Саясат
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданына жұмыс сапарымен барды 01.02.2025
Сапар барысында облыс әкімі аудандағы бірнеше елді мекенді аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.Тұздыбастау ауылына ат басын тіреген өңір басшысы 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көріп, білім беру нысанының жағдайына ерекше көңіл бөлді. Әкім мектеп оқушылары үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев Бесағаш ауылына барып, сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын бақылап шықты. Ол бұл нысанның стратегиялық маңыздылығын баса айтып, құрылыс сапасын қатаң қадағалап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Талғар ауданындағы әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды қолға алуды міндеттеді. Сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың үздіксіз жалғасатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/925280
Жетісу облысында «Басқуат» жылу қазандығының жүктемесі азайтылады 01.02.2025
Биыл Жетісу облысының аудан-қалаларында жылумен жабдықтаудың бірнеше маңызды жобасы іске асырылады. Бұл ретте Талдықорған қаласында қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандықтың құрылысы қолға алынса, жеке инвестиция есебінен «Басқуат» қазандығының базасында газ турбиналық станция салынуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде қазіргі кезде жыл бойы жұмыс істейтін аталған қазандықтың жүктемесін тағы 30% азайтуға мүмкіндік туады. Атап өтсек, бұған дейін қаладағы жылу желілерін қайта жаңғырту және нысандарды кварталдық қазандықтарға қосу есебінен «Басқуаттың» жүктемесі 12% төмендетілген еді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 2024-2025 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Өңірдегі әлеуметтік саланың 1330 нысанына және 1682 көп қабатты тұрғын үйге жылу үздіксіз беріліп келеді. Облыстың жылумен жабдықтаушы кәсіпорындары мен бюджеттік сала объектілері түгелдей отынның нормативтік қорымен қамтылған. Өңірде халықтың жылыту маусымындағы көмірге деген қажеттілігі 428,5 мың тонна. Бүгінге дейін аталған қажетті көлемнің 98%-ы тұрғындарға сатылды. Жылыту маусымына дайындық барысында 2 турбинаға, 40 қазандыққа, 156 км су құбыры желісі мен 13,5 км жылу жүйесіне, 1,1 мың км электр желісіне және 134 трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жұмыстары жүргізілген.«Биыл жылу жүйесінің бірқатар жобасы қолға алынады. Мәселен, жеке инвестиция есебінен Талдықорғандағы «Басқуат» қазандығының базасында қуаты 26 МВт электр энергиясын және 19 Гкал/сағ жылу энергиясын беруге жететін газ турбиналық станцияның 1-ші кезегін келесі жылыту маусымына дейін іске қосу жоспарланған. Жоба 5 кезеңде жүзеге асырылады. Оны іске асыру нәтижесінде 315 МВт электр және 252 Гкал/сағ жылу энергиясы өндіріледі. Жоба 2027 жылы толық аяқталды деп күтілуде. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Текелі қаласында қуаты 21 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысын орнату арқылы қолданыстағы ЖЭО-ны жаңғырту және кеңейту жобасының бірінші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, бюджет қаржысы есебінен Талдықорған қаласында қуаты 49 Гкал/сағ болатын қазандық салынып жатыр. Оның құрылысы 2025 жылғы қазан айында, яғни келесі жылыту маусымы басталғанға дейін бітеді деп жоспарланып отыр», – делінген облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарламасында.Жалпы өңірде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жалпы қуаты 540 Гкал/сағ болатын 24 негізгі энергия объектісі жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы - 393 км.Еске салсақ, биылғы жылыту маусымының қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар тұратын 1039 жеке тұрғын үйге улы газды анықтайтын датчиктер қойылды. Ал 2022-2024 жылдар аралығында осындай датчиктер 5 мыңға жуық үйге орнатылған болатын. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/925444
Астанадан бір түнде 48 мың текше метрден астам қар шығарылды 01.02.2025
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Олар күн сайын қаладан ондаған текше метр қар шығарады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.26 қаңтардан 27 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер Астанадан 48 мың текше метрден астам қарды 3 688 рейспен шығарды.27 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2300-ден астам жол жұмысшы мен 1700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.Қыс мезгілі басталғаннан бері 4 миллион текше метрден астам қар қаладан полигондарға 321 291 ауыр жүк рейсімен шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/924804
Астанада балалардың талантын ашуға арналған жаңа орталық есігін айқара ашты 01.02.2025
