Қуқық
Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясы қайта жаңғыртылды 12.05.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысындағы аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсенов кентінде жаңартылған Батырлар аллеясының салтанатты ашылуы өтті.Аллея осыдан он жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ашылған болатын. Биылғы мерейтойға орай алты ескерткіш жаңартылып, аты аңызға айналған партизан Қасым Қайсеновке арналған мурал жасалды. Іс-шараға Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері белсенді қатысты.– Мұндай іс-шаралар жастардың жауынгерлік рухын көтеруде маңызды рөл атқарады. Батырлар аллеясы – өткеннің көрінісі ғана емес, тарихымызға деген құрметтің белгісі, – деп атап өтті 27943 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Әбікенов.Мерекеге Халық қаһарманы Қ. Қайсеновтың ұлы Болат Қайсеновтың қатысуы кент тұрғындары үшін маңызды оқиға болды.– Бүгінгі күн біз үшін өте маңызды. Әкемнің туған жерінде мурал мен оның есімімен аталатын жаңартылған аллеяның ашылуына қатысу үлкен мәртебе. Бұл жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу сабағы, – деді Б. Қайсенов.Салтанатты рәсімге қатысушылар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан есімі ел шежіресіне алтын әріптермен жазылған 9 Кеңес Одағының Батыры және 1 Халық қаһарманы шыққан. Олардың арасында аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсенов ерекше орын алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992435?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Минскіде болды 12.05.2025
Беларусь Республикасы Қарулы күштері Орталық офицерлер үйінде Қазақстан мен Беларусь қорғаныс ведомстволары өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қорғаныс министрінің Қарулы күштердегі идеологиялық жұмыс жөніндегі көмекшісі – Беларусь Қорғаныс министрлігі идеологиялық жұмыс бас басқармасының бастығы генерал-майор Леонид Касинскиймен келіссөздер жүргізді.Тараптар ақпараттық және әскери-патриоттық тәрбие саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Шайх-Хасан Жазықбаев пен Леонид Касинский екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық білдіре отырып, жетекшілік ететін салада тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар бірлескен іс-шараларды белгіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992441?lang=kk
Ресми хабарлама 12.05.2025
Желтоқсан айының басында Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері дабыл бойынша жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейіне келтірілетін болады. Бұл жаңа оқу жылының басталуына байланысты. Әріқарай әскери бөлімдер оқу полигондары мен оқу-жаттығу орталықтарына жөнелтіледі. Кейбір әскери бөлімшелер кешенді сабақтар өтетін орынға әуе,темір жол және автомобиль көлігімен шоғырланады. Осы кезеңде қауіпсіздік мақсатында өңірлердегі жолдардың жекелеген учаскелерінде жол қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін. Осыған байланысты азаматтардан және Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен жалған хабарламалар таратпауды және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1115608?lang=kk
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында жас отандастарымыз 11,49 млн АҚШ долларын нысаналы мақсатқа пайдаланды 12.05.2025
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) 11,49 млн аса АҚШ долларына 97 615 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 6,70 млн астам АҚШ долларына 56 937 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 4,79 млн АҚШ долларына 40 678 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (6,55 млн жуық АҚШ долларына 55 539 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – шамамен 49,94 мың АҚШ долларына 442 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 38,57 мыңнан аса АҚШ долларына 370 өтініш. Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (шамамен 4,24 млн АҚШ долларына 35 617 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (412,21 мыңнан аса АҚШ долларына 3 789 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (114,96 мыңнан аса АҚШ долларына 1 067 өтініш орындалды). Нысаналы жинақтар төлемін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану бойынша уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады. Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді. 2023 жылы барлық НЖ алушыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары есептелгенін хабарлаймыз. 2006 жылы туған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға ағымдағы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жинағы 100,52 АҚШ долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың НЖШ-да 232,94 АҚШ доллары жинақталды. Кәмелетке толған азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу үшін НЖ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгіне алады. kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында Бағдарламаның шарттарымен, қажетті нұсқаулықтармен танысып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейін және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейне нұсқаулықты БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында https://www.youtube.com/watch?v=a9L8N4Q28OM сілтемесі бойынша көруге болады. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/992303?lang=kk
