Enbekshi QazaQ

Экономика

Талғар ауданында «Заң және тәртіп» сабағы енгізіледі 29.05.2025
Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында Алматы облысының Талғар ауданындағы бірқатар мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы оқу сабағы енгізіледі.Жобаны жүзеге асыру мәселелері Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте талқыланды.Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деген болатын.Құқықтық сана мен тәртіпке құрметті қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс. Бұл жоба осы маңызды міндетті жүзеге асыруды көздейді.Кеңес жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық білім басқармасының басшылығы мен педагогтар қауымдастығы қатысты. Оның қорытындысы бойынша жобаны Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте пилоттық негізде енгізу туралы шешім қабылданды. Сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 7–10-сыныпта оқитын 7 500-ден астам оқушыны қамтитын болады.Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және Отанға адал қызмет етуге деген саналы көзқарас қалыптастыру.Сабақ барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллингке қарсы күрес, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гуманистік құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.Курсты жүргізетін негізгі тұлғалар – құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған, мол тәжірибесі бар ардагер мамандар. Бас прокуратура қоғам мен мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсете алатын 26 білікті маманнан құралған арнайы оқытушылар тобын дайындады.«Адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеті. Заң – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Заңға құрмет болған жерде әділет, қауіпсіздік және даму болады. Сондықтан жас ұрпаққа құқық пен тәртіпке деген саналы көзқарас қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Жаңа оқу курсы дәл осы құндылықтарды насихаттауға бағытталған», деді  Арман Қырықбаев.Пилоттық кезең өз тиімділігін дәлелдесе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен жүзеге асырылады.Кеңес соңында Арман Қырықбаев жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, жобаның барлық кезеңде сапалы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1005279?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізді.Сұхбат барысында М.Нұртілеу Н.Ермекбаевты ШЫҰ Бас хатшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, Ұйым аясындағы көпсалалы ынтымақтастықты қолдау жөніндегі Қазақстанның тұрақты және белсенді ұстанымын тағы растады.Тараптар Шанхай ұйымының ағымдағы қызметі, сондай-ақ Қытайда өтетін мемлекет басшыларының саммитіне дайындықты қоса алғанда, биыл жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.2024 жылғы 4 шілдеде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ШЫҰ қызметін жетілдіру және Ұйымның тиімділігін арттыру жөніндегі нақты шаралар талқыланды.Өз кезегінде Бас хатшы Ұйымның қызметіндегі Қазақстанның белсенді рөлін атап өтіп, алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары туралы хабардар етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004774?lang=kk
Қостанай облысында орман қорын қорғау және қалпына келтіру мәселелері талқыланды 29.05.2025
Қостанай облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Комитет төрағасы Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев, Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, сондай-ақ ғылыми мекемелердің, табиғат қорғау ұйымдарының және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Басқосудағы басты тақырып – өңірдегі орман қорын қорғау, сақтау және қалпына келтіру жүйесін дамыту, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері болды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде 2022 жылы Әулиекөл ауданында орын алған, шамамен 40 мың гектарды қамтыған ірі орман өрті баршамыз үшін үлкен сабақ болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде орман шаруашылығын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда:•орман шаруашылығы қызметкерлерінің саны 1,5 есеге артып, 1230 адамға жетті (орман орналастыру нормаларына сай);•саланың жылдық қаржыландырылуы 1,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін өсті;•соңғы екі жылда материалдық-техникалық базаны нығайтуға 4,4 млрд теңге бөлінді (бұл республика бойынша жаңартуға кеткен шығынның 43%-ын құрайды);•орман шаруашылығы мекемелері 27 өрт сөндіру көлігімен, 59 трактормен және 39 патрульдік автокөлікпен толықтырылды;•2025 жылы тағы 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын өрт сөндіру кешенін 3,5 млрд теңгеге сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орман өрт сөндіру станцияларының жұмыс кестесі жыл бойы жұмыс істеу тәртібіне ауыстырылды, төтенше жағдайлар қызметтерімен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Қазіргі таңда көшет өсіру, өртенген алқаптарды тазарту және жаңа орман дақылдарын отырғызу жұмыстары жалғасуда. Отырыста бірқатар заңнамалық ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда:•орман