Enbekshi QazaQ

Экономика

Қостанай облысы автокөлік жасау саласына инвестиция тартуда 25.02.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd және Hua An International Investment Management LLP қытайлық компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңірде автомобиль өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған дөңгелек дискілерін өндіру мүмкіндігі талқыланды.Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd – Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Еуропа және АҚШ елдеріне алюминий дөңгелек дискілері мен автоқосалқы бөлшектерін экспорттайтын жетекші өндірушілердің бірі. Қазіргі таңда инвесторлар Қазақстанды өндірісті кеңейту үшін әлеуетті аймақ ретінде қарастыруда.Қостанай облысында жаңа кәсіпорынның ашылуы Қазақстандағы автомобиль жасау саласындағы «жергілікті қамту» үлесін арттыруға ықпал етеді. Бұл қадам отандық автопромның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа өндірістік қуаттардың дамуына серпін береді. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылуы мүмкін, бұл өз кезегінде өңірдің автомобиль жасау орталығы ретіндегі позициясын нығайтады.Қостанай облысы автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуының арқасында әлемдік автоқұрауыш өндірушілерінің назарын аударуда. Өңірде жаңа өндірістер үшін қолайлы жағдай жасалған, және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/945702
Үкімет резервінен шаруаларды қолдауға 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді 25.02.2025
Үкімет резервінен отандық шаруаларды қолдау үшін 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Құжат 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында қаулыға сәйкес Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған. Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/945329
www.gov.kz 25.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/948899
Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері: Қазақстан мен Нигерия инвестициялар мен технологияларды талқылады 25.02.2025
Абуджа, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Нигерия Федеративті Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Өнеркәсіп, сауда және инвестициялар министрлігі, Мұнай министрлігі және басқа да ведомстволардың басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесулер Қазақстан делегациясының ресми сапары аясында өтіп, екі ел арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.Нигерия Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Дунома Умар Ахмедпен өткен кездесуде халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты нығайту, БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да көпжақты форматтар аясында диалогты жандандыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар тараптар экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасында тікелей өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.Қазақстан СІМ басшысының орынбасары Нигериямен байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылғы қаңтарда Абу-Дабиде екі ел президенттерінің кездесуі ынтымақтастықтың жоғары қарқынын белгілеп, серіктестіктің перспективалық бағыттарын айқындағанын атап өтті. «Сауда байланыстарын нығайту үшін Қазақстан мен Нигерияның бизнес салалары арасында байланыс орнатуды, өзара сауда миссияларын ұйымдастыруды және екіжақты саудаға қатысты мәселелерді бірлесіп шешуді ұсынамыз. Бұл байланыстардың дамуы жаңа іскерлік серіктестік мүмкіндіктерін ашады және екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды күшейтеді», – деді Ә.Қуантыров.Нигерияның Мұнай министрі Хайнекен Локпобиримен кездесу барысында мұнай барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан мен Нигерия қазақстандық мұнайды Нигерияның мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық білдірді. Өз тарапынан Нигерияның мұнай ресурстары министрі ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып, әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі мәртебесіне қарамастан Нигерия ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру және мұнай өнімдерінің экспортын ұлғайту үшін шикізаттың қосымша көлеміне мұқтаж болып отырғанын атап өтті.Сапар аясында Нигерияның Газ министрі Экперикпе Экпомен де кездесу өтті. Келіссөздер барысында табиғи газ жеткізу, газ өңдеу технологиялары және қазақстандық компаниялардың Нигерияның газ инфрақұрылымын дамытуға қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Нигерия тарапы экологиялық таза технологияларға көшу, көміртегі шығарындыларын азайту және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүдделі екенін атап өтті.Нигерияның Өнеркәсіп, сауда және инвестициялар министрлігінің Тұрақты хатшысы Нура Абба Римимен өткен кездесуде тау-кен саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды барлау және өңдеу саласындағы ынтымақтастық қарастырылды. Қазақстан тарапы шикізатты өңдеудің инновациялық технологияларын бірлесіп қолдануға және өндірістік қуаттарды бірлесіп құруға қызығушылық білдірді.Қазақстан Нигерияға экспортқа 300-ден астам тауар атауын ұсынды, сондай-ақ Нигериядан какао-бұршақтарын тікелей импорттау мәселесін қарастырды. Екі ел арасындағы тауар тасымалына арналған ықтимал үш сауда дәлізі қарастырылып, ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.Қазақстандық делегация Нигерияның «NEXIM Nigeria» банкі басшылығымен кездесті. Банк елдегі ең ірі экспорттық және импорттық операцияларды қаржыландырады. Келіссөздер нәтижесінде «NEXIM Nigeria» мен Қазақстанның Экспорттық-несиелік агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/945204