Астанада Францияны азат етуге қатысқан қазақстандықтарды еске алды 12.05.2025
Францияның фашистік оккупациядан азат етілуінің 80 жылдығына арналған салтанатты рәсім генерал Шарль де Голль ескерткішінің жанында өтті. Оған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Құрмет қарауылы ротасының сүйемелдеуімен генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов пен Елші Сильван Гиоге Француз қарсылығының символы болған генерал Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Митингте «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Францияны азат етуге кеңес сарбаздары мен партизандарының қосқан үлесін ұмытпаудың маңыздылығын атап өтті.Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне құрметі үшін қазақстандық тарапқа шын жүректен алғыс білдірген француз Елшісі Сильван Гиоге туыстық қатынастары бар үш отбасы мүшелеріне естелік медаль табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992066?lang=kk
Таразда әскери қызметшілер майдангерлер үшін Жеңіс парадын ұйымдастырды 12.05.2025
Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Тараз гарнизоны әскери бөлімшелерінің әскери қызметшілері ардагерлер үшін "үй жағдайындағы" ерекше парад ұйымдастырды.Бұдан бірнеше жыл бұрын, ардагерлерге орталық алаңдарға бару қиындай бастағанда, Құрлық әскерлерінің "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы олардың үйлерінің алдында шағын парадтар өткізуді бастаған болатын. Бұл дәстүр кейінгі жылдары тұрақты түрде жалғасын тауып келеді.Биыл бұл шара ауқымдырақ өтті. Оған "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерімен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің, атап айтқанда, Ұшқышсыз ұшу аппараттары мамандарын даярлау оқу орталығының әскери қызметшілері, ҰҚК Шекара қызметі департаменті мен Ұлттық ұлан өкілдері де қатысты.Қазіргі таңда Жамбыл облысында бар болғаны бес майдангер тұрады. Олардың барлығы Тараз қаласында тұрып жатыр. Жастары ұлғайғандықтан, бұқаралық іс-шараларға қатыса алмайды. Дегенмен ұрпақтардың алғысы мен құрметі оларды назардан тыс қалдырмады. Әскери шеру ардагерлер тұратын аулаларда өтті.Ардагерлер аулаға шығып, салтанатты шеруді өз көздерімен тамашалады. Бұл оларға ерекше әсер етті."Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев майдангерлерді арнайы келіп құттықтады. Ол елордадағы парадқа қатысып, түнде Таразға келіп жеткен.– Біз батырларымыз өздерін қамқорлықта сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек", – деді қолбасшы.Қорғаныс министрінің атынан әр ардагерге естелік сыйлық пен құттықтау хаты табыс етілді. Сондай-ақ Тараз гарнизонындағы әскери бөлім командирлері де ардагерлерді құттықтады.Ардагерлерге облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, мектеп оқушылары, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де келіп, гүлдер мен сыйлықтарын табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991881?lang=kk
Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының оныншы отырысының коммюникесі 12.05.2025
Мәскеу, 2025 жылғы 5-7 мамыр – Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының оныншы отырысы өтті (ЖДЖТ).Келіссөздерге Әзербайжан Республикасының (жетекшісі – Самир Шарифов), Иран Ислам Республикасының (жетекшісі – Алиреза Джахангири), Қазақстан Республикасының (жетекшісі – Зульфия Аманжолова), Ресей Федерациясының (жетекшісі – Михаил Петраков) және Түрікменстанның (жетекшісі – Мурат Атаджанов) делегациялары қатысты. Отырысқа Ресей делегациясының басшысы М.Петраков төрағалық етті.Тараптар Каспий теңізінде бастапқы тік сызықтарды белгілеу әдістемесін талқылауды жалғастырды. Отырыс аясында тараптар Каспий теңізіндегі ынтымақтастыққа шолу жасап, сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуіне дайындық мәселелерін қарастырды.Делегациялар Ресей Федерациясына кездесуді ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін ризашылықтарын білдірді.ЖДЖТ келесі отырысы Түрікменстанда дипломатиялық арналар арқылы келісілген мерзімде өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/991755?lang=kk
Қостанай облысының әкімі Қасымхан Алдабергеновті Жеңіс күнімен Мемлекет басшысының атынан құттықтап, мерейтойлық медаль табыс етті 12.05.2025
