиталды дамытудың жаңа мүмкіндіктер қалыптастыратын негізгі платформа ретіндегі маңызын атап өтті.Астана қаласы бойынша «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің төрағасы Лариса Пак негізгі қоғамдық-саяси реформаларды талқылау барысында жастардың әртүрлі топтарының пікірін ескеруге мүмкіндік беретін ашық пікірталастар мен инклюзивті өзара іс-қимыл форматтарының маңызын атап өтті.Отырыс қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын қолдауға бағытталған «Ассамблея жастары» РҚБ-ның үндеуі қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1159615?lang=kk
"Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы (бұдан әрі-Филиал) келесіні хабарлайды. 11.02.2026
"Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы (бұдан әрі-Филиал) келесіні хабарлайды. 2026 жылғы 20 ақпан мен 30 шілде аралығында Уйғыр ауданы Халыққа қызмет көрсету бөлімінде (ХҚКБ) Мемлекеттік қызметтерді алу үшін бірыңғай электрондық кезек (әрі қарай БЭК) талондарын алдын ала брондау жүзеге асырылатын болады. БЭК талондарын келесі жолдармен алдын ала брондауға болады:"EGov Mobile" мобильді қосымшасы арқылы: - Пайдаланушы қосымшада тіркеледі;- Филиал және өзіне қәжет бөлімді таңдайды; - Қол жетімді нұсқалар арасында қажетті күн мен уақытты көрсетеді; - 1414 нөмірінен (күні мен уақытын көрсете отырып) SMS арқылы брондау растамасын алады.eGov.kzпортал арқылы: - ЭЦҚ немесе сәйкестендірудің басқа тәсілдерін қолдана отырып авторизациялау; - Филиал және өзіне қәжет бөлімді таңдайды; - Қол жетімді нұсқалар арасында қажетті күн мен уақытты көрсетеді; - 1414 нөмірінен (күні мен уақытын көрсете отырып) SMS арқылы брондау растамасын алады. Сондай-ақ, дайын құжаттарды беру секторларымен азаматтарды құжаттандыру секторы үшін бірыңғай электрондық кезек беру бұрынғы режимде жүзеге асырылатынын хабарлаймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uigur-taskarasu/press/news/details/1159528?lang=kk
Мемлекеттік қызметтердегі цифрлық серпіліс: бір жылда қазақстандықтар өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы шамамен 15 млн қызмет алды 11.02.2026
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан тұрғындары мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта өз бетінше алу мүмкіндігін белсенді пайдаланып келеді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады. Талдау нәтижесіне сәйкес, өзіне-өзі қызмет көрсету секторындағы өтініштер саны бір жыл ішінде 6,6 млн-нан астамға өсіп, шамамен 14,8 млн-ға жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 8,2 млн болған.Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы ең көп қызмет алған өңір — Алматы қаласы. Мұнда бір жылда 2,3 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Одан кейін Алматы облысы (1 млн-нан астам) және Түркістан облысы (шамамен 1 млн) келеді. Абай облысында 2025 жылы өзіне-өзі қызмет көрсету секторында тұрғындарға 430 мыңнан астам қызмет көрсетілді, бұл өңірде цифрлық форматтың танымалдығы артып келе жатқанын көрсетеді.Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында ең көп сұранысқа ие болған бес қызмет: электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, архивтік анықтамаларды рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, соттылығының бар немесе жоқтығы туралы анықтама беру, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқтығы туралы анықтама алу.«Біздің барлық жұмысымыз азаматтарға ыңғайлы болуына бағытталған: әр адамға қызмет алудың қолжетімді және өзіне ыңғайлы тәсілін таңдау мүмкіндігі берілуі тиіс. Біреулер мобильді қосымшаларды, электрондық үкімет порталы мен онлайн платформаларды пайдаланса, енді біреулер банк қосымшалары арқылы алады, ал кейбірі ХҚКО-ға жүгінеді. Біздің басты басымдығымыз — қызмет алушылардың жайлылығы мен ыңғайлылығы», — деді Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.Айта кетейік, 2025 жылы ХҚКО операторлары арқылы 13 млн-нан астам қызмет көрсетілген, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 млн-нан жоғары болған. Фронт-офистер арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көлемі бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалалары көш бастап тұр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/1159547?lang=kk
«Жаңа технологиялар мен инновацияларға басымдық – уақыт талабы» 11.02.2026
