Қуқық
2024 жылдың басынан бері 16,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды 25.11.2024
2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралды.Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден.Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды.Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ.Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды.Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.Естеріңізге сала кетейік, өткен жылда пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 21 166 өтініш қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/889235
Қазақстанда тағы екі жайлы мектеп ашылды 25.11.2024
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астана қаласы мен Жамбыл облысында 2000 және 1200 оқушыға арналған заманауи екі мектеп ашылды.Бұл мектептер озық техникамен жабдықталған оқу кабинеттерінен бастап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді ортаға дейін жоғары заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Сондай-ақ, бірнеше асхана, кең спорт залдары, акт залдары, кітапханалар, лингафон және компьютерлік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталықтар қарастырылған. Білім алушыларға робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар және оқытуға арналған басқа да инновациялық кеңістіктер қолжетімді. Балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл түймелері арқылы қамтамасыз етіледі.Айта кетейік, бұл Астанада салынған 10-шы жайлы мектеп, ал Жамбыл облысында — үшінші мектеп. Жыл басынан бері Қазақстанда 91 мың орындық 35 жайлы мектеп пайдалануға берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/889254
Қоршаған ортаны, оның ішінде теңіз ортасында пластик қалдықтарымен ластануға қарсы күрес туралы міндетті күші бар халықаралық шартты дайындау жөніндегі келіссөздер бойынша 25.11.2024
Ағымдағы жылғы 25 қарашасы мен 1 желтоқсан аралығында Оңтүстік Корея Пусан қаласында Қоршаған ортаны, оның ішінде теңіз ортасында пластик қалдықтарымен ластануға қарсы күрес туралы міндетті күші бар халықаралық шартты талықылау бойынша Үкіметаралық комиссиясының 5-раунды өтуде.Аталған іс-шарада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің және салалық қауымдастықтардың өкілдерінен құрылған қазақстандық делегацияны басқаруда.Келіссөздердің мақсаты – экожүйелер мен бүкіл әлем халқының денсаулығына елеулі қауіп төндіретін пластикпен ластану проблемасымен күресудің тиімді механизмдерін әзірлеу.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/889227
СҚО ауыл еңбеккерлері кәсіби мерекесін атап өтті 25.11.2024
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиналған қауымды кәсіби мерекемен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге негіз болатын, ауылдарды нығайтып, дамытатын мамандардың кәсіби мерекесі. Биыл диқандар мемлекеттік қолдауы мен тынымсыз еңбектің арқасында 6.2 млн.тонна астық жинап, орташа өнімділік 18.6 ц/га құрады. Ауыл шаруашылығы – өмірдің бастауы, бұл тек кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар сабырлықты, адалдықты және жерге деген сүйіспеншілікті талап ететін еңбек. Жиында агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандарға Президенттің атынан мемлекеттік марапаттар табысталды. Олардың арасында механизатор, агроном, сауыншы, комбайншы, жүргізуші және шаруашылық басшылары бар. Дәл осы еңбекқор жандардың арқасында дастарқанымыз сапалы әрі экологиялық таза өнімдерге толы."Ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз лайықты бағаланып, жетістіктеріңіз жаңа табыстарға ынталандырсын" — деп жазды өңір басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/889203
Су кодексінің жобасына су нысандарын ластанудан, бітелуден және сарқылудан қорғау жөнінде жаңа пункттер қосылды 25.11.2024
Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінің жобасына су нысандарын ластанудан, бітелуден және сарқылудан қорғау бойынша жекелеген пункттер қосты.Мәселен, су нысандарына коммуналдық, өнеркәсіптік және басқа да қатты немесе ерімейтін қалдықтарды, сондай-ақ ластайтын заттарды тастауға тыйым салынады. Жіберілетін ағын су алдын ала тазалануы керек. Бұл ретте тазартылған ағын суды емдік-сауықтыру мақсатта пайдаланылатын су нысандарына жіберуге тыйым салынады.Су нысандарын сарқылудан қорғау үшін су пайдалану лимиттерін белгілеу, су ресурстарын басқарудың жаңа технологияларын енгізу әрі қолдану, су айындарын қорғау және басқа да іс-шаралар көзделеді.«Жаңа Су кодексінің жобасы су нысандарын қорғау жөніндегі іс-шараларды едәуір кеңейтеді және су пайдалануды реттеуді жетілдіреді. Су нысандары экожүйесін сақтау үшін судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі айқындалған - «экологиялық ағын» ұғымы енгізілуде. Бұл су көздерін сарқылудан және басқа да жағымсыз әсерлерден қорғайды»,- деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/889187
