МҚІА меритократия қағидатын сақтау тұрғысынан кадрлық ауысуларға мониторинг жүргізеді

МҚІА меритократия қағидатын сақтау тұрғысынан кадрлық ауысуларға мониторинг жүргізеді

12.04.2025 16:54:13 4330

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, меритократия қағидатын сақтау Агенттіктің басым міндеті болып табылады.

«2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделі және қызметкердің мансаптық өсуі төмен тұрған лауазымдардан басталады. Бүгінде меритократия қағидатын қамтамасыз ету бойынша барлық жағдай жасалған.

Біз кадрлық өсу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, үздік қызметкерлерді ілгерілету бойынша тәжірибені жалғастырамыз», - деді Агенттік басшысы.

2018 жылы конкурстарға қатысу арқылы сайыстылық қағидаттарында 7 мыңға жуық жас қызметші көтерілді.

Агенттік мемлекеттік қызметшілердің уәждемесін қамтамасыз ету үшін қызметкерлердің мансаптық перспективасын олардың қызметін бағалау нәтижелеріне тікелей байланыстыруды ұсынады.

Қолданыстағы жүйеде тікелей өзара байланыс жоқ, себебі бағалау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтті.

Қазіргі таңда қызметшілерінің қызметін бағалау нәтижелері үшін бонустар төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, қызметінен төмендету немесе босатылу бойынша шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.

Бұл ретте, олар лауазымды жоғарылату үшін негіз болып табылмайды.

Қызметшілерді бағалау жүйесі пилоттық мемлекеттік органдарда өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, енді оның нәтижелерін бірінші кезекте жоғары тұрған позицияларға тағайындау кезінде конкурстық комиссиялар ескеретін болады.

А. Жайылғанова Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы меритократия қағидаттарының сақталуына бақылауды күшейту мәселесін пысықтағанын атап өтті.

Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің өтініштері бойынша олардың өтініште баяндалған дәлелдерін тексеруден басқа, ескертуге негізделген қосымша бақылау шараларын, атап айтқанда, кадрлық ауысуларға мониторинг жүргізу арқылы қосымша бақылау шараларын қарастыру ұсынылады.

«Мемлекеттік органдарда барлық кадрлық процестерді сүйемелдейтін «e-kyzmet» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеде мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуі бойынша барлық қажетті мәліметтерді қадағалауға болады.

Біз әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тағайындау бойынша заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан мониторинг жүргізе аламыз. Меритократия мәселелері бойынша мониторинг кезінде алынған барлық мәліметтер мұқият тексеріліп, зерделенеді.

Агенттік құрылымында мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті жұмыс істейді. Ол анықталған бұзушылықтарға уақытылы әрекет етеді», - деді спикер.

Бұл шаралар кадрлық өсу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын одан әрі сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/27421?lang=kk