Enbekshi QazaQ

Қуқық

«Міндет. Ерлік. Абырой»: ІІМ-де көркемөнерпаздар байқауы қорытындыланды 10.12.2024
Ішкі істер министрлігінде «Міндет. Ерлік. Абырой» ұранымен республикалық көркемөнерпаздар байқауы өтті.Аумақтық бөліністерден бақ сынауға келген тәртіп сақшыларына Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков сәттілік тіледі.– Жарыс дәстүрлі түрде биыл 14-ші рет өткізіліп жатыр. Өңірлерде өткен сайыстардың 139 жеңімпазы бүгін осы залда бақ сынамақ. Ішкі істер органдарының ең үздік қызметкерлері осы сахнада жиналды деп есептеймін. Біздің әріптестеріміз тек кәсіби шеберліктерімен ғана емес, сонымен қатар шығармашылық дарынымен де ерекшеленеді, – деді полиция генерал-майоры.«Өнерліге есік ашық» деген дана халқымыз. Елдің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігін күзеткен погонды қыз-жігіттердің арасында сегіз қырлы, бір сырлы жандар жетерлік.Байқау қызметімен ғана емес, талантымен тәнті еткен мамандарды көтермелеуді көздейді. Айта кету керек, биыл министрлікте кадр сапасын арттыру жылы. Сондықтан полицейлердің жан-жақтылығына аса мән беріледі.Сынақтан сүрінбей өтіп, топ жарғандар марапатқа ие болды. Байқаудың бас жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысы ПД тобына бұйырды. Саптық ән бойынша бірінші орынды Алматы облысы ПД, екінші орынды ШҚО ПД, үшінді орынды Алматы қаласы ПД иеленді.Жеке орындаушылар арасында бірінші орынды Ақмола облысы ПД қызметкері Бекзат Жұмаев алса, екінші орынды Алматы академиясынан Гауһар Толықбаева, үшінші орынды Қарағанды облысы полиция департаментінен Шерхан Төлеуханов қанжығасына байлады.Вокалдық топтар арасында жүлделер келесідей болды: І дәрежелі лауреат- Жамбыл облысы ПД, ІІ дәрежелі лауреат – ШҚО ПД, ІІІ дәрежелі лауреат – Қостанай облысы ПД.Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен Юлия Мурикова «Көрермен көзайымы», Астана қаласы ПД «Үздік сахналық келбет», Ақтөбе облысы ПД «Виртуоз-орындаушы», Қостанай академиясы «Командалық жұмыс» номинацияларын жеңіп алды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/899856
Астанада ядролық-энергетикалық бағдарлама үшін менеджмент жүйелеріне кіріспе тақырыбында АЭХА ұлттық семинары өтуде 10.12.2024
2024 жылғы 10-12 желтоқсан аралығында Астана қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ядролық-энергетикалық бағдарламаға арналған менеджмент жүйелеріне кіріспе жөніндегі ұлттық семинары өтуде (Introduction to Management Systems for a Nuclear Power Programme). Аталған семинарды Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлесіп, спикерлер ретінде атом энергетикасы саласындағы халықаралық сарапшыларды тарта отырып ұйымдастырды.Семинар барысында атом энергетикасын қауіпсіз және тиімді дамыту үшін менеджмент жүйелерін құру мен енгізудің негізгі тәсілдері ұсынылды. Халықаралық сарапшылар АЭХА-ның заманауи стандарттарын іске асыру бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, қауіпсіздік, сапа және тұрақтылық қағидаттарын менеджмент процесіне біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу және төмен көміртекті энергетикаға көшу жөніндегі жоспарларын ескере отырып, үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Қазақстандық мамандар озық халықаралық тәсілдерді зерделеуге және олардың ұлттық жағдайларға бейімделуін талқылауға құнды мүмкіндік алды. Қатысушылар білікті кадрларды даярлау және Қазақстанда атом энергетикасын дамыту бағдарламасын табысты іске асыру үшін осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.Семинарды ұйымдастыру Қазақстанның АЭХА-мен ынтымақтастығын нығайтудағы кезекті қадамы, Қазақстанның халықаралық стандарттарға адалдығы, көміртегі ізін азайтуға және экологиялық таза энергия көздеріне көшуге ұмтылуы болды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС қазақстандық мамандарды даярлауға жәрдемдескені үшін халықаралық серіктестерге алғыстарын білдірді және болашақ білім беру бастамалары шеңберінде белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруды жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/899851
Қазақстандық оқушылар қысқы каникулда неше күн демалады? 10.12.2024
Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2024 жылдың 30-желтоқсаны мен 2025 жылдың 8-қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:• «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» мектепішілік іс-шарасы;• театр фестивальдері мен қойылымдары;• жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;• қауіпсіздік сабақтары;• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;• спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.Ең бастысы - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/899518
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: әділеттілік пен қоғамның өркендеу жолы 10.12.2024
Сыбайлас жемқорлық - қоғамның тұрақты дамуына қауіп төндіретін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл демократия негіздерін бұзып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке сенімін төмендетеді. Экономикалық дамуды тежеп, әлеуметтік теңсіздікті арттырады. Сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру жүйелі көзқарасты, қоғамның барлық салаларының күш-жігерін біріктіруді және кешенді алдын алу шараларын енгізуді талап етеді.Абай облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалар мен бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Болашақтың іргетасы саналатын жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінуде. «Саналы ұрпақ» форумы аясында өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде бас тартуға тәрбиелеу мақсатында оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен бизнес өкілдері арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.Заманауи технологиялар сыбайлас жемқорлықпен күресте маңызды құралға айналды. Мысалы, Қазақстанда ашықтықты қамтамасыз ететін және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу қажеттілігін жоққа шығаратын e-Otinish сияқты цифрлық платформалар белсенді түрде енгізілуде. Бұл бастамалар ашық диалог пен ақпараттың қолжетімділігі арқылы билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған «Еститін мемлекет» саясатын жүзеге асыру арқылы қолдау тапты.Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамдық ұйымдар мен ведомствоаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Облыста мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық кеңестің өкілдерінен тұратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл тәсіл мәселелерді жан-жақты қарастыруды және өзектілерін шешуге азаматтық қоғамды тартуды қамтамасыз етеді.Жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегінде Курчатов қаласында, сондай-ақ Бесқарағай, Аягөз және Үржар аудандарында мобильді топ мүшелерінің халықпен кездесулері өтті. Топ құрамына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының, полиция, Білім және Денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ бизнес өкілдері кірді. Іс-шара барысында азаматтар кеңес алып, сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.2024 жылдың 18 қазанында Абай облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Тәуелсіз зерттеулер орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен студенттер арасында интеллектуалды ойын өткізілді. Форумға еліміздің 9 жоғары оқу орнынан командалар қатысты. Қатысушылар Семей қаласынан «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне дейін білім беру бағытымен жүріп, Абай шығармашылығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық негіздеріне қатысты құрылған тапсырмаларды орындады. Ойын студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, оны өткізуді дәстүрге айналдыру ұсынылды.Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекетке деген сенімді нығайтуға, адалдық пен әділеттілікті басты әлеуметтік құндылықтар ретінде тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыс. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана сыбайлас жемқорлықтан таза, ашық, әділ және тұрақты қоғам құруға болады.Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкіміАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/899636
Бородулиха ауданы ауыл шаруашылығында өсім көрсетіп жатыр 10.12.2024
Биыл Бородулиха ауданында егіс көлемі 356 716 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 гектарға артық. Соңғы үш жылда егіс көлемі 34 мың гектарға ұлғайса, оның 20,7 мың гектары көктемгі егіс.2024 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 44,6 млрд теңгені құрады. Негізгі үлесті өсімдік шаруашылығы – 32,1 млрд теңге (65%), ал мал шаруашылығы 12,4 млрд теңге (35%) берді.Мал басының да айтарлықтай өскені байқалады. Ірі қара мал басы 29 321 басқа (+22,5%), ұсақ мал 33 374 басқа (+28,1%) өсті.Бүгінде облыста 403 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер белсенді жұмыс істеп, өңір экономикасын нығайтуға зор үлес қосуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/899654
