Enbekshi QazaQ

Бизнес

Көкпар мен асықты енді Роботтар ойнайды: Қарағандыда ұлттық нақыштағы робототехника дамып келеді 16.11.2024
Қарағандыда "ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ – 2024" робототехника бойынша қалалық чемпионат өтті. Бұл жолы қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтін ұлттық нақыштағы Роботтар пайда болды. Жарыс 8 санат бойынша өтті: Бұл "Қыз қуу", "Асық ату", "Көкпар", "Жамбы ату", "Бәйгі", "Теңге алу", "Ханталапай", "Арқан тарту".Чемпионатқа 40 мектептен 74 команда қатысты.Чемпионат Пришахтинск шағын ауданындағы 33-ші мектеп базасында өтті.Білім ошағына кіре берістен мереке атмосферасы сезілді. Қатысушылар мен қонақтарды домбырашылардан құралған оркестор қарсы алды. Технология мұғалімінің жетекшілігімен мектеп оқушылары тіккен ұлттық киімдермен модельдер дефилеге шықты.Ұлттық ойындар ойнап, шеберлік сыныбында киізден өрнек жасауға мүмкіндік болды.Ашылу салтанаты әсерлі өтті. Кішкентай балалар патриоттық флешмоб ұйымдастырды.– Ұлы дала құндылықтары – біздің қоғамды біріктіреді. Бұл жарыс қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологияларын ұштастырып отыр. Оқушылар үшін танымдық және қызықты, - дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім. – Қарағанды қаласының мектептерінде техникалық шығармашылыққа құмар оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордаларында робототехника кабинеттері бар. Үнемі жабдықтар жаңартылып отырады. Болашақ инженерлерге арналған көптеген үйірмелер, STEAM зертханалары қосымша білім беру деңгейінде жұмыс істейді.Чемпионаттың алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді, - деп атап өтті жарыстың басты ұйымдастырушысы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің оқытушысы Әділбек Бердіходжаев.Авторлық ережелер алдын-ала жазылып, арнайы ойын алаңдары жасалды.– "Көкпар" санаты үшін электронды табло жасалды. Мұнда нағыз ойын атмосферасы сезіледі. Яғни онлайн режимінде барлық қатысушылар мен жанкүйерлер жарысқа куә бола алады. "Ханталапай" жаңа санаты: робот әртүрлі жерлерде шашыраңқы асықтарды жинауы керек. Тапсырма оңай емес-объектінің қай жерде екенін есептеуі тиіс. Қажетті сызықты жоғалтпау да маңызды, – деді Әділбек Бердіходжаев.Сонымен қатар Әділбек Бердіходжаев ұлттық нақыштағы робототехника чемпионаты екінші мәрте ұйымдастырылғанын атап өтті. Болашақта дәстүрлі түрде, республикалық тіпті халықаралық деңгейде өткізгісі келетінін жасырмады. Бірақ бұл үшін осы бағытты қолдайтын меценаттардың, демеушілердің көмегі қажет.9-дан 16 жасқа дейінгі оқушылар роботтарды жинау және бағдарламалау дағдыларын көрсетті. Бұл сайыс талапкерлерге ұлттық ойындар әлемімен танысуға көмектесті.– Мен робототехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. Көкпар ойыны туралы жақсы мәлімет алдым. Бірақ мұнда бірінші барлық ерекшеліктерді түсініп алу керек. Алдымен Робот шабандозды жылдам жинап, содан кейін оны смартфондағы Bluetooth арқылы сауатты басқара алуың қажет, – деп бөлісті № 33 мектеп – бөбекжай кешенінің 6- сынып оқушысы Ярослав Землянский.Жеңімпаздар кубок және медальдармен марапатталды. Тағы бір сыйлық-Аlihanrobotics онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігі. "Ұлы дала ойындары" абсолютті чемпионы атағын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның командасы жеңіп алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876659
Қарағандылық команда Балапан Әбеновті еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнирде жеңіске жетті 16.11.2024
Қарағандыда белгілі заңгер, Балапан Әбеновті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Бірінші орынды қарағандылық "Қыран" командасы иеленді.Балапан Әбеновті еске алу турнирі облыс орталығында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл жарысқа 12 команда қатысты.– Жарыс деңгейі жыл сайын артып келеді. Бұл жолы Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарының футболшылары қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дене шынықтыру және спорт басқармасынан кубоктар, медальдар және грамоталармен марапатталды. Сондай-ақ Балапан Әбеновтің туған туыстарының демеушілігімен ақшалай сертификаттар алды. Келесі жылы бұл турнир республикалық деңгейге шығады, – дейді жарыстың бас төрешісі Балғабай Нұрланов.Жарыс қорытындысы бойынша Қарағандыдан келген "Қыран" командасы алтын медальды қанжығалады. Күміс жүлде Абай ауданынан келген футболшылар иеленді. Үшінші орынды қарағандылық "Скаут" командасы жеңіп алды.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/876623
44 оқушы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасында Ақмола облысының намысын қорғайды 16.11.2024
