Enbekshi QazaQ

Әлем

Колумбия университетінде Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындылары талқыланды 06.05.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 30 сәуір – Колумбия университетінде пластикалық қалдықтарды азайту, дөңгелек экономиканы дамыту және Қазақстанның экологиялық міндеттемелері мен экономикалық басымдықтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету саласындағы практикалық шешімдерді іздеуге арналған дөңгелек үстел өтті.Іс-шараны Колумбия университетінің профессоры Бейжан Ян, ҚР Мұнай-газ химиясы қауымдастығының атқарушы директоры Гайни Сейтенова және Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасының меңгерушісі профессор Эльдар Көпішевтің академиялық қолдауымен қазақстандық студенттер ұйымдастырды. Пікірталас академиялық қауымдастық өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктірді.Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында өткен RES 2026 Өңірлік экологиялық саммитінің қорытындылары және оның нәтижесінде қабылданған «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясы болды. Аталған құжат өңір елдерінің тұрақты даму, пластик ластанумен күрес, қалдықтарды басқару және халықаралық алаңдарда үйлестірілген экологиялық күн тәртібін ілгерілету салаларында бірлескен іс-қимылға дайын екенін бекітті.Қатысушылар Қазақстан экономикасының құрылымын ескеретін теңгерімді тәсілдің маңыздылығына ерекше назар аударды, онда мұнай-химия секторы өнеркәсіптік және инвестициялық дамудың маңызды элементі болып қала береді.Қатысушыларға Колумбия университетінің (Columbia Climate School) климат мектебінің деканы Алексис Абрамсон және ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тлеулин өз сөздерімен жүгінді.«Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит Орталық Азия елдерінің экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін айқын көрсетті. RES 2026 декларациясы өңір мемлекеттерінің тұрақты даму мәселелеріне, оның ішінде пластик ластанумен күрес, айналмалы экономиканы дамыту және практикалық экологиялық шешімдерді ілгерілетуге қатысты ортақ ұстанымын бекітті. Бүгінде бұл уағдаластықтардың тек саяси диалог деңгейінде ғана емес, мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы нақты өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылуы аса маңызды», – деп атап өтті Рауан Тлеулин.Сараптамалық талқылау барысында профессор Бейжан Ян RES 2026 декларативті Экологиялық күн тәртібінен қолданбалы шешімдерге көшу үшін маңызды бағдар бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Астанадағы саммиттің қорытындысы экологиялық тұрақтылықты экономикалық тұрақтылықпен, технологиялық дамумен және өнеркәсіптік саясатпен тығыз байланыста қарастыру керектігін растады.Г. Сейтенова Қазақстанда пластик қалдықтарын басқаруға жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл ретте реттеуді жетілдіру, қайта өңдеу қуаттарын дамыту және айналмалы экономика саласында технологиялық шешімдерді енгізу маңызды.Қатысушылар RES 2026 шеңберінде қол жеткізілген келісімдерді практикалық тұрғыда іске асыру өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, Орталық Азияның тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан теңгерімді даму моделіне көшуіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Анықтама: Анықтама: Колумбия университеті – Айви Лигасына кіретін және ғылымның, экономиканың және халықаралық саясаттың дамуына елеулі үлес қосатын АҚШ-тың жетекші әлемдік зерттеу және білім беру орталықтарының бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1214939?lang=kk
Қазақстан және Польша сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесті 06.05.2026
Астана, 2026 жылғы 5 мамыр – Поляк тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Польша Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский арасында телефон арқылы сөйлесу өтті.Сұхбат барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары өзара құрметке, сенімге және сындарлы диалогқа негізделген қазақ-поляк қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.Тараптар тұрақты саяси байланыстарды одан әрі қолдауға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ көлік және ауыл шаруашылығы сияқты перспективалы салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.Сұхбат қорытындысы бойынша дипломаттар Астана мен Варшава арасындағы екіжақты және көпжақты әріптестікті нығайту бағытында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.       Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1214942?lang=kk
Бизнеске қойылатын Міндетті талаптар тізілімінің ЖИ жүйесі таныстырылды 06.05.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Міндетті талаптар тізілімін енгізу мәселесі бойынша кеңес өткізілді. Кеңеске мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.Тізілімді енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы шағын және орта бизнесті жүйелі түрде дамыту мен кәсіпкерлердің әкімшілік жүктемесін азайту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін жүзеге асырылып отыр.Кеңестегі басты оқиға – Әділет министрлігінің Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әзірлеген ЖИ жүйесінің тұсаукесері. Цифрлық шешім арқылы бизнеске қойылатын талап үш көзден: заңнамадан, тексеру парағынан және рұқсат беру құжатынан автоматты түрде алынады. Жүйе нақты уақыт режимінде қайталануды, қарама-қайшылық пен жөнсіз реттеуді анықтауға мүмкіндік беретін бірыңғай деректер тобынан тұрады.Әзірлеушілердің айтуынша, экология, көлік пен жерді пайдалану саласындағы пилоттық тестілеу шеңберінде алгоритмнің дәлдігі 93-95%-ға жетті. Бүгінгі таңда жүйеге заңнан 67 мыңдай, тексеру парағынан 64 мың талап жүктелген.Жұмыс 12 басым бағыт бойынша жүргізілуде. Реттеудің ең үлкен көлемі, шамамен 14 мың талап, денсаулық сақтау саласында тіркелді.Жүйені енгізу арқылы жасырын нормалар мен түсініксіз түсіндірулер жойылып, кәсіпкерлер қызметті іске қосу мен жүзеге асыру талаптарының нақты тізбесімен бизнесті жүргізудің «дайын сценарийін» ала алады.Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Міндетті талаптар тізілімін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін құрылған Бизнеске қойылатын талаптарды тексеру жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысы жалғасуда. Жобалық кеңсенің жұмысы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің және сарапшылардың қатысуымен нормаларды әдіснамалық сүйемелдеуді және практикалық пысықтауды қамтамасыз етті. Тексеру тәсілі барынша нәтижелі: қаралған 180 талаптың 50-і мемлекеттік органдардың қолдауына ие болды. Бұл қайталанатын және маңызы жоқ нормаларды алып тастауға мүмкіндік береді.Қазақстан кәсіпкерлер форумы төрағасының орынбасары Гүлнар Қуанғанова Жобалық кеңсенің жұмысы нормалардың қайталануын жоюға және нақтылауға бағытталғанын атап өтті.«Екі ай бойы қауырт жұмыс жүргізілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, түрлі ведомствоның түрлі талаптарын бірыңғай құжатқа шоғырландыру ұсынылды», — деді ол.Бұл ретте азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты нормалар қайта қарауға жатпайтыны белгілі.Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға екі апта ішінде «Атамекен» ҰКП базасында ЖИ жүйесін верификациялау мен «оқытуға» салалық сарапшыларды қатыстыруды тапсырды.«Бізде деректер базасы заңға тәуелді актілерге дейін цифрландырылған. Жүйе алгоритм бойынша талаптарды тауып алады. Болашақта процесс автоматты түрде жүруі үшін машинаны үйрету керек. Бұл басым міндет. Оқу кезеңі аяқталысымен, жүйе барлық деректер тобын өз бақылауына алады», — деп атап өтті вице-премьер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1214946?lang=kk
Қазақстанның жаһандық бастамалары мен конституциялық реформалары Грекияда таныстырылды 06.05.2026
Афина, 2026 жылғы 5 мамыр – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Афина қаласындағы «Webster» университетінде «Өзгермелі жаһандық тәртіптегі Қазақстан орта держава ретінде» тақырыбында дәріс оқыды. Іс-шара жаһандық өзгерістер жағдайында тұрақты даму моделін қалыптастыруға бағытталған Қазақстанның негізгі тәсілдерін, оның ішінде халықаралық бастамаларды, маңызды конституциялық реформаларды және цифрлық трансформация саласындағы басымдықтарды таныстыру алаңына айналды.Дәріс барысында Елші көпжақты ынтымақтастық тетіктері арқылы халықаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған Қазақстанның ұстанымдарын баяндады. Ядролық қарусыздану, таратпау және жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне, сондай-ақ осы бағыттағы Қазақстан Республикасының бастамаларына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында халықаралық су күн тәртібін ілгерілету және Аралды құтқару халықаралық қоры қызметіне қатысу бойынша елдің күш-жігері атап өтілді.Қазақстанның халықаралық диалог алаңдарын дамытуға қосқан үлесі, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға бағытталған бастамалар ерекше атап өтілді. Елші өз сөзінде Қазақстанның тұрақты даму негізі ретінде халықаралық ынтымақтастық пен диалогты дәйекті түрде ілгерілететінін жеткізді.Дәрістің маңызды бөлігі саяси жаңғырту мәселелеріне арналды. Жаңа Конституцияны қабылдау мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуге бағытталғаны, бұл мемлекеттің одан әрі дамуы үшін институционалдық негіз қалыптастыратыны атап өтілді.Цифрлық трансформация мәселелеріне де жеке тоқталды. Жасанды интеллектті дамыту, заманауи инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы Қазақстанның қадамдары айтылды. Осы контексте инновациялық экожүйені дамытуға және стартаптарды қолдауға бағытталған «Born Bold» бастамасы да аталды.Сондай-ақ Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Ол Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызды элементі ретінде қарастырылды. Білім беру, ғылым және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық атап өтілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1214949?lang=kk
Брюссельде «Орта дәліздің» тұрақты дамуы талқыланды 06.05.2026
Брюссель, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко «Орта дәліздің тұрақты дамуы: стратегиялық үйлестіруден экономикалық тұрғыдан тиімді іске асыруға дейін» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара Азия зерттеулері жөніндегі Еуропалық институтының алаңында «Kazakhstan – EU Gateway» платформасы мен «FERRMED» теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының қолдауымен Брюссель қаласында өтті.Дөңгелек үстелге Еуропалық Комиссиясының Халықаралық әріптестіктер жөніндегі Бас директоратының басшылығы, Еуропалық Парламенттінің депутаттары, сондай-ақ салалық ұйымдардың өкілдері (соның ішінде, «Автомобиль көлігінің халықаралық одағы», «Еуропалық жүк жөнелтушілер кеңесі», «Көлік басқару жөніндегі кеңесшілер мен сарапшылар қауымдастығы»), сондай-ақ Қазақстанның («Кедентранссервис» АҚ) және Германияның («Rhenus Group») логистикалық компаниялары қатысты.Қатысушылар «Орта дәліз» ретінде белгілі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы инфрақұрылымды дамыту және сауда-қаржылық операцияларды жетілдіру барысында «жасыл» технологиялар мен цифрлық құралдарды қолдану мәселелерін талқылады.Өз сөзінде Р. Василенко Қазақстан «Орта дәлізді» дамытуды Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтудың, экономиканы әртараптандырудың және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ерекше назар «жасыл логистикаға» – көлікті көміртексіздендіруге, теміржолдарды электрлендіруге, үдерістерді цифрландыруға және климаттық тәуекелдерге төзімді инфрақұрылым қалыптастыруға аударылады.Қазақстандық дипломат бірқатар нақты мысалдар келтірді, соның ішінде «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісі жобасы. Оның іске асырылуы бағытты 150 шақырымға қысқартып, транзит уақытын, энергия тұтынуды және шығарындыларды азайтады. Қазақстан сондай-ақ Әзербайжан және Грузия елдерімен бірлесіп «Middle Corridor Multimodal Ltd» атты мультимодальды тасымал операторы бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл құрылым жүк операцияларын үйлестіруге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.Елші Еуропаға таза энергия жеткізуге арналған «жасыл дәлізді» дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Ол Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Орталық Азиядан Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға «жасыл» энергия өндіру және жеткізу саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойғанын еске салды.Жалпы алғанда, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы аясында дөңгелек үстелге қатысушылар «Орта дәліздің» тұрақты әрі тиімді дамуының маңыздылығы жөнінде ортақ пікір білдірді. Бұл өз кезегінде ЕО, Қазақстан және тұтастай Орталық Азия арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1214965?lang=kk
