Шалқарда бассейні бар спорт кешені және В.Цеханович атындағы спорт мектебіне арналған жаңа ғимарат салынуда

Шалқарда бассейні бар спорт кешені және В.Цеханович атындағы спорт мектебіне арналған жаңа ғимарат салынуда

24.02.2025 03:09:22 528

Шалқар ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді.
Спорт нысаны 2023 жылы салына бастады. Бірақ кейін мердігер жобаға түзету енгізу үшін өтініш береді. Осы жылдың қаңтар айында қайта жарияланған конкурста «Tunay Stroy Project» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Мердігер дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жыл соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.
Болашақ спорт кешенінде ені 1,5 метрді құрайтын 6 қатарлы, ұзындығы 25 метрлік жабық бассейн, сондай-ақ әртүрлі спорт түрлеріне арналған секциялар болады. Жаңа спорт нысанының арқасында жергілікті тұрғындарға спортпен шұғылдануға және денсаулықты нығайтуға заманауи жағдай жасалады.
Асхат Шахаров мердігерге жобаның шығыс сметасын бұдан әрі түзетпейтінін ескертті. Кешен белгіленген мерзімде тапсырылуы керек.
Шалқарда сондай-ақ В. Цеханович атындағы спорт мектебіне арналған жаңа ғимарат салынады. Облыс әкімі нысан бой көтеретін орынға барды.
Владимир Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – кадрлардың ұстаханасы. Ол бокс, дзюдо және грек-рим күресінде танымал спортшылардың бірнеше буынын тәрбиеледі.
Қазіргі уақытта №1 БЖСМ-де 750 шалқарлық бала спортпен шұғылданады. 58 жылдық тарихы бар мектептің ғимараты ескірген. Осыған байланысты ескі бейімделген ғимараттың орнына спорт мектебіне арналған екі қабатты жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған.
«Ескі мектеп ғимаратында тек екі күрес кілемі болды. Жаңасында бірден үш кілемді қарастырдық. Сонымен қатар, қыздарға арналған бөлек залдар қарастырылады. Республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін трибуналары бар алаң болады. Жобаға футбол мен волейболға арналған ойын алаңдарын да енгіздік. Жаңа ғимарат заманауи жаттығузалымен жабдықталады, жаттықтырушылар мен мектеп қызметкерлеріне арналған әкімшілік корпус қарастырылған», - деді БЖСМ директоры Дәулет Дәрібаев.
«Халықаралық аренада аудан атын танытқан атақты спортшыларды мектеп тәрбиеледі. Цеханович атындағы спорт мектебі өз жұмысын бұрынғыдай әрі қарай жалғастырып, көрнекті спортшылардың жаңа буындарын дайындайтынына сенімдімін. Біз өңірімізде спорттың дамуына қолдау көрсетіп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін жағдай жасаймыз», - деді облыс әкімі.
Нысан салынатын жер учаскесін көріп,жобамен танысып шыққаннан кейін әкім мердігерге жұмыстарды сапалы орындауды және нысанды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943800