Мәдениет
Қаржы министрлігінде салық тексерістерінің сапасы мен бизнестің шағымдарын қарау қорытындылары талқыланды 19.10.2026
ҚР ҚМ Апелляция департаменті мен Мемлекеттік кірістер комитеті салық саласындағы тексеру жұмыстарының сапасына байланысты бірлескен кеңес өткізді. Онлайн форматта өткен талқылауға МКК-нің аумақтық департаменттер қатысты.Алқалы басқосу Жәнібек Нұржанов пен Сейілжан Ахметовтің төрағалығымен өтті. Апелляциядепартаментінің директоры Серік Айсин шекті межеден асып кеткен ҚҚС қайтаруға байланысты салық тексерісі кезіндегі негізгі бұзушылықтар жөнінде айтып берді.Бұған қоса сенімсіз қызмет ұсынушылармен (жеткізушілермен) болатын өзара есеп айырысуға қатысты тексеру сапасына ерекше назар аударылды.Сондай-ақ апелляциялық комиссия отырыстарының қорытындысына сәйкес салық тексерістерінің нәтижелері жойылатыны жөнінде де айтылды. Бұған «Пирамида» тәсілі бойынша жасалған сапасыз есеп пен қайтарылуы тиіс ҚҚС сомасының есебіндегі кемшіліктер, қарсы тексерулерді жүргізуге байланысты сұраныстың дер кезінде жіберілмегені, сондай-ақ экспорт операцияларын растайтын құжаттардың еленбей қалғаны, тауарларды қадағалау тізбегіне жасалған сапасыз талдау мен жұмыстар немесе қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылмағаны әсер еткен.Бұдан бөлек биылғы 9 айдағы салық және кеден дауларын қарауға қатысты апелляциялық комиссия жұмысының нәтижелері айтылып, соған сәйкес салық төлеушілер мен СЭҚ қатысушыларынан келіп түскен 323 шағымының 194-і қаралған.Шағымдарды қарау қорытындысы бойынша бизнестің пайдасына 57 тексерістің нәтижелері толықтайнемесе ішінара жойылды.Бұл орайда салық және кеден саласындағы тексеру жұмыстарының сапасы министрліктің тұрақты бақылауында екенін айта кетейік.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1310234?lang=ru
9 айда мемлекеттік бюджеттің кірісі 16,3% ұлғайды 19.10.2026
Биылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес (трансферттерді есепке алмағанда) мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгеге немесе жоспар бойынша 98,5% жетті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда табыс 16,3% немесе 2,8 трлн теңгеге артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтып берді.«Есепті кезеңде мемлекет тарапынан әлеуметтік міндеттемелердің қаржыландырылуы орындалды. Республикалық бюджеттің кірісі жоспарланған көрсеткіштерге жетеғабыл», деді Мәди Төкешұлы.Айталық, республикалық бюджеттің кірісі 2,7 трлн теңгеге немесе 26% артты. Бұл өсім экспорт тауарларының әлемдік бағасымен, сауда айналымдарының ұлғаюымен және салық мөлшерлемелерінің өзгеруімен байланысты. Жыл соңына дейін салық базасын кеңейтіп, басқару сапасын арттыруға баса мән беріледі.Мемлекеттік бюджет шығыстары 98% орындалып, қаржыландыру көлемі 26,2 трлн теңгеге жетті. Республикалық бюджеттің шығыстары 99,6% орындалғанын ескерсек, оның көлемі 19,6 трлн теңге болды. Зейнетақы мен жәрдемақыға 5,3 трлн теңге бөлініп, өңірлерді қолдауға 4,4 трлн теңге және нақты секторды қолдауға 2 трлн теңге бағытталды.Жергілікті бюджеттердің кірісі 6,9 трлн теңгеге немесе жоспарға сәйкес 96,1% ұлғайды. Түспеген соманың мөлшері – 278,3 млрд теңге. Жоспар 9 өңірде орындалған жоқ: Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары қалыс қалған. Жергілікті бюджеттің шығыстары 96,3% атқарылып, 458,4 млрд теңге орындалмаған. Министр жыл соңына дейін бюджеттің уақтылы және сапалы атқарылуы үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.Есепті кезеңде бизнеске 811,5 млрд теңге ҚҚС қайтарылды. Кедендік төлемдер 3,9 трлн теңгеге артып, 706 млрд теңгеге ұлғайды. Шекаралық инфрақұрылымды дамыту және кеден қызметіндегі рәсімдерді жеңілдету бойынша жұмыс жалғасып жатыр.Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 617,7 млрд теңгеге 501 жоба іске асырлып келеді. 351 нысан аяқталды. Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жобаға (оның ішінде денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және көлік салаларына арналған) тиісті қаражат бөлінді. Ведомство басшысы құрылысты аяқтап, аталған нысандарды іске қосуға дайындау қажет екенін жеткізді.Әлеуметтік саланы цифрландыру орынсыз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мониторинг пен антифрод-бақылаудың арқасында 9 айда 23,4 млрд теңгеге қаржылық шығындардың алдын алды. Qalqan платформасында медициналық қызметтердің 57 түріне байланысты төлем жасау функционалы жолға қойылды. Білім беру ісін қаржыландырудың цифрлы жүйесіне 6 634 мектеп қосылды. Көшірме мәліметтер мен жалған есепті анықтауға бағытталған контингентті салыстыру жұмысы 34 млрд теңге үнемдеуге септесті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1310196?lang=ru
