Enbekshi QazaQ

Мәдениет

Бесарық ауылының тыныс-тіршілігімен танысты 13.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Бесарық ауылындағы №12 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. Спорт кешенінде дзюдо, бокс және таэквондо үйірмелері жұмыс істейді. Қазір мұнда 180 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мекемеде 18 қызметкер еңбек етеді.Одан кейін аймақ басшысы ауылдың орталық алаңында тұрғындармен кездесіп, шағын өндірістік орталық пен ауылдық мәдениет үйінің жұмысын көрді. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Бесарық ауылын одан әрі дамытуда атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Бесарық ауылында сәтімен жүзеге асуда.Мұнда «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен фри картобын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнімдер цехтары, жұмыс қолғаптарын, пластик ыдыстарды, сабын мен ағаш бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Еске салсақ, 2024 жылы ауылда жалпы аумағы 1 мың шаршы метр болатын шағын өндірістік орталық пайдалануға беріліп, 13 кәсіпкерге өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалды. Оның 4-еуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, 5 жоба «Өңірлік инвестициялық орталықтың» қолдауымен, ал 4 жоба шаруашылықтың өз қаражаты есебінен жүзеге асты. Нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 960 млн теңге инвестиция тартылды. Бүгінде кәсіпкерлер шағын өндірістік орталықта өз өнімдерін шығаруда.Айта кету керек, «Абай-Дәулет» серіктестігі 2018 жылдан бері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл қаржы 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, абаттандыруға және көгалдандыру жұмыстарына жұмсалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250507?lang=ru
Заң үстемдігі – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.Күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғауда атқарылған жұмыстар, өңірдегі сыбайлас жемқорлық ахуалы және алдын алу үшін қабылданған шаралар, әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды.Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі» деп атап өтті. «Заң үстемдігін орнықтырып, құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне тосқауыл қою керек» деген міндет қойды.Аймақ басшысы осы талаптар өңірдегі барлық мемлекеттік органның қызметінде бұлжытпай орындалуға тиіс екенін атап өтті.«Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды қызметкерлерге түсіндіріп, оның талаптарын мүлтіксіз сақтау керек. Медициналық ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қайта зерделеп, рәсімдерді кезең-кезеңімен автоматтандыруға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.Денсаулық сақтау саласына халықтың сенімі бәрінен маңызды. Сондықтан басқармаға қарасты барлық медициналық ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды түбегейлі күшейтіп, әрбір бас дәрігердің жеке жауапкершілігін арттыру керек. Бірде-бір заң бұзушылық пен негізді шағым бақылаусыз қалмауы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Сонымен қатар, масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алуда ведомствоаралық жұмысты жандандырып, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына бақылауды күшейту тапсырылды.Қылмыс деңгейі жоғары елді мекендерде «Ішімдіксіз ауыл» жобасын кеңейту үшін жергілікті ақсақалдар, қоғамдық кеңестер, учаскелік полиция инспекторлары және қоғам белсенділері нақты профилактикалық жұмыс жүргізуі тиіс.Отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар және әлеуметтік қызметтерге бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қатаң бақылау маңызды. Бұл ресурстар қолайсыз отбасыларды ерте анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталуы қажет. Осыған байланысты отбасын қолдау орталықтарының қызметін ведомствоаралық деңгейде қайта қарау жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250136?lang=ru
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен инвестициялық жобалар талқыланды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет қаражатының игерілуі, аграрлық шаруашылық каналдарын бетондау, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау, инвестиция тартудағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланды. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына алты айлық инвестиция жоспарын орындауды, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды.Облыстық құрылыс басқармасына, қала және аудан әкімдіктеріне статистика департаментімен бірлесіп құрылыс нысандарының есебін жүйелеу, айлық, тоқсандық және жартыжылдық статистикалық есептерді толық әрі уақытылы ұсыну міндеті жүктелді.Бюджет қаражатын тиімді әрі толық игеру мәселесі де назардан тыс қалмады, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді. Жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау және қабылдау актілерін рәсімдеуді бір апта ішінде аяқтау, аудандардағы спорт кешендерін заңнама талаптарына сәйкес аудан әкімдіктерінің теңгеріміне беру жайы да пысықталды. Бұл тұрғындардың сұранысына сай тиімді жұмыс кестесін, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүйелейді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250125?lang=ru
