Португалиялық парламентарийлер Қазақстанмен байланыстарды нығайтуға ниетті

Португалиялық парламентарийлер Қазақстанмен байланыстарды нығайтуға ниетті

07.05.2026 19:45:31 311

Лиссабон, 2026 жылғы 6 мамыр - Португалияның Республика Ассамблеясында (Португалияның бірпалаталы Парламенті) Қазақстан Елшісі Жан Ғалиевтің «Португалия - Қазақстан» достық тобының Төрайымы Фелисидаде Виталмен және парламенттік топ мүшелерімен жұмыс кездесуі өтті.

Әңгімелесу барысында дипломат португалдық депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық реформалардың барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Жаңа саяси үлгіге көшуді және бірпалаталы Парламент - Құрылтай құру арқылы биліктің заң шығарушы тармағының рөлін күшейтуді бекіткен жалпыұлттық референдумның қорытындыларына ерекше назар аударылды.

Дипломатиялық миссия басшысы Астана мен Лиссабон арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті. «Қазақстан Португалияны Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде қарастырады. Біз ашық сұхбатымызды жоғары бағалаймыз және екіжақты ынтымақтастықты жаңа практикалық мазмұнмен толтыруға ұмтыламыз», - деді ол.

Күн тәртібінің маңызды тармағы биылғы тамызда жоспарланған Құрылтай сайлауы болды. Елдің заң шығарушы органының жаңа құрамын қалыптастыру адам құқықтарын қорғауға және жүйені демократияландыруға бағытталған конституциялық реформаның логикалық аяқталуы болатыны атап өтілді.

Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарының кең ауқымын мұқият талқылап, практикалық өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Соның ішінде цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу саласында тараптар жоғары технологиялық экожүйелерді дамытуды талқылады. «Португалияның силикон алқабы» саналатын Taguspark сияқты португалиялық ғылыми-технологиялық парктердің жұмыс істеу тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірілді. Қазақстан ғылым, бизнес және озық технологиялардың синергиясы үшін ұқсас үлгілерді енгізуді көздейді.

Ауыл шаруашылығы, агроиндустрия және балық шаруашылығы саласында Португалияның орасан зор тәжірибесін ескере отырып, екі ел өңірлерінің әлеуетін пайдалана отырып, бірлескен өндірістік кәсіпорындар құруды қоса алғанда, кооперация мүмкіндіктері қаралды. Бұл орталықсыздандырылған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттерге сай келеді.

Су қорларын басқару және экология бөлігінде Елші Қазақстанның Португалияның тәжірибесі мен технологияларын пайдалануға мүдделі екенін атап өтті. Águas de Portugal холдингінің су циклін тиімді әрі ұтымды басқару, гидроресурстарды өңдеуге инновацияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу және су шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу жөніндегі қызметіне ерекше назар аударылды.

Инвестицияларды тарту және сауданы кеңейту мәселелеріне тоқтала отырып, сұхбаттасушылар прагматикалық тұрғыда бірлескен индустриялық жобаларды іске асыру мен логистикалық бағыттарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Ф. Витал мен Достық тобының мүшелері Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерге қолдау білдірді, сондай-ақ сайлау кезеңі аяқталған соң және жаңа қазақстандық Парламентте ұқсас достық тобы құрылғаннан кейін Астанаға жұмыс сапармен келуге дайын екендіктерін растады. Бұл, тараптардың пікірі бойынша, сенімге негізделген екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді.

Суреттер: Республикасы Ассемблеясынан

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-lisbon/press/news/details/1215942?lang=kk