Қазақстандағы авиациялық туризм: Ұйғыр ауданындағы жаңа ұшу орталығы 25.02.2025
Қазақстандағы авиациялық туризм жаңа деңгейге көтерілуде. 2009 жылы құрылған Авиациялық туризм федерациясы шағын авиацияны дамытып, көкте қалықтауды армандайтындардың барлығына мүмкіндіктер ашуда. Енді ұйым Шонжы ауылында ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр – жеңіл моторлы ұшақтарға арналған аэродром, ангарлар, жанармай бекеті және қажетті инфрақұрылымы бар заманауи авиациялық алаң құрылмақ. Жоба Ұйғыр ауданы әкімдігінің қолдауына ие болып, әкімдік жер телімін бөлу мен құжаттарды рәсімдеуге көмектесуде.Ал федерация өз кезегінде жобаға атсалысқысы келетін қатысушыларды тартып, авиациялық туризмнің жаңа орталығын құруға күш салуда. Болашақ авиациялық орталықтың орны кездейсоқ таңдалмаған. Шонжы ерекше табиғи жағдайларымен ерекшеленеді: кең ашық кеңістік, ұшып-қонуға қолайлы жер бедері, ауа райының қолайлылығы, яғни желдің әлсіздігі, бұл өз кезегінде ұшулардың қауіпсіздігін арттырады. Сондай-ақ әуеден қарағанда ғажайып табиғи көріністер ашылып, сирек кездесетін флора мен фаунаны, Қызыл кітапқа енген жануарларды көруге мүмкіндік бар.Бұл аймақ авиациялық саяхат әуесқойлары үшін ең тартымды орындардың біріне айналуы мүмкін. Федерация тек аэродром салумен шектелмейді – мұнда авиациялық туризмнің үш бағыты бірден дамытылады: әуе шарлары, парапланеризм және мотодельтапландар. Басты бағыттардың бірі – әуе шарларымен ұшу. Федерацияның тең құрылтайшысы Мирослав Малыхин 2011 жылдан бері әуеде қалықтаумен айналысып келеді. Ол алғашында парапланмен ұшып, Шымбұлақта туристік ұшулар ұйымдастырып, Алматы мен Өзбекстандағы фестивальдерге қатысқан. Уақыт өте келе Қазақстанда әуе шарларын дамыту қажеттігін түсініп, федерациямен бірге бұған ең қолайлы орынды іздеуге кірісті. Оған Каппадокия тәрізді ұзақ уақыт желсіз болатын аймақ қажет болды. Ұзақ іздеуден кейін федерация екі тау арасындағы ерекше жерді тапты, мұнда жылдың көп бөлігінде ауа-райы тұрақты, жел жоқтың қасы. 2025 жылдың қараша айынан бастап бұл жерде аэрологиялық зерттеулер мен сынақтық ұшулар жүргізілуде. Қазіргі таңда ұшулар тек арқанға байланған күйде жүзеге асуда, бірақ барлық ресми рұқсаттар алынған соң, әуе шарлары 1 шақырым және одан да жоғары биіктікке еркін көтерілетін болады. Екінші бағыт – парапланеризм.Шонжы маңында табиғи биіктіктер болмағанымен, федерация бұл мәселені шешудің жолын тапты – парапландарды жоғары көтеру үшін арнайы лебедка орнатылады. Үшінші бағыт – мотодельтапландар. Федерация бұл әуе көлігін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қонақтар тек әуеде ұшып қана қоймай, өздерінің әсерлі сәттерін GoPro камерасымен жазып, естелік ретінде сақтай алады. Шонжыдағы аэродром құрылысы авиациялық туризмді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әкімдіктің қолдауымен федерация жер телімін алып, оны абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта жеңіл моторлы ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағын салу, ангарлар мен техникалық қызмет көрсету аймақтарын жабдықтау, сондай-ақ ұшқыштар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым жасау жоспарлануда. Коммерциялық ұшулар басталғаннан кейін барлық табыс жобаны одан әрі дамытуға жұмсалады.Авиациялық туризм федерациясы бұл жобаның Қазақстандағы шағын авиацияны дамытуға серпін беретініне сенімді. Шонжы әуе шытырман оқиғаларының орталығына айналып, адамдарға биіктен әлемді тамашалауға, еркіндікті сезінуге және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді. Енді аспан баршаға ашық - ол бұрынғыдан да жақын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/944498
Қазақстан СІМ басшысы Франция Елшісін қабылдады 25.02.2025
Астана, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Француз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.Сұхбат барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-француз ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.Сұхбаттастар өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Францияға мемлекеттік сапары барысында, сондай-ақ екі мемлекет басшыларының 2024 жылғы желтоқсанда Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен «One Water Summit» саммитіне қатысуы нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.Тараптар индустриялық даму, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларындағы Қазақстан-Франция ынтымақтастығын ілгерілетудегі қол жеткізілген жетістіктерді құптады.Сонымен қатар 2025 жылға жоспарланған өзара сапарлар мен екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырып, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан мен Франция арасындағы ЕО, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу соңында тараптар Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті барлық салаларда одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31%-ға өсіп, 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Францияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі шамамен 20 млрд долларды құрайды. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/944761
Хорватия депутаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуды қолдайды 25.02.2025