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңі 2024 жылғы 29 қазан-2 қараша аралығында Көкшетау қаласының Сәкен Жүнісов атындағы № 18 мектеп – лицей базасында өтті.Олимпиаданың мақсаты: Қазақстан Республикасының ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы.Олимпиадаға соңғы екі оқу жылында ауыл мектептерінде оқыған 370 оқушы қатысты. Олимпиада 13 жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша: математика, физика, химия, биология, информатика және география. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша: қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі.Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде ұсынылды.Олимпиада аясында оқушылар Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Емтихан» спектаклін тамашалады.Іс-шараның қорытындысы бойынша 134 ақмолалық оқушылар жеңімпаздар, жүлдегерлер және грамота иегерлері атанды: І орын – 25, ІІ орын – 31, ІІІ орын – 64, грамота 14.Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндері бойынша олимпиаданы өткізу қорытындысы бойынша барлығы 37 жүлдегер: І орын – 6, ІІ орын – 12, ІІІ орын – 20, грамота – 8.Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндері бойынша олимпиаданы өткізу қорытындысы бойынша барлығы 82 жүлдегер: І орын – 19, ІІ орын – 19, ІІІ орын – 44, грамота – 6.Жеңімпаздар ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасында Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/876728
Шортанды ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады 16.11.2024
Шортанды ауданында 150 орынға шақталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан дене шынықтыру мен спортты дамытудағы маңызды қадам болмақ.Кешен заманауи спорт залдарын және әртүрлі спорт түрлеріне арналған алаңдарды қамтиды. Бұл нысанда дене шынықтыру және спортпен шұғылдану барлық жастағы тұрғындарға қол жетімді болады, бұл аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.«Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізілуде, бетон бағаналарын құю және отандық өндірістің үш қазандығы бар блоктық-модульдік қазандықты орнату жұмыстары аяқталды. Қабырғалық және төбелік сэндвич панельдеріне арналған материал әкелінді. Жоспар бойынша құрылыс 2025 жылы аяқталады», - деді Шортанды ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Мерей Серікбол.Айта кету керек, Ақмола облысында спорттық ғимараттар желісін кеңейту мақсатында осы жылы Есіл және Қосшы қалаларында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Целиноград және Бурабай аудандарында 2 спорт кешені пайдалануға берілді.Степногорск қаласында тез салынатын спорт кешені мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда. 7 нысанның құрылысы жүргізілуде: Щучинск қаласындағы Спорт сарайы, облыстың 6 ауданында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені.Сондай-ақ, Көкшетау қаласында көпфункционалды кешеннің, Зеренді ауылында спорт залы бар спорт мектебінің құрылысы басталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/876736
Ақкөл ауданында денсаулық сақтау нысандары салынуда 16.11.2024
Қына және Урюпинка ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер, ал Новорыбинка ауылында 3,7 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін жаңа дәрігерлік амбулатория пайда болады. Бұған дейін медициналық қызметтер 1960-70 жылдары салынған ғимараттарда көрсетілген.«Медициналық мекемелерді құрудың басты мақсаты – ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету, сонымен қатар профилактикалық тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау және дер кезінде медициналық көмек көрсету, асқынулардың алдын алу. Заманауи талаптарға сай салынып жабдықталған амбулаториялар күніне 40 адамды қабылдай алатын болады», - дейді аудан әкімінің орынбасары Саят Кенжетай.Сонымен қатар, Новорыбинка ауылдық округінің тұрғындары қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған жаңа жедел жәрдем көлігін алады.Айта кетсек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Ақмола облысында медициналық объектілерді салу бойынша 38 жоба іске асырылуда, оның ішінде 14 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт бар. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/876745
Sustainable Industrial Processing Summit (SIPS2024) қатысу қорытындысы бойынша, Греция 16.11.2024
Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының (ҚР МШКҚӨ ҰО) ғалымдары құрамында бас ғылыми хатшы, профессор Светлана Ефремова, Астаналық филиалының директоры, профессор Баймахан Сәтбаев және Астаналық филиалы директорының орынбасары, Қарағанды индустриялық университетінің PhD студенті Нұрғали Шалабаев SIPS2024 «Ғылым және технология арқылы тұрақтылық» (Sustainable Industrial Processing Summit) саммитіне қатысты. 2003 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін іс-шара биыл Грецияда, Критте де өтті. Ұйымдастырылудың бірегейлігі Саммит жердің әр түкпірінен келген ғалымдар мен мамандарды біріктіреді. Оған Нобель сыйлығының лауреаттарынан бастап, ғылым мен өндірістің әртүрлі салаларындағы жас қайраткерлер де қатысады. Алайда, барлық қатысушылар бір тізбекпен тізбектелген – өз елінің және жалпы алғанда Планетаның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге үлес қосуы.Саммиттің негізгі идеясы үш құрамдас бөліктің біркелкі тұрақты дамуына қол жеткізу: экология, әлеуметтік және экономика. Бұны тек үш тандемнің өзара әрекеттесуі арқылы ғана жүзеге асыруға болады: ғылым мен бизнес, мемлекеттік басқару және басшылық, білім беру және азаматтық қоғам.Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Минералды шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының қызметі SIPS әңгімесіне толық жауап береді. Сондықтан болар әр жылдары өткен саммиттің әр түрлі деңгейдегі ұйымдастыру комитеті құрамына ҚР МШКҚӨ ҰО-тың Бас директор, академик Әбдірәсіл Жәрменов бастаған төрт қызметкерінің енгізілуі заңды.Қазақстандық ғалымдар отқа төзімді заттар өндірісі туралы айтты. Органикалық-минералды қайталама шикізат негізінде жоғары температуралы материалдарды алудың әзірленген технологиясы: металлургия және агроөнеркәсіптік кешен қалдықтарын кәдеге жарату арқылы қоршаған ортаны қорғау, жоғары сұранысқа ие материалдар өндірісінің арқасында экономикалық өсу және бюджетке салық аударымдары есебінен елдің әлеуметтік дамуына ықпал етеді. Он жылдық қызмет кезеңінде «ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК-ның Астаналық филиалының ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру барысында 7 млрд. теңгеден асатын сомаға 15 мың тоннадан астам отқа төзімді заттар өндіріліп, Қазақстанның металлургиялық кәсіпорындарына жеткізілді. Бұл ретте бюджет салық ретінде шамамен 1 млрд. теңге алды. Қазақстандық отқа төзімділік – орнықты дамуды қамтамасыз ету процесіне елеулі үлес қосары сөзсіз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/876615
ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «TURKISTAN SKY AUTO FEST – 2024» ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ 16.11.2024
Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында «TURKISTAN Sky auto fest – 2024» іс-шарасы басталды. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара аясында автокөліктер көрмесі, әуе шарларын ұшыру, қолөнершілердің шеберлік сағаттары, гасторномиялық шоу, концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, қолөнершілер көрмесін аралады.Авто фест – бірегей автокөліктер көрмесінде 200-ге жуық ретро және тюнингтелген автокөліктердің эксклюзивті модельдері қойылды. Қонақтар әртүрлі дәуірлер мен стильдердегі машиналарды тамашалап, автошоулар мен байқауларға қатысты. Автокөліктердің ерекше дизайндары, аудиожүйесі мен тюнинг жұмыстарына арналған байқау өтті. Көрермендердің дауыс беруі арқылы ең үздігі анықталып, мараратталды.Сонымен қатар фестивальде әуе шарларының шоуы, параплан және дельтаплан көмегімен әсерлі түтіндер шоуы ұйымдастырылды. Жаппай аспанға көтерілген шарлар қонақтарға ерекше сезім қалдырғаны анық. Әуе шарын тек тамашалап қоймай, ұшу мүмкіндігі де қарастырылды.Қоленершілер керамика, ағаш және былғарыдан ұлттық бұйымдар жасау, кілем тоқу, қыш құмыралар дайындау бойынша интерактивті сабақтар өтті.Тағамдар көрмесінде жергілікті дәмханалар мен мейрамханалар өздерінің тағамдарын ұсынып, аспаздар тамақ пісіруден мастер-класс көрсетті.Аниматорлар, акробаттар мен от шоуы туристік шараны әсерлендіре түсті. Келушілер түрлі ойындарға, викториналарға қатысып, уақытты қызықты өткізді.Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Концертті танымал DJ Shami, DJ Macarella және хэдлайнер Adil жандандырды. Фестиваль екі күнге жоспарланған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876548
ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА АУДАННЫҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ДҮРКІРЕГЕН ТОЙ ӨТТІ 16.11.2024