9 Мамыр — Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ардагер Қасымхан Алдабергеновтің үйіне барып, арнайы құттықтады.Кездесу барысында өңір басшысы құрметті ардагерді келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтап, көрсеткен ерлігі үшін терең ризашылығын білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті атынан құттықтау хатын оқып беріп, мерейтойлық медаль табыстады.— Сіз – халқымыздың тірі шежіресісіз. Ерлігіңіз ұрпаққа шабыт береді әрі бейбіт өмір мен еркіндіктің қаншалықты қымбат екенін еске салады. Соғыстан кейін Сіз мәдениет, білім және әдебиет салаларының дамуына үлкен үлес қостыңыз. Сіздің өмір жолыңыз – Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Құмар Ақсақалов.Қасымхан Алдабергенов соғыс жылдарында майдан даласында жауға қарсы шайқасып, елге Жеңіспен оралды. Бейбіт өмірде ол гуманитарлық салада белсенді еңбек етіп, жастарды шығармашылық, поэзия және қоғамдық жұмыс арқылы тәрбиеледі. Оның есімі Қостанай облысында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де кеңінен танымал.Кездесу соңында облыс әкімі ардагерге көрсеткен ерлігі үшін алғысын білдіріп, мықты денсаулық, ұзақ öмір тіледі. Сондай-ақ жас ұрпақ аға буынның ерлігі мен үлгісін ұмытпай, әрдайым қастерлейтініне сенім білдірді.Қостанай облысында Жеңіс күні аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаттар мен мерейтойлық медальдар табыстау жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/991712?lang=kk
Энергияға инвестиция: 2026 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері бойынша алты жоба жүзеге асырылады 11.05.2025
Қостанай облысында энергиямен қамту жүйесін дамыту стратегиялық маңызға ие. Дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) – жел, күн және газ энергиясына да ерекше көңіл бөлінуде.Соңғы жылдары өңірде бірқатар ірі жобалар сәтті іске асырылды. Мысалы, 2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт болатын «Жел Электрик» компаниясының жел электр станциясы іске қосылды. 2023 жылы Арқалық қаласында қуаты 48 МВт болатын тағы бір жел станциясы – «KazWindEnergy» жобасы жұмысын бастады.Алдағы екі жылда тағы алты ЖЭК нысанын салу жоспарланған. Бейімбет Майлин ауданында қуаты 22,6 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталады. Жобаның инвесторы – «Altyn Solar Energy» ЖШС жобалауды аяқтап, сараптама қорытындысын алды. Құрылыс мамыр айында басталып, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.Осы ауданда «ГПЭС «Варваринское» компаниясы қуаты 40 МВт болатын газ-поршеньді станция салатын болады. Бұл нысан 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.Арқалықта «Aspan Energo» компаниясы қуаты 50 МВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысын бастады. Бұл нысан 2026 жылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі.Қостанай ауданында да екі ірі жоба қолға алынған. «Mars Wind» және «Jupiter Wind» компаниялары жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел станциясының құрылысын бастап кетті. Бұл нысандар 2026 жылдың соңында іске қосылады.Сонымен қатар, осы ауданда жалпы қуаты 1 ГВт болатын, 165 жел генераторынан тұратын ірі жел паркін салу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру бойынша тендерде жеңімпаз – «TuranWindEnergy» компаниясы.Барлық жобалар толық іске асқанда, өңірдегі ЖЭК-тен өндірілетін электр қуаты 10 есе артады – қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін. Бұл Қостанай облысының энергетикалық дербестігін нығайтады, энергияны жеткізу кезіндегі шығындарды азайтады және жаңа жұмыс орындарын ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/991610?lang=kk
Алматы облысында 2025 жылғы медициналық қызметті қаржыландыру мен жедел көмектегі жаңашылдықтар 11.05.2025
Алматы облысы Өңірлік коммункикациялар қызметі алаңында 2025 жылғы қаржыландыру мен жаңашылдықтар тақырып аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы ота бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер хирург Айдос Қизатов қатысуымен баспасөз маслихаты өтті.2025 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау саласына 135,7 млрд теңге көлемінде бюджет бөлінді. Оның ішінде 59,2 млрд теңге – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында, ал 76,5 млрд теңге – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қарастырылған. Бюджет құрылымы өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындардың денсаулығын қорғауға негізделген. 