Әлем
Ағымдағы жылдың 22 мамырда ZOOM режимінде Қ.Р. Рахметқалиевтің төрағалығымен Меңдіқара аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. 29.05.2025
Ағымдағы жылдың 22 мамырда ZOOM режимінде Қ.Р. Рахметқалиевтің төрағалығымен Меңдіқара аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.Меңдіқара ауданының депутаттары, мемлекеттік мекеме басшысы, БАҚ қатысты.Сессияда 1 негізгі мәселе қаралды. «Меңдіқара ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы» күн тәртібінің негізгі мәселесі бойынша Меңдіқара ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы В.В. Габун сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол жоба «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 181 бұйрығына сәйкес әзірленгенін, сондай-ақ шешім жобасы «Ашық НҚА» порталда орналастырылғанын түсіндірді, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Меңдіқара ауданының Қоғамдық кеңесінің ұсынымдары бар. Бұл жоба Қостанай облысының Әділет департаментінде келісілді.Сессия қорытындысы бойынша ұсынылған жобаны депутаттар қолдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-mendikara/press/news/details/1002662?lang=kk
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған «Қазіргі әлемдегі заң, құқық және әділдік» Халықаралық заңгерлер конгресіне қатысты 29.05.2025
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған «Қазіргі әлемдегі заң, құқық және әділдік» Халықаралық заңгерлер конгресіне қатысты. Бұл іс-шара Қазақстанның Түркі елдерінің сот-құқықтық даярлық желісіне төрағалық етуіне және Академияның 10 жылдық мерейтойына орайластырылған. Конгреске Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали, Қаржылық мониторинг агенттігінің Төрағасы Жанат Элиманов, Жоғары Сот Кеңесі аппаратының, Кеңес жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның заң және ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов өзінің құттықтау сөзінде Конгресс тақырыбының өзектілігін атап өтіп, тез өзгеріп жатқан әлем жағдайында тек тәуелсіз және моральдық тұрғыдан тұрақты судья шын мәнінде әділ шешімдер шығара алатынын және судьялық этика мен кәсібилік-қоғамның сотқа деген сенімінің негізі екенін атап өтті.Конгресстің күн тәртібі көптеген мәселелерді қамтыды. Қатысушылардың назарында құқықтық жүйелерді жаһандық өзгерістердің сын-тегеуріндеріне бейімдеу, трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресте түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің өзара іс-қимылын нығайту, заңгерлік білім беру сапасын арттыру және тез өзгеріп жатқан әлем жағдайында мамандарды кәсіби даярлау сияқты тақырыптар болды.Айта кетейік, Түркі елдерінің сот-құқықтық даярлық желісі өкілдерінің кезекті кездесуі ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының алаңында өтеді, оның барысында төрағалық келесі елге беріледі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1002665?lang=kk
Ғылым – білім – өндіріс: Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Новосібір облысындағы (РФ) ғылыми қалашыққа барды 29.05.2025
Мемлекет басшысы наурыздағы Ұлттық құрылтайда Қазақстанда егжей-тегжейлі пысықтай әрі есеп-қисабын жүргізе отырып, ғылыми қалашықтар құруды міндеттеген болатын. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Новосібір облысында құрылған Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің (РҒА СБ) базасындағы Ресейдегі ең ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталықта болды.Делегация құрамына Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, ҰЭМ жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының басшылары, бизнес өкілдері кірді.РҒА Сібір бөлімшесі – Академияның ең ірі өңірлік бөлімшесі. Оның айрықша ерекшелігі, ғылыми-зерттеу қызметін қолданбалы және мемлекеттік міндеттерді шешуге арнаған. РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон атап өткендей, экожүйе дәйекті интеграция принципі бойынша жұмыс істейді: ғылым білімді қалыптастырады, содан кейін оларды білім беру жүйесіне енгізу мен практикалық іске асыру жүреді.Новосібір ғылыми орталығының аумағында үш академиялық қалашық, РҒА СБ 53 ғылыми-зерттеу институты, Новосібір мемлекеттік университеті, Академиялық парк, медбиотехнопарк, «Кольцово» ғылыми қалашығы және ғылыми-инновациялық кластердің басқа да негізгі объектілері жұмыс істейді. 2003 жылы ғылыми қалашық ретінде ресми мәртебеге ие болған Кольцово бүгінде Ресейдегі ең ірі биотехнологиялық кластердің бірі. Мұнда Эбола, А гепатиті және COVID-19 вакциналарын жасаған «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығы орналасқан. Кластерде 30-дан астам шағын инновациялық компания жұмыс істейді.Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников, РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон, ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысқан жұмыс жиналысында Лаврентьевтің «ғылым – білім – өндіріс» үштағаны қағидаты бойынша құрылған экожүйенің технологиялық және инновациялық артықшылықтары айтылды.Андрей Травников атап өткендей, академиялық қалашық, ғылыми қалашық, атом қалашығы сияқты әртүрлі форматтағы ғылым мен технология көп шоғырланған аумақ құру тәжірибесі өткен ғасырда өзін сан мәрте ақтаған. Ол ХХІ ғасырда қолдануға да, қайталауға да лайық. Егер тәжірибе пайдалы болып, Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға ықпал етіп жатса, ол қуанарлық жағдай.Кездесуде экономикалық көрсеткіштер де айтылды: Академиялық парк резиденттерінің 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі жиынтық кірісі екі есе: сәйкесінше 31,8 млрд рубльден 60,5 млрд рубльге дейін өскен. Төленген салық мөлшері 2021 жылы 2,9 млрд рубльден 2024 жылы 6,7 млрд рубльге дейін артқан. «Біз ШОБ-ты дамытуды көздейміз, технологиялық орталықтарды кеңейтуге көп көңіл бөлеміз. Біздің бағалауымыз бойынша, Академпарктің 253 резиденті Новосібір облысының жалпы өңірлік өнімінің шамамен 1,5%-ын қамтамасыз етеді. Салыстырар болсақ, өңірдің барлық аграрлық секторының үлесі ЖӨӨ-нің шамамен 5%-ы», — деп атап өтті «Новосібір Академиялық қалашығы технопаркі» АҚ бас директоры Дмитрий Верховод.Қазақстандық делегация Ресейдегі алғашқы 4+буынды синхротрондық сәулелену көзі – «Сібір айналмалы фотон көзі» (САФК) ұжымдық пайдалану орталығының құрылыс алаңына барды. 2025 жылдың соңында іске қосылатын орталық еуропалық және оңтүстік америкалық технологиямен салыстыруға болатын әлемдегі ең озық ғылыми қондырғының бірі.Сапар соңында Серік Жұманғарин РҒА Сібір бөлімшесіне және Новосібір облысы әкімшілігіне ғылыми-инновациялық кластер құру тәжірибесімен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Тараптар ғылым қалашығының жұмыс істеу моделін тереңірек зерделеп, оны Қазақстанда қолданудың болашағын бағалау үшін бейінді мамандармен тәжірибе алмасуды жолға қоюға уәделесті. https://primeminister.kz/news/gylym-bilim-ondiris-serik-zhumangarin-bastagan-kazakstandyk-delegatsiya-novosibir-oblysyndagy-rf-gylymi-kalashykka-bardy-30076 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1002699?lang=kk
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның сыртқы аудитіне қатысты 29.05.2025
2025 жылғы 14-16 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының өкілі Ләйлім Қашымова Ресей мен Таиландтың жоғары аудит органдарының өкілдерімен бірге Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның (ХСЖҚА) 2024 жылғы қаржылық есептілігіне сыртқы аудит жүргізді. Аудит Австрияның Лаксенбург қаласында орналасқан Академияның штаб-пәтерінде өтті.Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия – әртүрлі елдердің өкілдерін сыбайлас жемқорлықпен күрестің заманауи әдістеріне оқытумен айналысатын білім беру ұйымы. Академия құрамына Қазақстанмен қоса БҰҰ-ға мүше 80 мемлекет және бірқатар халықаралық ұйым кіреді.Аудит қорытындылары осы жылдың соңында ХСЖҚА Ассамблеясында таныстырылады. Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 2024-2026 жылдарға Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның тәуелсіз аудиторы лауазымына ұсынылды.Telegram-каналға жазылуАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1002720?lang=kk
Қазақстанның Антикоры Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық форумға қатысты 29.05.2025
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруда.Агенттіктің өкілі Мале қаласында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және туризмдегі парасаттылықты күшейту мәселелері жөніндегі Сауд-Мальдив халықаралық форумына қатысты.Іс-шара Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше 40-тан астам мемлекеттің өкілдерін біріктірді. Форумға Қатар, Иордания, Палестина, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінің, сондай-ақ Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанды қоса алғанда, ТМД-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және туристік органдарының өкілдері қатысты.Негізгі қатысушылардың қатарына ИЫҰ Бас хатшысы Хусейн Ибрахим Таха, Сауд Арабиясы Корольдігінің сыбайлас жемқорлықты қадағалау және оған қарсы күрес басқармасының (NAZAHA) басшысы Мазин бин Ибрахим әл-Кахмус, Мальдив Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының президенті Уз. Адам Шамиль және басқа халықаралық сарапшылар кірді.