Қопа ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Қопа ауылында жаңа спорт кешені ашылды

21.02.2025 02:39:15 638

Қопа ауылында жұрт асыға күткен жаңа ангар типті спорт кешені есігін айқара ашты.
Кешеннің салтанатты ашылуына арналған шара ауыл ақсақалының батасымен басталды. Ақжаулықты аналар дәстүрге сай шашу шашып, қонақтарға бауырсақ таратты. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ауыл жастары енді спорттың түр-түрімен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.
Жаңа кешеннің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов жиналған жұртшылықты құттықтады.
«Аудан спортының болашағы – бүгінгі жастарымыздың қолында. Біз Қопа ауылынан болашақ чемпиондар шығып, ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің намысын халықаралық додаларда қорғайтынына кәміл сенеміз.
Бүгінгі қуанышты күнде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін», – деді аудан басшысы.
Жаңа спорт кешені заманауи талаптарға сай салынып, толық жабдықталған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес, шағын футбол алаңдары мен жаттығу залдары қарастырылған. Сондай-ақ, кешен аумағында футбол алаңы мен воркаут аймағы орнатылып, барлық спорттық құрал-жабдықтар жаңартылыпты.Спортшылар волейбол, футбол және күрес алаңдарында алғашқы жаттығуларын бастап кеткен.
Спорт кешенінің ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары, аудан әкімі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытов қатысып, өзінің құттықтау тілегін жеткізді.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, желтоқсанда толық аяқталды. Жобаның жалпы құны - 452,8 миллион теңге. Тапсырыс беруші – аудандық құрылыс бөлімі, бас мердігер – «АймарСтройСервис» ЖШС, ал техникалық қадағалаушы – «Гранд Тауэр Сервис» ЖШС.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар да өз кезегінде алғыстарын білдірді. Ауыл ақсақалы Жолдас Нұрымқанов мен Бәдегүл Бұзаубаева ел игілігі үшін жасалып жатқан игі істерге ризашылықтарын айтып, ақ баталарын берді. Сондай-ақ, спорт кешенінің жаттықтырушысы Ұлықбек Қалиолла жаңа нысан жасөспірімдер мен спортсүйер қауым үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/938995