Еліміздің туризм саласы тұрақты түрде дамып келеді 10.12.2024
2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті.Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты.Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады.Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады.Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады. @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/898663
Қазақстанда туризм саласын мемлекеттік қолдау кеңейтілді 10.12.2024
Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды.2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 1 319 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі бастамалар қатарына:Түркістандағы «Medina Palace» қонақ үйінің құрылысы;жаңа қонақ үй нысандарын қосу арқылы «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаңғырту кіреді.Глемпинг алаңдары мен қонақ үйлерін құру арқылы 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтамасыз ететін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық парктер аумақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр.@KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/898665
Туризм және спорт министрі өңірлік спорт басқармалары басшыларымен жылды қорытындылады 10.12.2024
Елордада Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен өкілдері қатысып, 2024 жылды қорытындылады.Кеңесте өңірлік спорт басқармаларының басшылары мен өкілдері өз облысындағы спорт инфрақұрылымы, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ жастарды спортқа баулу мәселелері бойынша есеп берді. Сонымен қатар облыстардағы спорттың жай-күйі, қордаланған мәселелері ашық талқыға салынып, шешу жолдары ұсынылды.Министр спорттың қоғамдағы маңызы мен дене шынықтырумен айналысудың адам денсаулығы мен өмір сапасына әсерін атап өтті. Сонымен қатар ол спорт саласының дамуында кездесетін кедергілерді шешуге бағытталған нақты шараларды ашық талқылаудың қажеттігін жеткізді.Жиында спорт инфрақұрылымын дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі спорт алаңдарының санын көбейту, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып жаңа спорт нысандарын салу мәселелері көтерілді. Бұдан басқа, спорт саласындағы кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, спортшыларды қолдау шараларын күшейту туралы да ұсыныстар айтылды.Ербол Мырзабосынов өңірлердегі спорттың жай-күйін жан-жақты талқылап, аймақ спортын дамытуға қатысты нақты қадамдарды айтты. Министр алдағы уақытта спорт саласындағы жетістіктерді арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, өңірлік басқармалардың жұмысын үйлестіру және жергілікті деңгейде спорттық іс-шараларды көбейту қажеттігін де атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/899323
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытынды бейнеролигі 10.12.2024
Алматыда өткен форум аясында Қытайдан келген меймандар Қазақстан туралы ойын ортаға салды. Қонақтар еліміздің бай мәдениетін, бірегей табиғи сұлулығы мен қонақжайлығын ерекше атап өтті.Форум өзара ынтымақтастықтың жаңа әлеуетін аша отырып, екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланысты нығайтуда туризм саласының маңызы зор екенін тағы бір мәрте ұғындырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/899713
10 желтоқсан – Адам құқықтары күні! 10.12.2024
Бүгін, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданған күні, әр адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау және ілгерілету маңыздылығын атап өтеміз.Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі заң үстемдігін нығайтуға, әділ сотқа тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға ұмтылады. Біз заңнаманы жетілдіру және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жасауды жалғастырамыз.Бұл ерекше күні әр адамның құқықтары әділ, бейбіт және гүлденген қоғамның негізі екенін ұмытпайық.Сіздің құқықтарыңыз – біздің басты міндетіміз!Бірлескен күш-жігерімізбен мықты және әділ Қазақстан құрамыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/899783