2024 жылы Алматы облысында 957 968 тұрғын алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясында консультативтік-диагностикалық қызметтерді алған. Бұл қызметтерге 28,2 млрд теңге жұмсалды. Стационарлық көмекке – 34 млрд теңге, күндізгі стационарларға – 900 млн теңге бөлінді. МӘМС аясында ай сайын бірнеше миллион теңгеге дейін жететін жоғары технологиялы операциялар жүргізілуде, жалпы бұл қызметтерге 1,5 млрд теңге бағытталған. Сонымен қатар, медициналық оңалту қызметтеріне сұраныс артып, 2,8 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге 13,3 млрд теңге қарастырылып, 3,7 млрд теңгеге рецепттер берілді, – деді Тілеухан Әбілдаев.2025 жылғы 1 мамырдан бастап жедел медициналық көмек көрсету ережелерінің жаңа редакциясы күшіне енді. Өзгерістер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 4 сәуірдегі №32 бұйрығына сәйкес енгізілді. Негізгі мақсат – медициналық көмектің жеделдігін, қауіпсіздігін және шалғай өңірлерде қолжетімділігін арттыру. Жаңа талаптарға сәйкес, 4-санаттағы шақыртуларды жұмыс уақытында АМСК мамандары орындайды, мобильді бригадалар бейнетіркегіштермен жабдықталады, ал келу уақыты нақты уақытпен шектелді: 1-санат бойынша – 10 минутқа дейін, – деп мәлімдеді Ержан Сүлейменов.2024 жылы еліміздің 20 өңірі бойынша 772 медициналық ұйым рейтингтік бағалауға қатысқан. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы – Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы жүргізілген рейтинг нәтижесінде өткен жылы ересектерге медициналық қызмет көрсету деңгейі бойынша 84 озық көпбейінді стационардың ішінде үздік үштікке енді.2024 жылы Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасында 10 000-ға жуық науқас жоспарлы және шұғыл түрде, тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық көмек алды.Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Науқастарға диагностика жасау барысында МРТ, КТ, УДЗ, стационарлық рентген-аппарат, маммография сияқты озық медициналық технологиялар қолданылады. Науқастарға ем-дом сырқат дәрежесіне сай жүргізіледі. Заманауи әдістердің арқасында науқастар отадан кейін аз уақыт ішінде қалыпты жағдайға келеді, - дейді Айдос Қизатов.Аталмыш медициналық ұйымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бойынша бастапқы гипертензия, жүрек гипертензиялық ауруы, ишемиялық кардиомиопатия, бел және омыртқаның басқа бөліктеріндегі диск зақымдануы радикулопатиямен, инсулинге тәуелсіз қант диабеті сияқты диагнозы бар науқастарға және травматология ортопедия, гинекология, жалпы хирургия бойынша түрлі дәрежедегі оталар жасалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/991581?lang=kk
Париж қаласындағы Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сот Қазақстан Республикасының пайдасына шешім қабылдады 09.05.2025
2020 жылғы 15 мамырдағы «Todini Impregilo Kazakhdorstroy» бірлескен кәсіпорын (бұдан әрі - Талапкер) шеңберінде жұмыс істейтін Todini Costruzioni Generali S.p.A., WeBuild S.p.A. және «Казахдорстрой» ЖШС компанияларынан тұратын бірлескен кәсіпорын Халықаралық сауда палатасы (ICC) жанындағы Халықаралық төрелік сотқа Қазақстан Республикасында Алматы – Хоргос автожолын салу жобасы бойынша дауларға байланысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне (бұдан әрі – Комитет) қарсы төрелік туралы өтініш берді.Істі қарау шеңберінде Талапкер Комитетке құрылыс мерзімдерін ұзартуға, кедендік баждар мен салықтарды төлеуге, теңгенің инфляциясына, құнының өзгеруіне, су өткізгіш трубаларды қайта толтыруға, жол пайдалану пунктінің құрылысын тоқтатуға және қаржылық шығындарға байланысты шығыстарды қоса алғанда, жалпы сомасы шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде шағым түсірді.2025 жылғы 14 сәуірде Париждегі ICC Халықаралық төрелік сотында құрылған Трибунал Комитеттің пайдасына түпкілікті шешім шығарды. Талапкерлердің барлық талаптары толығымен қабылданбады.Сонымен қатар, Трибунал Комитеттің қарсы талабын қанағаттандырып, Талапкерлерге жұмыс мерзімін ұзартқаны үшін өтемақы ретінде бұрын төленген соманы қайтаруға міндеттеді. Сондай-ақ, Трибунал Комитет жеңіске жеткен тарап ретінде өзінін сот және төрелік шығындарын толық өтеуге құқылы екенін мойындады.Осы істі Комитеттің өкілдігі мен мүдделерін қорғауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырды. Консультант ретінде Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP халықаралық заң фирмасы тартылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/991526?lang=kk
Бәйтеректен бөлінетін 8 трлн теңге ЖІӨ-нің өсуіне қосымша 1,3% үлес қосады 09.05.2025
Кәсіпкерлікті қолдау, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі 8 трлн теңге бөледі. Ол биыл елімізде ЖІӨ-нің нақты өсуіне қосымша 1,3% үлес қосады.Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Қазақстан экономикасының өсуін қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында «Бәйтерек» холдингінің негізгі экономикалық көрсеткіштері мен инвестициялық жобалары қаралды.Үкімет экономиканың нақты секторын қарқынды дамыту мақсатында «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруды 1 трлн теңгеге ұлғайтып отыр. Бұл холдингке кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бөлуге мүмкіндік береді. Штаб отырысында холдинг төрағасының орынбасары Жандос Шайхы бірінші тоқсанда 1,2 трлн теңге игерілгенін айтты. Ал жоспар бойынша 1 трлн теңге болатын. Бұдан басқа, биыл «Бәйтерек» арқылы іске қосылатын жобалардың жалпы қосылған құнының көлемі 521,5 млрд теңге.