Бүгін Темірланда Ордабасы ауданының 60 жылдығы тойланды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, аудан әкімі Азат Оралбаев, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен депуттар, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.Алдымен құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары аудан тұрғындарына ыстық лебізін жеткізді.– Татулықты ту еткен, қазақ халқының бірлік символына айналған аудан халқын осы мерейлі сәтпен құттықтаймын! Дегенмен, Ордабасының тарихы 60 жыл емес, көне замандарға, жүзжылдықтарға жетелейтінін бәріміз білеміз. Бұл өңір жұртшылығы жомарттығымен, салт-дәстүрге беріктігімен ерекшеленеді. Тарихтан белгілі, қазақ-жоңғар шайқасы кезінде көш бастаған ерлер мен билер Ордабасы тауында бас қосып, ел бірлігін бекемдеген. Жауға қарсы күш біріктіріп, жеңіске жол ашқан. Қазіргі таңда, Ордабасы ауданы барлық бағытта дамудың жаңа белесіне көтерілген, облыс экономикасына өзіндік үлесі мол өңір ретінде өркендеп келеді. Ендеше, ордабасылықтарды мерекемен құттықтаймын! Тектілер туған өлкеміз өркендеп, мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары.Дүбірлі той барысында айтулы белесті жетістікпен бағындыруға еңбек сіңірген азаматтарға мерекелік медаль табысталды.«Алтын күзден» бастау алған іс-шара ауылшаруашылық өнімдері мен техникалары, қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық-мәдени орталықтар келушілерге құшақ ашты. Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев қазақ рухының қағбасына теңеген қасиетті өңірді мерейлі мерекесімен құттықтауға ауданнан қанаттанып ұшқан ардақты азаматтар да ағылды.Тарих тереңінен сыр шерткен сахналық қойылым Ордабасы жерінің бар қасиеті мен киесін паш етті. Күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қалмады. Эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мерекенің шырайын ашып, Ордабасы жұртшылығына керемет көңіл-күй сыйлады. Ордабасылықтардың дүркіреткен бұл тойы мерекелік от шашумен аяқталды.Айта кетейік, Ордабасы ауданы әкімшілік аумақ ретінде Бөген атауымен 1964 жылғы 3 наурызда құрылған. 1988 жылы Бөген ауданы Арыс ауданының қарамағына кірген. Содан соң 1989 жылы Арыс қаласынан енші алып шығып, дербес аудан атанды. Ал 1993 жылы ауданға Ордабасы атауы қайтарылды. Сол жылы қасиетті тауда Тәуелсіздікті, ел бірлігін ұлықтаған ұлы жиын өтті. 1997 жылы Ордабасы тауының биік тұсына 30 метрлік зәулім монумент орнатылды. Ол ескерткіште ұлы хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен тұтас қазақ халқының арманы мен мақсаты бейнеленген.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876551
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҚЫЗДАР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ 16.11.2024
Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен Ислам Пірназаровтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында 2008-2009 жылы туылған қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.Жарыстың салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, Ислам Тұрдыбайұлының туыстары мен шәкірттері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ислам Пірназаровты еске алу болып табылатын облыстық байрақты бәсекеге Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласынан келген 20 командада 300-ге жуық спортшы қатысып, бақтарын сынасты.Пірназаров Ислам Тұрдыбайұлы 1959 жылы дүниеге келген. 1984 жылдан бастап Жылы су ауылдық округіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып өмірінің соңына дейін еңбек еткен. Ұстаздық ете жүріп оқушы қыздар арасында волейбол командасын құрып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған.Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған турнир алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр екен.Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға Қазығұрт ауданының командасы, жүлделі ІІІ орынға Мақтаарал ауданының құрама командасы табан тіресе, ІІ орын Жетісай ауданының бұрымдыларынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал жүлделі І орын Түркістан қаласының әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды.Одан бөлек, жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар – Ажар Жұмағұлова «Үздік қорғаушы», Айзере Хамидулла «Үздік шабуылшы», Ұлжалғас Қожақай «Үздік доп ұзатушы», Назима Каримова «Үздік ойыншы» номинацияларына ие болса, Алена Романова мен Жахонгир Мадалиев «Үздік жаттықтырушы», Батырхан Әбдіәшім мен Бақдәулет Саттар «Үздік төреші» атанды.Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876554
ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА «КӨШЕТ ЕГУ КҮНІ» АЯСЫНДА ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ 16.11.2024
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Көшет егу күні» тақырыбында жалпыаудандық сенбілік өтті. Көгалдандыру шарасына аудан әкімі Арман Сәбитов, ардагерлер, аудандық мәслихаттың төрағасы және «Аманат» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы, ауданға қарасты мемлекеттік және бюджеттік мекеме басшылары мен мамандары, білім беру ұйымдары белсенді түрде қатысты.«Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі»-нен алынған 12900 түп көшет аудан орталығындағы «Мәртөбе» алаңына және барлық ауылдық округ аумағындағы мектеп аулаларына отырғызылды.Абаттандыру шарасы аясында аудан әкімі тиісті сала басшыларына жасыл желекті суғару жүйесінің тұрақты жұмыс жасап тұруын қадағалауды тапсырды.Бұдан бөлек, «Көшет егу күнінде» білім саласы қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қураған ағаш бұталары мен жапырақтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.Сенбілік барысында аудан әкімі Абылайхан даңғылының жағдайымен танысып, инфрақұрылымдық сапасын бақылады.Қоршаған ортаны көгалдандырумен қатар, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға да зор үлес қосатын бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876556