Елорданың Пригородный елді мекенінде 3-10 жас аралығындағы балаларды білім мен өнерге баулитын жаңа орталық ашылды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.«AQYL Education» дамыту орталығында 10 жасқа дейінгі балалар базалық дағдылар мен шахмат, робототехника және ағылшын тілін тегін үйренетін болады.«Бұл – әр балаға өз талантын ашуға және болашағы үшін маңызды дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін заманауи білім беру кеңістігі. Ұстаздарымыз – балалармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар. Олар әр оқушының қабілет-дарынын танып, оны дамытуға және оқыту процесін қызықты етуге бар күшін салады. Әр бағдарлама балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып жасалады. Кең, қауіпсіз және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу сыныптары балалардың білім алуға деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын», - дейді «AQYL Education» балаларды дамыту орталығының директоры Гүлжан Орманова.Мұнда 2 ауысымға 150 бала қабылданады. Мектепке даярлық тобынан бастап, оқушыларға арналған ұзартылған топ жұмыс істейді. Бүлдіршіндер үшін дене тәрбиесі, ойлау мен шағын моториканы дамыту сабақтары өткізіледі. Бұған қоса балалардың сөйлеу қабілетін жақсарту үшін логопед мамандар және психологтар көмек көрсетеді. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін шахмат, ағылшын тілі мен робототехника оқытылады.«Балалардың тегін білім алуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан «Даму» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ата-аналарға қаржылық жүктемені азайтып, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Гүлжан Орманова. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/924889
JOLTAP жобасы: небәрі 8 күнде жиһаз дайындауды қалай меңгеруге болады 01.02.2025
Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының «екі қолға бір күрек» тауып, қаржылық жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Әлеуметтік жоба аясында осы уақытқа дейін 9 мыңнан астам елордалық біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Жоба негізінде оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен, жиһаз жасау негіздерін де жоба арқылы тегін оқуға болады. Бұл дағдыны меңгеріп алған жандар жиһаз өңдіру және оны құрастыру тәсілдерін үйренеді. Себебі бүгінгі еңбек нарығында жиһазды тапсырыспен жасатуға сұраныс артып келеді.JOLTAP жобасындағы «Корпусты жиһаз жасау негіздері» курсын Марат Базарбеков жүргізеді. Осы салада 6 жылдық тәжірибесі бар оқытушы жобаға кездейсоқ келгенін айтады.«Мен басқа жиһаз жасаушылар сияқты ең алдымен өз үйіме қажетті шкаф жасадым. Нәтижесін көрген соң, бұл іспен кәсіби түрде айналыспақ болдым. Осылайша елордадағы жиһаз цехтарының біріне жұмысқа тұрдым. Онда құрастыру және монтаждау негіздерін үйреніп, қосымша осы салаға қатысты интернетте қолжетімді ақпараттарды зерттедім. Жиһаз жасағаннан кейін оны тиімді сату жолдарын білу үшін JOLTAP жобасында «Таргетолог» курсына қатысуға өтініш білдірдім. Сол уақытта жиһаз жасау курстарын өткізіп жүрген соң, жобада жиһаз жасау курсы бар-жоғын сұрадым. Әрі қарай өз ұсынымды білдіріп, осылайша жаңадан ашылған курстың оқытушысы болдым», - дейді Марат Базарбеков.Курс оқытушысының сөзінше, қатысушылар 8 күнде корпустық жиһаз жасау технологиясымен егжей-тегжейлі танысады.«Осы курсты таңдаған жандар 6 күн бойы жаһаз жасау технологиясымен танысып, тәжірибе жүзінде жиһазды өлшеу және оның дизайнын сызу тәсілдерін үйренеді. Жетінші күні студенттер алған білімдері бойынша емтихан тапсырады. Ал соңғы күні менің цехымда жиһаз жасап, оны JOLTAP жобасы атынан өзімен бірге сыйға алып кетеді», - дейді ол.Марат Базарбековтың айтуынша, аталған курсқа біліктілігін арттыру үшін дизайнерлер мен жиһаз жинаушылар да келеді.«Байқағанымдай, курсқа келген студенттер ішінде дизайнерлер мен жиһаз жинаушылар да бар. Олар осы салада біліктілігін арттырып, табыс көзін ұлғайтуды мақсат етеді. Елімізде жиһаз жасаушылар саны жетіспейді, сондықтан да олар тапсырысты мерзімінде орындауп үлгермейді. Ал мен әр қазақстандықтың сапалы жиһаз алғанын қалаймын. Сондықтан жоба аясында жиһаз жасаушыларды дайындап, нарыққа білікті шеберлер шықса деймін», - дейді ол.Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/924906
«Жастарды техникалық салаларға тартуға көмектеседі» – елордалық энергетик «Жұмысшы мамандықтары жылы» туралы 01.02.2025