Жобалардың ең үлкен инвестициялық пулы Қазақстанның даму банкінде шоғырланған. Биыл 2,2 трлн теңгеге 66 жоба жүзеге асырылады. Инвестиция салынған негізгі салалар – көлік, логистика және байланыс (34%), металлургия (19%), химия өнеркәсібі (12%). Жобалардың барлығына қаржы бөлінген соң, ел экономикасына жаңа өндіріс, тауар мен қызмет түрінде 37,8 трлн теңге мөлшерінде салым түсіріледі. Негізгі капиталға салынған инвестиция биыл 1,6 трлн теңге. 2025 жылы қаржы бөлу жоспарланған ҚДБ-ның басты инвестициялық жобаларының қатарында Жамбыл облысындағы натрий цианидін өндіру зауыты, Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауыты, Қостанай облысындағы ыстық брикеттелген темір өндіру жөніндегі ірі қазақстандық кәсіпорын және басқалар бар. Осы жылы 1,5 трлн теңгенің 181 инвестициялық жобасы өнеркәсіпті дамыту қорында (ӨДҚ) қалыптастырылды. Негізгі салалар – инфрақұрылымды дамыту (27%), металлургия (21%) және химия өнеркәсібі (13%). ӨДҚ-ның барлық жобаларын қаржыландырудың қорытындысында жалпы қосылған құн көлемі – 19,4 трлн теңге. Негізгі капиталға салынған инвестиция биыл 1,44 трлн теңге болды. 2025 жылы қаржыландыру жоспарланған ӨДҚ басты инвестициялық жобаларының қатарына «Глобал Транс компания» ЖШС шекаралық темір жол өткелін салу, «ЕЭК» АҚ энергоблогын қайта жаңарту, «Qarmet» АҚ өндірісін жаңғырту, «Rail Way Steel» ЖШС электрометаллургиялық зауытын салу кіреді.Qazaqstan Investment Corporation 2025 жылы қаржыландыруы 2,8 трлн теңге деңгейінде болуы тиіс ЖҚҚ-мен 10 инвестициялық жобаға шамамен 500 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция – 200 млрд теңге. Осы жылға арналған QIC негізгі 5 инвестициялық жобасы – Қарағанды облысында металлургиялық кластерді дамыту, «АралСода» ЖШС-нің кальциленген содасын және «Batys Bitum» ЖШС-нің битумын, «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС-нің бу-газ электр стансасын өндіру зауытын салу.«Даму» қоры 2025 жылы шағын және орта бизнеске жеңілдікпен несие беру көлемін 750 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3 еседей артық. 2025 жылғы 1 тоқсанда 755 кәсіпкерге 53 млрд теңге берілді. Қарыздарға кепілдік беру көлемі 1400 млрд теңгеге дейін артты. І тоқсанда 160 млрд теңге сомасына кепілдіктер берілді.Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауда 2025 жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша Аграрлық несие корпорациясы 5,8 млн гектар егіс алқабын қамти отырып, көктемгі егіс жұмысына қаржы берудің жеңілдетілген бағдарламасы бойынша 363 млрд теңгеге 6 мыңға жуық фермердің өтінімін қанағаттандырды.Штаб отырысының қорытындысында вице-премьер қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша инвестициялық жобалардың қымбат импортты алмастыруға және сол арқылы инфляцияны тежеуге мүмкіндік беретін ішкі нарықта сұранысқа ие тауарлар өндірісінің жеткіліксіз ұсынылғанын атап өтті. «Біз экономиканың нақты секторын қолдау бағдарламасына бастамашылық жасаған кезде, ірі жобалармен қатар Ұлттық экономика министрлігінен тұрмыстық химия, гигиена, ірімшіктер, консервілер, шұжықтар және тұрғындарымыз арасында сұранысқа ие басқа да өнімдер өндірісін жолға қою жобалары бойынша инвестицияларға тапсырыс жарияладық. Құс өндіру бойынша жақсы ілгерілеу бар екенін көріп отырмыз. Жыл соңына дейін тұтыну деңгейі толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ импорт көбірек сақталып отырған басқа салаларда да өндірушілерді іздеп, осы жобаларға көмек көрсету қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.https://primeminister.kz/news/bayterekten-bolinetin-8-trln-tenge-zhio-nin-osuine-kosymsha-13-ules-kosady-30014 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/991417?lang=kk
Қарағандылықтар Орталық саябақта Жеңіс парадын тамашалады 09.05.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан астанасында әскери шеру өтті. Салтанатты іс-шара Астанада, сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша мыңдаған көрермендерді жинады. Қарағандыда қала тұрғындары мен қонақтары үшін шеру орталық мәдениет және демалыс саябағында орнатылған үлкен LED-экранда тікелей эфирде көрсетілді.Алаң трансляция басталғанға дейін толды. Қарағандылықтар саябаққа отбасыларымен келді. Әкелері мен аталарының ерлігі деген мақтаныш пен ризашылық көрермендердің көзінен сезілді.Шеруден кейін Орталық саябақта мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Қала тұрғындары үшін нағыз сыйлық Бұқар жырау даңғылының үстінен жауынгерлік авиацияның ұшуы болды.Отан қорғаушы күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада шеру аяқталғаннан кейін Қарағанды үстінен СУ-30СМ жауынгерлік ұшпқтары , Л-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары және көп мақсатты Л-410 ұшақтары ұшып өтті. Ұшқыштар дайындық пен үйлесімділіктің ең жоғары деңгейін көрсете отырып, әуе саптамасын барынша дәлдікпен орындады."Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Шәкен Жарылқасынов азаматтарды құттықтады.– Осы айтулы күні бәріміз өткеніміз үшін және болашаққа деген сеніміміз үшін ерекше мақтаныш сезінеміз. Жеңіс шеруі - бұл тек әскери дәстүр емес, бұл батылдық, төзімділік және Отанға деген сүйіспеншілік. Барлық әскери қызметшілердің атынан Сіздерді Жеңіс күнімен және Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Баршаңызға ашық аспан тілеймін, - деді ол.Ұшақтардың таңғажайып ұшуы көрермендердің эмоцияларын тудырды. Мерекенің шарықтау шегі болған бұл сәт қала тұрғындарының жадында ұзақ уақыт сақталмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991195?lang=kk