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 8 МЫҢ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ 16.11.2024
Жетісай ауданын да ауқымды сенбілік өтті. Аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес қала, кент, ауылдық округтерде 2 мың адамның қатысуымен санитарлық тазалық пен жол бойындағы ағаштарды әктеп, бұтау, көшет отырғызу сынды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес Жетісай ауданы бойынша 28,15 га жерге биыл 23 730 дана ағаш отырғызу жоспарланса, келесі жылы тағы 25 мыңға жуық түрлі декоративті ағаштарды көшеттерін егу жоспарланып отыр. Бүгін аталмыш көшеттердің 8 мың данасы егілді. Елді мекен ішілік жолдардың бойлары тазартылып, жасыл желеңге айналдыру мақсатында отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары тұрғындарға түсіндіріліп, мамандар табиғатты аялауға шақырды.Айта кетейік, аталмыш көшеттерге жергілікті қазынадан қаржы қаралмаған. Демеушілер мен аудан аумағындағы көшет-бақ саябақтарынан алынып отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876559
ТҮРКІСТАН: 49 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ҚАРАША АЙЫНАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕ БАСТАЙДЫ 16.11.2024
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2024 жылы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысан салу жоспарланған. Бүгінде 48 нысанның құрылысы жүргізілсе, 1 нысан жеке инвестиция есебінен пайдалануға берілді. Осы жұмыстарды пысықтау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған жауапты басқармалар және мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңір басшылығына атқарылған жұмыстар мен қазіргі таңдағы жағдайы баяндалды.— Ұлттық жоба негізінде ауылдардың ішінде ең қажетті аумақтарды белгілеген едік. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен республикалық және облыстық бюджеттен қаржылар толық бөлініп, игерілді. Мұндай ауқымды құрылыс бұған дейін болмаған. Қатаң ескертемін. Құрылыс сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуға тиіс. Мен айтқан кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырамын. Ауыл халқы бұл нысандарды күтуде. ФАП-тарды биыл қараша және желтоқсан айларында қолданысқа тапсырамыз. Кезең-кезеңімен ашылады. Ел игілігі үшін бар-күш жігерді арнауымыз қажет. Халық бізге сенім артып отыр, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.Айта кетейік, осы жылы 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынуда. Жалпы 49 денсаулық нысан инжинерлік желілермен қамтамасыз етіледі. Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасын табады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876562
«TURKISTAR» БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ 16.11.2024
Бүгін облыс орталығында Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер тарапынан ұйымдастырылған үйірмелер арасындағы «TurkiSTAR» балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық өнер фестивалі өтті.Бұған дейін, ән, би және аспапта ойнау жанрлары бойынша өткен байқау бүгін актерлік шеберлік, көркем сөз оқу және қылқалам, қолөнер шеберлері мен киім дизайны жанрлары бойынша жалғасын тапты. Аталмыш жанр бойынша 125-тен астам үміткер өз бақтарын сынады. Жүзден жүйрік деп танылған таланттар жүлделі орынды қанжығаларына байлады.Қазылар алқасының шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша жүлделі l орын Ордабасы ауданынан қатысқан Тоғай Бақбергенге бұйырды. Ал актерлік шеберлік бойынша Түркістан қаласы, «АКА» шығармашылық орталығы үздік деп танылып, жүлделі I орынды иеленді. Қылқалам, қолөнер шеберлері мен киім дизайны жанрлары бойынша Мақтаарал ауданынан Естөре Рауан, Келес ауданынан Жолдасбек Айтжан және Қазығұрт ауданынан Дайырбек Асылайым жүлделі I орынды иеленді. Бұдан бөлек жоғары деңгейде өнерін көрсеткен бүлдіршіндерге II, III орындар және арнайы жүлделер табысталды.Айта кетейік, байқаудың мақсаты дарынды балаларға қолдау көрсетуге, өскелең өрендеріміздің шеберлігін шыңдап, өнерге ынталандыруға бағытталған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876564
ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ АУРУХАНАДА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ 16.11.2024