Форумға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қазақстандық тәжірибе ұсынылды, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмалары аясында елімізде туризмді дамыту туралы бейнеролик таныстырылды.Бейнеролик Қазақстанға келешегі зор туристік бағыт және халықаралық ынтымақтастық саласындағы серіктес ретінде қызығушылықты арттырды. Бірқатар шетелдік делегациялар екіжақты байланыс орнатуға, сондай-ақ Қазақстанға сапарларды ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.Форум Туризмдегі парасаттылықты арттыруға (Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастықты дамыту, ашықтық үшін цифрлық шешімдерді енгізу, туризм саласындағы мемлекеттік сатып алулар мен МЖӘ тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды бақылауға азаматтық қатысуды кеңейту) бағытталған ұсынымдар пакетін қабылдаумен аяқталды.Форумға қатысу Қазақстанды халықаралық аренада лайықты таныстыруға, әріптестік байланыстарды нығайтуға және елдің жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы диалогтың белсенді қатысушысы ретіндегі мәртебесін растауға мүмкіндік берді.ТЕЛЕАРНАЛАР ҮШІН ВИДЕО: https://disk.yandex.kz/d/kPOOZ8Ml4dF1kg #Заң_мен_Тәртіп #ЗАҢменТӘРТІП _ ❗️Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе WhatsApp-чат-бот: 8 777 000 1424 және @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы шұғыл хабарлаңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption/press/news/details/1002761?lang=kk
Ардагер ұстаздармен кездесу 29.05.2025
Бесқарағай ауданында өткен ардагер ұстаздармен кездесуден тамаша сәттер!Мерекелік көңіл күй, шәкірттердің өнері және шынайы алғысқа толы кеш.Ұстаздарымыздың жүзінен шаттық көрінді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/beskaragay-roo/press/news/details/1002762?lang=kk
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық семинар: Германиямен тәжірибе алмасу 29.05.2025
2025 жылы 13-15 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғимаратында Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының қолдауымен ұйымдастырылған неміс сарапшыларының қатысуымен үш күндік семинар өтті.Семинарға Агенттіктің, Бас прокуратураның, қаржы мониторингі агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлері қатысты.Германия тарапынан Солтүстік Рейн – Вестфалия федералды жеріндегі Вупперталь қаласы прокуратурасының экономикалық қылмыстарды тергеу бөлімінің басшысы Вольф-Тильман Баумерт пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімінің прокуроры Маркус Менцель қатысты.Семинар аясында неміс сарапшылары Германияның федералдық, жер және муниципалдық деңгейлерді қамтитын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кешенді және көп деңгейлі көзқарасын ұсынды.Қылмыстық қудалау, мүдделер қақтығысының алдын алу, қол сұғылмаушылықты жою, саудаға қарсы іс-қимыл (ықпал ету), материалдық емес пайданы бақылау, лауазымды тұлғаларға пара беру, сондай-ақ пара беру уәдесі мен ұсынысының жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.Қатысушылар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын ЭЫДҰ, ГРЕКО және БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияларының ұсынымдарын қоса алғанда, халықаралық стандарттармен үйлестіру бағыттарын талқылады.Іс-шара аяқталғаннан кейін Агенттік Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорына оны ұйымдастыруға көмектескені үшін, ал неміс әріптестеріне құнды тәжірибелік үлесі үшін алғысын білдірді.Қазақстан мемлекеттік қызметтегі ашықтық, құқық үстемдігі және адалдық қағидаттарына сүйене отырып, Германиямен сындарлы әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті.Алынған білім болашақ бастамалар, бірлескен зерттеулер мен білім беру бағдарламалары үшін негіз болады, ал семинардың өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды кезең болады.#Заң_мен_Тәртіп #ЗАҢменТӘРТІП _ ❗️Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе WhatsApp-чат-бот: 8 777 000 1424 және @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы шұғыл хабарлаңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption/press/news/details/1002773?lang=kk
Балаларды қорғау күніне орай «Балалар – әлемнің жарығы» атты іс-шара өтті 29.05.2025
