Enbekshi QazaQ

Саясат

Облыс әкімі Республика күніне арналған мерекелік концертті тамашалады 16.11.2024
Өнер орталығында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті. Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, өнер адамдары, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Сахнаға алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, Әнұран шырқалды.Бұдан кейін облыс әкімі жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.«Сіздерді ұлық мерекеміз — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Өздеріңізге белгілі, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларацияда еліміздің егемендігі жарияланды. Мемлекетіміз үшін маңызы зор бұл тарихи құжатта Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері рәсімделді.Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және өзге де ұлт өкілдерінің мәдениеті, дәстүрі, ұлттық болмысы қалыптасып, мемлекеттік қағидаттар бекітілді.Біздің Республикамыз талай сәттерді басынан өткерді. Қандай сынақта да еліміз бірлігінен айырылған жоқ. Ендеше ата-бабамыздан бізге мұра болып жеткен сол игіліктерді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз.Мереке қарсаңында осы игілікті жолда әр өңірде еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында ақтөбеліктер де бар. Сондықтан жерлестерімізді осы мәртебелі марапаттарымен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, дендеріңізге денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын!», — деді Асхат Шахаров.Шарада Тарлан колледжінің оқушылары мен «Аққу» би ансамблі көрермендерге «Бабалар жолымен — болашаққа» атты прологын ұсынды.Кеш барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері, Тарлан колледжінің оқушылары, қазақ камералық хор ұжымы, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы әскери институтының курсанттарының «Домбырашылар» ансамблі, «Тамсан» және «СақТау» триолары өнер көрсетіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.Сонымен қатар шарада жас әнші, «Қазақстан дауысы 2021» жобасының финалисі Рахман Сатиев, республикалық конкурстардың лауреаттары — Ғазиза Əбдірова, Мəншүк Мұқанова, Ақбота Қоянбайқызы, Мейірбек Тәжіғұлов, Әкімжан Шәкіров, Аманжол Өтемұратов, Оразғали Сағитжанұлы, т.б. патриоттық әндер мен Шəмші əндерінен попурри орындады.Шара әнші Оразғали Сағитжановтың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды. Өңір басшысы атынан сахна төріне ықылас гүлі тарту етілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/871729
Ақтөбеде Мемлекеттік ту көтерілді 16.11.2024
Бүгін, 25 қазан - Республика күні. Ұлттық мереке облыс көлемінде аталып өтуде.Айтулы күнде Ақтөбедегі Тутұғыр алаңында мерекелік шара ұйымдастырылды. Ту көтеру салтанатты рәсіміне өңір басшысы Асхат Шахаров, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының сарбаздары, құқыққорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты.Қатысушылар Мемлекеттік әнұранды шырқаған сәтте көк байрағымыз салтанатты түрде көтерілді.Шара соңында ақтөбелік әнші Ұ.Досмұратов «Қазақстан өз елім» әнін, Ғ.Жұбанова атындағы Қазақ камералық хорының әртістері «Атамекен» әнін орындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/871887
Қызылжарда 320 орындық жаңа мектеп ашылды 16.11.2024
Жаңа мектепте 371 бала оқиды.Республика күні Ақтөбе қаласында жаңа мектеп есігін ашты. Бұл – Қызылжар тұрғындары үшін қуанышты жәйт. Апаттық мектептің орнына заманауи білім ордасы бой көтерді.Ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол Қызылжар тұрғындарын мерекемен құттықтап, мектеп ашылуының маңыздылығын атап өтті. Әкім мемлекет балалардың дамуы мен сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті жасап жатқанын мәлімдеді.