Ұрпақтар сабақтастығы мен шекаралардан тыс: Бельгияда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етілді 06.05.2026
Генк, 2026 жылғы 5 мамыр — Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні қарсанында Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері Әскери атташатпен және отандастармен бірге Генк қаласында гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.Іс-шара Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналды. Гүл шоқтары қатарында кеңес жауынгерлері де болған бельгиялық Қарсыласу қозғалысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке қойылды.Бельгия аумағында шамамен 350 кеңес жауынгері жерленген. Ең ірі қорым Лимбург провинциясындағы Генк қаласында орналасқан, онда 70-ке жуық қабір бар. Мемориалдың ортасында: «1941–1944 жылдары Лимбург жерінде қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне мәңгілік тағзым» деген жазу қашап жазылған.Жерленгендердің қатарында 1944 жылы қаза тапқан қазақстандықтар — Увалиев Тоғайбай мен Бисенов Нурадим бар.Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко: «Ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпау — тарихи жауапкершіліктің ажырамас бөлігі әрі келер ұрпақты тәрбиелеудің берік негізі. Мұндай тағзым рәсімдері ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, бейбітшілік пен келісімнің қадірін ұғындырады», — деп атап өтті.Қазақстан Республикасының Елшілігі тарихи жадты сақтау және Отан қорғаушылардың ерлігін ұлықтау бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1214966?lang=kk
Қазақстан Елшілігі Скопьедегі қайырымдылық фестивалінде ұлттық көрме стенд ұсынды 05.05.2026
Скопье, 2026 жылғы 25 сәуір – Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшілігі Nova халықаралық мектебі ұйымдастырған Скопьедегі «Nova Family Festival – 2026» қайырымдылық іс-шарасына қатысты.Nova отбасылық фестивалі - бұл 1000-нан астам қатысушыларды, соның ішінде халықаралық отбасыларды, студенттерді, оқытушыларды және мектеп достарын біріктіретін бұрыннан келе жатқан қоғамдық дәстүр. Іс-шара мектеп бастамаларын қолдау үшін қаражат жинауды қамтығанымен, оның басты мақсаты-мәдени әртүрлілікті атап өту және халықаралық рухты нығайту.Жыл сайын 15-тен астам елдің елшіліктері мен халықаралық отбасылары қатысады, студенттер мен қонақтарға дәстүрлі тағамдар, музыка, қойылымдар мен қызықты іс-шаралар арқылы шынайы мәдени тәжірибе ұсынады.Биылғы жылы «Димитар Влахов» көру қабілеті бұзылған балалар мен жастарға арналған мемлекеттік мектеп бенефициар болды.Мәдени іс-шарада Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырушылық құрам мүшелерінің бірі ретінде өз көрме стендін ұсынды, онда Қазақ ұлттық мұрасының элементтері, дәм татуға және сатуға арналған дәстүрлі тағамдар, мәдени материалдар орналастырылды.Биылғы жылы қонақтар әлемнің түкпір-түкпірінен келген 24 дәстүрлі тағамдармен танысты. Іс-шараға мыңнан астам келушілер қатысты, онда мерекелік концерт ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1214932?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысымен кездесу өтті 05.05.2026
Астана, 2026 жылғы 5 мамыр - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы Сурия Деваны қабылдады. Сапар Қазақстан тарапының шақыруы бойынша адам құқықтарының ажырамас бөлігі болып табылатын даму құқығын іске асыру саласындағы ұлттық тәжірибені зерделеу мақсатында өтуде.Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы, оның ішінде 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануы жөнінде ақпарат берді.Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, Конституциялық Соттың рөлін күшейтуге, адам құқықтарын қорғау институттарын дамытуға, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге, сондай-ақ әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіруге және халықтың осал топтарын қолдау кепілдіктерін нығайтуға ерекше назар аударылды.С. Дева Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайту тұрғысындағы шараларға оң баға берді. Осы тұрғыда Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетудегі рөлі, сондай-ақ оның өңірлік және жаһандық деңгейлердегі халықаралық бастамалары талқыланды.Тараптар адам құқықтары саласындағы ашық және сындарлы диалогты жалғастыруға, сондай-ақ тұрақты және инклюзивті өсудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде даму құқығын одан әрі ілгерілетуге бейілділігін растады.БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Арнайы баяндамашылары – жекелеген мемлекеттер немесе тақырыптар бойынша адам құқықтары саласындағы тәуелсіз сарапшылар. Олар өз өкілеттіктерін жеке қасиетінде жүзеге асырады, елдерге сапарлар жасайды, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ өз баяндамаларын БҰҰ-ның тиісті органдарына ұсынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1214935?lang=kk
7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА 05.05.2026
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай өтетін салтанатты мерекелік концерттік бағдарламаға шақырамыз!📅 Өтетін күні: 7 мамыр 2026 жыл🕕 Басталуы: 18:00📍 Өтетін орны: Астана алаңыМерекелік іс-шара барысында патриоттық рухтағы концерттік бағдарлама, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі және мерекелік құттықтаулар ұсынылады.Баршаңызды Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік кештің құрметті қонағы болуға шақырамыз!
ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ 05.05.2026
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Бекмағамбетұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.Басқарма басшысы Ролан Бекмағамбетұлының мәліметінше, қаладағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қонаев даңғылының жалғасы құрылысы қарқынды жүзеге асуда. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын нысанның 1, 3, 4-кезеңдері бұған дейін пайдалануға берілсе, 2025 жылы 2-кезеңі толық аяқталды. Қазіргі таңда 5-кезеңнің құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, ұзындығы 31 шақырым болатын А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасы да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бүгінде 1–4 кезеңдер пайдалануға беріліп, 6 және 8 кезеңдер аяқталған, ал 5 және 7 кезеңдердің құрылысы жүргізілуде.Қалаішілік жолдарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол және Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көше мен 1 көпірге күрделі жөндеу жүргізіліп, оның ішінде 4 көше мен Қойкелді батыр көшесіндегі көпір ел игілігіне тапсырылды.2025 жылы 323 көшеде жалпы 201 шақырымды қамтитын орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жолдарды күтіп ұстау және қауіпсіздік бағытында да нақты нәтижелер бар. 201 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылып, 2 291 көшеге түнгі жарық шамдар орнату арқылы жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Сонымен қатар, 1 000 шақырым жол таңбасы сызылып, 100 шақырым тротуар салынған. 310 жол құдықшасы ауыстырылып, 32 жаңа бағдаршам орнатылды. Тағы 98 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылып, қала бойынша ITS жүйесімен қамту деңгейі 88 пайызды құрады (жалпы 395 нысанның 346-сы қосылған).Бағдаршамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 24 орында жаңарту жүргізіліп, 72 нысанға жаңа тоқтаусыз қуат көздері орнатылды. Нәтижесінде 96 бағдаршам осындай жүйемен қамтылды. 2026 жылы тағы 15 нысанды қамту жоспарланып отыр. Осылайша, Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздікті арттыру және көлік қозғалысын оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Толығырақ: https://youtube.com/live/V2OBzCtWlbo?feature=share #РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ 05.05.2026
Шымкент қаласындағы «Отырар» шағынауданында Тұран ауданы прокуратурасының басшылығы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Ашық форматтағы диалогтың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру болды.Кездесуде прокуратура мен полиция өкілдері тұрғындармен интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселелерін кеңінен талқылады. Әсіресе, қарт азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау және жастарды «жеңіл табыс» уәде ететін күмәнді схемалардан сақтандыруға ерекше назар аударылды.Тұран ауданы прокурорының орынбасары Ғалымжан Жаңабаев жиналғандарға аудандағы қазіргі ахуалға қатысты жан-жақты түсіндірме беріп, құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызын атап өтті.– Біздің басты міндетіміз — құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың орын алуына жол бермеу. Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты бар. Оның негізгі мақсаты — қоғамда құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру, яғни әрбір заңбұзушылыққа міндетті түрде құқықтық шара қолданылуы тиіс. Егер әрбір азамат заңды қатаң сақтап, теріс әрекеттерге жол бермесе, қоғамда тәртіп те, қауіпсіздік те нығая түседі, – деді ол.Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарының өкілдерінен нақты жауаптар алды.
Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қалай өтеді: Қорғаныс министрлігінің бағдарламасы 05.05.2026
Еліміздің ең маңызды екі патриоттық мерекеге орай Қорғаныс министрлігі ауқымды бағдарлама әзірледі. Оның аясында әскери шерулер, салтанатты рәсімдер, әскери техникалар көрмелері және ардагерлермен кездесулер еліміздің барлық өңірінде өтпек.Ер есімі – ел есіндеҚорғаныс министрлігі 1938–1945 жылдары Қызыл әскер қатарына шақырылған қазақстандықтардың тағдыры туралы мәліметтерді қамтитын «Батырларға тағзым» ұлттық порталын дамыту жұмысын жалғастыруда. Құжаттарды цифрландыруға 20 мыңнан астам студент, курсант және кадет тартылды.Мереке күндері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Қорғаныс министрінің атынан алғыс хаттар табысталады. Сонымен қатар ведомство өкілдері мен әскери оркестр әрбір ардагердің үйіне арнайы барып, құрмет көрсетеді.Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында (Республика даңғылы, 2) «Ерлікке тағзым» көрмесі жұмыс істеп тұр. 6 мамыр күні мұнда үздік әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі және мерекелік концерт өтеді.Отан қорғаушы күні «Бәйтерек» монументі алдында (12:00–12:30) өтетін плац-концертпен басталады. Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауылы ротасы мерекенің сәнін келтіреді.Түстен кейін (15:00–16:00) әскери оркестр қала көшелерімен шеру жасап өтеді: Кенесары хан ескерткішінен бастап, Есіл өзенінің жағалауы арқылы «Атырау» көпірінен өтіп, Орталық саябақтағы концертпен аяқталады.Сонымен қатар «Отан қорғаушылар» монументі, «Жастар» сарайы, қала әкімдігі және Бауыржан Момышұлы ескерткіші маңында концерттер ұйымдастырылады.9 мамыр күні «Отан қорғаушылар» монументі жанында қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі өтеді. Таңғы сағат 9:00-де ардагерлерге көрсетілген ерекше құрмет белгісі ретінде оларға сарбаз ботқасы ұсынылады.Қорғаныс министрлігінің басшылығы «Жерұйық» саябағындағы генерал И.В. Панфилов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады.7–9 мамыр аралығында өңірлерде әскери шерулер, ашық есік күндері, ерлік сабақтары және әскери оркестрлердің дефилелері өтеді. Ерекше форматта мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтармен кездесулер ұйымдастырылып, олардың өмірлік оқиғалары, архивтік фотосуреттері көрсетіліп, Отанға қызмет етудің мәні туралы ашық әңгіме өрбиді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1214913?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Украина Елшісін қабылдады 05.05.2026
