Enbekshi QazaQ

Әлем

Аудан әкімі архив қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады 24.12.2025
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев архив қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.– Архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың даму жолын, болмысын, арман-тілегін, ақыл-ойын сақтайтын киелі орын. Бүгінгі таңда елімізде 223 мемлекеттік архив мекемесін бар және онда 3000-нан астам адам жұмыс жасайды. Архив саласын дамытуда Сыр өңірінде үлкен қолдаулар бар. Атап айтқанда, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібавтың қолдауымен барлық ауданда «Руханият» орталықтары салынған болатын, аталған ғимараттың ішінде аудандық архив орналасқанын атап өткен жөн.Бүгінде аудандық архивте 40 мыңға жуық құжат сақтаулы. Бұл құжаттар аудан тарихынан сыр шертеді. Бұл жұмыстарды архив қызметкері атқарып келеді. Сіздердің атқарған әрбір жұмыстарыңыз ауданның тарихы мен дамуына қосқан зор үлес деп санаймын және шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.Аудан әкімі архив қызметкерлерінің ұжымдық еңбегін бағалап, «Алғыс хатпен» марапаттады.Мерекелік қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Келдібаев Мұса Алпысбайұлы, сала ардагерлері Ұлмекен Жанәлиева, Рахима Сәметова сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1131557?lang=kk
Елімізде Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссия 11 отырыс өткізді 24.12.2025
Орнықты даму мақсаттарының тарихы 2015 жылғы 25 қыркүйектен бастау алады. Дәл сол күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде әлем көшбасшылары 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы Күн тәртібін қабылдады. Орнықты даму саласындағы Күн тәртібі ауқымды әрі ұзақ мерзімді өзгерістерге бағдар береді. Ол әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамудың негізгі қырларын қамтитын Орнықты даму мақсаттарының 17 бағытын біріктіреді. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға арналған институционалдық негіз қалыптастырылған. Бүгінде Қазақстан Республикасындағы орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссия өз қызметін жүзеге асырып келеді.«Комиссия отырыстары Үкімет басшылығының, Ұлттық экономика министрлігінің мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен тұрақты түрде өткізіледі. Қазіргі уақытқа дейін барлығы 11 отырыс өтті. Осылайша, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері Парламент депутаттарының тұрақты бақылауында болып, бұл қосымша мониторинг пен қоғамдық жауапкершілік тетігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы Орнықты даму мақсаттарының мониторинг жүйесі 200 индикаторды қамтиды, оның ішінде 69-ы Қазақстан үшін өзекті деп танылған, ал, 131-і мониторинг жүргізуге арналған», – деді спикер.Орнықты даму мақсаттарының индикаторлары деректерінің базасын жүргізу жұмысын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүзеге асырады.Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қамтылуын қамтамасыз ететін құқықтық негіз қалыптастырылған.Орнықтылық пен инклюзивтілік қағидаттары Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізіне алынған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1131561?lang=kk
Орнықты даму мақсаттары қабылданған соңғы он жыл ішінде көптеген бағыт бойынша оң динамика байқалып отыр 24.12.2025
Орнықты дамудың стратегиялық мақсаттарын жергілікті деңгейге бейімдеу Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қолданыста. Осы жүйеге сәйкес Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бағдарламалық және стратегиялық жоспарлау құжаттарына, соның ішінде өңірлік құжаттарға локализациялау арқылы  енгізіліп жатыр. ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ОКҚ алаңында осылай деді.ҚР Ұлттық экономика министрлігінің талдауы бойынша, олардың шамамен 94,2%-ы мемлекеттік органдардың Даму жоспарларына енгізілген, ал облыстардың даму жоспарларында өңірлер үшін өзекті индикаторларды қамту деңгейі 100%-ды құрайды.«Орнықты даму мақсаттары қабылданған соңғы он жыл ішінде көптеген бағыт бойынша оң динамика байқалып отыр. Мысалы, Мектепке дейінгі біліммен қамту 2015 жылы 53,8% болса, 2024 жылы 95,9%-ға жетті. Өз кезегінде, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу көрсеткіштерін жақсарту стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара тығыз байланысын қамтамасыз етуді талап етеді», – деді спикер.Осылайша, стратегиялық құжаттарға енгізілген Орнықты даму мақсаттарының ұлттық индикаторлары бюджеттік бағдарламалармен тікелей байланысты. Бұл өз кезегінде олардың практикалық іске асырылуын қамтамасыз ететін қажетті қаржыландыру көзделгенін білдіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1131565?lang=kk
