Enbekshi QazaQ

Бизнес

ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ УАҚТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ 16.11.2024
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен бүгін мәжіліс өтіп, Түркістан облысында жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.Өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған жиналысқа Ауыл шаруашылығы басқармасының, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Бақылау жөніндегі басқарманың және «Түркістан ӘКК» АҚ-ның жауапты мамандары қатысты.Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, инвест-жобалар жоспарланған мерзімінде жұмысын бастауы үшін үйлестіру ісіне бақылау күшейтіледі. Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар құрылысына қатысты нақты тапсырмалар бекітті:- Құжаттарды кешіктіруге немесе туындаған мәселелерге немқұрайлы қарауға жол берілмесін. Міндеттеріңізді жауапкершілікпен атқарыңыздар, - деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.Инвестициялық жобалар бойынша қозғалыс картасы әзірленіп, тұрақты түрде апталық есеп түзіледі. Сонымен қатар, жауапты мекемелер мен қызмет өкілдерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен апта сайын жұмыс кеңестерін өткізу келісілді.Онда инвесторлардың әр мәселесі жеке қаралып, пәрменді шешімдер қабылданады, осылайша, инвестордың ұсыныстары мен проблемалары әкімдіктің назарынан тыс қалмайды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/877404
ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ТАРИХЫ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨРМЕДЕ ТАНЫСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР 16.11.2024
Қызылорда қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Түркістан өлкесі» көшпелі көрмесі өтіп жатыр. Аталған көрме Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.Ашылу салтанатында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Баян Айтымбет көшпелі көрменің негізгі мақсатын түсіндіріп, Сыр елімен мәдени байланыстарды нығайту жұмыстарына тоқталды. Ал жиында сөз алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Көзейбаев Сапар ашып, көрменің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.Көрмеге Түркістан облысының археологиялық және этнографиялық мұрасы, зергерлік бұйымдар коллекциясы, ер қаруы – бес қару, қасиетті сәулет ескерткіштері, қазақтың гобелен өнері және ағаш ою өнері туындылары және ең басты жәдігер – Кенесары хан Қасымұлының түпнұсқа қылышы қойылып, Сыр жұртшылығы мен қонақтары назарына ұсынылды.Айта кетейік, аталған көрме С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында 15 қарашаға дейін жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/877405
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЕСІК ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ 16.11.2024
Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. «Люкс Двери» шағын цехтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен Еңбекші Диқан елді мекенінің тұрғындары және ауыл ақсақалдары қатысты. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/877408
Красный Яр ауылында 10 алаң пайдалануға беріледі 16.11.2024
Красный Яр ауылында 10 алаңның құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда «Кен дала» және «АзимутСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымдары алаңдар аумағын абаттандырумен айналысады.Төрт алаң тұрғындарға ашық ауада спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін заманауи воркаут жабдықтарымен жабдықталған. Футбол алаңы да төрт метрлік тормен қоршалған.Тағы алты алаң балаларға арналған және қауіпсіз тартанмен, құм жәшіктерімен, әткеншектермен және басқа ойын элементтерімен жабдықталған. Барлық алаңдар жоғары сапалы материалдардан – екі қабатты бетоннан және тартаннан жасалған.Жаңа нысандар ауылдың 15-тен астам көшелерін қамтиды, бұл бүкіл елді мекен тұрғындары үшін спорт және ойын аймақтарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.Бұл алаңдардың ашылуы өңірде жүзеге асырылып жатқан абаттандыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы Көкшетау қаласында осындай 12 нысан пайдалануға берілді, қараша айының соңына дейін 15 алаң бойынша жұмысты аяқтау жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/877244
Денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген ардагері Болат Жанәділов өмірден өтті 16.11.2024
