Ғылым
Көтерілген мәселелер заң аясында шешіледі 23.09.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 19 адам жазылып, оның үшеуі онлайн форматта қатысты. Негізгі көтерілген мәселелер – әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жұмыспен қамту.Тасбөгет кентінің тұрғыны Ә.Молдағұлова көшесі бойынан балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысын жеткізді. Бүгінде Тасбөгет кентінде 14 балалар ойын алаңы, 1 стритбол және 1 жаттығу алаңы бар. Өткен жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қ.Баймағанбетов және З.Шүкіров көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі үйлер ауласына балалар ойын алаңы салынды.Қазір кенттің басқа да аумақтарына ойын алаңдарын салу жолы қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Ә.Молдағұлова көшесі бойынан бос жер учаскесі анықталды, осыған орай ұсыныс енгізіледі. Бюджеттен қаржы бөлінген соң, кезең-кезеңімен салу жоспарланған.Қармақшы ауданының тұрғыны Төретам және Жосалы кенттеріндегі автобекеттердің жұмысына қатысты мәселе көтерді. Бұған дейін Жосалы кентіндегі «Шынар-Ана» және Төретам кентіндегі автостансалар жолаушыларға қызмет көрсеткен. Алайда ғимаратты осы мақсатта пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, жұмысын тоқтатқан. Жосалы кенті арқылы өтетін бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсету үшін бұрынғы «Самара–Шымкент» автодәлізі бойындағы «Айым» кафесінің жанынан диспетчерлік пункт ашылды. Пункт 15 шілдеден бастап жұмыс істеп келеді, 15 автобус және 5 «Спринтер» автокөлігі жолаушы тасымалдайды.Қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелерді жан-жақты саралап, заң аясында шешу жауапты басшыларға жүктелді.Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1296961?lang=ru
Жылыту маусымы тұрақты, апаттар мен іркіліссіз өту керек 23.09.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өңіріміздің жылыту маусымына әзірлігі тақырыбына арналған аймақ әкімдігінің отырысы өтті. Жиында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков қалалары мен Жітіқара ауданының әкімдері баяндама жасады.Мемлекет басшысы жылыту маусымы өзекті мәселелердің бірі екенін бірнеше рет атап өтіп, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға, халықты үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді.«1 қазаннан бастап облыста жылыту маусымы басталады. Мен өткен отырыста 15 қыркүйекке дейін жылыту маусымына дайын болуды тапсырған едім. Бүгінде барлық 118 жылу көзі, оның ішінде 4 жылу электр орталығы мен 114 қазандық, сондай-ақ 698 автономды жылыту жүйесі толық дайындалды. Барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы қамтамасыз етілді. Ұзындығы 30,7 шақырым жылу желілерін, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді аймақ басшысы.Бүгінде қала және аудан әкімдіктері тарапынан шамамен 384,1 мың тонна көмір дайындалды. Бұл жоспардың 94,3%-ін құрайды. Қостанай, Лисаковск және Арқалық қалаларында жылу желілерін реконструкциялау бойынша 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. 2026 жылға 14,7 шақырым желіні жаңарту жоспарланған болатын. Бұл көлем толық орындалды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 42,8 пайызға дейін төмендеді.«Өткен жылыту маусымында апаттар санын айтарлықтай азайта алдық – 254-тен 134 жағдайға дейін. Тұрғындардан түскен шағымдар саны да 96-дан 20-ға дейін төмендеді. Алдағы маусымдағы міндетіміз – жылыту маусымын тұрақты, апаттар мен іркіліссіз өткізу», – деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1296750?lang=ru
Облыс әкімдігі жанындағы "Заң және тәртіп" Конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті 23.09.2026
Ағымдағы жылғы 21 қыркүйекте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен Облыс әкімдігінің жанындағы «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйінде жасалатын қылмыстардың профилактикасы туралы мәселелер қаралды.Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыста тіркелген ЖКО саны 3,4% төмендеді – 854-тен 825-ке дейін. Жараланғандар саны 6,4% азайды – 1 184-тен 1 108-ге дейін, қаза тапқандар саны 4% азайды – 50-ден 48-ге дейін.Сондай-ақ, 2ГИС-те ескертулерді орналастыру оң нәтиже көрсетті: белгіленген 12 авариялық-қауіпті учаскелерде жеті ай ішінде ЖКО саны 37% төмендеді – 27-ден 17-ге дейін.Қалалар мен аудандардың әкімдеріне полициямен бірлесіп жекелеген аумақтарда аварияға әкелетін себептердің өсуін талдау, неғұрлым қауіпті учаскелерді анықтау, жаяу жүргіншілер өткелдерінің орналасу қауіпсіздігін бағалау, автобустар мен шұғыл қызметтердің автомобильдерін жылдамдықты бақылау жүйелерімен жарақтандыруды қарау және жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылды.Екінші мәселе бойынша сегіз айдың ішінде мас күйінде жасалған қылмыстардың саны 18,3% төмендегені атап өтілді.Сонымен қатар, уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына қайта орналастырылған азаматтарды медициналық сүйемелдеуді күшейту, сондай-ақ аудандарда психиатр-дәрігерлер мен наркологтардың болуы жөнінде шараларды қабылдау тапсырылды.Заңда көзделген шараларды қабылдай отырып, алкоголь өнімін сату ережелерін қайталап бұзатын сауда объектілеріне ерекше назар аудару тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1296720?lang=ru
Арман Шаққалиев пен Лорд Джон Алдердайс сауда мен инвестиция көлемін арттыру мәселесін талқылады 23.09.2026