Балаларды қорғау күніне орай Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар - әлемнің жарығы» атты іс-шара өтті.Аталған іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлігі Жетісу облысының «Бәйтерек» күндіз болу орталығында өтті. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы дайындалған, көңілді де мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Шара аясында №12 орта мектеп гимназиясының 3 сынып оқушысы Есетай Димаштың орындауында әуезді ән шырқалып, «Plombir» аниматорлар орталығы балаларға әртүрлі ойындар арқылы жақсы көңіл-күй сыйлады. Шараның басты демеушілері меценат, жеке кәсіпкер Найманбаев Болатбек Жанаділұлы және Республика партиясының қолдауы ерекше аталып, балаларға сапалы сыйлықтар тарту етілді.Бұл мәдени іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың көңіл-күйін көтеру, олардың қоғамдағы орнын сезіндіру, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру және достық пен мейірімділік атмосферасын қалыптастыру. Сонымен қатар, ата-аналар мен тәрбиешілердің назарын инклюзивті тәрбиенің маңыздылығына аудару.Екінші бөлігі Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада жалғасын тапты. Мерекелік шара №28 мектеп оқушылары Зайтбек Нұрасыл мен Абилова Айлин орындауында «Кел досым кітапханаға» әнімен басталды.Шара барысында балалар жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әли Әпекұлы Ысқабай және балалар жазушы, Көксу ауданының құрметті азаматы Жұмабала Балақаранова балаларды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектектерін білдіріп, болашақтарына сәттілік тіледі.Мерекелік шарада балалардың көңілін көтеріп, олардың шығармашылығын дамытуға бағытталған түрлі мәдени және ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылды. Шара барысында әсем әндер шырқалып, көңілді билер биленді. Балалардың белсенділігін арттыру мақсатында «Мультфильмдегі менің сүйікті кейіпкерім» атты пазл құрастыру ойыны, «Үйшіктегі стакан», «Саусақ ұшындағы әлем», «Сандар сөйлейді» сынды қызықты әрі тапқырлықты қажет ететін командалық ойындар ойнатылды.Сонымен қатар, кішкентай қылқалам шеберлерінің қатысуымен сурет сайысы өткізіліп, балалар өз қиялындағы түрлі образдарды қағаз бетіне түсірді. Барлық ойындарға белсене қатысқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, тәттілер мен естелік сыйлар үлестірілді. Мерекеге келген әрбір бала шаттық пен қуанышқа бөленіп, шынайы мерекелік көңіл-күй сыйланды.Шараға Жетісу облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері және мектеп оқушылары қатысып, тамаша әсер алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1002482?lang=kk
Аудан әкімі Нағи Ілиясов және Шаған ауылдарының тұрғындарымен кездесті 29.05.2025
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев есепті кездесулер аясында Нағи Ілиясов және Шаған ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.Аудан басшысы кездесу барысында аймақ бойынша атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді атап көрсетті.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында жақында ғана Катар еліндегі іссапарда үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 6 білім ордасы пайдалануға берілді. 4 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. Құны 8 млрд. 400 млн. теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жақын күндері ашылады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқы 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Соңғы 3 жылда 670 млн. теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінде ауыз су желілері жаңартылды. Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов және Н.Ілиясов елді мекендерін газдандыру жобасы толық аяқталды. Сонымен қатар, құны 2,6 млрд. теңгеге Шаған ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында құны 1,5 млрд. теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында құны 241,1 млн. теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекеніндегі медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Биыл Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты 361 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілуде.Есепті кездесулер барысында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан басшысы барлық мәселе назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1002490?lang=kk
«Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты ашық есік күні өтті 29.05.2025