85 жасында Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының ардагері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Болат Сүлейменұлы Жанәділов дүниеден озды.Ол өзінің өмірінің 50 жылдан астам уақытын денсаулық сақтау саласына арнап, тек Ақмола облысында ғана емес, бүкіл елде осы саланың дамуына үлкен үлес қосты.Болат Жанәділов 1940 жылы 14 маусымда Көкшетау облысы Айыртау ауданы Қазгородок ауылында дүниеге келген. Қарағанды медициналық институтының емдеу факультетін 1965 жылы бітірген соң, дәрігер-анестезиолог болып еңбек жолын бастады. 1968 жылы Көкшетау облыстық ауруханасының анестезиология бөлімінің меңгерушісі болды.1970 жылы емдеу жұмыстары жөніндегі бас дәрігердің орынбасары болып тағайындалды. 1973 жылдан 1992 жылға дейін – Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті.1992 жылдың ақпанында Б.Жанәділов Көкшетау облысы әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне ұсынылды. 1995 жылдың қараша айынан 1997 жылдың ақпанына дейін Көкшетау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.Болат Жанәділов басшылықта болған жылдары облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды, жаңа корпустар салынды, сол кездегі заманауи диагностика және емдеу технологиялары енгізілді. Көкшетауда Болат Сүлейменұлының белсенді қолдауымен «Мейірім» мейірбике күтімінің ауруханасы, жүйке аурулары бар балаларға арналған «Болашақ» оңалту орталығы, медициналық-генетикалық орталық, облыстық қазақ драмалық театры ашылды.1997 жылдан бастап Болат Жанәділов Көкшетау облыстық ауруханасында емхана жұмыстары бойынша бас дәрігердің орынбасары, кейінірек Ақмола облыстық ауруханасының мұражай меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2015 жылы 75 жасында зейнетке шықты.Болат Сүлейменұлы Жанәділов – жоғары біліктілік санатындағы дәрігер, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы. Ол «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Тыңның 50 жылдығы» мерейтойлық медалімен, «Денсаулық сақтау үздігі», «И.И. Пирогов 1810–1881 жж.», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.Болат Сүлейменұлы өзінің басты өмірлік мақсатын жұртшылыққа қызмет ету деп санап, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, ауруханаларды кадрлармен қамтамасыз ету, заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау бағытында талмай жұмыс істеп, кәсібіни қағидаларына адал болып қалды.Оның жарқын бейнесі туыстарының, әріптестерінің, шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/877282
Еліміздің жол құрылысы саласында жаңа технология сынақтан өтуде 16.11.2024
Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары (ҚазжолҒЗИ) республикалық маңызы бар автожолдарда ауа температурасы -10 градуста асфальт төсеуге мүмкіндік беретін арнайы технологияны сынақтан өткізуде. Арнайы қоспа күн райы суыған кезде де жол құрылысы жұмыстарын жалғастыруға септігін тигізбек. Бұл әсіресе құрылыс маусымы 3-4 айға ғана созылатын еліміздің солтүстік өңірлері үшін маңызды.Жол құрылысы стандарттары бойынша, асфальт-бетон қоспасының температурасы жол салу кезінде кемінде 125-130 градус болуы керек, ал асфальт тек +5 градустан жоғары ауа температурасында ғана төселуі тиіс. Алайда ғалымдар қоспаны 90 градус температурада дайындап, оны -10 градусқа дейінгі температурада төсеуге мүмкіндік беретін кешенді қоспаны ойлап тапты.Қоспаны қолдану барысында жол жамылғысының барлық физика-механикалық қасиеттері сақталады, асфальтты дайындау және тығыздау кезеңдерінде энергия шығыны едәуір азайып, қоршаған ортаға тиетін теріс әсер көрсеткіші төмендейді. Институт мамандары кешенді қоспа битум мен минералды материалдар арасындағы байланысты күшейтетініне де назар аударуда.Арнайы қоспанының зертханалық сынақтары алдымен Алматыдағы «ҚазжолҒЗИ»-дың лабораториясында жүргізілді. Зертханалық сынақ нәтижесі жаңа қоспа қатал климаттық жағдайда жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайтынын көрсетті.Технология республикалық маңызы бар Күрті-Бұрылбайтал жолында сынақтан өтуде. Егер сынақ сәтті өтсе, бұл технология жол құрылысы маусымын ұзартып, энергия ресурстарына кететін шығынды қысқартып, асфальт-бетонды қыздыруға байланысты көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік бермек. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/877293
Қарағанды облысында медициналық қызмет сапасы артуда 16.11.2024
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтағы барлық емханаларда үздік тәжірибе орталықтарын ашуды, сондай-ақ барлық мектептерді "Салауатты мектеп" жобасына тартуды тапсырды.Өңірде алғашқы медициналық көмектің сапасы жақсаруда. Бұл Үздік тәжірибелер орталықтары жұмысының жемісі. Облыста Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында бес жаңа медициналық мекеме жұмыс істейді. Ал Осакаров ауданында осындай орталық алдағы уақытта ашылады деп көзделіп отыр.Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова үздік тәжірибелер орталықтары жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты:- Облыста 37 медициналық ұйым алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Бұл емханаларға жүктемені азайтты. Сонымен қатар медициналық қызметті кезең-кезеңімен көрсету қамтамасыз етіледі. Өткен жылы ашылған үздік тәжірибелер орталықтары да алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға көмектеседі. Олардың жұмыс принциптері 28 клиникада ішінара енгізілген. Отбасылық негізде медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтердің сапасына назар аударылады.