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ұлыбритания Үкіметінің Әзербайжан және Орталық Азия елдері бойынша сауда өкілі Лорд Джон Алдердайспен кездесті. Тараптар екіжақты сауда динамикасын, Қазақстан экспортының көлемін арттыруды, өндірістік кооперацияны, инвестициялық және ғылыми-білім беру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 1,63 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 83,7%-ға өсті. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 1,25 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,5%-ға артты.Сонымен қатар Қазақстан сауда көлемінің өсу қарқынын сақтап қана қоймай, оның құрылымын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнімдердің экспортын арттыруға мүдделі. Қазіргі таңда экспорттың негізгі бөлігін күміс, шикі мұнай, мыс және мыс катодтары құрайды.«Біз үшін екі ел арасында сауда байланыстарын одан әрі тереңдетіп, әртараптандыра отырып жалғастыру маңызды. Ең алдымен, Қазақстанның шикізаттық емес өнімдерін британ нарығына шығаруды кеңейтуге мүдделіміз», – деді Арман Шаққалиев.Осыған байланысты министр британдық импорттаушылар мен сауда желілерінің өкілдерінен құралған сауда-экономикалық миссияны Қазақстанда ұйымдастырып, оларды отандық өндірушілермен тікелей байланыстыруды ұсынды. Сондай-ақ кездесуде британ нарығында экспорттық өнімдерге қойылатын сапа, сертификаттау, қаптама және стандарт талаптары талқыланды.Кездесуде маңызды минералдар және оларды қайта өңдеуді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Лорд Джон Алдердайс британдық компаниялар мен университеттердің Қазақстанмен ынтымақтастығы минералдарды өндірумен ғана шектелмей, оларды қайта өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару бағыттарын да қамтуы мүмкін екенін атап өтті.«Қазақстанның табиғи ресурстары мол. Алайда бұл ресурстарды тек өндірумен шектелмей, қосылған құн қалыптастыру және қайта өңдеуді дамыту міндетін қойып отырғаныңыз маңызды. Біз ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктерді дәл осы бағыттан көріп отырмыз», – деді Лорд Джон Алдердайс.Тараптар сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, логистикаға және жоғары технологиялық салаларға британ инвестицияларын тарту, сондай-ақ екі ел компаниялары арасындағы тікелей байланысты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.Кездесу барысында стандарттау, экспортты ілгерілету, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Қазақстан Британдық экспорт және халықаралық сауда институтымен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ «ҚазСтандарт» пен Британ стандарттар институты (BSI) арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі. Сонымен қатар қазақстандық экспорттаушыларды көміртекті реттеу талаптарына, оның ішінде CBAM талаптарына дайындау мәселелері қаралды.Лорд Джон Алдердайс екі елдің университеттері мен ғылыми орталықтары арасында, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі, минералдарды қайта өңдеу және атом салаларында ынтымақтастық орнатудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.Кездесу соңында тараптар жалпы әлеуеттен нақты сауда, инвестициялық, өндірістік және ғылыми жобаларға көшуге, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбританияның бизнесі мен бейінді ұйымдары арасындағы тікелей байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1296537?lang=ru
Жол және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды 23.09.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.Аймақ басшысы автомобиль жолдары мен көшелерге жол белгілерін орнатуды, тозығы жеткен жол белгілерін жаңартуды тапсырды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы елді мекендер тұрғындарына малды қараусыз жібермеуді түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.Облыстық полиция департаментіне автомобиль жолдарындағы авариялық қауіпті учаскелерді анықтауға, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бағытталған рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу міндеттелді.Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалына «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы айналма жол мен «Қызылорда –Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын қадағалау тапсырылды.Өңірдегі 3525 шақырым автомобиль жолының 1025 шақырымы республикалық, 555 шақырымы облыстық және 1945 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 40,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен 168 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдерінде жөндеу жүргізілуде. Жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында заманауи бақылау құралдары орнатылып жатыр. Жаяу жүргіншілер қатысқан жол-көлік оқиғалары талданып, қауіпті учаскелерге 15 «Sunqar» құрылғысы қойылды.Аудандарда 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш іске қосылды. Қызылорда қаласында 1400 бейнебақылау камерасы, 80 зияткерлік қиылыс және 96 стационарлық жылдамдық өлшегіш жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1296489?lang=ru
Қазақстанда спорттық және гимнастикалық жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер бекітілді 19.09.2026
Жекелеген спорттық жабдықтар мен мүкәммалдың, сондай-ақ гимнастикалық жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін екі техникалық регламент бекітілді.Құжаттарды әзірлеудегі маңызды кезең тиісті өнім түрлерін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде оларға қатысты міндетті талаптар белгіленуі мүмкін өнімнің Бірыңғай тізбесіне енгізу болды. Бұл спорттық жабдықтар мен мүкәммалға қатысты ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырды.Атап айтқанда, реттелетін тізбеге спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жабдықтары мен мүкәммалдың жекелеген түрлері, оның ішінде спорттық қақпалар, стендтік атуға және спортингке арналған нысаналар, сондай-ақ гимнастикалық жабдықтардың әртүрлі түрлері — қоссырықтар, кермелер, батуттар, сақиналар, гимнастикалық снарядтар, төсеніштер және басқа да жабдықтар енгізілді.Техникалық регламенттерді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі әзірледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті салааралық үйлестіруді жүзеге асырды.Құжаттарды әзірлеуге сараптамалық кеңестер, стандарттау жөніндегі бейінді техникалық комитеттер, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ сала және бизнес өкілдері қатысты.