10 000 000 теңге, балық және алтын тамырмен қаптар
14.04.2025 09:35:07 1515Он миллионнан астам теңге тәркіленіп, кеден бекетіне өткізілді
Кеше Қорғастық шекарашылар Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығына кірмек болған екі қазақстандық әйелдің бірінен кедендестірілмеген 5 000 531, екіншісінен 5 000 000 теңге тауып, актімен Алтынкөл кеден бекетіне тапсырды. Халықаралық сауда орталықтарына белгіленген мөлшерден анағұрлым артық қаражатты заңдастырмай алып кірмек болғандар шекаралық және кедендік тексеруден өтіп болғаннан кейін ұсталып отыр.
Атыраулық шекарашылар 2 қапқа толтырылған қымбат бағалы балықтар тауып алды.
Бүгін, түнгі сағат 01.30-дар шамасында Атырау шекара отрядының «Евразия» шекара заставасы аумағында Жайықтың жағалауын шолып келе жатқан шекара нарядының жылу сезгіш құрылғысы жылу көздерін анықтағандығы туралы белгі берді. Түн ішінде екі жерден келіп тұрған жылу түз тағылары да болуы мүмкін, бұта түбінде тығылып отырған шекара бұзушылар болуы да ықтимал еді.
Бірақ шекарашылар бұл жолы қымбат бағалы балықтар толтырылған екі қаптың үстінен шықты. Белгісіз біреулер аулаған балықтарын кейінірек, жасырын келіп алып кету үшін тығып кетсе керек. Табиғатқа келтірілген шығын 256 035 теңге деп есептелінді. Кінәлілер бәрі бір ұсталады.
Табылған иесіз балықтар балық өңдеумен шұғылданатын «Тілекші» ЖСС-не тапсырылды.
3 қап алтын тамырмен ұсталды
Зайсан шекара отрядының Руслан Зәкиев атындағы заставасы аумағында, Сауыр тауларындағы «Тақаш» қыстауы маңынан кеше кешкілік шекара наряды 1982 жылғы Қазақстан азаматын ұстады. Бұл азамат 3 қапқа толтырып емдік қасиеті мықты «Алтын тамыр» (өсімдіктану ғылымында - «Сарғыш родиола – Родиола розовая» атауымен таныс) өсімдік тамырларын жинап алыпты.
Ұсталған азамат Зайсан аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Қазақстан Республикасы Қылмыс кодексінің 339 бабымен (Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар, пайдалануға тыйым салынған өсімдік түрлерін заңсыз жинағандығы үшін) жауапқа тартылуы мүмкін.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shekaraknb/press/news/details/33770?lang=kk