Өңірлік спорт басқармаларының басшысын тағайындау: ҚР Туризм және спорт министрлігі екі облыстың үміткеріне келісім берді 24.11.2024
Елордада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өңірлік спорт басқармаларының басшысын тағайындау бойынша комиссия отырысы өтті. Отырыста Қарағанды және Павлодар облыстарының дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған екі үміткердің кандидатурасы қарастырылды.Атап айтқанда, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің, ал Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашевтың кандидатурасы ұсынылып, комиссия мүшелері келісімін берді.Жиын барысында комиссия мүшелері үміткерлердің саладағы тәжірибесі мен өңір спортын дамытуға қатысты жоспарына, сондай-ақ спорт ғылымының негіздері мен менеджментін меңгергендігі жөнінде сұрақтар қойды.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуінде әрбір өңір қандай спорт түрін дамыту керектігіне қатысты шешімді дербес қабылдайтынын сынға алған болатын. Осыған орай, Президент спорт саласындағы барлық деңгейдегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Енді облыстық спорт басқармаларының басшылығына ұсынылған үміткерлер ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның келісімімен жүзеге асырылады», – деді Ербол Мырзабосынов.Айта кетейік, кандидаттарды жергілікті атқарушы орган ұсынады және Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттарды ғана тағайындауға тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/889170
25 қараша мен 1 желтоқсан аралығындағы спорттық іс-шаралар кестесі 24.11.2024
🔹 22-30 қараша – Тоғызқұмалақтан халықаралық турнир. Қазақстанның 2 спортшысы сынға түседі.Өтетін орны: Колумбия, Кали қаласы.🔹 22-30 қараша – Үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионаты. Жаһандық додада ел намысын Алан Құрманғалиев қорғайды.Өтетін орны: Швеция, Хельсинборг қаласы.🔹 24-26 қараша – Қазақ күресінен Әлем кубогі. Жарысқа әлемнің 9 елінен 100-ге жуық палуан қатысады. Ал Қазақстан құрамасынан 40 спортшы белдеседі.Өтетін орны: Түркістан облысы.🔹 25 қараша – Баскетболдан Азия кубогінің іріктеу турнирі. Қазақстан құрамасы сырт алаңда Үндістан баскетболшыларымен ойнайды.Өтетін орны: Үндістан, Ченнаи қаласы.🔹 28-30 қараша – Қазақ күресінен республикалық турнир. Турнирге еліміздің барлық өңірінен 200 спортшы қатысады.Өтетін орны: Семей қаласы.28 қараша мен 1 желтоқсан – Белбеу күресінен ҚР кубогі. Жарыста 18 өңірден 270 спортшы бақ сынайды.Өтетін орны: Атырау қаласы.🔹 29 қараша мен 11 желтоқсан – Бокстан Азия чемпионаты. Сары құрлық додасында ұлттық құраманың 13 боксшысы жүлдеге таласады.Өтетін орны: Таиланд, Чиангмай қаласы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/889171
Жол құрылысы аймақ басшысының тікелей бақылауында 24.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Алдымен Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілхайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін нығайту, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесін реконструкциялау жұмыстарын көрді.Жобаның мердігері – «УАД», техникалық қадағалаушысы – «ЗКА Проект», авторлық қадағалаушысы – «КБ МұнайГаз Инжиниринг» серіктестіктері. Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 6,71 шақырым, ені – 14 метр.Облыс әкімі басты талап жолдың сапалы салынуы, құрылыстың уақытылы аяқталуы екенін айтты. Жауапты сала басшылары жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керек.Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 44 млрд. 703 млн теңгеге 300 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Облыс орталығының негізгі көшелері - әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, қалаға Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді.Қызылорда қаласында 4 млрд. 700 млн. теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен аспалы көпір құрылыстары жүруде.Сонымен қатар жылдар бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Жоба құны – 108 млрд. 500 млн теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2026 жылы ел игілігіне беріледі.Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/889165
Қазақстан ТЖМ басшысы Атырау облысында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты 24.11.2024