Астана, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға сапармен келген Хорватия Саборының (парламент) депутаттарымен кездесті. Делегацияны «Хорватия Демократиялық Одағы» партиясының депутаты Санда Ливия Мадуна басқарды.Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды нығайту, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық ұйымдар шеңберінде, оның ішінде ЕҚЫҰ және Еуропа Кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.Астана мен Загреб арасындағы қарым-қатынастарды тереңдетуге ықпал ететін биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары Қазақстанның Балқан аймағындағы негізгі серіктестерінің бірі – Хорватиямен қатынастарды тереңдетуге қызығушылығын растады. Хорватия депутаттарының сапары парламентаралық байланыстарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті.Өз кезегінде Хорватия Саборының делегациясы сапардың екіжақты қатынастардың әлеуетін жан-жақты зерделеуге тамаша мүмкіндік беретінімен келісіп, Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықты ілгерілетуге қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 282 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 254 млн долл., импорт – 28 млн долл. Қазақстанда хорват капиталымен 18 компания тіркелген, олар құрылыс, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету, кәсіби және ғылыми-техникалық салаларында қызмет атқарады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/944835
Future Spaces халықаралық форумы: қалалық кеңістіктердің болашағына көзқарас 24.02.2025
20 ақпанда қалалық кеңістіктердің болашағына арналған UK Future Spaces халықаралық форумы өтті.Форумға қазақстандық бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі:«Алматы облысы бай мәдени мұрасымен және бірегей табиғи ресурстарымен танымал. Географиялық ерекшеліктері мен Ежелгі Жібек жолы бойындағы орналасуы аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды және туристік жағынан танымал етеді. Облыс аумағында британдық және бірлескен капиталдың қатысуымен 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Аймақтың сыртқы сауда айналымы 3,6 млрд АҚШ долларына жетіп, экспорт 12,1%-ға өсіп, 819,4 млн АҚШ долларын құрады.Алматы облысында 2,5 трлн теңге сомасына 114-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, олардың ішінде девелоперлік жобалар, көлік инфрақұрылымы және тұрақты құрылыс бар. Өңірде бір арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер:• салықтық жеңілдіктер және арнайы экономикалық аймақтар;• мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмдері;• жобаларды қолдау және қаржыландыру бағдарламалары.Жаһандық үрдістер құрылысқа жаңа тәсілдерді талап етеді. 2050 жылға қарай әлем халқының 70%-дан астамы қалаларда тұрады, бұл сәулетшілерге, девелоперлерге және мемлекеттік жоспарлаушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. "Ақылды" қалалар құру, инфрақұрылымды цифрландыру, процестерді автоматтандыру, жасыл сәулетті дамыту, көміртек ізін азайту және жаңартылатын энергия көздерін енгізу маңызды. Бұл бастамалар жаңа Алатау қаласында жүзеге асырылады.Аймақ басшысы форум жаңа идеялар, табысты жобалар және ұзақ мерзімді әріптестік алаңы болатынына сенім білдірді.Форум аясында әкім Ұлыбритания елшісі Кэти Лич бастаған британдық делегациямен, сондай-ақ бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткізді. Олардың қатарында Infrastructure Exports: UK тең төрағасы Стюарт Синиор, Zaha Hadid Architects компаниясының басшысы Патрик Шумахер және Gillespies компаниясының негізін қалаушы Джим Диггл болды.Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич форумға Ұлыбританияның 25-тен астам танымал сәулетшісі қатысып жатқанын атап өтті. Олардың кейбірі қазірдің өзінде Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Британдық сәулетшілер өз жобаларын Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытуда.Аймақ басшысы құрылыс және сәулет саласындағы мамандар үшін форумның маңыздылығын атап өтті. Форумда ұсынылған ақпарат отандық мамандардың көзқарасын кеңейтіп, шығармашылық идеяларды дамыту мен жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, қатысушы компаниялар тек жобалар ұсынып қана қоймай, материалдар мен жиынтықтауыштарды жеткізу, тіпті нысандарды толық іске асыру бойынша да қызмет көрсете алады.Кездесулер барысында Алатау қаласында білім беру орталықтары мен ғылым қалашығын салу, сондай-ақ туризмді дамыту мәселелері талқыланды.Келесі кездесу құрылыс және инфрақұрылым саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар британдық маман Стюарт Синиормен өтті. Ол Gleeds компаниясының тәуелсіз директоры және оның стратегиялық дамуы мен инновацияларына жетекшілік етеді. Келіссөздер барысында екі ел мамандарының қатысуымен жаңа жобалар мен шығармашылық идеяларды бірлесіп жүзеге асыруға арналған жобалық кеңсе құру мәселелері қаралды.Одан кейін Zaha Hadid Architects жетекшісі Патрик Шумахермен кездесу өтті. 500-ден астам кәсіби маман жұмыс істейтін бұл сәулет және дизайн студиясы әлемдік деңгейде танымал. Патрик Шумахер сәулет, урбанистика және дизайн саласындағы ең көрнекті ойшылдардың бірі ретінде танылған. Алматы облысы әкімдігімен өткен келіссөздер барысында жеке капиталды тарта отырып, бастамашыл жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды, бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.