Болат Бекнияз студенттер мен оқушыларға еліміздің су ресурстарын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді
15.02.2025 00:11:35 1085
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі аясында студенттер және мектеп оқушыларымен кездесті. Вице-министр Арал теңізі мен Балқаш көліне су жіберу, халықаралық келісімдер және су саласы мамандықтарының мәртебесін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Қазақстанда су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Былтыр 7000-ға жуық маманның еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті.
2024 жылы 500-ден астам су саласының қызметкері мамандандырылған орталықтарда біліктілік арттырды. Биыл тағы мыңға жуық жұмысшының біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 105 маман Қытайға барып, тәжірибе алмасады.
«Министрлік еліміздегі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осының нәтижесінде былтыр 80 студент «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті. Биыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама бойынша су саласының мамандары да жеңілдетілген пайызбен баспана сатып ала алады»,- деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Елордада өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі 15 ақпанға дейін жалғасады. Іс-шара аясында болашақ талапкерлер су саласындағы жұмысшы мамандықтар және өздері қызығушылық танытқан оқу орындары туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ шеберлік сыныптары, панельдік пікірталастар және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/937825