Шиелі теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін іске қосылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатынын атап өтті. «Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі - Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде бас қосып отырмыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту тапсырмасы аясында былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттар, Жаңақорған ауданы Талап бекетінің платформасы енгізілген болатын. Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аумағы 9 474 шаршы метр болатын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн.теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайтын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда да ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері, жылу жүйесі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды. Бүгін Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық, Ертең Қазалы вокзалын ел игілігіне табыстаймыз. Жаңа нысандар баршаңызға құтты болсын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Шарада Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз сөйлеп, сала қызметкерлері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249246?lang=ru
Қайта жаңғыртылған Жаңақорған теміржол вокзалы ашылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты. Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржыны бөлінді. Рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жолаушыларға қолайлы және қауіпсіз, өңірдің заманауи келбетін айшықтайтын нысандарға айналатынын атап өтті. «Облыс аумағы - тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.Бүгінде аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сондықтан теміржол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне 121 жолаушыны өткізуге қауқарлы. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абатандырылды. Нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұдан бөлек, бүгін Шиелі, ертең Қазалы теміржол вокзалдарын табыстаймыз. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қызмет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Бүгінде облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жолаушылар пойызы жүреді.Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде. Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұдан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Тереңөзек және Жалағаштағы 2 қызмет көрсету пункті күрделі жөнделіп жатыр. Талап бекетінде 322 млн.теңгеге 1 188 шаршы метрлік жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249233?lang=ru
Кәсіби мерекеде өңірлік БАҚ қызметкерлері баспаналы болды 12.07.2026
Бүгін «Өнер орталығында» 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2026» салтанатты шарасы өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа шынайы жеткізудегі еңбектерін жоғары бағалады.«Бүгін – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні.Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.«Qyzylorda» телеарнасының ардагері Қарабала Жағыппар Аманжолұлы «Парасат» орденімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасына берілген жоғары баға.Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп ерекше атап өтті. Ұлттық журналистика тарихында Сыр өңірінің айрықша орны бар. Ғасырлық белесіне жақындаған басылымдар мен тәуелсіздік жылдарында шыққан газеттер – аймақтың сыр-шежіре сандығы. Облыстың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дереккөзі.Биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Телеарна өңіріміздегі оқиғалар мен ақпараттарды жылдам таратып, ел өміріндегі саяси маңызды жаңалықтардың жаршысы болып келеді.Отыз жылға жуық көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпараттық саясаттағы орны ерекше. Аймақ телевизиясының бүгінгі биігі – өткен мен бүгінді жалғаған ардагерлер еңбегінің жемісі. Ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қалдырған майталман мамандардың табандылығы мен қажырлы еңбегі тележурналистика тарихында лайықты ізін қалдырды.Бүгінде тағылымды жолдан өтіп, ұстаздарының өнегесін жалғаған мамандар елімізге белгілі ірі медиахолдингтерде, телеарналарда еңбек етіп, Сыр журналистикасы мектебінің мерейін үстем етуде.Тәуелсіздік шежіресін, Сыр өңірінің жылнамасын, қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кеше Ақорда төрінде өткен рәсімде Мемлекет басшысы журналистерді қолдауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілетінін айтқан еді. Кейінгі үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болса, енді бұл бастаманың ауқымы кеңейді. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті берілді.Біздің аймақта «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды.Салтанатты рәсімде ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан қалам иелері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының, Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен және түрлі номинациялармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248896?lang=ru
«Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті 12.07.2026
Бүгін «Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, мәслихат депутаттары, жергілікті бизнес өкілдері, даму және қаржы институттары басшыларының қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті.Аймақ кәсіпкерлері мен тауарөндірушілері жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі республикалық көрме-байқауына белсенді қатысып келеді. Бұл – отандық тауарөндірушілерді қолдауға, өнім сапасын арттыруға және ұлттық брендтерді дамытуға бағытталған маңызды шара.Аймақ басшысы бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу екенін атап өтті.– Бұл міндетті жүзеге асыруда кәсіпкерлер қауымының еңбегі мен жауапкершілігі ерекше. Көрмені аралау барысында сапалы өнімдерді өзімізде шығаруға болатынын көрдік.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы» деп атап өткен болатын.Облыс экономикасын әртараптандыруда жоғары сапалы, экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібі қарқын алды. Алдағы 3 жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.Бүгінгі көрме-байқау алаңы – кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, жергілікті өнімдерді тұтыну мен өткізуді арттыруға мүмкіндік береді»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жақында «Марал Нұр» серіктестігінің жоғары технологиялық вагондарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені ашылды. Бұл компания теміржол инфрақұрылымын дамытудағы сапалы жұмысы үшін өткен жылы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.Өткен айда испандық «Рока Груп» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар, «Севен Риверс» компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыттарының капсуласы салынды. Алдағы уақытта жаңа өндірістердің жоғары сапалы өнімі облыс экономикасын өркендетуге септігін тигізеді.Биылғы көрме-байқауға экономиканың түрлі салаларынан 62 тауарөндіруші қатысты. Сарапшылардың бағалау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз марапатталды.Қазір Қызылорда облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 113 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 25 млрд теңге бөлініп, 553 жоба қаржыландырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248774?lang=ru
Қытайлық инвесторлармен ауыл шаруашылығын әртараптандыру жобалары талқыланды 11.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев қытайлық компаниялардың өкілдері Ван Дэфэнг, Лю Сювэй, Ван Цинцай және Бай Яньлунмен кездесті.Кездесуде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуге, суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.– Биыл облысымызда дәндік жүгері 10 мың гектарға егілді. Жүгеріні терең өңдеу және тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштар өндірісіне, жоңышқаның экспорттық әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытамыз. Инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға әрдайым дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Басты артықшылықтар қатарында аймақтың халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасуы, суармалы жер қорының молдығы және қолайлы табиғи-климаттық жағдайы атап өтілді.Бүгінде облыста 286 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген күріш ауыспалы егістіктері.Кейінгі жылдардағы су тапшылығына байланысты күріш егістігі оңтайландырылып, ылғалды аз қажет ететін дақылдар көбейтілуде. Агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін республика көлемінде кешенді шаралар қабылданып, мемлекеттік қолдау тетіктері іске қосылды.Айта кетейік, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды субсидиялау үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1247725?lang=ru
Сот жүйесі қызметкерлерінің еңбегі бағаланды 11.07.2026
