Саясат
Қазақстанда 50,2 млн тонна жем дайындалды 18.11.2024
Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жем-шөп өндірісін дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда.Жемшөп дақылдары үшін суармалы жерлердің алаңдарын кеңейту, жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау мақсатында ведомство жемшөп өндірісін дамытудың Жол картасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде.Ағымдағы жылы өңірлердің деректері бойынша жемшөп дақылдарының егістік алқаптары 3,2 млн.гектардан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 83,5 мың гектарға артық. Бұл ретте егістікке орналастырылатын жемшөп үлесі шамамен 14% құрады (2023 жылы-13%).24,5 млн.тонна шөп (бір жарым жылдық – 36,7 млн. тонна), пішен - 1,7 млн. тонна, сабан – 4,6 млн. тонна, концкорм – 5,5 млн. тонна және сүрлем – 2,0 млн. тонна дайындау жоспарланған.Ағымдағы жылдың 18 қарашадағы жағдайы бойынша 34,9 млн.тонна көлемінде шөп немесе бір жылдық жоспардан 142,6%, 2 млн тонна пішен немесе жылдық жоспардан 117,6%, 5,6 млн тонна құрама жем (102,2%), 2,3 млн тонна сүрлем (117,9%) және 5,1 млн тонна сабан дайындалды (111,9%).Жалпы, Қазақстанда жемшөппен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты деп болжануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884891
Павлодар облысында су тасқыны кезеңіне дайындық қарқынды жүріп жатыр 18.11.2024
Алдағы су тасқыны кезеңінде су басу қаупін азайту мақсатында Павлодар облысының ТЖ департаменті алдын алу шаралары бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Ведомство облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген іс-шаралар жоспарын әзірледі, ол бойынша 36 іс-шара жоспарланған. Сонымен қатар инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес 47 іс-шара жоспарланды. Аталмыш іс-шаралардың бірқатары бүгінгі күнде орындалды.Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында ұзындығы 2 км созылатын үш шұңқыр, сыйымдылығы 200 мың текше метр қорғаныс үйіндісі тұрғызылды, атқарылған жұмыстар елді мекенді еріген судан тиімді қорғауға мүмкіндік береді.Шолақсор ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 2023 жылы Сілеті өзенінің жағасын нығайту, осы өзен арнасын, түбін тазарту және тереңдету бойынша жұмыстар аяқталды, бұл ағымдағы жылы ауылды су басуға жол бермеуге мүмкіндік берді.Соңғы жылдардағы жауын-шашын мен су тасқыны нормасына сүйене отырып, жасанды құрылыстарды орнату, Павлодар, Ақсу қалалары, Ақтоғай, Павлодар аудандары, Атамекен, Кенжекөл кенттерінің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде қолда бар үйінділердің биіктігін арттыру және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, бұл еріген суларды ұстауға ықпал ететін болады.«Жалпы ұзындығы 15 км құрайтын «Ақтоғай-Шолақсор» облыстық маңызы бар автокөлік жолын жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Бұл учаскеде су өткізгіш құбырларға жөндеу жүргізілді, бұл еріген судың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Инженерлік жұмыстар жоспарын іске асыру аясында Ертіс ауданының Қарақұдық ауылына кірме жолға ұқсас үш су өткізгіш құбыр орнатылды», - деп облыстық ТЖ департаментінің бастығы Рустамбек Амрин атап өтті.Сонымен қатар елді мекенді су басу қаупін болдырмау үшін Ақтоғай ауданы Жамбыл ауылы Талинка өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Павлодар ауданы Розовка ауылының дала аймағында дренаж бойынша жұмыс істейтін елді мекендерден еріген қар суын бұруға арналған бұру арналары өткізілді.«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың республикалық жол картасы шеңберінде толық көлемде іске асырылған 7 іс-шара қазіргі уақытта іске асырылды. Мысалы Қалқаман-Баянауыл, Үміткер-Ботақара автожолдарында екі көпірдің құрылысы аяқталды, олар автожолдардың бұзылуына, сумен толып кетуіне, тасқын және еріген сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді», - деп ТЖ департаментінің бастығы хабарлады.Облыстағы алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жұмыс ерекше бақылауда және жалғастырылуда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/884887
