Қуқық
Алматыда ескі базар 7300 шаршы метрлі сауда үйіне айналды 09.09.2026
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Алматы қаласының халқы мен және бизнес өкілдерімен кездесіп, тұрғындарды жеке қабылдады. Вице-министр халық алдында есеп беріп, сауда саласында атқарылған жұмыстарған тоқталды.Биылғы жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы қаласының ішкі саудасындағы тауар айналымының көлемі 12,3 трлн теңгені құрады. Саудадағы нақты көлем индексі 105,3%-ға жетіп, 103,9% деңгейіндегі жоспарлы көрсеткіштен асты. Алматы елдің ішкі саудасында 34% үлеске ие. Осылай елде сауда көрсеткіші бойынша бірінші орында. .2026 жылдың қаңтар–маусым айларында бөлшек сауда көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,6%-ды көрсетті. Бөлшек сауданың өңірдің жалпы сауда көлеміндегі үлесі 29,5%-ды құрайды.2026 жылдың алғашқы алты айында көтерме сауда көлемі 8,6 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 106,1%-ды құрады. Көтерме сауданың өңірдің жалпы сауда көлеміндегі үлесі 69,9%-ды құрайды.Сонымен қатар сауда саласындағы инвестициялық белсенділік артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында сауда саласына тартылған инвестиция көлемі 161,8 млрд теңгені құрады.Өңірдің сауда инфрақұрылымында 37 сауда базары жұмыс істейді, оның 31-і әмбебап, 6-ы мамандандырылған. Сондай-ақ 12 сауда желісі жұмыс істейді, оның ішінде 7 ірі сауда желісі бар: Magnum, Small, MyMart, Toimart, Metro, Interfood және Galmart.Бұдан бөлек, өңірде 4 457 «үй жанындағы» дүкен, 21 сауда-ойын-сауық орталығы, 29 сауда орталығы және 42 сауда үйі жұмыс істеп тұр.Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков қаладағы сауда базарларын модернизациялау жол картасына сай жаңғыртудан өткен сауда нысанына барды. Осыған дейін көп контейнерлі «Тиграухада» базары, толық жаңғыртудан өтіп, «Abai Plaza» сауда үйіне айналған.«4,5 млрд жеке инвестицияға базарымызды жаңғыртып, қазір оны 7300 шаршы метр сауда орталығына айналдырдық. Сауда үйімізде қазір 55 жалға алушы бар. Олардың 80 пайызы бұрынғы жалға алушыларымыз», - деді Азамат Шағытов «Тиграхауд» ЖШС бас директоры.Артынша вице-министр 1948 жылдан бері жұмыс істеп тұрған 80 жылға жуық тарихы «Бахус» зауытының жұмысын көрді. 12 түрлі өнім шығаратын зауыт, тек ішкі нарықтың сұранысына емес, алыс-жақын көрші елдерге де сату тізбегін ретке келтірген. Қазір зауыттың өнімдері Ресей, Моңғолия, Тайланд, Өзбекстан сияқты елдерге экспортталады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1288568?lang=ru
Қазақстан мен Үндістан 122 млн долларлық келісімдерге қол қойды 09.09.2026
Ченнай қаласында өткен Қазақстан-Үндістан сауда және инвестициялар жөніндегі бизнес-форумы нақты нәтижелермен қорытындыланды. Форум барысында жалпы құны 122 млн АҚШ долларын құрайтын екі негіздемелік келісімге қол қойылды.Солардың бірі Қазақстанда Sonalika/Solis тракторларын құрастыру мен өндірісін кезең-кезеңімен жергіліктендіруге бағытталған. Келісім «SP BKM» ЖШС мен International Tractors Limited компаниясы арасында жасалды. Жоба аясында тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу, құрастыру, өндірісті жергіліктендіру, тарату және кейінгі сервистік қызмет көрсету мәселелері қамтылады. Келісімнің құны – 120 млн АҚШ доллары.Тағы бір келісім «SP BKM» ЖШС мен Big Bang Boom Solutions Private Limited компаниясы арасында қорғаныс технологиялары, ішкі қауіпсіздік және қосарлы мақсаттағы шешімдер саласында жасалды. Тараптар Қазақстанда өзара тиімді жобаларды бірлесіп анықтап, бағалап, іске асыру мүмкіндіктерін қарастырады.Қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков бастап барды. Сапар аясында ол Тамилнад штатының Сауда, өнеркәсіп және инвестицияларды ілгерілету министрі Селви С. Киртанамен және International Tractors Limited компаниясының атқарушы директоры Рахул Митталмен кездесті.Бизнес-форумға Қазақстан тарапынан 110-нан астам өкіл қатысты. Олардың қатарында еліміздің әр өңірінен келген 65-ке жуық компания бар. Олар машина жасау, агроөнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, денсаулық сақтау, құрылыс, мұнай-газ, жеңіл өнеркәсіп, IT және логистика салаларын таныстырды.Кездесулердің негізгі мақсаты – қазақстандық және үндістандық компаниялар арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, сауда көлемін арттыру, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске қосу.Форумда өңірлер арасындағы байланысты дамытуға да басымдық берілді. Ақмола, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының өкілдері өз өңірлерінің экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, үндістандық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын жобаларын ұсынды.«Қазақстан Үндістанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді. Біздің қарым-қатынастарымыздың әлеуетін толық пайдалану үшін өңірлер мен бизнес өкілдерінің арасындағы байланысты күшейту қажет. Сондықтан Қазақстан өңірлері мен Үндістан штаттары арасындағы тікелей әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында екі ел арасындағы тауар айналымы 315,4 млн АҚШ долларын құрады.Қазақстан Үндістанға экспорт көлемін ұлғайтып, жеткізілетін тауар түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Қазіргі таңда экспортты шамамен 313 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік беретін 95-ке жуық тауар позициясы анықталды. Олардың қатарында металлургия, химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау өнімдері бар.Кездесулер барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық та талқыланды. Қазақстан Үндістан тауарларын өз аумағы арқылы Орталық Азия, Қытай және Еуропа нарықтарына жеткізуді кеңейтуге мүдделі.Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, маңызды минералдар, өнеркәсіптік кооперация, фармацевтика, цифрландыру, жасанды интеллект, IT және энергетика салалары бірлескен жобалар үшін перспективалы бағыттар ретінде қарастырылды.Қазақстан үндістандық инвестициялар мен технологияларды тартып, елде жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамытуға және өнімдерді жергіліктендіруге мүдделі. Осы мақсатта үндістандық компанияларға Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарда өндіріс ашу мүмкіндіктері таныстырылды. Қазір еліміздің 14 өңірінде 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларға дайын инфрақұрылыммен қатар, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынады.Жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация Ченнайдағы бірқатар өнеркәсіптік және инновациялық кәсіпорындарға барды. Олардың қатарында жүк, жолаушылар, құрылыс, тау-кен және арнайы техникаға арналған автоматты трансмиссиялар өндіретін Allison Transmission India Private Limited және дәрі-дәрмек өндіру мен жеткізуге маманданған Caplin Point Laboratories Limited фармацевтикалық компаниясы бар. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1288477?lang=ru
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Иран Елшісін оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады 09.09.2026
Астана, 2026 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукарды дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.Кездесу барысында тараптар Иран Елшісінің Қазақстандағы үш жылдық дипломатиялық қызметінің қорытындыларын, екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы жетістіктерді, сондай-ақ өзара қызығушылық танытатын салалардағы қазақстандық-ирандық іс-қимылды одан әрі дамытудың перспективаларын талқылады. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асырудың, сондай-ақ тұрақты саяси диалогты сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.А.Исағалиев А.Джоукардың Қазақстан мен Иран арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және өзара іс-қимылды кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалап, Иран Елшісінің Қазақстандағы қызметі кезеңіндегі белсенділігін айрықша атап өтті.Өз кезегінде, А.Джоукар дипломатиялық миссиясы барысында көрсеткен қонақжайлығы мен қолдауы үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, Мемлекет басшылары айқындаған Қазақстан-Иран қатынастарын дамыту бағытының одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1288437?lang=ru
Қорытынды тексеруге дайындық: Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері атыс жаттығуларын пысықтады 09.09.2026
Ақмола гарнизонының оқу-жаттығу полигонында алдағы қорытынды тексеру қарсаңында Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының жеке құрамымен атыс дайындығынан практикалық сабақтар өткізілді.Атыс жаттығуы басталар алдында әскери қызметшілер арнайы жабдықталған оқу орындарда қаруды атуға дайындау жұмыстарын пысықтап, тактикалық медицина және жауынгерлік даярлықтың басқа да пәндерінен де нормативтер тапсырды.Офицерлер құрамы жаттығу барысында 25 метр қашықтықтағы нысаналарға Макаров тапаншасынан №1 бақылау атыс жаттығуын орындады. Келісімшарт қызметіндегі әскерилер АК-74 автоматынан №4 жаттығуды орындап, қаруды шебер меңгергендерін көрсетті.Жауынгерлік даярлық бас басқармасынан тағайындалған әкімшілік атыстарды ұйымдастырып, басқарды. Іс-шаралар Қарулы күштердің атыс қаруларынан, жауынгерлік машиналардан, танктерден және ауыр отшашар жүйелерінен атыс жүргізу курсының талаптарына қатаң сақтап өткізілді.Сабақтар барысында атысқа қатысушылардың моральдық-психологиялық күйіне ерекше көңіл бөлінді. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі мамандар жеке құраммен түсіндіру және мотивациялық әңгімелер жүргізді. Психологиялық қолдау әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын көтеруге, өз күштеріне деген сенімін нығайтуға және қойылған міндетті сапалы орындаудағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етті.Мұндай сабақтар жеке құрамға штаттық қарумен машықтануға, атыс дәлдігін арттыруға және қорытынды тексеру кезінде нормативтерді ойдағыдай тапсыруға психологиялық тұрғыдан дайындалуға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1288345?lang=ru
Шетелде білімін жетілдірген дәрігерлер Алматы облысы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде 09.09.2026
Алматы облысында Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жетекші медициналық ұйымдарының клиникалық базаларында білім алып, біліктілігін арттырған мамандардан құралған мобильді медициналық топтардың жұмысы жалғасуда. Дәрігерлер аудан тұрғындарына мамандандырылған консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіп, жергілікті медицина қызметкерлеріне практикалық оқыту жүргізуде - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.2026 жылы медицина кадрларының біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 160 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 100 млн теңге 37 дәрігердің шетелде білім алуына бағытталды. Наурыз–сәуір айларында мамандар Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының клиникалық базаларында алғашқы медициналық-санитариялық көмек, ана мен бала денсаулығын сақтау, гематология, кардиология, нейрохирургия, онкология және басқа да бағыттар бойынша білімдерін жетілдірді.Алынған білім мен практикалық тәжірибе облыстың медициналық ұйымдарының жұмысына, оның ішінде мобильді медициналық топтардың аудандық елді мекендерге шығуы арқылы енгізілуде.