Enbekshi QazaQ

Бизнес

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТАҒЫ ҰН ЗАУЫТЫ ЖЫЛЫНА МЫҢ ТОННАҒА ЖУЫҚ ӨНІМ ШЫҒАРУДА 01.02.2025
Түлкібас кентіне қарасты «Grand Flour Industry» ЖШС жылына орта есеппен 800-1000 тонна жоғарғы және бірінші сұрт ұны мен мал азығын шығарып, «ARDA Түлкібас» деген брендпен оңтүстік аймақтағы үш өңір мен Өзбекстан еліне жолдап отыр.Жуырда ағымдағы жөндеуден өтіп, жұмысын қайта бастаған кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, жұмысымен танысты.Кәсіпорынның жауапты өкілімен нысанды толық аралап, шығарып жатқан өнімнің сапасын бақылады. Қуаттылығын арттыру бойынша зауыт өкіліне ұсыныстарын айтып, әкімдік тарапынан көмек қажет болған жағдайда қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.Зауыт тәулігіне 150 тоннаға дейін ұн шығаруға қауқарлы. Бүгінгі таңда мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Түлкібас кентіндегі «Мұрагер» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасының жағдайы да сарапталды. Жалпы қойма 3000 мың тоннаға шақталған екі корпустан тұрады.Аудан әкімі кәсіп иесі және жауапты мамандармен маңызды нысанның жұмысын қайта жаңғырту жағын пысықтап, тиісті бөлім басшысына бұл бағытта нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/925507
Қарағандылықтарды 8 ақпанда классикалық музыка кешіне шақырады 01.02.2025
8 ақпан сағат 17:00 «Шалқыма» концерт залында бас дирижер Айдар Торыбаевтың жетекшілігімен Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.Солист - халықаралық конкурстардың лауреаты Бекзат Рақымов (фортепиано, Мәскеу).Классикалық музыка кешінің бағдарламасында № 2 фортепиано мен оркестрге арналған концерт, Сергей Рахманиновтың 18 шығ.; № 5 симфония, ми минор, Петр Чайковскийдің 64 шығ.Бекзат Рақымов 2002 жылы Алматыда дүниеге келген. «Астана-опера» мемлекеттік опера және балет театрында, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, Милан, Мәскеу, Тула концерттік залдарында жеке концерттермен өнер көрсетті. Ірі халықаралық және қазақстандық конкурстардың лауреаты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/924955
Қарағандының Ақындар одағы өзінің алғашқы жинағын таныстырды 01.02.2025
Қарағанды қаласының Ақындар одағы өткен жылы STELLAR әдеби клубының базасында құрылған. Шығармашылық қоғамдастық облыстың түрлі қалаларынан келген поэзия әуесқойларын біріктірді. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.– Біз желтоқсан айында жарық көрген алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесерін өткіздік. Біздің қоғамда қазір түрлі жастағы 23 ақын бар. Ақындар кешін, көрмелер өткіземіз. Әлемге әйгілі ақындардың құрметіне театрлық тақырыптық суреттемелер ұйымдастырамыз. Өткен жылы қазақтың көрнекті ақыны, жазушы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы атап өтілді. Біз оның құрметіне ақындар кешін өткізіп, әдеби кездесулердің бірін «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасына арнадық. Болашақта Қазақстанның басқа қалаларына ақындық кештермен баруды жоспарлап отырмыз, – дейді Қарағанды Ақындар одағының жетекшісі, STELLAR әдеби клубының негізін қалаушы Алёна Куринная.Тұсаукесерде авторлық өлеңдер орыс және қазақ тілдерінде орындалды. Жинаққа 19 автордың шығармалары енген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/925061
«Үздік идеялар»: Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасындағы байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды 01.02.2025
Қарағанды облысының педагогтары қазақ тілі мен әдебиеті теориясы бойынша сайысқа түсіп, мектептерде осы пәндерді қалай тиімді оқыту керектігі туралы ойларымен бөлісті.Ләззат Бәйішқызы атындағы «Үздік идеялар» байқауының облыстық кезеңіне Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 43 мұғалім қатысты. Олардың барлығы бұрын өткен байқаудың өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары атанды. Қатысуға қазақ және орыс тілдерінде оқытатын педагогтар жіберілді.Облыстық байқау үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар эссе жазуы тиіс еді. Екіншіден – қазақ тілі теориясы бойынша сұрақтарға жауап беру, сондай-ақ үзінділер бойынша қазақ классиктерінің шығармаларын атау. Үшінші тур педагогикалық идеялар мен оқыту әдістемесін талқылауға арналды.Сәттаров атындағы Қарағанды мектеп-лицейінен Әсем Қызырова қазақ тілінде оқытатын мұғалімдер арасында бірінші орын алды.