Тиісті талаптар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің бұйрықтарымен бекітілді:- 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 175 бұйрықпен — спорттық жабдықтар мен мүкәммалға қатысты техникалық регламент;- 2026 жылғы 8 қыркүйектегі № 169 бұйрықпен — гимнастикалық жабдықтарға қатысты техникалық регламент.Техникалық регламенттерде өнімді мақсаты бойынша пайдалану кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптар белгіленді.Өнімнің регламент талаптарына сәйкестігін бағалауды өтініш беруші (дайындаушы, импорттаушы немесе уәкілетті тұлға), сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген органдар жүзеге асырады.Техникалық регламенттерде өнімді сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сәйкестендіру өнімнің атауы, ілеспе құжаттамада қамтылған мәліметтер, сондай-ақ визуалды әдістер негізінде жүргізіледі. Бұл ретте ЕАЭО СЭҚ ТН коды, өнімнің мақсаты мен қолданылу саласы, оның шығу тегі мен құрамы, сондай-ақ өндіру және пайдалану технологиясының ерекшеліктері ескеріледі.Техникалық регламенттер алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді. Белгіленген өтпелі кезең өндірушілер мен импорттаушыларға жаңа міндетті талаптарды қолдануға дайындалуға және өнімнің белгіленген нормаларға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Техникалық регламенттердің қабылдануы балалар мен ересектер пайдаланатын спорттық жабдықтар мен мүкәммалдың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ тиісті өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға бірыңғай міндетті тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.Міндетті талаптарды енгізу спорттық және гимнастикалық жабдықтарды пайдалану кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін арттыруға, сондай-ақ өндірушілер, импорттаушылар және нарықтың өзге де қатысушылары үшін неғұрлым түсінікті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.Техникалық регламенттер және белгіленген талаптар туралы толық ақпаратпен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтынан танысуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294670?lang=ru
«Төретам» теміржол вокзалы : Тоғыз жолдың торабындағы маңызды нысан қайта жаңғыртылды 19.09.2026
Бүгін «Төретам» теміржол вокзалының да ашылу салтанаты өтті. Оған Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.Аймақ басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытудағы жұмыстарға тоқталып, вокзалдарды заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, аймағымызға келетін қонақтар үшін де маңызды екенін атап өтті.«Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлерді бір-бірімен жалғаған маңызды көлік дәлізі. Облыс аумағынан 15жолаушы пойызы өтеді. Облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей,Түркістан қалаларына пойыз қатынайды.Бүгін – қасиет қонған, Қорқыт баба дүниеге келген Қармақшы ауданында қуанышты күн!Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызы зор жобалар – Төретам және Жосалы теміржол вокзалдарын пайдалануға береміз. Ел игілігі жолындағы барлық бастамаға сәттілік тілейміз!Сондай-ақ осы нысанды күрделі жөндеуден өткізуге үлес қосқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді Мұрат Ергешбаев.Рәсімде Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев сөз сөйлеп, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ақ батасын берді. Теміржол саласының және мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Төретам теміржол вокзалының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының құрылу және қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Станция арқылы айлаққа қажетті құрылыс материалдары, жабдықтар және жүк тасымалданған.Жаңғыртылған вокзал тәулігіне 250 жолаушыға қызмет көрсетеді. Күрделі жөндеу кезінде ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыр жабыны, есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері жаңартылып, жылу жүйесі жүргізілді,заманауи талапқа сай жабдықталды. Мұнда жолаушыларға арналған күту залы, мүгедектігі бар және балалы жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер, медициналық пункт қарастырылған. Қайта жаңғырту жұмыстарына 1 млрд теңге қаржы бөлінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1294628?lang=ru
Астанада B5+ITALY платформасы ресми іске қосылды 19.09.2026
18 қыркүйекте Астанада «Орталық Азия + Италия» бизнес-платформасының форумы өтіп, оның аясында B5+ITALY ресми түрде іске қосылды. Алаңда ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. Олар – Қазақстанның Италияға шикізаттық емес экспортын ұлғайту, бірлескен өндірістер ашу, өңірлік сауда-логистикалық хабтарды дамыту және тікелей көлік қатынасын кеңейту. Форум жұмысына Италия, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның салалық министрліктері басшыларының орынбасарлары, Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты.Бүгінде Италия Қазақстанның сыртқы саудасында ерекше орын алады. Ол Қазақстанның әлемдегі үшінші ірі сауда серіктесі және Еуропалық одақ елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның шамамен 15,6 млрд доллары Қазақстанның экспортына тиесілі.Серіктестіктің келесі кезеңі сауда көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Ендігі міндет – оның құрылымын өзгертіп, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары қосылған құны бар тауарлардың үлесін көбейту. Қазақстан Италияға экспортты қосымша 307 млн долларға арттыруға мүмкіндік беретін әлеуеті бар шамамен 100 тауар позициясын анықтады. Олардың қатарында металлургия, химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау салаларының өнімдері бар.«Біз бұл платформаның италиялық бизнестің Орталық Азия елдерімен тікелей өзара іс-қимылына мүмкіндік беретін практикалық тетікке айналғанын қалаймыз. Бұл сауда мен инвестициядан бастап өнеркәсіптік кооперация, көлік, логистика және жаңа технологияларға дейінгі бағыттарды қамтиды», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.Негізгі мақсат – дәстүрлі сауда моделінен бірлескен өндірістік базаны қалыптастыруға көшу. Қазір Қазақстанда италиялық капиталы бар 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарындағы Италия инвестицияларының жалпы көлемі 9,5 млрд АҚШ долларынан асты.