Осы жұмыс аясында мамандар Балқаш, Райымбек және Кеген аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті. Барлығы 1 137 пациент қабылданып, түрлі күрделіліктегі 6 ота жасалды. Сонымен қатар дәрігерлер алғаш рет анықталған аурулар бойынша кеңес беріп, емдеу тактикасын айқындап, диспансерлік бақылау мәселелері бойынша ұсынымдар берді.Әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Акушер-гинеколог 383 әйелге кеңес беріп, оның ішінде 13 әйелге прегравидарлық дайындық бойынша ұсынымдар берді. Педиатр 238 баланы қарап-тексерді. Оның ішінде 47 бала «Дені сау бала» кабинетінде қамтылса, 32 бала сүзгі кабинетінде қаралды.Психиатр диспансерлік есепте тұрған 129 пациентке консультация жүргізді. Балалар нейрохирургі 46 пациентке кеңес беріп, бір науқасқа менингиолиз және титан пластинасын қолдана отырып краниопластика бойынша бірегей операция жасады. Хирург 80 пациентті қабылдап, 4 ота жасады. Травматолог 57 пациентке кеңес беріп, бір ота жүргізді.Жалпы практика дәрігерлері 227 пациенттіқабылдады. Созылмалы аурулары бар науқастарға диспансерлік бақылау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Практикалық тәжірибе алмасуға да ерекше көңіл бөлінуде. Неонатолог перзентхана қызметкерлеріне жаңа туған нәрестені алғашқы тұрақтандыру, өкпені жасанды желдету параметрлері және шала туған балаларға күтім жасау бойынша үш тренинг өткізді. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне жаңа туған нәрестелерді реанимациялау, акушерлік-гинекологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру және басқа да өзекті тақырыптар бойынша мастер-кластар мен семинарлар ұйымдастырылуда.Мобильді медициналық топтың кезекті сапары 7 - 8 қыркүйек күндері Қарғалы аудандық ауруханасында өтті. Оның құрамында облыстық деңгейдегі мамандар – - онколог-рентгенолог, инфекционист және акушер-гинеколог болды.Екі күн ішінде дәрігерлер аудан тұрғындарын қабылдап, 35 маммографиялық зерттеу жүргізді. Инфекционист 27 пациентті, ал акушер-гинеколог 34 жүкті әйелді қарап-тексерді.Пациенттерді қабылдаумен қатар, мамандар жергілікті медицина қызметкерлеріне практикалық сабақтар өткізді. Рентген-лаборанттарға маммография жүргізу және алынған түсірілімдерді бағалау бойынша оқыту ұйымдастырылды. Әйелдер консультациясының мамандарына тәжірибелік сабақ өткізіліп, «Жүкті әйелдердегі гепатит» тақырыбында дәріс оқылды.Осылайша, мобильді медициналық топтардың жұмысы бір мезетте екі маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: аудан тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және жергілікті медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіру.Мамандардың аудандық медициналық ұйымдарға шығуы ауруларды ерте анықтауға, емдеу мен диспансерлік бақылаудың одан арғы тактикасын айқындауға, сондай-ақ заманауи диагностика және емдеу әдістерін аудандық медицина ұйымдарының жұмысына енгізуге мүмкіндік береді.Алматы облысында бейінді мамандардың аудандық медициналық ұйымдарға шығуы жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мобильді медициналық топтардың жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1288279?lang=ru
Медиация және превентивтік дипломатия Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығының назарында 09.09.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтің Швейцарияға жұмыс сапары аясында Швейцария Федералдық сыртқы істер департаментінің Бейбітшілік және адам құқықтары дивизионының директоры Тим Эндерлинмен кездесу өтті.Келіссөздер барысында медиация және превентивтік дипломатия мәселелері, сондай-ақ делдалдық қызметтің практикалық аспектілері бойынша пікір алмасу орын алды. Тараптар алдағы өзара іс-қимылды дамыту және жинақталған тәжірибемен алмасу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.А. Исетов қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтіп, сенім шараларын нығайту, дағдарыстардың алдын алу және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін диалогтың, делдалдықтың және превентивтік тетіктердің маңызын атап көрсетті.Өз кезегінде Т. Эндерлин швейцариялық медиаторлық құзыреттерді дамыту тәсілдерін, оның ішінде мамандарды даярлау жүйесімен таныстырды. Швейцария бұл салада көптеген жылдар бойы сараптамалық әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеді және бітімгершілік пен делдалдық процестерге қатысатын кадрларды кәсіби даярлау бойынша мол тәжірибеге ие.Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің медиация және превентивтік дипломатия мәселелері бойынша сараптамалық алмасуды жалғастыруға және өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігі расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1288095?lang=ru
Қазақстан мен Австралия екіжақты іс-қимылды кеңейтуге ниетті 08.09.2026
Астана, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Австралияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джон Гирингті қабылдады.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылап, Астана мен Канберраның саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.Австралия Елшісі Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, соның ішінде Құрылтай сайлауына жоғары баға берді.Сонымен қатар, сұхбаттасушылар көпжақты алаңдар, оның ішінде БҰҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан мен Австралияның халықаралық бастамаларын өзара қолдау мәселелерін талқылады.Кездесу соңында тараптар өзекті халықаралық мәселелер және олардың өңір елдеріне ықпалы жөнінде пікір алмасты.Дж. Гиринг сонымен қатар резиденциясы Мәскеу қаласында орналасқан Ресейдегі, Армениядағы, Беларусьтегі, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы, Түркменстандағы және Өзбекстандағы қоса атқарушы Австралия Елшісі болып табылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1287956?lang=ru
Алматы облысында жалақысы 1 250 000 теңгеге дейін жететін бос жұмыс орындары бар 08.09.2026