– Жалпы тапсырмалар күрделі, қызықты болды. Дұрыс жауап беру үшін тіл теориясын, қазақ классиктерінің шығармаларын терең білу керек. Маған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпосынан үзінді келді. Байқаудың үшінші турында мен Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізудің маңыздылығы туралы өз идеяларыммен бөлістім. Мұндай байқаулар өте маңызды. Олардың арқасында біз пән мұғалімдері тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісе аламыз. Жас мамандар үшін бұл өте құнды және қажет, – деп есептейді Әсем Қызырова.Орыс тілінде оқытатын мектептерде жұмыс істейтін педагогтар арасында Бауыржан Момышұлы атындағы Қарағанды ОМ мұғалімі Жанар Төлеуғазы бірінші орын алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/925104
Қарағандылық 15 джитсер Қазақстанның ұлттық құрамасына енді 01.02.2025
Алматыда джиу-джитсудан Қазақстан чемпионатына 1600 спортшы жиналды. Қарағандылықтар 26 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 9 күміс және 11 қола. Біздің өңірдің он бес джитсері ұлттық құраманың құрамында халықаралық аренада ел атынан өкілдік ету құқығына ие болды.Турнирге Қарағанды облысынан 80 спортшы қатысты, олардың қатарында бірнеше мәрте жүлдегерлер мен түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары - жасөспірімдер арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионы Асанәлі Абаев, сондай-ақ халықаралық және ұлттық ареналардағы жетістіктерімен танымал Жігер Алматай мен Асылмұрат Сағындық бар. Чемпионатта біздің облыстан келген халықаралық дәрежедегі төреші Елеукен Бек-Мұхаммед те төрелік етті.– Біз үшін басты міндет өзімізді танытып, Қазақстанның ұлттық құрамасына қатысуды қамтамасыз ету үшін тамаша нәтиже көрсету болды, – деп атап өтті Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағамбетов. – Біздің спортшылар түрлі жас және салмақ санаттарында көптеген марапаттарға ие болып, жоғары дайындық деңгейі мен кәсібилігін көрсетіп қана қоймай, нағыз жауынгерлік рухын да көрсетті. Айталық, Асанәлі Абаев қарсыластарына ұпай жинауға ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Әрбір жекпе-жекте ол басым болды.Алда джитсерлерді түрлі сайыстар күтіп тұр. Ақпан айында спортшылар Азия чемпионатына, ал күзде Бахрейндегі жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына қатысады. Қарағандылықтар жақсы өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін Karaganda BJJ Open Championship-2025 үй турнирі де маңызды кезең болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/925127
Теміртауда бос орындар жәрмеңкесі өтті 01.02.2025
Демалыс күндері бос орындар жәрмеңкесінде Теміртау тұрғындары жұмыс тапты. Оған 200-ге жуық жұмыс іздеуші қатысып, олардың 70-і жұмысқа орналасуға жолдама алды.Түрлі қызмет салаларындағы 30 кәсіпорын бос жұмыс орындарын ұсынды, оның ішінде Qarmet және Qarmet Service, «ҚазАрматура» зауыты, «ҚазЭнергоМаш» корпорациясы бар. Сондай-ақ, прокуратура өкілдері мен пробация қызметінің инспекторларынан кеңес алуға болады.– Бізде халықтың түрлі санаттары үшін жұмыс орындары бар. Біз ЖОО түлектері мен NEET жастарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан оралғандарға бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Сонымен қатар, қалада «Алтын жас» бағдарламасы да сәтті жұмыс істеуде, зейнеткерлер бұл жобаға үлкен қызығушылық танытуда. Бос жұмыс орындары баршаға жеткілікті, – дейді Теміртау қаласының Мансап орталығының директоры Мақсат Төлеутаев.Мансап орталығы өкілдерінің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер ай сайын өткізіледі. Сонымен қатар, Теміртау тұрғындарының жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен жұмыссыздарға арналған бағдарламалар туралы көбірек білуі үшін ашық есік күндерін ұйымдастыру жоспарланған.Бүгінгі таңда enbek.kz Электрондық еңбек биржасында қала бойынша 1400-ге жуық бос жұмыс орны қолжетімді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/925326
Қазақстанда республикалық маңызы бар 4,7 мың шақырым жол салынады 01.02.2025
«Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» -Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті.2024 жылы құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі 12 мың шақырым жолды құрады. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Жол құрылысы маусымында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және жөндеу жобаларына 25 мыңнан астам адам мен 10 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.7 мың шақырым жолдың құрылысыаяқталды. Атап айтқанда, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан күре жолдарындақұрылыс жұмысы бітті. Жобаларды іске асыру көліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге, жол жүру уақытын едәуір қысқартуға, жолдың өткізу қабілетін арттыруға, ел аймақтары арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.Әкімдіктер жергілікті маңызы бар 3,6 мың шақырымнан астам жолды пайдалануға берді. Жөндеу жұмыстарының ең көп көлемі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында орындалды. Қостанай облысында 655 шақырым жол, Солтүстік Қазақстан облысында 611 шақырым, Шығыс Қазақстан облысында 305 шақырым, Ақтөбе облысында 301 шақырым, Павлодар облысында 272 шақырым жұмыстары аяқталды.Жол-құрылыс маусымына 200-ден астам отандық компания қатысты. Жол-құрылысына пайдаланылған материалдардың ішінде отандық өнімнің үлесі шамамен 96%-ды құрады. Жүргізілген жұмыстардың арқасында жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы ұлғайып, республика бойынша орта есеппен 89%-ға жетті. Салыстырамалы түрде 2019 жылы бұл көрсеткіш 68% құраған.Үш ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында Орталық Азиядағы ең ұзын деп танылған Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуындағы қос жолды тоннел жәнеАлматы облысындағы Шамалған станциясындағы теміржол өткелі бар.Әр нысанның өз артықшылығы бар. Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір жеті ауданды байланыстырады. Көпірді көлікпен өту уақыты 4 минутты құрайды.Түркістан облысындағы жалпы ұзындығы 840 метр құрайтын Шақпақ баба асуы арқылы тоннел қолайсыз ауа райына қарамастан үздіксіз әрі қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз етеді. Жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Алматы облысындағы Шамалған станциясындағы өткелдің ұзындығы 6 шақырымды құрайды, теміржол өткелі көліктердіңқауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді.2024 жылғы құрылыс маусымының қорытындысы бойынша Балқаш, Алакөл, Бөкей-Орда, Алтай, Баянауыл ұлттық паркі және т.б. туристік орындарға дейін көлік қозғалысыашылды.Қазақстанда жалпы ұзындығы 1100 шақырымқұрайтын үш ірі темір жол құрылысы жүзеге асырылуда: «Достық – Мойынты», «Алматы айналма темір жолы» және «Дарбаза – Мақтаарал» бар. Жобаларды жүзеге асыру қазақстандық өнімнің үздіксіз экспорттыкеңейтуге мүмкіндік беріп, елдің транзиттік әлеуетін арттырады. Биыл Достықтан Мойынтыға дейін теміржолдың құрылысы аяқталады. Учаскенің өткізу қабілеті 5 есе артады. Сонымен қатар, биыл Алматыны айналып өтуге мүмкіндік беретін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл аймақтағы теміржол желілеріне түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді. «Дарбаза-Мақтаарал» жобасы Оңтүстік Қазақстан өңірін халықаралық транзиттік дәліздерге жалғайтын болады.2024 жылы 1400 шақырым теміржол жөнделіп, 143 вагон сатып алынды.Бүгінгі таңда осы темір жол жобаларын салу шеңберінде шамамен 2,7 мың жұмыс орны ашылып, 1,4 мыңнан астам техникажұмылдырылды. Теміржол желісін салу және қайта құру ел экономикасының дамуына серпін береді.Жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын жаңа жол жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады. Оның 3,7 мың шақырымы I санатты, ал қалған 1 мың шақырым II санатты жолдар болады. 2025 жылы құрылысы басталатын жобалар:• «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 шақырым),• «Қарағанды – Жезқазған» (572 шақырым),• «Сарыағаш қаласының айналма жолы» (102 шақырым),• «Қызылорда қаласының айналма жолы» (20 шақырым),• «Атырау – Доссор» (86 шақырым),• «Рудный қаласының айналма жолы» (16,9 шақырым),• «Жаңаөзен – Кендірлі» (156 шақырым),• «Петропавл қаласының айналма жолы» (8 шақырым).Бұл бастамаларды жүзеге асыру арқылы жергілікті бизнес пен кәсіпорындар дамиды. 2025 жылы жаңа жол жобаларын іске асыру аясында 31 мың жұмыс орны ашылып, қосымша инвестиция тартылады. Көпжолақты жолдар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оларды азайтуға ықпал етеді.Теміржол және автомобиль жолдарын салу менқайта жаңарту іскерлік белсенділікті едәуір жақсартады, медициналық және білім беру мекемелеріне, азық-түлік дүкендеріне, мәдени орталықтарға және т.б. қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/924699
Көлік министрі азаматтарды жеке қабылдады 01.02.2025