«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Судья және сот қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай, құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері мен сот қызметкерлері қатысты.Атаулы күні еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей жауапты мамандардың күнделікті маңызды еңбегі дәріптеледі. Тәуелсіз, әділ және ашық жұмыс істейтін сот билігі – кез келген мемлекеттің тұрақтылығының, құқықтық негіздері мен әлеуметтік-экономикалық дамуының басты кепілі. Әділдік жолы тарихымыздағы хандар мен билерден бері қалыптасып, халқымыздың салтына етене араласып кетті. Сыр өңіріндегі сот жүйесі 1938 жылы Қызылорда облысының құрылуымен қатар қанат жайды.Аймақ басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сот жүйесінің қоғамдағы орны мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.«Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің бастамасымен, халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституциямыз алдағы шілде айында күшіне енеді. Ата заңымызда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру басты мақсат ретінде белгіленген. Конституциялық реформаның нәтижесінде билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайтылды, Конституциялық Сот қайта құрылды. Адам құқықтарын қорғау институттарының әлеуеті артты. Мұның барлығы – елімізді демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытуға бағытталған жүйелі қадамдар.Бүгінгі сот билігі – Конституция мен заңдардың қорғаны. Судьяның тәуелсіздігі – әділ сот төрелігінің кепілі. Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан қабылдаған шешімдеріңіз әрдайым әділ, ал заң үстемдігі мен адам құқығы кез келген істе ең басты бағдар болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жиында облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.Салтанатты шара барысында бірқатар сала қызметкерлеріне Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, ҚР Жоғарғы Сотының «Құрметті судья», «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгілері, «Сот жүйесінің ардагері» медалі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.Сонымен қатар ҚР Судьялар одағының «Үш би», «Судьялар одағының құрметті мүшесі», «Жеті жарғы», т.б. марапаттары берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1247432?lang=ru
Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті 11.07.2026
«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Полиция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын алдында аймақ басшысы полиция қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында алынған арнайы техникалар көрмесімен танысты.Салтанатты шараның ашылуында Әнұран орындалып, Ту көтерілді. Аймақ басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты талабы.Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деген болатын. Бұл міндеттер Сіздерден жоғары жауапкершілік пен табанды еңбекті талап етеді. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңіріміздегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Соңғы жылдары құқықбұзушылық көрсеткіштері едәуір төмендеді.Біздің мақсатымыз – тек көрсеткіш қуалау емес. Ең бастысы – құқықбұзушылықтың алдын алып, оның деңгейін тұрақты төмендету. «Мемлекет пен азамат – біртұтас» қағидаты негізінде полиция халықпен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Халықтың сенімі – Сіздерге үлкен жауапкершілік!Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қызметтеріңіз жемісті болсын!», -деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кейінгі жылдары өңірдің полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыс тиімділігін арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алуға, қылмысты жедел ашуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізілуде.Республикада алғашқы болып барлық ауданда Жедел басқару орталықтары ашылды, бейнебақылау жүйесі кеңейтілді. 2023 жылдан бері полиция қызметкерлеріне заманауи құралдармен жабдықталған 228 жаңа автокөлік табысталды. Бүгінгі кәсіби мерекеде полицияның жедел салалық қызметтеріне 94 заманауи автокөлік берілді.Жиында полиция қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, естелік қол сағатымен, сондай-ақ облыстық полиция департаменті бастығының Грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес бірқатар қызметкерге «Полиция полковнигі» шені табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246539?lang=ru
Мемлекеттік қызметші күні: Үздіктер марапатталып, жас мамандар ант қабылдады 11.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиын өтті.Онда мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған реформалар, биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі бағыттары және Президенттік жастар кадрлық резервінің мемлекеттік басқару саласына білікті жастарды тартудағы рөлі атап өтілді. Қазіргі таңда өңірде 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жас мемлекеттік қызметші еңбек етеді.Аймақ басшысы мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы айрықша маңызына тоқталып, кәсіби мерекемен құттықтады.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекеттік қызметшілер – Әділетті Қазақстанды құрудың басты қозғаушы күші» деген болатын.Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.