Алматы облысында білікті мамандарға 1,25 млн теңгеге дейінгі жоғары жалақы ұсынылуда. Өңірдегі Электрондық еңбек биржасында басшылық қызметтерден бастап техникалық мамандықтарға дейін мыңдаған бос жұмыс орны бар.Өңірде білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Себебі жаңа өндіріс ошақтары ашылып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салалар қарқынды дамуда. Тиісінше еңбек нарығында маман тапшылығы сезіле бастаған. Сондықтан кейбір жұмыс берушілер жоғары жалақы ұсынып, мықты мамандарды іздестіруде.Мәселен, облыстағы мекемелердің бірі заң бөлімінің басшысы лауазымына 1,25 млн теңге жалақы төлеуге дайын.Сонымен қатар өзге де кәсіпорындардағы бірқатар басшылық және жоғары білікті мамандар үшін жалақы 1 млн теңгеге дейін жетеді. Олардың қатарында бас бухгалтер, бөлім басшысы, бас механик және жоба бойынша бас технолог бар.Медицина саласында жалпы хирург дәрігеріне 950 мың теңгеге дейін, бас дәрігер немесе мекеме басшысына 877 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылады.Техникалық мамандықтар бойынша да жалақы деңгейі жоғары. Бас инженер, геодезист, тиегіш машиналардың машинисі, жинақтаушы және қойма меңгерушісі сияқты мамандарға 600–700 мың теңге көлемінде жалақы ұсынылады.Мамандар алдағы бес жылда облысқа 21 мыңнан астам маман қажет дейді. Еңбек нарығына жүргізілген мониторинг барысында өңірде кадрларға деген сұраныстың тұрақты екені байқалған.Атап айтқанда, 2026 жылы – 4 792 маман, 2027 жылы – 4 723, 2028 жылы – 4 793, 2029 жылы – 4 245, 2030 жылы – 3 790, ал 2031 жылы – 3 856 маман қажет болады.2026 жылы мамандарға деген ең жоғары сұраныс құрылыс саласында қалыптасып отыр. Бұл бағытта 661 маман қажет. Ауыл шаруашылығында – 557, өнеркәсіп пен өндірісте – 333, көлік және логистика саласында – 246, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетикада 157 маманға сұраныс бар.Еңбек нарығындағы сұранысты Электрондық еңбек биржасындағы көрсеткіштер де растайды. Мәселен, Enbek.kz платформасында Алматы облысы бойынша 2 637 хабарландыру жарияланып, 5 115 бос жұмыс орны ұсынылған. (Enbek.kz)Бос жұмыс орындарының ең көп бөлігі білім беру саласына тиесілі – 1 238 орын. Өндірісте – 472, ауыл шаруашылығында – 240, денсаулық сақтау саласында – 192, құрылыста – 175, көлік және логистикада 170 бос жұмыс орны бар.Сондай-ақ сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және энергетика салаларында да мамандарға сұраныс өте жоғары.Ресми статистика бойынша, 2026 жылдың I тоқсанында Алматы облысында орташа айлық 376 012 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға жоғары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1287849?lang=ru
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы Қызылорда филиалының директоры тағайындалды 08.09.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда «Отбасы банк» акционерлік қоғамы басқармасы басшысының бұйрығымен банктің Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры лауазымына тағайындалған Жайшаев Руслан Асылбекұлы таныстырылды.Бұған дейін филиалды басқарған Әділжан Рахымжанұлы Сәулебаевқа өңірде атқарған қызметі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.Руслан Жайшаев 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қырғыз ұлттық мемлекеттік университетінде «Банк ісі», «Мирас» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған. Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» дәрежесін иеленген.Еңбек жолын 2003 жылы банк саласында қашықтан қызмет көрсету бөлімінің менеджері ретінде бастаған. 2006-2010 жылдары «Банк ЦентрКредит», «Қазкоммерцбанк», «Цеснабанк» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы филиалдарында, 2010-2016 жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы және Жамбыл облыстық филиалдарында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2016-2017 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры, 2017-2020 жылдары «Отбасы банк» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық филиалдары директорының орынбасары болған.2020 жылдан осы уақытқа дейін «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1287728?lang=ru
Биыл Алматы облысында 510 шақырым жол жөнделеді 08.09.2026
Алматы облысында автомобиль жолдарын жөндеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.Биыл ұзындығы елу шақырым болатын облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Оған 16,6 млрд теңге қаржы бөлінген.Атап айтқанда, «Есік–Саймасай (Александровка)» автожолының 11,8 шақырымында асфальтбетон жабыны толық төселіп, жұмыстардың 95%-ы орындалды. Ал, «Алмалыбақ (Киз)–Жетісу» автожолының 18,1 шақырымындағы жөндеу жұмыстары 70%-ға аяқталды. Сондай-ақ “Алматы-1 – Шамалған станциясы – Ұзынағаш” автожолының 19,5 шақырымында жұмыстар 65%-ға орындалды.Бұдан бөлек Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, нысан пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 551,5 млн теңге.Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы «Приканальная БАК» автомобиль жолының 54,8 шақырымында орналасқан Түрген өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Су шайып кеткен өткелді қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 23,4 шақырым болатын 6 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 3 нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.Жолдарды күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға 6 мердігер ұйым, 151 арнайы техника және 164 жол жұмысшысы жұмылдырылды.Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды.Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды 2026 жылы аяқтау, ал 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген.Қазіргі уақытта биылға жоспарланған жұмыс көлемінің 63%-ы немесе 322,4 шақырымы жол жөнделді.Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары облыстың барлық аумағында жалғасуда. Атап айтқанда, Қарасай ауданында жұмыстардың орындалу деңгейі 78%, Іле ауданында 77%, Жамбыл ауданында 75%, Еңбекшіқазақ ауданында 70%-ды құрайды.Сонымен қатар, Іле ауданындағы «Боралдай–Шіліккемер» автомобиль жолының екі учаскесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның орындалу деңгейі 70%, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын жаңарту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1287736?lang=ru
Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуды талқылады 08.09.2026
Астана, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қырғыз тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев арасында телефон арқылы сөйлесу өтті.Қырғызстан СІМ басшысы қазақстандық әріптесін жоғары лауазымға тағайындалуымен жылы құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.Әңгіме барысында министрлер қазақ-қырғыз одақтастық қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жан-жақты жәрдемдесуге өзара ниет білдірілді.Сонымен қатар министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін қарастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1287543?lang=ru
Өскеменде қияр бағасы екі есе арзандады 08.09.2026
Өскеменде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жалпы алғанда тұрақты деңгейде қалып отыр. Ал жекелеген өнімдер бойынша баға айтарлықтай төмендеген. Мәселен, қалада қияр бағасы 51%-ға түсіп, жыл басындағы деңгейден екі есе арзандады. Қызанақ та 45%-ға арзандаған.Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы баға өзгерістеріне талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Өскемендегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға индексі 101,0%-ды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (101,4%) төмен.Бағаның төмендеуі әсіресе көкөніс өнімдерінен байқалады. Қияр мен қызанақтан бөлек, ақталған күріштің бағасы да жыл басынан бері 6,7%-ға төмендеген. Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай нанының бағасы қаңтардағы деңгейде сақталып, индексі 100,0% болды.Сүйекті сиыр етінің құны жыл басынан бері іс жүзінде өзгерген жоқ, ол 100,7% деңгейінде бекітілді (өсім небәрі 0,7%). Тауық етінің бағасы да тұрақты — индекс 100,2%.Сонымен бірге жаңа өнімге көшу кезеңіне байланысты бірқатар көкөніс түрлерінің бағасында маусымдық өсім байқалады. Сәбіз 57,4%-ға, пияз 51,4%-ға, картоп 30,9%-ға қымбаттаған. Қой етінің бағасы 19,5%-ға, тартылған ет 9,1%-ға өскен. Сары майдың бағасы 3,2%-ға, қатты ірімшік 1,1%-ға артқан.Маусымдық өзгерістердің нарыққа әсерін азайту үшін өңірде азық-түлік қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті фермерлерден картоп, пияз, қырыққабат және сәбіздің жаңа өнімін тікелей сатып алу арқылы тұрақтандыру қорын толықтыру көзделген. Жиналған өнім күзгі-қысқы кезеңде нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп, бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін пайдаланылады.Тұрғындардың өнімді делдалсыз әрі қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік беру үшін фермерлік жәрмеңкелер де тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұнда тауарлар дүкендердегі бағамен салыстырғанда 15–20%-ға төмен бағада ұсынылады. Жыл басынан бері облыста 421 жәрмеңке өткізілді.Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сауда орындарындағы бақылау да күшейтілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бақылау нәтижесінде талаптарды бұзған кәсіпкерлерге қатысты 75 әкімшілік шара қолданылды.Бұдан бөлек, өңірлік комиссияның жұмысы нәтижесінде тауар жеткізу тізбегінен 10-нан астам өнімсіз делдал шығарылды. Бұл өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы негізсіз үстемелерді қысқартуға және өнімнің түпкі бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1287431?lang=ru
Сүйінші хабар! 08.09.2026
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алыс қашықтық – 300 шақырымдық жорықта Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жүйріктер командасы сапындағы жерлесіміз Есен Ахметті арнайы құттықтады.«Шабандоздар бірнеше күн аса төзімділік пен табандылықтың арқасында жоғары нәтиже көрсетті. талап ететін сайыс. Бұл жеңіс еліміздің мерейін асқақтатқан зор жетістік. Жеңісті жорық жалғасын тауып, көк байрағымыз биікте желбірей берсін!», – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.Құмар Ақсақалов шабандоздар мен бапкерлерге зор денсаулық, толағай табыс және жаңа жетістіктер тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1287324?lang=ru
Алмас Жұмағали – VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері! 08.09.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қырғыз күресінен +100 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болған жерлесіміз Алмас Жұмағалиді жоғары жетістігімен құттықтады.Алмас Жұмағали – ұлттық спортымызды дамытуға өз үлесін қосып, бозкілемде талай мәрте жеңіске жетіп жүрген балуан. «Қазақстан барысы» республикалық турниріне бірнеше рет қатысып, Қостанай облысының намысын қорғап келеді.«Бұл жолғы халықаралық аренадағы жүлде – спортшының табандылығы мен қажырлы еңбегінің, сондай-ақ бапкерлерінің, жерлестердің қолдауы және сенімінің жемісі. Алмасқа алдағы жарыстарда толағай табыс пен жеңістер тілеймін!», – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1287318?lang=ru
Қазақстанда бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтары пилоттық режимде іске қосылды 08.09.2026