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында Жол-көлік колледжінде арнайы жиын өтті. Іс-шараға оқу орнының оқытушылары, магистрлер, сондай-ақ «Amanat» партиясы Абай аудандық филиалының өкілдері қатысып, Ата Заңның жаңа редакциясындағы маңызды өзгерістерге тоқталды.Жиын барысында қатысушылар Конституция жобасының еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудағы рөліне ерекше назар аударды. Колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, магистр Ақкүміс Айнақұлова жаңа редакциядағы өзгерістер мемлекеттік құрылымдардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.– Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер еліміздің одан әрі дамуына серпін береді. Бүгінде біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан өз саламызда жаңа технологияларды қолдануға, инновацияларды енгізуге басымдық беріп келеміз. Халықаралық қатынастардың күрделенуі, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, қоғам сұранысының артуы құқықтық жүйені жаңаша пайымдауды талап етеді. Осыған байланысты Конституция нормаларын қазіргі заман талаптарына бейімдеу – уақыт талабы, – деді магистр.Сонымен қатар, «Amanat» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев жаңа редакциядағы Конституцияны қабылдау қоғам сұранысына, заманауи талаптарға және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келетінін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңдағы өзгерістер елдің орнықты дамуына, әділ әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.Жиын соңында қатысушылар Конституция жобасының маңыздылығын атап өтіп, оған толық қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Шымкенттегі «Алаш» базарында жаңа Конституция жобасы түсіндірілді 11.02.2026
Шымкент қаласындағы «Алаш» базарында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шара барысында жоба аясындағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттар жан-жақты таныстырылды.Кездесуде Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Алтай Ордабеков сөз сөйлеп, жаңа Ата Заң жобасының мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияда адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл бастамалар елдегі демократиялық үдерістерді дамытуға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.Сонымен қатар спикер жаңа редакцияда кәсіпкерлік қызметке қатысты құқықтық кепілдіктерге ерекше мән берілгенін атап өтті. Меншік құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру бизнес субъектілері үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.Кездесуге базар қызметкерлері мен кәсіпкерлері белсенді қатысып, жоба аясындағы бірқатар нормалар бойынша сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау, жер қатынастары, салық саясаты және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.Қатысушылардың пікірінше, мұндай кездесулердің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндірумен қатар, азаматтардың ұсыныстарын жинақтап, қоғамдық талқылауға белсенді тарту. Шара қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.
Шымкент: Автокөлік саласының өкілдері жаңа Конституцияны қолдайды 11.02.2026
Шымкент қаласында автомобиль көлігі саласының қызметкерлері – автобус жүргізушілерінен бастап тасымалдаушы компаниялардың директорлары мен диспетчерлеріне дейін – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған ашық қоғамдық жиынға қатысты.Кездесу барысында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жан-жақты қаралып, қатысушылар пікір алмасты. «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттің адамға бағдарлануын күшейту екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция қоғам сұранысына сай құндылықтар мен қағидаттарды айқындап, саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. «Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына басты басымдық берілген», – деді ол.Шымкент қаласындағы «Ауыл» партиясының өкілі Әл-Фараби Мынбай жаңа редакциядағы Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалғанын жеткізді. Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық секілді іргелі құндылықтар өзгеріссіз сақталады. Конституциялық деңгейде әділдік, заң мен тәртіп қағидаттары, табиғатқа ұқыпты қарау ұстанымы бекітілуі – жаңа құжаттың маңызды ерекшеліктерінің бірі екені атап өтілді.Жиын барысында жаңа Негізгі заңның стратегиялық басымдықтары да сөз болды. Спикерлер білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамыту мемлекет болашағының негізі екенін айтты. Дархан Қаюповтың пікірінше, бұл – ел дамуының бағытын табиғи ресурстардан адам капиталына қарай бұратын маңызды қадам.Сондай-ақ цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасының енгізілуі қазіргі заман талаптарына берілген нақты жауап ретінде бағаланды.Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның елдің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
2026 жылғы 1 ақпанда Министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі Заң департаментімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп стандарттарын нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған оқыту семинарын өткізді 11.02.2026