ТЖМ құтқарушылары әуе кемелеріндегі өрттерді сөндірудің тактикалық тәсілдерін пысықтауда 18.11.2024
«Павлодар» әуежайында оқу-жаттығулар өтті, оның мақсаты әуе кемесінің бортында төтенше жағдайлар кезінде түрлі қызметтердің іс-қимылдарына дайындықты арттыру және үйлестіру болып табылды. Павлодар облысы ТЖД бөлімшелері мен әуежай қызметкерлері адамдарды ұшақтан тез және қауіпсіз эвакуациялау бойынша жаттығулар өткізді, әуе кемесінің бортында өртті тиімді сөндіру үшін әдістер мен жабдықтар пысықталды. Оқу-жаттығудың тактикалық ойына сәйкес, Boeing 737-300 әуе кемесі қону кезінде реактивті қозғалтқыштың механикасы зақымданып 106 шаршы метр аумағында жану орын алды. Әуе кемесінің командирі әуе диспетчеріне төтенше жағдайдың туындауы, апаттық қону және өрт сөндіру экипажының қажеттілігі туралы ақпарат берді. Апатқа ұшыраған ұшақтан кейін шұғыл қызмет мамандары шартты зардап шеккендерді эвакуациялауға және өртті жоюға дереу кірісті.Сондай-ақ, осындай оқу-жаттығу «Әулие Ата» халықаралық әуежайында өткізілді. Өрт-тактикалық оқу-жаттығудың сценариі бойынша «Талдықорған-Шымкент» әуе бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағының қозғалтқыш бөлшегі ақауға ұшырап, «Әули-Ата» халықаралық әуежайына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. Ұшақ апатты жағдайда қону барысында жанармай багы зақымдануы салдарынан авиациялық отынның төгілу жағдайы орын алып, өрт шыққан. Ұшақтағы өртті сөндіру үшін көмекке өрт сөндіру қызметін шақырған әуежайдағы жергілікті өрт сөндірушілер, олар келіп жеткенге дейін өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Ал одан әрі оқиға орнына жедел жеткен Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдары өртке оранған ұшақты сумен, көбікпен сөндіру жұмыстарын атқарып, сондай-ақ адамдарды құтқару және қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысқан. Өрт оқиғасы орнында 2 жауынгерлік участок құрылып, 5 адам құтқарылып, 85 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Зардап шеккендерге алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, жедел түрде ауруханаға жөнелтілді.Өрт-тактикалық оқу-жаттығулар соңында ұшақтағы өртті сөндіру бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқу-жаттығулар қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/884932
Ақтөбелік «жасылелдік» сарбаздар Астананы аралап қайтты 18.11.2024
Еске салайық, өткен аптада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы және студенттер отряды 20 жылдықты атап өтіп, биылғы маусымды қорытындылады.Сол салтанатты жабылу шарасында үздік деп танылған 100 сарбаз облыс əкімінің қолдауымен əсем қала Астанаға бару мүмкіндігіне ие болған-ды.Елордада экскурсияның үш күнін керемет көңіл-күйде өткізген жастар Ақтөбе қаласына оралды.Ұмытылмас күндер, қызықты сәттер, мүмкіндіктер сыйлаған жандарға олардың айтар алғысы шексіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884880
Абай облысында Digital IT Abai форумы өтті 18.11.2024
Форум заманауи технологиялық үрдістерді талқылау, тәжірибе алмасу, кәсіби өсу мен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндік алаңы болды.Форумда дәрістер, шеберлік сабақтары және жетекші сала мамандарымен ашық сұрақ-жауап өтті. Қатысушылар білімдерін тереңдетіп қана қоймай, түрлі саладағы инновацияларды енгізу жөнінде құнды ұсыныстар алды.Форумның маңызды сәттерінің бірі Abai IT Idea Battle – бизнес-идеялар сайысы болды. Онда қатысушылар технологияларды дамытуға және әртүрлі салалардағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды ұсынды. Сондай-ақ Robotics Hackathon 2.0 сайысы барысында әзірлеушілер инновациялық роботтарды жасаудағы дағдыларын көрсетті. Хакатонның жүлде қоры 600 000 теңгені құрады, бұл қатысушылар үшін қосымша ынталандыру болды.Танымал сарапшылар да сөз сөйледі. Олардың қатарында FlutterFlow-тың Орталық Азия және ТМД елдеріндегі елшісі, No code & AI Code маманы Диас Жұмағалиев пен ҚБТУ мультимедиялық технологиялар орталығының директоры және Gamelab ҚБТУ аға ғылыми қызметкері Александр Мезин бар. Олар заманауи технологияларға деген көзқарастарымен бөлісті, жасанды интеллект пен машиналық оқытуды іс жүзінде қолдану, DPG Sim кейс мысалында білім беру үдерістерінде ойындарды пайдалану, сондай-ақ өңіріміздегі стартаптар үшін мүмкіндіктер туралы айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/884814