Қызылсуат ауылына кіреберіс жол жарықтандырылды 10.12.2024
8 желтоқсан күні Қызылсуат ауылына кіреберіс жолды жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Бюджеттің төртінші деңгейінің қаражаты есебінен ұзындығы 1,2 км кіреберіс жол бөлігінде шамдары бар 35 тірек орнатылды. Жоба құны 10 млн теңгені құрап, жұмыстарды «Метал энерджи» ЖШС мердігерлік ұйымы орындады.Жаңа жарықтандыру жүйесі түнгі уақытта көрінуді жақсартып, ауылдың жалпы келбетін айшықтайды. Сонымен қатар, ауылдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 22 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған, оның ішінде 3 камера кіреберіс жолда орнатылды.Бұған дейін Қызылсуат ауылдық округінде Шұбар, Аққайың және Қызылсуат ауылдарында жалпы ұзындығы 3,5 км жол учаскелеріне шамдары бар 99 тірек орнатылған болатын.Сонымен қатар, жақында округте ұялы байланыс операторының базалық станциясы орнатылып, іске қосылды. Бұл желінің сапасын жақсартуға және деректерді беру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.Аталған жобалар қауіпсіздікті күшейтуге, жергілікті тұрғындар мен қонақтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Іске асырылған бастамалар ауылдық округтің инфрақұрылымын жақсарта отырып, оның заманауи, қолайлы және тартымды өңірге айналуына ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/899367
«Болашақ фермасы»: Жалтыр ауылынан келген көпбалалы ана табысты бизнес-жобаны жүзеге асырды 10.12.2024
Астрахан ауданы Жалтыр ауылының тұрғыны Инга Дмитриева мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың өмірді қалай өзгерте алатындығының жарқын мысалы болды.Көп балалы ана грант алу құқығын пайдаланып, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өтті. Ол кәсіпкерлік негіздерін игерді, бизнес-жоспар әзірледі және өзінің «Болашақ фермасы» жобасын қорғады. «Менің идеям заманауи технологияларды қолдана отырып, табиғи сүт өнімдерін өндіруге және жаңа және сапалы өнімдердің қол жетімділігін арттыруға бағытталған», - дейді Инга Дмитриева.Астрахан ауылының тұрғыны Серікбол Авдикерим де осы бағдарлама бойынша оқудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін грант түрінде мемлекеттік қолдау алды. Оның жобасы ауылдағы фаст-фуд өндірісіне арналған. Ол қажетті жабдықты сатып алып, тауарды сатуға кірісті.Ауданда «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға барлығы 40 адам өтті, ағымдағы жылы бизнес-идеяларды іске асыруға 7 грант берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/899577
Объектідегі қауіпсіздік шаралары! 10.12.2024
2024 жылғы 9 желтоқсанда, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция аумақтық департаменттері және жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен «ADK River» СОК персоналы үшін терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша түсіндірме жүргізілді.Іс-шара барысында келесі тақырыптар талқыланды:- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар;- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2024 жылғы 5 қазандағы № 366-НҚ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілерін және террористік тұрғыдан осал ішкі сауда объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулығы;- штаттық және қолдан жасалған жарылғыш құрылғының белгілері және табылған жағдайдағы іс—әрекет алгоритмі;- террористік сипаттағы қатерлердің салдарын азайту мен жоюды мақсатында кезекші қызметтерге хабарлау схемасы;- көрінеу жалған хабарлама үшін жазаның бұлтартпастығы;- терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/899466
Тегеранда жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресте діндарлардың жауапкершілігі талқыланды 10.12.2024
Иранда «Жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресте діндарлардың жауапкершілігі» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараны Иран Ислам Республикасының Діндер мен мәдениеттер диалогы орталығы Қазақстан Республикасының Конфессияаралық және дінаралық диалог орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.Екі елдің дін саласындағы сарапшылары қоғамның заманауи мәселелерін шешудегі дін лидерлерінің әлеуетінің маңыздылығын талқылады. Конференцияға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты.Спикерлер Қазақстанда өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі жаһандық дамудың негізгі бағыттары бойынша дін көшбасшыларының жан-жақты жақындасуына және елдер мен халықтардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруіне ықпал ететінін атап өтті.Конференция аясында қазақстандық делегация өкілдері Иран Ислам Республикасы Президенті жанындағы Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының басшысымен кездесті.Сондай-ақ, қазақстандық делегация мүшелері Тегеран университетіне барып оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/899697