Марат Сұлтанғазиев Жеңістің 80 жылдығымен ардагерлерді құттықтады 09.05.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев соғыс ардагерлері Тәңірберген Толғанбаев пен Фёдор Емельянович Ковалевті арнайы барып құттықтады.Облыс басшысы ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысы атынан құттықтап, мерейтойлық медальдар табыстады. Сонымен қатар, батырларға Қонаев қаласынан жаңа жайлы пәтерлердің кілттері берілді. Айта кетейік, облыстағы барлық Ұлы отан соғысы ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар берілген болатын.Марат Сұлтанғазиев соғыс жылдарындағы ерліктері үшін шын жүректен алғысын айтып, ардагерлерге қамқорлық көрсету — мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.— Бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, ерлік көрсеткен жандардың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Сіздердің жеңіске қосқан үлестеріңіз баға жетпес. Біз әрқашан Сіздерді мақтан тұтамыз, — деді облыс әкімі.Ардагерлер көрсетілген құрмет пен қолдау үшін өңір басшылығына алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулер жеңімпаз ұрпағына деген терең сыйластықтың белгісі екенін айтты.Жеңістің 80 жылдығын атап өту — халықты ортақ тарих пен жарқын болашақ идеясы төңірегінде біріктіретін маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/991206?lang=kk
Күш, құрмет және алғыс 09.05.2025
Қонаев қаласының орталық алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шараларға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қонаев гарнизонының бастығы, гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиев, Ауған соғысының ардагерлері, өзге де әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, Қарулы Күштердің ардагерлері, Қонаев гарнизонының әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары қатысты.Жиналған қауым орталық алаңда орнатылған еңселі сахнадағы кең экраннан Астана қаласындағы әскери парадтың ашылу салтанатын тамашалап, Мемлекет басшысының құттықтауын тікелей эфирде тыңдады. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қарулы Күштердің маңызын атап өтті.Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің тапсырмасымен еліміздің Қарулы Күштерінде жүйелі жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті: – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жаңғыру үстінде. Олар ұлттық қауіпсіздіктің кепіліне, қоғамның тірегіне айналуда. Біздің Отан қорғаушыларымыз тек шекараны күзетіп қана қоймай, азаматтық келісімді нығайтуға және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді, – деді өңір басшысы.Мерекелік шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Алматы облысы әкімінің атынан Қонаев гарнизонының және Ұлттық ұланның жиырма шақты әскери қызметшісіне алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандар арасында полковник Жеңісжан Байжан, подполковниктер Данияр Маменов пен Берік Елікбаев, гвардия майоры Дархан Жәнсікбаев, майор Нұрлан Ожаров, лейтенант Лаура Бекболатова және сержант Елдос Қарбозов пен өзге де қызметкерлер бар.Мерекелік көңіл күйді шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама жалғастырып, іс-шараға ерекше сән мен жылулық сыйлады.Сонымен қатар, №20030 әскери бөлім аумағында заманауи әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, жеке құраммен әңгімелесіп, бөлімнің жабдықталу деңгейіне жоғары баға берді.Қонаев қаласында өткен Отан қорғаушы күні бірлік пен ел тыныштығын күзеткен жандарға деген құрмет рухында өтті. Мерекелік шаралар армия мен халық арасындағы байланысты нығайтудың – Қазақстанның орнықты дамуының кепілі екенін тағы бір мәрте көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/991168?lang=kk