Өндірістік және инвестициялық жобалардың жұмыс қарқыны сараланды 14.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйімен, нысандардағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен сол жағалаудағы «Alem Asia Trade» серіктестігінің автокөлік салонына барды. Жоба аясында 21 жұмыс орны ашылған, айына орта есеппен 20 автокөлік сату жоспарланған. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның KIA ресми диллерлік орталығымен бірлесіп жұмысын бастаған.«Достық» жеке кәсіпкерлігінің шыны пакеттер өндіретін автоматтандырылған өндіріс цехы өткен жылы іске қосылған. Негізгі қызмет бағыттары – ПВХ профильдерін ламинациялау және шыны пакеттер өндіру. Өндірістік қуаты жылына 1 млн шаршы метр, 27 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.Өндірісте заманауи автоматтандырылған желі қолданылады. Оның арқасында бір шыны пакетті дайындау уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, жылдамдық шамамен он есе артқан. Бұл тапсырыстарды жедел орындауға, өнім сапасын тұрақтандыруға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – шикізат пен материалдардың басым бөлігінің отандық өндірушілерден жеткізілуі. Қолданылатын шикізаттың шамамен 90 пайызы отандық өнімдер, негізгі шикізаттың бірі – Қызылорда қаласындағы «Orda Glass» ЖШС өндіретін табақша шыны.Бұл жергілікті кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтады. Жобаға екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік субсидия, сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы да қосымша қаржылық қолдау көрсетілген.«Медстрой-Шаңырақ» нейромед протезді-ортопедия орталығы мамыр айында іске қосылған. Мұнда протездік-ортопедиялық қызмет көрсетіледі және медициналық оңалту бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған. Қазіргі таңда орталықта 10 адам еңбек етеді, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Негізгі жабдықтар Қытай мен Ресейден жеткізілген.Аймақ басшысы Абай ауылындағы 800 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысымен де танысты. «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігі жобаға 7,5 млрд теңге қаржы бөлген, 50 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазір бірінші және екінші қоражайлар салынуда. Нысанды кезең-кезеңімен іске қосып, ферманы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1309227?lang=ru
Құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы тексерілді 12.10.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралады. Алдымен «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Заманауи нысанның жалпы аумағы – 26 мың шаршы метр, бас мердігері – «Aspan Holding» ЖШС.Тоғыз блоктан тұратын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, жаттығу залдары, сондай-ақ форумдар мен түрлі жиындарға арналған 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 93 пайызы аяқталған.Бұдан кейін облыс әкімі жаңадан салынып жатқан медициналық нысандардағы жұмыс қарқынын тексерді.Сол жағалаудағы 500 орындық көпсалалы медициналық мекеме іске қосылған соң амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызметтер ұсынады. Құрамында жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен акушерлік-гинекологиялық қызмет, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері болады. Сонымен қатар 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, орталық стерилизация бөлімі, медициналық қалдықтарды сақтау аймағы, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.Қалада бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы да жүргізілуде. Жалпы аумағы 57 мың шаршы метр нысанды «Мелиоратор» серіктестігі салып жатыр. Заманауи талаптарға сай жобаланған аурухана диагностикалау мен емдеудің озық технологияларымен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызмет көрсетеді. Кешен құрамына емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, сондай-ақ операциялық бөлімдер кіреді.Тағы бір медициналық нысан - Президент саябағы аумағындағы 200 орындық жаңа перинаталдық орталық. Мұнда ана мен балаға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдермен қатар, зертханасы болады. Сондай-ақ Титов шағын ауданында №5 қалалық емхананың құрылысы жүргізілуде. Пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда 400 келушіні қабылдап, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемеге айналады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1308853?lang=ru
«Таза Қазақстан»: Жалпыхалықтық сенбілік өтті 12.10.2026
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірдің барлық елді мекенінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.Тұрғындар, қоғам белсенділері және еріктілер айналаны тазарту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына жұмылды. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экологиялық шараларға 377 299 ерікті, қоғам белсендісі, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысқан.Жүйелі жұмыс нәтижесінде 10 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды. Елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1 019 әлеуметтік нысан, өнеркәсіптік және бизнес нысандары, су айдындары мен көшелер тазартылды. Оған 548 арнайы техника пайдаланылды. Бұдан бөлек, облыстың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген 91 817 түп көшет отырғызылды.Экологиялық бағдарлама аясындағы ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Еске салсақ, елімізде жыл басынан бері 7 млн-нан астам азамат «Таза Қазақстан» бағдарламасында өз белсенділігін танытқан. Ал «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру басталғалы елді мекендерде 7 млн-нан астам ағаш, ал мемлекеттік орман қорының аумақтарында 1 млрд-тан астам тұқым пен көшет отырғызылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1308848?lang=ru