Азаматтарды қабылдау орталығының алаңында көлік ведомствосының басшысы Марат Қарабаев елорда және өңір тұрғындарын қабылдады.Тұрғындар инватакси санын ұлғайту, көлік инфрақұрылымын жақсарту, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу мәселелерін қозғады.Кездесу қорытындысы бойынша барлық өтініш білдірушілерге толық жауаптар мен түсініктемелер берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/925133
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ 01.02.2025
Түркістан облысында транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтар болсақ, Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.Облыста жол құрылысы саласын дамыту бойынша өзге де жобалар жоспарланып отыр. Мәселен, 2025-2027 жылдар аралығында Сарыағаш қаласында 102 шақырым айналма жолдың құрылысы бойынша бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2026-2028 жылдары Түркістан қаласында 30 шақырым шығыс айналма жолының құрылысы мен 48 шақырым Шымкент айналма жолының құрылысы басталмақ.Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында. Сәйкесінше, кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба әзірленуде. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді.Өңірде ерекше маңызға ие тағы бір құрылыс нысаны «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржол желісін салу жобасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында нақты тапсырмалар беріп, өз бақылауына алған жоба - Сарыағаш өткізу пунктінің жүктемесін азайтып, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын байланыстырып, аудандарды дамытуға тың серпін бермек. Аталған жоба іске асырылған жағдайда, оңтүстік аудандардың экономикасы көтеріліп, транзиттік әлеуеті артпақ. Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» АҚ тапсырысымен бас мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.Облыстың транзиттік әлеуетін арттыруда Түркістан халықаралық әуежайының қосар үлесі ерекше. Бүгінде әуежай 3 халықаралық және 5 ішкі бағыттар бойынша қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air» «Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 23 рейске қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, өңірде әуе жолдары арқылы жүк тасымалы да біршама артқан. Мәселен, 2023 жылы бұл көрсеткіш 57 тонна болса, 2024 жылы 553,4 тонна жүк тасымалданған.Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/925175
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ 6 ЖАСАР ҚЫЗ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ 01.02.2025
Жетісай ауданында бүгінде спорт түрінің бренд ойындарының біріне айналған ақыл мен ой-өрісті дамытуға бағытталған шахмат ойынына қызығушылық танытушы ересектер мен балалардың, жасөспірімдердің қатары күн санап артып келеді.Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ жанынан өткен жылы ғана ашылған шахмат бөлімінде 4 жаттықтырушы ауданның 3 нүктесіне 56 қатысушымен қарқынды жұмыстар жүргізуде. Нәтиже де жаман емес.Жуырда ғана, яғни, 14–26 қаңтар аралығында Алматы қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында «Жетісай спорт клубы» мекемесінің спортшысы, 6 жасар Раяна Абайқызы классикалық шахматтан ел чемпионы атанды.Адам баласының дүниетанымын кеңейтіп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытатын, зейінділікті шыңдай отырып әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге үйрететін, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға және басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектесетін шахмат жарысына еліміздің барлық облыстарынан 980 шахматшы қатысты.«Жетісай спорт клубы» мекемесінде Абдуғазиз Балтабаевтың қарамағында жаттығатын Раяна өткен жылдың желтоқсанында Түркістан қаласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен шахматтан жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының чемпионатында G6 категориясы бойынша да чемпион атанған болатын. Енді Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/925178
ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛІК ҮЗДІК ОҚУШЫЛАР «ТАУ САМАЛЫНДА» ДЕМАЛДЫ 01.02.2025