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтарының жұмысын пилоттық режимде бастады.«Даму» қоры жұмыс форматын кеңейту және бизнесті кешенді сүйемелдеу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қатысты мәселелерді шешу барысында мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды неғұрлым ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.Орталықтардың жұмысы мынадай тәртіппен ұйымдастырылады: кәсіпкер алдымен «Даму» қорының өңірлік филиалына жүгінеді. Мұнда мамандар жағдайға бастапқы талдау жүргізіп, мәселені шешудің ықтимал тетіктерін айқындайды және одан әрі сүйемелдеу бағытын белгілейді. Өтініштің сипатына қарай кейсті қарауға бейінді мемлекеттік органдар, қаржы институттары, жергілікті атқарушы органдар және «Бәйтерек» холдингі тобына кіретін ұйымдар тартылады. «Даму» қоры қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, кәсіпкердің мәселесі бойынша шешім қабылданғанға дейін оны сүйемелдейді. Осылайша, кәсіпкерге әрбір мемлекеттік органға немесе ұйымға жеке-жеке жүгінудің қажеті болмайды.Пилоттық жоба аясында бизнестің қаржылық тұрақтылығына және оның қызметін жалғастыруына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беріледі.Атап айтқанда, кәсіпкерлерге мынадай мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі:берешекті қайта құрылымдау және қаржыландыруға қол жеткізу;мемлекеттік қолдау шараларын алу;салық берешегін реттеу;өткізу нарықтарына қолжетімділікті қалпына келтіру және өнімді ілгерілету;кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту;агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау және қаржыландыру.Бұл бағыттар «Атамекен» ҰКП тізіліміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 2,4 мыңнан астам проблемалық өтінішін талдау нәтижесінде айқындалды. Олардың 600-ден астамы пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірден түскен. Кәсіпкерлердің басым бөлігі қаржыландыру және берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық салу, өнімді өткізу және бизнесті дамыту мәселелері бойынша жүгінген.Басты өлшем: мәселенің шешілуіДәстүрлі консультациялық форматтан айырмашылығы, Орталықтардың тиімділігі ең алдымен нақты нәтижеге қарай бағаланады. Негізгі көрсеткіш ретінде кәсіпкерлердің шешімін тапқан өтініштерінің үлесі, бизнестің қаржыландыру мен өткізу нарықтарына қолжетімділігін қалпына келтіруге көрсетілген жәрдем, проблемалық кредиттер мен салық мәселелерін шешу, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуы ескерілетін болады.Сонымен қатар Орталықтар бизнесте жиі қайталанатын мәселелер бойынша талдау жүргізеді. Бұл жүйелі кедергілерді анықтауға және қолданыстағы қолдау шаралары мен заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігі бағаланып, оны еліміздің басқа өңірлерінде одан әрі енгізу және ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.Бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталығына пилоттық жоба іске асырылатын бес өңірдегі «Даму» қорының өңірлік филиалдары арқылы жүгінуге болады. Өңірлік филиалдардың мекенжайлары мен байланыс деректері Қордың ресми сайтында қолжетімді. Сондай-ақ ақпаратты 1408 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1287250?lang=ru
Қазақстан тәуелсіз панда-облигациялардың екінші шығарылымын табысты орналастырды 07.09.2026
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қытай қор нарығына жалпы сомасы 6,6 млрд юань болатын тәуелсіз (егеменді) панда-облигациялардың екінші шығарылымын сәтті орналастырды. Панда-облигациялар екі траншпен, атап айтқанда 1.82% жылдық мөлшерлемесіне сәйкес 5 млрд юань көлемінде 3 жылдық облигациялар және 1.95% жылдық мөлшерлемесі бойынша 1,6 млрд юань көлемінде 5 жылдық облигациялар шығарылды.Қазақстан қытай нарығында аса жоғары кредиттік рейтингтері бар «А» санатындағы елдермен пара-пар шарттармен қаржыландыруды тарта білді. Инвесторлардың жоғары қызығушылығы елімізде жүргізіліп жатқан экономиканы әртараптандыру мен орнықты дамуды арттыруға бағытталған ауқымды реформалардың оң бағасын байқатып отыр.Бағалы қағаздардың шығарылымы S&P рейтинг агенттігінің Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Тұрақты» болжамға сәйкес «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне дейін көтерген соң орындалғанын айта кетейік. Бұл экономикалық өсімнің орнықты перспективалары мен мемлекеттік борыштың ІЖӨ-ге шаққанда 20,9% төмен екенін көрсетті. Осы ретте сыртқы мемлекеттік қарыз ІЖӨ-ге шаққанда 4,5% мөлшерінде екенін ескерсек, бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі екенін айта кеткен орынды.Аталған шығарылым Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту аясында өтті. Екі ел көшбасшылары ұстанған жүйелі саяси-экономикалық бағыт жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдетуге, оның ішінде сауда-инвестициялық және қаржы салаларындағы байланысқа оң әсер етіп келеді. Қазақстандық эмитенттердің Қытай нарығына шығуы осы жолдың айқын дәлелі.Еліміздің халықаралық капитал нарықтарына қатысуын бірізді дамыту қаржыландыру көздерін кеңейтіп, займ портфелін әртараптандыруға және инвесторлардың алуан түрлі топтарына орнықты қолжетімділікті қалыптастыруға септігін тигізеді. ҚР Қаржы министрлігі әрмен қарай нарықтағы конъюнктураны және мемлекеттік қарызды тиімді басқару міндеттерін ескере отырып, мемлекеттік займ бағытында теңгерімді тәсілді ұстанатын болады. Үш және бесжылдық транштарды орналастыру Қазақстанның Қытай юаньдарындағы егеменді табысының ауытқуын одан әрі реттеуге әсер етіп, отандық квазимемлекеттік және корпоративті эмитенттердің кейінгі шығарылымдарына жол ашады.Осы орайда жоғарыда аталған шығарылымның басты ұйымдастырушысы China International Capital Corporation Limited (CICC) болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ бірлескен негізгі ұйымдастырушылардың қатарында China Construction Bank Limited (CCB), Chustrial and Commercial Bank of China Limited (ICBC), the Export-Import Bank of China және Bank of China Limited (BOC) бар. Мәміленің жергілікті менеджері Teniz Capital Investment Banking АҚ болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1287189?lang=ru