«Біздің міндетіміз – “жеткізуші – сатып алушы” моделінен өндірісті жергілікті жерде орналастыру, бірлескен кәсіпорындар құру, технология трансфері және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруды көздейтін тереңірек әріптестікке көшу», – деді Арман Шаққалиев.Сонымен қатар Шымкент қаласының базасында сауда-өнеркәсіптік хаб құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл хаб арқылы италиялық және қазақстандық тауарларды еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарлануда.«Шымкентте сауда-өнеркәсіптік тауарларға арналған хаб құру мәселесі қарастырылып жатыр. Кейін бұл жерден өнімді еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарланады», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – Қазақстан мен Италия арасындағы тікелей көлік қатынасын дамыту. Тараптар тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл іскерлік байланыстар мен туристік қатынастарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді.Келіссөздердің арнайы бөлігі логистика мәселесіне арналды. Қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және өңірлік өндірістік әрі логистикалық хабтар құру мәселелерін талқылады. Италиялық бизнес үшін Қазақстан Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буын ретінде қарастырылады. Инфрақұрылымды дамыту транзит мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, қойма кешендерін, логистикалық орталықтар мен өңірлік тарату алаңдарын орналастыруға жол ашады.Агроөнеркәсіп кешені де перспективалы бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстан астық пен майлы дақылдар экспортын ғана емес, өсімдік майы, ақуыз өнімдері, ұн және басқа да жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдердің жеткізуді арттыруға мүдделі.Форум аясында аса маңызды минералдар, жасыл энергетика және орнықты даму, агробизнес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика және мұнай сервистері салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.Іскерлік байланыстарды дамытудың тағы бір маңызды тетігі – 2026 жылғы ақпанда Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294610?lang=ru
«Арал теңізі» теміржол вокзалы пайдалануға берілді 18.09.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал қаласына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылған «Арал теңізі» теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Оған ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.Вокзал Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасы аясында жаңа келбетке ие болды. Бүгінде еліміздегі 124 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Қызылорда облысындағы 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы бар.Аймақ басшысы жаңғыртылған вокзалдарда жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалғанын, бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылып жатыр. 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, оған іргелес аумақ толық абаттандырылды. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы, Талап бекетінің жолаушылар платформасындағы жұмыс толық аяқталып, бұл нысандарда келушілерге қызмет көрсетілуде.Биыл өңіріміздегі 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтуде. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пункттері де жаңғыртылып жатыр. Бүгін Төретам, Жосалы теміржол вокзалдарын да ел игілігіне табыстаймыз. Вокзалдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа ғимараттардың сапасы, қызмет көрсету деңгейі облыс аумағынан өтетін қонақтар мен туристердің оң бағасын алып, өңіріміз туралы жақсы әсер қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде Құрылтай депутаты Ирина Тен сөз сөйлеп, Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Алдаберген Жоланов ақ батасын берді.Теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен сала қызметкерлері мен вокзал құрылысын салған мердігер мекеме өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Айта кетейік, «Арал теңізі» теміржол вокзалы 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде бой көтерген. Бір ғасырдан астам уақыттан соң жаңарған ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда тәулігіне 600, бір мезетте 224 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Қайта жаңғыртуға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген.«Техоснастка ремсервис» компаниясы құрылысты өткен жылы қараша айында бастаған. Вокзалда ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лифт қарастырылған. Одан бөлек шағын асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық орындар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1294371?lang=ru
Сауда министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді 18.09.2026
19 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін өткізе бастайды. Жәрмеңкелер әр демалыс сайын ұйымдастырылып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің тауарларын тұтынушыларға тікелей ұсынатын бірыңғай заманауи форматқа айналады.Алғашқы демалыс күндері, 19 және 20 қыркүйекте, еліміздің барлық өңірінде өтетін жәрмеңкелерде 2 000 тоннадан астам отандық ауыл шаруашылығы өнімі саудаға шығарылады.Астанада «Дала дәмі» жобасы еліміздің өңірлерінен келген фермерлердің өнімдерін таныстыратын негізгі алаңдардың біріне айналады. Елордада әр апта сайын әртүрлі облыстардың фермерлері мен өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Астана мен Алматы қалаларында жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері екі күн бойы өтеді. Қалған өңірлерде жәрмеңкелер сенбі күндері ұйымдастырылады.Жәрмеңкелерде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар фермерлер мен өндірушілерден тікелей делдалсыз сатылады.Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жәрмеңкелердегі сауда орындары тегін беріледі. Бұл фермерлерге өнімін тұтынушыға тікелей ұсынуға, ал тұрғындарға маусымдық тауарларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді.Енді жәрмеңкелер барлық өңірде бірыңғай тұжырымдама аясында ұйымдастырылады. Сауда арнайы жабдықталған сөрелер мен сауда орындарында жүргізіледі. Автокөліктерден, жүк көліктері мен тіркемелерден сауда жасауға жол берілмейді. Сауда орындары «Дала дәмі» жобасының бірыңғай стилінде безендіріліп, күзгі өнім маусымын, қазақ жердің берекесін және отандық өндірушілердің еңбегін көрсетпек.«Дала дәмі» жәрмеңкесі тек сауда жасайтын орынмен шектелмейді. Жоба демалыс күндері отбасымен бірге уақыт өткізуге арналған қоғамдық кеңістік ретінде ұйымдастырылады. Жәрмеңке алаңдарында маусымдық безендіру, ұлттық нақыштағы элементтер, өнімдердің дәмін тату, балаларға арналған ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізіледі.Күз – дәстүрлі түрде егін жинау, молшылық және көктем мен жаздағы еңбектің нәтижесін қорытындылайтын кезең. Осыған байланысты «Дала дәмі» жобасы дайын өнімді ұсынумен қатар, оның өндірушінің еңбегі мен жердің берекесінен бастап, тұтынушы дастарханына дейінгі жолын көрсетуге бағытталған.«Дала дәмі» жәрмеңкелері 2026 жылдың 19 қыркүйектен бастап әр демалыс сайын өткізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294269?lang=ru
QazTrade кореялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуде 18.09.2026
Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында 15 қыркүйекте Сеулде «Қазақстан – Корея Республикасы» Іскерлік кеңесінің отырысы өтті, оның аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық өнімнің Корея нарығына экспортын кеңейтуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Кореяның шағын және орта бизнес пен стартаптарды дамыту агенттігі (KOSME) шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге және қазақстандық экспорттың инновациялық құрамдас бөлігін дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, тәжірибе және сараптама алмасуды, білім беру және акселерациялық бастамаларды дамытуды, сондай-ақ отандық компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуының перспективалық құралдарының бірі ретінде электрондық сауданы белсенді ілгерілетуді көздейді. QazTrade пен KOSME ынтымақтастығы екі ұйымның жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады. 2025 жылы тараптар қазақстандық IT-компаниялар үшін бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асырды, оның аясында кәсіпкерлер цифрлық трансформацияға, технологиялық бизнесті ауқымдауға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге корейлік тәсілдермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Өзара іс-қимыл қорытындысы бойынша тараптар сондай-ақ сараптамалық қолдауды одан әрі дамыту, бірлескен жұмыс тобын құру және қазақстандық компанияларды тиісті корейлік акселерациялық бағдарламаларға интеграциялау туралы уағдаласты.Сол күні қазақстандық компаниялардың қатысуымен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Kusto Logistics Management және Seojoong Logistics екі ел компаниялары арасындағы сауда-логистикалық ынтымақтастықты дамыту және іскерлік байланыстарды кеңейту туралы уағдаласты. «Merke-Et» ЖШС және Jung Ho Park - Highland Innovation жылына 1 000 тоннаға дейінгі көлемде ет консервілерін қоса алғанда, қазақстандық ет өнімдерін Корея Республикасының нарығына жеткізуді көздейтін уағдаластықтар жасасты. Сонымен қатар, Samsar Investment және «Coupaju» АҚ жалпы құны 3 млн АҚШ доллары болатын қазақстандық күнбағыс майын жеткізуге келісім жасасты. Металлургия саласы өнімдерін жеткізуді кеңейту жеке бағыт болды. «Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС және Uni Metal Co., LTD тараптар келіскен шарттарда «Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС өндіретін ферросилицийді Uni Metal Co., LTD мекенжайына ұзақмерзімді өзара іс-қимыл және тұрақты жеткізуді ұйымдастыру үшін негіз құруды көздейтін Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Уағдаластық аясындағы әлеуетті жеткізу көлемі 50 млн АҚШ долларына бағаланады. Осылайша, 15 қыркүйекте қол қойылған құжаттар қазақстандық-корейлік сауда өзара іс-қимылының бірнеше негізгі бағыттарын – логистиканы, азық-түлік экспортын және металлургия өнеркәсібі өнімдерін жеткізуді қамтиды, отандық өндірушілердің Корея Республикасының нарығына шығуына қосымша мүмкіндіктер жасайды. 16 қыркүйекте Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» (ОА+5) Саммиті аясында Кореяның сауда мен инвестицияларды ілгерілету агенттігі (KOTRA) мен QazTrade арасында Сауда ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Корея Республикасымен екіжақты тауар айналымын екі есеге арттыру қажеттігін атап өтті. 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 3,17 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,3%-ға артық. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында, өзекті деректер бойынша, тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларына жетті. «Өзара сауданың ағымдағы көлемінде Қазақстан мен Корея Республикасының әлеуеті айтарлықтай жоғары. Біздің міндетіміз – қазақстандық экспорттың номенклатурасын кеңейту, Корея нарығында ұсынылған отандық компаниялардың санын арттыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты экспорттық келісімшарттарға айналдыру» - Айнұр Әмірбекова, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары QazTrade Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ілгерілету бойынша бірыңғай оператор болып табылады және отандық өндірушілердің шетелдік нарықтарға шығуы кезінде кешенді қолдау көрсетеді. Өз қызметі шеңберінде Орталық экспорттаушыларға әлеуетті сатып алушыларды іздеу және таңдау, B2B-келіссөздер ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, өнімді мақсатты нарықтардың талаптарына бейімдеу, ұлттық тауарларды ілгерілету және бизнестің экспорттық құзыреттерін дамыту бойынша жәрдем көрсетеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294078?lang=ru