Астана, 2026 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасындағы Украина Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Майкомен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар қазақ-украин ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Әңгімелесушілер өзара қызығушылық тудыратын басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1214875?lang=kk
Биыл облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған 05.05.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен тұрғын үй құрылысын дамыту және облыс елді мекендерінің сәулеттік келбеті тақырыбында аймақ әкімдігінің отырысы өтті.Тұрғын үй саясаты – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Президент атап өткендей, пайдалануға берілетін баспананың көлеміне ғана емес, оның қолжетімді әрі сапалы болуына назар аудару қажет.Аймақта тұрғын үй салуға тек мемлекеттік бюджеттен 2022 жылы 19,1 млрд бөлінсе, 2025 жылы 49,3 млрд теңге бөлінді, бұл 2,6 есе көп.  Жыл сайын тұрғын үй салу көлемін жоспардан асырып орындап келеміз. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда шамамен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 251 көпқабатты үй және 1809 жеке үй салынды. 14 мың 729 отбасы баспана жағдайын жақсартты.«Заманауи, сапалы баспана ауылдық елді мекендерде де салынуда. Өткен жылы 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлерде. Жалпы алғанда 5,4 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Баспана қолжетімді болу үшін әлеуметтік тұрғын үй салынады және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беріледі. 3 жыл ішінде 1,7 мың әлеуметтік пәтер тапсырылды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», – деді аймақ басшысы.Жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық өңірінде «Қостанай жастары» бағдарламасы жұмыс істейді. 3 жыл ішінде бағдардарламаны қаржыландыруға шамамен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 400-ден астам жас отбасы өз баспанасына ие болды. Биыл тағы 750 млн теңге қаражат бөлінді. Ал биыл облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Денисов ауданында (жылдық жоспардың 96%-ы немесе 2,8 мың шаршы метр), Қостанай ауданында (67,6% немесе 46,6 мың шаршы метр) және Қамысты ауданында (50,1% немесе 2,1 мың шаршы метр) тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарының орындалуы 50%-дан асты.«Мен бұдан 3 жыл бұрын бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бойынша тапсырма берген едім. Бұл да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің бір мүмкіндігі. Осы мақсатта облыстық бюджеттен нысаналы түрде қаражат бөлінді. Үш жыл ішінде облыста 56 тұрғын үй қалпына келтірілді, оның ішінде 30-ы көпқабатты үйлер. Мысалы, Рудный қаласында – 11 үй, Арқалықта – 3 үй, Денисов және Қамысты аудандарында 2 үйден қалпына келтірілді».«Елді мекендердің сәулеттік келбеті де ерекше назарды талап етеді. Сәулеттік келбет пен абаттандыруға қойылатын талаптар барлық жерде – қалаларда да, аудандарда да сақталуы тиіс. Біздің міндетіміз тек ғимараттар салу ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін сапалы, заманауи орта құру. Барлық шешімдердің нәтижесі – тұрғындардың ыңғайлығы мен қауіпсіздігі болуы керек», – деді Құмар Ақсақалов.Аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне құрылыс басқармасымен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын орындауды, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоспарланған мөлшерде тұрғын үй сатып алуды, қала құрылысы жобаларын уақтылы және сапалы әзірлеуді және түзетуді тапсырды.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1214807?lang=kk
Топ-3 жылжымайтын мүлік саласындағы ең сұранысқа ие қызметтер Абай облысында аталды 05.05.2026
     Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы жылжымайтын мүлік саласында тұрғындар жыл басынан бері ең жиі пайдаланған мемлекеттік қызметтер туралы хабарлады.Өтініштер саны бойынша көш бастаған қызмет — жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу. Бірінші тоқсанда бұл бағытта шамамен 20 мың қызмет көрсетілді.Жалпы, жүгінулердің басым бөлігі жылжымайтын мүлік нысандарына техникалық құжаттама рәсімдеуге, жаңадан салынған құрылыстар туралы мәліметтерді құқықтық кадастрға енгізуге, сондай-ақ жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге байланысты.Екінші орында жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық паспортын беру және жаңадан салынған жылжымайтын мүлік нысанын мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтер арасындағы алшақтықтарды анықтау туралы қорытынды беру қызметі тұр. Жыл басынан бері Абай облысының тұрғындарына бұл бағытта 1,6 мыңнан астам қызмет көрсетілді.Үшінші орында жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке қатысты ғимараттар, құрылыстар және (немесе) олардың құрамдас бөліктері туралы сәйкестендіру және техникалық мәліметтерді құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу қызметі орналасқан. Бұл бағыт бойынша шамамен 260 қызмет көрсетілді.Аталған қызметтерге жоғары сұраныс жаңа жылжымайтын мүлік нысандарын рәсімдеумен, мүліктік құқықтарды тіркеумен, сатып алу-сату мәмілелерін жасаумен, мұрагерлікке кірумен, сондай-ақ техникалық құжаттарды қалпына келтіру қажеттілігімен түсіндіріледі.«Жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру саласындағы қызметтер халық үшін ең өзекті бағыттардың бірі болып қала береді. Техникалық паспортты уақытылы рәсімдеу, құқықтық кадастрға дұрыс мәліметтер енгізу және құжаттарды қалпына келтіру азаматтарға мүлікке иелік ету кезінде туындайтын заңдық қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Мурат Умирзахов.Еске салайық, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жылжымайтын мүлік саласындағы мемлекеттік қызметтер негізінен eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электронды форматта көрсетіледі, ал ХҚКО-ға жүгіну тек қызметті онлайн алу мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/1214772?lang=kk