Ақтауда алғаш рет күштік құрылымдардың арнайы бөлімше жүзгіштері өзара бақ сынады 07.09.2026
Каспий теңізінің акваториясындағы әскери-теңіз күштерінің әртүрлі кемелер дивизионы базасында Ақтау гарнизонының арнайы бөлімшелері арасында Aktau water challenge-2026 жарысы өтті. Он кезеңнен тұратын сайысты ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері ұйымдастырды. Оған Корғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК Шекара қызметінің 8 командасы құрамында жүзден астам әскери қызметші қатысты. Бағдарламада бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру, 100 метрге жүзу, туннельді, эстакаданы, понтондарды, торлы қабырғаларды еңсеру және су үстіндегі арнайы тапсырмаларды орындаудың шынайы жағдайларына барынша жақындатылған басқа да кедергілер қамтылды. Жарысқа тәжірибелі жауынгерлермен қатар мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер де бақ сынады. Сайыстан алған әсерімен Теңіз жаяу әскері бригадасында бес айға жуық қызмет еткен «Морпех» командасының мүшесі кіші сержант Темірлан Құмаров бөлісті.– Біздің команда үшінші орынды иеленді, бұл өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Жарысқа мұқият дайындалдық. Мен үшін ең қиыны бес метрлік биіктіктегі пирстен секіру болды. Жарыстың алты минуты тұтас бір сағаттай сезілді. 100 метрді уақытқа жүзіп өту және барлық су үсті кедергілерін еңсеру де оңай болған жоқ. Ұйымдастырушыларға осы сынақтан өтіп, өз күшімізді тексеруге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, – деді ол.Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Арнайы операциялар күштерінің Jaubasar командасы иеленді. Екінші орынды Әскери-теңіз күштерінің диверсияға қарсы күштер мен құралдар ротасының құрамасы қанжығасына байлады. Үшінші орынды Теңіз жаяу әскері бригадасының «Морпех» командасы мен Ішкі істер министрлігінің «Барыс» командасы өзара бөлісті.Арнайы бөлімшелер жауынгерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтті. Сайыс жеңімпаздары кубоктармен марапатталып, барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.Aktau water challenge-2026 ұйымдастырушылары жарысты жыл сайын өткізіп, көптеген командаларды шақыруды және қатысушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ сынақтан өту шарты жетілдіріліп, нысанаға оқ ату кезеңдері қосылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1287034?lang=ru
Үкіметте сәндік көшет шаруашылығының дамуы талқыланды 07.09.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі – Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте отандық сәндік көшет шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.Мемлекет басшысының орман алқаптарын одан әрі қалпына келтіру және ұлттық саябақтар инфрақұрылымын дамыту жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде отандық сәндік өсімдіктерді өсіру шаруашылығын дамыту ерекше маңызға ие. Олар елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша жобаларды отырғызу материалымен қамтамасыз етеді. Кеңесте саланың негізгі мәселелері және отандық өндірісті кеңейту үшін қажетті шаралар қарастырылды.Қазіргі таңда Қазақстан импорттық отырғызу материалына тәуелділікті сақтап отыр. Сонымен қатар отандық көшет шаруашылықтарында өсірілген өсімдіктер жергілікті климаттық жағдайларға жақсы бейімделген және өмір сүру деңгейі жоғары. Сондай-ақ олар химиялық өңдеуге және өсу стимуляторларын қолдануға аз шығындарды қажет етеді. Бүгінде ішкі нарықтың көлемін және импортқа тәуелділік деңгейін бағалау қиын: ресми статистика сәндік өсімдіктердің өндірісін бөлек ескермейді.Сәндік көшет шаруашылығы – белгілі бір табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген стандартталған отырғызу материалын өндіруге бағытталған өсімдік шаруашылығының жас, жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін кіші саласы. Бүгінгі таңда жасыл кеңістіктер абаттандыру элементі ғана емес, сонымен қатар экологиялық, инженерлік және эстетикалық функцияларды орындайтын қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі болып саналады. Орталық Азия өсімдіктер питомнигі қауымдастығының өкілдері атап өткендей, салада сәндік дақылдарға стандарттар жоқ. Жерді пайдалану мәселесі де реттелмеген: ҚР Жер кодексінде сәндік көшет өсіруге арналған жердің жеке санаты жоқ. Жердің нысаналы мақсатының қолданыстағы түрлері, оның ішінде орман өсіру және бау-бақша өсіру, кейіннен қазу және трансплантациялау арқылы өсімдіктерді өсіруді көздейтін көшетжайлар қызметінің ерекшелігін ескермейді. Ауылшаруашылық жерлерінде жұмыс істеу кезінде күрделі жылыжайлар, қоймалар мен автоматты суару жүйелерін салуға шектеулер туындайды.Тағы бір мәселе сәндік көшет шаруашылығы саласындағы қызмет түрлерін жіктеуге қатысты. Сала өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы жіктеу өсіру ерекшелігі мен отырғызу материалына қойылатын талаптарды ескере отырып нақтылауды қажет етеді. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар отандық питомниктер желісін дамыту және экспорттық нарықтарға шығу үшін айтарлықтай әлеуетті атап өтті. Қазақстанның географиялық жағдайы климаттық жағдайлары ұқсас елдерге бағдарлануға мүмкіндік береді. Күрт континентальды климатта өсірілген өсімдіктер бейімделу мен өмір сүрудің бәсекелестік артықшылығына ие.Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктерімен, әкімдіктермен және сала өкілдерімен бірлесіп сәндік көшет шаруашылығының жай-күйіне кешенді талдау жүргізуді тапсырды. Ол отандық өндіріс пен импорттың көлемін, өңірлердің қажеттіліктерін, сондай-ақ саланы дамыту үшін барлық кедергілерді қамтуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдар бизнестің осы саладағы экономикалық қызмет түрлерінің жіктелуін жетілдіру және СЭҚ ТН егжей-тегжейін жетілдіру мәселелерін пысықтайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1286854?lang=ru
