Қоғам
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні 09.05.2025
Құрметті Рудный қаласының тұрғындары! Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен құттықтауымызды қабыл алыңыздар!7 мамыр – ерлік пен батырлықтың, Отанға деген адалдықтың ұмытылмас күні. Бұл күні біз еліміздің қауіпсіздігі мен егемендігін қорғап, халықтың тыныштығы мен бейбіт өмірін қамтамасыз етіп жүрген барша азаматтарға құрмет көрсетеміз.Біз ардагерлердің, әскери қызметшілердің және өз өмірін Отанға қызмет көрсетуге арнаған барлық азаматтардың ерлігіне терең құрметпен басымызды иеміз.Біздің қорғаушыларымыздың рухының беріктігі, ержүректігі мен патриотизмі тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі болып табылады. Жас ұрпақ Отан қорғаушы деген мәртебелі атақты зор құрметпен алып жүрген азаматтардан үлгі алсын.Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық амандық және бейбіт аспан тілейміз! Құрметпен,Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат ИскаковРудный қалалық мәслихатының депутаттарыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-rudnyy/press/news/details/991203?lang=kk
Марат Сұлтанғазиев Жеңістің 80 жылдығымен ардагерлерді құттықтады 09.05.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев соғыс ардагерлері Тәңірберген Толғанбаев пен Фёдор Емельянович Ковалевті арнайы барып құттықтады.Облыс басшысы ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысы атынан құттықтап, мерейтойлық медальдар табыстады. Сонымен қатар, батырларға Қонаев қаласынан жаңа жайлы пәтерлердің кілттері берілді. Айта кетейік, облыстағы барлық Ұлы отан соғысы ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар берілген болатын.Марат Сұлтанғазиев соғыс жылдарындағы ерліктері үшін шын жүректен алғысын айтып, ардагерлерге қамқорлық көрсету — мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.— Бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, ерлік көрсеткен жандардың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Сіздердің жеңіске қосқан үлестеріңіз баға жетпес. Біз әрқашан Сіздерді мақтан тұтамыз, — деді облыс әкімі.Ардагерлер көрсетілген құрмет пен қолдау үшін өңір басшылығына алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулер жеңімпаз ұрпағына деген терең сыйластықтың белгісі екенін айтты.Жеңістің 80 жылдығын атап өту — халықты ортақ тарих пен жарқын болашақ идеясы төңірегінде біріктіретін маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/991206?lang=kk
Күш, құрмет және алғыс 09.05.2025
Қонаев қаласының орталық алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараларға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қонаев гарнизонының бастығы, гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиев, Ауған соғысының ардагерлері, өзге де әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, Қарулы Күштердің ардагерлері, Қонаев гарнизонының әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары қатысты.Жиналған қауым орталық алаңда орнатылған еңселі сахнадағы кең экраннан Астана қаласындағы әскери парадтың ашылу салтанатын тамашалап, Мемлекет басшысының құттықтауын тікелей эфирде тыңдады. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қарулы Күштердің маңызын атап өтті.Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің тапсырмасымен еліміздің Қарулы Күштерінде жүйелі жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті: – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жаңғыру үстінде. Олар ұлттық қауіпсіздіктің кепіліне, қоғамның тірегіне айналуда. Біздің Отан қорғаушыларымыз тек шекараны күзетіп қана қоймай, азаматтық келісімді нығайтуға және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді, – деді өңір басшысы.Мерекелік шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Алматы облысы әкімінің атынан Қонаев гарнизонының және Ұлттық ұланның жиырма шақты әскери қызметшісіне алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандар арасында полковник Жеңісжан Байжан, подполковниктер Данияр Маменов пен Берік Елікбаев, гвардия майоры Дархан Жәнсікбаев, майор Нұрлан Ожаров, лейтенант Лаура Бекболатова және сержант Елдос Қарбозов пен өзге де қызметкерлер бар.Мерекелік көңіл күйді шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама жалғастырып, іс-шараға ерекше сән мен жылулық сыйлады.Сонымен қатар, №20030 әскери бөлім аумағында заманауи әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, жеке құраммен әңгімелесіп, бөлімнің жабдықталу деңгейіне жоғары баға берді.Қонаев қаласында өткен Отан қорғаушы күні бірлік пен ел тыныштығын күзеткен жандарға деген құрмет рухында өтті. Мерекелік шаралар армия мен халық арасындағы байланысты нығайтудың – Қазақстанның орнықты дамуының кепілі екенін тағы бір мәрте көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/991168?lang=kk
Швед компаниялары Қазақстанда локализация мен тұрақты жобаларға қызығушылық танытуда 09.05.2025