Маңғыстау облысының әкімі Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзені қабылдады 24.12.2025
1 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесті.Тараптар Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық, туристік және мәдени бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы екі жақты серіктестік үшін маңызды фактор екенін айтты.– Маңғыстау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Біз мұнай-газ, көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салалары бойынша өзара тиімді жобаларды дамытуға мүдделіміз. Әсіресе Каспий арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағытында бірлескен бастамаларға ашықпыз, – деді аймақ басшысы.Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағытында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен іске асырылып жатқан жоба аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі паромды іске қосу жоспарлануда. 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғаймақ. Бұл Каспий бағытындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.Өз кезегінде Елші Леван Диасамидзе Грузияның көлік, логистика және туризм салаларында Қазақстанмен, соның ішінде Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uiir/press/news/details/1131568?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Оңтүстік Корея Елшісін қабылдады 24.12.2025
Астана, 2025 жылғы 24 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Корея Республикасының Елшісі Чжо Тэ Икті қабылдады.Сыртқы саяси ведомствосының басшысы кеңейтілген стратегиялық серіктестік аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың даму серпінін жоғары бағалап, Астананың Сеулмен өзара тиімді ынтымақтастығының барлық бағыттарын одын әрі жан-жақты дамутыға ұмтылысын жеткізді.Өз кезегінде Елші өзінің қызметі кезінде көрсетілген жан-жақты қолдау мен қонақжайлық үшін шын жүректен ризашылығын білдіріп, өзара құрмет пен сенімге негізделген қазақ-корей қатынастарының дәйекті дамуына сенім білдірді.Сұхбаттастар «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматы аясында бірлескен іс-қимылдарды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Осы бағытта биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларды табысты өткізу мақсатында үйлесімді күш-жігер жұмылдыруға уағдаласты.Кездесу соңында Министр екіжақты қатынастарды нығайту мен дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Елшіге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат пен төсбелгісін табыстады және оның кәсіби қызметіне сәттілік тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1131570?lang=kk
Кадрлық өзгерістер таныстырылды және шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қаралды 24.12.2025
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, алдымен кадрлық өзгерістер таныстырылды.– «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі Тереңөзек учаскесін басқарып, жауапты қызмет атқарған Бекнұр Искаков басқа қызметке ауысуда. Бекнұр Ақылбекұлы қызмет барысында аудан тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету, газ желілерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Аудан әкімдігімен бірге күрделі мәселелерді шешуге, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге үлкен үлес қосты. Өзімнің және аудан халқы атынан Сізге атқарған еңбегіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы. Аудан басшысы Б.Искаковты "Алғыс хатпен" марапаттады.Мұнан соң аталған саланың жаңа басшысы таныстырылды. «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі директорының бұйрығымен «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі Тереңөзек учаскесінің директоры қызметіне Еркебұлан Есенкелді тағайындалды. Еркебұлан Есенкелдіұлы 1985 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Бұған дейін аталған мекемеде шебер, 2021-2025 жылдары учаске директоры қызметтерін атқарды. Бүгіннен бастап учаске директоры қызметіне қайта тағайындалды. Аудан әкімі Е.