Президент бастамасымен биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын техникалық мамандардың жұмысына ерекше назар аударылады. Олардың қатарында елорданы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Астана-АЭК» АҚ қызметкерлері де бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Кәсіпорын жұмысшыларының бірі, Байқоңыр аудандық электр желілерінің (ЖЭК) аға шебері Дархан Ыбаш энергетика саласында 10 жылдан астам еңбек етіп келеді.Дархан университетті «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша бітірген. «Астана-АЭК» АҚ-да 2012 жылдан бері жұмыс істейді.Кәсіпорында 3-разрядты электрик мамандығынан бастаған. Кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болды.«Ауа райының қолайсыздығына, тәулік уақыты мен басқа да қиындықтарға қарамастан, берілген тапсырмаларды нақты орындаймыз. Біздің басты міндетіміз – аудандық желілердің сенімді және сапалы жұмысын қамтамасыз ету», - деді Дархан.Ол Президенттің жұмысшы мамандарды қолдау жөніндегі бастамасының маңыздылығына тоқталды.«2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанына қуанып жүрмін. Бұл бастама жұмысшы мамандардың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, жастарды техникалық мамандықтарға тартуға септігін тигізеді, бұл еліміздің дамуы үшін аса маңызды», - дейді шебер.«Астана-АЭК» мекемесінде қызметкерлердің кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда олар бастамашылық пен кәсіпқойлықты бағалайды, сонымен қатар дамуды қолдайды және карьералық өсу үшін жағдай жасайды. Дарханның айтуынша, дәл осы қасиеттер компанияның өз саласында көшбасшы болып қалуына көмектесіп келеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/924917
«Халық қатысатын бюджет»: елордада аудан әкімдіктері тұрғындардан өтініш қабылдап жатыр 01.02.2025
Елордада «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыру жалғасуда, оның аясында азаматтар өз аулаларын абаттандыруға және жөндеуге мүмкіндік алады. Қазір аудан әкімдіктері өтініштер қабылдап жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.«Халық қатысатын бюджет» жобасы азаматтардың өз аулаларын күрделі жөндеуге, скверлерді, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды ашуға бағытталған бастамаларын қолдауға бағытталған.Бағдарлама 7 кезеңнен тұрады: сараптамалық кеңес құру, өтінімдерді қабылдау, жобалық ұсыныстарды талдау, дауыс беру, қорытындылау, жұмыс жоспарларын құру және іске асыру.Сарайшық ауданының әкімдігі тұрғындардан өтініш қабылдауды бастап та кетті. Ол 1 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушылар нақты өзгерістер мен бюджеттік есептеулерді көрсете отырып, даму жоспарын дайындауы керек.Аяқталған жобалар аудан әкімдігінің ресми сайтының «Пайдалы сілтемелер» бөлімінде жүктеледі, онда «Халық қатысатын бюджет-2025» қойындысы орналасқан. Техникалық талдау мен тексеруден кейін өтінімдер дауыс беру кезеңіне өтеді.Дауыс беру 6-24 сәуір аралығында өтеді. Ол үшін аудан әкімдігінің сайтына немесе Egov Mobile қосымшасына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіру қажет.Бір тұрғын тек бір жобаға дауыс бере алады. Жеңімпаздар үш санатта анықталады: пәтерлер саны 40-қа дейін, 100-ге дейін пәтер, 100-ден астам пәтер.Елорданың Сарыарқа ауданында 20 қаңтардан бастап өтініштер қабылданып жатыр. Ауданда 2019 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 121 тұрғынның бастамасы жүзеге асырылды. Өткен жылдың өзінде 66 аула жаңартылса, оның 43-і қала тұрғындарының атсалысуының арқасында жүзеге асты.Бағдарламаға қатысуға Нұра ауданының тұрғындары да 1 наурызға дейін өтініш бере алады. Бағдарлама аясында жыл сайын Астанада 100-ден астам аула жаңартылады. Жобаға қатысу арқылы тұрғындар ауланы абаттандыру бойынша өз идеяларын ұсына алады.Байқоңыр ауданының тұрғындары өз өтініштерін әкімдіктің www.baikonyr-astana.kz ресми интернет-ресурсына «Халық қатысатын бюджет-2025» бөліміне жібере алады.Ұсынысты жіберу үшін өтінімді толтыру керек (жобаның атын, оның сипаттамасын көрсету), эскизді және сметаны (шамамен болуы мүмкін), қазіргі жағдайының фотосуреттерін және таңдау бойынша презентацияны қосу керек. Бұл бөлімде сондай-ақ осы жобаның ережелері, үлгілік жобалық ұсыныс, жобалық іс-шараларды өткізу мерзімдері, сараптамалық кеңестің құрамы бар.Алматы ауданының әкімдігі де өтініштер қабылдайды. Жобаға тек осы ауданның тұрғындары ғана қатыса алады.Есіл ауданында 23 қаңтарда өтініштерді қабылдау басталды. Ол да 1 наурызға дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/924944
Астанада қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу бойынша қандай жұмыс жүріп жатыр 01.02.2025