Форум аясындағы қорытынды кездесу Gillespies компаниясының басқарушы серіктесі Джим Дигглмен өтті. Ол 30 жылдан астам тәжірибесі бар және Еуропа, Таяу Шығыс, Азия және Африкадағы ірі халықаралық жобаларға қатысқан. Келіссөздер барысында көлденең көгалдандыру және ғимараттарға қойылатын талаптарды жобалау кезеңінде әзірлеу мәселелері талқыланды.Сондай-ақ, Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов Arup компаниясының ғаламдық инфрақұрылым директоры Лорна Болл және Arup Türkiye көлік бизнесінің жетекшісі Эмре Шимшекпен келіссөздер жүргізді. Олардың Ұлыбритания, Дания, Испания, Литва, Грузия, Өзбекстан және Қазақстандағы жобаларда тәжірибесі бар.Кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамыту және өңірде инновациялық сәулет шешімдерін жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.Айта кету керек, UK Future Spaces форумы қалаларды тұрақты дамытуға және Қазақстанға халықаралық инвестицияларды тартуға ықпал ететін озық урбанистикалық және сәулет шешімдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/943809
Қазақстан Елшісі Кипр Президентіне сенім грамоталарын табыстады 24.02.2025
Никосия, 2025 жылғы 21 ақпан – Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Елшісі Николай Жұмақанов Никосиядағы Президент сарайында өткен ресми рәсімде Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидиске сенім грамоталарын табыс етті.Кездесу барысында Кипр Президенті Елшіні жылы қарсы алып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізді және екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Ол Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды серіктес екенін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.Кипр басшысы жақында екі елдің астаналарында елшіліктерді өзара ашу туралы шешімге ерекше назар аударып, бұл қадам дипломатиялық байланыстарды нығайту, саяси диалог пен экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін маңызды элемент болатынын атап өтті. Президент екі мемлекетте де дипломатиялық өкілдіктердің болуы бірлескен жобаларды іске асыру және екіжақты күн тәртібін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынына сенім білдірді.Сұхбат барысында сауда, көлік, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Кипр Президенті өз елінің Қазақстанмен екіжақты форматта ғана емес, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде де белсенді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады.Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Н.Христодулидиске жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, оның дипломатиялық миссиясы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Ол өзара тиімді бастамаларды ілгерілету, инвестициялар тарту және екіжақты диалогты жандандыру үшін бар күшін салатынына сендірді.Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Кипр халықтарының мүддесі үшін ынтымақтастықты жалғастыруға және серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/943708
Бейжіңде ШЫҰ қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды 24.02.2025
Бейжің, 2025 жылғы 18-21 ақпан – Қытай тарапының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР Ұлттық үйлестірушісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев басқарды.Қатысушылар 2024 жылы ШЫҰ Астана саммитінің уағдаластықтарын іске асыру барысын талқылады. Ұйымның қызметін жетілдіру мәселелері бойынша, сондай-ақ Қытайда өтетін мемлекет басшыларының саммитіне дайындықты қоса алғанда, 2025 жылы болатын биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларды мазмұндық толықтыру бойынша жан-жақты пікір алмасу жүргізілді.Шарттық-құқықтық базаны өзектендірудің әртүрлі аспектілеріне ерекше назар аударылды. Ұлттық үйлестірушілер ШЫҰ-ны тиімді және мобильді көпжақты құрылымға айналдыру мақсатында мүше мемлекеттер ұсынған барлық ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауға келісті.«ШЫҰ-ны жаңғырту бойынша талқыланған мәселелері 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыру негізінде жатыр. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін жетілдірудің барлық аспектілері бойынша консенсус тәсілін әзірлеу маңызды», – деп атап өтті Қазақстанның Ұлттық үйлестірушісі.Сонымен бірге тараптар ШЫҰ-ның диалогтық серіктестігі мен Ұйымның халықаралық ынтымақтастығын тереңдету мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/943109
Қазақстанда 13 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді 24.02.2025
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 072 шетел азаматы еңбек етеді.Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 568 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 528 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 787 және 987 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 672 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 530 адам тартылды.Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 710 жұмыс беруші бар. Оларда 383,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,6% - ы.Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 343 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 360 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 338 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 089, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 688 адам.Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 778 адам, Түркия – 1 158 адам, Үндістан – 1 121 адам, Өзбекстан – 623 адам.Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% немесе 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/942870