Қызылордада Қала күніне арналған мерекелік концерт өтті 12.10.2026
Сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионында Қала күніне арналған «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт өтті. Гала-концерт тақырыптық прологпен басталып, онда қаланың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі келбеті, өрлеу жолы қамтылды. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қызылорда – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. Осы өлкеде Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорда – сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы», – деді. Бұл – бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған, ұлт тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған қасиетті мекен. Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағаны тарихтан белгілі.Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Кейінгі жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қызылорданың көркеюіне ерекше үлес қосқан, бүгінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Сіздерді Қала күнімен құттықтап, ыстық ықыласын білдіруде. Бүгінгі мерейлі мереке Өздеріңізге арналады. Сүйікті қаламыз көркейе берсін! Қызылордамыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! Арман-мақсаттарымыз орындалсын! Халқымыз аман, бірлігіміз бекем болсын! Мереке құтты болсын, қадірлі жерлестер!» –деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кеште елімізге танымал өнер иелері Индира Елубаева, Қазыбек Құрайыш, Үкітай Ерниязов, Балжан Бидаш, «KESH YOU» тобы және ALEM сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Гала-концерт мерекелік отшашумен қорытындыланды.Кейінгі жылдары Қызылорда қаласының инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының арқасында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда.Сонымен қатар, тұрғын үйлер мен заманауи әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне айналды. Биыл Инклюзивті спорт орталығы, «Достық үйі» және «Құзыреттілік орталығы» ашылды. Сондай-ақ «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді.Қазіргі таңда Президенттік кітапхана, драма театр және бірқатар ірі медициналық нысан салынуда. «Таза Қазақстан» жобасы аясында ашылған Президент саябағы тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналды.Қаланың сол жағалауын байланыстыратын жаңа автожол көпірі мен ерекше үлгідегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жалғасуда. Президент саябағы маңында заманауи аквапарк құрылысы да басталды. Жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1308841?lang=ru
Қаржы министрлігі: МӘМС жүйесінде бақылауды күшейту медициналық көмек көрсетуге қосымша қаражат бағыттауға мүмкіндік берді 10.10.2026
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейінгі бірінші кезектегі міндеті қаржылық шығындарға жол бермеу мен қаражаттың мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету болды. Азаматтарды емдеуге жұмсалатын қаражат медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің негізділігі мен нақты көрсетілуіне сәйкес жетуі тиіс.Жүргізілген жұмыстың 9 айдағы нәтижесі бойынша қаражаттың жылыстауына әкеп соғатын арналар анықталып, жолы кесілді, 23,4 млрд теңге көлемінде қаржылық шығынның алды алынды. Қозғалған қылмыстық істер аясында өнім берушілерге заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.Жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесін қоса алғанда, жаңа құралдарды қолдану заңбұзушылық белгілерін ақша аударылғанға дейін анықтауға және негізсіз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.Үнемделген және қайтарылған қаражат медициналық көмекті төлеуге бағытталды. Қаржы министрлігі үшін бақылау нәтижесінің клиникалардың жұмысындағы нақты өзгерістерден және емделудің қолжетімділігінен көрініс табуы маңызды.Алғашқы өзгерістер қазірдің өзінде байқалып, медициналық ұйымдарға бағытталатын қаржы ағыны ұлғайды.Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды қаржыландыру лимиттері ұлғайып, ауруханаларға медициналық көмек нақты көрсетілгеннен кейін медициналық қызметтерге ақы төлеу мүмкіндігі берілді. Медициналық ұйымдарға көмек көлемін сызықтық шкаланы қолдану арқылы шектеу тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тарту жұмыстары жүріп жатыр.Бұл халыққа жоспарлы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауруханалардың кредиторлық берешегін азайтуға ықпал етеді.Қор берешектің жалпы сомасын тіркеуден әрбір проблемалық клиника бойынша оның туындау себептерін талдауға көшті.Жалпы, ел бойынша мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржылық сауықтырудың нақты жоспарлары әзірленді.Осылайша, кіріс бөлігін ұлғайту және қанағаттандырылмаған қажеттілік расталған жағдайларда оның көлемін түзету есебінен 2026 жылдың соңына қарай мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету болжанып отыр.Бұл нәтижелер тұрақтанған сайын пациенттер оның нақты әсерін медициналық көмек алу кезегінің қысқаруы және қажетті емді уақтылы алу мүмкіндігінің артуы арқылы сезінуі тиіс.