Қазақстан Италия нарығына экспортты 307,5 млн долларға ұлғайта алады 18.09.2026
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Италия Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты сауда айналымын жақсартуды, шикізаттық емес экспортты ұлғайту мүмкіндіктерін және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.«Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Сонымен қатар өзара сауда құрылымын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Біздің бағалауымыз бойынша, қазақстандық өнімдерді Италия нарығына қосымша жеткізу қарқыны шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі, сондай-ақ машина жасау өнімдеріне басымдық беріледі», – деді Арман Шаққалиев.2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сауда көлемі 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 9 млрд долларды, Италиядан импорт 789,6 млн долларды құрап отыр.Италия тарапы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өскенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.«Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейін және екіжақты саудадағы оң динамиканы жоғары бағалаймыз. Италия Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қолдау көрсету үшін өз технологиялары мен тәжірибесімен бөлісуге дайын. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – логистика. Бұл саланы одан әрі жаңғырту үшін тәжірибе және технология алмасуға дайынбыз», – деді Мария Триподи. Ертең Астанада «Орталық Азия + Италия» бизнес-платформасының форумы өтеді. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен Италия компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту талқыланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1293889?lang=ru
Инвестициялар тарту кеңесінің отырысы өтті 18.09.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялар тарту кеңесінің отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Аймақта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының айналма жолы, «Қызылорда – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарында жол салынып жатыр.Қала маңындағы айналма жолдың құрылысы басталды. Мердігер «Қыран» ЖШС тас, қиыршық тас төседі. Свай қағылып, көпір тіреулері бетондалып, су құбырлары орнатылуда. Мемлекет басшысының қатысуымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы телекөпір арқылы басталып, қазір қарқын алды. «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «ЭлитСтройКомплект» және «АРЕ-2013», «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Коммерческая фирма «УНА», ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «E.S.T. Construction» және «СТАНДАРТ-1» серіктестіктері. Қазір геодезиялық және топографиялық жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселуде. Құрылыс алаңдарында жұмысшылар, арнайы техникалар жұмылдырылған.Аталған жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін, елді мекендер арасындағы жол қатынасын жақсартуға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1293696?lang=ru
Қостанайда Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті 17.09.2026
Ақынның 80 жылдық мерейтойы ерте көктемде Торғайда жас таланттардың байқауынан басталған болатын. Дүбірлі той облыс орталығында «Іңкәр дүние» атты үлкен кешке ұласты. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі лебізін арнайы жолдады. Хатты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілік қауым алдында оқып берді. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, сөз өнеріне көрсетіліп отырған жоғары құрметтің айқын көрінісі деп білеміз.«Кеңшілік Мырзабек – қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды тұлға. Оның сыршыл жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік және адам болмысының терең иірімдері шебер суреттелді. Ақынның азаматтық үні мен көркемдік ізденісі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті. Кеңшілік Мырзабектің тағылымды мұрасы – халқымыздың руханиятына қосылған құнды қазына. Ақынның шығармаларын жинақтау, жан-жақты зерттеу- баршамыздың ортақ міндетіміз. Сөз зергерінің есімі ел жадында сақталып, шоқтығы биік шығармалары халқымен бірге жасай беретініне сенімдімін», – делінген Президенттің жолдаған хатында.Кеште Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтауын жеткізіп, Кеңшілік ақын қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, шығармашылық ғұмыры ізденіске толы қаламгер екенін атып өтті. Аймақ басшысы руханиятты дамыту, әдеби мұраны дәріптеу және қаламгерлер еңбегін кеңінен насихаттау жұмыстарын жүйелі жалғастырып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, рухани шараға лебізін жеткізген Ел Президентіне, арнайы келген құрметті қонақтарға зор алғысын білдірді.«Тобыл-Торғай өңірінен шыққан талантты тұлғалар аз емес. Кеңшілік Ағытайұлы – соңында оқырман сүйіп оқитын жыр мұрасы қалдырған дарын иесі. Поэзия әлемінде туған жерді, елдің тарихын, адамның жанын терең жырлап өтті. Жерлесіміз журналистика саласына зор үлес қосты. Аударма еңбектері әдебиетімізге жаңа серпін әкелді. Сөзбен сурет кестелеген Кеңшілік ақынның кеңдігі барша қазақ еліне ортақ екені даусыз. Оның жырлары мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, рухани мұра болып қала бермек», – деді облыс әкімі.Тағылымды шараға Алматы, Астана шаһарларынан ақынның көзін көрген, аралас болған қаламдас іні-бауырлары арнайы келіп қатысты. Құрметті меймандар қатарында Алаштың ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редактор Дүйсен Мағлұмов, ақын Қадірбек Құныпияұлы бастаған тұлғалар бар.Кеңшілік ақынның ұрпақтары да осындай мәні зор, тағылымы терең шараны ұйымдастырған аймақ басшылығына шынайы риза екендерін жеткізді. Дана халқымыздың «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақылын Кеңшілік Ағытайұлының ұрпақтары растайтыны анық. Көрнекті ақынның ізін жалғап келе жатқан белгілі әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптың авторы, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кеңшілікұлы сияқты тұлғалар осы сөздің айқын дәлелі.