Қарағанды облысында мыңнан астам объект мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген 24.02.2025
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қарағанды облысында 1080 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. Осылайша, 2023 жылы – картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 777 нысан толықтай бейімделген.2024 жылдың соңына дейін Қарағанды облысы бойынша 691 нысанды бейімдеу жоспарланған, өңірде жоспар артығымен орындалып, 1080 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.Мәселен, өңірдегі 1080 нысан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімді. Олардың ішінде:- денсаулық сақтау нысандары – 129;- білім беру объектілері – 279;- мәдениет нысандары – 191;- сауда және қызмет көрсету объектілері – 124;- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 229;- спорт нысандары – 31;- көлік инфрақұрылымы объектілері – 10;- әлеуметтік қорғау объектілері – 9;- басқалары – 78.«Қарағанды қаласындағы Бұқар Жырау даңғылының бойындағы «Шахтер» стадионынан теміржол вокзалына дейінгі жүргіншілер жолын мысалға келтіргім келеді. Жаңа төсеніштер тегіс төселген, көлбеу бұрыш қауіпсіз жүріп, түсуге ыңғайлы. Осының арқасында мен Нұркен Әбдіров спорт сарайына, Қарағанды қаласының орталық саябағына, Кеншілер мәдениет сарайына, «City Mall» СОО-на және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға емін-еркін бара аламын. Сондай-ақ, көптеген автобустар пандустармен жабдықталған, қоғамдық көліктерде, яғни автобустарда мүгедектігі бар адамдар үшін жол жүру ақысы тегін. Жалпы, Қарағанды қаласында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр деп айта аламын және бұдан әрі тек жағдай жақсара түсетініне сенемін», – деп бөлісті өз ойымен бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат Найман Жақсығорин. Сонымен қатар 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 134 тексеру жүргізді, оның ішінде: 43-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 52-і жоспардан тыс 39-ы прокуратура органдарының талабы бойынша болды.Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 68 ұйғарым берілді, 11,8 млн теңгеден астам сомаға 67 әкімшілік айыппұл салынды.Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/942886
Костанай облысында бөлшек сауда көлемі 2024 жылы 700 млрд теңгеге жуық өсті 22.02.2025
Біздің өңір – экономикалық және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі.2024 жылдың қорытындысы бойынша, Костанай облысында бөлшек сауда көлемі 11,7%-ға өсіп, 691,2 млрд теңгені құрады, ал көтерме сауда 10,4%-ға артып, 1 165,8 млрд теңгеге жетті. Ішкі сауда көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп, 12,0%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгеден асты (2023 жылы – 1,6 трлн теңге).Өңірдің сыртқы сауда айналымы 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Тауар айналымының құрылымында экспорттың үлесі 33,8%, импорттың үлесі 66,2% құрайды. Бұл ретте, облыстың экспорты 1,6 млрд АҚШ долларына, ал импорты 3,1 млрд АҚШ долларына тең болды. Облыста шетелдік қатысуы бар 1 175 кәсіпорын жұмыс істейді.Өңір экономикасы тұрақты өсімді көрсетуде және оның әрі қарай дамуын қамтамасыз ету мақсатында ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Өткен жылы өңірдің өнеркәсіптік секторында жалпы инвестиция көлемі 136 млрд теңге болатын 9 ірі жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтиды.Мысалы, өнеркәсіптік кооперация аясында автокөлік өндірісінде (ЖШС «СарыарқаАвтоПром») Чехияның SKODA, Қытай Халық Республикасының HONGQI, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының «Узавтосаноат» өнеркәсіптік концерндерімен серіктестік орнатылды. Жалпы инвестиция көлемі 38,7 млрд теңгені құрап, зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 мың автомобильді құрайды, сонымен қатар 650 жаңа жұмыс орны ашылды.2025 жылы жалпы инвестиция көлемі 286,8 млрд теңге болатын және 3,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Аталған жобалардың ішіндегі ең ірілері өңір үшін басым саналатын машина жасау және металлургия салаларында жүзеге асырылады.Мәселен, өңірде толық циклді KIA автокөлік өндіру зауытын салу жобасы іске асырылады. Бұл жоба өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етіп, экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Жобаның жалпы инвестициясы 90 млрд теңгені құрап, зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автомобильді құрайды және 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.Автокөлік өндірісі саласындағы тағы бір маңызды жоба – автокомпоненттер өндіретін Локализациялық орталықтың (ЖШС «TEHNOPARK KZ») құрылысы. Бұл жоба негізінен қазақстандық автозауыттарға өнім жеткізуді қамтамасыз етеді, оның ішінде KIA зауытына да. Жоба шағын өнеркәсіп аймақтарын құру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, оның ерекшелігі – алаңда отандық шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірістерін орналастыру. Бұл жоба импортты алмастыру және өндірісті терең локализациялау мақсатында іске қосылуда.Сонымен қатар, биыл металлургия саласында екі ірі жобаны (ЖШС «KamLit KZ») іске қосу жоспарлануда:жетекші белдік редукторларын шығару,жүк көліктеріне арналған белдік арқалықтарын тереңдетілген локализациямен өндіру.