Іс-шара барысында адалдық, әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген қызметтік мінез-құлық стандарттары түсіндірілді. Азаматтармен және әріптестермен кәсіби қарым-қатынас жасау, іскерлік әдеп нормаларын сақтау және мемлекеттік органдар қызметінде клиентке бағдарлану мәселелері қарастырылды.Қатысушыларға мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу тетіктері, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу талаптары, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті сақтау және ұтымды пайдалану қағидалары егжей-тегжейлі түсіндірілді.Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау және қаржылық бақылау тетіктері мәселелеріне ерекше назар аударылды.Сонымен қатар еңбек тәртібін сақтау, құмар ойындарға қатысуға тыйым салу, қоғамдық орындарда алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйде болуға жол бермеу, мемлекеттік қызметтің зайырлы сипатын қамтамасыз ету және кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу талаптары атап өтілді.Семинар қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыру, Әдеп кодексінің нормаларын мүлтіксіз сақтау және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту қажеттілігі ерекше атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1159507?lang=kk
Қазақстан Президенті пәкістандық The News Pakistan басылымына сұхбат берді 11.02.2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 ақпанда The News Pakistan басылымына берген сұхбатында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастың негізгі тіректері ретінде өзара байланыстылық пен экономикалық ынтымақтастықты атап өтті. Ол сауда көлемін ұлғайту, көлік дәліздерін дамыту және өңірлік тұрақтылықты нығайтудың маңызын ерекше атап көрсетті.Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік барған сайын нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуда.Қазақстан стратегиялық маңызы бар Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан көлік дәлізін дамытуға қатысуға дайын. Аталған бағыт Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстырып, сауда ағындарын арттыруға, сондай-ақ екі елдің өңірлік көлік желілеріндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар Қ.Тоқаев Қазақстандағы ішкі жаңғыру үдерісіне тоқталып, жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды неғұрлым теңгерімді әрі есеп беретін саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған кешенді өзгерістердің бір бөлігі ретінде сипаттады.«Қазақстан суперпрезиденттік модельден бас тартып, ықпалды парламентке және есеп беретін үкіметке сүйенетін, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі орныққан президенттік республикаға көшті», – деді Президент.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-beirut/press/news/details/1159509?lang=kk
Мұғалімнің жетістіктерін білім бөлімі мойындады 11.02.2026
Бүгін Осакаров ауданының білім бөлімінің басшысы Бекова Д.Е. КММ «А. Бөкейхан атындағы тірек мектеп (ресурстық орталық)» информатика пәнінің мұғалімі Болат Бабектің еңбегін атап өтті.«Грандэуер» командасы «ASTANA TECH CUP-2026» республикалық чемпионатында Autonomous Car Racing санаты бойынша III орын иеленіп, Түркия елінде өтетін Fibonacci International Robot Olympiad олимпиадасына жолдама алды.Сонымен қатар, Болат Бабек өзінің кәсіби біліктілігін белсенді түрде дамытып келеді: педагог Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында өткен «Орталық Азияның бастауыш және орта мектептеріне арналған STEM педагогтерін даярлау» атты халықаралық біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтті.Алынған білім мен тәжірибе мектептің білім беру үдерісінде тиімді қолданылып, аудан мен облыс білімінің дамуына үлес қосады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-osakarovka/press/news/details/1159480?lang=kk
Білу маңызды жаңа Салық кодексі бойынша сұрақтар мен жауаптар 11.02.2026
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жаңа Салық кодексі бойынша білу маңызды сұрақтар мен жауаптарды ұсынады. 1) Сұрақ: 2026 жылға дейін ветеринариялық дәрілік заттарды өткізу ҚҚС-тан босатылған болатын, 2026 жылы мұндай босату көзделген бе?Жауап: 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Салық кодексінің 394-бабының 34) тармақшасына сәйкес ветеринария саласында қолданылатын дәрілік заттарды өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған.Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Салық кодексінде осындай ұқсас нормалар көзделмеген.Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ветеринариялық дәрілік заттарды өткізу ҚҚС-тан босатылмайды және оларды өткізу бойынша айналым ҚҚС-тың 16 пайыздық мөлшерлемесі бойынша жалпыға бірдей тәртіппен салық салуға жатады. 