Жалпы, Мемлекет басшысы қойған бірінші кезеңнің міндеттері орындалды. Қаражаттың жұмсалуына бақылау күшейтіліп, анықталған қаражаттың жылыстау арналарының жолы кесілді, босатылған қаржы мақсатты бағытқа жұмсалды. Заңбұзушылықтардың алдын алу және қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.Келесі кезеңде қаржыландыру тәсілдерін өзгерту көзделіп отыр. Ол үшін сақтандыру тетіктерін жүйелі түрде енгізу қажет. Атап айтқанда, емдеу мен міндеттемелердің құнын болжау мен бағалау, осы міндеттемелердің қаржылық қамтылуын жоспарлау, резерв қалыптастыру, сондай-ақ жағдайдың күрделілігі мен емдеу нәтижесін ескеретін ақы төлеу тәсілдерін қолдану қажет. Мұндай тәсіл қолда бар ресурстарды дәлірек бөлуге және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Медициналық көмекті ұйымдастыру және оған ақы төлеу пациенттің мүддесіне бағдарлануы тиіс: уақтылы диагностикадан бастап емдеу, оңалту және кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамту қажет. Қаржыландыру осы жолдың толық өтуін қамтамасыз етуі, ал ақы төлеу тетіктері медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықты, уақтылы емдеуді және асқынулардың алдын алуды қолдауы тиіс.Қаржы министрлігінің келесі кезеңдегі міндеті – пациент қажеттілігі, сақтандыру міндеттемелері мен олардың қаржылық қамтамасыз етілуі арасындағы осы байланысты нығайту. Алдағы өзгерістердің нәтижесі қажетті медициналық көмектің қолжетімділігі мен оны қаржыландырудың тұрақтылығы бойынша бағаланатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1308719?lang=ru
Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын нығайтып келеді 09.10.2026
Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын нығайтып келеді.ҚР Қаржы министрлігі бизнестің жұмысын жеңілдету, бюджеттің ашықтығын арттыру және жүйелік кемшіліктердің алдын алу үшін цифрлы құралдарды енгізуді мықтап қолға алды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді. Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) ескірген жеті жүйені алмастырып, жаңа Салық кодексіне бейімделді. Айталық, декларацияларды алдын ала толтыру енгізілді және ҚҚС бойынша айналымды есептеу автоматтандырылды. Жыл басынан бері 7,9 млн салық есебі қабылданып, мемлекеттік органдармен және банктермен 75 интеграция жасалды. Ал Smart Data Finance 80 көзден алынған деректерді біріктірді. Камералды бақылау қорытындысы бойынша 322 млрд теңге салық жинақталды. Бұған қоса ЖИ тексерулер жүргізілмес бұрын тәуекелдерді анықтауға көмектесіп келеді. Оларды цифрлы сервистердің көмегімен анықтау кәсіпкерлерге бұзушылықтарды алдын ала жоюға мүмкіндік береді. Тауарлардың ұлттық каталогында шамамен 33,5 млн тауар позициясы қамтылған. Оның негізінде құрылған Баға деректер базасы бюджеттік жоспарлауда қолданылып жүр. Тиісті бағалау бойынша 2024 жылғы деректер негізінде болжамды үнемдеу жылына - 200 млрд теңге. Бұдан бөлек KEDEN жүйесі электронды кедендік декларациялауды және «бір терезе» қағидатына сәйкес құжаттарды тапсыруды қамтамасыз етсе, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті министрліктің сервистеріне қолжетімділікті, хабарламалар мен техникалық қолдауды біріктіреді. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін цифрлы теңгені енгізу қолға алынды. Мәселен, айналымға шамамен 339 млрд цифрлы теңге шығарылып, 20-дан астам қанатқақты жоба жолға қойылды. Digital Qazyna порталы арқылы мемлекеттік ұйымдар арасында құны 433 млрд теңгеден асатын 56 мыңнан астам нысан берілді. Бұл мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін қолда бар мүлік есебінен қамтамасыз етуге жол ашты. Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алу үшін Smart Audit Qazaqstan платформасы құрылып жатыр. Жыл соңына дейін оның іргесін қалыптастырып, тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу жоспарланған. Биыл бюджеттік жалақы төлемдерінің онлайн-мониторингін қамту 140% ұлғайды. «Бұл деректер негізінде мемлекеттік қаржыны басқарып, превентивті бақылауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бюджеттің әр теңгесінен түсетін кірісті арттыруға көшуді айғақтайды», деді Әсет Нұрланұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1308366?lang=ru
Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы саласының біртұтас цифрлы экожүйесін қалыптастырып жатыр 08.10.2026
ҚР Қаржы министрлігі кірісті қалыптастыру, бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және қазынашылық орындау процестерін бірыңғай цифрлы контурға біріктіруді көздейтін мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясын жалғастырып келеді.Қазір цифрландырудың нәтижесінде айтарлықтай экономикалық серпін байқалып отыр. Мәселен, бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсіп, сондай-ақ бюджетті жоспарлау кезінде фискалды деректерді қолдану жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 1,5 трлн теңгеге дейін орынсыз шығыстардың алдын алынды.Бұған қоса платформалық жұмыспен қамтуды дамыту жалғасып жатыр. Арнайы салық режіміне 38 цифрлы платформа қосылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 804,8 мың адамға жетті. 600 мыңнан астам азамат ресми экономикалық айналымға жұмылдырылды.