Есенгелдіге жұмысына сәттілік тілеп, ауданда газдың үздіксіз берілуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, газ қысымының төмен болмауын бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.Мәжілісте микро және шағын бизнесті қолдау шаралары мәселесі қаралды. Аудан басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында кешенді шараларды күшейтуді атап, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізілуі тиіс екендігін жеткізді. Тиісті бөлімдер мен кент және ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» аясында іске қосылған жобаларды «Іскер аймақ» бағдарламасымен қаржыландыру бағытында жұмыстарды үйлестіріп, нақты жобаларды ұсыну қажеттігін назарға салды. Берілген тапсырмаларды сапалы ұйымдастырып, уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды сала орынбасарына міндеттеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1131572?lang=kk
Семейде экскаватор жүргізушісі телефонды қауіпсіздігі орташа мекемесінің аумағына кіргізуге тырысты. 24.12.2025
Семейде экскаватор жүргізушісі телефонды қауіпсіздігі орташа мекемесінің аумағына кіргізуге тырысты.Семей қаласында орналасқан Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде тексеру тобының қызметкерлері тыйым салынған затты мекеме аумағына кіргізу әрекетін болдырмады.Тексеру іс-шараларын жүргізу барысында мекеменің өнеркәсіптік аймағында жер жұмыстарын орындау үшін келген 45 жастағы экскаватор жүргізушісі ұялы телефонды орындықтың астына машинаның кабинасына жасырып, алып өтуге әрекет жасағаны анықталды. Заңға қайшы әрекеттерді тәртіптік бөлім қызметкерлері уақтылы анықтап, алдын алды.Сот барысында ер адам тыйым салынған затты алып кіруді оған бейтаныс азамат сұрағанын түсіндірді.- Аталған факті бойынша аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама жасалды", - деді мекеме бастығы Женисбек Дәуренбеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1131573?lang=kk
Биыл Жоғары деңгейдегі саяси форум аясында Қазақстан өзінің үшінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынды 24.12.2025
Қазақстанның халықаралық беделі кезең-кезеңімен нығайып келеді. Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелерін талқылауға және оңтайлы шешімдер табуға түрлі алаңда ерекше көңіл бөлінеді. Әр үш жыл сайын Қазақстан Орнықты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумда Ерікті ұлттық шолуларын ұсынады. Бұл жайында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ОКҚ алаңында мәлімдеді.Мұндай халықаралық алаңда Ерікті ұлттық шолуды ұсыну Қазақстан үшін өз жетістіктерін көрсету мен бар сын-қатерлерді айқындау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар бұл халықаралық сараптамалық бағалауға, озық әлемдік тәжірибеге қол жеткізуге және ашық пікірталасқа қатысуға жол ашады, соның нәтижесінде орнықты даму саласындағы ұлттық әлеует нығаяды. Бүгінге дейін Қазақстан үш ұлттық шолу ұсынды. «Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өткен Жоғары деңгейдегі саяси форум аясында Қазақстан 144 мемлекеттің ішінде қатысып, 37 елдің қатарында өзінің үшінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынды. Бұл шолуда локализациялау, жаһандық мақсаттарды өңірлер мен жергілікті қауымдастықтар деңгейіне көшіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Шолуды дайындау үдерісі инклюзивті тәсілге негізделді. Оны әзірлеуге 25 мемлекеттік орган және барлық жергілікті атқарушы органдар тартылды», – деді спикер.Сондай-ақ 2025 жылғы Шолудың басты ерекшелігі – азаматтық қоғамның, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың кеңінен қатысуы болды.Шолуды әзірлеу аясында оның жобасын талқылуға және локализациялауға арналған өңірлік семинарлар сериясы өткізілді.Жаһандық орнықты даму Күн тәртібі күш-жігерді біріктіруді және өңірлік ынтымақтастықты дамытуды талап етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының және серіктес мемлекеттердің қолдауымен Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа Өңірлік орталығы ашылды.https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1131576?lang=kkАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-ekonomika-zhosparlau/press/news/details/1132066?lang=kk
Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынды 24.12.2025
