Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 63-сессиясына қатысты
11.04.2025 05:17:35 330Ағымдағы жылдың 11-22 наурыз аралығында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның 63-сессиясы өтіп жатыр, оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы А.Д. Құрманғалиеваның жетекшілігіндегі қазақстандық делегациясы қатысты.
БҰҰ-ның Бас хатшысы, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары және үкімет басшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысқан 63-сессия «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыз балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін әлеуметтік қорғау жүйесі, мемлекет көрсететін қызметтерге қолжетімділік және тұрақты инфрақұрылым» тақырыбына арналған. Cессия алаңында спикерлер мен қатысушылар гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыз балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің өзекті мәселелері бойынша пікірталастар мен интерактивті диалогтар өткізуге мүмкіндігіне ие.
Ағымдағы жылғы 15 наурызда 63-сессиясы шеңберінде бірінші рет Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтері Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өңірлік офисімен бірлесіп «Ешкім ұмытылмауға тиіс: Орталық Азияда елдеріндегі әлеуметтік қорғау» тақырыбында сайд-ивент (қосымша іс-шара) ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Орталық Азия өңіріндегі елдерде гендерлік теңдікті дамытуда және әйелдер мен қыз балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуде өзекті және маңызды болып табылады. Сайд-ивенттің модераторы, Қазақстан өкілі Еңбек министрлігінің Жауапты хатшысы А.Д. Құрманғалиева болды.
А.Д. Құрманғалиева сөз сөйлеуінде қатысушылар мен қонақтарды Қазақстанның гендерлік теңдікке жету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, мемлекет көрсететін қызметтерге қолжетімділік саласында жетістіктерімен таныстырды. Қазақстанның негізгі халықаралық құжаттарды: БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына (CEDAW), Бейжің декларациясын және іс-әрекеттер платформасын ратификациялағаны және Тұрақты даму мақсаттарына қосылғаны, сондай-ақ елімізде берік институционалдық негіз қаланғаны және қазақстандық әйелдердің саяси, экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейіп келетіні атап өтілді. Қазақстан 2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік рейтингінде әлемнің 144 елінің арасында 52 орынға ие, «Әйелдердің жұмыс күшіне қатысуы» индикаторы бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 30 көшбасшы елдің қатарына кіреді.
Өз кезегінде Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Омурбекова, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Т.К.Нарбаева, БҰҰ жанындағы Тәжікстанның және Түрікменстанның Тұрақты өкілдіктерінің өкілдері өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті.
Сайд-ивент барысында қатысушылар қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлі мен маңызы туралы конструктивті диалог жүргізді, сондай-ақ өңірдегі әйелдер мен қыздардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету үшін басым мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жандандыру жөнінде концептуалды көзқарастар мен ұсынымдар берді.
63-сессияның қорытындысы бойынша Келісілген қорытындылар қабылданатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/19405?lang=kk