1 маусым балаларды қорғау күніне арналған 10 күндік барысында,«Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ ұйымдастыруымен 22 мамыр күні «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты ашық есік күні өтті. Шараның мақсаты: мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде мемлекеттің балалық шақ мәселелеріне басым көзқарасы туралы қоғамдық хабардарлықты қалыптастыру. Шарада балаларға араналған арнайы концерттік бағдармалар болды.Тегін балмұздақтар мен сыйлықтар тарту етілді. Балалар керемет көңіл күйге бөленіп, ерекше алғыстарын білдірді!Осы іс шараға білім денсаулық сақтау, төтенше жағдай басқармалардың өкілдері, полиция қызметкерлері, мансап орталығының өкілдері, психологиялық көмек көрсету орталығының мамандары қала тұрғындарын қабылдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/otdel-social-karagandy/press/news/details/1002492?lang=kk
"Мәдениет-рухани өмірдің мәйегі" атты салтанатты шара өтті 29.05.2025
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет – рухани өмірдің мәйегі» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиынға Қызылорда облысының Құрметті азаматы, композитор Рамазан Тайманов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, «Құрмет» орденінің иегері Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Мамыр Байдәулет, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Нұрмат Мансұр, аудандық мәслихат депутаттары, өнер және мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.Іс-шара барысында құрметті қонақтар «Құрақтың Досжаны» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі шығармашылығымен, салт-дәстүрлер, ұлттық тағам және кітаптар көрмесімен танысты.Аудан басшысы жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, сала жетістіктерін атап өтті.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі» деп атап көрсетті. Мәдениет – ұлт мәнері болса, өнер – халықтың қазынасы. Сыр елінің мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынып, ұлттық құндылықтарымыздың берекелі ордасына айналуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы салынып, ел игілігіне берілді.Жақында облыс орталығында бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Құны 2 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынуда. Аталған нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады.Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында құны 3 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.Дана Абай «Өнерге әркімнің де бар таласы...» дегендей, ауданда сала жұмысына көрсетіліп жатқан үлкен қолдаулардың нәтижесінде мәдениет майталмандарынан құрылған өнер ұжымдары Сыр жұртшылығына танылуда. Өткен жылы өнерді жанына серік еткен ардагерлерімізден «Ұлағат» әкелер ансамблі және мәдениет саласы ардагерлерінен «Алтын қазына» ансамблі жаңадан құрылып, өнерлерімен құрметке бөленуде. 50 жылдан аса тарихы бар «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблдері шығармашылық жолдарын жандандыруда. «Балауса» халықтық би ансамблі жақында Алматы қаласында өткен халықаралық өнер конкурсында Бас жүлде иеленіп, Баку қаласына жолдама алды. Ұлт алдында ұлы істерге тағдырын арнаған мәдениет және өнер қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Әр уақытта мәдениетіміздің мәртебесі жоғары болып, рухы өр халықтың руханиятына қосар үлестеріңіз еселене берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.Салтанатты жиында ауданның мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген азаматтарға «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі табысталады. Сондай ақ, сала мамандары мен ардагерлері облыс әкімінің, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының және аудан әкімінің "Алғыс хаттарымен" марапатталып, сый-құрмет көрсетілді. Мерекелік концертте өңірімізге танымал өнерпаздар, шығармашылық ұжымдар мен жас дарындар әннен шашу шашып, көркем билерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1002505?lang=kk
ММ Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселесі бойынша жас мамандармен кеңес өткізді 29.05.2025
2025 жылғы 22 мамырда "Қостанай облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы" ММ Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселесі бойынша жас мамандармен кеңес өткіздіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/upr-ump-kostanay/press/news/details/1002506?lang=kk
Жаңаөзенде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды 29.05.2025