Қалада су тасқынынан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жалғасуда 05.05.2026
Жауапты тұлғалар «Колесные ряды» аумағында және бұрынғы Нариманов базары орнында жүргізіліп жатқан нысандарды бұзу және утилизациялау барысын тексерді. 2024 жылғы су тасқыны салдарынан 170-тен астам тұрғын үйге зиян келген. Қазіргі таңда 134 нысан утилизацияланған, оның ішінде 96 үй «Колесные ряды» ауданында орналасқан. Үш үйді сақтап, оларды білім беру мақсатында пайдалану туралы шешім қабылданған.Жұмыстың екінші кезеңінде қосымша қаржы бөлінгеннен кейін Красный Кузнец көшесінен жоғары орналасқан, су басу қаупі бар аймақтағы тағы 35 үйді бұзу жоспарланып отыр.Босатылған аумақта «Шағала» жағалауымен, Триатлон-паркпен және жаңа көпфункционалды стадионмен біріктірілетін заманауи парк салу көзделуде. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.Сонымен қатар бұрынғы Нариманов базары аумағында жер учаскелерін сатып алу жұмыстары басталған. Жалпы 36 учаске бар, оның 26-сы бойынша сатып алу және нысандарды утилизациялау жүргізілуде.Жоспарға сәйкес, жылдың бірінші жартыжылдығында аумақты толық босату жұмыстары аяқталады. Сонымен бірге 1200 орындық жаңа мектептің жобасы әзірленіп, кейін оның құрылысы басталмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1214775?lang=kk
Қосылған құн салығын төлемеушілердің шот-фактураны жазып беруі 05.05.2026
208 баптың 1-тармағының 1) - 7) жəне 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда:-есеп айырысу:-сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегі беріле отырып жəне (немесе) көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеу терминалдары арқылы;-сатып алушыға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді арнаулы мобильді қосымшаның чегі беріле отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілген жағдайларда шот-фактура жазып беру талап етілмейді. Бұл ретте сатып алушының талап етуі бойынша чекте тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осындай сатып алушының сəйкестендіру нөмірі қамтылуға тиіс;-есеп-айырысу электрондық ақшамен немесе электрондық төлем құралдары пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жеке тұлғаларға өткізілген;-жеке тұлғаға ұсынылған коммуналдық көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін байланыс қызметтері үшін екінші деңгейдегі банктер, пошта операторы арқылы есеп айырысу жүзеге асырылған;-теміржол немесе əуе көлігімен жолаушыны тасымалдау қағаз жеткізгіштегі жол жүру билетімен, электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген;-дара кəсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлғаға тауар өтеусіз берілген, жұмыстар өтеусіз орындалған, қызметтер өтеусіз көрсетілген;-салық Кодекстің 477-бабында көзделген қаржы операциялары іске асырылған жағдайларда шот-фактура жазып беру талап етілмейді.Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) жəне 2) тармақшаларының ережелері тауарлар өткізілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген жағдайларда салық Кодекстің 131-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарға қолданылмайды.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1214651?lang=kk
Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшісі 100 шақырымды сәтті еңсерді 05.05.2026
Алматы облысындағы Іле өзенінің аңғарында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең күрделі әрі беделді ультрамарафондардың бірі – TENGRI ULTRA 2026 өтті.Оған Қазақстанның түрлі өңірлері мен шетелдерден 185-тен астам спортшы қатысты.Ерекше климаттық және табиғи жағдайлар, әртүрлі рельеф, шатқалдар мен дала аймақтары спортшылардан температураның күрт өзгеруіне дайын болуды, жоғары төзімділікті және күшті дұрыс пайданануды талап етті.100 шақырым қашықтықты таңдаған Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының жауынгерлік және дене дайындығы қызметінің жауынгері сержант Алтай Әбіш бұл қашықтықты 15 сағат 33 минутта еңсерді.– Алтай Әбіш жоғары деңгейдегі дене дайындығын, мақсатқа ұмтылысын және экстремалды жағдайларда тапсырмаларды орындауға дайын екенін көрсетті, – деп атап өтті Бітімгерлік операциялар орталығының жауынгерлік және дене дайындығы басқармасының бастығы подполковник Алмат Кенжеев.Әскери қызметшінің нәтижесі жүйелі дайындық пен тәртіп ең күрделі сынақтарды да сәтті еңсеруге мүмкіндік беретінін айқын дәлелдеп берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1214661?lang=kk
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері 05.05.2026