«Әр бала білімді қолайлы жағдайда алуы тиіс. Ақтөбе облысында үш ауысымда оқыту және ескі мектептердің проблемаларын шешу мақсатында жаңа оқу орындары салынуда. Биыл бюджеттен 4 820 орындық 22 мектептің құрылысын салуға 10 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 оқу орны, соның 9-ы Ақтөбе қаласында салынады. Олар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі. Жаңа мектептерді аша отырып, өңірдегі білім беру орындарындағы орын тапшылығы және ескі ғимараттардың жабылу мәселелерін шеше аламыз», - деді әкім.Асхат Шахаровтың сөзінше, облыста мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын артып келеді. Биыл олардың саны бес мыңға өсті, бұл бес жаңа мектептің құрылысын салудың қажеттілігін көрсетеді. Соңғы бес жылда Ақтөбе қаласында 9 490 орынға шақталған 20 мектеп пайдалануға берілген.«Жаңа мектепте Қызылжар оқушылары болашақта қажетті сапалы білім мен дағдылар алады. Бұл мектеп әр баланың дамып, өз мақсаттарына жететін орнына айналады», - деді облыс әкімі.Қызылжарда мектеп бұрынғы авариялық жағдайдағы ғимараттың орнына салынды. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жүріп жатқан кезде балалар басқа оқу орнында білім алды.Мектеп директоры Рай Нұрғалиевтің айтуынша, «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастаған. Жаңа екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метрден астам, үш блокқа бөлінген. Алғашқы екі блокта бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған оқу ғимараттары, үшінші блокта шеберханалар, спорт залы, акт залы және асхана орналасқан. Мектеп үшін заманауи техника мен жабдықтар сатып алынып, оқу кабинеттері барлық стандартқа сай жабдықталған.«Біздің тұрғын алапта жаңа мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Енді балаларымыз жақсы жағдайда оқиды және сапалы білімге қол жеткізеді. Мұны жүзеге асыруға көмектескен барлығына рахмет. Еліміз гүлденіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүрейік, балаларымыз бізді жетістіктерімен қуанта берсін», - деді Қызылжар тұрғыны, білім саласының ардагері Найман Тұңғышбайқызы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/871892
Ақтөбе облысында Республика күні тағы бір мектеп ашылды 16.11.2024
Қобда ауданындағы Терісаққан ауылында 60 орындық мектеп ашылды.Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті тұрғындарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.«Әрбір қазақстандық үшін маңызы зор мерекеде өңірде жаңа мектептер ашылып жатыр. Елімізде әрбір азаматтың бейбітшілікте өмір сүруіне, балаларымыздың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалуда. Оның дәлелі - облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бағытталған. Бұл бір жағынан ұлтымыздың болашағына салынған инвестиция және жақсы білім алу арқылы оқушылардың өмірде үлкен биіктерге жете алатындығының кепілі. Қазір облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 мектеп салынып жатыр, онда балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жайлы білім беру ортасы құрылмақ. 2025 жылға қарай өңірде 24 150 оқушыға 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Оларды пайдалануға беру облыстағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесі шешіледі.Терісаққан тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен тағы да құттықтаймын. Мектеп түлектері өмірде жетістіктерге жетіп, еліміздің жарқын болашағын құратынына сенімдімін», - деп облыс әкімі ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірді.Айта кету керек, Терісаққан тұрғындары жаңа мектепті үш жыл күтті. 1967 жылы салынған ескі мектеп бірде-бір жөндеуден өткен емес. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ғимарат апатты деп танылды. Содан кейін 2022 жылы ауылда жаңа мектеп салына бастады. Алайда, «Ер-Қанат Сервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтаған жоқ. Аталған мердігермен шарт бұзылды. 2023 жылы жоба қайта түзетілгеннен кейін «Стронеф» ЖШС жаңа мердігер ретінде анықталды. Былтыр Қобда ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі мердігер ұйымның өкіліне жұмыстарды сапалы орындауды және ғимаратты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бір жылдан кейін жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.Терісаққан орта мектебінің директоры Ұлпан Санакаеваның айтуынша, жаңа оқу орнында 95 оқушы оқиды. Оқыту екі тілде жүргізіледі: мемлекеттік және орыс. Тоғыз оқу кабинеті, компьютерлік сынып, спортзал, кітапхана, асхана бар. Мектепте үйірмелер ұйымдастырылады. Сабақтарды өткізу үшін жаңа жабдықтар мен техника сатып алынды.Ресми ашылу рәсімінен соң, жергілікті тұрғындар мектепті аралап шықты. Балаларға барлық жағдай жасалғанына дән риза.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/871933