24 қарашада Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында №10 жаңа өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және өңірлік ТЖ департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев қатысты.Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өңір үшін маңызды оқиға. Ол қауіпсіздік жүйесін жақсартуға елеулі үлес қосатын болады. Ведомство басшысы жаңа нысанды салу мен жарақтандыру Қазақстан Президентінің қолдауымен және министрлік жүргізіп жатқан жүйелі реформалардың арқасында мүмкін болғанын атап өтті."Құтқарушылар күні қарсаңында елордада салынған жаңа бірегей депоға президент келді. Сол кезде мен Мемлекет басшысына ауылдық жерлерде өрт сөндірушілердің де осындай жағдайлары болатынына уәде бердім. Сондықтан бүгінде министрлік ауылдарға басымдық береді. Қазір біздің ауылдық өрт сөндіру бөлімдері ең заманауи техникамен жарақтандырылуда. Сонымен қатар қызметкерлердің әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлары жақсартылуда. Обьектілерді жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Атырау гарнизоны төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін жаңа техника алды. Бұл өрт сөндіру депосы ауыл тұрғындары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етудің үлгісі болатынына сенімдімін. Министрлік ауылға ерекше назар аударады", - деді министр.Шыңғыс Әрінов облыс әкімі Серік Шәпкеновке өңірдің құтқару қызметтерінің инфрақұрылымын дамытудағы белсенді жұмысы үшін де алғысын білдірді, ал әкім өз кезегінде өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға өз кәсібіне адалдығы мен төтенше жағдайлар кезіндегі жеделдігі үшін алғысын білдірді.Жергілікті бюджет есебінен салынған №10 жаңа өрт сөндіру бөлімі тиімді жұмыс істеу үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған: бес бірлік заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы, ангар, байланыс пункті, психологиялық жеңілдеу және демалуға арналған бөлмелер, сондай-ақ жедел ден қоюға арналған екі шығу. Бөлімде жаңа формамен қамтамасыз етілген 58 қызметкер жұмыс істейді.Өңірде 14 өрт сөндіру бөлімі қызмет көрсетуде. Жаңа бөлімнің ашылуы Қазақстандағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және азаматтарды төтенше жағдайлардан қорғауды нығайту бойынша тұрақты жұмыстың жарқын үлгісі болды. "Бұл өрт сөндіру бөлімін ашу ауыл тұрғындары үшін де, жалпы аймақ экономикасы үшін де қауіпсіздік деңгейін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Жаңа бөлім қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді тірек болатынына сенімдіміз", - деп Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов атап өтті.Сонымен қатар ТЖ-ға ден қоюға дайындықты жақсарту аясында жыл басынан бері Атырау облысы ТЖ департаментінің автопаркі 56 заманауи автокөлікпен толықтырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/889166
Оқу-ағарту министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын нығайтуда 24.11.2024
Оқу-ағарту министрлігінде аппарат басшысы Тимур Әбілмәжіновтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне арналған кеңес өтті. Іс-шараға орталық аппараттың, аумақтық органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.Білім беру процесіне ашықтық, жауапкершілік және парасаттылық қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударылды. Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.Іс-шараға превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің полковнигі Жазира Жылқышиева қатысты. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа бастамаларына және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі ұсынымдарға тоқталды.Өз кезегінде, Оқу-ағарту министрлігі аппаратының басшысы ведомство ашықтықты қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыратынын атап өтті.«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес азаматтардың сенімін нығайтуға және білім беру жүйесі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады», — деп қорытындылады Тимур Әбілмәжінов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/889163
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еуразия» кинофестивалі үздік жобаларға жол ашады деп сенемін 24.11.2024
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады», – делінген құттықтау хатта.Мемлекет басшысы елімізде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғанын да атап өтті.«Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарымыз мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!» – деді Президент.Өз кезегінде Аида Балаева «Еуразия» кинофестивалінің Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның мәдени брендіне айналған бірегей форум екенін атап өтіп, отандық кино саласын жүйелі түрде дамыту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған.Айта кетейік, биыл конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.Конкурс Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Катарға дейінгі елдердің туындыларын қамтиды. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген шығармашылық топтар әмбебап тақырыптар мен жергілікті контекстті біріктіретін жұмыстарды ұсынбақ. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/889161