21 мамыр күні Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға қалалық медициналық мекемелердің басшылары мен тиісті сала өкілдері қатысты.Баяндамалар барысында №1 және №3 қалалық емханалар, көпбейінді қалалық аурухана, жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен жоғары медициналық колледждің 2025 жылдың алғашқы 4 айында атқарған жұмыстары мен жыл соңына дейінгі жоспарлары таныстырылды.Қала әкімі №3 қалалық емхана ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар, инфекциялық бөлімді уақытша өзге ғимаратқа көшіру шаралары пысықталды.Жиын барысында қала басшысы рентген бөлімін перзентхана ғимаратының ішіне көшіру, жедел жәрдем автокөліктерін жаңарту және медициналық көмек көрсететін бригадалар мен мамандар санын жыл соңына дейін арттыру қажеттігін қатаң ескертті.Сонымен қатар, екпе алудың қала бойынша төмен көрсеткішіне алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіз екенін атап өтті. Осыған байланысты қалалық емханалар мен медициналық орталықтардың дәрігерлеріне тұрғындармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.Кеңес соңында өндірістік мекемелерге қала тазалығы мен абаттандыру бойынша жауапкершілікті күшейтіп, сенбіліктерге белсенді қатысу туралы нақты тапсырмалар берілді.Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бекітілген мерзім ішінде тапсырмаларды орындау міндеттелді. Барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-zhanaozen/press/news/details/1002510?lang=kk
«Қатты тұрмыстық қалдықтар және оларды залалсыздандыру мәселелері» тақырыбында көшпелі қоғамдық тыңдау өтті 29.05.2025
Бүгін, 22 мамыр күні Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйінде Маңғыстау облыстық мәслихатының кәсіпкерлік, аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен «Қатты тұрмыстық қалдықтар және оларды залалсыздандыру мәселелері» тақырыбында көшпелі қоғамдық тыңдау өтті.Отырысты Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Жанбырбай Жөнібекұлы Матаев жүргізді. Тыңдау барысында Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Қажымұқанұлы Жанкеев, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқарма бастығы, полиция подполковнигі Нұрсейт Нерұович Оразов және Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сәми Әділет Досанұлы баяндама жасады.Қоғамдық тыңдауға Жаңаөзен қалалық әкімдігі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, саяси партиялар мен қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.Іс-шара барысында қоғамдық тыңдауға қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.Тыңдау соңында «Кәсіпкерлікті жүйелі жүргізу» бойынша Үндеу қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-zhanaozen/press/news/details/1002513?lang=kk
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік – заңдылықты нығайтудың құралы 29.05.2025
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысушы студенттер үшін семинар-тренинг өткізді. Іс-шараның мақсаты – жастардың азаматтық бақылау дағдыларын дамыту және оларды сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша нақты жұмысқа тарту.Семинар барысында қатысушыларға Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов сөз сөйледі. Ол жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын және күнделікті өмірде заңдылық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың негізгі ережелері таныстырылды.Бұдан бөлек, кездесуде спикерлер мен сарапшылар қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың не екенін, оның өмірдің әртүрлі салаларында қалай көрініс табатынын және күнделікті өмірде оның белгілерін қалай тануға болатынын толығырақ түсіндірді.Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына 260-тан астам белсенді қатысуда, олардың басым бөлігі — студент жастар. Олар тек оқудан өтіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдық маңызы бар қызметке белсенді араласуда. Еріктілер тұрғын үй, балалар және спорт алаңдарын, автожолдарды және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды абаттандыру сапасына мониторинг жүргізуде.Еріктілердің жұмысының арқасында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, жоспарлау кезеңіндегі бұзушылықтар мен құрылыс ақаулары анықталды. Жоба іске қосылған сәттен бастап мемлекеттік сатып алулар кезінде 2,5 млрд теңгеден астам сомаға бағаның артық көтерілу қаупінің алдын алынды. Жалпы саны 70-ке жуық қоғамдық мониторинг жүргізілді.Сондай-ақ, еріктілер ағартушылық жұмыспен де белсенді айналысуда. Олар халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп келеді. Жоба жастардың бойында ел болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыра отырып, белсенді азаматтық қоғам құруға ықпал етуде.«Бүгінгі жастар – ертеңгі көшбасшылар. Мұндай жобалар арқылы біз тек білім беріп қоймай, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырамыз. Жастар өз рөлін түсініп, елдегі оң өзгерістерге белсенді атсалысқаны аса маңызды», - деп Арман Рахимов атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-almaty/press/news/details/1002518?lang=kk