қорымен шектесетін ауыл шаруашылығы жерлерінде 20 метрлік қорғаныс жолағын міндетті түрде енгізу үшін Орман және Жер кодекстеріне өзгерістер енгізу;•егістік алқаптарда сабан мен өсімдік қалдықтарын жағуға тыйым салу арқылы орман және дала өрттерінің алдын алу;•шалғай ауылдардағы орманшылықтарда жаңа ғимарат салмай-ақ, жеке тұрғын үйлерді орман өрт сөндіру станцияларына бейімдеу мүмкіндігін қарастыру;•2022 жылғы өрттен кейін айтарлықтай өзгеріске ұшыраған орман қорына байланысты Семио́зер және Басаман орман шаруашылықтарының орман орналастыру материалдарын өзектендіру. Құмар Ақсақалов аталған мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. Көшпелі отырыс барысында орман саласын тұрақты дамыту және өрт қауіпсіздігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірленді. «Біз диалог пен бірлескен жұмысқа ашықпыз. Орман – бұл тек табиғи ресурс емес, бұл – келер ұрпаққа қалатын ортақ мұрамыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1004296?lang=kk
Венада Қазақстанның қарулы қақтығыс аймақтарындағы азаматтарды оңалту және реинтеграциялау тәжірибесі таныстырылды 29.05.2025
Вена, 2025 жылғы 21 мамыр – Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ Комиссиясының (CCPCJ) 34-ші сессиясы аясында қарулы қақтығыс аймақтарынан азаматтарды қайтару, сондай-ақ оларды оңалту және қоғамға реинтеграциялау мәселелеріне арналған іс-шара ұйымдастырылды.Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның қолдауымен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) ұйымдастырған іс-шара Орталық Азия елдерінің азаматтарды қайтару бойынша гуманитарлық операцияларды жүргізудегі, сондай-ақ оралмандарды қолдау мен сүйемелдеудің тиімді бағдарламаларын әзірлеудегі практикалық тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік берді.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко қатысушыларға арнаған алғысөзінде көпжақты ынтымақтастық пен осы саладағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.Қазақстандық «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының өкілі Ернар Маусымбеков оралмандармен жұмыс жасаудың нақты шараларына тоқталып, оралмандар арасында жүргізілген тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерімен де жан-жақты бөлісті.«Жусан» гуманитарлық операциясы кезеңдерінің бірі аясында туған жеріне оралған қазақстандық оралмандардың бірінің жеке тұрғыда қатысып, сөз сөйлеуі іс-шараға ерекшелік берді. Ол қақтығыс аймағында болу, Қазақстанға оралу процесі мен оралмандарды оңалту және әлеуметтік интеграциялау жолында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауы айшықталған өзінің жеке оқиғасымен бөлісті.Іс-шара тақырыбы мен мазмұны қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырып, тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мұндай бастамалардың маңыздылығы жоғары екендігі айрықша аталып өтті.Сонымен қатар Қазақстанның тәжірибесі ЕҚЫҰ-ның Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Елена Купчинамен, сондай-ақ Аустрия Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған дипломатиялық және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер барысында да талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004312?lang=kk
Қазақстан мен Қытай іскерлік байланыстарды нығайтуда: Цзинань қаласында өткен бизнес-форумды Марат Сұлтанғазиев ашты 29.05.2025
Қытайдың Цзинань қаласында Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды алаңына айналған ірі бизнес-форум өтті. Іс-шараны салтанатты түрде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ашты. – "Бүгінгі форум Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы арасындағы серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашады. Біздің өңір "Бір белдеу – бір жол" бастамасын іске асыруда стратегиялық маңызға ие. Біз шетелдік инвесторларға дамыған инфрақұрылым, қолайлы логистикалық жағдай және жан-жақты мемлекеттік қолдау ұсынамыз. Форум тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен бастамаларды табысты іске асыруға тиімді алаң болады деп сенемін", - деді Марат Сұлтанғазиев.Форум аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылыс материалдарынан бастап жаңа материалдар, электр көліктері, косметика және химиялық өнімдерге дейінгі әртүрлі салаларды қамтитын 124 компанияның өкілдері және 300-ден астам қатысушы бас қосты. Іс-шараның ерекшелігі – қатысушылардың деңгейі: олардың қатарында жылдық кірісі 1 миллиард юаньнан асатын оннан астам ірі компания бар.Форумды Шаньдун провинциясының 16 қаласының өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар департаменттері, шағын және орта бизнесті дамыту орталықтары мен жетекші салалық қауымдастықтар ұйымдастырды. Бұл шара Қытай тарапының Қазақстанмен экономикалық байланыстарды нығайтуға деген өсіп келе жатқан қызығушылығын айқын көрсетеді.Облыс әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша елімізде 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бүгінде өңірде қытайлық капиталдың қатысуымен бірқатар ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Облыс аумағында Қытай және бірлескен инвесторлардың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Қытай мен өңір арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде жылына 1 миллиард АҚШ долларынан асады.Цзинань қаласында өткен бизнес-форум Қазақстан мен Қытай арасындағы нақты ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1004348?lang=kk
Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы: стратегиялық әріптестікті нығайту 29.05.2025
Бүгін, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсян мырзамен бауырлас қалалармен ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференция аясында кездесу өткізді.Өз сөзінде өңір басшысы қытайлық тарапқа жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдіріп, Шаньдунды Қытайдың жетекші экономикалық әрі мәдени өңірлерінің бірі ретінде атап өтті. «Біз Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестікті дамытудағы провинцияның рөлін жоғары бағалаймыз», — деді Марат Сұлтанғазиев.Алматы облысы — агроөнеркәсіп, логистика және туризм салалары дамыған оңтүстік-шығыс Қазақстанның экономикалық тірек аймағы. Өңір «Бір белдеу — бір жол» бастамасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Кездесуде екіжақты сауда қарым-қатынасының серпініне айрықша назар аударылды. 2023 жылы Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,082 млрд АҚШ долларын, ал 2024 жылы 1,023 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде қытайлық және бірлескен капиталмен жұмыс істейтін 143 кәсіпорын бар.«Біз Шаньдунды тек экономикалық әріптес ретінде емес, орнықты әрі өзара тиімді дамуды ілгерілетудегі сенімді одақтас ретінде қарастырамыз», — деді өңір басшысы. Ол ынтымақтастықтың негізі сенім, тәжірибе алмасу және ортақ болашаққа ұмтылыс болуға тиіс екенін атап өтті.Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы мен Шаньдун провинциясы арасындағы байланысты нығайтуда бұл кездесудің жаңа кезеңнің бастауы болатынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1004358?lang=kk
«Орталық Азия – Италия» форматындағы алғашқы саммитке ақпараттық сүйемелдеу жасау үшін шетелдік журналистерді аккредиттеу туралы 29.05.2025
2025 жылғы 30 мамырда Астана қаласында «Орталық Азия – Италия» форматындағы алғашқы саммит өтеді.Саммит аясында Орталық Азия мемлекеттері мен Италия Республикасы арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады.Іс-шара өтетін күні БАҚ өкілдері үшін Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 52 мекенжайындағы Тәуелсіздік сарайында баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады.Аккредитациядан өту үшін шетелдік журналистер 2025 жылғы 27 мамырда сағат 12:00-ге дейін тіркеу формасын толтырып, оны mfakzaccreditation@gmail.com электронды поштасына жолдау қажет.Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР СІМ Баспасөз қызметіне хабарласуға болады:– Ерлан Өтегенов, ұялы тел.: +7 (777) 041 8865.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004107?lang=kk
Қазақстан мен Польша инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде 29.05.2025
Варшава, 2025 жылғы 23 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Польша Республикасының ғылыми және бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.Атап айтқанда, Станислав Сташица атындағы Краков тау-металлургия академиясының (AGH) делегациясымен кездесу өтті. Польша тарапы «CompLithium» жобасын таныстырды. Жоба құрамында литий бар қабат суларынан металлды тиімді бөлуді қамтамасыз ететін инновациялық сүзгі технологиясын пайдалануға бағытталған. Тараптар қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеулер жүргізу және технология сәтті сынақтан өткен жағдайда оны коммерцияландыру мүмкіндігін талқылады.Сондай-ақ азық-түлік және балық шаруашылығы салаларында жұмыс істейтін Польша кәсіпорындарының жетекшілерімен келіссөздер өтті.«Polryb sp. z o.o.» компаниясының президенті Лукаш Парфиановичпен келіссөздер барысында балық шаруашылығы саласындағы қазақ-поляк ынтымақтастығының келешегі талқыланды. Польша тарапы форель өсірудің бірегей технологиясын беру және балық шаруашылығы саласындағы мамандарды оқыту бойынша қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді.«Мощиброди ет комбинаты» компаниясының президенті Кшиштоф Борковски Қазақстанда күркетауық өсіру және қайта өңдеу саласында қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Кездесу барысында Польша құс шаруашылығы өнімдерінің Қазақстан нарығына шығуына кедергі келтіретін бірқатар мәселелер қаралды.Польша тамақ өнеркәсібі саласындағы ғылыми-техникалық қауымдастығының Бас кеңесінің төрағасы Марек Мажец Қазақстанның азық-түлік өнімдерін Еуропалық Одақ, соның ішінде Польша нарығына шығару үшін сертификаттау саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенін, сондай-ақ жасанды интеллектке негізделген заманауи шешімдерді енгізуге мүдделі екенін атап өтті.«Trans Rach» компаниясының бас директоры Марта Лагодамен логистика саласындағы мәселелер, соның ішінде «Орта дәліз» инфрақұрылымын дамыту және жүктерді жеткізу уақытын қысқарту үшін электрондық кезек жүйесін құру мәселелері талқыланды.Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петр Гузовскиймен кездесу барысында Польша инвесторларының Қазақстандағы жобаларын іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелер, соның ішінде кадрларды даярлау мәселелері қаралды. Сондай-ақ алдағы инвестициялар үшін жағдайды жақсарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайту маңыздылығы айтылды.Кездесулер қорытындысы бойынша екі ел үшін басым салаларда бірлескен ғылыми және инвестициялық бастамаларды дамыту мақсатында диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1003974?lang=kk