Сонымен бірге салық есебі мен есептеулерді автоматтандыруды көздейтін «сервис түріндегі салық» қағидасы іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – «батырманы бір-ақ басу» негізіндегі есеп форматына көшу.ЖИ қолданыс аясын кеңейтуге ерекше мән берілген. Айталық, қосымша 672 тәуекел айқындалып, бұл бақылаудың дәлдігін арттырып, кәсібін адал түрде жүргізетін жандарға әкімшілік жүктемені азайтуға жол ашады.2029 жылға қарай ШОБ салық міндеттемелерінің кемінде 80% ЖИ көмегімен алдын ала толтыруды жолға қойып, салықты уақтылы әрі адал төлейтін азаматтарды тексеруді 50% азайту жоспарланған.Бұл ретте цифрлы трансформация мемлекеттік қаржы саласын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін нығайтып, әкімшілік жүктемені азайтуға, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға арналған озық сервистерді дамытуға бағытталғанын айта кетейік. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1305770?lang=ru
Аймақта жылу беру маусымы басталды 08.10.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына орай өңірлердегі жағдайды баяндады.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін. Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Мәжілісте цифрландыру бағыты бойынша ІТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандарды, сарапшыларды тартып, кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу, экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.Озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, үздік жобаларды енгізуге және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға барлық басқарма, қала және аудан әкімдіктері қатысуы қажет.Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды.Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр. Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1305848?lang=ru
Сыр өңірінің үздік ұстаздарына құрмет көрсетілді 06.10.2026
«Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті.Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген болатын. Бұл сөздің салмағы ерекше. Шын мәнінде, ұстаз – баланың алдына білімнің ғана емес, өмірдің жолын ашатын тұлға.Бүгін осы залда отырған әр педагогтің еңбегі – бір шәкірттің тағдырымен, бір отбасының үмітімен, тұтас елдің ертеңімен сабақтас.Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жоймады. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби өрлеу тілеймін! Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жиында Сыр елінің үлгілі ұстаздарына «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» медальдары табысталды.Сонымен қатар, бірқатар ұстаз «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдарымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.Мерекелік шарада еңбегімен көзге түсіп, шәкіртімен бірге білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама берілді.Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.Бүгінгі мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстазды Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда Сыр өңірінің ұстаздары да құрметке бөленді. Атап айтқанда, Қазалы ауданы Б.Мергенбаев атындағы №226 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Нұрмахатов «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.Айта кету керек, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірдің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Кейінгі төрт жылда салаға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 млрд теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1305451?lang=ru
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысымен танысты 05.10.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және автомобиль жолдарының сапасын арттыруда қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында "Жақында "Қызылорда – Жезқазған" жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның "Қызылорда – Ақтөбе" арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ" деп атап өткен болатын.Тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді.Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндап, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы жобалардың маңызын атап өтті. Аймақ басшысы алдымен "Қызылорда–Ақтөбе" бағытындағы Қызылорда қаласының айналма жолы мен «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңына барды.Қызылорда қаласының айналма жолының ұзындығы 25,8 шақырым, келісімшарт құны 39,5 млрд теңге. Ислам даму банкі есебінен қаржыландырылуда. Бас мердігері «Қыран», жобалаушысы «Семдорпроект» серіктестіктері. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Құрылысқа 150 жұмысшы және 85 арнайы техника жұмылдырылған.«Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының 130,8 шақырымын қамтитын жобаның құны 242,3 млрд теңге. Қаржыландыру көзі Ислам даму банкі болса, мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Элит Строй Комплект» серіктестіктері. 2026-2029 жылдар аралығында іске асады. Қазір құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен 43 арнайы техника тартылған.Аталған жобалар өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік қозғалысы қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға, транзиттік бағыттардың өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1304512?lang=ru