Үздік тәжірибелер орталықтарында 324 көпсалалы команда бар. Олардың құрамына отбасылық дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, акушерлер және медбикелер кіреді. Ыңғайлы кеңсе жобалары құрылды: "науқастың көзімен алғашқы 5 минут" бағдарламасының арқасында қызметтерді күту уақыты 80-90% - ға қысқарды. "Халық кеңесі" қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындар өз тілектері мен шағымдарын қалдыра алады.1 қыркүйектен бастап Қарағандының № 1 және 3 емханаларының жанындағы үздік тәжірибелер орталықтарының базасында төрт мектепті қамтитын "Салауатты мектеп" жобасы басталды. Басты міндет - оқушылар мен ата-аналар арасында денсаулық мәселелері бойынша сауаттылықты арттыру. Жасөспірім қыздар арасында жүктілікті болдырмау.Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық мектепті "Салауатты мектеп" жобасына тартудың маңыздылығын атап өтті.- Үздік тәжірибелер орталықтарын енгізу медициналық көмектің қолжетімділігін арттырпды. Халықтың медициналық қызметтер туралы хабардар болуына оң әсерін тигізеді. Келесі жылдың соңына дейін барлық емханаларда осындай орталықтар ашу қажет, — деді облыс әкімі. - Бұл дәрігерлер мен пациенттерге уақытылы көмек көрсетуге және медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін маңызды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876822
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ САЛАСЫНДА БИЫЛ 159 НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ 16.11.2024
Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Биылғы жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысымен 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста мәлімдеді.Мәжілісте жолға қатысты маңызды түйткілдер айтылып, өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.– Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жол құрылысын қолға алған мердігерлер мен сапасын қадағалаушы мекемелер тиісті жұмыстарды қолға алуы тиіс. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Тұрақты қадағаланады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.Жиын барысында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық маңызы бар жолдарға тиісті қаржы бөлініп, 379,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл қорытындысымен 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасын пайдалануға беру көзделуде. Қазіргі таңда, 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе (5 жол, 1 көпір, 4 құбыр, 1 жарықшам), қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, биыл басқарманың тапсырысымен іске асырылып жатқан нысандарда «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ тарапынан 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеді. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 млн. теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 м2 асфальт жабыны қайта төселді.Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 млрд. теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876957
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ 16.11.2024
Түркістан облысында биыл ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 485 нысан құрылысын жүзеге асыруға 224,1 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 94 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 308 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 94 нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі. Құрылыс қарқыны бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында. Бүгін аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты жандандыруды тапсырды.– Әрбір әлеуметтік нысанның артында халықтың сұранысы мен тілегі тұр. Алдымен жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері құрылыс барысын қадағалап, уақтылы тапсырылуына барынша жағдай жасасын. Мердігерлердің жұмысы да қадағалауда болуы тиіс. Міндетін дұрыс атқармағандарын анықтап, заң шеңберінде тиісті жұмыс жүргізу де күн тәртібінен түспеуі қажет. Міндетіне салғырт қараған мердігерлерге екінші рет жоба берілмесін. Бізге атқарылған жұмыстар туралы есеп емес, құрылысқа кедергісін келтіріп жатқан мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсыныңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.Мәжілісте нысандарының құрылысы кешеуілдеп жатқан аудан, қала әкімдерінің де есептері мен уәждері тыңдалды. Тиісті тапсырмалар, ұсыныстар берілді.Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, білім беру саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңға 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан 2025 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1 мектеп (Түркістан қаласы) пайдалануға берілді. Қараша айында 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған және жыл соңына дейін тағы 12 мектеп құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Қалған 13 мектеп 2025 жылға өтпелі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 48 жоба іске асырылуда. Ұлттық жобаға сәйкес барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспары қойылған. Мәдениет саласы бойынша 12 нысан салынып жатыр. Бүгінгі таңда 3 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 1 нысан тапсырылмақ. Қалған 8 нысан 2025 жылға өтпелі. Спорт саласында 22 нысан құрылысы жүргізілсе, оның 3-еуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 7 нысан беріледі. Ауыл шаруашылығында – 7, арендалық тұрғын үйлерді сатып алу бойынша 247 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 39 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысы аяқталады. «Turan» АЭА-ға инженерлік инфрақұрылым жүргізу бойынша 6 нысанның құрылысы жоспарланып, 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 3 нысан құрылысы аяқталады деп көзделген.