Ақтөбеде ауыл әкімдерінің форумы өтті 16.11.2024
Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылған ауыл әкімдері форумында өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Жиынға партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев, облыс әкімі Асхат Шахаров және «AMANAT» партиясынан сайланған аудандық, қалалық, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, департамент және басқарма басшылары қатысты.«Дамыған демократиялық қоғам құру - Мемлекет басшысының негізгі бағыттарының бірі. Президент әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін нығайту жолында жүйелі түрде жағдай жасалып жатқанын айтып келеді. Қазіргі таңда өңірде 157 әртүрлі деңгейдегі әкім бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының 2021 жылғы Жарлығынан кейін 155 қала және ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді. Сонымен бірге, 2023 жылы 3 аудан әкімі пилоттық жобамен тікелей сайланды. Партияның және өздеріңіздің сайлауалды бағдарламаларыңыздың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Партиялар мен әкімдердің белгіленген міндеттемелерді тиімді орындау азаматтардың сенімін сақтауға мүмкіндік береді», - деді өңір басшысы форумның ашылу рәсімінде.Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде аз ғана уақыттың ішінде еліміздегі реформалардың заңнамалық кешені әзірленгенін атап өтіп, саяси институттар қайта жаңғырудан өткеніне, Мәжіліс пен мәслихаттар көппартиялы болғанына, бірмандатты депутаттар оралғанына назар аударды.«Бұл Реформалар «AMANAT» партиясына да тікелей әсер етті. Жаңа қоғамдық-саяси ортада, партияда жүйелі ішкі өзгерістер жүргізілді, халықпен жұмыс тәсілдері жаңартылды. Партия сайлаушылардың талап-тілегіне негізделген жұмысқа басымдық беруде. Қоғамда абыройы бар, лайықты кандидаттарды ұсынып келеді. Бұл Мәжіліс, мәслихаттар және әкімдер сайлауларында халықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік береді. Сол себепті, «AMANAT» партиясы жергілікті жердегі жүйелі жұмысқа назар аударып, еліміздің барлық аймақтарында Ауыл әкімдерінің форумы өткізуде», - деді ол.Партия хатшысы ауыл әкімдерінің сайлауына, Сайлауалды бағдарлама мен партиялық жобалардың жүзеге асырылуына, қоғамдық қабылдаулардың жұмысына және жастармен жұмыс барысына кеңірек тоқталды. Ол форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін беретінін алға тартты. Форумда модераторлық еткен партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, Ақтөбе облысында 2021 жылдың шілдеден бастап 155 ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді, оның ішінде партиядан ұсынылған 141 (90%) кандидат жеңіске жеткен. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 7 қала, 135 ауылдық округ болса, олардың 133-інде «AMANAT» партиясының мүшелері әкім болып отыр. Жиында «AMANAT» партиясынан сайланған Қобда ауданы және Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімдерінің баяндамасы тыңдалды. Форум жұмысы қалалық, ауылдық округ әкімдеріне арналған секциялық жұмыс және семинар тренингтермен жалғасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/872498
Ауыл – ел бесігі: Ақтөбе облысының 83 ауылында 195 жоба іске асырылды 16.11.2024