ТЖМ қызметкерлері тұрғын үй секторына көп көңіл бөледі 18.11.2024
Маңғыстау облысының ТЖ департаменті жылу беру кезеңінде өрт қаупін азайту мақсатында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын жалғастыруда.«Әрбір үйге қауіпсіздік!», «Улы газдан сақ болыңыз!» акциялары аясында ТЖД бастығы полковник М.С. Мұхановтың басшылығымен жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру және халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде газ талдағыш датчиктерін орната отырып, кезекті аула аралаулар өтті.Облыс бойынша өрт қаупіне барынша бейім барлығы 2,5 мыңнан астам халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлері есепке алынды, бұл топтағы барлық тұрғын үйлер мекенжайы бойынша профилактикалық жұмыстармен 100% қамтылған.Тұрғын үйлерде улы газбен уланудың алдын алудың бірден бір әдісі – жылыту қазандықтары орнатылған бөлмелерде газ концентрациясын анықтайтын газ талдағыш датчиктерін орнату.«2019 жылдан бастап ТЖД мен әкімдіктердің бастамасымен халықтың әлеуметтік осал топтары азаматтарының үйлерінде 8,5 мыңнан астам датчик орнатылды, бүгінгі күні тағы 1,5 мың датчик орнатылуда, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін едәуір арттырады және өрт санын азайтуға ықпал етеді», - деді ТЖД бастығы М.С. Мұханов.Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін кеңінен насихаттау аясында департамент жылыту маусымында Instagram әлеуметтік желісінде өрт қауіпсіздігі туралы таргетті бейнероликтер жарияланды, нәтижесінде қысқа мерзімде 1 миллионға жуық оқырман қамтылды.Жұмыс жылыту маусымының соңына дейін жалғасады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/884832
Елордада Сарайшық ауданының әкімі тағайындалды 18.11.2024
ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша 39 жастағы Мақсат Саматұлы Сарайшық ауданының әкімі болып тағайындалды. Тағайындалғанға дейін Алматы ауданының әкімі қызметін атқарды.Ол еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары «Астана қалалық коммуналдық шаруашылық», Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінде және т.б. жұмыс істеді.2012 жылдан бастап 2019 жылдың мамырына дейін Алматы ауданы әкімінің аппаратында түрлі лауазымдарда болды. 2019 жылдың мамырынан 2022 жылдың тамызына дейін Алматы ауданы әкімінің орынбасары, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.2022 жылдың тамыз айынан бастап Алматы ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді.Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Сарайшық ауданы әкіміне аудан мен тұрғын алаптарды дамыту бойынша бірқатар міндет жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884723
Елордада Алматы ауданының әкімі тағайындалды 18.11.2024
ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша 39 жастағы Рустам Тәуекелов Алматы ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол осыған дейін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы қызметін атқарған.Еңбек жолын ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде бастаған. Әр жылдары «Балкантау KZ» ЖШС басшысы, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директорының орынбасары, «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.2022 жылдың қазан айынан бастап «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы қызметін атқарды.Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы ауданы әкімінің алдына аудан мен тұрғын алаптарды дамыту бойынша бірқатар міндет қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884725