Алматы облысының әкімі Шанхай қаласындағы YTO Express штаб-пәтеріне барды 29.05.2025
Қытайға жасаған ресми сапары аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың ең ірі логистикалық компанияларының бірі – YTO Express Co. штаб-пәтеріне барды. Сапар барысында компанияның негізін қалаушы әрі Директорлар кеңесінің төрағасы Ю Вэйцзяомен кездесу өтті.YTO Express – Қытайдың экспресс жеткізу нарығындағы «үлкен бестікке» кіретін көшбасшы компаниялардың бірі және халықаралық логистикалық желіні белсенді түрде дамытып келеді. Компания әуе, теңіз және құрлық арқылы тасымалдау қызметін көрсетіп, зияткерлік сұрыптау орталықтарын басқарады және логистика саласына арналған IT-шешімдер ұсынады. Бүгінде YTO әлем бойынша 5 100-ден астам филиалға, 133 логистикалық хабқа және 80 000 терминалға иелік етеді.Әкім осындай жаһандық операторлармен әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтті, әсіресе Алматы облысын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында көлік-логистикалық хаб ретінде дамыту тұрғысынан. Бүгінде Алматы облысы YTO компаниясының жаһандық логистикалық стратегиясындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Бұл қатарда Дубай, Сидней және Лос-Анджелес сияқты ірі қалалар да бар.Тараптар YTO компаниясының Алматы облысындағы қатысуын кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және инновациялық логистикалық шешімдерді дамыту мәселелерін талқылады.Сапар өңірге жоғары технологиялық инвестицияларды тарту мен экономикалық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003823?lang=kk
Алматы облысынан барған делегация фотоэлектрлік компоненттерді өндіру бойынша жетекші компаниялардың бірі — Astronergy кәсіпорнына барды. 29.05.2025
Қытайға жасалған іскерлік сапар аясында Алматы облысынан барған делегация фотоэлектрлік компоненттерді әзірлеу және өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Astronergy компаниясының өндірістік қуаттарын аралады.Сапардың мақсаты — күн энергетикасы саласындағы озық технологиялармен танысу және жаңартылатын энергия көздері бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылау болды. Қазақстандық делегация өндіріс үдерісінің жоғары деңгейде автоматтандырылуын, өнім сапасын бақылаудағы инновациялық тәсілдерді және кәсіпорын ауқымын жоғары бағалады.Astronergy компаниясы жоғары тиімділікке ие күн панельдерін өндіруге маманданған және «жасыл» технологиялар саласындағы жаңа шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Өндірістік желілер бойынша экскурсия барысында Алматы облысының өкілдеріне өндіріс технологиялары, өнімді сынақтан өткізу кезеңдері және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі туралы жан-жақты ақпарат берілді.Сапар қорытындысы бойынша тараптар болашақта ынтымақтастықты жалғастыруға, соның ішінде Қазақстан аумағында технологияларды жергіліктендіру және жаңартылатын энергетиканы дамыту саласындағы тәжірибе алмасу бағытында өзара қызығушылық білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003824?lang=kk
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ханчжоу қаласында қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді 29.05.2025
Алматы облысы делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың жетекші компанияларының өкілдерімен кездесті. Бұл кездесу халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды кезеңіне айналды.Кездесуге Zhuhai Shixi Technology Co., Ltd, Wanjia Hotel Group Co., Ltd, және AT Partner Company сияқты жоғары технологиялар мен туризм саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытқан ірі компаниялардың өкілдері қатысты.Келіссөздер барысында Алматы облысының табиғи жауһары саналатын Көлсай аймағында аспалы жолдар салу жобасына ерекше назар аударылды. Кездесу нәтижесінде инфрақұрылымды дамыту және экологиялық туризм салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.Мұнай-газ секторына инвестиция тарту мәселесі бойынша негізгі әріптес ретінде Jinxiang Investment Group компаниясы танылып, оны директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Сян Мяо таныстырды. Сондай-ақ кездесуге қазақстандық «Слава Мұнай» ЖШС өкілдері де қатысты.Энергетика саласы да маңызды тақырыптардың бірі болды. Жасыл энергетиканы дамыту перспективалары Ronghao Energy (басшысы Эрик Гао) және Zhongtai Group компанияларының қатысуымен талқыланды.Кездесу аясында зияткерлік жүйелер, технологиялар және өнеркәсіптік автоматтандыру салаларында ұсыныстармен алмасу өтті. Іс-шараға Jiangsu Slenline Intelligent Systems, Leng Dengke, Gaosong және Helong Explosion компанияларының өкілдері қатысты. Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ерекше қызығушылық білдірген компаниялардың бірі – Қытайда жаңғақ пен снек өнімдерінің ірі дистрибьюторы болып саналатын Three Squirrels Co., Ltd. Компания атынан Пан Даовэй (Pan Daowei) сөз сөйледі.Алматы облысы шетелдік инвестициялар үшін ашық екенін және  шетелдік серіктестерге қолайлы жағдайлар, әрі тиімді рәсімдер және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003825?lang=kk