Бес жылдың ішінде Ақтөбе облысының 83 ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 29 млрд. теңгені құрайтын 195 жоба іске асырылды.Жалпы бағдарлама Ақтөбе өңірінің 187 елді мекенін қамтыған. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілері салынуда, елді мекендерді су және газбен қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру, жұмыс орындарын құру мәселелері шешілуде.Бағдарламаның өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бағдарламаны іске асырудың бес жылында өңірде 79 әлеуметтік нысан салынды және күрделі жөндеуден өтті, 167,5 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 116,1 шақырым жол салынды және жөнделді.«Биыл 39 ауылда 59 жобаны жүзеге асыруға 9,8 млрд. теңге бөлінді. 19,1 шақырым инженерлік желілер мен 11,9 шақырым су құбырларын салу, 32 әлеуметтік нысанды жөндеу және салу жоспарлануда. 12 жоба – ауыспалы. Жыл соңына дейін 27 жоба аяқталуы тиіс. Осылайша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 68%-ы немесе 6,7 млрд теңге игерілді», - деп нақтылады Нұржан Мақсатов.Айта кетейік, 2025 жылы Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның 11-і – ауыспалы және 4-і – жаңа. Оған 5,9 млрд. теңге қаражат қажет.Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының баяндамасынан соң, Асхат Шахаров әр аудан әкімінен проблемалық мәсәлелер туралы сұрады. Өңір басшысы өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес, объектілерді мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдық жерлерді дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бағдарламаның барлық қатысушылары бөлінген қаражатты белсенді игеріп, жобаларды мерзімінде аяқтауы маңызды. Мердігерлер жұмысының тиімділігін бағалаудың жаңа өлшемдерін әзірлеу қажет. Егер олар жосықсыз деп танылса, шартты бұзу керек, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды болдырмайды және жобаларды іске асырудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтеді», - деді әкім.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/872818
«Ақтөбе ӘКК» биылғы жылдың 9 айында 75 млрд. теңгеге келісімшарттар жасасты 16.11.2024
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жұмыс отырысы барысында «Ақтөбе» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Әуез Таймбетов биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша корпорацияның жұмысы туралы есеп берді. Мәселен, 2015-2023 жылдар аралығында «Ақтөбе» ӘКК жалпы сомасы 33,8 млрд теңгеге 25 келісімшартқа, ал 2024 жылдың 9 айында 75,0 млрд теңгеге төрт келісімшартқа қол қойылды. Бүгінгі таңда инвестициялардың жалпы сомасы 108,8 млрд теңгені құрайды.«Бүгінгі таңда индустриялық аймақта инвестициялық жобаларды іске асыру және жер учаскелерін жалға беруге қатысты бірнеше шартқа қол қойылды. Химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу саласында 15 жоба іске асырылды және жұмыс істеуде. Инвестиция құны 30,9 млрд теңгені құрайды. 531 жұмыс орны құрылды, ауданы 55,6 га жер учаскесі игерілді. Тағы 12 жоба экономиканың басым салаларында іске асырылуда, мысалы, металлургия, мұнай - химия, жалпы инвестиция сомасы 77,9 млрд теңгеге құрылыс материалдарын өндіру, 807-ге жуық жұмыс орны құрылды», - деді Әуез Таймбетов. Сондай-ақ, Басқарма төрағасы 2024 жылдың 6 айында компания жобалар бойынша жұмыс жүргізу есебінен 463,5 млн теңге көлемінде пайда тапқанын атап өтті.Өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы жобаларды несиелендіру жайын және мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыруға қанша өтінім қаралғанын сұрады. «Ауыл аманаты» бағдарламасына екі жыл ішінде жалпы сомасы 15 млрд теңгеден астам үш транш бөлінді. 2700-ден астам кәсіпкерді қолдау тапты. Барлық сома толығымен игерілді. Сонымен қатар, 1,8 млрд. теңге сомасына тағы 242 өтінім қаралуда. Мал шаруашылығы саласында 5,4 млрд. теңгеге 758 жоба іске асырылып, 22 417 бас мал сатып алынды. Тағы 598 жоба құс шаруашылығына - 2,4 млрд. теңгеге, 233 жоба өсімдік шаруашылығына - 1,2 млрд. теңгеге жүзеге асырылды. 1 113 ШОБ нысаны ашылды, 56 бірлескен кооператив және 2 014 жұмыс орны құрылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 93,3 млн. теңге мөлшерінде салық түсімдері түсті. Ақпаратты тыңдаған облыс әкімі корпоративтік басқаруды арттыру, индустриялық аймақтың инфрақұрылымын күшейту, ӘКК қызметін цифрландыру және өңірге инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.t.me/aqtobe_oblysy_akimdigiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/873009