Астана қаласында қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес жануарларды қолға түсіру, уақытша ұстау, вакцинациялау және зарарсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Бұл туралы елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Самат Абдуллин айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.«Аулау кезінде жануардың өлуіне апармайтын тор, ілмек, тор қақпандары қолданылады.Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға өтініштер iKomek 109 мониторингтік қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының жұмыс телефоны арқылы қабылданады.Қолға түскен жануарлар міндетті түрде чиптеліп, «Таңба» үй жануарларын есепке алудың бірыңғай базасына тіркеліп, питомникке тапсырылады. 2024 жылы 9 мың қаңғыбас жануарға микрочип салынды. Мәліметтер базасында иесі бар және қаңғыбас 37 864 жануар тіркелген, оның 19 844-і – ит, 18 020-сы – мысық», - деді Самат Абдуллин.Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын құтыру ауруына қарсы профилактикалық іс-шаралар және иттер мен мысықтарды дегельминтизациялау жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы иесі бар және ұсталған 17 мың қаңғыбас ит пен мысық вакцинацияланды.Сондай-ақ, елордада қаңғыбас жануарлардың санын гуманды тұрғыдан реттеу мақсатында 2018 жылдан бастап үй жануарларын зарарсыздандыру және кастрациялау қолданылып келеді. 2024 жылы 1997 жануар зарарсыздандырылды, оның ішінде 410 ит және 1587 мысық бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925043
Отбасылық-тұрмыстық қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту: Астанада қандай жұмыстар атқарылып жатыр 01.02.2025
Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы жаңа заңнамалық шаралардың, технологияларды енгізудің және әлеуметтік қызметтерді белсенді тартудың арқасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл жұмыс туралы брифингте Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Ерасыл Жұмақанов пен Астана қалалық ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Шрахметова егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.2024 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі жаңа заң күшіне енді. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің қатарына денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚР ҚК 108-1-бабы) және ұрып-соғу (ҚР ҚК 109-1-бабы) кірді. Бұл шаралар әйелдер мен балаларды агрессорлардан қорғауды күшейтуге бағытталған.Заң күшіне енген 2024 жылдың 16 маусымынан бері Астанада 1184 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 676 іс денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру болса, оның 238-і отбасылық-тұрмыстық салада болған. Тағы 508 оқиға зорлық-зомбылыққа қатысты болса, оның 39-ы тұрмыстық жанжалда тіркелген.Сот жүйесі мұндай істерді белсенді түрде қарауда: жыл соңына дейін 142 іс сотқа жолданды, оның ішінде 83 адамға үкім шығарылды.2024 жылы Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Солардың бірі – қайталанатын зорлық-зомбылық қаупін бағалауға арналған «ODARA» жобасы.Жоба үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Полиция қызметкерлері зорлық-зомбылыққа бейім адамдар арасында 15 мыңнан астам сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша аурудың қайталану қаупі жоғары 106 адам анықталып, оларға мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ тарапынан көмек көрсетілді. Зорлық-зомбылық әрекеттерінің негізгі себептері ішімдік ішу (4496 жағдай), қызғаныш (939 жағдай), әлеуметтік тұрақсыздық (1360 жағдай) болды.«Цифрлық полиция» жобасы аясында учаскелік инспекторлар бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген, бұл оқиғаларды бірден түсіруге және құқық бұзушылықты жасыру әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.Құқық қорғау органдары әлеуметтік қызметтермен бірге зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға назар аударады. Дағдарыс орталықтарына қорғауды қажет ететін 384 адам орналастырылды. Сонымен қатар, 1200-ден астам әйел мен балаға психологиялық қолдау мен заң көмегі көрсетілді.Алдын алудың маңызды бөлігі қала тұрғындарымен және коммуналдық қызметтермен белсенді өзара әрекеттесу болды. Құқық қорғау органдары шұғыл әрекет ету үшін азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы хабарлауға шақырылады.Ықтимал тәртіп бұзушыларды бақылау үшін әлеуметтік мессенджерлер арқылы бейнеқоңыраулар енгізілді, бұл отбасылардағы жағдайды қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.Зорлық-зомбылықтың қайталануын бағалау және алдын алу үшін «ODARA» бағдарламасын 2025 жылға қарай елорданың барлық ауданында кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ агрессорлардың психологиялық және әлеуметтік мінез-құлқын түзетуге болатын мамандандырылған түзету орталықтарын ашу жоспарлануда. Сол сияқты зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық күшейтілетін болады.Негізгі бағыттардың бірі өмірлік қиын жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеу, сондай-ақ түнгі уақытта алкогольді сатуды бақылауды күшейту болады, бұл тұрмыстық жанжалдардың санын азайтуы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925108