Аймақ басшысы Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдердің жұмысымен танысты 05.10.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдер мен нысандарды аралады.Алдымен ҚР Қорғаныс министрлігінің 66597 әскери бөліміне барды. Мұнда 526 әскери, оның ішінде 42 мерзімді әскери қызметші және 17 азаматтық қызметкер бар. Сондай-ақ 107 техника пайдаланылуда.Аталған министрлікке қарасты 99215 әскери бөлімінде инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде. Бұл мақсатқа 2024 жылы 278,8 млн теңге, өткен жылы 369,8 млн теңге, биылға 151 млн теңге бөлінген. Бөлімде 6 ғимарат бар, жеке құрамда 90 әскери қызметші және 10 азаматтық қызметкер еңбек етеді.Келесі нысан – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті. Құрылымдық бөлімшелерін қоса есептегенде 118 ғимараты, жеке құрамында 700-ден астам әскери қызметші және 90-нан аса азаматтық қызметкер бар. Мерзімді әскери қызметшілер жоқ.Аймақ басшысы Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміндегі жағдайды да көрді. Мұндағы жеке құрам 540 әскери қызметшіден және 3 азаматтық қызметкерден құралған. Осы бөлімге қарасты әскери атыс алаңы 70 гектар жерде, аумағында 5 ғимарат орналасқан. Атыс алаңында 3 әскери қызметші және 4 мерзімді әскери қызметші жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1304503?lang=ru
Халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар марапатталды 03.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қырғызстанда өткен VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін және тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы Ермұхамед Әләйдарды қабылдады. Спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, алдағы сайыстарына сәттілік тіледі.«Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің, Сыр өңірінің намысын лайықты қорғап, жүлделі орындарға ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» деп атап өтті.Әлемнің 113 мемлекетінен үш мыңға жуық спортшы бақ сынасқан тартысты додада үш жерлесіміздің жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуін ерлік деп санаймын.Жарыс қорытындысы бойынша алыш күресінен Жандос Әбубәкіров қола жүлде еншіледі. Ал көк бөрі ойынынан Нұрлыбек Асқаров, көкпардан Алмат Жүнісов ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс медалға ие болды.Сондай-ақ, Румынияның Бухарест қаласында тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионатында талантты спортшымыз Әлайдар Ермұхаммед айқын басымдықпен жеңімпаз атанды.Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, табандылықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында көк байрағымыз көкке көтерілді. Ел мерейін үстем етіп, ұлттық спортты дамытуға қосып жүрген сүбелі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз!Спортшыларымыздың жарқын жеңісінің негізінде білікті бапкерлер Сламхан Боранбаев пен Хакімжан Елеусіновтің табандылығы мен ерен еңбегі жатыр.Алдағы уақытта да отандық спортты жаңа деңгейде көтеріп, байрақты бәсекелерде жоғары нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін. Еліміздің абыройын асқақтатар жеңісті күндеріңіз көп болғай!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Еске салайық, Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте 74 медальмен бірінші орын алды.Жиында Алмат Жүнісов, Сламхан Боранбаев сөз сөйлеп, жеңімпаз спортшыларға Мемлекет басшысының Алғыс хаты, облыстың Құрмет Грамотасы және қаржылай сертификат табысталды.Айта кетейік, 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде заманауи үлгідегі 27 спорт кешені пайдалануға берілді. Осы кезде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта 6 спорт кешені ел игілігіне табысталады.Өңірде 377 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады, бұл – халықтың 44,6 пайызы. Саланы дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың арқасында жыл басынан бері Сыр спортшылары Әлем, Азия чемпионаттарынан 34 алтын, 27 күміс, 28 қола медаль жеңіп алса, Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 192 алтын, 150 күміс, 192 қола жүлдеге қол жеткізген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1303819?lang=ru
Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді 02.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттарды мерекемен құттықтады.«Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, қарттықты қадірлеу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан озық дәстүр.Бұл – өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына. Сондықтан қазыналы қарияларымызды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Аймақ ардагерлерін әлеуметтік қолдау – менің назарымдағы басты мәселе. Сіздерге көрсетілетін қамқорлық әрі қарай да жалғаса береді.Біз Сіздерге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсетуге қашан да дайынбыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Аймақ басшысы орталық ғимаратының алдындағы киіз үйде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеге қызмет алушылардың өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдары қойылған.Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық қарт тұрады. Оның 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына биыл 843,8 млн теңге қаржы бөлінді. Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту, оңалту үшін қолайлы жағдай жасалды. Материалдық-техникалық базаны толықтыру әлі де жалғасады.Сонымен қатар Талсуат елді мекеніндегі 150 орынға арналған оңалту орталығында, Қызылорда қаласындағы 50 орындық жартылай стационарда зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1302913?lang=ru