Ауылдық медпункт құрылысы 90%-ға аяқталды 16.11.2024
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Аққайың ауылында медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын.Қазіргі уақытта мердігер нысанды жабдықтау жұмыстарын пысықтап, ал құрылысты толығымен тәмәмдаған.Жаңа медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Жобаның құны – 237 млн теңге.Аққайыңда 410 адам тұрады, басым бөлігі аға буын өкілдері.Медициналық пунктте тәулігіне 20 пациентті қабылдауды 1 медбике жүргізеді. Сондай-ақ, нысан кем дегенде тағы 3 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтиды.Айта кетейік, 30 жылдан астам уақыт бойы ауыл тұрғындарының медпункті ауылдық клуб ғимаратында болған. Жаңа нысан Аққайың тұрғындарына күндізгі стационар және физиотерапия кабинеттерінің арқасында денсаулығын жақсартуға көмектеседі, сондай-ақ скринингтер мен егу науқандарының уақытылы өтуін қамтамасыз етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/873465
«Жастар. Жігер. Болашақ» жастар форумы 3000 ақтөбелік жастың басын қосты 16.11.2024
Жастар арасында нашақорлық, лудомания, буллинг, суицидтің таралуы мәселесі Ақтөбеде өткен «Жастар. Жігер. Болашақ» жастар форумының тақырыбына айналды.Форум жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров, полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов және облыстық прокуратура өкілдері қатысты. Спикерлер ретінде шақырылған қонақтар – Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев, қазақстандық тележүргізуші және «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, қазақ эстрадасының әртісі Нұрболат Абдуллин, айтыскер Қайнар Алагөзов және «Жаужүрек мың бала» фильмімен танымал киноактер Артур Төлепов сөз сөйледі. Елге танымал ақтөбеліктер жастармен өздерінің табыс тарихымен бөлісті.Өнер орталығында өткен форумда Ақтөбе қаласының мектептері мен колледждерінен мың оқушы жиналды. Аудандардан тағы екі мың оқушы онлайн форматта қосылды.Асхат Шахаров елдің болашағы жас ұрпақтың қолында екенін атап өтті. Мемлекет пен қоғам жастардың өз-өзін дамытуға, жаңа білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік туғыза отырып, қолдау білдіріп келеді.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жалпыға ортақ құндылықтарды дамыту мен қазір елге қауіп төндіріп тұрған 5 кеселге тоқталды. Президент жастар арасында құқық бұзушылық, нашақорлық, вандализм, қатыгездік, бұзақылық жағдайларының өскенін атап өтті. Бұл қиындықтар оларды жеңу үшін қоғамның қолдауын қажет етеді. Біз сіздерді, жастарды өмір жолын жауапкершілікпен таңдауға шақырамыз. Бізге өркениетті қоғам болуға кедергі келтіретін жаман әдеттерден арылу керек. Бұл зұлымдыққа қарсы күресте елде нашақорлыққа, лудоманияға, буллингке қарсы заңдар күшейтілді. Мұндай қылмыстар үшін жаза қатаң екенін ұмытпаңыз.Қоғамдық жұмыс пен бастамаларға қатысу, білім мен салауатты өмір салтына ұмтылу – бұл бүгінгі күні ұмтылатын құндылықтар. Тәуелсіз еліміздің болашағы сіздерге байланысты. Біз жастар өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынына және өзінің жарқын болашағын құра алатынына сенімдіміз», - деді облыс әкімі форум қатысушыларына арнау сөзінде.Шара барысында қатысушылар қазіргі жасөспірімдерді тәрбиелеу тақырыбында пікір таластырып, олардың отбасы мен қоғамдағы рөлін талқылады. Нашақорлық, суицид, буллингпен күресу жолында жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың қауіпсіздігі мен алдын-алудың маңызды мәселелері көтерілді.Форум нәтижесінде қатысушылар жасөспірімдер үшін қолайлы және қауіпсіз орта құрудың маңыздылығы туралы ортақ пікірге қол жеткізді. Білім беру бағдарламаларын жүргізу, жастар бастамаларын дамыту және ата-аналарды тәрбие процесіне белсенді тарту сияқты шаралар ұсынылды. Қорытындысында қатысушылар бірлескен күш-жігермен жағдайды жақсартуға және салауатты қоғам құруға болатындығын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/873554