Стокгольм, 2025 жылғы 5-6 мамыр — Швецияның Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының ресми делегациясының Швеция Корольдігіне сапары аясында ұйымдастырылған қазақстан-швед іскерлік дөңгелек үстелі өтті. Сапардың негізгі мақсаты екіжақты инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін Швеция бизнесінің жетекші өкілдері арасында ілгерілету болды.Қазақстан делегациясын ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков басқарды. Оның құрамына ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің Төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің Төрағасы Нұрлан Қапенов, «Қазақстан машина жасаушылары одағы» ЗТБ Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның шетелдік өкілі Ұлбосын Сарыбаева, сондай-ақ машина жасау, энергетика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың өкілдері кірді.Швед тарапын Швеция СІМ-нің даму мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және сыртқы сауда мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсе басқарды. Дөңгелек үстел жұмысына Business Sweden, Шведтің Еуразия елдері бойынша сауда-өнеркәсіп палатасының, сондай-ақ ABB, Scania, Ericsson, Sandvik, Epiroc, SKF AB, Vaderstad AB, Tornum Group және Volvo Trucks сияқты ірі швед компанияларының өкілдері қатысты.Іс-шараны аша отырып, Мемлекеттік хатшы Диана Янсе атап өтті: «Қазақстан тұрақтылық пен тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп отыр, бұл бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасайды. Бұл форум өзара әрекеттестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашады, және Швеция елдеріміз арасындағы өзара тиімді жобаларды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын». Мемлекеттік хатшы сондай-ақ швед бизнесін Қазақстанмен бірлескен бастамаларға белсене қатысуға шақырды.Талқылаулар барысында тараптар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің елеулі әлеуетін атап өтті. Швед бизнесінің тұрақты даму мен «жасыл» ауысу қағидаттарына сәйкес келетін жобаларды іске асыруға қатысты инвестициялық мүмкіндіктерге деген қызығушылығы ерекше атап өтілді.Қазақстан тарапынан инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылып, шетелдік компаниялардың қатысуына ашық нақты жобалар таныстырылды. Экономиканың негізгі салаларында инновациялық шешімдер мен озық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.Сапар аясында қазақстандық делегация Volvo Trucks, Scania CV AB, Swedish Solar Energy қауымдастығы және Sandvik компанияларының өкілдерімен жеке кездесулер өткізіп, швед техникасы мен жабдықтарын Қазақстанда локализациялау мүмкіндіктері талқыланды.Іс-шаралар қорытындысы бойынша салалық министрліктер, іскерлік қауымдастықтар және компаниялар деңгейінде мазмұнды диалогты жалғастыру, сондай-ақ практикалық ынтымақтастықтың нақты тетіктерін әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.Қазақстан-швед дөңгелек үстелі инвестиция, технология және тұрақты даму салаларына басымдық бере отырып, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастыру үшін маңызды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-stockholm/press/news/details/991155?lang=kk
«Соңғы хат» – жүрекке жеткен үн: Көкшетауда соғыс тақырыбындағы қойылымдар өтеді 09.05.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Көкшетау қаласында бірқатар рухани-мәдени шаралар өткізіледі. Солардың ішінде ерекше назар аударарлық екі қойылым – «Соңғы хат» және «Сарбаздың әкесі». Бұл туындылар соғыс зардабын шынайы түрде бейнелеп, көрерменнің жүрегіне жол табатын қойылымдар болмақ.7 мамыр күні сағат 17:00-де Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Соңғы хат» спектакль-концертінің премьерасы өтеді. Қойылымның инсценировкасын театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбай жасап, режиссерлік тізгінді «Мәдениет саласының үздігі» Медет Хамзин ұстаған.«Қойылымда сұрапыл соғыстың адамзат жүрегіне салған ауыр жарасы, майдан даласында қаза тапқан батырлар рухына тағзым, бейбіт өмірдің қадірі мен майданнан жеткен қаралы хаттар арқылы соғыс трагедиясы көркем бейнеленеді. Сонымен қатар, сол жылдардағы әндер шырқалып, көрерменге бейбіт күннің мәні мен құнын ұғындырады», дейді ұйымдастырушылар.6, 8 және 10 мамыр күндері сағат 18:00-де Ақмола облыстық орыс драма театрында Сулико Жгентидің «Сарбаздың әкесі» атты пьесасының желісімен сахналанған қойылым өтеді. Бұл қойылымды театрдың бас режиссері, «Мәдениет саласының үздігі» Ольга Луцива сахналаған.Қойылымда қарт грузин шаруасы Георгий Махарашвилидің соғысқа аттанған ұлын іздеп, майдан даласына өз еркімен аттанғаны баяндалады. Ол соғысқа жауынгер ретінде емес, әке ретінде барады. Жолында кездескен адамдардың тағдыры арқылы ол соғыстың ортақ қасірет екенін түсінеді. Қойылымда махаббат, үміт, адамгершілік, төзімділік пен әкелік мейірім секілді құндылықтар терең қозғалады.Пьеса әйгілі режиссер Резо Чхеидзе түсірген 1964 жылғы «Сарбаздың әкесі» фильміне негізделген. Шығарма XX ғасырда көрерменнің жүрегін жаулап, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Бұл – пафоссыз, шынайы әңгіме, соғыс кезіндегі адами сезімдер мен рухтың биіктігін паш ететін туынды.Екі қойылым да Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи-мәдени еске алу шараларының ажырамас бөлігі. Ұйымдастырушылардың мақсаты – көрерменнің жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік, тарихи жад пен бейбіт өмірдің құндылығына деген құрметті ояту.Іс-шараларға жастар, шығармашылық қауым өкілдері, ардагерлер ұйымдарының мүшелері мен театр өнерін сүйетін жұртшылық шақырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/991166?lang=kk
Бір сапта иық тіресіп ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 400 әскери қызметшісі Астанада өткен шеруде тағзым етті 09.05.2025