Ерекше балаларға арналған балабақша: Президенттің тапсырмасы бойынша қайтарылған активтерден тағы шамамен 8 млрд теңге әлеуметтік нысандарға бағытталды 18.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыру жалғасуда.Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды. Үкімет Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Балабақшаның ашылуы 300 ерекше баланы тәрбиемен және түзету көмегімен қамтамасыз етеді. Мекеме мектеп жасына дейінгі балаларға жайлы болу, дамыту және оқыту үшін барлық қажетті заттармен жабдықталады. Бүгінгі таңда облыста ерекше білім беруді қажет ететін 3 жастан 6 жасқа дейінгі 2523-тен астам бала бар, олардың 1320-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Қазір облыс бойынша 4 арнайы түзету балабақшасы жұмыс істейді. Жобаны іске асыру қажетті инфрақұрылымды құруға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту мен тәрбиелеуді қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұған дейін Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын салу жөніндегі жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылданған болатын.Жұмыс жалғасуда.https://t.me/KZgovernment Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884678
Әйтеке би ауданында халық ұзақ жыл күткен мектеп пайдалануға берілді 17.11.2024
2020 жылдан бері оқушылар түрлі ғимараттарда оқуға мәжбүр болған еді. Көпшілік көптен күткен білім ордасының есігі айқара ашылды.Мемлекет басшысының еліміздегі үшауысымды және апатты мектептер санын азайту туралы тапсырмасы Ақтөбе өңірінде сәтті жүзеге асуда. Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.Білім ордасының ашылу салтанатына Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Сұлтан Жайық, аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев және ауыл тұрғындары қатысты.Шараның салтанатты рәсімінде Комсомол орта мектебінде 28 жыл директор болған В.Ф Галуцкий және мектептің ардагер ұстазы 92 жастағы Р.Маханов құттықтау сөз сөйледі. Мектеп ұжымына және оқушыларға ақ баталарын берді.Ескі, апатты деп танылған Комсомол жалпы орта мектебіндегі 420 бала енді жаңа оқу ордасында білім алуды жалғастырады.270 орындық Комсомол жалпы орта білім беретін мектебі екі ауысымда 540 оқушыға білім беруге қауқарлы. Мектепте 78 орындық асхана, ер балалар мен қыздарға арналған технология кабинеті, кең спорт және акт залдары, сыртқы спорт және ойын алаңдары бар.Айтып өтейік, былтыр қазан айында облыс әкімі Асхат Шахаров мектеп құрылысын сапалы әрі биылғы оқу жылында халық игілігіне тапсыруды Құрылыс басқармасына міндеттеген еді. Мектеп құрылысы өңір басшысының қадағалауында болды.Құрылыс жұмыстарын «GOLDEN CITY DS» ЖШС компаниясы 2022 жылдың 20 шілдесінде бастаған-ды.Салынған мектептің жалпы аумағы 5991,6 шаршы метрді, көлемі 4895 шаршы метрді құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884566
Астанада өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі 17.11.2024
Шатыры жартылай опырылып, өрт болған жекеменшік екі қабатты үйде екі отбасы тұрған. Астана әкімдігі оларға қажетті көмек көрсетеді.Құрбан болған зардап шеккен отбасыға психологиялық көмек беріледі. Оларға материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.Құрбан болмаған екінші отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері отбасыларымен тұрақты байланыста, барлық қажетті көмек көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884565
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтауы 17.11.2024