Қазақстанның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ комиссиясының отырысына қатысуы туралы 29.05.2025
Вена, 2025 жылғы 19-23 мамыр – Қазақстан делегациясы Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ Комиссиясының 34-ші сессиясының жұмысына белсенді қатысты.Сессияның жалпы пікірталастарында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстанның қылмыспен және терроризммен күрес жөніндегі халықаралық келісімдерге, оның ішінде БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына және оларға қатысты хаттамаларға, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық 19 халықаралық-құқықтық құжатқа берік ұстанымын ерекше атап өтті.Сөз барысында «Жусан» және «Руссафа» операциялары аясында қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды – әйелдер мен балаларды қосқанда, жалпы саны 754 адамды – репатриациялау және реинтеграциялау бойынша Қазақстанның табысты тәжірибесіне ерекше назар аударылды.Сондай-ақ Станислав Василенко ұлттық пенитенциарлық жүйені реформалау туралы айта келе, Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) белсенді қолдауымен Қазақстанның түрме жүйесі соңғы он жылда халықаралық стандарттарға сай дәйекті түрде жетілдіріле түскенін атап өтті.Сонымен қатар Комиссия жұмысы аясында қазақстандық делегация БҰҰ ЕҚБ Терроризмге қарсы күрес департаментінің басшысы Роберто Арбитриомен кездесіп, онда түрлі бағдарламалар, соның ішінде қылмыстық сот төрелігі жүйесін оңалту және жетілдіру және киберқылмыс жобалары бойынша одан әрі өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004303?lang=kk
Қазақстанның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі ДЗМҰ Бас директорына сенім грамоталарын тапсырды 29.05.2025
Женева, 2025 жылғы 22 мамыр – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Дарен Тангқа өзінің сенім грамоталарын тапсырды.Кездесу барысында Қ. Төребаев Қазақстанның ДЗМҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілігін білдіріп, елдің зияткерлік меншік саласындағы белсенді қатысуын, соның ішінде білім беру бастамалары мен әлеуетті арттыру бағдарламаларын ерекше атап өтті.Сондай-ақ Тараптар ДЗМҰ Бас директорының Астана қаласына жоспарланған ресми сапарын талқылады. Сұхбаттастар бұл сапар стратегиялық серіктестікті, әсіресе кадр даярлау және зияткерлік меншік саласындағы арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналады деп сенім білдірді.Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және инновацияны, білім беруді және орнықты дамуды қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды дамытуға өзара ниетті екендерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1003768?lang=kk
Алматы облысында оқушылардың 92 пайызы жазғы демалыспен қамтылады 29.05.2025
Алматы облысында 17 917 түлек үшін қоңырау соңғы рет соғылады. Олар үлкен өмірге қанат қағуға бір табан жақын тұр. Үкілеген үмітті арқалағандардың 1433-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үмітті. Ал, 1513 оқушы «Үздік аттестат» иегері атануға құлық танытуда. 11 жылдық тәлім мен тәрбие, білім мен білік , бағы мен бабы қатар сыналар тұста алыс емес. Түлектер жылдағыдай ҰБТ тапсырады. Биыл 14 123 бала тестілеуден өтеді. Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Тетенқызы биылғы 2024-2025 оқу жылы жемісті болғанын алға тартуда. Оның айтуынша, оқушылар 17 халықаралық, 150-ге жуық республикалық білім бәйгелерінің тұғырынан көрінген. Сонымен қатар, Республика бойынша 25 оқушы 1 орын, 30 оқушы 2 орын, 75 оқушы 3 орыннан көрінген. Бірер күнде барлық білім ұяларында соңғы қоңырау соғылады. Алайда, білім саласындағы жұмыстар аяқталмақ емес. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да білім саласының бір бағыты. Спикер, жазғы демалыс кезеңінде 30 лагерь жұмыс жасайтынын айтты. Облыс оқушыларының 92%-ы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту жоспарлануда. «Жекелеген санаттағы 2017 оқушысы мен тәрбиеленушілердің жазғы демалысын ұйымдастыруға 282,3 млн. теңге бөлінді»,-деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева. Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қорынан 165,6 млн. теңгеге, барлығы 1400 жолдама беріледі. Балалар «Тау-Жанашар» «Альтаир» «Облыстық балалар сауықтыру лагері» сынды орындарда жазғы демалыстарын тиімді өткізетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003467?lang=kk