2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап ЕАЭО СЭҚ ТН 4406910000 «Теміржол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдар, өзгелер» кодын және шыққан елі Қазақстан Республикасы болып табылатын ЕАЭО СЭҚ ТН 4401310000 «Ағаш түйіршектері» кодын қоспағанда, шығарылған еліне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407) 6 ай мерзімге көліктің барлық түрлерімен әкетуге тыйым салу енгізілді (Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы № 527 Бұйрығы).Уақытша тыйым қазақстандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді және қайта өңдеу саласының ішкі мүдделерін қорғайды.Павлодар облысы бойынша МКДтүсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1131592?lang=kk
Маңғыстау облысының әкімі Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады 24.12.2025
Ағымдағы жылдың 18 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік аясында Маңғыстау облысы мен француз тарапы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, сондай-ақ инвестициялар мен технологиялар трансфері бағыттарына назар аударылды. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде қой, ешкі және түйе шаруашылығында француз тәжірибесін енгізу, сүт шаруашылығы мен ірімшік өндірісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің географиялық орналасуы, Ақтау және Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктері, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі рөлін атап өтіп, бұл факторлар екіжақты серіктестікті дамытуға негіз болатынын айтты.– Маңғыстау облысында көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салаларында жаңа даму бағыттары қалыптасып келеді. Біз француз компанияларымен өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.Өз кезегінде Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Маңғыстау облысымен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Франция Республикасы арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 3,1 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ өңірде француз капиталының қатысуымен экономиканың әртүрлі салаларында 5 кәсіпорын тіркелген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uiir/press/news/details/1131621?lang=kk
Ер есімі - ел есінде: Бауыржан есімді 249 ұландық Отан алдындағы борышын өтеп жүр 24.12.2025
Қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл есім еліміздің тарихында да, әскери дәстүрде де ерліктің, ар-намыстың және Отанға қалтқысыз қызмет етудің нышанына айналған.Бауыржан есімі еліміздің Қарулы күштерінде айрықша орын алады. Бұл, ең алдымен, аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының өмір жолымен тікелей байланысты. Оның тағылымға толы ғұмыры мен майдандағы тәжірибесі Отан қорғаушылардың талай буынына рухани бағдар болды. Ал тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштікке негізделген қағидаттары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілуі ерекше символдық мәнге ие. Жеке құрам үшін бұл  зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар әскери-қызметтік міндеттерді орындау барысында кәсібилік, табандылық пен адалдық танытып, ұлы батырдың атына лайық болу қажеттігін еске салатын жоғары жауапкершілік.— Бауыржан Момышұлы мен үшін ерлік пен тәртіптің, шынайы патриотизмнің жарқын бейнесі. Оның есімі маған ерекше жауапкершілік жүктейді. Бұл мені аңызға айналған батырдың даңқты жолын лайықты жалғастыруға міндеттейді. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой. Негізгі мақсатым – әскери антқа адал болып, еліміздің азаматтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — дейді 5517 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы қатардағы Бауыржан Төлемағамет.2025 жылы Қазақстанда аңызға айналған қолбасшының туғанына 115 жыл толуы кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай Ұлттық ұлан бөлімшелерінде әскери-патриоттық рухты нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және жас әскери қызметшілер арасында қаһарманның өнегесін кеңінен насихаттауға бағытталған еске алу, тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.Айта кету керек, Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» және «Ұшқан ұя» еңбектері құқықтық тәртіп әскерлеріндегі мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік даярлықтың рухани-тәжірибелік негізіне айналды.Бүгінде Ұлттық ұлан сапында Бауыржан есімді жүздеген ұландықтың қызмет етуі – әскери дәстүрлердің сабақтастығы мен қазақ халқының жауынгерлік даңқы тарихында мәңгілік орын алған тұлға мұрасының айқын белгісі ретінде қабылданады. #БАУЫРЖАН_МОМЫШҰЛЫ ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1131676?lang=kk
