Астана тұрғынынан бір миллион теңгені қолды еткен дроповод ұсталды
21.02.2025 03:37:05 495
Anti-fraud жедел-алдын алу іс-шарасы аясында елордалық полицейлер өзінің шоттары арқылы алаяқтар Астана тұрғынының ақшасын иемденген дроповодты ұстады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана тұрғынына банк қызметкері атымен хабарласқан. Олар оның шотына кибершабуыл жасалды деп қорқытқан. Ал ақшасын сақтап қалу үшін оны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірді. Ол айтқанын орындап, миллион теңге жіберген. Осыдан кейін қоңырау шалған адам байланысқа шықпай қойған.
Астана полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұрланған миллион теңге аударылған шот иесінің жеке басын және орналасқан жерін анықтады. Ол 20 жастағы жігіт болып шықты. Күдікті жеке деректерге қол жеткізу арқылы карта деректемелерін алаяқтарға берген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция қылмыстық іс қозғады, ұсталған адамның осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Құқық қорғау органдары қала тұрғындарына алаяқтардың құрбаны болмау үшін ережелерді сақтау қажеттілігін еске салды.
«Егер сіздің ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырса, әңгімені жалғастырмаңыз. Тұтқаны қойып, жеке деректеріңізді бермеңіз. Ақпаратты растау үшін банкке немесе полицияға тікелей хабарласыңыз, жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласыңыз немесе 102 арнаға қоңырау шалыңыз», – деп кеңес берді Астана қаласының полиция департаменті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940853