Астанада танымал актерлер «Таза Қазақстан» акциясына қатысты 01.02.2025
Елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының актерлері «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдіріп, өнер ордасының айналасын қардан тазартты, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.«Астана қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдай отырып, әріптестерімізбен бірге театрымыздың алдын қардан тазарттық. Осылайша көрермендерімізді ыстық ықыласпен, көтеріңкі көңіл күймен қарсы аламыз», - деді Музыкалық жас көрермен театры басшысының орынбасары Алмаз Шоман.Экологиялық акцияға Аян Төлепберген, Оразалы Игілік, Нұржас Садырбаев, Еламан Иманбаев және театрдың басқа да актерлері қатысып, мәдени нысанның айналасын қалыпқа келтірді.«Бірнеше сағаттан кейін Музыкалық жас көрермен театрының көрермендері бізге қарай ағылады. Мынау қар олардың спектакльден керемет әсер алып шығуына кедергі жасайды деген оймен және әріптестерімізбен бірге «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында айналаны қардан тазартып жатырмыз. Акцияны қолдаңыздар, қарды тазалап тастаңыздар», - деді театр актері Аян Төлепберген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925308
Астанада кальян шегуге қатысты тыйымның бұзылған жағдайлары анықталды: оларға айыппұл салынды 01.02.2025
Елорданың Сарайшық ауданында заңсыз кальян шегу фактілерін анықтау мақсатында ойын-сауық мекемелерінде рейд жүргізілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Профилактикалық шараны ауданы әкімдігінің қызметкерлері полиция басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.Сарайшық ауданындағы екі мекемеде жүргізілген рейд барысында кальян шегудің айғағы анықталды. Тәртіп бұзушыларға 117 960 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы мекемеге қарсы ұсыныс берілді. Кальяндар тәркіленді.Рейдтік іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде құқық қорғау органдары қала тұрғындарының шағымдарын ескеріп, аталған аумақтарда құқық бұзушылықтарға талдау жүргізгені атап өтілді. Полиция мұндай рейдтер демалыс және мереке күндері күшейе отырып, тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.«Заңбұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына сәйкес 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді учаскелік полиция майоры Ғалым Мұстаханов.Еске салайық, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы қаулы 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Тиісті талап бұзылса, кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925441
2025 жылы Ақтөбе облысында 965 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда 01.02.2025
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысы қаралды.Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев өңірде тұрғын үйді іске қосу қарқыны жағынан өсім бар екенін атап өтті. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыста 964 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған, бұл жоспарланған межеден 14 мың шаршы метрге артық. 2025 жылы 595,3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй, 354,7 мың шаршы метр көппәтерлі үй салу жоспарлануда. Ақтөбе мен Алға қалаларында 142 мың шаршы метр немесе 1 857 пәтер салу жоспары бар. Жалпы, 965 мың шаршы метрді құрайды.Тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден 49 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 12 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 22 ауыспалы білім беру нысандарының құрылысы жалғасады және IT Хабты қоса алғанда, 3 жаңа жоба іске асырылады. Сондай-ақ, Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық балабақша құрылысы басталады.«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 14 нысан халық игілігіне беріледі. Биыл Жаңақоныстағы ауруханаға жапсарлас құрылыс жұмыстарын аяқтау, Жемде дәрігерлік амбулатория және Қобда ауданы Өтек ауылында медпункт салу жоспарланып отыр.Сонымен қатар, Хромтауда мәдениет үйінің құрылысы аяқталмақ. Бұдан өзге, облыс орталығында 5000 орындық көпфункционалды спорт кешені мен стадионның жобасы әзірленуде. Шалқар, Хромтау, Кеңқияқта дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен Шұбарқұдық және басқа да бірқатар ауылдарда бассейндер тапсырылады.Облыс әкімі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп, 2025 жылға жоспарланған барлық нысанның уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Асхат Шахаров кіреберіс жолдарды, тротуарларды салу және әлеуметтік нысандарды жарықтандыруды ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.«Барлық құрылыс жобаларының белгіленген мерзімде және жоғары сапа деңгейінде орындалуын қамтамасыз ету үшін олардың іске асырылуын бақылауды күшейту қажет. Бұл тек мерзімдерді сақтауға ғана емес, бөлінген ресурстарды пайдаланудың тиімділігіне де қатысты, өйткені бұл жобалар өңір және жалпы ел тұрғындарының игілігіне бағытталған», - деді өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/925212
