Біріккен күрес әлемі (UWW) басшысының елімізге жасаған сапарының маңызы
21.02.2025 03:28:14 649
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесуінде халықаралық спорт ұйымдарымен әріптестікті күшейтуді, спортшыларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және әлемдік жарыстарды Қазақстанда өткізуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізге беделді халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылып, келіссөздер жүргізілуде.
Қазақстан халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Соның аясында осы аптада елімізге Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling – UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович келді. Бұл сапар отандық күрес үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болды.
Ненад Лалович Астанадағы спорт нысандарын аралап, инфрақұрылыммен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.
Мемлекет басшысы кездесуде Қазақстанның Біріккен күрес әлемімен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейтінін айтты. Спорт инфрақұрылымын жетілдіру, заманауи әдістерді енгізу және халықаралық жарыстарды елімізде ұйымдастыру күрес спортының дамуына серпін беріп, оны әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайды. Ненад Лалович Мемлекет басшысына қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстанды UWW-дің маңызды серіктесі деп атады. Ол сондай-ақ ұлттық күрес мектебінің жетістіктеріне жоғары баға беріп, еліміздің бұл спорт түрінен әлеуеті зор екенін атап өтті.
Халықаралық федерациялармен ынтымақтастық Қазақстан спортының дамуына тың серпін беріп отыр. Бұған дейін Қазақстанда Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер де келіп, Мемлекет басшысымен кездескен еді. Келіссөздер нәтижесінде Астанада IJF (International Judo Federation) академиясын ашу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба жоғары санатты жаттықтырушылар мен төрешілер даярлауға бағытталған. Сонымен қатар еліміз 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
Бұдан бөлек Қазақстанға Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд Әл-Шаммари мен Халықаралық су спорты федерациясының президенті, Азия Олимпиадалық Кеңесінің Бас директоры Хусейн Әл-Мусаллам да келген еді. Халықаралық спорт басшыларымен кездесуде тыйым салынған препараттарға қатаң бақылау орнату және спортшылар үшін білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелері, елімізде су спорты түрлерін дамыту және қазақстандық мамандарды World Aquatics ұйымына тарту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды.
Қорыта айтқанда, Ненад Лаловичтің сапары – Қазақстанның күрес спортындағы ықпалын арттыруға және халықаралық аренада жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта осындай кездесулер еліміздің спорттық әлеуетін нығайтуға, халықаралық жарыстарды өткізуге және спортшыларымыздың шеберлігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/940903