Төлеби ауданындағы оқушылар «Тау самалы» шаңғы базасында бір күндік демалысын өткізді. Олардың қатарында 2024-2025 оқу жылында республикалық, облыстық байқауларда топ жарған оқушылар бар. Атап айтсақ, спорт пен өнерде және пән олимпиадаларында үздік нәтиже көрсеткендер болды.Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтыңұйымдастыруымен «Тау самалы» демалыс аймағы басшысының қолдауымен өткен саяхатқа 40 бала барды. Олар табиғат аясында серуендеп, тау басына аспалы жолмен шығып, шана, шаңғы теуіп сырғанады. Сондай-ақ тау басына шыққан оқушыларға туған жердің табиғаты жөнінде ұстаздары мағлұматтар берді. Мұндай игілікті жобалар жыл бойы жалғасады.Оқушыларды сапарға аудан әкімі шығарып салып, сапардың сәтті өтуіне ақжарма тілегін арнап, естелік суретке түсті.– Саяхатқа шыққан адам әлемнің таңғажайып пен тылсымға толы мекендерін өз көзімен көру бақытына ие болады. Алатау баурайындағы «Тау самалы» демалыс аймағына саяхаттап келіңіздер. Сапарларыңыз сәтті өтсін! – деді аудан әкімі.Тауға шығып, саф таза ауамен тыныстап, биік шыңнан айналасына көз тастап, демалған оқушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Талай сырға қанық, бойы тұнып тұрған тарих Алатау баурайын өз көздерімен көріп, табиғаттың сұлулығына тамсанып, үйлеріне ерекше сезіммен оралды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924736
БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ АЛҚА ОТЫРЫСЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ 01.02.2025
Бүгін бас қадағалау органында кеңейтілген алқа отырысы өткізілді, онда 2024 жылғы жұмыстың қорытындысы қаралды. Іс-шараны аша отырып, Бас Прокурор Берік Асылов прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңға бағынатын бизнесті заңсыз тексерулерден арашалау, маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, заңсыз активтерді қайтару, азаптаулардың алдын алу, сондай-ақ алаяқтыққа, есірткі бизнесіне және басқа да қауіпті құбылыстарға қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіру бойынша шаралар кешенін қабылдағанын атап өтті.Өткен кезеңде прокурорлар Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлар мен олардың инвестицияларын қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырды, Президент бұл жұмысты ұлттық басымдықтар деңгейіне көтерді.Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында 565 инвестор нақты көмек алды, олардың ел экономикасына қосқан үлесі 10 трлн теңгені құрады.Бас Прокурор прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсатта, бизнеске қысым жасау, экономикалық қақтығыстарға қатысу үшін пайдалану әрекеттерін қатаң түрде тоқтату қажеттілігін атап өтті.Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 3,5 млн азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды, оның ішінде – 123 мың қызметкер, 1,9 млн-ға жуық жасөспірім, 23 мыңнан астам баланың пайдасына алимент бойынша 4,6 млрд теңге қарыз өндірілді.Барлық анықталған бұзушылықтар мен проблемалық мәселелер бойынша Үкіметке 23 қадағалау актісі енгізілді (экология, балалардың құқықтарын қорғау, ЖКО алдын алу, азаматтардың өтініштерін қарау сапасы бойынша және т.б.). Олардың негізінде Жол карталары, заңдарға және заңнан туындаған актілерге түзетулер әзірленді, сонымен қатар оларда баяндалған бұзушылықтарды жою, сондай-ақ азаматтардың, бизнестің құқықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін қажетті басқа да шаралар қабылданды. Активтерді қайтару жөніндегі құқықтық тетіктерді нығайту жалғастырылды.Өткен жылы 428,7 млрд теңге мөлшерінде ұрланған активтер қайтарылды. Заң субъектілерімен келісімдер бойынша 48 млрд теңгеден астам сомаға 15 әлеуметтік және инвестициялық жоба іске қосылды.Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сот тәртібімен түсініксіз шыққан активтерді мемлекет кірісіне айналдыру практикасы енгізілді. Қазіргі таңда нәтиже бар екенін айта кету жөн болады (10 миллион долларға талап қанағаттандырылды, сома өтелді). Сонымен қатар, мүлікті ерікті түрде кері қайтару бөлігінде субъектілермен жұмыс жүргізілуде. Елдегі криминогендік жағдай тұрақты бақылауда.Қылмыстық құқық бұзушылықтар санының төмендеуі жалғастырылуда (140-тан 132 мыңға дейін; -5,3%). Алаяқтыққа, есірткі қылмысына және басқа да қауіпті құбылыстарға қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының кепілдіктері нығайтылады.Қылмыстық орбитаға 4 132 азаматты негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері екі есе азайды (54%, 424-тен 194-ке дейін).Халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл және ынтымақтастықты нығайту қамтамасыз етілді, сондай-ақ іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау және қылмыскерлерді ұстап беру жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Қылмысқа қарсы іс-қимыл, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.2024 жылы 9 (1) халықаралық шарттар жасалды (Мароккомен (3), Перумен (3), Катармен (2) және Кипрмен (1)). Шетелде жасырынып жүрген адамдарды экстрадициялау бойынша жұмыс жандандырылды. 