2025 жылы Ақтөбе өңірінде газ тартылып, сумен қамтылатын елді мекендердің саны белгілі болды 01.02.2025
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауылдық елді мекендерді газдандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев облыстағы 319 елді мекеннің 172-сі газдандырылғанын, бұл 53,9% құрайтынын айтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 21 басталған жобаның 8-і толығымен аяқталған, 13-і – 2025 жылға ауыспалы жобалар қатарында. Осы жобаларды іске асыра отырып, 9,8 мың тұрғыны бар 23 ауылға көгілдір отын тартылады. «QazaqGaz Aimaq» инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылын газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, жақын арада 2,6 мың халқы бар тағы 6 ауылға газ жеткізіледі.«2025 жылдың соңына қарай 196 елді мекенге газ беріледі, бұл ауылдардың жалпы санының 61,4% құрайды. Бұдан басқа, 2025–2027 жылдарға 4,7 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жобаға өтінім берілді. Оларды іске асыру арқылы 206 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Арысұлан Айтбаев.Спикер атап өткендей, былтырғы жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде магистральдық газ құбырының үшінші тізбегінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта газ құбырының учаскелерін толтыру және оны жұмыс қысымына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 526,5 мың м3 дейін ұлғайтылады, бұл қаланы қосымша табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Елді мекендерді сумен жабдықтауға келер болсақ, бүгінгі таңда 319 ауылдың 291-і ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл 91,2% құрайды. 28 ауылда су ұңғымалары қолданылады. Ел Президентінің халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмалары аясында биыл Ақтөбе облысында бұл көрсеткіштерді 302 елді мекенге немесе 94,7%-ға жеткізу көзделген.«Ақтөбе қаласының тұрғын алаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Сарыбұлақ» және «Моисеев» сорғы станцияларын салу бойынша екі ірі жоба әзірленді. Екі жоба да мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, республикалық бюджеттен қаржыландыруға бағытталған. Осы жобаларды іске асырғаннан кейін қалаға тәулігіне қосымша 70 000 м3 су келіп түседі, бұл тұрғын алаптарды сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді», - деп нақтылады басқарма басшысы.Су құбыры желілерінің тозу проблемасын шешу үшін облыс бойынша 13 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа, «Aqtobe su-energy group» АҚ 12,2 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартпақ, осылайша облыс орталығындағы желілердің тозу деңгейін 29,5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.Облыс әкімі сумен жабдықтау және газдандыру бойынша басталған барлық жобалардың мерзімінде аяқталуын тапсырды.«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлық басталған жобалардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Газдандыру және сумен жабдықтау жоспарланған мерзімде аяқталуы керек және ешқандай жоба себепсіз кейінге қалдырылмауы тиіс. Өңірде газбен және сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған барлық жоспарланған іс-шаралар жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Мемлекет басшысының әрбір тұрғынды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттерін орындауға ықпал етеді. Барлық басталған жобаларды қатаң бақылауда ұстау қажет», - деді өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/925396
Бородулиха ауданында «Орманымызды сақтаймыз» атты экологиялық акция өтті 01.02.2025
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – Абай облысының ғана емес, тұтас еліміздің және ғаламшардың табиғи байлығының ажырамас бөлігі. Ертіс бойын жағалай өскен қарағайлы орман өзінің саф ауасымен, қайталанбас пейзажымен және экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды рөлімен ерекшеленеді. Табиғаттың бұл қазынасын қорғау – әр азаматтың парызы.Осы мақсатта 27 қаңтар күні Бородулиха ауданында «Орманымызды сақтаймыз» атты экологиялық акция өтті. Іс-шараны аудандық Жастар орталығы ұйымдастырды. Акция республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көркем табиғатымен танымал «Сарқырама» аумағында ұйымдастырылды.Экологиялық бастамаға түрлі мамандық иелері, еріктілер, аудандық ұйымдар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Оларды ортақ мақсат – табиғатты қорғау және оны болашақ ұрпаққа сақтау идеясы біріктірді. Шара барысында құстарға арналған ұялар орнатылып, спорттық ойындар, флешмобтар мен экология тақырыбындағы пікірталастар өткізілді. Сонымен қатар, жаңа экологиялық идеялар талқыланып, қатысушылар ортақ шай дастарқанында бас қосты.Акцияны қолдау мақсатында «Семей орманы» ММ Бородулиха филиалының қызметкерлері құстарға арналған ұялар әзірлеп, ұсынды. Ал «Раушан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаев қатысушыларға табиғат аясында дайындалған хош иісті палау ұсынып, Екатерина Ситдыкова тәттілер мен ыстық шаймен қонақтарды қуантты.Ұйымдастырушылар шараға қатысқандардың барлығына ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/925022