Мәжілісте облыстағы құрылыс нысандарының сапасы да сараланды. Бұл туралы Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаиловтың есебі тыңдалды. Өңірде құрылыс сапасына тиісті талдаулар мен тексерулер жүргізіліп, 822 хаттама толтырылып, 255 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған. Үш мердігер компания лицензиясынан айырылған.Облыста құрылыс саласындағы жобалар жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876960
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ КЭТИ ЛИЧПЕН КЕЗДЕСТІ 16.11.2024
Бүгін Түркістанға Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич пен Халықаралық Көші-қон ұйымы миссиясының басшысы Серхан Актопрак келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірге келген қонақтармен кездесіп, бірқатар мәселені жан-жақты талқылады.– Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын! Киелі өңірімізге қош келдіңіздер! Біздің облыстың тұрғындары расында өте еңбекқор. Қай жерге бармасын, топ жарып шығады. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан өңірінде халық тығыз орналасқан. Оның ішінде 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Бұл – еліміздегі облыстар арасында ең жоғары көрсеткіш және өңіріміз ауыл шаруашылығы бағытында көш бастап тұр. Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері де, туристік әлеуеті де жақсарып келеді. Бүгін ашылғалы отырған орталықтың жұмыссыздықты азайтуға үлесі зор деуге болады. Қазақстан еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтары мен әл-ауқатын жақсартуға, қорғауға, оларды көші-қонның неғұрлым қауіпсіз және нәтижелі тәжірибесі үшін қажетті білімдермен және ресурстармен қамтамасыз етуге міндеттенеді. Еңбек мобильділігі орталығының білікті қызметкерлері мигранттарға өмірлік маңызды ақпарат бере отырып, орталықтандырылған торап ретінде әрекет етеді деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.ХКҰ Ұлыбритания үкіметінің қаржылық қолдауымен еңбек мобильділігі орталығына әлеуетті арттыруға көмек көрсетеді. Осыған тоқталған Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Түркістан өңірінің әлеуетіне жоғары бағасын берді. Аталған орталық Ұлыбританияға жұмыс істеуге ниет еткен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді.Ал Қазақстандағы ХКҰ миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак мұндай орталықтың көші-қонға дайындық кезінде маңызы зор екенін айтты. Еңбекші мигранттардың жаңа ортаға тез бейімделіп, алдын ала мағлұмат алатынын атап өтті.Айта кетейік, қонақтар әрі қарай шет елдердегі жұмыстарға жергілікті азаматтарды жолдауға бағытталған «Алдын ала даярлық орталығын» ашу салтанатының лентасын қию рәсіміне қатысады. Сонымен қатар орталықтың қызметімен танысып, шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен пікір алмасады. Түркістандағы «Еңбек мобильділігі орталығы» базасында ашылатын орталық қазақстандық еңбекші мигранттарға консультациялық қолдау көрсетеді. «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобалық іс-шарасы аясында «Еңбек мобильділігі орталығында» ұйымдастырылатын баспасөз-конференциясынан соң ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалына барады. Онда тренерлерді даярлау процесімен танысып, тренерлердің алғашқы сессиясына қатысады. Содан соң Қ.А.Ясауи кесенесі мен шаһардағы туристік орындарды араламақ.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876963
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗ, СУ, ЭЛЕКТР ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ БОЙЫНША 300-ДЕН АСТАМ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР 16.11.2024
Түркістан облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 300-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, ауыз су, газ, электр энергиясымен қамту жалғасуда. Бұрын сапалы ауыз су, газ бармаған елді мекендерге осы игіліктер жетіп, елдің өмір сапасы жақсара түсті.Жыл соңына дейін жобалардың 196-сы аяқталады деп жоспарлануда. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.– Ең бірінші мәселе – ауыз су. Жоспарланған жұмыстар жедел әрі сапалы атқарылуы тиіс. Газбен қамту, электрмен қамту бағытындағы жобаларды да сапалы атқарыңыздар. Түркістандағы арнайы экономикалық аймақты инфрақұрылыммен қамтумен қатар абаттандырып, көгалдандыру керек. Кәсіпкерліктің дамуы, инвестицияның артуына инфрақұрылымның тікелей қатысы бар. Жұмысты ширатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.Облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, биыл газбен қамту бойынша 112 нысан, ауыз су бойынша 122 нысан, электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы қолға алынған. Биыл осы салада 196 жоба жүзеге аспақ, қалғаны келесі жылға өтпелі.2024 жылы ауыз су бойынша 96 нысан аяқталып, жаңадан 30 елді мекен ауыз сумен қамтылады. 37 елді мекен тәулік бойы сумен қамтылса, 24 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Олардың бірқатарында жаңа құрылыс жүргізілсе, біразына кешенді блок-модульдер орнатылуда. Қайта құру, құбыр тарту, ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы да мәселелер шешілуде.Табиғи газ бойынша 54 жоба биыл жүзеге асады. 58-і келесі жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен 47 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге, халық саны 1,8 миллионнан асады деп күтілуде.Электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы жүруде, оның 35-і биыл аяқталады. Жыл нәтижесінде 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. «Қызыләскер», «Алатау» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталуда. 383,7 шақырым электр желілері тартылып, 104 трансформатор орнатылады.Өңірде кәсіпкерлік нысандарына инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС жылыжай кешені, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта және Түлкібас ауданындағы «BeibarsBottlers» ЖШС-інде инфрақұрылым құрылыстары жүргізілген. Сонымен бірге газ тарату станцияларының да құрылысы жүруде. Облысты инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876964
ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ 16.11.2024
Енді Түркістан өңірінің тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Бүгін өңірімізге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Содан кейін БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты.Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды.Өкілдер әуелі облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» қызметі мен жұмысын бастаған оқу орталығы кабинеттерімен танысты. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен тілдесті. Сондай-ақ «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобасы аясында «Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды алдын ала даярлау орталығы» тақырыбындағы жиында бастаманың маңыздылығы айтылды.– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеткаралық игі жобалар жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба әзірге Қазақстанның 3 аймағында қолға алынып, оған халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірі де еніп отыр. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 2,2 миллионға жуық халық тұрады. Оның 850 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда 46%-ы өзі-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Сондықтан біз үшін жұмыссыздықты азайту маңызды бағыт. Ел азаматтары көп жағдайда тіл меңгермегеннен, баратын елдің Заңдарын білмегендіктен, алаяқ әрі сенімсіз компаниялардың әсерінен түрлі кедергілер мен қателіктерге ұшырайтыны жасырын емес. Бұл бастама арқылы шетелден алдын ала сұраныстарды және бос вакансиялар алдын ала белгіленеді. Осы орталықтың ашылуына орай алғашқы топтарды оқыту басталды. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, көші-қонның қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуі, қатысушылардың білімін жетілдіру, өзге де ресурстармен қамтуды үйлестіру жұмыстары облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» міндеттеліп отыр. Әрине елшілікпен бірлесе атқаруға тиіспіз. Өңір тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланғаны абзал, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.Кэти Лич арнайы еңбек ұтқырлығы орталығының сенім телефонын іске қосу, мамандарды кешенді оқыту және қажетті жабдықтармен қамту керегін жеткізді. Статистикалық деректерді де ортаға салды.– Соңғы жылдары біздің маусымдық жұмыскерлер бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келетін қазақстандықтардың саны айтарлықтай өсті. 2019 жылы маусымдық жұмыскердің визасын 4 адам алған болса, 2024 жылдың І жартыжылдығында 4400-ден асқан. Біз үміткерлердің Ұлыбританияда өмір сүру мен жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екеніне көз жеткізуге басымдық береміз. Ол үшін осындай мамандандырылған көшпелі дайындық ақпараттық орталығының ашылуын құптаймыз, - деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі.Ал, Серхан Актопрак көшпелі дайындық жұмыскерлердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал жасайтынын атап өтті. Бұл тәжірибе Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде қолданысқа ие. Орталық Азия елдерінің үздіксіз экономикалық ілгерілеуіне, жұмыссыздықты азайтуға, серіктестікті нығайтуға және дүниежүзілік миграциялық қозғалыстарға септігі мол.Шетелдік қонақтар мұнан кейін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында тренерлерді даярлау дәрісінің алғашқы сессиясына куә болды. Республиканың әр өңірінен жиналған қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұхбаттасты.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876967