Көмектесу үшін бірігеміз 29.05.2025
30 мамыр күні сағат 17:00-де Қазақстанның барлық ірі қалаларында бір мезгілде «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» республикалық акциясы басталады!Егер құқық жөнінде сұрақтарыңыз болса және ол жайында сауатты консультация алғыңыз келсе, ҚР үздік сарапшыларынан консультация алу мүмкіндігін пайдаланыңыз.«Халық заңгері» - мемлекеттік орган өкілдерінің, жетекші заңгерлердің, ҚР адвокаттарының халыққа заң бойынша тегін көмек көрсетуі.Акция ҚР Үкіметінің қолдауымен өткізіледі, ұйымдастырушылар - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік басылымы, “Параграф” ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары, Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.Акцияның өтетін орындары:1. Ақтау қаласы - 34 ш/а, 9 ғимарат «Достық үйі»2. Жаңаөзен қаласы, Кендірлі ауылы - «Кендірлі ауылдық мәдениет үйі», Кендірлі ауылы, Жұлдыз ш/а, Жыңғылды көшесі, 200А ғимарат3. Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы - “AMANAT” партиясы, Бейнеу ауылы, Досан Тәжиев көшесі, 9 Г 4. Қарақия ауданы Құрық ауылы- «Қарақия Аудандық Тарихи-өлкетану музейі» , 1 ш/а., 341 ғимарат5. Маңғыстау ауданы Шетпе ауылы - «Мәдениет үйі», Орталық көшесі, 42 ғимарат6. Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы - «Фариза Оңғарсынова атындағы мәдение үйі», 24 квартал, 10/5 ғимарат7. Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы - «Мәдениет үйі», Нұрсұлтан Оңғалбайұлы көшесі, 53Толығырақ: https://lp.prg.kz/kk/narod-jur-2025/ Заңгерлердің білікті көмегін қажет ететін азаматтарды күтеміз!Маңғыстау обылысы Әділет департаменті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-zhanaozen/press/news/details/1002525?lang=kk
"Нашақорлыққа – жоқ де!" тақырыбында профилактикалық дәріс 29.05.2025
Мектепте «Нашақорлыққа – жоқ де!» тақырыбында профилактикалық дәріс өтті.Іс-шараның мақсаты – жастардың есірткі заттарына қатысты тұрақты теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ оқушылардың құқықтық және медициналық сауаттылығын арттыру болды.Дәріс аясында оқушылар алдында сөз сөйлегендер:• Кобеев Даурен Асқарұлы — Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі,• Симова Меруерт Онласынқызы — кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры,• Игембергенов Алдияр Бақытұлы — Алмалы ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы.Дәріс барысында спикерлер есірткі заттарын қолдану мен таратудың құқықтық салдарлары туралы жан-жақты айтып, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ кәсіби қызметтерінде кездескен нақты жағдайлармен бөлісті.Есірткінің денсаулыққа тигізетін зиянына, соның ішінде ми қызметінің қайтымсыз өзгерістеріне, ішкі ағзалардың бұзылуына, психикалық және физикалық құлдырауға ерекше назар аударылды.Тәуелділіктің қалыптасу қаупі де жеке атап өтілді, ол әлеуметтік оқшаулануға, отбасындағы жанжалдарға, оқуға және еңбекке деген қызығушылықтың жоғалуына, ал кейбір жағдайларда қайғылы салдарға алып келетіні айтылды.Лекторлар зиянды әдеттерге балама ретінде салауатты өмір салтының маңыздылығын атап өтті: тұрақты дене белсенділігі, дұрыс тамақтану, эмоциялық тұрақтылық, спорттық және мәдени шараларға қатысу – мұның бәрі денсаулықты нығайтып, тұлғаның үйлесімді дамуына ықпал етеді.Саналы түрде денсаулықты, жеке жауапкершілікті және құқықтық тәртіпті таңдаудың – қауіпсіз әрі табысты болашақтың негізі екені атап өтілді.Осындай іс-шараларды өткізу мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жастар арасында құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу саласында мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің өзара әрекеттестігін нығайтуға септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-almaly/press/news/details/1002285?lang=kk
Қорғаншылар мен қамқоршылар eGov.kz порталы арқылы өздерінің қамқорлығындағы азаматтардың мүлкіне билік етуге және әлеуметтік төлемдерге рұқсат ала аладыБаспаға шығару нұсқасы 29.05.2025