Астанада Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті.— Әскери шеруге қатысқан Ұлттық ұланның есептік тобында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары бар. Олар батырларымызға тағзым етіп, ерліктерін ұмытпайды. Жыл сайын Ұлттық ұланның әскери техникалары мен қару-жарақ түрлері заманға сай жаңаруда. Бүгінгі шеруде халық соның куәсі болды, — деп атап өтті парадтық есеп топты бастаушы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Абжанов.Ұлттық ұланнан парадқа 400-ден астам әскери қызметші қатысты. Атап айтқанда, шеруде жедел мақсаттағы 5573 әскери бөлімінің сарбаздары мен «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлері екі бөлек колоннамен сап түзеді.— Мен – Жеңістің мұрагерімін. Өйткені, бұл күнді жақындатқан батырлардың арасында менің де атам болды. Сондықтан соғыс жылдарындағы атамның ерлігін мақтан етемін. Ал бүгін сол Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруде қаруластарыммен бірге сап түзеу бақыты бұйырды, — деді «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгер.Сондай-ақ, құқықтық тәртіп әскерлерінің 30 өкілі Қазақстанның күш құрылымдары құрама оркестрімен бірге Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдеді.Парад барысында Ұлттық ұланның заманауи бронды техникасының 13 бірлігі көрсетілді. Олардың қатарында «Барыс» 6 × 6, «Алан-2», сондай-ақ жауынгерлік қорғаныс деңгейі жоғары «Cobra II» броньды машиналары болды. Бұдан бөлек, қауіпті аймақтар арқылы 17 адамға дейінгі жеке құрамды тасымалдауға қабілетті «Урал ВВ» арнайы машинасы да ұсынылды.Айта кетейік, парадқа ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының 4,5 мың әскери қызметшісі қатысты.Шеруде алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары шығарылды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/991135?lang=kk
Астанада қазақ-вьетнамдық стратегиялық серіктестігі талқыланды 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 7 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Буй Тхань Шонмен кездесу өткізді.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-вьетнамдық ынтымақтастығының жай-күйі мен даму келешегін талқылады.М.Нұртілеу Астананың Ханойды жақын достық байланыстар біріктіретін Оңтүстік Шығыс Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.«Біз Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына ерекше мән береміз. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Стратегиялық серіктестік орнату туралы тарихи бірлескен мәлімдеменің қабылдануы екіжақты қатынастарымыздағы жаңа әрі маңызды кезеңді айқындайды», – деді ҚР СІМ басшысы.Ол биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға бейілділігін растап, алдағы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі өршіл мақсаттың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты екіжақты ынтымақтастықты дамытуды жан-жақты үйлестіруге бағытталатын қазақ-вьетнамдық Стратегиялық кеңесін құру ұсынылды.Вьетнам СІМ басшысы стратегиялық серіктестікті достық пен өзара сенім рухында нығайтуға дайындығын растап, қазақ тарапын Ханойға іскерлік миссиямен келуге шақырды.Министрлер өзекті халықаралық күн тәртібін талқылап, Қазақстан мен Вьетнамның көптеген өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда екенін, сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК және ЕАЭО сияқты халықаралық ұйымдар аясында табысты ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.Кездесу соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды қолдауға және ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/991111?lang=kk
Рудныйда ел рухын көтерген экспозиция ашылды 09.05.2025
Рудный қаласында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған маңызды іс-шара өтті7 мамыр күні Рудный қаласының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне арналған экспозицияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шара – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналды. Бұл — бір жағынан елдік рухты көтеретін, екінші жағынан жас ұрпақты патриотизмге баулитын ерекше мазмұнды оқиға.Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен айнасы, елдігіміздің, тұтастығымыздың нышаны. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, рәміздерге деген құрмет – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – бұл жай ғана белгілер емес, олар — ұлт рухын, егемендігіміздің салтанатын айқындайтын қасиетті құндылықтар.Азаматтық рухты арттыратын алаңЖаңа экспозиция алаңы – 20 метрлік көк Ту тігілген алып флагшток, екі керамограниттен жасалған блок (3x2x0,5 м) және онда Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасы мен Әнұранның мәтіні жазылған. Кешен түнгі жарықпен жабдықталған және салтанатты іс-шаралар өткізуге бейімделген. Бұл – тек архитектуралық нысан емес, бұл – азаматтық рухты көтеретін идеялық алаң.Ұрпақтар сабақтастығы – ел болашағының тірегіІс-шараға қаланың Құрметті азаматтары, ардагерлер, алғашқы құрылысшылар, еңбек ерлері, мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері мен тұрғындар қатысты. Барлығы 3 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл — ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігінің нақты көрінісі.Қаланың ақсақалы Жаңбыршы Тлеуғабылов өз сөзінде:– Бұл кешен – елге, Туға, тарихымызға деген тағзым. Мұндай нысандар жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, тарихи жадыны жаңғыртады. Бұл – бабалар аманатына адалдықтың белгісі, – деді.Сөз сөйлеген қала әкімі Виктор Ионенко:– Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің елдігіміздің басты белгісі, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен тұтастығын білдіретін қасиетті нышандар. Оларды ұлықтау – әр азаматтың парызы. Бүгінгі экспозиция – елдік сана мен ұлттық бірегейлікті нығайтатын ерекше алаң. Бұл — тек архитектуралық нысан емес, бұл – халқымыздың жүрегінде терең орныққан тәуелсіздік рухының айғағы.