Жарма ауылында жаңа мектеп ашылды 16.11.2024
Ырғыз ауданы Құтикөл ауылдық округіне қарасты Жарма ауылында 60 орындық жаңа мектеп ашылды. Нарқызыл негізгі орта мектебінде 21 мұғалім қызмет атқарып, 69 оқушы білім алады. Жаңа білім ошағы 60 орынға шақталған, ғимаратта жоғары сыныптарға арналған 9 пән кабинеті және зертханалар бар. Барлығы заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Бір интерактивті тақта, 11 компьютер жұмыс істейді. Оқушылардың дене шынықтыруына, бос уақытын тиімді пайдалануына қолайлы, кең спорт залы да тартымды әрі жайлы және мектеп ауласында спорттық ойындарға арналған екі алаң салынған. Еске сала кетейік, мектептің құрылыс жұмыстарымен ПК «ЕРЗАТ» айналысты.t.me/aqtobe_oblysy_akimdigiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/874229
Шығыс Қазақстан облысының әкімі аппаратында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарлануда 16.11.2024
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларының 2-тармағы негізінде, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу мақсатында, 2024 жылғы 29 қазан мен 2 желтоқсан аралығында «Шығыс Қазақстан облысының әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/867520
Шығыс Қазақстан облысының әкімі өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. 16.11.2024
«Құрметті Төтенше жағдайлар министрлігінің және құтқару қызметінің қызметкерлері, ардагерлері! Сіздерді Қазақстан құтқарушыларының кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Құтқарушы болу – ерекше мамандық. Бұл қызмет батылдықты, төзімділік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Адамдарды құтқару мен қайғылы оқиғалардың алдын алудың отандық жүйесінің негізін қалаған қызмет ардагерлеріне ерекше алғыс айтамын. Сіздер – кәсіпқойлықтың жарқын үлгісін қалыптастырып, құтқарушылардың жаңа ұрпағы үшін адамгершілік және моральдық бағдар болып отырсыздар. Құтқарушыларға зор денсаулық, отбасыларына амандық, игі істеріне табыс тілеймін!»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/867941
Өскеменде Риддер қаласының мәдени күндері өтуде 16.11.2024
«Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында облыс орталығында Риддер қаласының дәстүрге айналған мәдени күндері ұйымдастырылды. Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қатысты. Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Риддер тарихи-өлкетану музейінің сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен экспонаттарының көрмесі көпшілікке ұсынылды. Келушілер жергілікті өндірушілер арнайы әкелген бал, шай, тұздалған өнімнің әр түрінен дәм татып, сатып алды. Кеш қонақтары үшін Риддер қаласының би ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен гала-концерті ұйымдастырылды. Мәдени шараға белгілі қазақстандық «Ұлытау» рок тобы келді. – Риддер қаласынан 180-ге жуық өнерпаз қатысуда. Арнайы шақырылған «Ұлытау» тобы да өз өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Топ құрамындағы гитарист Максим Кичигин – Риддер қаласының тумасы. Ол біраз жыл осында тұрған еді. Кейін Қазақстанның ірі қалаларына барып, шығармашылығымен танылды. Бүгінгі күні қазақ музыкасын бүкіл әлемге дәріптеп жүрген топта өнер көрсетуде, - деді Риддер қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерболат Ошақбаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/867942
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Риддер қаласының өнімдерімен танысты 16.11.2024