eGov.kz порталында қорғаншылар мен қамқоршыларға қамқорлығындағы адамдардың мүлкіне және әлеуметтік төлемдеріне билік етуге рұқсат алуға мүмкіндік беретін жаңа көрсетілетін қызмет іске қосылды. Көрсетілетін қызмет сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған кәмелетке толған азаматтардың заңды өкілдеріне арналған. Ол тегін ұсынылады және қорғаншылардың мүлкіне билік етуге ресми рұқсат алуға мүмкіндік береді.Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция арқылы электрондық өтініш беру процесі жеңілдетілді. Қажетті мәліметтер цифрландырылған болса, олар өтініш толтырылған кезде автоматты түрде жүктеледі, қателіктер қатерін азайтып, деректерді қайта енгізу қажеттілігін жояды.Көрсетілетін қызметті пайдалану үшін:eGov.kz порталында тіркеліп, «Азаматтарға» - «Әлеуметтік қамсыздандыру» - «Отбасыларға көмек» бөліміне өтіңіз.«Мүлікке билік етуге рұқсат беру, зейнетақыны, жәрдемақыны, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның есебінен алынған әлеуметтік төлемдерді алу және сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың мүлкін иеліктен шығаруға рұқсат беру» қызметін таңдап, «Көрсетілетін қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басыңыз.Қажетті өрістерді толтырыңыз.Тапсырма түрлерінің бірін таңдап, қажетті алаңдарды толтырыңыз.Өтінішке қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен қол қойыңыз.Өтінімді қарау нәтижесінде өтініш берушінің жеке кабинетінде электрондық түрде бұйрық немесе уәжді бас тарту көрсетіледі. Шешім бес жұмыс күні ішінде беріледі.Жаңа қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ынтымақтастығымен жүзеге асырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kurchatov/press/news/details/1002286?lang=kk
1 ГВт жел энергиясы: Қостанай облысында ең ірі ЖЭК-жобасы салынып жатыр 29.05.2025
Қостанай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы орнықты дамыту және «жасыл» трансформациялау мәселелеріндегі саясаты белсенді жүзеге асырылуда.Өткен аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Күн тәртібінде талқыланған басты мәселелердің бірі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық және экономикалық саясаты аясындағы басымдық ретінде белгілеген стратегиялық бағыт – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту болды.Олжас Бектеновтің айтуынша, Қостанай облысы жаңартылатын энергетика технологияларын тиімді енгізудің үлгісін көрсетіп отыр.2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.2023 жылы Арқалық қаласында қуаттылығы 48 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Жоба құны 20,3 млрд теңгені құрады.Ауқымды инвестициялар - өңірдің болашағы 2025-2026 жылдары өңірде ЖЭК саласында жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 580 млрд теңгені құрайды.Жобалардың ішінде Бейімбет Майлин ауданындағы күн және газ поршенді электр станциялары, сондай-ақ Арқалық және Қостанай ауданындағы жел станциялары бар.Ерекше жоба - қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы, оның аясында 165 жел генераторын салу жоспарланып отыр.Энергетика саласындағы төңкеріс: өндіріс 10 есе өсті Барлық жобаларды іске асыру Қостанай облысында электр энергиясын өндіру көлемін 10 есеге - қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл аймақтың өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, артық электр энергиясын көрші өңірлер мен елдерге экспорттауды мүмкін етеді.Таза энергия – болашаққа қадамӨңір әкімі Құмар Ақсақалов: «Облыс экономикасын дамыту, инвестиция тарту үшін, ең алдымен, электр энергиясы мен газ бойынша қуаттар қорын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті.ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 2027 жылдың соңына дейін Қостанай облысы баламалы энергияны барынша өндіретін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002311?lang=kk
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. 29.05.2025
Ұлттық конкурс адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатысады.Өтінімдер аудандық (қалалық) комиссияға 2025 жылғы 15 мамырдан бастап 15 маусымға дейін беріледі.Конкурс екі кезеңде өткізіледі:Бірінші – аудандық (қалалық) кезең (15 мамырдан 15 маусымға дейін).Екінші – облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) кезең (30 маусымнан 15 шілдеге дейін).Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялардың шешімдері негізінде жеңімпаз отбасыларға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы беріледі.Конкурс лауреаттарын марапаттау рәсімі қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында салтанатты түрде өтеді.Конкурсты ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар.Толық ақпарат алу үшін ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімге хабарласуға болады: 8 /71635/ 22-0-10.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-zhaksy/press/news/details/1002320?lang=kk