2024 жылы Қазақстанға 67 (55) адам ұсталып жіберілді (Ресейден – 37, Грузиядан – 6, Қырғызстаннан – 4, Түркиядан, БАӘ мен Әзірбайжаннан 3-ден, Польша мен Армениядан 2-ден, Испания, Швеция, Чехия, Германия, Корея, Молдова, Украинадан 1 -ден). Алдағы кезеңде қадағалау органының күш жігері мыналарға бағытталатын болады:1) Мемлекет басшысының нұсқамаларын одан әрі іске асыру («Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан – Адал азамат», «Таза Қазақстан» және т.б. қағидаттарына); 2) құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту және алаяқтық, қарақшылық, есірткі бизнесі және басқалар сияқты қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге қарсы күреске; 3) қадағалау қызметіне, оның ішінде жасанды интеллектті пайдалана отырып, цифрлық құралдарды енгізуге; 4) қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға.Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде прокуратура органдары заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сондай-ақ инвесторларды «прокурорлық сүзгі» арқылы қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырады.Әртүрлі салалардағы жүйелі және өзекті мәселелер бойынша тексерулер жүргізу жоспарланған.Олардың қатарында азаптауға қарсы іс-қимыл және қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу, білім беру қызметін лицензиялау кезінде заңдылықты сақтау, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламалары, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде заңнама талаптарын сақтау мәселелері және басқалар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924740
ТҮЛКІБАСТА ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН 4 МЕКЕМЕНІҢ ҒИМАРАТ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ 01.02.2025
Көп жылдан бері ғимарат қажет етіп келген Түлкібас ауданының мүгедек балаларды оңалту орталығының қос мекемесі, апатты деп танылған «Өнер» мектебі және ғимарат тапшылығын сезініп келген аудандық білім бөлімі «Агробизнес және саяхат» колледжінің бос тұрған корпусына орналастырылатын болды.Бұл жерде 2360 шаршы метрді құрайтын колледж ғимараты аудан әкімдігінің теңгеріміне алынып, аталған 4 мекемеге қажеттілігіне қарай бөлініп берілді. Аудан басшысы Асқар Естібаев аталған нысанға жауапты орынбасарлары және тиісті мекеме басшыларымен бірге арнайы барып, ғимаратты бөлу және ретке келтіру мәселесін пысықтады.Жауапты мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті сметалық құжаттарды тез арада дайындап, орналасу мәселесін жылдамдатуды тапсырды. Сонымен қоса, мүгедектігі бар жандарға кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасау, талапқа сай пандус орнату, газға қосып, жылу жүйесін ретке келтіру, интернет тарту бойынша тиісті шараларды атқаруды жүктеп, мекемелер толық орналасқанша ғимаратты қалпында сақтау мақсатында қарауыл қою керектігін ескертті.Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен аталған колледждің бос бөлігі аудан теңгеріміне өткізіліп, тиісті қаулысы шығарылған болатын. Осы шешім арқылы бірнеше мекеменің ғимарат мәселесі шешімін тауып отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924744
ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ» «БАУЫРЛАС-ПОДКАСТ» СТУДИЯСЫ АШЫЛДЫ 01.02.2025
Түркістандағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған «Бауырлас-подкаст» студиясы ашылды.Тұсаукесер хабарға елімізге белгілі этнограф-тарихшы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Жамбыл Артықбаев, қазақ журналистикасының ардагері, ХҚТУ-дың профессоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева сұхбат беріп, игі бастамаға сәттілік тіледі.Сұхбат барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңірде өткізілетін іс-шараларға дайындық барысы және этносаралық келісім мен татулықты сақтау бағытында келелі ойлар айтылып, мазмұнды әңгіме өрбіді.Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбектің айтуынша, «Бауырлас-подкаст» студиясы өңірдегі рухани жаһандану, қоғамдағы этносаралық бірлік пен келісімді сақтау және жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді. Бұл тек медиа саласын ғана емес, жалпы өңірдің руханиятын байытуға, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосады.Студия арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және насихаттау, этностар арасындағы достық пен еңбек адамдары туралы танымдық хабарлар, эксклюзивті сұхбаттар, ақпараттық материалдар әзірлеу көзделген.Мұнда киіз үй пішінінде локация дайындалған және жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен толықтай қамтылған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924745
ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ТАЗАЛЫҚ ЭСТАФЕТАСЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА 01.02.2025
Түркістан облысына қарасты елді мекендердің тазалығына жергілікті тұрғындар белсене атсалысуда.Жетісай ауданы, Жолдасбай Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе ауылында жыл бойы тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстарға ауыл азаматтары белсенді қатысуда. Үтіртөбе тұрғындары облыстық маңызы бар КХ-117 автожолының Үтіртөбе ауылынан өтетін бөлігін қоқыстан тазартып, электр бағаналары мен аялдамаларды ретке келтіріп, қоқыс жәшіктерін орнатып, спорт алаңшаларын абаттандырды.«Тазалықты өзіміздің ауладан, ауылдан бастайық» деген ауыл белсенділері халықты тазалық жұмыстарына бірігуге шақырып, өзге ауыл тұрғындарына тазалық эстафетасын жолдады.Үтіртөбеліктердің Түркістан облысының аудандарына жолдаған тазалық эстафетасын Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындары қабылдап, тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғындары, шаруа қожалықтарының иелері, мектептер мен медицина қызметкерлері, кәсіпкерлері бірлесті.Қазыбек би ауылдық округі эстафетаны жалғастырды. Шараға ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен жергілікті кәсіпкерлер, тұрғындар қатысты. Олар республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерді, гүлзарлар мен халық көп шоғырланатын аймақтарды қоқыстан тазартты. Тазалық эстафетасы Мақталы ауылдық округіне жолданды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924750
ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЖЫЛЫНА 120 ТОННА БАЛЫҚ ӨСІРІЛУДЕ 01.02.2025
Түркістан облысында 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 231-ге жетті. Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Биыл осы бағытта 10 кәсіпкер өз ісін бастауға бел буып отыр. Жалпы аудан аумағында 26 кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады.Аудан әкімі Асқар Естібаев сондай кәсіпкердің бірі, Машат ауылының тұрғыны Ермахан Дүйсенбековтың бастап жатқан ісімен танысты.1,8 гектар жерге жасанды көл қазып, дайындап қойған. Ол жерге биыл 30 мың дана сазан, дөнмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберуді жоспарлауда.Ал сол маңдағы «Жеті үй» шаруашылығы осыдан 5 жыл бұрын жасанды көлге 20 мың дана сазан, дөнмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберіп, қазіргі таңда жылына кемінде 5 тонна өнім алды. Және де кәсіпкер көл жанына Сақ моншасын соғып, дәмхана ісін жүргізіп, табысын арттыруда.Қос нысан иелерінің алдағы жоспарларымен танысқан Асқар Сұлтанұлы мемелекет тарапынан қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, жауапты бөлім басшысына алдағы күндері балық шаруашылығын ашуға ниетті және іске асырған азаматтармен білікті мамандарды қатыстыра отырып семинар ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыру керектігін айтты.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924754
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ 01.02.2025
Түркістан облысының жұмысшы тобының Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлеріне «Серпін – 2050 мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқуға түскен жастармен кездесу және ынтымақтастық қарым-қатынас орнату жұмыстары басталды.Түркістан облысынан құрылған арнайы жұмысшы топ мүшелері Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болып, ғылыми зерттеу орталығы, үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы, жатақхана, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі сияқты жоғарғы оқу орнының ірі құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Бұл университетте 472 студент «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Оның ішінде, Түркістан облысынан 201 студент білім алуда.Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті студенттермен кездесіп, сұхбаттасты. Сонымен қатар білім ордасына экскурсия жасап, шеберхана және ғылыми орталықтарға барды. Қазақстан-неміс институтында болып, студенттер үйінде тұратын жастардың жағдайымен танысты.Одан бөлек, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқу базасымен танысып, студенттермен кездесті.Нәтижесінде, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнату жөнінде меморандум жасалды.Айта кетейік, жұмысшы топтың іссапары Семей қаласындағы А.Бөкейхан университеті және Павлодар облысындағы Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, С.Торайғыров университеті, Инновациялық Еуразиялық университетінде жалғасатын болады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/924757