Құрметті ауыл шаруашылығы қызметкерлері!Құрметті еңбек ардагерлері! Баршаңызды ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!Бұл егіс алқабында, фермада, жеке шаруашылықта еңбек ететін, өмірі ауыл тағдырымен тығыз байланысты әрбір адамның мерекесі. Ауыл еңбеккерлерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және республикамыздың экспорттық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін бағаламауға болмайды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдына өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, өңдеуші саланы дамыту бойынша маңызды міндеттер қойып отыр. Өңірімізде бұл бағыттағы даму қарқынды жүріп жатыр: мал шаруашылығында оң тенденция байқалады, ауылдық жерлерді дамыту қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтерілуде, жоғары технологиялық жобалар жүзеге асырылуда, өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының негізгі міндеттерін – азаматтарымызды сапалы өніммен қамтамасыз ету, еліміздің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін шешуге көмектеседі.Әрине, биылғы ауыл шаруашылығы жылы диқандарымыз үшін өте ауыр болды. Дегенмен, олардың адал еңбектерінің, озық агротехнологияларды енгізудің және мемлекеттің қолдауының арқасында облысымыз орақ науқанын сәтті аяқтап қана қоймай, рекордтық өнім – 6,6 миллион тонна астық жинауға қол жеткізді.Егін орағы кезінде ұтымды, нақты және үздіксіз жұмысты қамтамасыз еткен, егін алқабы мен қырманда, зертхана мен комбайн штурвалында еңбек еткен барша ауыл еңбеккерлеріне шын жүректен алғыс білдіргім келеді. Қажырлы еңбектеріңіз үшін, өз істеріңізге жауапкершілік пен адалдық, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін мың да бір рахмет!Жер-ана төскейіндегі, фермадағы, өндірістік цехтардағы қажырлы еңбектеріңіз барлық марапатқа, ерекше құрметке лайық. Өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының озық дәстүрлерін қалыптастырып, жастардың отансүйгіштікке, туған жер құшағында адал еңбек етуге деген құлшынысын оятып жүрген сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді.Құрметті жерлестер!Осы мереке күні баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және отбасылық ынтымақ-береке тілеймін! Жыл сайын еселі еңбектеріңіздің есесі мол өніммен өтеліп, лайықты төленіп, қанағат сезіміне бөлейтін болсын. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/884564
Құрметті әріптестер, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері! 17.11.2024
Биылғы жылы кәсіби мерекеміз ерекше құрметпен — Мемлекет басшысының қатысуымен атап өтілді. Бұл саланың ел үшін маңызы айрықша екенін айғақтайды. Салтанатты іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Форумға мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғалармен қатар, агроөндірістегі көшбасшылар, еңбек майталмандары мен жас фермерлер қатысты.Бұл күні Мемлекет басшысының қолынан саланың үздік өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.Мұндай қадам үздік фермерлерді танып-білу ғана емес, агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істейтіндердің барлығын шабыттандырды. Себебі, бұл біздің ортақ ісіміздің маңыздылығын көрсетеді. Іс-шара мінберінен Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы туралы ғана емес, ел өмірінің басқа да салаларынан бірқатар өзекті ойларын ортаға салды.Агроөнеркәсіптік кешеннің табысты дамуы экономика үшін басты қозғаушы күш. Ол химия өнеркәсібі, машина жасау, ирригация, логистика және қаржылық қызметтер секторы сияқты өзге салаларға деген сұранысты арттырады.Бірақ ең бастысы, агроөнеркәсіптік кешен – ол азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдардың дамуына және халқымыздың өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсерін тигізеді.Құрметті әріптестер!Әрдайым шаруалардың еселі еңбегі назардан тыс қалмайды, әрбір қызметкердің үлесі мемлекет деңгейінде бағаланады.Біз елдің, болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін тер төгіп келеміз және алға жылжуды жалғастырамыз!Кәсіби мереке құтты болсын! Қиын да жауапты еңбекте жоғары нәтижелер, мықты денсаулық пен амандық тілеймін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884545
Абай облысындағы көктемгі су тасқынына дайындық барысы тексерілді 17.11.2024