Мемлекеттік қызметшінің бойындағы кәсібилік, адалдық сынды қасиеттер еліміздің өркендеуінің негізіне айналуда. Сыр өңірінен елге адал қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеткен талай қайраткер тұлғалардың шыққанын әрдайым мақтанышпен айтамыз. Оның ішінде халықтың сүйікті перзенті атанған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың орны ерекше. Асыл азаматтың өнегелі жолын бейнелейтін «Сапарбаев тұлғасы» кітабы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жарыққа шыққан болатын. Кітаптың таныстырылымы жақында ғана Қызылорда қаласында өтті.Бұл еңбек – барша мемлекеттік қызметшілерге, жастарға адалдық пен еңбекқорлықтың мәнін түсіндіріп, мемлекеттік қызметтің қадір-қасиетін терең сезіндіретін рухани мұра.Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өркендеуіне, тұрғындарымыздың сенімін ақтап, әл-ауқатын арттыруға үлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіліктің үлгісін көрсететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада Өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді жұмсап, адал қызмет ете беріңіздер», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.Іс-шарада бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Мерекелік басқосуда Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246517?lang=ru
Полиция қызметкерлеріне 94 қызметтік көлік табысталды 11.07.2026
Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні Қызылорда қаласының орталық алаңында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен полиция қызметкерлеріне 94 арнайы автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өтті.Бүгінде өңірде құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және оны ашу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы жауапты міндеттерді атқаруда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше.Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін полиция департаментінің жедел-салалық қызметтерінің материалдық-техникалық базасы заманауи техникалармен толықтырылды. Жаңа қызметтік көліктер тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық, табиғат қорғау, көші-қон және өзге де бөлімшелердің қызметтік міндеттерін жедел орындауына мүмкіндік береді.Аймақ басшысы тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігіне, ел тыныштығы жолындағы еселі еңбегіне тоқталды.«Президентіміз «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіндегі басты бағдары болуы тиіс!Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп, үйлесімді жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары құқықбұзушылық азайып, өңірдегі қауіпсіздік пен жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысы оң нәтиже берді.Егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда аянбай еңбек етіп, Өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен орындай беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Айта кетейік, сәуір айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен полицияның патрульдік қызметкерлеріне 100 жаңа автокөлік табысталған болатын. Бүгінгі бастама құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін бұрынғыдан да нығайта түсті.Рәсімде ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Тастемір Рахимов, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілек білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246083?lang=ru
Актив отырысында облыс әкімінің орынбасары таныстырылды 06.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Нұриддин Аманқұл таныстырылды.Мұрат Нәлқожаұлы жаңа орынбасарына өңірдің кәсіпкерлік, туризм және аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды.Нұриддин Аманқұлұлы 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі.Еңбек жолын 2007 жылы Халықаралық саясат институтында сарапшы ретінде бастап, кейін мемлекеттік және халықаралық инвестициялық-қаржылық ұйымдарда жауапты қызметтер атқарған.2012-2018 жылдары «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінде департамент директоры, басқарушы директор және Ыстанбұл қаласындағы инвестициялық өкіл болған.2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде шетелдік инвестициялар тарту басқармасын басқарды, сондай-ақ Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігінде бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында еңбек етті.2023 жылдың маусым айынан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы қызметін атқарды.Мәжілісте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев, облыс прокуроры, өңірлік инвестициялық штабтың тең төрағасы Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, облыс әкімі орынбасарының жауапты қызметіне сәттілік тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1245008?lang=ru
«Ұлт саулығын ұлықтаған дәрігер» атты салтанатты шара өтті 06.07.2026