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін біз ең алдымен рухани тұтастығымызды сақтауымыз қажет» деп айтқан еді. Біздің міндетіміз – жастарымыздың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Сондықтан біз оларды ұлттық құндылықтармен сусындатып, тарих пен ерліктің қадірін білуге тәрбиелеуіміз керек – деп атап өтті.Ел бойынша жалпыхалықтық сипатОтан қорғаушылар күніне арналған мұндай мерекелік шаралар бүгінгі таңда еліміздің барлық қалалары мен аудандарында өтуде. Бұл — Қазақстан халқының бірлігін, ұрпақтар сабақтастығын, ел қорғаған ардагерлер мен сарбаздарға деген құрметтің белгісі.Отанға адалдық – жастар тәрбиесінің өзегіЖастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті ояту, әскери қызметке құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында әскери бөлімнің (ВЧ-6697) әскери оркестрі мен сарбаздарының, қала мектептері мен колледждерінің оқушыларынан құралған 280 адамнан тұратын саптық шеру ұйымдастырылды. Бұл – болашақ ұрпаққа патриоттық рух дарытудың айқын жолы.Құрмет – ел игілігіне қызметОсы күні бірқатар азаматтарға жоғары марапаттар табысталды. «Рудный қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісімен Ахметжанов Ғабдолла, Глейзер Геннадий Ефимович, Кәкенов Жақсылық Кәкенұлы және Пентюхова Лилие Львовна марапатталды. Сондай-ақ Қостанай облысы мен Рудный қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталары табысталды.Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парадтың тікелей көрсетілімімен аяқталды. Бұл – ел ертеңін ойлаған азаматтарға арналған рухты жаңғыртатын, тарихи мәні терең күн болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ishki-sayasat/press/news/details/991118?lang=kk
Қарағандыда дәстүрлі «Жеңіс күні» республикалық турнирі 26(!) рет өтуде 09.05.2025
Еркін және әйелдер күресінен Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған біріншіліктің салтанатты ашылуы 7 мамыр күні Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ден астам ұлдар мен қыздар (2009-2011 ж.т.) қатысады. Жарысты ұйымдастырушылар-Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Дәулет» күрес түрлері бойынша ОРОМБЖМ.- Бұл жаңадан бастаған балуандар үшін өте маңызды біріншілік, - деп, атап өтті халықаралық санаттағы төреші, еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Алексеевич Мыцык, - қазір көптеген танымал спортшылар өздерінің табысқа жету жолын осы жарыстардан бастады. Мұнда ел чемпионатына қатысатын құрама командаларға балалар іріктеледі. Ең бастысы, бұл турнир спортшылар арасында танымал әрі маңызды болып қана қоймай, сонымен бірге осындай ұлы мереке – Жеңіс күніне арналғандықтан тәрбиелік мәні зор. Балалар соғыс батырларын бір минут үнсіздікпен еске алды, осы сәтте әр балада арғы аталары үшін, бейбіт елі үшін патриотизм мен мақтаныш сезімдері пайда болатынына сенімдімін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-sport/press/news/details/991122?lang=kk
2025 жылы 10 мың бизнес-бастамаға қолдау көрсетіледі 09.05.2025
ҚР Ұлттық экономика министрлігі бизнестің жеңілдікпен қаржы алуын кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы екі жаңа қолдау құралын іске қосты. Олар кез-келген ауқымдағы компанияға, мейлі ол кіші болсын, мейлі ірі болсын, кепіл жеткіліксіз болған күнде де қаржы алуға мүмкіндік береді.Бірінші қолдау құралы құны 7 млрд теңгеден басталатын ауқымды жобаға есептелген. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым мен экспортты қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Мемлекет қарызға кепілдік бергендіктен, бұл банк үшін тәуекелді азайтады. Осылайша бизнестің несие алуы жеңілдейді.Екінші қолдау шағын және орта кәсіпорынға жасалады. Құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға тиесілі. Кәсіпкерлер қажетті қаржыны кепілсіз алады. Бүгінгі таңда бес банкпен келісімге қол қойылса, тағы екеуі жұмыс үстінде. Әріптестер тізімін кеңейту жұмысы жүріп жатыр.Бағдарламаның алғашқы нәтижесі де белгілі. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 34 жоба қолдау тапқан. Кепілдік беру рәсімі жеңілдетіліп, екі жұмыс күні ішінде орындалады. Мұны алушы – өндіріс, көлік, білім беру секілді түрлі сала өкілі.2025 жылдың соңына дейін 10 мың жоба қолдау таппақ. 2028 жылға қарай кепілдік портфелінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткізіледі. Осылайша, жыл сайын бизнестің 50 мыңнан астам бастамасына қолдау көрсетіледі.Бүгінгі таңдағы Даму қорының әріптестері Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank, Fortebank, Bank RBK, Bereke Bank пен Қазақстан–Зираат Интернешнл Банк. Кәсіпкерге несие сомасының 85%-на дейін қордың кепілдігі берілгендіктен, қарызды оңай ала алады.Жаңа тетіктердің арқасында қаржылық инфрақұрылым тұрақты түрде дамып, банктердің тәуекелі азаяды, отандық бизнестің өсу мүмкіндігіне үлес қосылады.Бұл бастамалар экономикалық өсуді жеделдету шаралары шеңберінде іске асырылуда. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2025 жылы «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайту жоспарланғаны хабарланған. Осының арқасында, 8 трлн теңгеге дейінгі қаражатты жаңа жобаларды іске қосуға арнап, өндірістің қуатын ұлғайтуға, жоғары өнімді жұмыс орнын құруға мүмкіндік артады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/991101?lang=kk
Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады 09.05.2025
Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері көрнекті опера әншісі Бибігүл Төлегенованы құттықтады. Әскери қызметшілер әншіге гүл шоқтары мен аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы туралы кітапты сыйға тартты.Бостандық ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы полковник Арман Тұрғанбаев әншіге алғысын білдірді. – Сіз таңғажайып ерік-жігер мен өміршеңдіктің жарқын мысалысыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілейміз, – деді А. Тұрғанбаев.Бибігүл Ахметқызы әскери қызметшілерге алғыс айтып, келе жатқан мамыр мерекелері – Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтады. Жеңіс күніне арналған көптеген құттықтауларға қосылған Бибігүл Ахметқызы қазақстандықтарға ашық аспан, амандық және мерекелік көңіл-күй тіледі. – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін бүгінгі әлемде өмір сүріп жатқан ардагерлер мен олардың отбасыларына құрмет пен ыстық ықыласымды білдемін. Қазақстан халқы соғыс деген сөзді ешқашан білмесін, – деп тілек тіледі ардагер әнші.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991049?lang=kk
Қазақстандық оқушылар Бразилиядағы химия бойынша Халықаралық олимпиадаға қатысуда 09.05.2025
Белу-Оризонти, 2025 жылғы 6 мамыр - Бразилияның Минас-Жерайс штатының астанасында замана ғылым мен бразилиялық дәстүрлерді ұштастырған интерактивті форматта 59-шы Халықаралық Менделеев химия олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.Олимпиадаға Қазақстан командасы еліміздің әр өңірінен келген дарынды оқушылармен ұсынылып, 40 елден келген қатысушылар арасындағы ең көп оқушысы бар командалардың бірі атанды (11 мектеп оқушысы).2025 жылғы 6–12 мамыр аралығында Бразилияның БРИКС-ке төрағалығы аясында өтіп жатқан Олимпиада, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің химия факультеті мен Мельниченко қоры Минас-Жерайс Федералды университетімен бірлесе ұйымдастырды.Іс-шараның ашылу салтанатына Бразилиядағы Қазақстан Елшілігінің өкілдері қатысып және қазақстандық команданы шын жүректен қошеметтеп, алдағы зияткерлік сайыста сәттілік пен жеңіс тіледі.Анықтамалық: Халықаралық Менделеев химия олимпиадасы (International Mendeleev Chemistry Olympiad – IMChO) — мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ірі халықаралық химия сайысы болып табылады. Бұл – ең көне байқаулардың бірі және 1967 жылы тағайындалған. Олимпиада, әдетте, сәуір айының соңында немесе мамырдың басында өтеді. Биылғы олимпиада Бразилияның БРИКС-ке төрағалық етуіне орай орайластырылды. Менделеев олимпиадасы — химия саласындағы ең күрделі жарыс болып саналады және оны Периодтық заңды ашқан ұлы химик Дмитрий Менделеевтің құрметіне атаған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/991047?lang=kk
Астанада «Қазақ даласы – Жеңістің алтын бесігі» атты мерекелік концерт өтті 09.05.2025
Бейбітшілік және келісім сарайында Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт өтті.Іс-шараға тыл еңбеккерлері, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың ардагерлері мен әскери қызметшілері, сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин, қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты.Белгілі қазақстандық мәдениет қайраткерлері, жетекші әртістер, оркестрлік, хор және би ұжымдары әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне, әскери колледж бен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілеріне арнап паториоттық композициялар мен соғыс жылдарындағы әндерді орындады.Эстрадалық-симфониялық оркестр мен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі орындалды. Біріккен шығармашылық ұжым ұлы дала әуендері мен оркестрлік музыканың күшін біріктіре отырып, ұлы композитордың дүниетанымын шебер жеткізе білді.Жоңғар шапқыншылығының ауыр кезеңіндегі қазақ халқының басына төнген қауіп-қатер, азап-қиыншылықты, боскан елдің мұң-зарын толғайтын тарихи сазды «Елім-ай» орындалды.«Соғыс хаттары» мизансценасында Әлия есімді бойжеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға үндеу жолдау арқылы тақырыптың идеялық мазмұнын бейнелі түрде көрсете білді. Көңіл толқытарлық көрініс «Әлия» әнінің орындалуымен аяқталды.«Жас қазақ», Журавли», «Тальяночка», «Три танкиста», «Яблочко», «Эх, дороги», «Синий платочек», «Катюша», «Ехал я из Берлина» және «Майский вальс» әндерін көрермен жылы қабылдады.Солистер мен вокалдық топтардың, сондай-ақ, хор ұжымдарының орындауында әскери-патриоттық тақырыптағы «Қарулы күштер», «Ғасырлар үні», «Ұмытпаймыз», «Мен қазақ», «Қазақстан – байтақ дала», «Сауыт» және «Атамекен» әндері шырқалды. Концертті К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылары мен солистері «Жеңіс күні» және «Атамекен» әндерімен қорытындылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991018?lang=kk
Аргентинаның Сыртқы істер министрлігінде екіжақты ынтымақтастық «сағаттар теңестірілді» 09.05.2025
Буэнос-Айрес, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинада қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентина Республикасына жұмыс сапары аясында Аргентинаның жаңадан тағайындалған Сыртқы істер министрінің орынбасары Эдуардо Бустаманте және Саяси директор, Елші Бетина Паскали-Фонсекамен кездесті.Қазақстан Елшісі өз елінің Сыртқы істер министрлігі басшылығы атынан Эдуардо Бустаманте мырзаны Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің құттықтау хаты мен кезекті саяси консультацияларды өткізу үшін Астанаға шақыруы табысталды.Келіссөздер күн тәртібінде 2023 жылғы 22 тамызда Буэнос-Айрес қаласында өткен саяси консультациялардың төртінші отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, сондай-ақ екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Бұған қоса, тараптар Аргентинаның Сыртқы істер министрлігінде 2024 жылғы 5 маусымда өткен екіжақты кездесудің кейбір аспектілерін талқылады.