Түркістан өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданаралық көпбейінді аудандық аурухана құру бастамасы іске асырылуда. Солардың бірі – Сайрам аудандық орталық ауруханасы. Қазіргі таңда аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау және орындалу барысымен танысу мақсатында аурухананы аралады.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аурухана басшысы Ерғали Әлімбаев, мердігер мекеме «КазЕвроСтрой» ЖШС, авторлық қадағалаушы «МПК-Проект» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Тұран Құрылыс-1» ЖШС-нің өкілдері қатысып, жөндеудің қазіргі жағдайын баяндады. Таяуда ғана басталған нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі.– Аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Қарқынды бәсеңдетпеңіздер. Жұмысшылар санын көбейтіңіздер. Ауылдағы жұмыссыз азаматтарды тартқандарыңыз абзал. Материалдық-техникалық базасын күшейту қажет. Ешбір кедергі жоқ. Қаржы қаралған. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Халықтың сенімін ақтауға шақырамын! – деді облыс әкімінің орынбасары.Айта кетейік, Сайрам аудандық орталық ауруханасы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. 430 төсек орындық тәуліктік стационар жұмыс атқарады. Аурухана құрамындағы аудандық емхана, алғашқы медициналық санитарлық көмек орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік тіректері, медициналық тіректер науқастарға қызмет көрсетеді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876566
ТҮРКІСТАН: ТӨРЕХАН САБЫРХАН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ! 16.11.2024
Черногория Республикасы, Будва қаласында 21 қазан мен 3 қараша күндері бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық бокс бәсекесіне 73 мемлекеттен 598 спортшы қатысып, шаршы алаң төрінде тартысты жекпе-жектер өткізді.Ұлттық құрама сапында түркістандық 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 қола медаль қанжығалады.Осындай аламанда жүлде салған Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері қатарында 67 келіде қолғап түйістірген талантты боксшы Төрехан Сабырхан ринг төрінде атой салып, барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медальді мойынында жарқыратты. Ал қыздар арасындағы жекпе-жекте үш бірдей жерлесіміз қола медаль иегері атанды. Атап айтсақ, 52 келіде Бағжан Отынбай, 63 келіде Аружан Жаңабаева және Шұғыла Нәлібайлар қола медальді қанағат етті.Әлем чемпионатының жеңімпазы Сабырхан Төрехан мен қола жүлдегерлер – Бағжан Отынбай, Шұғыла Нәлібай Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері болса, Аружан Жаңабаева «Түркістан» кәсіби бокс клубының шәкірті.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876568
ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСУДА 16.11.2024
Бүгін Түркістан облыстық әкімдігінде Ордабасы және Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар туралы ұсынуларды қарау бойынша мәжіліс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, құқық қорғау органдары мен жауапты басқарма басшылығы, аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары, білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.Алдымен Түркістан облысы прокуратурасының Ордабасы аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мәселелер қаралды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ерарыс Жолбарыс сөз алып, орын алған заңбұзушылықтарды ортаға салды. Ал Облыстық білім басқармасының жалпы бөлімінің басшысы Әлжан Сапарбеков бақылаудан күшейтіліп жатқанын жеткізді.Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев заңбұзушылықтарға ықпал еткен себептерді анықтап, аталған жағдайларды жою жөнiндегi ұсыныстарды жіті зерделеп қарау керектігін айтты.Жиынның екінші бөлігінде Түркістан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бұлан Рақымжанов, аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Мұрат Өтегенов бірқатар мәселені ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.– Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде қарқынды жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осындай оқиғалардың кездесетіні өкінішті. Жаңа жүйеге көшкенімізбен кейбір аудандарда деректер тіркеліп отыр. Сондықтан әрбіріңіз өз ұжымыңызда жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдап отыруларыңыз қажет. Әрбір қызметкеріңіз үшін сіздер де жауаптысыздар, тиісті қадағалау, тексеру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.Мәжіліс соңында онлайн қатысқан аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар пысықталды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/876527
ҚХА-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОЛЫМЕН» ХАЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ – ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 16.11.2024