Курчатов: қалалық инфрақұрылымды абаттандыру және жақсарту жөніндегі жоспарларды іске асыру 01.02.2025
Курчатов қаласының әкімдігі жыл бойы аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша белгіленген жоспарларды іске асыруда. Аймақтың географиялық ерекшеліктерімен байланысты қиындықтарға қарамастан 2024 жылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді.2024 жылы көпқабатты үйлердің аулаларында қураған ағаштарды санитарлық кесу жүргізілді. «Қазцинк» АҚ демеушілік қаражатына 4 аула аумағы жөнделіп, асфальт жабыны төселді. Орындықтар мен 3 балалар ойын алаңдары орнатылды. Кепілдік міндеттеме шеңберінде 7150 шаршы метр жолдың шұңқырын жөндеу орындалып, жол таңбалары сызылды. Білім беру мекемелері жанына қажетті жол белгілері қойылды.Бұдан бөлек Павлодар бағытындағы жолды қайта жаңғырту жұмысы басталып, 2025 жылы аяқтау жоспарлануда. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Курчатов көшесіндегі жарықтандыру қайта жаңартылып, бағаналар мен шамдар ауыстырылды. Биыл «Ақылды қала» технологиясына көшу арқылы негізгі көшелерді жарықтандыруды толық жаңғырту жоспарланған.Сондай - ақ, тұрғындар жиі бас қосатын «Құрылысшылар аллеясы» мен «Ақ балкон» күрделі жөндеуден өтті. Ертіс өзенінің жағалауының бір бөлігі қосымша абаттандырылып, балалар ойын алаңы орнатылды. Орталық саябақта балалар алаңы салынып, субұрқаққа жаңа сорғылар алынды. Ағымдағы жылы «Орталық» және «Жастар» саябақтарындағы жұмыс аяқталады. Көпқабатты 5 үйдің қасбеті сырланды. 2025 жылы тағы 5 ғимаратты жаңарту жоспарда тұр.Сондай-ақ, биыл қалған 10 ауладағы жолдарды асфальттауды аяқтау, Ертіс өзенінің жағалауына дейін саябақты қайта жаңғырту және кеңейту, қаланың негізгі қиылыстарында бағдаршамдар орнату жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/925030
TOP-5: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ІРІ МҰЗДЫҚТАРЫ 01.02.2025
1. ІЛЕ АЛАТАУЫНЫҢ МҰЗДЫҚТАРЫҚазақстандағы мұздықтардың басым бөлігі Іле Алатауында орналасқан. Мұнда жалпы ауданы 140,732 шаршы шақырым болатын 470 мұздық бар.Мұздықтар Алматы қаласының маңайындағы өзендердің жағдайына әсер етеді, сондықтан да олардың экологиялық маңызы зор. Бұдан бөлек, Іле Алатауының мұздықтары альпинистер мен саяхатшылар арасында өте танымал туристік бағыт болып табылады.2. КОНСТИТУЦИЯ МҰЗДЫҒЫКонституция мұздығы - Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Жетісу Алатауында (немесе Тянь-Шаньның шығыс бөлігінде) орналасқан. Биіктігі 4500 метрден асады.Мұздықтың атауы 1993 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына орай берілген. Ол аймақтағы өзендердің бастауы болып табылады және табиғатқа әсері үлкен. Бұдан бөлек, мұздық сирек кездесетін өсімдік түрлері мен жануарлар мекендейді табиғи қорық аумағында орналасқан.3. ТАУ-КЕН ИНСТИТУТЫНЫҢ МҰЗДЫҒЫТау-кен институтының мұздығы - Іле Алатауының солтүстік беткейінде, Алматы қаласының шығысында орналасқан. Мұздықты Алматыдағы Тау-кен институтының қызметкерлері зерттегендіктен білім ордасының атауы берілген. Ол Түрген өзені бассейніндегі ең үлкен мұздық болып саналады. Алаңы 3,786 шаршы шақырымға жуық.Тау-кен институтының мұздығы климаттық және географиялық зерттеулер үшін маңызды табиғи аймақ болып табылады. Оның көлемі мен жағдайы аймақтың экожүйесіне, сондай-ақ өзендердің қалыптасуына әсер етеді.4. ШОКАЛЬСКИЙ МҰЗДЫҒЫШокальский мұздығы Талғар өзенінің бассейнінде орналасқан ең ұзын мұздық болып табылады. Жалпы ұзындығы - 3,52 шақырым. Мұздық Орталық Азиядағы таулы және мұзды аймақтарды зерттеумен айналысқан әйгілі географ және альпинист Петр Шокальскийдің есімімен аталады.Шокальский мұздығы Іле Алатауы арқылы өтетін өзендер үшін су ресурстарының көзі болып табылады. Сондай-ақ, ол климаттық зерттеулер үшін де өте маңызды. Себебі, мұздықтың еруі мен өзгеруі арқылы аймақтың климаттық көрсеткіштері анықталады.5. ҮЛКЕН БЕРЕЛ МҰЗДЫҒЫҮлкен Берел мұздығы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орналасқан. Ол аймақтағы ең ірі мұздықтардың бірі, көлемі - 4,7 шаршы шақырым. Мұздық бірнеше өзен мен басқа да су нысандарының көзі болып табылғандықтан экологиялық және гидрологиялық маңызы зор.Өлшемдері мен географиялық орналасуына байланысты Үлкен Берел мұздығы ғылыми зерттеу нысанына айналды. Сонымен қатар, ол скиф билеушілерінің қорымы табылған Берел қорғаны мен басқа да археологиялық орындарға жақын орналасқан. Сол себепті мұздық альпинистермен қатар, туристер мен археологтар үшін де өте қызық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/923770