Бұл ретте, тараптар, екіжақты күн тәртіп бойынша қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына қатысты бірқатар жетістіктерді қанағаттанушылықпен атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы Аргентина Парламентінде «Қазақстан-Аргентина» парламенттік достық тобының құрылуы мен 2024 жылғы 18 желтоқсанда қазақстандық әріптестермен алғашқы бірлескен онлайн отырысының өткізілуі. Сонымен қатар, биыл «Қазақстан ет одағы» және «Аргентиналық ұлттық сиыр етін ілгерілету институтының» тең төрағалығымен «Қазақстан-Аргентина» Іскерлік кеңесінің құрылуы.Осыған байланысты Елші, Аргентинаның Сыртқы істер министрлігі басшылығын 2025 жылғы 7 мамырда Буэнос-Айрес қаласында өтетін Іскерлік кеңестің құрылтайшылары арасында тиісті меморандумға қол қою рәсіміне және кеңестің алғашқы отырысына қатысуға шақырды. Бұдан бөлек, тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың бесінші отырысына қатысты кейбір мәселелерді талқылады.Қазақстан Елшісі көпжақты ынтымақтастық аясында Аргентина тарапына Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Алматыда орналасатын БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру туралы қарарды қолдағаны үшін алғысын білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/991019?lang=kk
Мәжілісте Мажарстанмен парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланды 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 6 мамыр - Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мажарстан Мемлекеттік жиналысының Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшісі Шандор Фазекаш бастаған делегациямен кездесті.Мажар депутаттарын қарсы алған Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мажарстанды берік стратегиялық серіктестік байланыстыратынын атап өтті.– Қазақстан Еуропалық Одақтағы стратегиялық әріптесіміз Мажарстанмен тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Бауырлас елдерімізді тәуелсіздік, татулық пен ұлттық мәдениеттің ортақ құндылықтары біріктіреді. Ортақ тарихи мұрамыз жемісті диалог пен сан саладағы ықпалдастыққа арқау болуда. Біздің көшбасшыларымыздың арасындағы сенімді қарым-қатынас – осының кепілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Будапешт қаласына жасаған алғашқы мемлекеттік сапары стратегиялық әріптестігіміздің 10 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар, – деді Мәжіліс төрағасы.Ерлан Қошанов Мәжілістің Мажарстан Мемлекеттік жиналыспен парламентаралық байланысты дамытуға үлкен мән беретінін баса айтты. Өткен жылы Будапешт қаласына сапар барысында екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға берік негіз болды. Сондай-ақ Палата спикері мажар депутаттарының Қазақстанмен парламентаралық достық тобы аясындағы белсенді жұмысына назар аударып, Шандор Фазекашты Қазақстанмен достық тобының төрағасы болып сайлануымен құттықтады.Өз кезегінде Шандор Фазекаш мажар қыпшақтарының қазақ халқына ыстық сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, қазір олар Мажарстанда 50-ге жуық елдімекенде тұрып жатыр және ата-бабаларының тарихи отанымен байланысын ерекше бағалайды.– Біз үшін түп-тамырымыздың бір болуының мәні зор. Осы деректі, осы мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. 1990 жылдан бастап тарихи байланысымызды қайта орнатып, елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіре бастадық, мұны шынымен жоғары бағалаймыз. Мажар қыпшақтары және бүкіл мажар халқы үшін Қазақстанның тәуелсіз ел болуы маңызды. Қазір өркендеген мемлекетке айналып келе жатыр. Соның арқасында біз дипломатия, экономика және мәдениет салаларында берік байланыс орната алдық, – деді Мажарстан делегациясының басшысы.Тараптар ауыл шаруашылығы, экология, мәдени-гуманитарлық бағыттарда ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.Мәжіліс төрағасы елдеріміздің Түркі мемлекеттері ұйымы мен ТүркПА аясындағы жемісті ықпалдастығын, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында мажар әріптестермен байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу соңында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Шандор Фазекашқа II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.Дереккөз: https://mazhilis.parlam.kz/kk/multimedia-center/news/16819Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/991024?lang=kk
Қазақстан мен Мажарстан парламентаралық ынтымақтастық пен ЕКПА шеңберінде серіктестікті нығайтуда 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламентінің) делегациясын қабылдады.Мажар делегациясының құрамына «Қазақстан-Мажарстан» парламенттік ынтымақтастық тобының төрағасы Шандор Фазекаш, оның орынбасары Шандор Ковач, сондай-ақ Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің мүшесі Жолт Немет кірді.Сұхбат барысында тараптар парламентаралық диалогты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Еуропа кеңесі мен ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, қазақ-мажар қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.М.Нұртілеу тарихи достыққа, өзара құрметке және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша көзқарастардың сәйкес келуіне негізделген Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.Қазақстан дипломатиясының басшысы Ш.Фазекашты екіжақты байланыстарды нығайтуға және парламентаралық байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін көрсететін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген мемлекеттік награда – II дәрежелі «Достық» орденінің табысталуымен құттықтады.Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен құқық үстемдігін, адам құқықтары және демократиялық қағидаттарды ілгерілету мәселелерінде өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар еуропалық институттармен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.Қазақстан СІМ басшысы Еуропа кеңесінің «2024-2027 жылдарға арналған көршілік саясаты шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықтың басымдықтары» бағдарламасы табысты іске асырылатына сенім білдірді. Ол еліміз үшін Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың логикасына толық сәйкес келетін адам құқықтары мен ішкі саяси дамудың бірқатар негізгі бағыттарын қамтиды.Өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету мәселелері Ж.Неметтің Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуі барысында одан әрі талқыланды, ол еуропалық қонақты Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.Еліміз Еуропа кеңесінің төрт конвенциясының қатысушысы екенін атап өтіп, Р.Василенко қазақ тарапының Ұйымның басқа құжаттарына қосылу арқылы Қазақстанның саяси жаңғыруы мен экономикалық дамуына ықпал ететін Еуропа кеңесімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдірді.Осы ретте ҚР құқықтық институттарын реформалау мәселелерінде сараптамалық-консультациялық көмек көрсететін Венеция комиссиясы шеңберінде оң өзара іс-қимыл аталып өтті.Тараптар тәжірибе алмасу және Қазақстанда болып жатқан процестер туралы объективті ақпарат ұсыну үшін адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне тартылған қазақстандық депутаттар мен мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ЕКПА сессияларына белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/991008?lang=kk
Белградта Қазақстан-Сербия Үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысына дайындық мәселелері талқыланды 09.05.2025
Белград, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен кездесті.Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысына дайындық мәселелерін талқылады.Инфрақұрылымдық жобалар мен іскерлік әріптестік саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды арттыру жөнінде пікір алмасты. М.Атамқұлов алдағы кездесудің экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін маңыздылығын атап өтті.Серб министрі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға сапары барысында (2024 жылғы 18-19 қараша) сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізудің маңыздылығын атап өтіп, серб тарапының ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.Тараптар ҮАК-тың келесi отырысының дайындық жұмыстарын үйлестіру қызметін жалғастыруға келісті. Қазақ дипломаты Серб əріптестері тарапының қолдауына ризашылығын білдірді жəне Қазақстанның өңірлік жəне халықаралық денгейде ынтымақтастығын кеңейтуге дайын екендігін қайта сендірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-belgrad/press/news/details/990992?lang=kk
Қазақстан СІМ-де Франциямен өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланды 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Француз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.Сұхбат барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-француз ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.Сұхбаттастар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Францияға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды және уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.Өз тарапынан Р.Василенко «дипломатиялық қарым-қатынастардың 33 жылы ішінде Қазақстан мен Франция екіжақты ынтымақтастықты «нығайтылған стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеруге қол жеткізе алып, бұл Астана мен Париж арасындағы ынтымақтастықтың бар әлеуетін дамытуға өзара қызығушылықты көрсететініне» назар аударды.Энергетика, оның ішінде ядролық және жаңартылатын энергия көздері, сирек кездесетін металлдар, көлік және логистика, денсаулық сақтау, туризм, білім беру ынтымақтастықтың басым перспективалы бағыттары ретінде белгіленді.С.Гиогенің айтуынша, 2024 жылы Қазақстандағы Франция Елшілігі еліміздің азаматтарына 17 мыңнан астам виза берді. Аталған көрсеткіш 2023 жылғы салыстырғанда 40%-ға артық. Сонымен қатар қазіргі уақытта екі ел арасында 20 жуық дуальді білім беру бағдарламасы бар. Сонымен бірге көптеген француз университеттері Қазақстанды Орталық Азияның басқа елдерімен ынтымақтастығын ілгерілететін хаб ретінде қарастырады.Сонымен қатар кездесуде түрлі деңгейдегі бірлескен шаралар және екіжақты сапарлар кестесі, сондай-ақ ү.ж. 28 мамырда Астана халықаралық форумы қарасанында өтетін «Француз күні» қазақ-француз форумының ұйымдастырылуы талқыланды. Өтетін іс-шара энергетика және сирек жер металдары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қалалық инфрақұрылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.Бұған қоса тараптар бір-бірін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, С.Гиоге 8 мамыр күні Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында Францияны азат етуге қатысқан қазақстандық партизандарының құрметіне арналған мерекелі шарасы туралы хабардар етті.Кездесу соңында тараптар Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету мен байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.Анықтама: Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылғы екіжақты сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға өсіп, 5,5 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 3,6 млрд, импорт – 1,9 млрд). Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 4,2 млрд долларға жетті (экспорт – 3 млрд, импорт – 1,2 млрд), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға жоғары (4 млрд). Францияның Қазақстан экономикасына инвестициясының көлемі 20 млрд доллар құрады. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 200 астам компания жұмыс атқаруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/990949?lang=kk