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 6 ЖЫЛДА 139 ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОСПАРЛАНДЫ 16.11.2024
Түркістан облысының аудан, қалаларын дамыту стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Сарыағаш ауданын дамыту жоспары талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сарыағаштың әлеуеті толық қолданылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жүйелеуді тапсырды. Басым бағыттар – өндіріс орындарын көбейту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданып, өнімділікті арттыру.– Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Ізденбейтін, өзгеруді қаламайтын адамның, басшының жетістікке жетуі қиын. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Бір зауыт тоқтап қалса, көрсеткіш түсіп кетпеуі үшін өндіріс орындарын көбейтіңіздер. Ауданның туристік, өндірістік, логистикалық, транзиттің мүмкіндігі жоғары. Ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, ауданды дамыту жоспары жан-жақты сараланып, барлық сала зерделенген. 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес ауданда 139 жобаның тізімі жасалған. Құны 144,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 4663 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 51, туризм саласында 25, ауыл шаруашылығында 31, құрылыста 17, қызмет көрсету саласында 15 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 747,9 млрд. теңгені құрап, 2,5 есеге артады деп күтіліп отыр. Алдағы 6 жылда 527,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі 2030 жылы 3,8 есе артады деп көзделген.«Сарыағаш» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, кілем, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіру жобалары жүзеге асады деп жоспарлануда.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876969
ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДЫ ЛАСТАҒАН АЗАМАТТАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЮДЕ 16.11.2024
Жезқазғанда қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 916 бейнекамера қосылған. Бұл техникалық құралдар заңбұзушылықтарды анықтау және олармен күресуге үлкен мүмкіндік береді. Полиция басқармасы жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарды ластаған азаматтарды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, қоғамдық орынды ластаған 495 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жол ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты да шаралар қабылдауда. Бүгінгі күнге дейін 900-ден астам көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/876860
АППАРАТ ЖИЫНЫ ӨТТІ 16.11.2024
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары және Ұлытау облысында «Ауыл ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы туралы сұрақтар қаралды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаев ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға жасалған жағдайлар, қарастырылған мүмкіндіктер мен арнаулы қызмет көрсету орталықтарына жабдықтардың жеткізілуі жайында баяндады. Бұл ретте өңір басшысы мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеуді мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларымен бірлесіп шешуді тапсырды. Облыс әкімі қажетінше демеушілерді де тартудың маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында экономика басқармасының басшысы Нұрлан Абдукалимов «Ауыл-Ел бесігі» жобасының облыс көлемінде атқарылу барысы туралы ақпарат берді. Ұлытау облысының әкімі өз кезегінде аудан әкімдеріне жобаның маңызының жоғары екенін және іске асырылуын тікелей бақылауда ұстау қажет екенін жеткізді. Өңір басшысы жобалардың сапалы әрі халық игілігіне қызмет етуі тиіс екендігін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/876875
Қанат Шарлапаев Қазақстан-Француз іскерлік Кеңесінің 13-ші отырысына қатысты 16.11.2024
2024 жылғы 4 қарашада Францияның Париж қаласында Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің 13-ші отырысы өтті. Іс-шара екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға ұмтылысты растай отырып, екі елдің іскерлік және өнеркәсіптік топтарының өкілдерін жинады.Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сөз сөйлеп, онда Қазақстан-француз өнеркәсіптік әріптестігінің қарқынды дамуын, сондай-ақ Францияның еліміздің негізгі экономикалық және сауда әріптестерінің бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Франция 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасындағы ең ірі 5 инвестордың қатарына кіретінін, жалпы инвестиция көлемі 19 миллиард долларды құрайтынын атап өтті.Қанат Шарлапаев Қазақстанда белсенді жұмыс істейтін Airbus, Air Liquide, Alstom, Schneider Electric, Total Energies, Orano, PCM, Lactalis, Danone, Saint-Gobain және Vicat сияқты ірі француз компанияларының қызметін атап өтті. Ол осы серіктестік аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар туралы, мысалы, электровоз зауыттарын (Alstom), цементті (Vicat) салу, сондай-ақ Air Liquide-дің 80 миллион долларлық сутегі өндірісін кеңейту жоспарлары туралы айтты. Өңдеу өнеркәсібіндегі ағымдағы жобалардың жиынтық көлемі 574,6 миллион долларға жетеді.