28 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім жолымен» халық экспедициясы» жобасы бойынша Астана-Қонаев-Түркістан бағытында пресс-тур басталған болатын.Жоба аясында Түркістан өңіріне іссапармен келген экспедиция делегаттарымен бірқатар іс-шаралар өтті.Жоба мақсаты – Қазақстан этностары өкілдерінің достығы мен татулығын, келісімін дәріптеу, ҚХА 30 жылдығына орайластырылған тақырыптық имидждік бейнероликтер түсіру. Блогерлер мен экспедицияның басқа да қатысушыларын этномәдени мұраның байлығымен, түрлі этностардың салт-дәстүрлерімен таныстыру. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының этникалық тегіне қарамастан Қазақстанның барлық азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуіне бағытталған жобаларын ақпараттық сүйемелдейді.Бірінші бағыт бойынша экспедиция мүшелерінің құрамында БАҚ-тың жетекші өкілдері – белгілі тележүргізушілер Надежда Палинка, Аделия Тухбатова, блогерлер – Алина Кан, Расул Серіков, Әділет Доқтырбек, қазақ тілінің жанашырлары Анастасия Нұғұманова, Анеля Пимичева, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері Рустам Қайрыев, Адам Бойсаев бар.Пресс-тур аясында экспедиция мүшелері Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйімен» танысты. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ-сі ұжымымен және облыстық этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесті. Кездесуде өңірде этносаралық келісімді нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Бұдан соң экспедиция мүшелері этнос өкілдері арасында ұйымдастырылған «Кім білгір?» интеллектуалды ойынын көріп, «Татулық – табылмас бақыт» пікірталас алаңында сұхбат құрды.Пресс-турға қатысушылар бүгін «Достық үйінде» түрік, ұйғыр, шешен-ингуш, татар-башқұрт этностарының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі іс-шарасына қатысты. Сондай-ақ жоба аясында рухани шаһарда ұлттық киім үлгілерінің таныстырылымы мен ұлттық қолөнер және тағамдар бойынша мастер-класс өтеді.Айта кетсек, пресс-турға қатысушылар Астана-Павлодар-Өскемен бағыты бойынша сапарын жалғастырады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/875556
ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ САРАЛАНДЫ 16.11.2024
Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Келелі басқосуға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты.Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.– Түркістан облысы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бүгінгі форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.Республика бойынша Түркістан облысы туристер үшін маңызды TOP туристік әлеуетке ие. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар ескерткіштер бойынша бірінші орында, емдік-сауықтыру туризмі нысандарының саны бойынша бірінші орында тұр. Республика бойынша туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынды алады. Облыста ЮНЕСКО-ның үш бірдей нысаны бар.Туризм саласын дамыту мақсатында өңірге соңғы 5 жылда 800 млн. доллар инвестиция тартылды. Жылдан-жылға жаңа туристік жобаларды іске қосу арқылы шетелдік туристердің санын арттыру көзделіп отыр. Ол үшін, Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын келесі жылы іске қосу жоспарлануда.Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан.Облысқа келетін шетелдік туристер үшін халықаралық әуежайдың ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір уақытта туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша да келіссөздер жүргізілді.Сессияда «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Отырыста спикерлер өңірдің туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/875558
ТҮРКІСТАН: «TITF – 2024» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ 16.11.2024
Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтуде. Маңызды шарада салалық тақырыптар бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Форумға қатысушы ҚХР және еліміздің бизнес сапаршылары мен көшбасшылары өздерін қызықтырған сала бойынша сессияларға қатысып, тәжірибе бөлісті. Өзара пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.«Цифрлық трансформациялар» тақырыбында өткен панельдік сессияда қатысушылар Түркістан облысының цифрлық дамуы туралы өз ойларын ортаға салды. Отырысты «Techno Woman» коммерциялық емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шужеева жүргізіп отырды.Кездесуде алғысөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов форумға қатысушыларға алғысын жеткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Жаңа идеялар мен бастамалар Түркістан қаласын инновациялық дамыған қала ретінде қалыптастыруына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Өңірде цифрландыру саласын дамыту үшін инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.