Талдаумен қамтылған қызмет бағыты1. Ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалану1) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыСалық тексеруі кезінде құжаттарды сұраудың негізділігі және толықтығы.Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасыСалықтық бақылау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында құжаттарды ұсыну туралы талаптарды орындау бөлігінде «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі - СӘИЖ АЖ) функционалын пысықтау ұсынылады.Қазіргі уақытта ақпараттық жүйеде салық төлеушінің кабинетіне құжаттарды ұсыну туралы талапты жіберу функциясы іске асырылды.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарОсыған байланысты салық төлеушінің сұрау салынған құжаттардың толық топтамасын тікелей жіберілген талапқа жауап ретінде оларды табыс ету күні мен уақытын белгілей отырып жүктеудің міндетті мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.2) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыЭлектрондық түрде жазылған шот-фактуралар бойынша хабарламаларды орындау процесі.Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасыЭлектронды шот-фактуралар (бұдан әрі – ЭШФ) қайтару өнім берушінің бұрын жазылған шот-фактурадан бас тарту не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша түзетілген немесе қосымша ЭШФ ресімдеу жөніндегі іс-қимылын көздейді. Сонымен қатар, Салық кодексінің 142-бабына сәйкес жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету іс жүзінде болмаған кезде айналымның болмау фактісін растау туралы хабарлама (бұдан әрі — хабарлама) жіберу көзделген. Салық төлеуші хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналым жасау фактісімен келіспеген жағдайда, тиісті түсініктемелер бере отырып, осындай электрондық шот-фактураларды қайтаруды жүзеге асыру көзделген. Алайда, іс жүзінде «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - ЭШФ АЖ) арқылы жеткізуші тарапынан ЭШФ қайтару қиындықтарға тап болады. Атап айтқанда, жеткізуші ЭШФ бойынша айналым жасау фактісімен келіспеген жағдайда да, сатып алушы тарапынан растаусыз қайтару мүмкін емес. Бұл өз кезегінде салық төлеушіге хабарламаны өз бетінше орындауға мүмкіндік бермейді.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарСалық кодексінің 142-бабына сәйкес, салық төлеуші хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналымды жүзеге асыру фактісімен келіспеген жағдайда, осындай электрондық шот-фактураларды қайтаруды жүзеге асыру, сондай-ақ оларды қайтару бойынша түсініктемелер беру көзделген.Осыған байланысты, хабарламаларды орындау процесінде, хабарламада көрсетілген ЭШФ өнім беруші тарапынан қайтарылған жағдайларда, ЭШФ АЖ-ға "хабарлама бойынша" мәртебесін беру мүмкіндігін енгізу, сондай-ақ сатып алушы үшін келісімді немесе келіспеушілікті білдіру үшін бір күнтізбелік күн мерзімінде немесе мүлде келісу мүмкіндігін болғызбай бірден қарауға жіберуге ұсынылады.2. Мемлекеттік кірістер органдарының қызметін реттейтін құқықтық актілер және ішкі құжаттар1) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыАЭА қатысушысының мәліметтері негізінде өнім берушілерге ҚҚС қайтаруды растау.Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірстер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы (бұдан әрі - Департаменттің ЖСӘБ) Салық кодексінің 470 - бабының 5-тармағына сәйкес өнім берушіге ҚҚС қайтару үшін " Астана-жаңа қала "АЭА " кеден бекетіне сұрау жібереді. Жеткізушінің тауарларды тұтынуын растау үшін кеден бекеті Арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – АЭА) қатысушыларына хат жібереді. АЭА қатысушысы хатты ресімделген тізбелер негізінде ұсынады. Кеден бекеті АЭА қатысушысының тұтынылған тауарлар туралы жауабы негізінде Департаменттің ЖСӘБ-қа жауап жібереді. Осыған сүйене отырып, салық органына жауап беру кезінде кеден бекетінің қызметкерінде ҚҚС қайтару сомасын өзгерту бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелі туындайды.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарСалық кодексінің 470-бабының 5-тармағында "...кеден органының мәліметтері ескеріледі" деген ұсыныс алынып тасталсын, себебі сыбайлас жемқорлық тәуекелінің туындау себебі болып табылады.2) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыДекларациялаудың оңайлатылған тәртібін қолдану және кедендік төлемдерді азайту мақсатында жеке пайдалануға арналған тауарларды заңсыз жіктеу тәуекелі (сыртқы экономикалық қызметке қатысушының кеден бекетінің қызметкерімен өзара іс-қимылы кезінде).Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасыХалықаралық почта жөнелтімдері арқылы жеке тұлғалардың атына келіп түсетін тауарларды кедендік ресімдеу процесінде тауарлардың жекелеген атаулары және күнтізбелік кезеңдегі сәлемдемелер саны бойынша нақты белгіленген сандық нормалар жоқ. Бұл тауарларды жеке пайдалануға немесе коммерциялық партияға жатқызу кезінде лауазымды тұлғалардың субъективті шешім қабылдауына жағдай жасайды.СЭҚ (Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан) тауарлардың коммерциялық партияларын кейіннен оңайлатылған нысан бойынша декларациялау мақсатында жеке тұлғаларға ресімделетін бірнеше жөнелтімге бөлу мүмкіндігі бар. Бұл жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен (тауарларға декларация бойынша) салыстырғанда кедендік төлемдердің төмен мөлшерлемелерін қолдануға мүмкіндік береді.Нақты сандық өлшемшарттардың болмауы кедендік төлемдерді азайту схемаларын пайдалануды және кеден органдарының лауазымды адамдарымен сыбайлас жемқорлық өзара іс-қимылына ықтимал кіруді қоса алғанда, СЭҚ тарапынан теріс пайдалану үшін жағдайлар жасауға ықпал етеді.