Министр сондай-ақ Қазақстан экономикасын әртараптандыру мәселелерін қозғап, өңдеуші өнеркәсіп соңғы жылдары мұнай-газ секторымен салыстырғанда өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Биылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанның өнеркәсіп секторы шамамен 5% - ға өсті, ал құрылыс саласы 10%-ға өсті. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл құрылыс материалдары мен жабдықтарына айтарлықтай сұраныс тудырады.Өз сөзінде министр Қазақстанның жаһандық құн тізбегі үшін қажетті аса маңызды пайдалы қазбаларды сенімді жеткізушіге айналу жолындағы жетістіктеріне ерекше назар аударды. Қазақстан аэроғарыш өнеркәсібінде жоғары сұранысқа ие бериллий, скандий, тантал және титанды қоса алғанда, Еуроодақ үшін аса маңызды тізімге енгізілген 34 пайдалы қазбаның 19 өндіреді.Қанат Шарлапаев Қазақстанның Француз бизнесімен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, еліміздегі шетелдік компаниялар үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасауға жан-жақты қолдау көрсетуге және жәрдемдесуге дайын екендігін атап өтіп. Фото – Қазақстанның Франциядағы елшілігіненАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/876818
Қазақстан мен Франция сумен қамтамасыз ету секторындағы ынтымақтастықты нығату жөніндегі Меморандумға қол қойды 16.11.2024
Бүгін Парижде Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің 13-отырысы аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен сумен жабдықтау және канализацияны тұрақты басқаруда әлемдік көшбасшы - SUEZ International компаниясы Қазақстанның сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін бірлесіп шешу мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Меморандум Қазақстанның негізгі қалаларының инфрақұрылымын жақсарту үшін сумен жабдықтауды басқаруда алдыңғы қатарлы технологиялар мен тәжірибені енгізуге бағытталған стратегиялық серіктестік орнатады. Ынтымақтастық пилоттық жобадан басталады, оның орналасқан жерін Министрлік пен SUEZ бірлесіп анықтайды. Осы жобаның бір бөлігі ретінде SUEZ инфрақұрылымды жобалау, салу және пайдаланудағы өзінің көп жылдық тәжірибесін Қазақстанның бірегей қажеттіліктеріне бейімделген тұрақты шешімдерді енгізу үшін қолданады.Серіктестік қаржыландырудың әртүрлі үлгілерін зерттейді және жергілікті мамандар үшін дағдыларды дамыту және білім беру бағдарламаларына назар аударады. SUEZ-дің осы келісімге қатысуы екі тараптың да жергілікті қауымдастықтарға пайда әкелетін және Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақты даму мақсаттарын қолдайтын сумен жабдықтау және канализация саласындағы инновацияларды дамытуға бейілділігін көрсетеді.Меморандумға Парижде SUEZ халықаралық даму жөніндегі аға вице-президенті Тимоти Каржилл мен министр Қанат Шарлапаев қол қойды, онда Қазақстан халқын қауіпсіз және тұрақты сумен және су бұру жүйесімен қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықтың халықаралық сипатын атап өтеді.SUEZ International туралы160 жылдан астам жаһандық тәжірибесі бар SUEZ бүкіл әлем бойынша қалалар мен өнеркәсіптерге тұрақты су және сарқынды су шешімдерін ұсынады. Инновациялар мен технологиялар арқылы SUEZ қоршаған ортаға, климатқа және қоғамдық денсаулыққа қатысты жаһандық мәселелерді шешуге ұмтылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/876847
«Шахтер» футбол клубы жергілікті футболшыларды даярлауға кіріседі 16.11.2024
Футболды дамыту мәселелері талқыланған жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Шахтер» клубының басқару моделін сынға алды. Соңғы кезде команданың спорттық жетістіктері көңіл көншітпейді. Қазіргі маусым қорытындысы бойынша «Шахтер» тізімде соңғы орында, яғни Премьер-лигадан шығып, Бірінші лига деңгейіне түсуге – басты үміткер.– Бұл – өңірлік футбол саясатында жүйелі түрде орын алған олқылықтардың нәтижесі. Өкінішке қарай, клубтың ұзақ мерзімді дамыту межесі, маркетингтік стратегиясы жоқ, – деді аймақ басшысы. – Футболшылардың іріктеу жүйесі сын көтермейді. 25 футболшының 12-сі – легионер. Жалпы алғанда, клуб шетелдік легионерлерді қолдау қорына айналды. Тұрақты қаржылық модель жасалмаған.Тығырықтан шығу жолы ретінде Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар шұғыл және стратегиялық шараларды қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Оның ішінде басқару тәсілдер мен кадрлық құрамды қайта қарау – кезек күттірмейтін мәселе. Бір айдың ішінде клубтың стратегиясын әзірлеу керек, оның аясында футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарын ескеру қажет.Сондай-ақ, облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық мамандарды даярлауға қатысты тапсырмалар берді.Біріншіден, өңірлік ДСК-лар негізінде «Шахтер» футбол клубының филиалдарын ашу қажет. Бұл клуб академиясына іріктеу үшін селекциялық жүйе құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жергілікті жас дарындарға жол ашу мақсатында келесі жылы балалар мен жасөспірімдер командалары арасында футбол турнирін ұйымдастыруды тапсырды.