Өндірістік қуаты:74 мың редуктор,90 мың белдік арқалық,жалпы инвестиция көлемі – 160,5 млрд теңге,650 жаңа жұмыс орны ашылады.Бұл жобалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, шығарылатын өнім түрлерінің кеңеюіне ықпал етеді.Сонымен қатар, алдағы жылдары өңірде үш перспективті жоба жүзеге асырылмақ. Олар – металды терең өңдеу және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған.Атап айтқанда:Ыстық брикеттелген темір өндіру зауытының (АҚ «ССГПО») құрылысы – өндірістік қуаты 4 млн тонна, жобаның құны – 920 млрд теңге, 1,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады.Болат құю зауытының (ЖШС «CASPIAN STEEL QZ») құрылысы – өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна, жоба құны – 308 млрд теңге, 600 жұмыс орны құрылады.Бұл жобалар шикізатты өндіруден бастап, оны өңдеу және дайын өнімді шығару бойынша толық технологиялық циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді.Өндіріс көлемінің артуы мен жаңа өнім түрлерінің шығуы логистикалық инфрақұрылымның дамуын қажет етеді. Осыған байланысты, Қостанай қаласында жалпы құны 37 млрд теңге болатын «құрғақ порт» көлік-логистикалық кешенін салу жоспарланған. Жобаның қуаты – жылына 400 мың контейнер, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Өңірдің тиімді экономикалық-географиялық орналасуын ескере отырып, бұл жоба халықаралық логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді.Жалпы, облыс бойынша жалпы инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеден асатын 45 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 10,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.Қостанай облысы – түрлі экономикалық салаларға инвестиция салуға қолайлы өңір. Өңірдің географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы, бай табиғи ресурстары және қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп секторы инвесторлар үшін тартымды мүмкіндіктер ұсынады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Әбенов А.Т.-ның "Костанайские новости" газетіне берген сұхбатыРедакцияның фотосыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/943128
Қанат Бозымбаев Алатау ауданын дамыту мәселелері бойынша Жобалау кеңсесінің отырысын өткізді және кәсіпкерлермен кездесті 21.02.2025
Бүгінгі таңда Алатауда туризм, логистика, өнеркәсіп, білім беру және бизнес салаларында 11 жоба әзірленуде. Қала аумағында ірі инвестициялық жобалар жоспарланған және оларды орналастыру бойынша алдын ала келісімдер инженерлік құрылыстар мен қорғаныс аймақтарын ескере отырып жасалған. Санитарлық аймақтарға, өндірістік алаңдарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуіне байланысты қаланың аумағын жоспарлауда түзетулер енгізу қарастырылған. Осыған байланысты, Вице-премьер бизнес өкілдерімен, жобалау институттарымен кездесіп, қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды тыңдады.«Жаңа Алатау қаласын салу ыңғайлы, қауіпсіз, технологиялық тұрғыда дамыған және экологиялық таза болуы керек. Алатау заманауи урбанистік орталықтың үлгісі бола алады. Қала құрылысының халықаралық стандарттарға негізделген заманауи болуын қамтамасыз ету қажет. Бір ай ішінде инвесторлармен жасалған келісімдерге сәйкес қала аумағында инвестициялық жобаларды орналастыру мәселелерін қайта қарауды тапсырдым. Барлық профильді министрліктер процесті жеделдетіп, мамыр айына дейін бас жоспарға өзгерістер енгізсін», - деді Қанат Бозымбаев.Одан кейін Алатауда Жоба кеңсесінің отырысы өтті, оған ұлттық экономика, әділет, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және инфрақұрылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері қатысты. Қатысушылар EPC шарттары мен құрылысты салуға кететін қаржыландыру құралдарын қолдану механизмдерін енгізу жұмыстары туралы есеп берді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, Алматы зообағын Алатау аумағына көшіру, сондай-ақ әуе таксиі үшін эксперименттік орта мен алаңды белгілеу мәселелері қарастырылды.Қаланы тартымды етіп жасау және кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында Алатау қаласы мамандары үшін ипотекалық кредит беру лимитін ұлғайту ұсынылды.Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ бірлесіп 35 жасқа дейінгі жастар үшін «Алматы Жастары» жеңілдетілген ипотекалық кредит беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарламаға өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, тағы 500 млн теңге банк тарапынан қаржыландырылды. Бұл 55 отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 38 үміткер өз пәтерлерінің кілттерін алды.Өткен жобалау кеңсесінің қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев мемлекеттік органдарға атқарылатын жұмыстың көлемі туралы ескертіп, министрліктер мен әкімдіктердің лауазымды тұлғаларының тапсырмаларды уақытында орындамауына жеке жауапкершілік жүктейтінін еске салды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/938801
Қазақстан СІМ-де ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөздер өтті 21.02.2025