Жеңілдетілген режіммен жұмыс істейтін бизнестің табысы 19% артты 02.10.2026
Мемлекеттік саясат кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін жайлы жағдайлар жасауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнесті жүргізудің түсінікті ережелерін бірізді түрде қалыптастыруға бағытталған.Салық заңнамасын жетілдіру бұл бағытта қолға алынған жұмыстардың бірі. Биыл қаңтар бастап жаңа Салық кодексі күшіне еніп, бұған сәйкес арнайы салық режімдері оңтайландырылған болатын. Оның ішінде жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режімі ең сұранысқа ие тетіктердің біріне айналды. Айталық, бұл тәртіпті қолданудың алғашқы нәтижелері кәсіпкерлердің қызметіндегі оң динамиканы байқатып отыр.Атап айтсақ, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына сәйкес осы режімді қолданған бизнестің табысы 9,4 трлн теңгеге ұлғайған. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 18,9%, яғни 7,9 трлн теңгеге артып отыр.Осы режімге сәйкес қызмет ететін кәсіпкерлердің жұмыспен қамту көрсеткіштері де оң серпінді көрсетіп отыр. Жалдамалы қызметкерлер саны 14,2%, яғни 445 мыңнан 509 мың адамға дейін өскен. Сәйкесінше еңбекақы қоры да 7,2% ұлғайған.Жалдамалы жұмыскерлері жоқ бизнес субъектілері 30,5% азайған. Декларацияларда табысын нөлден бес млн теңгеге дейін көрсеткен кәсіпкерлердің үлесі үштен бірге төмендеді. Бұл деректер жаңартылған режім шеңберіндегі алғашқы есептіліктің қорытындысы бойынша алынды. Тамыз айында кәсіпкерлер алғаш рет биылғы бірінші жартыжылдыққа арналған декларацияны тапсырды.Осы ретте жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режімін жылдық табысы 600 мың АЕК болатын Салық кодексінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алатынын айта кетейік.Жеке немесе корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі – 4%. Бұл орайда жергілікті өкілді органдар оның мөлшерін заңнамада белгіленген шекті деңгейде азайтуға немесе ұлғайтуға құқылы. Салық және есепті кезең жартыжылдық болып саналады.Осы режімді қолданатын кәсіпкерлер (импортталатын тауарларға арналған ҚҚС және бейрезиденттерге байланысты ҚҚС есепке алмағанда) әлеуметтік салық пен ҚҚС төлеушілері болып саналмайды.Алғашқы нәтижелер бизнес пен жұмыспен қамтудың декларацияланатын кірістердің өсімін көрсетіп отыр. Сонымен бірге жалдамалы жұмыскерлері жоқ кәсіпкерлер мен ең төменгі кірісті декларациялайтын субъектілер азайған.Алынған мәліметтер АСР-дегі өзгерістің алғашқы оң нәтижелері туралы айтуға толық мүмкіндік беріп отыр. Олардың әрмен қарай нәтижелері кейінгі есепті кезеңдердегі деректердің жинақталуына қарай бағаланатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1302790?lang=ru
Дүниежүзілік күнтізбеде 1 қазан - Халықаралық қарттар күні ретінде белгіленген. 02.10.2026
Еліміз әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі болғандықтан аталған датаны назардан қалдырмай игі дәстүрге сай атап өтіп жүр.Ұрпақ сабақтастығы мәселесінде оның маңыздылығы тіптен ерекше.«Көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұра», деген тәмсілді ескерсек, мұның буын алмасу мәселесінде пайдасы зор.Қартты қадірлеген ел - қатардан қалмайды. Көнекөз қарияларымызды ғұмыр ғибратымен сүйіншілесін!ҚР Қаржы министрлігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1302563?lang=ru
Аймақ басшысы Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті 01.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті.Онда елді мекендердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту,халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.Ауылдық округтерде көшелерге асфальт төселген, аяқсумен қамтылған және жарықтандырылған. Тұрғындар мал ұстайды, кәсіпкерлікпен айналысады.Кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.Аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылындағы учаскелік полицияның жаңа пунктінің жұмысымен танысты. Нысанды демеушілік қаражат есебінен 22 млн теңгеге «Сәт-Сервис» серіктестігі салып, қыркүйек айында пайдалануға берілген.Бұл ауылда 2330 тұрғын бар. Учаскелік полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.Одан кейін облыс әкімі «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігінің қаржыландыруы есебінен 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан 4,3 шақырым «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолының құрылысын көрді. Бас мердігер «Орда АвтоДор» ЖШС қолға алған құрылысты авторлық қадағалауға «Димаш-Сервис», техникалық қадағалауға «Опора Строя» серіктестіктері жауапты. Қайта жаңғыртудан өткен жол Еңбекші ауылы тұрғындарының көлік қатынасын жайлы етеді.Шиелі кентіндегі жол жөндеу жұмыстары, мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебі де назардан тыс қалмады. Биыл Қожа Ахмет Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 544,6 млн теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.№9 Шиелі аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы 249,9 млн теңге бөлінген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңартылып, спортшылар мен жаттықтырушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.Айта кету керек, Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырым болса, оның 80 шақырымы республикалық, 100,5 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар санатында.Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 138,1 шақырымы (94,9 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз асфальтталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1302249?lang=ru