Қарулы күштерде әскери ант қабылдау рәсімдері өтуде 24.11.2024
Оңтүстік әскерлер құралымдарының гарнизондарында екі мың жас сарбаз ант берді.Іс-шараны "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасарлары басқарды. Тараз гарнизонындағы байланыс полкінің сарбаздарын ант беру рәсімімен "Оңтүстік" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады. Мерке ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың мотоатқыштары – қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Нұржан Өмірзақов, Шымкент гарнизоны механикаландырылған бригадасының жауынгерлеріне "Оңтүстік" ӨңҚ әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күреңкеев ақ жол тілеп, сөз сөйледі. Гвардейск гарнизонының 40-шы "Отар" әскери базасының жауынгерлерін оның бастығы полковник Ержан Мейірманов құттықтады. Қолбасшылық өкілдері сарбаздарға табысты қызмет, мықты жауынгерлік рух және әскери бауырластық тіледі.Салтанатты шараны еліміздің әр аймағынан келген сарбаздардың туыстары мен жақындары, жергілікті атқарушы органдардың, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен сарбаздар қозғалысының қатысушылары тамашалады. Олар сарбаздарды әскери антқа адал болуға, жауынгерлік дағдыларды қалыптастыруға және Отан қорғаушы атағын мақтан етуге шақырды.Дәл осы күні Қазақстанның басқа өңірлеріндегі сарбаздар да әскери ант берді. Ақтөбе гарнизонында 200-ден астам мерзімді қызмет сарбазы Отанға адал болуға ант берді. Салтанатты рәсім Ақтөбеде Қазақ халқына алғыс айту стеласында өтті. Қолында қаруы бар жас жауынгерлер әскери борышын лайықты орындауға, тәуелсіздікті, Конституцияны және халықты батыл қорғауға ант етті.Іс-шараға қатысушылардың назарына әскери қызметшілердің қоян-қолтық ұрысы, қару-жарақпен саптық элементтер көрсетілді.Дәстүр бойынша туыстарына әскери бөлімдер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, оларға оқу сыныптары, казармалар, асханалар мен тұрмыстық бөлмелер көрсетілді. Келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарға командирлермен кездесіп, жауап алды. Қалған уақытты ата-аналар ұлдарымен бірге өткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/889157
Әскери-ғылыми қызметкерлер мен педагогтар кәсіби мерекесін атап өтуде 24.11.2024
Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагогикалық және ғылыми кадрларды даярлау туралы бұйрығының шығуымен байланысты. Армияның жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті көбіне әскери ғылымның жай-күйіне және мұғалімдердің кәсіби деңгейіне байланысты. Бұл тұрғыда ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс мүдделерін зерттеуге, сондай-ақ ғылым мен тәжірибені біріктіруге көп көңіл бөлінеді. Жасанды интеллект технологияларын дамытуға, заманауи қару-жарақ жүйелерін, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды және киберқауіпсіздік құралдарын жасауға баса назар аударылуда.Жалпы, Қорғаныс министрлігінің ғылыми-білім беру қоғамдастығында 10 ғылым докторы, 70 философия докторы (PhD) және 51 ғылым кандидаты бар. Олардың күшімен 40 оқу құралы мен 22 монография жарық көрді, 590-нан аса ғылыми мақала жарияланды, оның 82-сі халықаралық басылымдарға шықты. Олардың есебінде 13 тіркелген патент және 39 зияткерлік меншік туралы куәлік бар. Гранттық қаржыландыру шеңберінде 21 ғылыми және 12 бағдарламалық-нысаналы жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Қорғаныс министрлігі, ғылыми қоғамдастық білім беру мекемелеріне зерттеу ЖОО мәртебесін беру шараларын қабылдауда. Елдің жоғары әскери білім ошақтары – Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Бұл білім ордаларында 10 ғылым докторы, 53 философия докторы (PhD) және 48 ғылым кандидаты сабақ береді. Әскери педагогтар оқыту әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Тәжірибеге үдеткіштер мен тренажерлерді қолдану енгізілуде. Нақты ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда имитациялау курсанттардың қажетті жауынгерлік және тактикалық машықтарын шыңдайды. Әскери білім мен ғылымның бүкіл жүйесі әскери қызметшілердің кәсіби дағдыларын, стратегиялық ойлауын және қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге бейімделу қабілетін қалыптастыруға бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/889156
Мектеп қазандығы қалыпты жұмыс жасап тұр 24.11.2024