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады 01.02.2025
Осыған орай Астанада 10-15 ақпан аралығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтеді. Министрлік су шаруашылығы саласында еңбек еткісі келетін жастарға су мамандықтары, білім беру бағдарламалары, кәсіби даярлық курстары жайлы толық ақпарат береді.Бұл жайлы «Іскерлік үзіліс» айдарында Ғылым және инновация департаменті Су шаруашылығындағы адам ресурстарын дамыту басқармасының басшысы Дидар Жәнібекұлы айтып берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/924815
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтарға шолу 01.02.2025
20.01.АСТАНАҚазақстанның 9 облысында гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару бойынша ұйымдар құрылды. Осылайша, еліміздегі мамандандырылған ұйымдардың жалпы саны 15-ке жетті.МАҢЫЗДЫ: Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңадан ашылған ұйымдардың функцияларын, міндеттері мен өкілеттіктерін реттеу үшін нормативтi-құқықтық базаны жетілдіру жұмысын жүргізуде.22.01.АСТАНАҚазақстанның батысындағы екі ірі су қоймасы ұзақ жылдан соң алғаш рет жөнделді. Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет кешенді реконструкция жасалды. Ал, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы соңғы 58 жылда бірінші рет жөнделді.Қазақстанның 16 облысында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді. Бұдан бөлек, 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық аясында 1502 гидротехникалық құрылысты тексерді. Сондай-ақ, 105 гидроқұрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізілуде.Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасу жөнінде келісімге келді. Бүгінгі таңда жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.Жапон сарапшылары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерді. Шетелдік мамандар су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы нысандарды зерттеді.Қазақстанда су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған 2 жүйе әзірленіп жатыр. «Tasqyn» жүйесі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік береді. Ал, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Су білім беру институты арасындағы меморандум аясында голландиялық Delft-Fews платформасына біріктірілген Talsim су тасқынын болжау жүйесі енгізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/924824
Қазақстан мен Израиль су саласында ынтымақтастық орнатуда 01.02.2025
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Израильдің Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамомен кездесті.Тараптар Қазақстанда гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Бүгінгі таңда израильдік инженерлер 4 су қоймасын қарап, оларды реконструкциялау бойынша ұсыныс берді.Тараптар Жамбыл облысындағы Ынтымақ су қоймасын жаңғырту және оның көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, министр заманауи су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, Сарысу ауданының ирригациялық каналдарын жаңғыртуды ұсынды.Израиль инвесторлары қазақстандық компаниялармен бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, шетелдік делегация Израильде «Қазсушар» мамандары үшін біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыруды ұсынды.«Бұдан әрі талқылау бірлескен жұмыс тобы аясында жалғасады. Екі жақтың сарапшылары жобаның техникалық құрамдас бөлігін қарастырады. Сондай – ақ, жұмыс тобы біздің мамандардың біліктілігін арттыру курстарының бағыты мен тақырыбын анықтайды»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/924831
Еңбек адамы: Кутбанова Кайраткан. 43 жыл еңбек өтілі бар су бақылаушы маманы. 01.02.2025
Алматы облысындағы су шаруашылығын, ирригация және дренаж жүйелерін жобалау, пайдалану және басқару саласында мамандарды даярлайтын Гидромелиоративтік техникум колледжінде білім алған.Еңбек жолын 1985 жылы Шелек ауылындағы «Шелек суландыру» мекемесінде су бақылаушы болып бастады.Су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелерінде маңызды шешімдер қабылдай отырып, өз ісінің үздігі болды.2024 жылы Республика күніне орай Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су шаруашылығы ардагері» төсбелгісімен марапатталды.Бүгінгі таңда Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының Бартоғай пайдалану бөлімшесінің инженер-гидрометрі болып жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/924967