Шиеліде күн-электр станциясы іске қосылды 01.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Vigor Holding» компаниясының Шиелі ауданындағы қуаттылығы 20 МВт күн-электр станциясын іске қосу рәсімі өтті. Оған облыс прокуроры-инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аталған компанияның және жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкінің» өкілдері арнайы қатысты.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, оның ішінде индустрия, энергетика және құрылыс салаларында заманауи өндірістер ашуды тапсырған болатын.Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді.Осының айқын көрінісі ретінде, бүгін отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық.Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз! Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады. Осы ретте, ұтымды әлеуетімізді және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет. Жаңа станцияның жұмысы табысты болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жобаның нәтижелі жүзеге асуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ризабек Кәрімұлы, «Vigor Holding» компаниясының бас директоры Айтуған Ахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, ардагер Өркен Әзімханұлы ақ батасын берді.Бүгінде өңірде жалпы қуаттылығы 151 мегаватт болатын 11 күн-электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қуаттылығы 225 мегаваттан асатын тағы 7 күн-электр станциясын іске қосу жоспарланған.Қазір Арал және Жаңақорған аудандарында 30 мегаваттық станциялар құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 15 мегаваттық, ал Шиелі ауданында әрқайсысының қуаттылығы 60 мегаватт болатын екі күн-электр станциясының жобасы әзірленуде. «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің 10 мегаваттық станциясының құрылысы алдағы айда басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1302233?lang=ru
Егін жинау науқанының барысы қаралды 30.09.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.«Мақсат – егінді ысырапсыз әрі шығынсыз жинап алу. Науқанды қазан айының 15-інен кешіктірмей аяқтау керек. Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде сапалы атқаруға басымдық берілуі тиіс.Кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жасап, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының орындалуын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Мемлекеттік кірістер департаменті қолдау алған кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етсін.Жеңілдетілген қаржы, субсидия және кепілдікке ие болған кәсіпкерлердің салық түсімдеріне жан-жақты талдау жасалсын. «Жұмыс жүргізілді», «түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды» деген бос сөз, құр есеп қажет емес. Нақты нәтижеге мән беріп, қорытындысын баяндаңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Берденова,облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндама жасады.Биыл өңірде 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егісті әртараптандыру мақсатында 11 мың гектарға жүгері себілді.Алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін 3,2 млрд текше метр су лимиті бекітіліп, вегетациялық кезең штаттық режимде өтті. Диқандар тұқым, тыңайтқыш, гербицид және жанар-жағармаймен толық қамтылды. Сырдария өзенінен каналдар арқылы егістікке 2,5 млрд текше метр су берілді.Аймақта ерте егілген дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Бүгінде 36 мың гектар күріш орылып, оның 27 450 гектары бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 48,4 центнер, 133 мың тонна күріш салысы жиналды.Жиында жылу беру маусымына әзірлік барысы да қаралды. Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд теңге бөлініп, 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту, газтурбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жүргізу, жылу желілерін, қазандықтар, турбина және автономды қазандықтарды жөндеу жұмыстары толық аяқталды.Электр желілерін жаңғыртуға 7,6 млрд теңге бағытталып, 460 шақырым электр желісі мен 134 қосалқы станция жөндеуден өткізілді.Облыстағы 1 074 әлеуметтік нысанның дайындығы 100 пайыз. Жылу ауа райының нақты жағдайына және сыртқы ауаның тәуліктік орташа температурасына қарай беріле бастайды. Қыс мезгілінде тұрғындарға 68 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 12 мың тонна, барлығы 80 мың тоннакөмір қажет. Көмір қорын толықтыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1301040?lang=ru