«Өнер орталығында» Медицина қызметкерлері күніне арналған «Ұлт саулығын ұлықтаған дәрігер» атты салтанатты шара өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Бекбол Орынбасаров, Амангелді Есбай, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері және сала ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы ұлт саулығын нығайтуда қажырлы еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды құттықтады.«Денсаулығымыздың қорғаны, адам жанының арашасы, мейірім мен ізгіліктің жаршысы болған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда елеулі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз» деген болатын.Бүгінгі мерейлі мерекеге орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Сіздерге арнайы құттықтауын жолдады.Еліміздің денсаулық сақтау саласында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сырбойылық дәрігерлерімізді ерекше мақтанышпен айтамыз.Қазақстанның Еңбек Ері, Сыр перзенті Юрий Владимирович Пя бес мыңнан астам ашық жүрек отасын жасады. Еліміздің бас хирургі, профессор, жерлесіміз Болатбек Баймаханов жетекшілік еткен мамандар тобы медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін трансплантациялау бойынша аса күрделі операцияны сәтті жүзеге асырды. Болатбек Бимендіұлы кеше Президентіміздің қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденін алды. Жерлесімізді жоғары марапатымен барша Сыр жұртшылығының атынан құттықтаймын!Былтыр облыс тарихында алғаш рет бауыр, 10 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Отаның 6 жаңа түрі тәжірибеге енгізілді. Бұл – Сыр медицинасының мүмкіндігі мен мамандардың біліктілігін айқындайтын жарқын мысалдар. Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!», – деді аймақ басшысы.Рәсімде саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.Іс-шара соңында ардагерлерге гүл шоқтары тарту етіліп, мерекелік бағдарлама ұсынылды.Президенттің, Үкіметтің қолдауымен 2022 жылдан бері аймағымыздың денсаулық сақтау саласына 625 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 41 медицина нысаны ел игілігіне берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медицина нысаны салынды.Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, 400 және 500 келушіге арналған емханалардың, 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.Алдағы жылдары тағы бірқатар медицина нысаны қайта жаңғыртылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1244838?lang=ru
«Жүректегі жапырақ» кітабының таныстырылымы өтті 06.07.2026
Бүгін «Достық үйінде» ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нұртөре Жүсіптің «Жүректегі жапырақ» атты кітабының таныстырылымы өтті.Оған облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Сенат депутаттары Бекбол Орынбасаров, Амангелді Есбай, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты. Іс-шарада депутаттар сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының өкілі Қаршыға Есімсейітова кітаптың көркемдік және тағылымдық мәніне тоқталды.Сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері жыр шумақтарын оқып, кеш мазмұнын аша түсті.Кездесуде Нұртөре Жүсіп оқырманмен пікір алмасып, жаңа туындының жазылу тарихы, ерекшеліктері мен қамтылған тақырыптары туралы айтты. Қатысушыларға кітапты сыйға тартты.«Жүректегі жапырақта» қоғам, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар мен өмір туралы толғаныстар топтастырылған. Автордың өмірден түйген ойлары, замандастары туралы жазбалары мен рухани тақырыптағы эсселері қамтылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1244348?lang=ru
Үш бөлмелі пәтер еңбегімен үлгі болған әкеге табысталды 05.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Әке тәрбиесі – ұлттың рухани діңгегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Оған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудандардан келген, түрлі салада табысқа жетіп, кәсібі мен еңбегі арқылы елге үлгі болып жүрген азаматтар қатысты.Биыл әкелер форумы төртінші мәрте ұйымдастырылуда. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды алаң.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әке жауапкершілігі – отбасының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесінің негізі. Біздің қоғамда әкенің рөлін арттыру, оның отбасындағы беделін нығайту – өте маңызды міндет» деген болатын.Ұлттың сапасы, болашақ ұрпақтың азаматтық болмысы әкенің берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Жаңа Конституциямызда «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп нақты көрсетілген. Бұл отбасы құндылықтары мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналғанын айқын дәлелдейді. Әке – тек отбасын асыраушы емес, баланы жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және Отанға деген сүйіспеншілікке баулитын алғашқы мектеп.