– Мемлекет басшысы кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар міндеттерді айқындап берді. Осыған байланысты жоғары білікті мамандарды даярлау қажет. Облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша футбол орталығы мен академияның жұмысын күшейту қажет. Балалар жаттықтырушыларын оқытуды, оның ішінде оларды шетелде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.Нақты спорттық меже – «Шахтер» келесі маусымда-Премьер-лига құрамына оралуы керек.Жиын барысында Ермағанбет Бөлекпаев футбол мен спортты дамытудың жалпы жоспары туралы айтып берді. Мәселен, Қарағандыда спорттық кластер құрылып, оның аясында УЕФА стандарттарына сәйкес заманауи стадион, жыл бойы жаттығуға болатын футбол манежін салу жоспарлануда. Ол үшін қала аумағында 67 гектар жер қарастырылған. Бұдан басқа, келесі жылы қаладағы Орталық стадион жаңартылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876214
Қарағанды облысында инклюзивті қызмет қолжетімді бола түсті 16.11.2024
Қарағанды облысында инватакси қызметі қол жетімді бола түсті. Ерекшелігі бар азаматтар облыстың барлық қала аудандарына кез-келген уақытта қатынай алады.– Облыстың барлық өңірлерінде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. 120 автокөлігі бар 15 қызмет орталығы ашылды. «Инватакси» қызметін 2218 адам пайдаланады. Сонымен қатар, «Инватакси» аутизм спектрі бұзылған және церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларға да қолжетімді, — деді облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Қарағанды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.Сондай-ақ, шипажайға барғанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына жауапты күтушісінің шығыны толық өтеледі. Сол себепті аймақта шипажайларда ем алатын I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың саны артқан.Қарағандыда мүгедектер арбасын жөндейтін сервис орталығы жұмыс істейді. Мұнда тек жөндеумен шектелмейді. Арбаларды тазартып береді. Сонымен қатар жеке параметрлерге сәйкес таңдап алу бойынша да көмек көрсетіледі. Арба жөнделіп жатқанда, орнына уақытша басқасы беріледі. Мұнда 4 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орнласқан. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылымды жасау басты назарда.Осы мақсатта алыдмен әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету нысандары мүгедектігі бар азаматтарға бейімделіп жасалуда. Бүгінде қолжетімділік интерактивті картасы толтыруда. Қазіргі деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында 970 объектіде инклюзивті орта құрылды. Сайтқа кірген азаматтар картаны жетілдіру үшін өзінің пікірлерін қалдыра алады.Салынған жаңа ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету үшін облыста комиссиялар құрылды. Олар нысанды пайдалануға беру актілерін келісуге қатысады. Сондай-ақ, объектілерді тексеріп, ғимарат иелеріне ұсыныстар беретін мобильді топтар жұмыс істейді.Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы техникамен қамтамасыз етіп, уақытылы оңалту емдік курстарынан өткізу маңызды, деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.– "Инватакси" қызметі үздіксіз болуы тиіс. "Мүгедектер арбасын жөндеу" жобасы үлкен сұранысқа ие. Мүмкіндігі шектеулі әрбір адам оны пайдалана алуы үшін ол туралы көбірек ақпарат айтылуы керек. Интерактивті қолжетімділік картасының көмегімен мүгедектігі бар адамдар қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік алады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Ғимараттың әрбір иесі объектіні бектіліген нормаға сәйкес келтіруі керек. Бұл ерекше азаматтардың өмірін жеңілдетеді. Қалалар мен аудандар әкімдерінен мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруды және оңалту жөніндегі шараларға ерекше назар аударуды сұраймын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876542
Қарағанды бейнелеу өнері музейінде Мәдихан Қалмахановтың жеке көрмесі өтеді 16.11.2024
Облыстық бейнелеу өнері музейінде 7 қарашада қарағандылық суретші Мәдихан Қалмахановтың есептік жеке көрмесі ашылады. "Ізденістер, жолдар, шешімдер" деп аталатын экспозициясы автордың 50 жылдығына орай өткізіледі.Мәдихан Қалмаханов Қазақ Мемлекеттік өнер академиясының түлегі. Қазір ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, көптеген шетелдік, республикалық, облыстық көрмелер мен симпозиумдардың қатысушысы.Мәдихан Қалмахановтың шығармалары Қазақстан, Ресей, ТМД елдері, Германия, Франция, Кипр, АҚШ және Израиль музейлерінде және жеке коллекцияларда сақталған."Суретшінің шығармаларынан Отанға деген сүйіспеншілікті және қазақ халқының мәдени салт-дәстүрін көруге болады. Пейзаждар, портреттер, сюжеттік картиналар классикалық кескіндеме түрінде жасалған", – деп атап өтті Қарағанды бейнелеу өнері музейінің қызметкерлері.Көрме сағат 16:00 басталады.Экспозицияны 24 қарашаға дейін тамашалауға болады.Музейдің мекен-жайы: Бұқар жырау даңғылы, 76.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876618