Сессия барысында «Hikvision» компаниясының директорының орынбасары Тимон Ма, «Hikvision» компаниясының «Қауіпсіз қала» бағытының басшысы Құмбасов Алмас, «Intelligent flight technology» компаниясының Басқарма төрайымы Данся Сю, «Hainan business» компаниясының Басқарма төрағасы Цай Тунсин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Құрымбаев,«Astana Hub» компаниясының бас директорының кеңесшісі Данабек Қалиаждаров, Өзбекстан Республикасындағы «School 21» мектебінің бас директоры Зарина Лухманова, «Alaqan technologies» компаниясының басқарушы директоры Аслан Төлегенов өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков өңірде бастау алған «Alaqan» жобасының тиімділігі туралы айтты. Екі елдің бизнес және жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға серпін беретін перспективалы жобаларды талқылады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында цифрландыру және елімізде инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. IT саласындағы білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT елге айналдыру стратегиялық міндетінің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жаңа бастамалар қолға алынған.Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Түркістан қаласында «Тurkіstan IT hub» орталығы ашылды. Бұл – IT саласындағы кәсіпкерлердің, жас мамандардың, инвесторлардың ынтымақтастығы үшін жағдай жасалған ашық алаң. Мұнда стартаптарды дамытуға, идеяларды іске асыруға толық мүмкіндік бар.Бұдан бөлек, Түркістан қаласында кореялық «Вусонг» университетінің филиалы ашылмақ. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады.Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық ІТ компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келіссөздер жүргізген болатын. Келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/875561
Ақмола облысы Жібек Жолы ауылының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді 16.11.2024
Ақмола облысында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңір экономикасын қолдауға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру жөніндегі Жолдауын орындау аясында Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді.Ірі елді мекенді газдандыру осы жылдың соңына дейін 2000-нан астам ауланы газбен жабдықтау жүйесіне қосуға мүмкіндік береді, ал жалпы қамту 6000-ға жуық үй иесін құрайды. Жібек Жолы ауылындағы газ құбырының ұзындығы– шамамен 250 шақырым.Салтанатты іске қосу рәсімі облыс әкімі Марат Ахметжановтың, «QazaqGaz"ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қатысуымен өтті.«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға қойған басты міндет – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Бүгінде ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз еттік.Бұл біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Осы жылы өңірде 125 мың адамды қамти отырып, елді мекендерді газдандыру бойынша 12 жоба іске асырылуда», - деп атап өтті облыс әкімі.«Газға қосылу – бұл тұрғындар үшін тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, елді мекендерді орнықты дамытуға жасалған маңызды қадам. QazaqGaz ұлттық компаниясы үнеміэнергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еліміздің әр өңірінде өмір сүру сапасын арттыруүшін жұмыс істейді», - деп атап өтті Санжар Жаркешов.Алғашқы қосылған абоненттердің бірі Оразовтар отбасы болды.«Бұл біздің отбасымыз үшін өте қуанышты және көптен күткен оқиға. Біздің 5 немереміз бізбен бірге тұрады және біз олардың өмірін жайлы етуге тырысамыз»,– деп атап өтті отағасы Есіркепбай Оразов.Бұдан басқа, Аршалы ауданында азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына газ жабдықтарын қосу және орнату шығындарын өтеу үшін біржолғы әлеуметтік көмек көзделген. Көмек мөлшері нақты шығындарға байланысты 100 АЕК (369 200 теңге) дейінгі соманы құрайды. Аршалы ауданының аумағында тіркелген және тұрақты тұратын тұрғын үй иелері бұл қаражатты ала алады.Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін ауыл әкімдігінде сервистік орталық ашылды, онда тұрғындар газ қосуға, тұрғын үйді рәсімдеуге және әлеуметтік көмек алуға қажетті барлық көмек түрлерін ала алады. Оған қоса мұнда халық саны туралы деректерді өзектендіру және газдандыру шығындарын нақты есептеу үшін тіркеу шаралары жүргізіледі.Айта кетейік, 2022 жылы облыста магистральдік газ құбыры трассасының бойында орналасқан 16 елді мекен газдандырылды. Жобаны іске асыруға 8,9 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта Целиноград ауданын да газдандыру жоспарлануда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/876140