Астанада қазақ-вьетнамдық стратегиялық серіктестігі талқыланды 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 7 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Буй Тхань Шонмен кездесу өткізді.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-вьетнамдық ынтымақтастығының жай-күйі мен даму келешегін талқылады.М.Нұртілеу Астананың Ханойды жақын достық байланыстар біріктіретін Оңтүстік Шығыс Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.«Біз Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына ерекше мән береміз. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Стратегиялық серіктестік орнату туралы тарихи бірлескен мәлімдеменің қабылдануы екіжақты қатынастарымыздағы жаңа әрі маңызды кезеңді айқындайды», – деді ҚР СІМ басшысы.Ол биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға бейілділігін растап, алдағы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі өршіл мақсаттың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты екіжақты ынтымақтастықты дамытуды жан-жақты үйлестіруге бағытталатын қазақ-вьетнамдық Стратегиялық кеңесін құру ұсынылды.Вьетнам СІМ басшысы стратегиялық серіктестікті достық пен өзара сенім рухында нығайтуға дайындығын растап, қазақ тарапын Ханойға іскерлік миссиямен келуге шақырды.Министрлер өзекті халықаралық күн тәртібін талқылап, Қазақстан мен Вьетнамның көптеген өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда екенін, сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК және ЕАЭО сияқты халықаралық ұйымдар аясында табысты ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.Кездесу соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды қолдауға және ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/991111?lang=kk
2025 жылы 10 мың бизнес-бастамаға қолдау көрсетіледі 09.05.2025
ҚР Ұлттық экономика министрлігі бизнестің жеңілдікпен қаржы алуын кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы екі жаңа қолдау құралын іске қосты. Олар кез-келген ауқымдағы компанияға, мейлі ол кіші болсын, мейлі ірі болсын, кепіл жеткіліксіз болған күнде де қаржы алуға мүмкіндік береді.Бірінші қолдау құралы құны 7 млрд теңгеден басталатын ауқымды жобаға есептелген. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым мен экспортты қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Мемлекет қарызға кепілдік бергендіктен, бұл банк үшін тәуекелді азайтады. Осылайша бизнестің несие алуы жеңілдейді.Екінші қолдау шағын және орта кәсіпорынға жасалады. Құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға тиесілі. Кәсіпкерлер қажетті қаржыны кепілсіз алады. Бүгінгі таңда бес банкпен келісімге қол қойылса, тағы екеуі жұмыс үстінде. Әріптестер тізімін кеңейту жұмысы жүріп жатыр.Бағдарламаның алғашқы нәтижесі де белгілі. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 34 жоба қолдау тапқан. Кепілдік беру рәсімі жеңілдетіліп, екі жұмыс күні ішінде орындалады. Мұны алушы – өндіріс, көлік, білім беру секілді түрлі сала өкілі.2025 жылдың соңына дейін 10 мың жоба қолдау таппақ. 2028 жылға қарай кепілдік портфелінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткізіледі. Осылайша, жыл сайын бизнестің 50 мыңнан астам бастамасына қолдау көрсетіледі.Бүгінгі таңдағы Даму қорының әріптестері Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank, Fortebank, Bank RBK, Bereke Bank пен Қазақстан–Зираат Интернешнл Банк. Кәсіпкерге несие сомасының 85%-на дейін қордың кепілдігі берілгендіктен, қарызды оңай ала алады.Жаңа тетіктердің арқасында қаржылық инфрақұрылым тұрақты түрде дамып, банктердің тәуекелі азаяды, отандық бизнестің өсу мүмкіндігіне үлес қосылады.Бұл бастамалар экономикалық өсуді жеделдету шаралары шеңберінде іске асырылуда. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2025 жылы «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайту жоспарланғаны хабарланған. Осының арқасында, 8 трлн теңгеге дейінгі қаражатты жаңа жобаларды іске қосуға арнап, өндірістің қуатын ұлғайтуға, жоғары өнімді жұмыс орнын құруға мүмкіндік артады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/991101?lang=kk
Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады 09.05.2025
Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері көрнекті опера әншісі Бибігүл Төлегенованы құттықтады. Әскери қызметшілер әншіге гүл шоқтары мен аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы туралы кітапты сыйға тартты.Бостандық ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы полковник Арман Тұрғанбаев әншіге алғысын білдірді. – Сіз таңғажайып ерік-жігер мен өміршеңдіктің жарқын мысалысыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілейміз, – деді А. Тұрғанбаев.Бибігүл Ахметқызы әскери қызметшілерге алғыс айтып, келе жатқан мамыр мерекелері – Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтады. Жеңіс күніне арналған көптеген құттықтауларға қосылған Бибігүл Ахметқызы қазақстандықтарға ашық аспан, амандық және мерекелік көңіл-күй тіледі. – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін бүгінгі әлемде өмір сүріп жатқан ардагерлер мен олардың отбасыларына құрмет пен ыстық ықыласымды білдемін. Қазақстан халқы соғыс деген сөзді ешқашан білмесін, – деп тілек тіледі ардагер әнші.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991049?lang=kk
Астанада «Қазақ даласы – Жеңістің алтын бесігі» атты мерекелік концерт өтті 09.05.2025