Өңірлік кадр резервінің мүшесі облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды 01.02.2025
Өңірлік кадр резервінің мүшесі Маманов Бауыржан Сәкенұлы Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.Бауыржан Маманов 2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша, 2018 жылы Еуразия гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.Еңбек жолын жеке секторда қаржыгер ретінде тәжірибе жинақтаудан бастаған.Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін 2014 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Экономика және қаржы департаментінде сарапшы лауазымынан бастағап, әрі қарай осы жүйеде бас сарапшы болып қызмет еткен.2018-2023 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қорғаныс министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінде және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қаржы және әкімшілік жұмыс департаментінде басқарма басшысы ретінде, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің директоры лауазымында еңбек етті.Осыған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қаржы және әкімшілік жұмыс департаменті директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/925086
Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесінің 2024 жылғы нәтижелері мен 2025 жылғы жоспары талқыланды 01.02.2025
2025 жылдың 23 қаңтарында Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының Алқа отырысы өтті. Онда 2024 жылға арналған жұмыс қорытындылары шығарылып, 2025 жылға арналған басымдықтар айқындалды. Шараға облыс әкімі орынбасары Алтынай Амренова, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері қатысты.Негізгі есеппен облыстық денсаулық сақтау басқармасы міндетін атқарушы Елена Иванова сөз сөйледі.«Аймақтың денсаулық сақтау жүйесін дамыту — біздің басты міндетіміз. Біз жаңа технологияларды енгізу мен инфрақұрылымды жақсартумен қатар, әрбір тұрғынға медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ұмтылудамыз», — деп атап өтті Елена Иванова.Артериялық гипертония мен онкологиялық аурулардан туындаған жоғары жалпы өлім-жітім мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.Күн тәртібі бойынша баяндамалар жасалды:Облыс әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісі Владимир Шиманский, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мәселелерін көтерді.Ақмола облысы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Турмаганбет Талғат, 2024 жылғы қаржыландыру және сатып алу қорытындылары туралы есеп берді.Ақмола облысы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің директоры Бибігүл Иманқұлова, денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы мемлекеттік бақылау қорытындылары туралы баяндады.Отырыста инфрақұрылымды дамыту мәселелері де талқыланды. 2024 жылы 28 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі пайдалануға берілді, ал 2025 жылы тағы 10 объектінің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.Алқа отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар денсаулық сақтау жүйесінің проблемалық мәселелерін талқылап, оларды шешу және аймақта медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін нақты тапсырмалар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/924891
Қарағанды туристік клубы белсенді туризмге тегін оқытуға шақырады 27.01.2025
Қарағанды облыстық туристік клубы белсенді туризмге үйрету және бірінші күрделілік санатындағы жаяу жүргіншілер сапарының жетекшілерін даярлау үшін топ жинауда.Оқытуды тәжірибелі нұсқаушылар жүргізеді. Сабақтар тегін. Таныстыру сабағы 28 қаңтар күні сағат 18:00-де өтеді.Сондай-ақ, туристік клуб спелеотуризмді оқыту тобына (саяхат және үңгірлерді зерттеу) қабылдау туралы хабарлайды. Оқыту тегін.Таныстыру сабағы 31 қаңтарда сағат 18:00 өтеді.Сұрақтармен WhatsApp: +7-705-587-24-34.Оқыту Қарағанды қаласы, Пассажирская көшесі, 12 үй, бірінші қабат (оңға) мекенжайы бойынша жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/924683