2026 жылдан бастап бюджеттік сыныптама коды 105316 коды 401101-ге өзгертіледі 24.12.2025
2026 жылдан бастап бюджеттік сыныптама коды 105316 коды 401101-ге өзгертіледі 01.01.2026 жылдан бастап Бірыңғай бюджеттік сыныптамаға өзгерістер енгізіледі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 151 Бұйрығы . Бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес бюджет түсімдерінің сыныптамасы, «Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем» бюджеттік сыныптаманың коды 105316 БСК-дан 401101 БСК - ға өзгертілді. Өзгерістерге сәйкес 105316 БСК «өсімдіктер әлемін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем» ретінде жіктеледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1131499?lang=kk
Қоғамдық жиналыс 24.12.2025
Ағымдағы жылдың 22 желтоқсан күні Қоғамдастық жиналысы өтті. Жиналыстың төрағасы Құли Есенбай Ізтөреұлы қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Полиция қызметкерлердің есімін беруді дауысқа салды. Жиналысқа қатысушылар Басқұдық, Болашақ тұрғын үй массиві Егемен, Достық Береке көшелеріне қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Полиция қызметкерлердің есімдерін беруді толық қолдады. (Қолдағандар – 14, қарсы – жоқ, қалыс қалған жоқ).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-basqudyq/press/news/details/1131506?lang=kk
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Орал қаласының Зашаған кентінде 600 орындық жаңа мектебі пайдалануға берілді 24.12.2025
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру және әрбір балаға сапалы білім алуда тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Орал қаласының Зашаған кентінде 600 орындық жаңа мектебі пайдалануға берілді.Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қатысып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы өскелең ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған үлкен қамқорлықтың айқын дәлелі екенін атап өтті.Жаңа мектеп ошағында 33 оқу кабинеті, дизайн-технология, робототехника, инклюзивті білім беру кабинеттері, хореография, екі спорт залдары, шығармашылық және техникалық бағыттағы шеберханалар, кітапхана және 130 орындық акт залы қарастырылған. Мектеп ғимаратында балалардың жан-жақты дамуы мен мұғалімдердің жайлы жұмыс атқаруы үшін барлық жағдай жасалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kurylys/press/news/details/1131483?lang=kk
Еркін күрестен республикалық турнир 24.12.2025
Алтай жасөспірімдер спорт мектебінің, ШҚО УФКИС, еркін күрес бөлімінің оқушылары Ж.Ә.Назарбаевты еске алуға арналған еркін күрестен Республикалық турнирге қатысуда. Үшкемпіров, 2025 жылдың 21-24 желтоқсан аралығында Семей қаласында өтіп жатыр. Турнирдің бірінші күнінің қорытындысы бойынша 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ермек Мансұр Чемпион атанды!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altay-chapaev/press/news/details/1131474?lang=kk
Алматы облысына Даниядан 956 бас Голштин-Фриз сиырлары жеткізілді 24.12.2025
Бірінші рет шетелден аймаққа әуе көлігі арқылы 956 бас жоғары өнімді «Голштин-Фриз» және «Джерси» ірі қара мал жеткізілді.Буаз сиырлар Алматы халықаралық әуежайы арқылы жеткізіліп, Талғар ауданындағы «Алматинский племенной завод» өндірістік кооперативінің базасына орналастырылды. Бұл шаруашылық бірнеше жыл бойы сүтті мал шаруашылығын дамыту және сүт өндірісін ұлғайту бағытында жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді.Қазіргі уақытта кооперативте 2 593 бас асыл тұқымды ірі қара мал бар. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәсіпорында 7 420 тонна сүт өндірілді, ал бір сиырға шаққандағы орташа өнімділік 4 230 келі болды, бұл көрсеткіш малдарды ұстау және азықтандыруда қолданылатын технологиялардың тиімділігін дәлелдейді.2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында кооператив 3,5 млрд теңге мөлшерінде жеңілдікпен несие алды, бұл саудаға арналған сүт фермерлік шаруашылығын кеңейту бойынша ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді.Ағымдағы жылдың желтоқсанында жоба аясында Ресей Федерациясынан 443 бас ірі қара мал жеткізілді, оның ішінде 152 бас «Голштин-Фриз» асыл тұқымды сиыр және 291 бас «Джерси» сиыры бар. Сонымен қатар, Дания Корольдігінен қосымша 513 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді, оның ішінде 161 бас «Джерси» және 352 бас «Голштин-Фриз» тұқымдары бар.Жобаны толық жүзеге асыру Талғар ауданында сүт өндірісін екі есе арттыруға, ал Алматы облысы бойынша сүт өнімдерінің өндірісі мен жеткізілімін 20%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.Болашақта «Алматинский племенной завод» шетелден сатып алынатын асыл тұқымды бұзаулардың жалпы санын 2 000 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.Тағы да жоспарланып отырған бірнеше партия асыл тұқымды ірі қара мал өңірде сүтті мал шаруашылығын тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1131480?lang=kk