Астана, 2025 жылғы 20 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқару комитетінің жаңадан тағайындалған директоры Уларбек Шаршеевпен кездесті.Тараптар өңірдегі қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалдың дамуы жөнінде пікір алмасып, 2024 жылғы 4 шілдеде өткен ШЫҰ Астана саммитінің қорытындыларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.А.Рахметуллин ӨТҚҚ-нің терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимылда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін үйлестіру жөніндегі қызметін жоғары бағалады. Қазақстанның Атқару комитетімен практикалық әріптестігінің озық деңгейін атап өтіп, бірлескен жұмысқа, оның ішінде ШЫҰ-ны жетілдіру мәселелеріне қолдау білдірді.Сондай-ақ тараптар өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ӨТҚҚ қызметінің одан әрі даму перспективаларын талқылады.Кездесу соңында А.Рахметуллин У.Шаршеевті тағайындалуымен құттықтап, осы лауазымда табысты жұмыс тіледі.Анықтама: ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті – терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына жәрдемдесу, үйлестіру және өзара іс-қимыл жасауға Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/942454
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде тәуелсіз сарапшылар институты пайда болды 21.02.2025
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға (бұдан әрі – МӘС) сырттай проактивті форматта жіберетін азаматтарды куәландыру жөніндегі тәуелсіз сарапшылар институты енгізілді.Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға тартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ МӘС қызметін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге ықпал етеді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тәуекелдерін азайтады және мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады.Осы институтты тиімді енгізу мақсатында 2024 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптамаға тәуелсіз сарапшыларды тарту тетігі сыналды. Пилоттық жобаға 18 дәрігер қатысып, МӘС-тің 7 532 актісі қаралды.Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізіліміне енгізу үшін үміткерлердің құжаттарын қабылдауда. Өтініштер Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі, бұл ретте үміткерлер дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді.Бұрын хабарланғандай, бүгінде сырттай куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 2025 жылдың басынан бері осы форматта Қазақстанның барлық өңірлерінен МӘС-ке түскен 8,5 мыңнан астам өтінім қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/941907
Астанада сарапшылар әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылады 21.02.2025
Елордада елімізде бірінші рет атап өтілгелі отырған Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні қарсаңында «Әлеуметтік әділеттілік және лайықты еңбек: заманауи сын-тез бен инновациялар» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасын іске асыру барысын, Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек пен ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылының шеңберінде көзделген іс-шараларды кеңінен талқылады.Бұл іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) қолдауымен ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ), мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың, ҚР Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының, Кәсіподақтар федерациясының және т. б. ұйымдар өкілдері қатысты.ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов отырысты аша отырып, Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың, ХЕҰ конвенцияларын ратификациялаудың еңбек саласындағы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілетуге зор ықпалы бар екенін атап өтті.«ХЕҰ болжамдары бойынша әлеуметтік-еңбек саласын, атап айтқанда еңбек нарығын дамытудың мынадай трендтері мен сценарийлері өзектілігін сақтайды: «Жасыл» жұмыс орындары; күтім экономикасы – әлеуметтік жұмыс және арнаулы әлеуметтік қызметтер; «гиг-экономика» – икемді, платформалық жұмыспен қамту; жаһандық жеткізу тізбегі – трансұлттық жаһандық желілер; роботтар дәуірі – өндірісті автоматтандыру қарқынын жеделдету, өнеркәсіптік роботтарға сұраныстың артуы», – деді А.Сарбасов.Оның айтуынша, жасанды интеллектті дамыту және цифрландырудың жаһандық трендтері, оның ішінде әлеуметтік-еңбек саласында да шешуші рөл атқарады.«Осылайша, Министрлік еңбек жағдайларын бағалау процесін цифрландыру үшін инновациялық шешімдер, Бірыңғай оқу-әдістемелік орталықтың онлайн-платформасын, «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматты ақпараттық жүйесін, Кәсіпорындардың цифрлық картасын әзірлеп, енгізеді, сондай-ақ қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы, Әлеуметтік қызметтер порталы және т.б. жүйелер жемісті жұмыс істейді», – деді вице-министр.Бұл ретте Ақмәди Сарбасов қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарамастан, жұмысшы кәсіптер қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті.«Цифрлық технологияларды, кәсіптік дағдыларды және әлеуметтік қолдауды біріктіретін жұмысшы кәсіптер жылын өткізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру жұмысшы кәсіптердің беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.Спикер алдағы жылдарға арналған әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу жоспарларымен бөлісті.«Бірінші міндет – халықты әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы тетігі шеңберінде жоғары өмір сүру деңгейіне, табыстарды әділ бөлуге және азаматтардың теңсіздігін айтарлықтай қысқартуға қол жеткізу.Екінші міндет – «Қарапайым заттар экономикасынан» «Күрделі экономикаға» – күрделі және технологиялық жағынан дамыған тауарлар, қызметтер мен өндірістерді құру үшін өнімді білім алуға және пайдалануға негізделген экономикаға көшуді аяқтау», – деп қорытындылады Ақмәди Сарбасов.