Бүгін Өскемендегі жаңа «Алтай» көтерме сауда орталығының алаңында дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда Риддер қаласының кәсіпкерлері облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін ұсынды.— 15 өндіруші бірнеше тауар түрлерін алып келді. 5 тонна картоп, 1 тонна сәбіз, қызылша сынды көкөніс түрлері де бар. Оған қоса ет, бал өнімдері халыққа ұсынылды. Барлығы төмендетілген бағамен сатылуда, - деп атап өтті Риддер қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаева.Аймақ басшысы табиғи өнімдерді нарық бағасынан төмен сатудың өзектілігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол облыс орталығының әр қала, ауданнан келген кәсіпкерлерді сауда жүргізуге арналған ыңғайлы орынмен қамтамасыз етіп, қолдайтынын жеткізді.Жәрмеңкеде сауда-саттықтан бөлек мәдени-спорттық бағдарлама да ұйымдастырылды. Риддер қаласының шығармашылық ұжымдары жәрмеңкеге келгендерге өнер көрсетсе, спорт сүйер қауым армрестлинг, гір көтеру және арқан тартудан өткен жарысқа қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/867982
«Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметі 16.11.2024
Қызмет eGov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді, бұл азаматтарға қажетсіз қарыздар мен алаяқтық әрекеттерден оңай әрі тез қорғауға мүмкіндік береді. Қызметті қосу ЭЦҚ пайдалана отырып жүзеге асырылады. Қосылу үшін басты бетте «Сервистер» бөлімін, одан әрі «Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» бөлімін таңдау қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/868204
Президенттің тапсырмасы бойынша ШҚО-да Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпір ашылды 16.11.2024
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің ашылуына қатысты. Жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған, көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады. Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы аяқталғаны туралы баяндады. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды. Облыс тұрғындарымен кездесуде Премьер-министр жобаны іске асыру көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін және еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін атап көрсетті. - Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті, — деп атап өтті Олжас Бектенов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/868893
Құрметті Шығыс Қазақстан облысының, Өскемен қаласының тұрғындары және қала қонақтары! 16.11.2024
2024 жылғы 30 қазанда сағат 10-00-де Шығыс Қазақстан облысы әкімінің төрағалық етуімен облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтеді.Мекенжайы: Өскемен қаласы, М.Горький көшесі, 40, № 108 конференцзал.Отырыс ашық түрде өтеді, онлайн режимде трансляцияны YouTube арнасынан көруге болады.Әкімдік отырысына тікелей келіп қатысуға ниет білдіргендер үшін хабарлаймыз.Отырыс өткізілетін күннен екі (2) жұмыс күні бұрын, 28 қазанға дейін қағаз немесе электрондық түрде өтініш қабылданады. Өтініште тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы және байланыс телефоны көрсетіледі.Өтінішті М.Горький көшесі, 40, облыс әкімдігінің ғимараты, 414 кабинетте қабылдайды, электрондық түрде P.Kokkozeva@akimvko.gov.kz поштасына жіберуге болады.Отырысқа келіп қатысушылар ғимаратқа кіргізу тәртібін сақтауға міндетті. Қаралатын мәселелер Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/869169
ШҚО әкімі Республика күніне арналған марапаттау рәсімінде өңірдің және еліміздің жетістіктеріне тоқталып өтті 16.11.2024
Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шарада аймақ басшысы Ермек Көшербаев Қазақстанның берік басқару жүйесі, тұрақты экономикасы мен белсенді сыртқы саясаты қалыптасқан мемлекет ретінде дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.– Соңғы бес жылда елімізде саяси жүйені түбегейлі өзгерту арқылы ауқымды реформалар жүргізілді. Азаматтардың қоғамдық санасы жаңғырып, құқықтық мәдениет деңгейі артты. Жаңа мінез-құлық үлгілері қалыптасып, құндылықтар орнығуда, - деді облыс әкімі.Сондай-ақ Ермек Көшербаев өңірде үкімет ашықтығы мен азаматтық қоғам институттарымен серіктестік назардан тыс қалмағанын айтады. Әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу қоғамдық әлеуетті мобилицазиялау мен ресурстарды кезең-кезеңімен пайдалануды талап етеді.