Чонбури мен Паттайяда инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері талқыланды 24.12.2025
Бангкок, 2025 жылғы 23 желтоқсан - Таиланд өңірлерімен ынтымақтастықты орнату және дамыту аясында Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан Чонбури провинциясының губернаторы Нират Пхонгситтхаворн мырзамен, сондай-ақ Паттайя қаласының мэрі Порамет Нгампичет мырзамен кездесулер өткізді. Кездесулерге сауда-экономикалық, білім беру, мәдениет және туризм салаларына жауапты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.Келіссөздер барысында Елші М. Баймұхан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы тай тарапына жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Таиланд арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары таныстырылды.Сапар аясында тай тарапы Чонбури провинциясы мен Паттайя қаласының индустриялық, көлік-логистикалық және туристік әлеуетін таныстырды. Паттайя қаласының мэрі П. Нгампичет ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде шетелдік туристерді тарту, қонақүй және қалалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды жолға қоюды атап өтті.Өз кезегінде Чонбури провинциясының губернаторы Н. Пхонгситтхаворн өңірдің дамуының негізгі қозғаушы күштері Таиландтың Шығыс экономикалық дәлізінің (Eastern Economic Corridor, EEC) бір бөлігі ретінде автокомпоненттер өндірісі, агроөнеркәсіптік өнімдер, жоғары қосылған құны бар тауарлар, сондай-ақ заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту екенін атап өтті. Халықаралық «Утапао» әуежайын кеңейту және Таиландтың шығыс жағалауында орналасқан, елдегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар терең су порты - «Лаем Чабанг» портын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Чонбури провинциясының аумағында қазіргі уақытта экспортқа бағытталған 4 000-нан астам өндірістік кәсіпорын мен 12 индустриялық аймақ жұмыс істейтіні атап өтілді. Лаем Чабанг портының көлік-логистикалық қуаттарын кеңейту 2028 жылға қарай аяқталады деп жоспарлануда. Осыған байланысты губернатор қазақстандық салалық компанияларды бірлескен жобаларға қатысуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға шақырды.Өз кезегінде Елші М. Баймұхан Чонбури провинциясы мен Паттайя қаласының басшылығын бизнес-делегациямен Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ Қазақстандағы цифрландыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, жасанды интеллект және цифрлық даму салаларында бірлескен жобаларды дамытуға ұсыныс білдірді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігі арасында цифрландыру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға негізделген қажетті құқықтық база бар екені айтылды.Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар нақты екіжақты жобаларды өзара тиімді негізде ілгерілету мақсатында Қазақстан Елшілігі мен Таиланд өңірлері арасында тікелей байланыстарды қолдауға уағдаласты. Анықтама ретінде:Чонбури провинциясы - Таиландтың шығыс жағалауында орналасқан, елдегі экономикалық тұрғыдан ең дамыған өңірлердің бірі. Провинция Шығыс экономикалық дәліздің (EEC) негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және өнеркәсіптік өндіріс, автомобиль жасау және автокомпоненттер шығару, агроөнеркәсіп, мұнай-химия, логистика және экспортқа бағдарланған салаларға маманданған. Мұнда Таиландтағы ең ірі Лаем Чабанг порты және өңірдің мультимодальды көлік байланысын қамтамасыз ететін «Утапао» халықаралық әуежайы орналасқан.Паттайя қаласы - ерекше әкімшілік мәртебеге ие Таиландтың жетекші қалаларының бірі. Халықаралық туризмнен бөлек, қала MICE-индустриясын (іскерлік туризм, халықаралық көрмелер мен конференциялар), теңіз логистикасын, спорттық инфрақұрылымды, цифрлық және «ақылды қала» шешімдерін белсенді дамытып келеді. Паттайя Таиландтың шығыс жағалауын орнықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1131421?lang=kk
Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелері қаралды 24.12.2025
Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау- аудан дамуының негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өткізілді.Отырыстың күн тәртібінде Үкімет басшысы мен Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген микро және шағын бизнесті қолдау шаралары талқыланды.Жиын барысында аудан әкімі «Ауыл аманаты» жобасының аудан көлемінде жүзеге асырылу барысына тоқталып, жоба аясында беріліп жатқан қайтарымсыз несие қаражаттарының мақсатты игерілуіне тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.Бүгінде макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес биылғы жылы қаңтар – қараша айларындағы бөлшек сауда көлемі 10 818,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайыз өсім қалыптасып отыр. Бұл көрсеткіштер бойынша да жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктелді.Сондай-ақ аудан басшысы жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.«Кәсіпкерлікті қолдау, бөлшек саудасы және мерекелік қауіпсіздік – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Сондықтан барлық жұмыстар нақты әрі жүйелі орындалуы тиіс», – деді Жандос Еркінбек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1131428?lang=kk
Энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті 24.12.2025
Энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданымызда салтанатты шара ұйымдастырылды.Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, сала қызметкерлерінің аудан дамуына қосып отырған үлесін атап өтті:Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін үздіксіз жарықпен қамтамасыз етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Ауданымызда соңғы жылдары «Елді мекендерді электр желісімен қамтамасыз ету» бағыты аясында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе және Көмекбаев ауылдарында электр желілерін салу және жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ал биыл Иіркөл ауылында 226,1 млн теңгеге, Дүр Оңғар ауылында 636,7 млн теңгеге осы бағыттағы жұмыстар жүргізілді. Бұл- аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға, елді мекендердің дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі,- деді өз сөзінде.Сондай-ақ сала ардагері Ануар Дембаев құттықтау лебізін білдіріп, әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.Мерекелік жиында энергетика саласында қажырлы еңбек етіп, өз қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.Салтанатты шара аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасып, мерекелік бағдарламаға ұласты.Сонымен қатар Төретамның мерейлі мереке иелері де жемісті қызметтеріне орай марапатталып, арнайы естелік сыйлықтар табысталды.Айта кету керек, қазір электр желілерінің тозу деңгейі 80 пайыздан 60 пайызға дейін төмендеп отыр. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында ІІІ Интернационал, Ақжар, Қуаңдария, Қармақшы және Алдашбай ахун ауылдары бойынша жобалар әзірленуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1131432?lang=kk
Архившілер күніне орай сала мамандары марапатталды 24.12.2025
Бүгін «Руханият» орталығында 22 желтоқсан – «Архившілер күніне» орай мерекелік шара өткізілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, архив саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ архив қызметкерлерінің тарихи құндылықтарды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізудегі маңызды рөлін атап өтіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.Қабылдау барысында сала мамандары көпжылдық еңбегі мен архив ісін дамытуға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің және Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.Айта кету керек, 2024 жылы аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда «Руханият» орталығы бой көтеріп, аудандық архив жаңа әрі заманауи ғимаратқа көшірілді. Осы жүйелі жұмыс нәтижесінде саланың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап республика көлемінде енгізілген «Е-Архив» ақпараттық жүйесі бүгінде ауданымызда кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда бұл жүйе арқылы 26 мемлекеттік мекеме өз жұмысын жүргізуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1131439?lang=kk