Алматы облысында аграрлық секторды дамыту мәселелері талқыланды 29.05.2025
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Алматы облысындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, өңірдің диқандарымен кездесті. Сапар аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды.Министрдің сапары Жамбыл ауданындағы «Олжас» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан басталды. 2013 жылы құрылған шаруашылықтың жалпы жер көлемі – 2600 гектар, оның 1500 гектары суармалы алқаптар. Алайда су тапшылығына байланысты қазір тек 600 гектар жер өңделуде. Мұнда бидай, арпа, жүгері және 60 гектар жерге егілген жоңышқа өсіріледі. Қожалық барлық қажетті техникамен жабдықталған, 20 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард теңгені құрайды.— Бізде су жетіспейді. Су болмаса, егіс көлемін ұлғайту мен өнімділікті арттыру мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары министрлігі бұл мәселені бірлесіп шешеді деп үміттенеміз, — деді шаруашылық басшысы Хамза Бабалықов.Министр көктемгі дала жұмыстарының елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен болашақ өнім көлеміне тікелей әсер ететінін атап өтті. 2025 жылы Қазақстанда егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жетпек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Алматы облысында 436,8 мың гектар жерге егін егу жоспарланып отыр.Егісті әртараптандыру жалғасуда: майлы дақылдарға 3,3 млн гектар, мал азығы дақылдарына тағы 3,3 млн гектар бөлінеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 127 мың гектарға көп.Мемлекеттік қолдау көлемі де артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен несиелеу көлемі 2025 жылы рекордтық 700 млрд теңгеге жетеді. Бүгінгі таңда 491,5 млрд теңгеге 7 мыңнан астам өтінім қабылданып, 440 млрд теңгеге өтінімдер қаржыландырылған. Алматы облысынан 12,6 млрд теңге көлемінде 302 өтінім түскен, оның 174-і мақұлданған. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бойынша тек 2,9 млрд теңгеге 142 өтінім берілген, бұл салада ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.Облыстағы ауыл шаруашылығы техникасының 60%-дан астамы тозған. Өткен жылы жаңа техника сатып алуға 120 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 200 млрд теңгеге дейін өседі. «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар жылдық 6% мөлшерлемемен 10 жылға техника алу мүмкіндігіне ие.Жаңа өзгерістердің бірі – көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арналған тікелей жеңілдетілген несиелеу тетігінің енді мал шаруашылығына да қолданылуы. Алғашқы кезеңде ірі және ұсақ мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын қолдауға 50 млрд теңге бөлінеді.Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев және Алатау қалаларынан келген аграршылармен өткен кездесуде қаржыландыру, ресурспен қамтамасыз ету, «Кең дала 2» бағдарламасының жүзеге асуы сияқты мәселелер талқыланды. Шаруалар бұл бағдарламаның оңтүстік өңір ерекшеліктерін ескермейтінін айтты. Мысалы, бір гектар картопқа 495 мың теңге бөлінсе, тұқымының өзі 750 мың теңгеге дейін жетеді.«Атамекен» ҰКП АӨК департаментінің директоры Нұрлан Нұрбеков бағдарламаның ескіргенін және өңір жағдайына бейімдеу қажет екенін атап өтті. Министр Айдарбек Сапаров жауапты құрылымдарға бір ай ішінде бағдарламаның параметрлерін қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды.Қаржы құралдары және микронесиелеу департаменті директорының орынбасары Олжас Тлебалдин гектарға берілетін орташа несие көлемін арттыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылы өңірдегі өңделетін жер көлемі 424 мың гектарға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артқан. Көктемгі егіс жұмыстары барлық аудандарда аяқталған, тек Кеген мен Райымбек аудандарында ауа райының әсерінен шамамен екі апта кеш басталған.Министрдің жұмыс сапары ауыл шаруашылығын тиімді дамыту тек мемлекет пен шаруалардың тығыз ынтымақтастығы негізінде мүмкін екенін көрсетті. Осындай кездесулер жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді тыңдап, аграршылардың қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдауға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003482?lang=kk
Алматы облысының кәсіпорындары Бейжіңдегі халықаралық көрмеде өз өнімдерін таныстырды 29.05.2025
2025 жылғы 21 мамырда Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында халықаралық көрме өтті. Көрме аясында Алматы облысының кәсіпорындары қазақстандық өнімдердің кең ассортиментін ұсынды. Іс-шара өңірдің экспорттық әлеуетін ілгерілетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және отандық брендтерді Қытай нарығында танымал етуге бағытталған.            Өңір атынан 12 кәсіпорын қатысып, 150-ден астам өнім түрін – азық-түліктен бастап, биоқоспалар, ұн, құрама жем және шарапқа дейін – ұсынды. Таныстырылған өнімдердің жалпы көлемі 250 келіден астам және 1000-нан аса қаптама бірлігін құрады.            