Аса маңызды жобалардың бірі – Орталық Азиядағы ең ұзын өткел саналатын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ашылуы.– Бұл көпір жеті ауданды біріктірді. Ол еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтып, өңір дамуына үлес қосады, - деді Ермек Көшербаев.Сондай-ақ қараша айында титан қожын шығаратын зауыт құрылысы бойынша «IREL Limited» үнділік компаниясымен келісімшартқа қол қойылмақ. Бұл қазақстандық титанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.– Республиканың барлық жетістіктері – тұтас қоғамның бірлігі мен ерең еңбегінің жемісі, – деп атап өтті аймақ басшысы.Жиын соңында ол жоғары жетістіктерге ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін айтып, қазақстандықтарға жылы лебізін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/871260
Міндетті қырағылық! 16.11.2024
2024 жылғы 23 қазанда, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция аумақтық департаменттері және жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлеріне терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Іс-шара барысында келесі тақырыптар талқыланды:- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар;- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69-қе бұйрығымен бекітілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары;- Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының паспортын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 14 маусымдағы № 481 және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 51/қе бірлескен бұйрығымен бекітілген үлгісіне сай өзектендіру;- қолдан жасалған жарылғыш құрылғының белгілері және табылған жағдайдағы іс—әрекет алгоритмі;- террористік сипаттағы қатерлердің салдарын азайту мен жоюды мақсатында кезекші қызметтерге хабарлау схемасы;- көрінеу жалған хабарлама үшін жазаның бұлтартпастығы;- терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/873488
ШҚО студенттері экологиялық сауаттылықты арттыратын болады 16.11.2024
Ағымдағы жылдың 30 қазан күні сағат 11.00-де «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және «Эко сақшы» жобасын іске асыруды талқылау бойынша Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде (Лермонтов көшесі, 50) «қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Танир Яссы мен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Ербол Бақытжан Ерболқызының студент жастармен кездесуі ұйымдастырылды.«Эко сақшы» ағымдағы жылдың маусым айынан бастап іске асырылып жатқан пилоттық жоба болып табылады. Жобаға өңірдің әрбір ауылдық округінен 120 жас қатысты.Жобаның негізгі мақсаты эко-волонтерлердің жұмысын үйлестіру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады.Бүгінгі таңда экосақшылар 73 іс-шара өткізіп, ауыл тұрғындары, жастар, эко-белсенділер, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлерінің көмегімен қоғамдық орындар мен аула аумақтарынан 10 тоннадан астам қоқыс жинады.Облыстың барлық қалалары мен аудандарында еріктілер үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылып, сенбіліктер өткізілді.Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен скверді, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысанды тазарту жұмыстары жүргізілді. 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылды. Елді мекендердің 82 мың аула аумағынан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Облыстың елді мекендері мен орман қорында 75 мыңнан астам көшет отырғызылды.Бұдан басқа, халықтан өтінімдерді пысықтау бойынша қолжетімді платформаны қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап «TazaQazBot» телеграмм боты іске қосылды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері полиция департаменті абаттандыру ережелеріне қатысты 5967 бұзушылықты анықтап, 25,9 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салды.«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/873897