Кеңшіліктің ақындығы – ұранға емес, ұлттың рухани өзегіне сүйенетін, сыртқы әсерден гөрі ішкі қуатқа арқа сүйейтін ақындық. Оның шығармашылығы уақыт өткен сайын өз бояуын жоғалтпай, керісінше, ұлттық сөз өнерінің табиғи болмысын танытатын көркем құбылыс ретінде биіктей береді.Танымал қаламгер Ғалым Жайлыбай Кеңшілік туралы кең көсіліп, қызықты естеліктерін бөлісті, өлеңдерінен оқыды.«Киелі Торғайда туған ақын-жазушылар – қазақ әдебиетінің алып тұлғалары. Кеңшілік ағамыздың 60, 70 жылдықтарында үлкен баяндамалар жасаған, соңына ерген, сол мектепке түлек болған, содан тәрбие алған інілерінің біріміз. Кеңшілік – ұлттың ақыны. Үлкен ақын. 45 жасқа жетер-жетпес ғұмырында осындай биікке көретілді. Кез келген өлеңін оқысаңыз, жаның жайлауына қонғандай, айдының шайқалғандай керемет әсер аласың. Бала күнімізде әр жырын жатқа оқитынбыз. Ол «Иманжүсіп», «Қоянды жәрмеңкесі», «Біржан сал», «Сарытерек сағынышы» секілді соңына үлкен поэмалар қалдырды. Сондықтан ұлы ақынды жиі-жиі еске алып тұру керек деп ойлаймын. Қостанайда келешекте Кеңшілік атында бір көше тұрса немесе бір мектепке аты берілген болса біз қатты қуанар едік. Жалпы, бүгінгі кешке қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын», – деді ақын Ғалым Жайлыбай.Өмірдегі досы, замандасы, өнердегі серігі болған Алақша танымал ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы да Кеңшілік жайында көпшілікке мәлім де беймәлім, қызықты естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды.Көрнекті ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді ағамыз ағайын алдына шығып, әке мұрасын ұлықтап жатқан ел басшыларына алғысын айтты.«Биыл әкемнің 80 жылдығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ол үшін алдымен Президентімізге зор ризашылығымды білдіремін. Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемнің 50, 60, 70 жылдықтарында құттықтауын жолдаған еді. Бүгін де үлкен ілтипатын білдіргеніне разымын. Торғай жерін көркейту жолында орасан жұмыстар атқарып жатыр. Әкемнің 80 жылдығы осындай игіліктермен сәйкес келгенін жақсылық нышанына баладым. Облыс басшысы Құмар Іргебайұлына да алғысым зор. Торғайды, Арқалықты көтеруге сіңіріп жатқан еңбегі ерекше. Биыл шын мәнінде де торғайға айналып, аспанға ұшып кете жаздадық, себебі – Арқалық әуежайы ашылды. Ізгі жұмыстарға көз қуанып, көңіл тояды. Кешке жиналған барша жұртқа басымды иемін», – деп тебіренді Амангелді Кеңшілікұлы.«Поэзияның ғұмыры – оны оқитын оқырманмен өлшенеді. Кеңшілік ақын мұрасы бүгінде болашақпен бірге жасап келеді. Кеште арынды ақынның жалынды жырлары асқақтады. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері де, биыл Торғайда мектеп оқушылары арасында өткен «Кеңшілік оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Қостанайдағы нөмірі 27-ші Абай атындағы мектептің шәкірттері тұма жырдан тарту етті. Шайырдың мәңгілік мұраларын келешекке жалғайтын жас буын сұңғыланың сұлу өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, көпшіліктің көңілін толқытты. Ақынның сөзіне жазылған «Ғашықтық – азап», «Телефоннан тіл қатшы маған» әндері әуеледі. Ал кеш Тобыл төрінде өткендіктен, ақынның досы Серік Тұрғынбекұлының сөзіне жазылған ән падишасы көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың «Толқиды Тобыл» туындысын тарту етілді.Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабек 1946 жылы Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 42 жыл ғұмыр кешкен қаламгер артына көл-көсір мұра қалдырды. «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Сәруар», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан», «Бір мысқал» атты жыр жинақтары оқырманға кеңінен танылды. «Балалық шақ балладалары» жинағы үшін ақын 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.Ақынның жақұт жыры, өрнекті өлеңі туған жерімен, халқымен, қазағымен мәңгі жасай беретіні анық. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1293440?lang=ru
Ұлтқа қызмет – ұлы мұрат 17.09.2026
5 қыркүйек – ұлы ұстаз, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күн елімізде Қазақстан халқының Тілдер күні ретінде аталып өтеді.Осы атаулы күндерге орай Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақовамен кездесу өтті.Кездесуде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының рухани өміріндегі орны мен ұлттық тілдің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі сөз болды. Ғалым ұлт ұстазының қазақ тіл білімінің негізін қалыптастырудағы еңбегіне, тілдің ғылыми жүйесін қалыптастырған зерттеулеріне, әліпби мен емле мәселесіне қатысты ұстанымдарына тоқталды.Кездесу барысында ғалымның ағартушылық қызметі мен ел болашағы үшін атқарған қоғамдық жұмыстары да кеңінен қозғалды. Ахмет Байтұрсынұлының тіл, білім және ұлт мәселелерін бір-бірінен бөле қарамай, оларды елдің болашағымен сабақтастыра қарағаны атап өтілді.Ұлт ұстазының «ұлтқа қызмет ету» ұстанымы бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ана тілін құрметтеу, оны дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және қоғамдық мұрасы қазіргі қоғам үшін де маңызды рухани бағдар болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1293182?lang=ru
Жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды 16.09.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық жайы талқыланған кеңес өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Жиында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның әзірлігі, энергия көздері мен жылу желілерін жөндеу, отын қорын қалыптастыру мәселелері қаралды.Аймақта жауапты кезеңге дайындық бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту, 1 газтурбиналық қондырғыны күрделі жөндеу, 1,3 шақырым жылу желісін, 1 қазандық, 1 турбина және 10 автономдық қазандықты, негізгі және қосалқы қондырғыларды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізілуде.Сонымен бірге алдағы жауапты маусымда тұрғындар жаңа жылу-электр орталығының 4 қазандығы арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.Жалпы 7,6 млрд. теңгеге 460 шақырым электр желілері мен 134 қосалқы станция жөндеуден өтті.Аймақтағы 1 074 әлеуметтік нысан 100 пайыз дайын. Бүгінде энергетикалық және әлеуметтік нысандардың дайындық паспорты алынып жатыр. Қажетті көмір қоры – 80 мың тонна, тұрғындарға 68 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 12 мың тонна керек. Өңірлік операторлар көмір қорын жасақтауды бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1292885?lang=ru