Бейбітшілік және келісім сарайында Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт өтті.Іс-шараға тыл еңбеккерлері, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың ардагерлері мен әскери қызметшілері, сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин, қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты.Белгілі қазақстандық мәдениет қайраткерлері, жетекші әртістер, оркестрлік, хор және би ұжымдары әскери қызметшілерге, Қарулы күштердің ардагерлеріне, әскери колледж бен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілеріне арнап паториоттық композициялар мен соғыс жылдарындағы әндерді орындады.Эстрадалық-симфониялық оркестр мен фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі орындалды. Біріккен шығармашылық ұжым ұлы дала әуендері мен оркестрлік музыканың күшін біріктіре отырып, ұлы композитордың дүниетанымын шебер жеткізе білді.Жоңғар шапқыншылығының ауыр кезеңіндегі қазақ халқының басына төнген қауіп-қатер, азап-қиыншылықты, боскан елдің мұң-зарын толғайтын тарихи сазды «Елім-ай» орындалды.«Соғыс хаттары» мизансценасында Әлия есімді бойжеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға үндеу жолдау арқылы тақырыптың идеялық мазмұнын бейнелі түрде көрсете білді. Көңіл толқытарлық көрініс «Әлия» әнінің орындалуымен аяқталды.«Жас қазақ», Журавли», «Тальяночка», «Три танкиста», «Яблочко», «Эх, дороги», «Синий платочек», «Катюша», «Ехал я из Берлина» және «Майский вальс» әндерін көрермен жылы қабылдады.Солистер мен вокалдық топтардың, сондай-ақ, хор ұжымдарының орындауында әскери-патриоттық тақырыптағы «Қарулы күштер», «Ғасырлар үні», «Ұмытпаймыз», «Мен қазақ», «Қазақстан – байтақ дала», «Сауыт» және «Атамекен» әндері шырқалды. Концертті К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылары мен солистері «Жеңіс күні» және «Атамекен» әндерімен қорытындылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/991018?lang=kk
Қазақстан мен Мажарстан парламентаралық ынтымақтастық пен ЕКПА шеңберінде серіктестікті нығайтуда 09.05.2025
Астана, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламентінің) делегациясын қабылдады.Мажар делегациясының құрамына «Қазақстан-Мажарстан» парламенттік ынтымақтастық тобының төрағасы Шандор Фазекаш, оның орынбасары Шандор Ковач, сондай-ақ Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің мүшесі Жолт Немет кірді.Сұхбат барысында тараптар парламентаралық диалогты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Еуропа кеңесі мен ЕҚЫҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аудара отырып, қазақ-мажар қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.М.Нұртілеу тарихи достыққа, өзара құрметке және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша көзқарастардың сәйкес келуіне негізделген Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.Қазақстан дипломатиясының басшысы Ш.Фазекашты екіжақты байланыстарды нығайтуға және парламентаралық байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін көрсететін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген мемлекеттік награда – II дәрежелі «Достық» орденінің табысталуымен құттықтады.Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен құқық үстемдігін, адам құқықтары және демократиялық қағидаттарды ілгерілету мәселелерінде өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар еуропалық институттармен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.Қазақстан СІМ басшысы Еуропа кеңесінің «2024-2027 жылдарға арналған көршілік саясаты шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықтың басымдықтары» бағдарламасы табысты іске асырылатына сенім білдірді. Ол еліміз үшін Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың логикасына толық сәйкес келетін адам құқықтары мен ішкі саяси дамудың бірқатар негізгі бағыттарын қамтиды.Өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету мәселелері Ж.Неметтің Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуі барысында одан әрі талқыланды, ол еуропалық қонақты Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.Еліміз Еуропа кеңесінің төрт конвенциясының қатысушысы екенін атап өтіп, Р.Василенко қазақ тарапының Ұйымның басқа құжаттарына қосылу арқылы Қазақстанның саяси жаңғыруы мен экономикалық дамуына ықпал ететін Еуропа кеңесімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдірді.Осы ретте ҚР құқықтық институттарын реформалау мәселелерінде сараптамалық-консультациялық көмек көрсететін Венеция комиссиясы шеңберінде оң өзара іс-қимыл аталып өтті.Тараптар тәжірибе алмасу және Қазақстанда болып жатқан процестер туралы объективті ақпарат ұсыну үшін адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне тартылған қазақстандық депутаттар мен мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ЕКПА сессияларына белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/991008?lang=kk