Абай облысына ҚР Үкіметі аппаратының Өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторы Ұлықбек Серікұлы Тналиев іссапармен келді.Өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін тексеру және қажетті шараларды бақылау мақсатында ұйымдастырылған іссапар барысында инспектор Шүлбі су электр стансасының жағдайымен танысып, су қорының жинақталуына назар аударды. Сондай-ақ мұнда көктемгі су тасқынына қарсы алдын алу шараларын реттеуді тапсырды.Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Семей қаласы мен барлық аудандарда су тасқыны қаупіне байланысты су арналарын тазалау, қорғаныс бөгеттерін нығайту және қажетті техникаларды әзірлеу секілді алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар, бұл жұмыстардың барлығы аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді.ҚР Үкіметі аппаратының өңірлік даму және бақылау бөлімінің инспекторының іссапары барысында өңірде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған өзге де шаралар жан-жақты талқыланды.Сала мамандарының айтуынша, атқарылған жұмыстар көктемгі кезеңде су тасқынының қаупін барынша төмендетуге бағытталған. Инспектор атқарылған шаралардың сапасын бағалап, жауапты мекемелерге су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы аяқтап, толық дайындықпен кіруді міндеттеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/884551
Бір күнде Астанадан 2000-нан астам жүк көлігімен қар шығарылды 17.11.2024
Астанада қар тазалау жұмыстары ауысыммен тәулік бойы жалғасуда. Коммуналдық қызметтер қар тазалығымен күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.16 қарашада кешкі ауысымда қаланы қардан тазартуға 900-ден астам арнайы техника, ал 250-ден астам жол жұмысшысы шықты.16 қараша күні түстен кейін полигондарға 25 мың текше метрден астам қарды 2009 ауыр жүк көлігі тасыды.Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға 26 мыңнан астам рейс, 342 мың текше метрден астам қар жеткізілді.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/884538
Асхат Шахаров Ақтөбеде өтіп жатқан Дзюдо чемпионатының ашылуына қатысты 16.11.2024
Ақтөбеде Дзюдодан Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылуы өтті.Оған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты. Шараға қазақстандық дзюдошы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов те шақырылған. Іс-шара қонақтары чемпионат қатысушыларын оның ашылуымен құттықтап, жарыстарға сәттілік тіледі.Асхат Шахаров құттықтау сөзіндедзюдодан чемпионаттың дәл Ақтөбеде өтіп жатқанының маңыздылығын атап өтіп, Туризм және спорт министріне көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін алғысын білдірді.«Мемлекет басшысы Қазақстанда спортты дамытуға көп көңіл бөлуде. Бүкіл ел бойынша жаңа спорт кешендері салынып, жаттығу базалары мен спорт мектептері жаңғыртылып жатыр. Бұл кәсіби спортшыларға халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар спортты жастар мен жалпы халық арасында танымал етуге ықпал етеді.Бұл чемпионат – қазақстандықтардың ерекше назарында. Біздің дзюдошылар Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың Париж Олимпиадасындағы жарқын жеңістері спортшылардың жаңа буынын жеңістерге жетелейді.Бұл чемпионаттың Саламат Утарбаев, Рустам Ибраев, Гүлнар Көшербаева, Есет Қуанов және басқа да талантты спортшыларды тәрбиелеп отырған, дзюдода бай тарихы бар Ақтөбе жерінде өтіп жатқанықуантады. Дүбірлі дода облыс жастары арасында дзюдоны насихаттауға, спортпен шұғылдануына және чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеуге жол ашатынына, оларға күш-жігер беретініне сенімдімін», - деді Асхат Шахаров чемпионаттың ашылуында.Облыс әкімі шараны ұйымдастыруға үлес қосқандарға алғысын білдіріп, жарысқа қатысушыларға жеңіс, өз командаларына қолдау көрсетуге келген көрермендерге жарқын эмоциялар тіледі.Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жарыс қатысушылардыңтатамиде жарқын жеңістерге жетуіне тілектестігін білдірді.