Алматы облысынан көрмеге қатысушылар:«Даулет-Бекет» ЖШС – түйе сүтінен жасалған құрғақ өнімдер;«Сары-Бұлақ компаниясы» ЖШС – тауық жұмыртқасы мен құс еті;«NEO MILK» ЖШС – бие, ешкі және түйе сүтінен жасалған биоқоспалар;«GALANZ Bottlers» ЖШС – шай негізіндегі сусындар, алкогольсіз сусындар және квас (300-ден астам бөтелке);«Цесна» ЖШС – ұн және макарон өнімдері; «АзияАгроФуд» АҚ (AAFD) – ұн, құрама жем, дәнді дақылдар, патока, глютен, кебек және таныстырылым материалдары;«Алматинский продукт» ЖШС – кондитерлік өнімдер (93 қаптама, 17 кг);«Arba Wine» ЖШС – ақ, қызыл, газдалған және раушан түсті шараптардың 18 үлгісі;«Gold Product» ЖШС – 14 бөтелке шарап және бренди;«Байсерке Агро» ЖШС – компанияның қызметі мен ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша таныстырылым.            Көрме қытайлық дистрибьюторлар, сауда желілері және HoReCa секторы өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Табиғи әрі сапалы отандық өнімдер келушілердің жоғары бағасына ие болды.            «Халықаралық көрмелерге қатысу – біз үшін жаңа серіктестер табуға, өнімге деген сұранысты тексеруге және сыртқы нарықтағы орнымызды нығайтуға үлкен мүмкіндік. Қытай нарығы өзінің ауқымы мен экологиялық таза өнімге деген жоғары сұранысымен ерекше маңызды», – деді көрме қатысушысы, «NEO MILK» ЖШС директоры Аманбаев Болат Бейсенғалиұлы.            «Біз бейтарап (шикізаттық емес) экспортты дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларымызға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мұндай іс-шараларға қатысу – өнім жеткізу географиясын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар өңірдің сапалы аграрлық және қайта өңдеу өнімдері орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.            Алматы облысының кәсіпорындарының Пекин қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысуы айтарлықтай нәтижелер берді: қазақстандық өнімдердің кең ассортименті қытайлық аудиторияға таныстырылып, тікелей байланыстар орнатылды, дистрибьюторлармен, сауда желілері мен HoReCa секторының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді, нақты ынтымақтастық ұсыныстары алынды. Көрме табиғи және экологиялық таза өнімдерге жоғары сұраныстың бар екенін көрсетіп, өңірдің сапалы аграрлық және өңдеу өнімдерін жеткізуші ретінде имиджін нығайтты, сонымен қатар Алматы облысының экспорттық мүмкіндіктерін Қытай нарығында кеңейтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1003215?lang=kk
Қазақстан мен Дания ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлауда 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 23 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Дания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі (резиденциясы Мәскеуде орналасқан) Йеспер Вармен кездесті.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілету мәселелерін талқылады.Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы, энергетика, «жасыл» технологиялар, көлік және логистика сияқты салалардағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.Р.Василенко дат компанияларын Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.Анықтама: 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Дания арасындағы тауар айналымы 161 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 34,9 млн, импорт – 126,1 млн). 2005 жылдан бастап Даниядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 300 млн доллардан асты. Қазақстанда дат капиталының қатысуымен 30 кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың қатарында «Carlsberg Group», «Maersk Oil» және «Novo Nordisk» сияқты компаниялар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1003053?lang=kk
Жасыл болашақ: Қостанай облысында 14 миллионнан астам көшет отырғызылды 29.05.2025
Қостанай облысында көктемгі орман отырғызу науқаны сәтті аяқталды. Ауқымды жұмыстар Қазақстан Республикасы Президентінің экологиялық жағдайды жақсарту және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Биыл 2 мың гектардан астам аумаққа 14,4 миллион қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Аймақты көгалдандыру 592 адам, 100 трактор және 75 орман отырғызу техникасының үйлесімді жұмысының нәтижесі болды.Орман отырғызу жұмыстары 2021–2027 жылдарға арналған орманды молайту және орман өсірудің кешенді жоспары аясында жыл сайын өткізіледі. Көктем мезгілі мұндай жұмыстар үшін ең қолайлы уақыт болып саналады — жылы ауа райы мен топырақ ылғалы көшеттердің жақсы тамырлануына септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, биылғы маусымның ауа райы ерекше қолайлы болды, бұл жоғары тіршілік ету көрсеткішіне үміт береді.Көктемгі кезеңнің маңызды оқиғасына айналған «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» экологиялық акциясына орман шаруашылығы қызметкерлері, еріктілер, мектеп оқушылары мен кәсіпорын өкілдері қатысты. Қатысушылардың бірлескен еңбегімен мыңдаған ағаштар отырғызылып, әрбір көшет өңірдің экологиялық таза болашағына қосылған үлеске айналды.«Орманды қалпына келтіру — тек мамандардың ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының ортақ ісі. Әрбір отырғызылған көшет — экологияны жақсартуға, табиғи тепе-теңдікті сақтауға және келешек ұрпақтың қамын ойлауға қосқан үлес», — деп атап өтті облыстық табиғи ресурстар басқармасында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002809?lang=kk