Астанада әскерге шақырылушылардың алғашқы легін Шекара қызметіне шығарып салды 06.09.2026
Елордада Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пункті базасында әскерге шақыру жасындағы жастарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты. Бозбалалар Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылында орналасқан, жарты ғасырдан астам тарихы бар әрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша маңызды міндеттерді атқаратын әскери бөлімде қызмет ететін болады.– Отан шебін қорғау – үлкен мәртебе әрі зор абырой. Осыған лайықты ұл тәрбиелеп өсірген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Әскерге шақырылушыларға мықты денсаулық, сенімділік, төзімділік пен әскери істі меңгеруде табыс тілеймін. Бұл қызмет сіздер үшін тұлға ретінде қалыптасу мен жарқын болашақ құру жолындағы маңызды қадам болсын, – деді Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.Әскерге шақырылушылардың арасында жергілікті әскери басқару органына өз еркімен келген 19 жасар Берік Иноятов та бар. Ол биыл Астана қаласының Жоғары медициналық колледжін аяқтаған.– Нағыз азамат өз уақытында әскерде борышын өтеп, Отан алдындағы міндетін орындауы тиіс деп есептеймін. Бұрын шекарадағы қызмет туралы фильмдерді қарайтын едім, ал енді өзім осы атмосфераға еніп, нағыз өмір мектебінен өтіп, өзімді шыңдай түсемін. Мемлекеттік шекараны қорғауға өз үлесімді қоса алатыныма мақтанамын және әскери борышымды абыроймен орындауға тырысамын, – деп өз ойымен бөлісті. Шақырылушы Серікболсын Айнабековтің әжесі әскерге екінші немересін шығарып салып отыр.– Биыл дәл осы жерден үлкен немерем Диасты Шекара қызметіне шығарып салған едік. Ол қызметін аман-есен өтеп, оралды. Бүгін кезек Серікболсынға келді. Ол да ағасының жолын қуып, шекарада қызмет ететін болады. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Жігіттерімізге шын жүректен мықты денсаулық, төзімділік және сәтті қызмет тілеймін, – деді ол.Әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздарға кредиттік демалыстар беріледі. Бұдан бөлек, запасқа шығарылғаннан кейін жауынгерлік даярлықтың үздіктері ҰБТ тапсырмай-ақ елдің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа түсе алады. Не болмаса келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндіктері бар.Биыл Астанадан мерзімді әскери қызметке 1 400 азамат аттанады, олардың 190-ы ҰҚК Шекара қызметіне барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1286412?lang=ru
Астанада Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері арасында шағын футболдан өткен чемпионаттың жеңімпаздары анықталды 05.09.2026
«Сайран Арена» спорт кешенінде Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында өткен шағын футбол чемпионатының қорытындысы шығарылды. Биыл алғаш рет Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабы бастығының кубогы үшін чемпионат ұйымдастырылды.Жарысқа 35 команда құрамында 350-ден астам спортшы қатысты. Төрешілік екі топ бойынша жүргізілді. Бірінші топқа Қорғаныс министрлігінің департаменттері, басқармалары мен орталықтары кірді. Екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, басқармалары мен әскери бөлімдері бағын сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров марапаттады.– Футбол алаңында команданың нәтижесі әр ойыншының іс-қимылына байланысты қалыптасады. Мұндай жарыстар әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіруге, өзара іс-қимыл мен үйлесімділікті дамытуға, командалық рухты нығайтуға ықпал етеді. Осындай іс-шараларға қатысу тек дене дайындығын жоғары деңгейде ұстауға ғана емес, әскери ұжымдардың ауызбіршілігін арттыруға да мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.Жалпы командалық есепте бірінші топта Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының командасы иеленсе, үшінші орын Халықаралық ынтымақтастық департаментінің командасына бұйырды. Екінші топта чемпион атанған – Әскери полиция бас басқармасының командасы. Екінші орын 14776 әскери бөлімінің құрамасына берілсе, үшінші орын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің (ҰҚУ) командасына тиесілі болды.Чемпионат қорытындысы бойынша жекелеген номинациялардағы үздіктер де анықталды. Бірінші топта «Үздік қақпашы» атағын сержант Сержан Жандыбаев, ал «Үздік шабуылшы» аталымын сержант Нұргелді Жәкенов иеленді. Екеуі де Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері. «Үздік ойыншы» атағына Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының майоры Думан Шәймерденов ие болды. Екінші топта «Үздік қақпашы» номинациясы Әскери полиция бас басқармасының ефрейторы Жандос Айтмағамбетұлына бұйырды. «Үздік шабуылшы» атанған – 14776 әскери бөлімінің кіші сержанты Қуат Қажымұқанов. «Үздік ойыншы» атағын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің қатардағы жауынгері Мәди Мәлікұлы алды. Бұдан өзге Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров чемпионат жүлдегерлері, ҰҚУ коменданттық взводында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген қатардағы жауынгерлер Мәди Мәлікұлы мен Байжан Райымбекті 10 тәулік демалыспен марапаттады.Шағын футбол чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, медальдар және дипломдар табысталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1286345?lang=ru