Қостанайда Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті
17.09.2026 21:03:15 403Ақынның 80 жылдық мерейтойы ерте көктемде Торғайда жас таланттардың байқауынан басталған болатын. Дүбірлі той облыс орталығында «Іңкәр дүние» атты үлкен кешке ұласты. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі лебізін арнайы жолдады. Хатты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілік қауым алдында оқып берді. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, сөз өнеріне көрсетіліп отырған жоғары құрметтің айқын көрінісі деп білеміз.
«Кеңшілік Мырзабек – қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды тұлға. Оның сыршыл жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік және адам болмысының терең иірімдері шебер суреттелді. Ақынның азаматтық үні мен көркемдік ізденісі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті. Кеңшілік Мырзабектің тағылымды мұрасы – халқымыздың руханиятына қосылған құнды қазына. Ақынның шығармаларын жинақтау, жан-жақты зерттеу- баршамыздың ортақ міндетіміз. Сөз зергерінің есімі ел жадында сақталып, шоқтығы биік шығармалары халқымен бірге жасай беретініне сенімдімін», – делінген Президенттің жолдаған хатында.
Кеште Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтауын жеткізіп, Кеңшілік ақын қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, шығармашылық ғұмыры ізденіске толы қаламгер екенін атып өтті. Аймақ басшысы руханиятты дамыту, әдеби мұраны дәріптеу және қаламгерлер еңбегін кеңінен насихаттау жұмыстарын жүйелі жалғастырып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, рухани шараға лебізін жеткізген Ел Президентіне, арнайы келген құрметті қонақтарға зор алғысын білдірді.
«Тобыл-Торғай өңірінен шыққан талантты тұлғалар аз емес. Кеңшілік Ағытайұлы – соңында оқырман сүйіп оқитын жыр мұрасы қалдырған дарын иесі. Поэзия әлемінде туған жерді, елдің тарихын, адамның жанын терең жырлап өтті. Жерлесіміз журналистика саласына зор үлес қосты. Аударма еңбектері әдебиетімізге жаңа серпін әкелді. Сөзбен сурет кестелеген Кеңшілік ақынның кеңдігі барша қазақ еліне ортақ екені даусыз. Оның жырлары мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, рухани мұра болып қала бермек», – деді облыс әкімі.
Тағылымды шараға Алматы, Астана шаһарларынан ақынның көзін көрген, аралас болған қаламдас іні-бауырлары арнайы келіп қатысты. Құрметті меймандар қатарында Алаштың ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редактор Дүйсен Мағлұмов, ақын Қадірбек Құныпияұлы бастаған тұлғалар бар.
Кеңшілік ақынның ұрпақтары да осындай мәні зор, тағылымы терең шараны ұйымдастырған аймақ басшылығына шынайы риза екендерін жеткізді. Дана халқымыздың «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақылын Кеңшілік Ағытайұлының ұрпақтары растайтыны анық. Көрнекті ақынның ізін жалғап келе жатқан белгілі әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптың авторы, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кеңшілікұлы сияқты тұлғалар осы сөздің айқын дәлелі.
Кеңшіліктің ақындығы – ұранға емес, ұлттың рухани өзегіне сүйенетін, сыртқы әсерден гөрі ішкі қуатқа арқа сүйейтін ақындық. Оның шығармашылығы уақыт өткен сайын өз бояуын жоғалтпай, керісінше, ұлттық сөз өнерінің табиғи болмысын танытатын көркем құбылыс ретінде биіктей береді.
Танымал қаламгер Ғалым Жайлыбай Кеңшілік туралы кең көсіліп, қызықты естеліктерін бөлісті, өлеңдерінен оқыды.
«Киелі Торғайда туған ақын-жазушылар – қазақ әдебиетінің алып тұлғалары. Кеңшілік ағамыздың 60, 70 жылдықтарында үлкен баяндамалар жасаған, соңына ерген, сол мектепке түлек болған, содан тәрбие алған інілерінің біріміз. Кеңшілік – ұлттың ақыны. Үлкен ақын. 45 жасқа жетер-жетпес ғұмырында осындай биікке көретілді. Кез келген өлеңін оқысаңыз, жаның жайлауына қонғандай, айдының шайқалғандай керемет әсер аласың. Бала күнімізде әр жырын жатқа оқитынбыз. Ол «Иманжүсіп», «Қоянды жәрмеңкесі», «Біржан сал», «Сарытерек сағынышы» секілді соңына үлкен поэмалар қалдырды. Сондықтан ұлы ақынды жиі-жиі еске алып тұру керек деп ойлаймын. Қостанайда келешекте Кеңшілік атында бір көше тұрса немесе бір мектепке аты берілген болса біз қатты қуанар едік. Жалпы, бүгінгі кешке қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын», – деді ақын Ғалым Жайлыбай.
Өмірдегі досы, замандасы, өнердегі серігі болған Алақша танымал ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы да Кеңшілік жайында көпшілікке мәлім де беймәлім, қызықты естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды.
Көрнекті ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді ағамыз ағайын алдына шығып, әке мұрасын ұлықтап жатқан ел басшыларына алғысын айтты.
«Биыл әкемнің 80 жылдығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ол үшін алдымен Президентімізге зор ризашылығымды білдіремін. Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемнің 50, 60, 70 жылдықтарында құттықтауын жолдаған еді. Бүгін де үлкен ілтипатын білдіргеніне разымын. Торғай жерін көркейту жолында орасан жұмыстар атқарып жатыр. Әкемнің 80 жылдығы осындай игіліктермен сәйкес келгенін жақсылық нышанына баладым. Облыс басшысы Құмар Іргебайұлына да алғысым зор. Торғайды, Арқалықты көтеруге сіңіріп жатқан еңбегі ерекше. Биыл шын мәнінде де торғайға айналып, аспанға ұшып кете жаздадық, себебі – Арқалық әуежайы ашылды. Ізгі жұмыстарға көз қуанып, көңіл тояды. Кешке жиналған барша жұртқа басымды иемін», – деп тебіренді Амангелді Кеңшілікұлы.
«Поэзияның ғұмыры – оны оқитын оқырманмен өлшенеді. Кеңшілік ақын мұрасы бүгінде болашақпен бірге жасап келеді. Кеште арынды ақынның жалынды жырлары асқақтады. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері де, биыл Торғайда мектеп оқушылары арасында өткен «Кеңшілік оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Қостанайдағы нөмірі 27-ші Абай атындағы мектептің шәкірттері тұма жырдан тарту етті. Шайырдың мәңгілік мұраларын келешекке жалғайтын жас буын сұңғыланың сұлу өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, көпшіліктің көңілін толқытты. Ақынның сөзіне жазылған «Ғашықтық – азап», «Телефоннан тіл қатшы маған» әндері әуеледі. Ал кеш Тобыл төрінде өткендіктен, ақынның досы Серік Тұрғынбекұлының сөзіне жазылған ән падишасы көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың «Толқиды Тобыл» туындысын тарту етілді.
Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабек 1946 жылы Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 42 жыл ғұмыр кешкен қаламгер артына көл-көсір мұра қалдырды. «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Сәруар», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан», «Бір мысқал» атты жыр жинақтары оқырманға кеңінен танылды. «Балалық шақ балладалары» жинағы үшін ақын 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Ақынның жақұт жыры, өрнекті өлеңі туған жерімен, халқымен, қазағымен мәңгі жасай беретіні анық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1293440?lang=ru