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарЖеке тұлғалар үшін тасымалдаудың сандық нормалары белгіленсін және "ҚР-дағы кедендік реттеу туралы" кодекстің 339-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына жеке тұлғаның атына халықаралық почта жөнелтімдерінде жіберілетін тауарлар бөлігінде тауарлардың әрбір атауының 3 бірлігінен аспайтын және күнтізбелік айда 3 сәлемдемеден аспайтын мөлшерде толықтырулар енгізілсін. Бұл толықтырулар тауарларды жеке пайдалануға жатқызуды бақылау үшін, сондай-ақ декларациялаудың оңайлатылған нысаны бойынша кәсіпкерлік қызмет үшін коммерциялық партия ресімделген жағдайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін қажет, мұнда баждың пайыздық мөлшерлемесі ресімдеудің жалпыға бірдей белгіленген тәртібі (ТД бойынша) жағдайындағы төлемдерден аз болады.3. Бақылау-тексеру функцияларын іске асыру1) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыТексерудің қандай да бір мәселелері бойынша тексеру субъектісіне заңсыз артықшылық беру.Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасыКедендік тексерулерді тағайындау және жүргізу кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен (СЭҚ) өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс кеден бекетінің қызметкерімен тікелей байланыста болған кезде қағаз жеткізгіштерде қол режимінде жүзеге асырылады.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарКеден органдары мен СЭҚ қатысушылары арасында қашықтықтан өзара іс-қимыл жасау үшін бірыңғай цифрлық экожүйені құру. Платформа камералдық кедендік тексерулерді (ККТ) жүйенің негізгі компоненттері автоматтандырылған хабарлама жүйесіне ауыстыруға арналған:• Тексерілетін тұлғаның жеке кабинеті (бұдан әрі - ЖК): актілерді, хабарламаларды алу және қарсы құжаттарды электрондық түрде беру үшін бірыңғай кіру нүктесі.• Автоматты ескерту модулі: SMS шлюздерімен және e-mail жіберулерімен интеграциялау. Хабарлама тіркеу кезінде немесе кедендік декларацияда көрсетілген мобильді нөмірге көшіріледі.• Инспектор панелі: тексеруді бастауға, цифрлық нұсқаманы қалыптастыруға және нақты уақыт режимінде мерзімдерді бақылауға арналған құралдар жинағы.2. Жұмыс механизмі:1. Тексеруді бастау: Инспектор жүйеге хабарламаны жүктейді.2.Жедел хабарлама: жүйе автоматты түрде ЖК-ге Push-хабарлама, басшының/декларанттың телефонына SMS және электрондық поштаға хат жібереді.3. Заңды маңыздылығы: ЖК-да хабарламаны жеткізу сәті ресми тапсыруға теңестіріледі (ұқсастығы бойынша мемлекеттік қызметтердегі 1414).4.Қашықтықтан алмасу: тексерілетін тұлға сұратылған құжаттарды ЭЦҚ-мен куәландырып, ЖК-ға жүктейді.3. Күтілетін әсер мен пайда:• Тексеру жүргізу мерзімдерін 30-50% - ға қысқарту: Қағаз хабарламалар мен жауаптарды пошта арқылы жіберуге уақыт алынып тасталады.• Ашықтық: тексерілетін адам әрқашан тексеру мәртебесін және құжаттарды ұсыну мерзімдерін көреді, бұл әкімшілік айыппұлдар қаупін азайтады.• Шығындарды азайту: Екі тарап үшін де қағаз, курьерлік және пошта шығындарын үнемдеу.• Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту: Өзара іс-қимылдың барлық процесі бейресми байланыстарды қоспағанда, жүйенің цифрлық журналында тіркеледі.4. Іске асыру үшін қажетті ресурстар:• Кеден органдарының қолданыстағы дерекқорларымен интеграция.• SMS-ескертулер үшін веб-интерфейс пен мобильді протоколды әзірлеу.2) Сыбайлас жемқорлық тәуекелінің атауыКедендік тексерулер жүргізу процесінде тексеру субъектісі мен МКО лауазымды тұлғасы арасындағы байланыс.Сыбайлас жемқорлық тәуекелін қамтитын жұмыс процесінің толық сипаттамасыКедендік тексерулер жүргізу процесінде лауазымды адамның тексерілетін тұлғамен/СЭҚ қатысушысымен өзара іс-қимылы, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің туындауына әкеп соғатын көшпелі тексерулер.Тәуекелді жою бойынша ұсыныстарҚылмыстық кодекстің нормалары мен баптарын көрсете отырып, жұмыс берушінің актісімен (бұйрық) реттелген тексерілетін тұлғаның құқықтары мен міндеттері туралы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салық төлеушіге жадынама" тапсыру міндеттілігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/1214668?lang=kk
Самар ауданында Ұлы Отан соғысы батырларының рухына тағзым жасалды 05.05.2026
Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Самар ауданының Подгорное ауылында Ұлы Отан соғысының үш батырына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Аталған ауылдың тумалары — Николай Яковлевич Фонов, Сергей Егорович Седнев және Иван Михайлович Яроцкий — майданда ерлік көрсетіп, есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырды.Николай Яковлевич Фонов — Воронеж майданы 47-армиясының 30-атқыштар дивизиясы 59-артиллериялық полкінің зеңбірек командирі. 1942 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысып, Брянск, Солтүстік Кавказ, Воронеж және 1-Украина майдандарында шайқасты. Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 1943 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.Сергей Егорович Седнев — Воронеж майданы 47-армиясының 23-моторландырылған понтон-көпір батальонының моторисі. 1941 жылдан бастап Брянск, Воронеж және 1-Украина майдандарында соғысты. Днепр өзенінен өту кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.Иван Михайлович Яроцкий — Тынық мұхиты флотының 13-бригадасына қарасты 390-теңіз жаяу әскері батальонының автоматшылар ротасының командирі. 1940 жылы кіші лейтенант ретінде Тынық мұхиты флотына келіп, Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, ерлігі мен батылдығы үшін 1945 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.«Бүгін біз батырларға тағзым етіп, бейбіт өмір үшін алғысымызды білдіреміз. Олардың ерлігі халық жадында мәңгі сақталады», – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.Салтанатты шараға сондай-ақ «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиалдарының өкілдері, прокуратура және төтенше жағдайлар бөлімі, Подгорное ауылының тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлер мен барлық ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1214678?lang=kk