Баланың болашағына әсер ететін ең қуатты күш – отбасындағы тәрбие, әкенің өнегесі. Сондықтан, «Адал адам», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді мемлекеттік бастамаларды қоғамда орнықтыру ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Баршаңызды ел мүддесіне адал қызмет етуге және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Іс-шарада отбасы құндылықтарын насихаттап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелер облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы, ішкі істер органдарының ардагері Әмірбек Бердібекұлы, жас ақын, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Ақжол Ғабитұлы, өнегелі әке Дәулет Амангелдіұлы, «Бақытты әйел» жобасының спикері Нұрсәуле Дүйсембайқызы тақырып аясында мазмұнды баяндама жасады. «Қазақстан дауысы – 2023» жобасының финалисі Нұрислам Тілеухан әсем ән орындап, оған қоғамдық бірлестік атынан смарт-теледидар сыйға берілді.Форумда «Қызылорда» супермаркетінің жұмысшысы Камалов Жандос Құдайбергенұлына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Жандос Құдайбергенұлы – мүмкіндігі шектеулі жұбайына және екі баласына қамқор болып отырған ардақты әке.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1243950?lang=ru
Құрылыс сапасына қатысты мәселелер талқыланды 05.07.2026
ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасына қатысты мәселелер талқыланған кеңес өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану тапсырмасы бар. Жиында құрылысқа бақылауды күшейту, техникалық және авторлық қадағалау институттарының жауапкершілігін арттыру, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою мәселелері қаралды.Премьер-министрдің бірінші орынбасары ақауларды жою барысында көзбояушылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Құрылыс сапасы жобалау кезеңінен бастап құрылыс-монтаждау, пайдалануға қабылдау, техникалық және авторлық қадағалау, кепілдік міндеттемелердің толық орындалуына дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс.Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым, автомобиль жолдары, абаттандыру объектілері, аула аумақтары, сыртқы жарықтандыру жүйелері, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар құрылысына бақылауды күшейту қажет.Кемшіліктер мердігер ұйымдар қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелер шеңберінде, бюджет қаражатын жұмсамай жойылуы керек.Мәжілісте бақылауды күшейту және тапсырыс берушілердің, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігін арттыру шаралары талқыланды.Кейінгі үш жылда аймақта құрылыс саласына бөлінген қаржы тұрақты өсіп, 2023-2025 жылдар аралығында 349,9 млрд. теңгеге жетті. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың сәулеттік келбеті мен ішкі дизайны алдын-ала келісіліп, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының үйлесімділігі қамтамасыз етілуде.Жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы үшін барлық нысан тұрақты бақылауға алынған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1243282?lang=ru
Заңды тұлғалардың банкроттығы: рәсімнің ашықтығы үшін тағы бір қадам 05.07.2026
Ағымдағы жылдың басы жеке тұлғалар және заңды тұлғалар банкроттығы саласындағы бірқатар өзгерістермен ерекшеленді.     2026 жылдың 16 қаңтарында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулерге қол қойылды.        Соңғы бірнеше жылдар ішінде заңды тұлғалар банкроттығы саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамаған еді. Алайда, бұл саладағы құқықтық қатынастардың үрдісі рәсімдер тиімділігін жоғарылату бойынша кезекті қадамның қажеттілігін көрсетті. Бұл ретте рәсімге қатысушылар ыңғайлылығы үшін тиісті түзетулер кезең-кезеңмен енгізіледі.       Сонымен, 2026 жылдың 19 наурызынан бастап келесілерді:     - банкроттықты басқарушыға қосымша құқықтар беруді (қосымша  сыйақыны есептеу кезінде және заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгіну бойынша);      - уақытша басқарушыны шеттету функциясын енгізуді;    - кредиторлар жиналысы/комитеті отырысы туралы кредиторларды хабарландыру тәсілдерін кеңейтуді;      - алдындағы бас тартудан кейін банкрот деп тану туралы өтінішпен қайта жүгіну мерзімін белгілеуді;   - салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша кредитордан басқа өзге кредиторлар болмаған жағдайда оңалту рәсімін қолдануға жол бермеуді;    - банкроттың мүлкін тікелей сату кезінде кредиторлар жиналысының өкілеттілігін анықтауды көздейтін түзетулер қолданысқа енгізіледі.        Аталған өзгерістер оңалту және банкроттық рәсімдерін жосықсыз пайдалану талпыныстарын азайтуға мүмкіндік береді және олардың ашықтығын жоғарылатады деп күтілуде.     Өз кезегінде, бұл бағыттағы жұмыс аяқталған жоқ. Бүгінде әкімшілердің деңгейін жоғарылатуға және кредиторлардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған «Оңалту және банкроттық туралы» Заңға түзетулер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қаралуында. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1243163?lang=ru
Әдейі банкроттық белгілерін анықтау мақсатында банкроттыққа дейінгі кезеңде борышкердің қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізу 05.07.2026
