Ақ Азиада: Ұлттық құрамадағы ең жас спортшының нәтижесі қандай?

Ақ Азиада: Ұлттық құрамадағы ең жас спортшының нәтижесі қандай?

15.02.2025 00:01:39 561

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындары мәресіне таяп қалды. Қазіргі таңда шорт-трек және тау шаңғысы спортының өкілдері жарыстарын аяқтады. Шорт-трекшілер ел қоржынына 1 алтын, 2 күміс медаль салса, өкінішке қарай тау шаңғысы құрамасы жанкүйерлерді жеңістерімен қуанта алмады.
Сондай-ақ бүгін конькимен жүгіру және фристайл-акробатика спортшылары соңғы бәсекелерін өткізді. Акробаттар ақырғы жарыс күнінде құрамында Олимпиада жеңімпазы бар Қытай құрамасының спортшыларын шаң қаптырып, алтын медаль еншіледі. Сонымен қатар Азия рекордын жаңартты. Бұдан бөлек, жерлестеріміз 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Фристайл-акробатика спортында Қазақстан құрамасының ең жас спортшысы — Асылхан Асан өнер көрсетеді. 15 жастағы отандасымыз кеше командалық аралас сында күміс медаль жеңіп алды. Бұл — Асылханның халықаралық деңгейдегі алғашқы медалі.
«Қысқы Азия ойындарында жүлде алғаныма өте қуаныштымын. Бұл - менің халықаралық жарыстардағы алғашқы медалім. Маған сенім артқан бапкерлеріме алғыс айтамын», — деді Асылхан марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
Асылхан фристайл-акробатикамен бес жасынан бері айналысады. Ол бұл спортқа әпкесінің ықпалымен келгенін айтады, себебі оның үлкен әпкесі бұрын осы спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданған.
Жерлесіміздің ендігі мақсаты — FIS рейтингінде ұпай жинап, келесі жылы Италияда өтетін қысқы Олимпия ойындарына лицензия алу.
«Спортқа келгендегі ең үлкен арманым — Олимпиада жүлдесін алу. Бұл арманымды жүзеге асырып, қазақ елін жүлдемен қуантқым келеді. Сондықтан алдағы уақытта дайындықты арттырып, жоғары нәтиже көрсету үшін бар күш-жігерімді саламын», — дейді Асылхан Асан.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/936001