Облыс әкімі Аягөздегі жылу қазандығының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Аягөздегі жылу қазандығының жұмысымен танысты

04.03.2025 01:21:28 605

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығының жұмысымен танысты.
Бұл қазандық 57 көп қабатты үй, 13 әлеуметтік нысан, 8 бюджеттік ұйым мен 174 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 3 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Өткен жылы қаладағы 4,2 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аудан орталығындағы 10 шақырым жылу желілері жаңғыртуды қажет етеді. «Орталық» қазандығының қуатын арттыру үшін 3 қазандыққа күрделі жөндеу керек.
«Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Аягөз қаласындағы қазандықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз» деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қаладағы “Біріккен энергосервистік компаниясы” АҚ-на қарасты электр жабдықтау станциясына да барды. Мекеменің жоба-жоспарымен танысып, электр жүйелерін жаңғырту жұмысының тұрғындар үшін маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/948960