2) Сұрақ: КБТМКК шеңберінде дәрілік заттарды өткізу ҚҚС-тан босатылады, алайда іс жүзінде сатып алушы дәрілік заттарды жоғары бағамен қосымша төлем жасау арқылы сатып алып, оның бір бөлігін бюджеттен КБТМКК шеңберінде өтеуге құқылы. Осындай қосымша төлем сомасы ҚҚС-қа жата ма?Жауап: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі (КБТМКК) шеңберінде, сондай-ақ (Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен бекітілген) дәрілік заттар тізбесіне енгізілген орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды өткізу ҚҚС-тан босатылады.Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес КБТМКК бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін медициналық көмектің көлемін білдіреді. Бұл ретте КБТМКК-ны қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ азаматтардың ерікті түрде қосымша төлем жасау жолымен қатысуы мүмкін.Осылайша, Денсаулық сақтау туралы кодексте көзделген ұғымға сәйкес, КБТМКК бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін медициналық көмекті қамтиды, ал қосымша төлем дәрілік заттың нақты құны мен бюджет есебінен өтелетін сома арасындағы айырманы сатып алушының ерікті түрде, ақылы негізде төлеуін білдіреді.Соған сәйкес, сатып алушы тарапынан дәрілік заттың құны мен КБТМКК шеңберінде өтелетін сома арасындағы айырма ретінде ерікті түрде жүзеге асырылатын қосымша төлем ҚҚС-тан босатуларды қолданбай, жалпыға бірдей тәртіппен ҚҚС-қа жатады. 3) Сұрақ: ҚҚС-тан босатуды қолданудың шарттарының бірі КБТМКК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу шартының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығына сәйкес рәсімделуі болып табылады.Іс жүзінде дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алу тауарлар нақты әкелінгеннен кейін жүргізіледі, осыған байланысты импорттаушы КБТМКК және МӘМС шеңберінде кейіннен өткізілетін дәрілік заттарды импорттау кезінде ҚҚС-тан босатуды қолдана алмайды.Жауап: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап КБТМКК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде, сондай-ақ орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды импорттау ҚҚС-тан босатылады.Бұл ретте дәрілік заттар тізбесі, сондай-ақ дәрілік заттарды импорттау кезінде ҚҚС-тан босатуды қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 қаулысымен бекітілген.Қағидаларға сәйкес ҚҚС-тан босатуды қолданудың шарттарының бірі КБТМКК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу шартының болуы болып табылады.Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығына сәйкес рәсімделген КБТМКК және МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттарды жеткізу шарты ғана дәрілік заттарды өткізу КБТМКК және МӘМС шеңберінде жүзеге асырылатынын растайды.Осылайша, дәрілік заттарды импорттау кезінде КБТМКК және МӘМС шеңберіндегі жеткізу шарты болмаған жағдайда, егер мұндай дәрілік заттар Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, медициналық бұйымдардың жинақтаушылары, сондай-ақ техникалық көмекші (өтемдік) құралдар тізбесіне енгізілген болса, импортқа ҚҚС 5 пайыздық мөлшерлеме бойынша төленуге жатады.Ал егер дәрілік заттар 5 пайыздық мөлшерлеме қолданылатын тізбеге енгізілмеген болса, импортқа ҚҚС 16 пайыздық мөлшерлеме бойынша төленуге жатады. 4) Сұрақ: Медициналық қызметтер көрсететін, ҚҚС төлеуші болып табылмайтын салық төлеушілер ЭШФ жазуға міндетті ме?Жауап: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС төлеуші болып табылмайтын кейбір санаттағы салық төлеушілер үшін электрондық шот-фактура (ЭШФ) жазу міндеті туындайды.Атап айтқанда, Салық кодексінің 208-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, бұл санатқа Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық бұйымдардың жинақтаушыларын, сондай-ақ техникалық көмекші (өтемдік) құралдарды өткізу бойынша медициналық қызметтер көрсететін салық төлеушілер жатады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1159471?lang=kk
Астанадағы жәрмеңкеде етке сұраныс жоғары 11.02.2026
Астана қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңкеде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен, оның ішінде Абай, Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылуда. Жәрмеңкеде шамамен 60 тонна бакалея өнімі, 50 тонна көкөніс өнімі, 50 тонна ет өнімі, сондай-ақ көкөністер мен жемістер, ет, ұн және сүт өнімдері, табиғи шырындар, тосаптар, джемдер және басқа да өнімдер нарықтық бағадан төмен бағамен сатылуда. Картоп 130 тг/кг-нан бастап, пияз 150 тг/кг, қырыққабат 170 тг/кг сатылуда. Ет өнімдерінен сиыр еті 3300–3500 тг/кг, жылқы еті 3000–3300 тг/кг, қой еті —3500 тг/кг ұсынылған. Жәрмеңке демалыс күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін «Keryen Joly» СОО аумағында, Алаш тас жолы, 35Б мекенжайы бойынша өтуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1159407?lang=kk