Қызылжар ауданында 8 медициналық нысан салынды 10.12.2024
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Кызылжар ауданында болды. "Жыл аяқталып келеді, қазір жылдың қорытындысын шығаратын уақыт. Биыл Кызылжар ауданы ауылдарының тасқыннан соң инфрақұрылымын қалпына келтіруге ерекше назар аударылды. Бескөл, Прибрежное және Тепличное ауылдарындағы бөгеттер нығайтылды", - деп жазды өңір басшысы. Қиын жағдайға қарамастан, ауданда маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асты. Налобино, Вагулино және Белое ауылдарындағы ішкі жолдары орташа жөндеуден өтті. Бескөлде 5 қабатты үй мен хоккей кортына арналған металл шатыр салынуда. Облыста салынған 38 медициналық нысанның 8-ы Кызылжар ауданының ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ, өңір басшысы аудандағы әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралады. «Қазақстан халқына» қорының жобасы аясында жаңғыртылған №2 Бескөл орта мектебі мен жөндеуден өткен «Балапан» балабақшасына барды. Облыс әкімі Байтерек ауылындағы әлеуметтік осал топтарға арналған үйлерді қарап шығып, Новокаменка ауылындағы электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.СҚО әкімі «Радуга», «Молсервис», «ЕР-Агро», «Молодое Агро» және «Елім Кызылжар» кәсіпорындарының жұмысымен танысып, аудан диқандарымен кездесті. Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов Боголюбово ауылындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелер мен өңірдің даму перспективаларын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/899379
Су ресурстары және ирригация министрлігі Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын 100% суға толтыруды жоспарлап отыр 10.12.2024
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл облысындағы Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын 100% суға толтыруды жоспарлап отыр. Министрліктің аппарат жиналысында көктемгі су тасқыны және жазғы суару кезеңіне дайындық жұмыстары пысықталды.Бүгінгі таңда Тасөткел су қоймасы 70,5%-ға толы. Бұл 353 млн текше метрге жуық су. Ал, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына 36 млн текше метрге жуық су жиналды.Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы да белсенді су жинап жатыр. Соңғы 1 айда ғана мұнда 702 млн текше метр су келді. Қазір қойма 41%-ға жуық толы. Министрлік көктемге дейін су қоймасына 5 млрд текше метрден артық су жинауға ниетті.Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы 90%-ға жуық толы. Бұл шамамен 16,6 млрд текше метр су. Қараша-желтоқсан аралығында қоймаға 120 млн текше метр су келді.«Министрлік келесі жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік облыстарын сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында көршілес мемлекеттермен белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Өткен аптада Бішкекте өткен Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің отырысында да бірқатар маңызды мәмілелер жасастық. Су дипломатиясының нәтижесінде биыл суару маусымында еліміздің шаруалары су тапшылығын сезінген жоқ»,- деді министр Нұржан Нұржігітов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/899432
Зейнетақы жинақтарының 2025 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі сол деңгейде қалады 10.12.2024