Қазақстан мен Иордания Ақабада логистикалық және инвестициялық серіктестік талқылады 09.05.2025
Ақаба, 2025 жылғы 5 мамыр – Жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Ақабадағы Арнайы экономикалық аймақ пен Ақаба теңіз портына іссапармен барды.Сапар барысында Ақаба порттарын пайдалану және басқару компаниясының Бас директоры Махмуд Әл-Халифатпен кездесу өтті. Тараптар порттың логистикалық мүмкіндіктерін, соның ішінде жүктерді жеткізу мерзімдерін, транзиттік маршруттарды, мультимодальды тасымалдауларды, тарифтік саясатты және қызмет көрсету шарттарын талқылады.Сол күні Ақаба арнайы экономикалық аймағы басқармасының (ASEZA) бас комиссары Найеф Әл-Файезбен кездесу өтті. ASEZA инвестициялық басымдықтары, іске асырылып жатқан жобалар, инвесторларды қолдау шаралары, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және көлік-логистикалық ортаны жақсарту жөніндегі стратегиялық жоспарлар басты назарда болды.Сапар қорытындысы бойынша ынтымақтастықты жандандыру және Ақаба теңіз порты мен Қазақстан порттарының бірі арасында екіжақты құжатқа қол қою мүмкіндігін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-amman/press/news/details/990964?lang=kk
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Мұраға қалдырылған жинақтарды БЖЗҚ-дан қалай алуға болады? 09.05.2025
Зейнетақы және нысаналы жинақтар (ҚР кәмелетке толмаған азаматтарына "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы шеңберінде есептелетін) – БЖЗҚ-да шоты ашылған жеке тұлғаның меншігі. Тиісінше, бұл жинақтар мұраға беріледі. Бұл ретте мұраға беру құқықтары күшіне енгенге дейін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылуы мүмкін. Оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш шегінде, бірақ қайтыс болған адамның шотындағы қаражаттан аспауы керек. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем іске асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның шотындағы жинақтардың қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлеммен бірге беріледі.Жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған жинақ сомасы заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) заңнамасында нысаналы жинақтар есебінен жерлеуге арналған төлем көзделмегенін ескерткіміз келеді.ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұраға қалдырылған зейнетақы және (немесе) нысаналы жинақтарды алу үшін мұра ашылған жер бойынша нотариусқа немесе заңмен уәкілеттік берілген лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы өтініш беруге тиіс. Мұны мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн. Сонымен қатар, жинақтарды мұраға қалдыру рәсімін оңайлату, сондай-ақ ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата және БЖЗҚ арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыру үшін "Е-нотариат" бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі" (БНАЖ) мемлекеттік ақпараттық жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы шарт жасалды. Шартқа сай, 2019 жылғы ақпаннан бастап нотариустар БНАЖ-да тіркелген мұрагерлік іс бойынша жазбаша сұраныс жібермей-ақ, қайтыс болған адамның шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алу үшін БЖЗҚ-ға онлайн сұрау сала алады. Бұл мұраға құқық туралы куәлік ресімдеуді оңтайландырды. Мұрагер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алғаннан кейін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне қажетті құжаттар пакетін ұсынуға құқылы. Жеке өтініштен басқа, мұрагерлік төлемдерді алуға арналған құжаттарды сенім білдірілген тұлға арқылы немесе пошта арқылы беруге болады. Егер БЖЗҚ-ға ұсынылған құжаттар, оның ішінде БЖЗҚ-да жинағы бар және ҚР тыс жерде қайтыс болған адамның қайтыс болғандығы туралы куәлікті, мұрагерлік құқығы туралы куәлікті шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген, сондай-ақ құжаттың көшірмесінің түпнұсқасымен сәйкесетінін, өтініштегі төлем алушының қойған қолының шынайы екендігін куәландыру бойынша нотариаттық іс-әрекеттер, сенімхат куәліктері шет мемлекетте жасалса, онда бұл құжаттар мемлекеттік не орыс тіліне аударылып, заңдастырылуы тиіс. Бұған Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайлар жатпайды. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемді алушы немесе БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның мұрагері шетелдік, оның ішінде мұрагердің сенім білдірілген адамы/алушының заңды өкілі болатын болса, онда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, БЖЗҚ-ға алушының/сенім білдірілген адамның/заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжат ретінде мемлекеттік не орыс тіліне аударылған, қажет болған жағдайда нотариат куәландырған және заңдастырған шетелдік паспорт ұсынылады. Қажетті құжаттар топтамасын ұсынғаннан кейін БЖЗҚ заңнамада белгіленген мерзімде зейнетақы жинағы төлемдерін жүзеге асырады. Қайтыс болуына байланысты (жерлеуге немесе мұрагерлерге) төлем тағайындау туралы өтініштерді ресімдеуге қажетті құжаттар тізбесімен Қордың веб-сайтында танысуға болады. Сондай-ақ, мұрагерлердің жинақ алу үшін құжаттарды тапсыру рәсімі БЖЗҚ youtube арнасында да жарияланған. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/990967?lang=kk