Дөңгелек үстелге қатысушылар ХЕҰ-ның «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасының іске асырылу барысын, ҚР-да лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек және ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде көзделген іс-шараларды талқылады.ХЕҰ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының өкілдері өз баяндамаларында әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асырудағы бірқатар негізгі бағыттарға басымдық берді. Сондай-ақ Қазақстан мен ХЕҰ ынтымақтастығының тарихы мен перспективалары, БҰҰ-ның жұмыспен қамту мәселелеріндегі даму бағдарламасының тәжірибесі, еңбекті қорғаудың рөлі және басқа да мәселелер егжей-тегжейлі қаралды.Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін БҰҰ 2007 жылы тағайындаған болатын және жыл сайын әлемдегі әлеуметтік әділеттіліктің қажеттілігіне назар аударудың басты мүмкіндігі ретінде атап өтілетінін айтқан жөн. 2025 жылы әлемдік қауымдастық ХЕҰ-ның 300-ден астам серіктестері қосылған «Жаһандық әлеуметтік әділеттілік коалициясы» бастамасының арқасында бұл күнге ерекше мән береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/942236
Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері 21.02.2025
Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы су алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/941854
Қостанайлық оқушы су тасқыны кезінде көпірлердің бұзылмауын болдырмау үшін «Smart Bridge» инновациялық жобасын әзірледі 21.02.2025
Қостанай ауданының Александров мектебінің 10 сынып оқушысы Виктор Рыжков өзінің мұғалімі Виталий Базаркиннің басшылығымен су тасқыны кезінде су деңгейі күрт көтерілген жағдайда көпірлердің бұзылуын болдырмау үшін «Smart Bridge» инновациялық жобасын әзірледі.Виктордың айтуы бойынша, бұл идея оған 2024 жылғы көктемде өзінің туған Қостанай ауданында және Қазақстанның басқа да өңірлерінде айтарлықтай шығындарға әкеп соққан су тасқыны кезінде туындаған.«Smart Bridge» - судың шекті деңгейіне жауап беретін датчиктер мен Arduino бағдарламаланатын микроконтролер арқылы көпірді көтеретін  автоматтандырылған жүйе болып табылады.«Менің мақсатым — адамдар мен инфрақұрылымның су тасқынына дайын болуына көмектесетін жүйені құру. Жоба бірнеше кезеңнен өтті, көтеру тетігін таңдауда қиындықтарға тап болдық, бірақ идеямызды сәтті жүзеге асыра алдық», деп атап өтті Виктор Рыжков.Жүйенақтыжағдайлардақолдануүшінжоғарыәлеуеттікөрсетіп отыр.БолашақтаВикторкөпірді кезең-кезеңімен көтерумүмкіндігін,сондай-ақ арнайықызметтергехабарламалардыавтоматты түрде жіберуүшінрадио модуль интеграциясынқосу арқылы модельдіжетілдірудіжоспарлап отыр,бұл арнайы қызметтерге жағдайдың өзгеруінежеделжауап беруге мүмкіндік береді деп күтілуде.Жоба қазірдің өзінде «Техническое конструирование в области промышленности» номинациясы бойынша «Первый шаг к великому изобретению» Республикалық инновациялық идеялар байқауында бірінші орынға ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/941270
Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси консультациялардың тоғызыншы раунды туралы 21.02.2025
Астана, 2025 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Мысыр Сыртқы істер министрінің Азия, Тынық мұхит өңірі және Жаңа Зеландия жөніндегі орынбасары Ахмед Шахиннің төрағалығымен Қазақстан-Мысыр саяси консультациялардың тоғызыншы раунды өтті.Консультациялар барысында тараптар Астана мен Каир арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқынын жоғары бағалап, достық пен өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынастардың елеулі әлеуетін атап өтті.Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылып, соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы жоғарылағаны аталды. Бұл тұста сауда көлемін кеңейту, экспорттық-импорттық әлеуеті туралы ақпарат алмасу, өзара инвестициялардың көлемін ынталандыру бойынша алдағы қадамдар талқыланды.«2024 жылы Қазақстан мен Мысыр арасындағы тауар айналымы 70%-ға өсіп, 274 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіштерге қарамастан, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту және нығайту үшін айтарлықтай әлеует бар», – деп қазақ дипломаты атап өтті.Осы тұрғыда екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстарды орнату және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, минералдық ресурстар, фармацевтика, IT-технологиялар және басқа да өзара мүдделі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Сонымен бірге сұхбаттастар осы жылы Астанада өтуі жоспарланған Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының алтыншы бірлескен отырысы шеңберінде ықпалдастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.Бұған қоса екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында тараптар сапарлармен алмасу тәжірибесін жалғастыру және екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту ниетін растады, сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралардың күн тәртібін қарастырды.Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, оның ішінде Қазақстан мен Мысырдың әртүрлі алаңдарда БҰҰ, АҚИҰ, БРИКС, ШЫҰ және АӨСШК ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсендіруге келісті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтіп, сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/941805