Ағымдағы жылдың 22 қарашасында Үржар ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің автономды қазандығының істен шығуы нәтижесінде аумақты қоқыстардан тазарту жүргізілді. Сондай-ақ, қосалқы қазандық іске қосылып, қажетті жылу параметрлеріне қол жеткізілді. Бұл жылу беруді жедел қалпына келтіруге мүмкіндік берді.Ал 23 қарашада таңертең жаңа қазандық жеткізіліп, орнатылды, сонымен қатар апат салдарынан зақымдалған қазандық ғимаратының шатыры қалпына келтірілді.Қазіргі уақытта негізгі қазандық жұмыс жасап тұр. Ал қосалқы қазандық резервке ауыстырылды. Мектепті жылумен жабдықтау температуралық кестеге сәйкес жүзеге асырылады, автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/889153
Абай облысының «Қыздарский» командасы «Жайдарман-2024» ойындарының вице-чемпионы атанды 24.11.2024
Жалынды жастардың басын қосқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысының финалында осы жылы алты команда өнер көрсетті.Абай облысынан шыққан «Қыздарский» командасы «Жайдарман-2024» ойындарының вице-чемпионы атанды. Бұл олардың алғашқы жетістіктері емес. Команда осыған дейін 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімі кубогының иегері, Семей қалалық лигасы және Ертіс Номад лигасының чемпионы атанған еді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/889154
Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына орай мерейтойлық марафон басталды 24.11.2024
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдық мерейтойына арналған марафон салтанатты түрде бастау алды.Мерекенің алғашқы іс-шарасы Үрмелі музыка кеші болды.Бұл музыкалық кеште студенттік ұжымдар өнер көрсетіп, классикалық музыкадан бастап қазіргі заманға дейінгі әсем әуендермен көрермен ықыласына бөленді.Сахнада үрмелі аспаптарда орындалатын түрлі әуендер ұсынылды. Оның ішінде кернейшілер ансамблі, флейташылар, кларнетшілер, үрмелі квинтет және үрмелі оркестр бар. Әрбір нөмірдің шабыт пен шеберлікке толы өз оқиғасы болды.Бұл кеш үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының ұзақ жылғы еңбегі мен тарихына жасалған құрмет іспеттес. Кафедра мұрасы өнерге адал қызмет етуге баулыған түрлі буын музыканттарымен өлшенеді. Кештің арнайы қонағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалқаман Дүйсенбаев жетекшілік ететін ағаш үрмелі аспаптар квинтеті болды.Қалқаман Дүйсенбаев та консерваторияны мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.Мерейтойлық марафон 23 қарашадан 3 желтоқсанға дейін жалғасады және Республика сарайының сахнасында өтетін салтанатты гала-концертпен аяқталады. Көрермен осы күндері танымал ұжымдар мен белгілі солистердің, сондай-ақ консерваторияның дарынды түлектерінің өнерін тамашалай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/889152
Қызылорда облысында газ желісіне қосылған ауылдар саны артты 23.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданының А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин ауылдарын газ желісіне қосу рәсімі өтті.Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.«Сырдария ауданының ынтымағы мен бірлігі жарасқан Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағанбетов атындағы ауылдары «көгілдір отынға» қосылуда.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деп атап өтті.Бүгінде өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 75 пайыз, биыл 30 млрд. теңгеден астам қаржыға 306 шақырым газ желілері тартылуда. Осы жобалардың арқасында аймақ халқының 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылады. Келесі жылы 10-нан астам елді мекенді газдандыру жоспарланған. Осындай игілікті істер ауыл тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады.Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 12 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 16 млрд. 108 млн. теңгеге жетті, 33 пайызға өсім бар. Бұл қаржы аудан халқының өзекті мәселелерін шешуге бағытталуда.Бүгін ауыл халқы от жағып, күл шығару бейнетінен арылып, шынайы қуанышқа бөленуде. «Көгілдір отыннан» тараған жылу барлық үйді бақыт пен шаттыққа кенелтсін!», – деді Н.Нәлібаев.Іс-шараларда ел ағалары Сұлтанбек Тәуіпбаев пен Әбдіғаппар Әмірғалиев құттықтау лебіздерін жеткізіп, батасын берді. Ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы екі ауылдың тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға тоқталды, кездесуге келушілердің ой-пікірлерін тыңдады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/889146