«Мемлекет қолдауының арқасында чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалуда, бұл Қазақстанның әлемдік спорттағы позициясын нығайтады. Бүгінде көптеген қазақстандық дзюдошылардың есімдері әлемдік спорт тарихына енді. Олар – төзімділіктің, шеберліктің және табандылықтың үлгісі. Спортшылардың жас буыны өздерінің даңқты дәстүрлерін жалғастырып, әсерлі жаңа жетістіктер көрсететініне сенімдімін. Бұл чемпионат еліміздегі дзюдо спортыныңдамуындағы маңызды кезең болмақ және жаңа жұлдыздардың жануына, жеңістерге жетелеуге серпін береді», - деді Ербол Мырзабосынов.Дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев өз кезегінде елімізде спортшыларды даярлау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына баса назар аударып, турнир әрбір қатысуға жарқын жекпе-жексыйлайтынына және дзюдоны одан әрі дамытуға түрткі болатынына сенім білдірді.Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке жоғары спорттық жетістіктерді айшықтайтын алтын «нашивканы»салтанатты түрде табыстады.Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов екі дүркін әлем чемпионы Әбиба Әбужақынованы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігімен марапаттады.Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде төрт күн бойы 15-18 қараша аралығында «Қоныс» спорт кешенінде еліміздің түкпір-түкпіріненжиналған дзюдошылар бақ сынайды. Чемпионатқа 17 облыстан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 510 спортшы қатысып жатыр. Спортшылар жеті салмақ дәрежесінде медаль алу үшін өзара мықтыны анықтайды.Чемпионат жеңімпаздары еліміздің ұлттық құрамасына енеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884532
Ақтөбеде қаржыгерлер марапатталды 16.11.2024
Бүгін, 15 қараша - Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - Теңге күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күнге орай, өңірдің қаржыгерлері марапатталды.Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов мереке иелерін құттықтап, қаржы саласында атқарған қызметтері үшін алғыс білдірді.«1993 жылы 15 қарашада егемен еліміздің тәуелсіздігінің айырықша белгісі саналатын ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енгізілді. Ұлттық валюта күнінің қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі бекер емес. Қаржыгерлер ұлттық валютамызбен тікелей жұмыс істеп, оның айналымын ұдайы қадағалап отырады. Осындай айтулы мереке күні Сіздерге қаржылық тұрақтылық, өсу, кәсіби жетістік тілейміз. Алдағы жұмыстарыңыз еліміздің экономикасын дамыту мен нығайтуға және қаржылық әлеуетін көтеруге бағыттала берсін», - деді облыс әкімінің орынбасары.Абзал Әбдікәрімов бүгінгі мерекеде еңбекте жетістікке жеткен облыстағы банк саласының мамандарына облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/884223
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтауы 16.11.2024
«Баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сондай-ақ бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сол науқанның түрлі салдары болғанын білесіздер. Соған қарамастан ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жаңа ғана арнайы көрмені араладық. Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан Егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884238
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумындағы сөзінен үзінді 16.11.2024
«Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884276
Алдағы жұмыстың негізгі бағыттары. БІРІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажет. 16.11.2024
Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Бидай сапасы мен балауызының деңгейі (32 пайыз) жоғары. Бұған заманауи агротехнологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ ауылшаруашылық техникаларын жаңарту арқылы қол жеткіздік. Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады. Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқан едім. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/884284