         2025 жылғы 8 - 10 қазан аралығында Оқу-әдістемелік орталығы ҚР ҚМ МКК Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасымен бірлесіп «Әдейі банкроттық белгілерін анықтау мақсатында банкроттыққа дейінгі кезеңде борышкердің қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізу»  тақырыбында қашықтықтан семинар өткізді.         Іс-шараның мақсаты – әдейі жасалған банкроттық белгілерін анықтау тиімділігін арттыру.         Семинарға аумақтық мемлекеттік кірістер органдары Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармаларының/бөлімдерінің қызметкерлері қатысады.       Семинар тыңдаушылары үшін Polycom арқылы дәріс оқылды, дәріскерлер ретінде:       Душкенова Назгуль Кувашевна - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары;       Исабекова Айгерим Эрыковна - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы;       Тулеубаев Ермек Бейшенович - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы сөз сөйледі.        Семинарға қатысушылардың тарапынан лекторға сұрақтар қойылып, оларға толық жауаптар берілді.         Семинар қорытындысы бойынша 103 қатысушы біліктілігін сәтті арттырғандығы туралы электронды сертификат алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1243153?lang=ru
Әдейі банкроттық 05.07.2026
      Соңғы уақытта міндеттемелерін орындай алмаған немесе әдейі орындаудан жалтарған компаниялардың сот арқылы әдейі банкрот деп танылу жағдайлары жиілеп кетті. Алайда қазіргі таңда мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды.      Әдейі банкроттық ұғымы Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында бекітілген, оған сәйкес, әдейі банкроттық деп кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруға бағытталған, мүлікті жасыру немесе иеліктен шығару жолымен жасалған құрылтайшының, лауазымды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің қасақана әрекеттері танылады.      Әдейі банкроттықтың белгілері ретінде әдейі тиімсіз немесе жалған мәмілелер жасасу, активтерді шығару, қарыздарды өндіріп алудан бас тарту, мүлікті жасыру немесе беру, берешекті жалған арттыру, басқару және есеп жүйесін қасақана бұзу, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттер танылуы мүмкін.      Қазақстан Республикасының заңнамасында, атап айтқанда жоғарыда көрсетілген Заңда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде құрылтайшылар мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі көзделген.       Егер банкроттықтың әдейі жасалғаны анықталса, онда сот тәртібімен бақылаушы тұлға субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, яғни компанияның берешектерін өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті болады.      Сонымен қатар, егер кінәлі тұлға әкімшілік немесе қылмыстық тергеп-тексеру нәтижесінде кінәлі деп танылса, онда банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де субсидиарлық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі сақталады.      2024–2025 жылдаға банкроттық рәсіміндегі барлық борышкерлердің қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 120 әкімшілік өндіріс және 44-тен астам қылмыстық іс әдейі банкроттық белгілері бойынша қозғалды.     Енді мемлекеттік кірістер органдарының жоспарларында әдейі банкроттық белгілерін анықтаудың автоматтандырылған құралдарын пайдалану, мәмілелерді, компаниялар арасындағы байланыстарды және борышкерлердің мінез-құлқын талдау, ол үшін оңалту және банкроттық рәсімдерін автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс басталды.     Мысалы, 2024 жылы Жамбыл облысында компанияның бұрынғы директоры сот үкімімен әдейі банкроттық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, ал 2025 жылы сот бұл тұлғадан компанияны банкрот деп тануға дейін банктік шоттардан шығарылған ақша түріндегі активтер үшін кредиторлардың пайдасына 45 миллион теңгеден астам қаражат өндіруге шешім қабылдады.     Мұндай жағдайлар жекелеген мысалдар емес, тек 2025 жылдың өзінде кінәлі тұлғаларға қатысты 12-ден астам осындай сот шешімі шығарылған, борышкерлердің заңсыз әрекеттерін автоматтандырылған түрде анықтау процестері енгізілуіне байланысты, мемлекеттік кірістер органдары аналитикалық негізділік пен жүйелі дәлелдемелер базасының арқасында құқық қорғау органдарына жолданатын материалдардың тиімділігі артады деп күтуде, сәйкесінше сотқа жолданатын талаптардың да артуына әкеледі.      Осылайша, банкроттық рәсімі жосықсыз кәсіпкерлер үшін жауапкершіліктен жалтару тәсілі болуды тоқтатады және әділдікті қалпына келтірудің пәрменді құралы — кінәлі тұлғаларды жеке жауапкершілікке тарту есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыруға бағытталған тетікке айналады. Ескіру мерзімі ұзартылуы мүмкін, ал қаржылық және қылмыстық жауапкершілік нақты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1243160?lang=ru