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес «БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) жыл сайын, келесі қаржы жылына арналған ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңы ресми жарияланғаннан кейін, бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ, өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігі шегін (ТЖШ) орналастыруға міндетті.Осы талапты орындай отырып, БЖЗҚ 2025 жылға арналған ТЖШ жариялап, ТЖШ өлшемдері 2024 жылғы деңгейде өзгеріссіз қалғанын хабарлайды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы да ТЖШ мөлшері көтерілмеген болатын.ТЖШ - бұл ай сайынғы зейнетақыны ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналарының (ең төменгі жалақы мөлшерінен) болжамды есептеулеріне және инвестициялық кірістілікке сүйене отырып анықталатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемі есебімен) алуы үшін шотта қалуы тиіс ең төменгі көрсеткіш. ТЖШ есептеу Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне1 (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес жүргізіледі (ҚР Үкіметінің 30.06.2023ж. №521 қаулысымен (бұдан әрі – №521 қаулы) бекітілген).Әдістемеге сәйкес, 2025 жылға арналған ТЖШ есептеу кезінде 2025 жылға арналған мына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылды:1) ең төменгі жалақы мөлшері - 85 000 теңге;2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге;3) зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге;4) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы - 46 228 теңге. Жекелеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің ұлғаюына қарамастан, ТЖШ мөлшерінің бұрынғы деңгейде сақталуы (2024 жылмен салыстырғанда, өзгеріссіз) ең төменгі жалақы мөлшері және зейнетақы жинақтары кірістілігінің болжамды жылдық пайыздық мөлшерлемесі сияқты маңызды өлшемдердің өзгеріссіз қалуымен ішінара байланысты болса керек. Тақырып бойынша бейнетүсініктеме БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube арнасында.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер [1] Қазақстан Республикасының "2025 - 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңына сәйкес мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алумен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/899428
«БЖЗҚ» АҚ-да «Ашық есік күні» – зейнетақы жинақтарыңызды инвестициялау мүмкіндіктерін зерделейміз 10.12.2024
Аңдатпа «БЖЗҚ» АҚ-да «Ашық есік күні» – зейнетақы жинақтарыңызды инвестициялау мүмкіндіктерін зерделейміз Халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 2024 жылдың 13 желтоқсан күні «БЖЗҚ» АҚ «Ашық есік күнін» өткізеді.Күннің басты тақырыбы – «ИПБ-лардың инвестициялық стратегиялары. Салымшылар үшін өзекті мәселелерді талқылау».ИПБ деген не, өз зейнетақы жинақтарыңызды сенімгерлік басқаруға беретін компанияны қалай таңдауға болады, сондай-ақ жинақты сенімгерлік басқаруға аудару қағидалары туралы Қор мамандары мен инвестициялық компаниялардың өкілдері аталмыш іс-шара барысында түсіндіріп береді. Естеріңізге сала кетейік, «Ашық есік күні» іс-шарасы онлайн-форматта 2024 жылдың 13 желтоқсан күні 10:00 сағ., 14:00 сағ., және 16:00 сағ. өтеді. Сағат 10:00-ғы іс-шараға қатысу үшін сілтеме бойынша өту қажет https://enpf.webex.com/weblink/register/r8e6cbc4e85018a6296ba1e0f01cc9bea Содан кейін event-кеңестің нөмірі 2510 812 3186 мен паролін 2024 енгізіңіз. Сағат 14:00-гі іс-шараға қатысу үшін сілтеме бойынша өту қажет https://enpf.webex.com/weblink/register/rf8c023663cefbab5d70ddb7dcb0d5d4c Содан кейін event-кеңестің нөмірі 2514 463 1464 мен паролін 2024 енгізіңіз. Сағат 16:00-гі іс-шараға қатысу үшін сілтеме бойынша өту қажет https://enpf.webex.com/weblink/register/r982a09bcb1897e29fc3deffcab8c10f7 Содан кейін event-кеңестің нөмірі 2515 915 7926 мен паролін 2024 енгізіңіз. «БЖЗҚ» АҚ «Ашық есік күнінде» өз салымшыларын (алушыларын) және барлық ниет білдірушілерді күтеді!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/899353
ІІМ Алматы академиясының жаңа бастығы тағайындалды 10.12.2024
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының бастығы болып Қобландин Қалижан Жеңісбекұлы тағайындалды.Оқу орнының жаңа басшысын жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков таныстырды.Қалижан Қобландиннің түрлі басшылық лауазымдарда тәжірибесі бар. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін ол көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/898985
ІІМ Қарағанды академиясының жаңа бастығы тағайындалды 10.12.2024
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Бәрімбек Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының бастығы болып Биекенов Нұрлан Амангелдіұлы тағайындалды.Ведомстволық оқу орнының жаңа басшысын жеке құрамға министрдің орынбасары Айдар Сайтбеков таныстырды.Нұрлан Биекенов ІІМ Қарағанды академиясының оқытушысы, кафедра бастығы болып жұмыс істеген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/898996