1 ГВт жел энергиясы: Қостанай облысында ең ірі ЖЭК-жобасы салынып жатыр 29.05.2025
Қостанай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы орнықты дамыту және «жасыл» трансформациялау мәселелеріндегі саясаты белсенді жүзеге асырылуда.Өткен аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Күн тәртібінде талқыланған басты мәселелердің бірі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық және экономикалық саясаты аясындағы басымдық ретінде белгілеген стратегиялық бағыт – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту болды.Олжас Бектеновтің айтуынша, Қостанай облысы жаңартылатын энергетика технологияларын тиімді енгізудің үлгісін көрсетіп отыр.2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясы іске қосылды.2023 жылы Арқалық қаласында қуаттылығы 48 МВт болатын тағы бір жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Жоба құны 20,3 млрд теңгені құрады.Ауқымды инвестициялар - өңірдің болашағы 2025-2026 жылдары өңірде ЖЭК саласында жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Тартылған инвестициялар көлемі шамамен 580 млрд теңгені құрайды.Жобалардың ішінде Бейімбет Майлин ауданындағы күн және газ поршенді электр станциялары, сондай-ақ Арқалық және Қостанай ауданындағы жел станциялары бар.Ерекше жоба - қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы, оның аясында 165 жел генераторын салу жоспарланып отыр.Энергетика саласындағы төңкеріс: өндіріс 10 есе өсті   Барлық жобаларды іске асыру Қостанай облысында электр энергиясын өндіру көлемін 10 есеге - қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл аймақтың өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, артық электр энергиясын көрші өңірлер мен елдерге экспорттауды мүмкін етеді.Таза энергия – болашаққа қадамӨңір әкімі Құмар Ақсақалов: «Облыс экономикасын дамыту, инвестиция тарту үшін, ең алдымен, электр энергиясы мен газ бойынша қуаттар қорын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті.ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 2027 жылдың соңына дейін Қостанай облысы баламалы энергияны барынша өндіретін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1002311?lang=kk
Балуан Шолақтың ізбасарлары 29.05.2025
Алматы облысында қазақ күресінен «Алатау арланы» облыстық турнирі аяқталды. Қарасай ауданы «Үшқоңыр» спорт кешенінде аудандық және қалалық сайыстарда топ жарған балуандар күш сынасты. Жарыс жеңімпаздары «Қазақстан барысы» республикалық чемпионатына жолдама алды. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде елімізге белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті. Жарысты ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қазақ күресі отандық спорттың брендіне айналды. Елімізде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Алматы облысының өзінде 2000-нан астам адам қазақ күресімен шұғылдануда. «Казақстан барысы» республикалық турнирі қазақ күресінің әлемдік аренаға шығуына жол ашты. Бұл спорт жастар арасында отаншылдық рухты оятып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті еселей түседі», – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жеребе арқылы балуандар кім мықтыны анықтау үшін бозкілемде белдесті. «Жарысқа аудандық және қалалық сайыстардан үздік шыққан, 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары 32 балуан бақ сынауға келді. Олардың арасында 9 балуан ҚР спорт шебері және бір халықаралық спорт шебері бар. Биылғы бәсекеге қатысушылардың арасында жастардың көп болғаны қуантады. Турнир жеңімпазына «Алтын белбеу» мен 2 000 000 теңге, екінші орынға – 1 000 000 тенге, ал үшінші орынға 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады», - деді турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов.Жарыс қорытындысы бойынша, үшінші орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген балуан Нұрғали Жолтаевқа бұйырды. Екінші орынды Балқаш ауданының балуаны Әлімжан Жұмахметов иеленді. Ілелік Жігер Сәкенұлы қарсылас шақ келтірмей «Алатау арланы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды. «Күреспен мектепте оқып жүргенде айналыстым. Спорт менің серігіме айналды. Қызметіме де көп пайдасын тигізіп келеді. Қазір жасым 34-те. Осы жылдар ішінде көптеген жетістікке жеттім. Қазақ күресі, самбо және дзюдодан спорт шеберімін. Республикалық жарыстардың жеңімпазы атандым. Самбодан Азия чемпионатында топ жардым. Өткен жылы дайындығым дұрыс болмай, жақсы нәтиже көрсете алмадым. Ал биыл облыстық полиция департаменті жарысқа тыңғылықты дайындалуыма жағдай жасады. Соның арқасында жеңіс тұғырынан көріндім. Ендігі кезекте «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындықты бастаймын». – деді Жігер Сәкенұлы. Облыстық турнир жеңімпазына «Алтын белбеумен» қатар ақшалай сыйлық табысталды. Күміс және қола жүлдегер атанғандар да ақшалай сыйлыққа ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1002326?lang=kk