"Тіл шебері" байқауы 15.09.2026
5 қыркүйек ұлы ұстаз, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының туған күні және еліміздегі Тілдер күні мерекесі.Аталмыш мерекені атап өту мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Тіл шебері» республикалық байқауын ұйымдастырды. Байқауға Министрлік атынан Сауда саясаты және стратегиялық жоспарлау департаментінің басқарма басшысы Улькеева Меруерт қатысты.Байқау барысында Меруерт «Болашақтың мемлекеттік қызметшісі» атты үш тілдегі бейнеролигін әлеуметтік желілерде жариялап, эссе жазды. «Бүгінгі мемлекеттік қызметші – мемлекеттік тіл – цифрлық әлем» бағытында дайындалған еңбегімен алғыс хатқа және ақшалай марапатқа ие болды.Министрлік қызметкерлері алдағы уақытта да осындай іс-шараларға қатысып, өз жетістіктерімен көріне береді деп сенеміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1292328?lang=ru
Цифрлық активтер саласын дамыту мәселесі қаралды 15.09.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Отырысқа облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысты.Одан кейін өткен мәжілісте күн тәртібіндегі және әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.Аймақта мемлекеттік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, IT, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мамыр айынан бастап енгізілген цифрлық активтер айналымын реттеу шаралары Ұлттық Банкпен және орталық атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылады.Мемлекет басшысының әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен көрсетілетін 14 әлеуметтік көмек түрінің құқықтық актілеріне скоринг жүйесі енгізілді. Аталған жүйе цифрлық карта арқылы отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Цифрлық картада әлеуметтік жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланатын А және Б санатындағы отбасылар бойынша верификация жүргізу қажет. Бұл жұмысты 20 қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылған.Қазіргі таңда облыстың цифрлық картасында 221 341 отбасы немесе 850 747 адам туралы мәлімет қамтылған. Оның ішінде верификациядан өткізілуі тиіс 25 689 отбасы анықталған. Тапсырманы белгіленген мерзімде сапалы орындау үшін аудан және қала әкімдіктеріне күнделікті меже көрсетілген тиісті кесте бекітіліп жолданды. Бүгінде жұмыс осы жоспарға сәйкес жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1292162?lang=ru
Нұрлан Кұлбатыров «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның бас директоры болып тағайындалды 14.09.2026
Еңбек қызметін 2009 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-да бастады. Әр жылдары аға сарапшы, инвестициялық процестерді талдау басқармасының бастығы, Стратегиялық әзірлемелер және экономикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары, Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры лауазымдарын атқарды.2016 жылдың мамыр айынан бастап «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді. Сауда талдамасы, ДСҰ және ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл, интеграциялық процестер және санкциялық комплаенс мәселелері бағыттарына жетекшілік етті.Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастықтың Елдік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жобалық топты басқарды, сондай-ақ Халықаралық сауда орталығының Ready for Trade Central Asia өңірлік жобасын үйлестірді.Назарбаев Университеті базасындағы Global Entrepreneurship Monitor халықаралық зерттеу жобасының ұлттық командасының мүшесі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1291014?lang=ru
Лисаковта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр 12.09.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Лисаковқа барған жұмыс сапарында қалада жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қатысушылармен кездесті.Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін беру жөнінде міндеттер қойған болатын.Осы тұрғыда Лисаков қаласының Октябрь кентінде полимерлі пленка өндіретін зауыттың инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестиция тарту арқылы бос тұрған коммуналдық нысандардың жаңа тынысы ашылуда.Сондай-ақ, қалада металлургиялық зауытты қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Кәсіпорында титан шлагы, рутил және циркон концентраттары өндірілетін болады.Ел Президентінің үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ке ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Лисаковта жылына 350 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуаттылығы бар май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 39,1 млрд теңге. 200 жұмыс орны құрылады.Бұдан бөлек, облыс әкімі іске қосылған минералды ұнтақ өндіру кәсіп орнында болды. Бұған дейін аймақтың жол ұйымдары асфальт-бетон қоспасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын минералды ұнтақты еліміздің басқа өңірлерінен тасымалдауға мәжбүр болатын.«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында биыл Лисаков қаласында 1700 ағаш отырғызылды, 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Волонтерлердің қатысуымен өткен экологиялық акция барысында 76 мың шаршы метр жағалау аумағы тазартылды. Абаттандыру, инфрақұрылым, сәулеттік келбет, жарықтандыру, жол жөндеу мен төсеу жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуда. Қазіргі таңда жағалау аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Аймақ басшысы қала халқымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1290611?lang=ru