Қызылордада кірпіш зауытының құрылысы басталды 23.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен "Қызылорда Саз М" ЖШС заманауи кірпіш зауытының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, зауытқа Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 7 гектар жер телімі берілді. Құны 2,3 млрд теңге болатын зауытта жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады деген жоспар бар. Іргетасы желтоқсан айында құйылып бітеді. Құрылыс алаңында 20 жұмысшы, 11 техника жұмыс жасауда. Зауытқа қажетті қондырғылар желтоқсан айында жеткізіліп, алдағы жылдың ақпан айында монтаждалады. Бұл зауыттың басқалардан ерекшелігі - өндіріс толығымен автоматтандырылған.Айта кетейік, құрылыс саласында биыл 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 36 білім беру, 22 денсаулық сақтау, 13 мәдениет, 14 спорт, 1 қоғамдық тәртіп,1 жұмылдыру дайындығы, 3 мемлекеттік орган ғимараты, 1 154 пәтерлік 21 тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 85 жоба бар. Жыл басынан бері Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Қан орталығы», «Үстел теннисі орталығы», «Оқушылар сарайы» және сол жағалаудағы 900 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Жаңа стадион, «Инновациялық- шығармашылық орталық», музыкалық колледж ғимараты құрылысы басталды. Барлық ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталықтары», 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында, Арал ауданының Сексеуіл кентінде аурухана, Жаңақорған кентінде «Оқушылар үйі» және 3 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл демеушілер есебінен 17 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/889148
Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі қаралды 23.11.2024
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Әлеуметтік әмиян" жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау, медициналық көмектегі төлемнің бірыңғай жүйесі, бюджетті жоспарлау мен қаржыландырудың кешенді автоматтандырылған жүйесіне қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.«Мемлекет басшысы бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларына мемлекет есебінен тегін ыстық тамақ беруді, мектеп асханаларындағы тамақ сапасын қадағалауды міндеттеді. Осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау, оқушыларды сапасы күмәнді, арзан азық-түлікпен тамақтандырмау, тағамдардың бала ағзасын барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуін назарда ұстау керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мектепте берілетін ыстық тамақтың сапасын тұрақты бақылауды тапсырамын.«Әлеуметтік әмиян» жобасы бойынша тиісті шараларды қабылдап, мектептердің қосылуын қамтамасыз етіңіздер. Ата-аналар мен кәсіпкерлер арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер.Меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдарда әлеуметтік- медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын дәрілік заттар таңбалануы тиіс. Дәрілік заттардың дұрыс және уақытылы таңбалануын қадағалаңыздар. Емдеу ұйымдарында дәрі-дәрмекке берілетін сұранысты уақытылы қаржыландырыңыздар», - деді Н.Нәлібаев.Айта кетейік, өңірде "Әлеуметтік әмиян" жобасын енгізуге арналған арнайы жол картасы бекітілді. Биыл облыстағы оқушы мен қызметкер саны 700-ден асатын және аудан, қала орталықтарында орналасқан 87 мектепке аппараттық- бағдарламалық кешен орнатуға 119,2 млн. теңге бөлініп, «Транстелеком» мекемесі жүзеге асыруда. Облыстың 298 мектебінде балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Тегін тамақпен қамтылған бала саны - 89 572, ол жалпы бала санының 52,2 пайызын құрайды.Бастауыш сыныптар 100 пайыз қамтылған.Тегін дәрі-дәрмекті босатуда мемлекеттік және жеке емханалар таңбалау штрих-код сканері, деректерді жинақтау терминалы және планшет құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда, 27 медициналық ұйымда «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында жалпы саны 25 530 рецепт жазылып босатылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/889149
Белгілі «Яшлык» ансамблі 50 жылдық мерейтойын атап өтті 23.11.2024
22 және 23 қараша күндері Алматы қаласында белгілі вокалды-аспаптық «Яшлык» ансамблінің 50 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өтті.Концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.«Яшлык» ансамблі 1974 жылы құрылған. Ұлттық музыканы халық аспаптарымен үйлестіріп, жаңа өңдеумен ұсына білген топ бірнеше мәрте халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды.Іс-шараға «Дос-Мұқасан» ансамблі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дильназ Ахмадиева мен Әлішер Кәрімов, әнші және композитор Парвиз Назаров, сондай-ақ «Яшлык» ансамблінің қазіргі құрамы мен қазақстандық және ұйғыр эстрадасының жұлдыздары қатысты.Концертте ансамбльдің 70–80 жылдардағы хиттері мен танымал әндердің заманауи өңделген нұсқалары орындалды.Өнер ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Яшлык» ансамблінің ұжымын мерейтойымен құттықтап, ансамбльдің Қазақстанның музыка мәдениетіндегі орны ерекше екенін айтты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/889151